Аурулар кестесінде әскери қызметке жарамдылық санатын өзгерту көзделетін аурулар анықталған кезде штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК қорытындысы ауруы туралы куәлікпен (анықтамамен) ресімделеді және штаттық ӘДК-ның бекітуіне жатады.
161. Егер әскери қызмет өткерген азамат әскери қызметке жарамдылық санатын айқындау туралы немесе штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-ның қорытындысын қайта қарау туралы мәселе (босатылу себебі мен уақытына қарамастан) қоятын болса, қорғаныс істері жөніндегі басқарма (бөлім) бастығы оның өтінішін, әскери билетін, қолда бар медициналық құжаттарын штаттық ӘДК-ға жібереді.
Әскери қызметтен психикалық ауру салдарынан денсаулық жағдайы бойынша босатылған азаматқа медициналық денсаулық сақтау ұйымының маман дәрігерлерінің бұрын қойылған диагнозды өзгерту немесе алып тастау туралы қорытындысы беріледі.
162. Штаттық ӘДК ұсынылған құжаттарды зерделейді және қажет болған жағдайда азаматтың әскери қызмет өткеру және запаста тұру кезеңіндегі денсаулық жағдайын сипаттайтын басқа да құжаттарды сұратады.
Егер өтінішті қанағаттандыруға негіздеме бар екендігі белгіленсе, онда азамат әскери қызметке жарамдылық санатын айқындау мақсатында штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін (гарнизондық немесе госпитальдық) ӘДК-ға медициналық қайта куәландыруға жіберіледі.
Штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-ның қорытындысы ауруы туралы куәлікпен ресімделеді, мұнда мертігудің (жараланудың, жарақаттанудың, контузия алудың), аурудың себептік байланысы айқындалмайды. Ауруы туралы куәліктің бірінші және екінші даналары штаттық ӘДК-ға жіберіледі.
163. Штаттық ӘДК ұсынылған құжаттарды қарау нәтижелерін хаттамамен ресімдейді, ал әскери қызметке жарамдылық санаты туралы қорытындыны, мертігудің (жараланудың, жарақаттанудың, контузия алудың), аурудың себептік байланысын табыс етілген ауруы туралы куәлікке жазады.
4-тарау.
Әскери жиындарды өткеріп жатқан әскери
қызметшілердің, әскери міндеттілердің және әскери қызмет
(әскери жиындарды) өткерген азаматтардың мертігуінің
(жаралануының, жарақаттануының, контузия алуының),
ауруларының себептік байланысын айқындау
164. Мертігудің (жараланудың, жарақаттанудың, контузия алудың) (бұдан әрі - мертігу), аурулардың себептік байланысы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет (әскери жиындарды) өткеріп жатқан азаматтарда, әскери қызмет (әскери жиындарды) өткерген және денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметтен босатылған азаматтарда айқындалады.
165. Әскери қызмет (әскери жиындарды) өткерген әскери қызметшілерге, азаматтарға мертігудің себептік байланысын белгілеу туралы қорытынды азамат әскери қызмет (әскери жиындарды) өткеріп жатқан (өткерген) әскери бөлім командирі (мекеме бастығы) берген жарақаттану туралы анықтаманың негізінде шығарылады. Анықтамада мертігудің мән-жайы көрсетіледі.
Штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК мертігудің мән-жайын көрсететін басқа да құжаттарды қарау негізінде мертігудің себептік байланысы туралы қорытынды шығара алады.
166. Мертігудің, аурудың себептік байланысын штаттық ӘДК егер азамат әскери қызмет (әскери жиындарды) өткеру кезеңінде мертігуіне, ауруына байланысты емдеуде болған және штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-ға медициналық куәландыруға жіберілмеген, сондай-ақ егер әскери қызмет (әскери жиындарды) өткеру кезеңінде немесе қызметтен босатылғаннан (жиындар аяқталғаннан) кейін мертігуі, ауруы салдарынан қайтыс болған (қаза тапқан) жағдайларда айқындайды.
167. Жарақаттануы, ауруы туралы жаңадан табылған мән-жайлары және олардың әскери қызмет міндеттерін атқаруына байланысы болған жағдайда мертігудің, аурудың себептік байланысы туралы қорытынды сырттай (құжаттар бойынша) қайта қаралуы мүмкін.
168. Мертігудің, аурудың себептік байланысын айқындау азаматтардың, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық атқарушы органның аумақтық бөлімшелерінің, зейнетақымен қамтамасыз етуді жүзеге асыратын органдардың, қолбасшылықтың, кадр органының, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өтініші негізінде жүргізіледі.
169. Ауруы туралы куәлікте, анықтамада және басқа медициналық құжаттарда штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-ның мертігудің, аурудың себептік байланысы туралы қорытындысы болмаған кезде, аталған құжаттар дұрыс ресімделмеген, азамат штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-ның мертігудің, аурудың себептік байланысы туралы қорытындысына келіспеген кезде, сондай-ақ әскери қызмет өткеруді куәландыратын құжаттарда әскери қызметтен "ауруы бойынша" немесе "денсаулық жағдайы бойынша" босатылғаны туралы жазбалар болған кезде құжаттар штаттық ӘДК-ға қарауға жіберіледі.
Құжаттарды қарау нәтижелері және штаттық ӘДК-ның мертігудің, аурудың себептік байланысы туралы қорытындысы ӘДК отырысының хаттамасымен ресімделеді және қорытынды шығарылады.
170. Әскери қызмет өткерген азаматтың құжаттарында ауру диагнозы көрсетілмеген, бірақ аурулар кестесінің медициналық куәландыру сәтінде қолданылған тармағы көрсетілген жағдайда, штаттық ӘДК мертігудің, аурудың себептік байланысы туралы өзінің қорытындысында аурулар кестесінің көрсетілген тармағында көзделген аурулардың атауын көрсетеді.
171. Егер әскери жиындарды өткеріп жатқан әскери қызметшіде, азаматта әр түрлі жағдайлар кезінде туындаған (алынған) бірнеше ауру, мертігу немесе олардың салдары анықталса, штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК олардың себептік байланысы туралы қорытындыны бөлек шығарады.
172. Құжатта бұрын себептік байланысы туралы қорытынды шығарылған мертігудің, аурудың диагнозы дәл көрсетілмеген жағдайда, штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК оның тұжырымын өзгертпей, бастапқы диагнозын көрсетеді, содан кейін мертігудің, аурудың нақтыланған диагнозын көрсетеді және ол бойынша себептік байланысы туралы қорытынды шығарады.
173. Егер азаматты медициналық куәландырудың нәтижелері туралы құжаттар болмаса немесе оны медициналық куәландыру жүргізілмесе, ауру тарихындағы, медициналық кітапшадағы, медициналық анықтамадағы, мұрағат анықтамасындағы жазбалар мертігудің, аурудың себептік байланысы туралы қорытынды шығару үшін негіздеме болып табылады.
174. Әскери қызметті (әскери жиындарды) өткерген әскери қызметшілерге, азаматтарға ӘДК-ның "Әскери қызметті (әскери жиындарды) өткеру кезінде мертіккен (жараланған, жарақаттанған, контузия алған)"; "Әскери қызметті (әскери жиындарды) өткеруге байланысты ауру" деген қорытындылары егер олар куәландырушыда әскери қызметті (әскери жиындарды) өткеру кезеңінде пайда болса не көрсетілген кезеңде әскери қызметке жарамдылық санатын өзгертетін ауырлық деңгейіне жеткен болса, сондай-ақ егер аурудың басталуын әскери қызметті (әскери жиындарды) өткеру кезеңіне жатқызуға болатын болса, созылмалы ақырын үдейтін аурулар кезінде шығарылады.
175. ӘДК-ның "Әскери қызметті өткеру кезінде иондаушы сәулелердің әсеріне байланысты мертіккен" деген қорытындысы егер аурулар апат салдарынан туындаған қолайсыз факторлардан пайда болса, сәулелендіру мөлшерінің көлеміне немесе сәулелендіру жөніндегі деректердің болмауына, радиоактивті ластану аймақтарындағы жұмыстың аяқталуы мен зиянды салдарлардың пайда болуы арасындағы кезеңнің ұзақтығына қарамастан, әскери қызметті (әскери жиындарды) өткерген, 1986 - 1990 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы авария салдарын жою жөніндегі жұмыстарды орындауға тартылған әскери қызметшілерге, азаматтарға шығарылады.
176. ӘДК-ның "Әскери қызметті өткеру кезінде иондаушы сәулелердің әсеріне байланысты мертіккен" деген қорытындысы әскери қызметті (әскери жиындарды) өткерген, ядролық қару сынағына қатысқан әскери қызметшілерге, азаматтарға шығарылады. Ядролық қару сынағына, дайындық және жою жұмыстарына тікелей қатысу фактісі Қазақстан Республикасы немесе Ресей Федерациясы Қорғаныс министрліктерінің орталық мұрағаттарының анықтамаларымен расталуға тиіс.
177. ӘДК-ның "Әскери қызметті өткеру кезінде иондаушы сәулелердің әсеріне байланысты болған ауру" деген қорытындысы радиоактивті заттармен ластанған аумақтарда әскери қызмет (әскери жиындарды) өткерген әскери қызметшілерге, азаматтарға шығарылады.
178. Осы Ереженің 175, 176, 177-тармақтарында көрсетілген азаматтардың санаттарына мертігудің, аурудың себептік байланысын белгілеген кезде штаттық ӘДК Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 13 қаңтардағы № 34 қаулысымен бекітілген иондаушы сәулелендіру әсеріне байланысты аурулардың тізбесін басшылыққа алады.
179. ӘДК-ның "Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысуға байланысты мертіккен, ауырған" деген қорытындысы әскери қызметті (әскери жиындарды) өткерген, мәртебесі "Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне және соларға теңестірілген адамдарға берілетін жеңілдіктер мен оларды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 сәуірдегі Заңында айқындалған әскери қызметшілерге, азаматтарға шығарылады.
180. Осы Ереженің 175, 176, 177-тармақтарында көрсетілген азаматтардың санаттарына әскери қызмет өткеруге байланысты мертігудің, аурудың себептік байланысын белгілеу үшін қорғаныс істері жөніндегі басқарманың (бөлімнің) бастығы штаттық ӘДК-ға әскери қызмет өткергенін растайтын құжаттар, осы Ереженің 179-тармағында көрсетілген азаматтардың санаттары үшін, бұдан басқа әскери қызмет өткеру кезеңінде мертігу, ауру фактісін растайтын мұрағат құжаттарын және әскери қызметтен босатылғаннан кейін ресімделген медициналық құжаттарды табыс етеді.
181. ӘДК-ның «Ауру әскери қызметті өткеруге байланысты емес» деген қорытындысы әскери қызметшілерге егер ауру куәландырылушыда әскери қызметке шақырылғанға (әскери қызметке келісім-шарт бойынша келгенге) дейін пайда болса және әскери қызмет ауруға теріс әсерін тигізбеген жағдайларда шығарылады.
182. ӘДК-ның «Әскери қызмет міндеттерін атқаруға байланысы жоқ қайғылы жағдайдың салдарынан мертіккен» деген қорытындысы әскери қызметшілерге егер мертігу әскери қызмет міндеттерін атқаруға байланысты болмаған жағдайларда шығарылады.
Қорытынды ережелер
183. Азамат штаттан тыс тұрақты жұмыс істейтін ӘДК-ның өзіне қатысты шығарылған қорытындысына жоғары тұрған штаттық ӘДК-ға шағымдана алады.
184. Азамат штаттық ӘДК-ның өзіне қатысты шығарылған қорытындысына сотқа шағымдана алады.