Аталған мерзiм тұтқынға алуға жол берiлмейтiн кезеңге тоқтатыла тұрады.
207-бап. Талап құқығын басқаға беру немесе талап құқығының ауысуы
1. Кемеге теңiз кепiлiмен қамтамасыз етiлген талап құқығын басқаға беру немесе талап құқығының ауысуы сонымен бiрге кемеге теңiз кепiлi талабы құқығын басқаға беруге немесе оған құқықтың ауысуына әкеп соғады.
2. Азаматтың өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеу туралы талаптардың және теңiзде сақтандыру шарты бойынша кеменің меншiк иесiне тиесiлi сақтандыру төлемiн төлеу туралы талаптардың кемеге теңiз кепiлi құқығы бар тұлғаға ауыстырылуына жол берiлмейдi.
208-бап. Кеменi немесе жасалып жатқан кеменi ұстап қалуға құқық
1. Кеменi жасауға, сондай-ақ кеменi жөндеуге, соның iшiнде оны реконструкциялауға байланысты туындайтын талаптарды қамтамасыз ету үшiн кеме жасау және кеме жөндеу ұйымдарының (мердiгер) мұндай кеменi, пайдаланылмаған материалдардың қалдықтарын және тапсырысшы тиiстi сомаларды төлегенге дейiн өздерiнiң қолындағы тапсырысшының басқа да мүлкiн ұстап қалуға құқығы бар.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген кеменi ұстап қалуға құқық, егер бұл тек оның тұтқындалуының салдары болмаса, кеме жасау немесе кеме жөндеу ұйымының (мердiгердiң) иелiгiнен кеме немесе жасалып жатқан кеме шығып қалған кезден бастап тоқтатылады.
3. Кеме немесе жасалып жатқан кеме мәжбүрлеп сатылған жағдайда кеме жасау және кеме жөндеу ұйымдарының (мердiгердiң) осы Заңның 220-бабының 4-тармағына сәйкес әлгiндей кеменi сатудан алынған сома есебiнен өз талаптарын қанағаттандыруға құқығы бар.
209-бап. Кеме ипотекасын белгiлеу
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен 209-баптың 1-тармағы өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Кеме ипотекасы ақша мiндеттемесiнiң орындалуын қамтамасыз ету мақсатында кеменiң меншiк иесi (кепiл берушi) мен кредитор (кепiл ұстаушы) арасында осы Заңның 211 және 212-баптарына сәйкес, мемлекеттік тiркелуге тиiстi шарт жасасу арқылы белгiленедi.
2. Кеменiң меншiк иесiнiң келісімiмен, оған шаруашылық жүргiзу құқығы бар тұлға да кеме ипотекасының кепiл берушiсi болуы мүмкін.
210-бап. Кеме ипотекасының нысанасы
1. Шартта өзгеше көзделмеген жағдайда, кеме ипотекасы нақ сол меншiк иесiне жататын кеме сияқты кеменiң керек-жарағына, сондай-ақ кеменiң опат болуы мен зақымдануына жауаптылық жағдайларында кеменiң теңiздегi сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемдерiне де қолданылады.
Кеме ипотекасы жалдау ақысына қолданылмайды.
2. Шартта өзгеше көзделмеген жағдайда, жасалып жатқан кеменiң ипотекасы оны жасауға арналған және кеме жасау ұйымы орналасқан жерде жатқан және таңбалау арқылы немесе өзге де әдiспен анық бiрдейлендiрiлген материалдар мен жабдықтарға, сондай-ақ жасалып жатқан кеменiң теңiздегi сақтандыру шарты бойынша жасалып жатқан кеменiң опат болуы мен зақымдануына жауаптылық жағдайларында сақтандыру төлемдерiне де қолданылады.
3. Егер екi немесе одан да көп кеме не жасалып жатқан кеме ипотека нысанасы болса, жеке алғанда әрбiр кеменiң мiндеттеменi қамтамасыз ету мөлшерi туралы келісім болмаған жағдайда, мұндай кемелер мiндеттеменi толық мөлшерiнде қамтамасыз етушi болады.
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен 211-баптың тақырыбы өзгертілді (бұр. ред. қара)
211-бап. Кеме ипотекасын мемлекеттік тiркеу
1. Кеме ипотекасы нақ сол кеме тiркелген тiзiлiмде тiркеледi.
2. Осы Заңның 11-бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтерiп жүзуге құқық уақытша берiлген шетел кемесiнiң ипотекасын, сондай-ақ шетелдiк алушы үшiн жасалып жатқан кеменiң ипотекасын Қазақстан Республикасында тiркеуге болмайды.
3. Жасалып жатқан кеменiң ипотекасы жасалып жатқан кемеге меншiк құқығы тiркелген жасалып жатқан кемелер тiзiлiмiнде тiркеледi.
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен 212-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
212-бап. Кеме ипотекасын мемлекеттік тіркеудiң тәртібі
1. Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасы кемеге немесе жасалып жатқан кемеге меншiк құқығын мемлекеттік тiркегеннен кейiн кепiл берушiнің өтiнiшi негiзiнде тiркеледi.
2. Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттік тiркеу туралы өтiнiште:
1) кеменi (кеменiң атауы, порт немесе оның тiркелген орны, кеменiң тiркелiм нөмiрi, үлгiсi және сыныбы, тоннажы) немесе жасалып жатқан кеменi (кеме жасалу жүзеге асырылып жатқан орын, жасалу нөмiрi, кеменiң үлгiсi, кильдiң ұзындығы және басқа негiзгi өлшемдер, тiркелiм нөмiрi) бiрдейлендiретiн деректер;
2) ипотекаға кепiл берушiнiң есiмi мен мекен-жайы;
3) ипотекаға кепiл ұстаушының есiмi мен мекен-жайы немесе оның ұсынушыға белгiленгенi туралы мәлiметтер;
4) екi немесе одан да көп кемелерге не жасалып жатқан кемелерге ипотеканы белгiлегенде, ипотекамен қамтамасыз етiлген мiндеттеменiң ең жоғары мөлшерi - тараптардың ол туралы келісімi болған жағдайда, мiндеттеменi жеке алғанда әрбiр кеме қамтамасыз ететiн мөлшер;
5) кеме немесе жасалып жатқан кеме ипотекасының аяқталу күнi көрсетiлуге тиiс.
Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттік тiркеу туралы өтiнiшке кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасы туралы шарт осындай шартта аталған құжаттармен қоса берiледi.
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен 212-баптың 3-тармағы өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын тiркейтiн орган, егер кеменiң немесе жасалып жатқан кеменің ипотекасы туралы шарт не осындай шартқа қоса берiлетiн құжаттар кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттік тiркеу талаптарына сай келмесе, оны мемлекеттік тiркеуден бас тартуға құқылы.
4. Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасы мемлекеттік тiркеу туралы өтiнiш алынған күнi тiркеледi.
Теңiз кемелерiнің мемлекеттік кеме тiзілiмiне, кеме кiтабына немесе жасалып жатқан кемелер тiзiлiмiне, осы баптың 2-тармағына сәйкес, мемлекеттік тiркеу туралы өтiнiште аталған барлық мәлiметтер енгiзiледi.
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен 212-баптың 5-тармағы өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын тiркейтiн орган кепiл берушi мен кепiл ұстаушыға, Теңiз кемелерінің мемлекеттік кеме тiзiлiмiнде, кеме кiтабында немесе жасалып жатқан кемелер тiзiлiмiнде бар жазбаларға сәйкес, кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттік тiркеу белгiленген үлгiдегi куәлiк беруге тиiс.
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен 212-баптың 6-тармағы жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
6. Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттік тiркеу үшін Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгiленген тәртiппен алым алынады.
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен 212-баптың 6-1-тармақпен толықтырылды
6-1. Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын мемлекеттік тiркеу туралы ақпарат беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
7. Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасы тiркелетiн Теңiз кемелерінің мемлекеттік кеме тiзiмi, кеме кiтабы немесе жасалып жатқан кемелер тiзiлiмi мен тiркеу органына берiлуге тиiстi құжаттар ашық болып табылады және мүдделi тұлғаның олардан үзiндi жазбалар мен осындай құжаттардың көшiрмелерiн алуға құқығы бар.
8. Кеме ипотекасын мемлекеттік тiркеген кезде кеме құжаттарына ол туралы қандай да бiр жазбалар енгізу талап етiлмейдi.
213-бап. Кеме ипотекасымен қамтамасыз етiлген талаптарды басымдықпен қанағаттандыру
1. Орындалуы кеменiң тiркелген ипотекасымен қамтамасыз етiлетiн мiндеттемелер бойынша талаптар, 203-баптың 1-тармағында және 220-баптың 3 және 4-тармақтарында көзделген талаптарды қоспағанда, өзге де барлық талаптар алдында басымдықпен қанағаттандырылуға тиiс.
2. Осы Заңның 220-бабының 4-тармағында көзделген талаптарды қоспағанда, жасалып жатқан кеменiң тiркелген ипотекасымен қамтамасыз етiлген мiндеттемелерден туындайтын талаптардың алдында ешқандай талаптар басымдықпен қанағаттандырылмауға тиiс.
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен 214-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
214-бап. Кеме ипотекасымен қамтамасыз етiлген талаптардың қанағаттандырылу кезектiлiгi
1. Егер ипотека белгiленген кеме кепiл берушiнiң басқа талаптарын қамтамасыз ететiн тағы бiр ипотеканың нысанасына айналса, одан кейiнгi кепiл ұстаушының талаптары оның алдындағы кепiл ұстаушылардың талаптарынан кейiн қанағаттандырылады. Кеме ипотекасымен қамтамасыз етiлген мұндай талаптардың қанағаттандырылу кезектiлiгi ипотеканың мемлекеттік тіркелген күнiмен белгiленедi.
2. Кеменің немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасымен қамтамасыз етiлген мiндеттемелерден туындайтын талаптардың осы баптың 1-тармағында көзделген қанағаттандырылу кезектiлiгi кепiл берушi мен кепiл ұстаушының келісімiмен өзгертiлуi мүмкiн. Мұндай келісім Теңiз кемелерінің мемлекеттік кеме тiзiлiмiнде, кеме кiтабында немесе жасалып жатқан кемелер тiзiлiмiнде мемлекеттік тiркелуге тиiс.
215-бап. Кеме ипотекасының шарты бойынша құқықтарды басқаға беру
1. Кепiл ұстаушы талапты басқаға беру арқылы негiзгi мiндеттеме бойынша кредитордың құқықтарын беру туралы ережелердi сақтай отырып, Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес, өзiнiң кеме ипотекасының шарты бойынша құқықтарын басқа тұлғаға беруге құқылы.
2. Кеме ипотекасының шарты бойынша құқықты басқаға берген жағдайда ол тiркелген Теңiз кемелерiнің мемлекеттік кеме тiзілiмiне, кеме кiтабына немесе жасалып жатқан кемелер тiзiлiм не басқаға берiлген датасы туралы және пайдасына берiлген басқа тұлғаның атауы мен мекен-жайы туралы жазба енгiзiледi.
216-бап. Ипотекамен қамтамасыз етiлген кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң сақталуы
Кепiл берушi ипотекамен қамтамасыз етiлген кеменi немесе жасалып жатқан кеменi сақтау және күтiп ұстау жөнiнде тиiстi шаралар қолдануға мiндеттi. Егер осындай мiндеттi орындамау кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң едәуiр құнсыздануына әкеп соқса, кепiл ұстаушы оны мiндеттеменiң орындалу мерзiмi басталғанға дейiн мәжбүрлеу тәртібімен сатуға құқылы.
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен 217-баптың тақырыбы өзгертілді (бұр. ред. қара)
217-бап. Кемеге немесе жасалып жатқан кемеге меншiк құқығының ауысуы немесе мемлекеттік тіркеудің өзгертiлуi
22.10.04 ж. № 601-II ҚР Заңымен 217-баптың 1-тармағы өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменiң тiркелген ипотекасымен қамтамасыз етiлген талаптар қанағаттандырылмаған не барлық кепiл ұстаушылардың жазбаша келісімi болмаған жағдайда порттың теңiз әкiмшiлiгiнiң, осы Заңның 219 және 220-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, кеменi Теңiз кемелерінің мемлекеттік кеме тiзiлiмiнен немесе кеме кiтабынан шығарып тастауға не жасалып жатқан кемеге меншiк құқығын мемлекеттік тiркеу туралы жасалып жатқан кемелердiң тiзiлiмiнен алынған жазбаға өзгерiс енгізуге құқығы жоқ.
2. Кеменi Теңiз кемелерінің мемлекеттік кеме тiзiлiмiнен немесе кеме кiтабынан не жасалып жатқан кемеге меншiк құқығын жасалып жатқан кемелер тiзiлімiнен шығарып тастау (ерiктi сату жағдайларын қоспағанда) мiндеттi болып табылған жағдайларда, тiркеу органы кепiл ұстаушылар өз мүдделерiн қорғау жөнiнде тиiсiнше шаралар қолдану үшiн кепiл ұстаушыларға кеменi немесе жасалып жатқан кемеге меншiк құқығын тиiстi тiзiлiмдерден алдағы уақытта шығарып тасталатыны туралы хабарлама жолдауға тиiс. Олардың келісімi алынбаған жағдайда, кеме немесе жасалып жатқан кемеге меншiк құқығы тиiстi тiзiлiмдерден ақылға қонымды кезең бiткеннен кейiн, бiрақ кепiл ұстаушыларға хабарланған соң кем дегенде үш айдан кейiн шығарылып тасталады.
218-бап. Кеменi немесе жасалып жатқан кеменi мәжбүрлi сатудың негiздерi
Кепiл берушi борышты төлеу жөніндегі мiндеттеменi орындамаған жағдайда, ипотека салынған кеме немесе жасалып жатқан кеме тұтқындалған кеменiң немесе тұтқындалған жасалып жатқан кеменiң тұрған орнында сот шешiмiнiң негiзiнде сатылуы мүмкін.
219-бап. Кеменi немесе жасалып жатқан кеменi мәжбүрлi сату тәртібі
Кеменi немесе жасалып жатқан кеменi мәжбүрлi сату Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
220-бап. Кеменi немесе жасалып жатқан кеменi мәжбүрлi сатудың салдары
1. Кеменi немесе жасалып жатқан кеменi мәжбүрлi сату жағдайында, кеменiң немесе жасалып жатқан кемінiң барлық тiркелген ипотекалары, кепiл ұстаушылардың келісімiмен сатып алушы өз мойнына алғандарын қоспағанда, барлық кепiлдер және басқа да кез келген түрдегi ауыртпалықтар кемеге немесе жасалып жатқан кемеге қатысты қолданылуын тоқтатады.
2. Кеменiң немесе жасалып жатқан кеменің тұтқындалуына және кейiнгi сатылуына байланысты шығыстар бiрiншi кезекте олардың сатылуынан алынған сомалар есебiнен төленедi. Мұндай шығыстар өзiне, атап айтқанда, кеменi тұтқындау кезiнен кеменi және кеме экипажының мүшелерiн ұстауға жұмсалған шығыстарды, сондай-ақ осы Заңның 203-бабының 1-тармағының 1) тармақшасында аталған жалақыны, басқа да сомалар мен шығыстарды қамтиды. Кеменi немесе жасалып жатқан кеменi сатудан алынған соманың қалдығы осы тарауға сәйкес тиiстi талаптарды қанағаттандыруға қажет болуына қарай бөлiнедi. Барлық тұлғалардың қойған талаптары қанағаттандырылғаннан кейiн кеменi немесе жасалып жатқан кеменi сатудан алынған сома, егер ол қалса, кеменің немесе жасалып жатқан кеменiң меншiк иесiне қайтарылады және еркiн аударылуы мүмкiн.
3. Суға батқан кеменi мәжбүрлi сату жағдайында, теңiзде жүзу қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету немесе теңiз ортасын ластанудан қорғау мақсатында, оның судан шығарылуын порттың теңiз әкiмшiлiгi жүзеге асырады, суға батқан кеменi судан шығаруға жұмсалған шығыстар, кемеге теңiздегi кепiлмен қамтамасыз етiлген кез келген талаптар қанағаттандырылғанға дейiн, оның сатылуынан алынған сома есебiнен төленедi.
4. Өз мiндеттемелерiн қамтамасыз етуге кеменi ұстап қалатын кеме жасау немесе кеме жөндеу ұйымы (мердiгер) оны мәжбүрлеу тәртібімен сату үшiн беруге мiндеттi.
Осы Заңның 203-бабының 1-тармағына сәйкес, кемеге теңiз кепiлiмен қамтамасыз етiлген талаптар болған жағдайда кеме жөндеу ұйымында мұндай құқық аталған талаптар қанағаттандырылғаннан кейiн пайда болады.
5. Кеменi немесе жасалып жатқан кеменi сатып алушы Қазақстан Республикасының азаматы немесе заңды тұлғасы болған жағдайда, кеме немесе жасалып жатқан кемеге меншiк құқығы Қазақстан Республикасының тиiстi тiзiлiмiнде осындай сатып алушының атына тiркелуге тиiс. Кеме немесе жасалып жатқан кемеге меншiк құқығы Қазақстан Республикасының тиiстi тiзiлiмiнде тiркелген және мұндай кеменi немесе жасалып жатқан кеменi сатып алушы шетелдiк азамат немесе шетелдiк заңды тұлға болған жағдайда, кеменi тiркеу органы не жасалып жатқан кемеге меншiк құқығын тiркеу органы осындай сатып алушыға кеменiң Теңiз кемелерінің мемлекеттік кеме тiзiлiмiнен, кеме кiтабынан шығарып тасталғаны туралы немесе кеменi немесе жасалып жатқан кемеге меншiк құқығын шет мемлекеттiң тиiстi тiзiлiмiнде тiркеу мақсатында, жасалып жатқан кемеге меншiк құқығының жасалып жатқан кемелер тiзiлiмiнен шығарып тасталғаны туралы куәлiк беруге мiндеттi.
221-бап. Кеме ипотекасының тоқтатылуы
1. Кеме ипотекасы:
1) кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеме тоқтатылған;
2) кеме немесе жасалып жатқан кеме конкурстық сауда-саттық (тендер, аукцион) арқылы сатылған жағдайларда, сондай-ақ оны сату мүмкiн болмай шыққан жағдайда;
3) кеме немесе жасалып жатқан кеме ипотекасының кепiл ұстаушысы теңiздегi сақтандыру шартына сәйкес, кеменің немесе жасалып жатқан кеменің опат болуына байланысты тиесiлi сақтандыру төлемiне өз талабын жүзеге асыра алатын жағдайларды қоспағанда, кеме немесе жасалып жатқан кеме опат болған жағдайларда тоқтатылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларда кеменің немесе жасалып жатқан кеменiң ипотекасын тоқтату туралы дәлелдемелер табыс етiлген кезде, тiркеу органы тиiстi кемелер тiзiлiмiне немесе жасалып жатқан кемелер тiзiлiмiне кеменің немесе жасалып жатқан кеменің ипотекасын тоқтату туралы жазба жасайды.
22-тарау. Кемені тұтқындау
222-бап. Кеменi тұтқындау негiздерi
1. Кеменi тұтқындау теңiз талабын қамтамасыз ету үшiн кеменi кiдiртiп қою немесе оның жүрiс-тұрысын шектеу болып табылады.
2. Осы баптың 4-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, кеме кепiлiмен қамтамасыз етiлген теңiз талабы бойынша ғана кеме тұтқындалуы мүмкiн.
3. Теңiз талабын қамтамасыз ету мақсатымен, басқа мемлекеттiң сотында қаралуға тиiс теңiз талабы туралы тиiстi шарттың талаптарына қарамастан, кеменiң тұтқындалуы мүмкiн.
4. Теңiз талаптарына жатпайтын талаптар бойынша кеме:
1) кеме иесiнің банкротқа ұшырауы немесе кеме иесiнiң - заңды тұлғаның таратылуы;
2) қылмыстық iс бойынша тәркiлеудiң қамтамасыз етiлуi жағдайларында ғана тұтқындалуы мүмкiн.
5. Бұл тарау осы Заңда көзделген теңiз порты капитанының кеменi теңiз портынан шығаруға рұқсат беруден бас тарту, кеме мен жүктi кiдiртiп қою құқықтарын қозғамайды.
6. Осы тарауда реттелмеген, кеменi тұтқындаудан туындайтын құқық қатынастары Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi.
223-бап. Теңiз талабы
Мыналар:
1) кеменi пайдалану кезiнде залал келтiрiлуiне;
2) кеменi пайдаланумен тiкелей байланысты құрғақта не суда азаматтың өмiрi мен денсаулығына залал келтiрiлуiне;
3) құтқару операциясын немесе құтқару туралы шартты жүзеге асыруға;
4) егер мұндай талап Қазақстан Республикасының халықаралық шартынан, Қазақстан Республикасының заңынан немесе шарттан туындайтын болса, залалды болғызбау немесе азайту жөнінде шаралар қолдануға жұмсалған шығыстарға, соның iшiнде қоршаған ортаға келтiрiлген залалға, сондай-ақ осындай шаралар келтiрген немесе келтiруi мүмкiн залалға;
5) суға батқан кеменi немесе оның жүгiн шығарып алуға, аластауға немесе жоюға жұмсалған шығыстарға;
6) кеменi пайдалану туралы шартқа;
7) жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартына немесе теңiзде жолаушылар тасымалдау шартына;
8) кемедегi жүктің немесе багаждың жоғалуына, кем шығуына немесе зақымдануына (бүлiнуiне);
9) жалпы аварияға;
10) лоцмандық алып өтуге;
11) сүйретiп жүзуге;
12) тамақ өнiмдерiн, материалдар, отын, запастар, жабдықтар, соның iшiнде кеменi пайдалану немесе оны күтіп ұстау үшiн қажеттi контейнерлер беруге;
13) кеменің жасалуына, жөнделуiне, жаңғыртылуына немесе қайта жабдықталуына;
14) теңiз портында алынатын алымдар мен төлемдерге;
15) кеме капитаны мен кеме экипажының басқа мүшелерiне тиесiлi жалақыға және басқа да сомаларға;
16) кемеге қатысты жұмсалған шығыстарға;
17) сақтандыру сыйлықақысына;
18) теңiз агентiнiң, теңiз брокерiнiң сыйақысына;
19) кемеге меншiк құқығы және өзге де заттық құқықтар туралы дауға;
20) кеменiң меншiк иелерi арасындағы кеменi пайдалану мен пайданы бөлу туралы дауға;
21) кеменi сатып алу-сату шартынан туындайтын дауға байланысты мәлiмделген кез келген талап теңiз талабы болып табылады.
224-бап. Тұтқынға алуға жол берiлмейтiн кеме
1. Теңiз талаптары бойынша:
1) тұтқынға алынатын кезге қарай кемеге меншiк құқығы үшiншi тұлғаларға берiлген;
2) кеменi өзге кеме жалдаушы жалдап алған жағдайларда кеменi тұтқынға алуға жол берiлмейдi.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген ережелер кемеге меншiк құқығы мен өзге де заттық құқыққа қатысты қолданылмайды.
225-бап. Тұтқындалған кеменiң иесiн қорғау
1. Сот кеменi тұтқынға алудың немесе оның бұрынғы тұтқынға алынуының ұзартылу талабы ретiнде кеменi тұтқынға алуды немесе тұтқындаудың ұзартылуын талап етушi тұлғаға кеменi тұтқынға алу салдарынан келтiрілуi мүмкiн зияндарға байланысты сот айқындай алатын көлем мен жағдайларда қамтамасыз етудiң берiлуiн мiндеттеуге құқылы. Бұл ереже осы Заңның 223-бабының 15) тармақшасында көзделген талап бойынша кеменi тұтқынға алуды немесе тұтқынға алудың ұзартылуын талап етушi тұлғаға қатысты қолданылмайды.
2. Тұтқындалған кеме иесiнің талап етуi бойынша кеменi тұтқынға алған немесе кеменiң тұтқынға алынуын болғызбау үшiн талаптың өзгеше қамтамасыз етiлуi жөнiнде шаралар қолданған сот талап етуi бойынша кеме тұтқынға алынған немесе қамтамасыз етiлген тұлғаның кеменiң тұтқынға алуынан келтiрілген зиян үшін жауапкершiлiк мөлшерiн анықтауға құқылы.
23-тарау. Теңіздегі наразылық
226-бап. Теңiздегi наразылық
1. Кеме жүзiп жүрген немесе тоқтап тұрған уақытта кеме иесiне мүлiктiк талаптар қою үшiн негiз бола алатын оқиға орын алған жағдайда, кеме капитаны дәлелдемелердi қамтамасыз ету мақсатында теңiздегi наразылық туралы мәлiмдеме беруге тиiс.
2. Теңiздегi наразылықта оқиғаның мән-жайы мен оны туғызған себептер жөнiнде толық ақпарат, соның iшiнде залал туралы және залалды болғызбау немесе азайту жөнiнде қолданылған шаралар туралы ақпарат болуға тиiс.
227-бап. Теңiздегi наразылық туралы мәлiмдеме
1. Теңiздегi наразылық туралы мәлiмдеме:
1) Қазақстан Республикасының портында - нотариуске;
2) шетел портында - Қазақстан Республикасының консулдық мекемесiнің лауазымды адамына немесе тиiстi мемлекеттiң заңдарында белгiленген тәртiппен шет мемлекеттiң құзыреттi лауазымды адамына берiледi.
2. Егер оқиға:
1) теңiз портында болса, оқиға болған кезден бастап жиырма төрт сағат iшiнде;
2) кеме жүзiп жүрген кезде болса, кеменiң немесе кеме капитанының оқиға болғаннан кейiн алғашқы теңiз портына келген кезiнен бастап жиырма төрт сағат iшiнде теңiздегi наразылық туралы мәлiмдеме берiледi.
Оқиға жүзiп жүрген кезде болған жағдайда, оқиға болғаннан кейiн алғашқы портқа кіруге байланысты кететiн уақыт пен жұмсалатын шығыстардың елеулi ысырабын болғызбау үшiн, теңiздегi наразылық туралы мәлiмдеме кеменiң немесе кеме капитанының оқиға болғаннан кейiн алғашқы порт болып табылмайтын портқа келген кезiнде берiлуi мүмкiн.
3. Осы баптың 2-тармағында белгiленген мерзiмде теңiздегi наразылықты мәлiмдеу мүмкiн болмаған жағдайда, мұның себептерi теңiздегi наразылық туралы мәлiмдемеде көрсетiлуге тиiс.
4. Егер мұндай құқық тиiстi халықаралық шартта көзделсе, шетел кемелерi капитандарының өз кемесi туын көтерiп жүзіп жүрген мемлекеттiң консулдық мекемелерiне теңiздегi наразылық туралы мәлiмдеме беруге құқығы бар.
228-бап. Жүкке келтiрiлген залалға қатысты теңiздегi наразылық туралы мәлiмдеме
Оқиға салдарынан кемедегi жүкке залал келтiрiлген жағдайда, теңiздегi наразылық туралы мәлiмдеме люктер ашылғанға дейiн берiлуге тиiс. Теңiздегi наразылық мәлiмденгенге дейiн кемедегi жүктi түсiруге аса қажеттi жағдайда ғана жол берiледi.
229-бап. Теңiздегi наразылық туралы мәлiмдеме жiберiлген тұлғаға кеме журналының берiлуi
1. Кеме капитаны теңiздегi наразылық туралы мәлiмдеме берiлген тұлғаға кеме немесе кеменiң капитаны теңiз портына келген, сондай-ақ оқиға портта орын алған болса, оқиғаның өзi болған кезден бастап жетi күн iшiнде танысу үшiн кеме журналын және кеме журналынан үзiндi жазбаны өзi куәландырып беруге мiндеттi.
2. Кеме журналы жойылған (жоғалған) жағдайда кеме журналының жойылуының (жоғалуының) мән-жайы мен себептерi теңiздегi наразылық туралы мәлiмдемеде баяндалуға тиiс.
230-бап. Теңiздегi наразылық туралы акт жасау
Теңiздегi наразылық туралы мәлiмдеменi қабылдауға уәкiлеттi тұлғалар кеме капитанының мәлiмдемесi, кеме журналының деректерi, кеме капитанынан және қажет болған жағдайда кеме экипажының басқа мүшелерiнен сұрастыру негiзiнде теңiздегi наразылық туралы акт жасайды.
24-тарау. Актілер, кінә қою және талап қою.
Талап қою мерзімі
231-бап. Теңiзде жүк тасымалдауға қатысушылардың жауапкершiлiгi үшiн негiз бола алатын мән-жайларды куәландыру
1. Тасымалдаушының, жөнелтушiнің, алушының және жолаушының жауапкершiлiгi үшiн негiз бола алатын мән-жайлар коммерциялық актiлермен немесе жалпы нысандағы актiлермен куәландырылады. Шет ел порттарында аталған мән-жайлар сол портта қолданылатын ережелерге сәйкес куәландырылады.
2. Коммерциялық акт:
1) жүктiң немесе нақты багаждың атауы, массасы немесе орындарының саны және тасымалдау құжатында көрсетiлген деректер арасындағы сәйкессiздiктi;
2) жүктiң немесе багаждың жоғалғанын, кем шыққанын немесе зақымданғанын (бүлiнгенiн);
3) құжатсыз жүк немесе багаж, сондай-ақ жүксiз немесе багажсыз құжаттар табылғанын;
4) тасымалдаушыға ұрланған жүктiң немесе багаждың қайтарылғанын куәландыру үшiн жасалады.
3. Актiлердiң нысандары, оларды жасау тәртібі және акт жасауды талап етпейтiн мән-жайларды куәландыру тәртібі уәкiлеттi орган бекiтетiн ережелермен белгiленедi.
232-бап. Кiнә қою
Кiнә қою тәртібімен дауларды сотқа дейiнгi реттеу талап қоюдың мiндеттi шарты болып табылады.
233-бап. Кiнә қою мен талап қою құқығын беру
1. Кiнә қою мен талап қою құқығын, мұндай құқықты жөнелтушiнiң алушыға беруi немесе керiсiнше жағдайларды, сондай-ақ жөнелтушiнің немесе алушының экспедиторға немесе сақтандырушыға беретiн жағдайларын қоспағанда, басқа ұйымдарға немесе азаматтарға беруге жол берiлмейдi.
2. Кiнә қою мен талап қою құқығының берiлуi коносаменттегi немесе өзге де тасымалдау құжатындағы басқа бiреуге (теңiз жүкқұжаты, чартер) беру түріндегі жазбамен куәландырылады.