4) Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі стандартты жиiлiктi реттеу мен ұстап тұруды жасалған шарттар негiзiнде жүйелiк оператормен бiрлесе отырып жүзеге асыруға;
5) нормативтiк-техникалық құжаттардың талаптарына сәйкес негiзгi және қосалқы жабдықты, аварияға қарсы және режимдiк автоматика, релелiк қорғау, диспетчерлiк технологиялық басқару құралдарын жұмыс жағдайында ұстауға;
6) уәкiлеттi орган айқындайтын көлемде өз объектiлерiнде жаңа релелiк қорғау және аварияға қарсы автоматика құрылғыларын орнатуға және олардың пайдаланылып келе жатқандарын жетiлдiруге мiндеттi.
13-бап. Электр энергиясын өндiру мен беруге
қатысушыларға қойылатын талаптар
1. Өңiрлiк электр желiлiк компаниялары олардың желiлерiне қосылған электр энергиясы бөлшек сауда нарығының барлық субъектiлерiнiң электр энергиясын өндiру-тұтынудың тәулiктiк кестелерiн сақтауын және өңiрлiк электр желiлiк компанияларының желiлерi мен ұлттық электр желісі арасында жүйелiк оператормен келісілген электр энергиясы сальдо-ток ағымдарының сақталуын қамтамасыз етедi.
2-тармақ 2004 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгiзiледi
2. Энергиямен жабдықтау тұтынушының кiнәсiнсiз тоқтатылған жағдайда энергиямен жабдықтаушы ұйым - электр энергиясын кепiлдiк берiп жеткiзушi тұтынушыларды энергиямен жабдықтауды шарт негiзiнде қамтамасыз етедi.
3. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар өзiнiң тұтынушыларын энергиямен жабдықтау мақсатында энергия өндiрушi ұйымдардан электр энергиясын сатып алуды жүзеге асырады.
4. Энергия өндiрушi ұйымдар жүйелiк қызмет пен қосалқы қызмет көрсету нарығының ұйымдастырылуы және жұмыс iстеуi ережелерiнде белгiлеген тәртiппен қуат резервтерiн, көлемiн, құрылымын ұстап тұруды және орналастыруды қамтамасыз етедi.
5. Электр энергиясын өндiру, беру және тұтыну қатынастарына қатысушылар жүйелiк оператор электр энергиясының теңгерiмсiздiктерiн табиғи реттеу нәтижелерi бойынша беретiн теңгерiмдеушi электр энергиясы көлемдерiнiң есептерi негiзiнде электр энергиясын өндiру-тұтынудың шарттық және нақты шамалары арасындағы электр энергиясының теңгерiмдеушi нарығында қаржылық реттеу үшiн өзара мiндеттемелер атқарады.
6-тармақ 2006 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi
6. Электр энергиясы көтерме сауда нарығының субъектiлерi меншiк нысанына қарамастан нақты уақыт режимiнде теңгерiмдеушi тетiкке (нарыққа) қатысуға мiндеттi.
7. Энергия өндiрушi ұйымдар - су электр станциялары суды табиғат қорғау мақсатында ағызу кезеңiнде өндiрiлетiн электр энергиясын орталықтандырылған сауда-саттықтарда сатуға мiндеттi.
4-тарау. Электр энергиясы нарығының жұмыс істеуі
негізінде энергиямен жабдықтауды ұйымдастыру
14-бап. Электр және жылу энергиясының нарығы
1. Қазақстан Республикасында энергиямен жабдықтау электр және жылу энергиясы нарықтарының жұмыс iстеуi жағдайларында жүзеге асырылады.
2. Электр және жылу энергиясы нарықта тауар болып табылады.
3. Электр энергиясының нарығы екi деңгейден: электр энергиясының көтерме және бөлшек сауда нарықтарынан, ал жылу энергиясының нарығы бiр деңгейден - бөлшек сауда нарығынан тұрады.
4-тармақ 2004 ж. 1 қазаннан бастап қолданысқа енгiзiледi
4. Энергия өндiрушi ұйымдар мен энергиямен жабдықтаушы ұйымдар - электр энергиясын кепiлдiк берiп жеткiзушiлер уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен электр энергиясының орталықтандырылған саудасына қатысуға тиiс.
5. Жүйелiк оператор, өңiрлiк электр желiлерi компаниялары мен электр желiлерiн иеленетiн өзге де ұйымдар уәкiлеттi орган белгiлеген тәртiппен нарықтың барлық қатысушыларының электр энергиясы нарығына еркiн қол жеткiзуiн қамтамасыз етедi.
6. Энергия берушi ұйымның энергия өндiрушi және энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен тұтынушылар Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілерінде белгiленген талаптарды орындаған жағдайда оларды электр және жылу жүйелерiне қосудан, сондай-ақ оларға электр немесе жылу энергиясын беруден бас тартуға құқығы жоқ.
7. Электр немесе жылу энергиясы нарығында электр энергиясын өндiру, беру және тұтыну кезiнде туындайтын қатынастар электр энергетикасындағы тиiстi шарттармен реттеледi.
15-бап. Электр энергиясының көтерме сауда нарығы
1. Электр энергиясының көтерме сауда нарығы:
1) нарыққа қатысушылар жасасатын тараптардың келісімдерiмен белгiленетiн жеткiзу бағалары мен талаптары бойынша электр энергиясын сатып алу-сату шарттарының негiзiнде жұмыс iстейтiн электр энергиясын орталықсыздандырылған сатып алу-сату нарығынан;
2) электр энергиясын қысқа мерзiмдi (спот - сауда-саттық), орта мерзiмдi (апта, ай) және ұзақ мерзiмдi (тоқсан, жыл) негiзде сатып алу-сату үшiн ұйымдастырылған сауда алаңынан тұратын электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығынан;
3) жүйелiк оператор электр энергиясын өндiру-тұтынудың тәулiктiк кестесiнде бекiткен Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі электр энергиясын өндiру-тұтынудың нақты және шарттық шамалары арасында операциялық тәулiкте туындайтын сағат сайынғы теңгерiмсiздiктердi табиғи және бұдан кейiнгi қаржылық реттеу мақсатында жұмыс iстейтiн нақты уақыт режиміндегі теңгерiмдеушi нарықтан;
4) мемлекеттік стандарттармен белгiленген Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесi жұмысының сенiмдiлiгi мен электр энергиясының сапасын қамтамасыз ету үшiн электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерiнен сатып алуы негiзiнде де, жүйелiк оператордың электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектiлерiне тиiсiнше қызметтер көрсету негiзiнде де жұмыс iстейтiн жүйелік және қосалқы көрсетiлетiн қызметтер нарығынан тұрады.
2. Электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығының операторы:
1) спот - сауда-саттығын ұйымдастыру мен жүргiзудi жүзеге асырады;
2) электр энергиясының орта мерзiмдi (апта, ай) және ұзақ мерзiмдi (тоқсан, жыл) кезеңдерге орталықтандырылған саудасын ұйымдастыру мен жүргiзудi жүзеге асырады;
3) электр энергиясы көтерме сауда нарығы субъектiлерiнiң электр энергиясының орталықтандырылған сауда нарығына қол жеткiзуiне тең жағдайлар жасауды қамтамасыз етедi;
4) электр энергиясы көтерме сауда нарығы субъектiлерiнiң электр энергиясының орталықтандырылған саудасының ережелерiнде белгiленген талаптарға сай келуiн айқындайды;
5) электр энергиясының орталықтандырылған сауда-саттықтарында электр энергиясын сатып алу-сату жөнiнде жасалған мәмiлелердi тiркеу мен есепке алуды жүзеге асырады;
6) өз құзыретi шегiнде электр энергиясы көтерме сауда нарығының субъектiлерiн орталықтандырылған сауда-саттықта қалыптасқан электр энергиясының индикативтiк бағалары жөніндегі ақпаратпен және басқа да нарықтық ақпаратпен қамтамасыз етедi.
16-бап. Электр энергиясының бөлшек сауда нарығы
1. Электр энергиясының бөлшек сауда нарығына қол жеткiзу тәртібін уәкiлеттi орган айқындайды.
2. Өңiрлiк электр желiлерi компаниялары электр энергиясын оның баланстық тиесiлiк шекараларында электр желiлерi бойынша беру функцияларын жүзеге асырады.
3-тармақ 2006 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi
3. Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесiн орталықтандырылған оралымды-диспетчерлiк басқарудың сенiмдiлiгiн қамтамасыз ету мақсатында бiр әкiмшiлiк-аумақтық бiрлiктiң (облыстың) шегiнде бiр өңiрлiк электр желісі компаниясы жұмыс iстеуге тиiс.
4. Шаруашылық қызметтi жүзеге асыру кезiнде электр энергиясын кепiлдiк берiп жеткiзушiлерге энергиямен жабдықтаушы өзге ұйымдарға қарағанда артықшылықтар беруге болмайды.
17-бап. Электр энергиясының көтерме сауда
нарығындағы шарттар
1. Электр энергиясын сатып алу-сату, электр энергиясының көтерме сауда нарығында электр энергиясын беру, техникалық диспетчерлендiру, электр қуатын реттеу, электр энергиясын өндiру-тұтынуды теңгерiмдеу жөнiнде қызметтер көрсету Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне, осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілеріне сәйкес жасалатын шарттардың негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Электр энергиясын сатып алу-сату шарттарында:
1) тәулiктiк электр тұтыну кестесi;
2) энергия өндiрушi ұйымдардың электр қуатын резервтеу тәртібі болуға тиiс.
3. Электр энергиясын сатып алу-сату шарттарында, электр энергиясының көтерме сауда нарығында электр энергиясын беру, техникалық диспетчерлендiру, электр қуатын реттеу, өндiру-тұтынуды теңгерiмдеу жөнiнде қызметтер көрсету шарттарында шарт бойынша уақтылы ақы төленбеген жағдайда энергиямен жабдықтауды немесе тиiстi қызметтер көрсетудi тоқтату жағдайлары мен тәртібі болуға тиiс.
18-бап. Электр және жылу энергиясының бөлшек сауда
нарығындағы шарттар
1. Бөлшек сауда нарығында электр және жылу энергиясын сатып алу-сату энергиямен жабдықтаушы ұйымдармен тұтынушылар жасасатын шарттар негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Энергиямен жабдықтаушы және энергия берушi ұйымдар бөлшек сауда нарығында жасасатын шарттарда электр және жылу энергиясының бөлшек сауда нарығына барлық қатысушылар үшiн тең жағдайлар болуға мiндеттi.
3. Энергиямен жабдықтаушы ұйымдар жеткiзетiн электр энергиясының бағалары мен оларды беру жағдайлары тараптардың келісімi бойынша энергия берушi ұйымның тарифiн ескере отырып, сатып алу-сату шартына сәйкес белгiленедi.
4. Өңiрлiк электр желiлерi бойынша электр энергиясын беру энергиямен жабдықтаушы ұйым немесе тұтынушы өңiрлiк электр желісі компаниясымен Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген үлгi нысан бойынша жасасатын электр энергиясын беру жөніндегі қызметтер көрсету шартының негiзiнде жүзеге асырылады.
5. Электр энергиясын кепiлдiк берiп жеткiзушiлер мен тұтынушылар арасындағы энергиямен жабдықтау шарты жария шарт болып табылады.
19-бап. Электр және жылу энергиясын тұтынушылардың
құқықтары мен мiндеттерi
1. Электр және жылу энергиясын тұтынушылардың:
1) жасалған шарттарға сәйкес электр және жылу энергиясын алуға;
2) жасалған шарттардың талаптарына сәйкес энергия өндiрушi, энергия берушi және энергиямен жабдықтаушы ұйымнан электр және жылу энергиясын жеткiзбеуден немесе сапасыз жеткiзуден келтiрiлген нақты нұқсанның орнын толтыруды талап етуге;
3) шарттар жасасуға және оларды орындауға байланысты даулы мәселелердi шешу үшiн сотқа жүгiнуге;
4) пайдаланған электр энергиясы үшiн сараланған тарифтiк есепке алу жүйелерi бойынша ақы төлеудi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзуге құқығы бар.
2. Электр және жылу энергиясын тұтынушылар:
1) тұтынушылардың меншiгіндегі электр және энергия қондырғылары мен коммерциялық есепке алу аспаптарын тиiсiнше техникалық жағдайда ұстап тұруға, электр және жылу энергиясын пайдалану ережелерiне сәйкес олардың техникалық жағдайына қойылатын талаптарды орындауға;
2) электр және жылу энергиясын сатып алу-сату шартында айқындалған энергия тұтыну режимдерiн сақтауға;
3) Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетика жүйесіндегі электр энергиясының стандарттық жиiлiгiн ұстап тұруға бағытталған нормативтiк талаптарды орындауға;
4) жасалған шарттарға сәйкес босатылған, берiлген және тұтынылған электр және (немесе) жылу энергиясының ақысын уақтылы төлеуге;
5) энергиямен жабдықтаушы және энергия берушi ұйымдардың қызметкерлерiн коммерциялық есепке алу аспаптарына, сондай-ақ Мемэнергияқадағалау қызметкерлерiн электр және энергия қондырғыларының техникалық жай-күйiн және пайдалану қауiпсiздiгiн бақылауды жүзеге асыру үшiн жiберуге;
6) Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен электр энергетикасы қондырғылары объектiлерiн қайта жаңарту және кеңейту үшiн қосымша қуаттарды қосуға және шығындарды өтеуге мiндетті.
5-тарау. Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық
жүйесіндегі авариялық бұзылыстар кезінде электр энергетикасы
объектілерін басқару
20-бап. Авариялық бұзылыстардың алдын алу және
оны жою үшiн қолданылатын шаралар
1. Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі авариялық бұзылыстардың сыныптамасын, оларды болдырмау және жою үшiн қолданылатын шараларды жүзеге асыру тәртібін уәкiлеттi орган айқындайды.
2. Жүйелiк аварияларды жою үшiн жүйелiк оператор меншiк нысанына қарамастан кез келген энергия өндiрушi ұйымдардың резервтiк қуаттарын және тұтынушылардың автономиялық қоректену көздерiн тартады.
3. Авариялық бұзылыстарды жою үшiн қуат жетiспеген кезде жүйелiк оператордың су электр станцияларының авариялық резервiн пайдалану үшiн гидротораптар арқылы суды шығындаудың бекітілген кестелерiне жедел өзгерістер енгізуге құқығы бар.
4. Электр энергиясының теңгерiмдеушi нарығы өтей алмайтын теңгерiмсiздiк туындаған кезде жүйелiк оператордың Қазақстан Республикасының бiртұтас электр энергетикалық жүйесіндегі электр тогының нормативтiк жиiлiгiн ұстап тұру мақсатында электр энергиясын сатып алу-сатуды жүзеге асыруға құқығы бар.
21-бап. Авариялық бронь бойынша энергиямен жабдықтау
1. Жүйелiк авария туындаған кезде тұтынушыларды энергиямен жабдықтау электрмен үздiксiз жабдықтауды қажет ететiн, қызметiнiң тоқтатылуы адамдар өмiрiне қатер төндiретiн, сондай-ақ апатты экологиялық, әлеуметтiк немесе экономикалық зардаптарға әкеп соқтыратын шаруашылық инфрақұрылым ұйымдары үшiн технологиялық себептерге орай электр қуатын авариялық бронь мөлшерiнде берудi қамтамасыз ететiн, энергия берушi ұйымдар әзiрлейтiн схемалар бойынша жүзеге асырылады.
2. Авариялық броны бар тұтынушыларды энергиямен жабдықтау тәртібі мен талаптарын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
3. Бюджет қаражаты есебiнен қамтылатын мемлекеттік мекемелерге авариялық бронь мемлекеттік мекемелердiң электр энергиясын тұтыну жөніндегі шығыстарына көзделген қаражат шегiнде, сондай-ақ мемлекеттік кәсiпорындар мен өзге де ұйымдар үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен ресiмделген тиiстi банктiк кепiлдiгi болған жағдайда берiледi.
22-бап. Электр энергетикасы объектiлерiнiң сақталуын
және тұтастығын қамтамасыз ету
1. Электр энергетикасының неғұрлым маңызды объектiлерiн күзетудi арнаулы әскерилендiрiлген күзет қызметтерi немесе Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлігінiң бөлiмшелерi жүзеге асырады. Мұндай объектiлердiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
2. Электр және жылу желiлерiн күзету ережелерiн Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
3. Энергия өндiрушi, энергия берушi ұйымдардың электр және (немесе) жылу энергиясын өндiру мен берудiң бiртұтас технологиялық процесiне қатысатын мүлкi бөлiнбейтiн мүлiк болып табылады.
4. Электр энергетикасының объектiлерiн және (немесе) оның жекелеген бөлiктерiн меншiк нысанына қарамастан сатып алу-сату, жалға немесе сенiмдi басқаруға беру уәкiлеттi орган мен табиғи монополия саласындағы қызметтi бақылау мен реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттік органды алдын ала хабардар етiп және олармен келiсе отырып жүзеге асырылады.
23-бап. Қазақстан Республикасының электр энергетикасы
туралы заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiлеген тәртiппен жауапты болады.
6-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
24-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң:
1) 2004 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 13-бабының 2-тармағы мен 14-бабының 4-тармағын;
2) 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 13-бабының 6-тармағы мен 16-бабының 3-тармағын қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.
2. 10-баптың 1-тармағының 4) тармақшасында және 2-тармағының 2) тармақшасында белгiленген нормалар 2005 жылдың 31 желтоқсанына дейiн қолданылады.
3. "Электр энергетикасы туралы" 1999 жылғы 16 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1999 ж., № 20, 729-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
25-бап. Қорытынды және өтпелi ережелер
1. Энергия берушi ұйымдар электр және (немесе) жылу энергиясын беру жөніндегі қызметтi энергиямен жабдықтау жөніндегі қызметтен бөлудi 2004 жылғы 1 қазанға дейiн жүзеге асырсын.
2. Өңірлік электр желісі компаниялары электр энергиясын беру жөніндегі қызметті энергиямен жабдықтау жөніндегі қызметтен бөлуді энергиямен жабдықтаушы ұйымдар құру жолымен 2004 жылғы 1 қазанға дейін жүзеге асырсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті | | | | | | | | Н.Ә. Назарбаев |