10-тарау. Жүкті теңіз арқылы тасымалдау шарты
54-бап. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты
1. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушы өзiне жөнелтушi сенiп тапсырған жүктi белгiленген портқа жеткізуге және жүктi алуға уәкiлеттi тұлғаға (алушыға) беруге мiндеттенедi, ал жөнелтушi немесе алушы жүктi тасымалдағаны үшiн шартқа немесе тарифке сәйкес ақы төлеуге және жүктi қабылдап алуды қамтамасыз етуге мiндеттенедi.
2. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты жүктi теңiз арқылы тасымалдау үшiн бүкiл кеменi, оның бiр бөлiгiн немесе кемедегi белгілi бiр жайларды (чартер) беру талабымен, сондай-ақ мұндай талап қойылмай жасалуы мүмкiн.
55-бап. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартының нысаны
Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты коносаментпен, чартермен, теңiз жүкқұжатымен ресiмделедi. Коносаменттiң, чартердiң, теңiз жүкқұжатының нысаны тасымалдау ережелерiмен белгіленедi.
56-бап. Жүктi теңiз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы ұзақ мерзiмді шарт
1. Жүк тасымалдауды үнемi жүзеге асыру қажет болған жағдайда тасымалдаушы мен жүк жөнелтуші жүкті теңіз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы ұзақ мерзiмдi шарттар жасаса алады.
Жүктi теңiз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарт бойынша тасымалдаушы жүктi белгiленген мерзiмде қабылдауға, ал жүк жөнелтушi жүктi тасымалдауға келісілген көлемде табыс етуге мiндеттенедi.
Жүктi теңiз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы шартта тасымалдаудың көлемi, мерзiмдерi, сапасы және көлiк құралдарын беру мен тасымалданатын жүктi табыс етудiң басқа да талаптары, сондай-ақ тасымалдауды ұйымдастырудың Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де талаптары белгiленедi.
2. Жүктi теңiз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы ұзақ мерзiмдi шарттағы келісілген жүктi тасымалдау талаптары, егер тараптар өзгеше келісімге келмесе, жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартына енгiзiлген болып есептеледi.
Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартының талаптары жүктi теңiз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы ұзақ мерзiмдi шарттың талаптарына қайшы келген жағдайда жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартының ережесi қолданылады.
3. Коносаментке енгiзiлмеген жүктi теңiз арқылы тасымалдауды ұйымдастыру туралы ұзақ мерзiмдi шарттың талаптары, үшiншi тұлға үшiн, егер ол кеменi жалдаушы болмаса, мiндеттi болмайды.
57-бап. Чартердiң мазмұны. Чартер бойынша құқықтар беру
1. Чартерде тараптардың атауы, кеменiң атауы, жүктiң тегi мен түрiне сiлтеме, жалдау ақысының мөлшерi, жүктiң тиелген порты, тиелген орны, сондай-ақ кеменің баратын порты немесе бағыты көрсетiлуге тиiс. Тараптардың келісімi бойынша чартерге өзге де талаптар енгiзiлуi мүмкiн.
2. Чартер бойынша жүк тасымалдау кезiнде кеменi жалдаушы тасымалдаушының келісімiмен жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты бойынша үшiншi тұлғаға өз құқығын беруге құқылы. Кеменi жалдаушы, сондай-ақ ол өзiнiң құқығын берген үшiншi тұлға, егер чартерде өзгеше көзделмесе, жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартын орындамағаны үшiн тасымалдаушының алдында ортақ жауапкершiлiкте болады.
58-бап. Чартер мен коносаменттiң арақатынасы
Чартер шартының тарабы болып табылмайтын тасымалдаушы және алушы арасындағы қатынастар коносаментпен айқындалады. Егер коносаментте чартердiң талаптарына сiлтеме жасалса, олар алушы үшiн мiндеттi болады.
59-бап. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты бойынша кеменiң теңiзде жүзу жағдайын қамтамасыз ету
1. Тасымалдаушы дер кезiнде, рейс басталғанға дейiн кеменi теңiзде жүзетiн жағдайға келтiруге: кеменiң жүзуге техникалық жарамдылығын қамтамасыз етуге, кеменi тиiстi деңгейде жарақтауға, оны экипажбен жасақтауға және не қажеттiнiң бәрiмен жабдықтауға, сондай-ақ трюмдер мен кеменiң басқа да жүк тасымалданатын жайларын жүктi тиiсiнше қабылдауды, тасымалдауды және сақтауды қамтамасыз ететiн жағдайға келтiрiп қоюға мiндеттi.
2. Егер жүктi тасымалдау коносамент негiзiнде жүзеге асырылса немесе коносамент чартерге сәйкес берiлiп, тасымалдаушы мен кеменi жалдаушы болып табылмайтын коносамент ұстаушының арасындағы қатынасты реттейтiн болса, тараптардың осы баптың 1-тармағына қайшы келетiн келісімi жарамсыз болады.
60-бап. Кеменi ауыстыру
Жүк белгiлi бiр кемеде тасымалдануға тиiс болған жағдайда, оны тиеу басталғаннан кейiн пайда болған техникалық қажеттердің салдарынан жүктi қайта тиеудi қоспағанда, жүк кеменi жалдаушының немесе жөнелтушiнiң келісімiмен ғана басқа кемеге тиелуi мүмкiн.
61-бап. Кеменiң жүк тиеуге дайын екендiгi туралы хабарлау
1. Чартер бойынша жүк тасымалдау кезiнде тасымалдаушы кеменi жалдаушыға немесе жөнелтушiге, егер ол кеменi жалдаушы болып көрсетiлсе, кеменің жүк тиеуге дайын екенiн немесе белгiлi бiр уақытта дайын болатынын жазбаша нысанда хабарлауға мiндеттi. Мұндай хабар кеме тиеу портында немесе осы порт үшiн әдеттегi күту орнында тұрған жағдайда ғана берiлуi мүмкiн.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген хабар берудің күнi мен сағаты тараптардың келісімiмен, ал келісім болмаған жағдайда - осы порттағы үрдiстермен белгiленедi.
3. Кеме хабарда көрсетiлген уақытта жүк тиеуге дайын болмаған жағдайда, осыған байланысты кеменi жалдаушыға келтiрiлген залалды тасымалдаушы өтеуге тиiс.
62-бап. Жүк тиеу орны
1. Чартер бойынша жүк тасымалдау кезiнде тасымалдаушы кеменi жалдаушы көрсеткен жүк тиелетiн орынға кеменi қоюға мiндеттi. Кеменi жалдаушы жүктi тиеу үшiн қауiпсiз және жарамды, кеме жүзетiн күйiнде тұра алатын орынды көрсетуге тиiс. Егер кеменi жалдаушы көрсеткен орын жүк тиеуге жарамсыз болса немесе бiрнеше кеменi жалдаушы жүк тиеуге әртүрлi орын көрсетсе, тасымалдаушы кеменi сол портта әдетте пайдаланып жүрген жүк тиеу орнына қоюға құқылы, бұл туралы кеменi жалдаушыға алдын ала ескертедi.
Кеменi жалдаушы өз есебiнен кеменi басқа жүк тиеу орнына қоюды талап етуге құқылы.
2. Желілік қатынаста жүк тасымалдау кезінде жүк тиелетiн орынды тасымалдаушы белгiлейдi. Егер жүк тиеу аталған порт үшiн әдеттен тыс орында жүргiзiлсе, тасымалдаушы жөнелтушiге жүк тиелетiн орын туралы хабарлайды.
63-бап. Кеменiң берiлу мерзiмi
Чартер бойынша жүк тасымалдау кезiнде тасымалдаушы кеменi чартерде келісілген мерзiмде беруге мiндеттi. Кеме аталған мерзiмде берiлмеген жағдайда кеменi жалдаушы жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартынан бас тартып, зияндардың өтелуiн талап етуге құқылы.
64-бап. Сталиялық уақыт
1. Сталиялық уақыт тараптардың келісімiмен, мұндай келісім болмаған жағдайда - тиеу портында әдетте қабылданған мерзiмдермен белгiленедi.
2. Сталиялық уақыт жөнелтушiге, кеменi жалдаушыға кеменiң жүк тиеуге дайын екенi туралы хабар жiберiлгеннен кейiнгi келесi күннен бастап жұмыс күндерiмен, сағаттарымен және минуттарымен есептеледi.
3. Тасымалдаушыға байланысты себептер бойынша не еңсерiлмейтiн күштiң салдарынан немесе жүктің сақталуына қауiп төндiретiн немесе оны қауiпсiз тиеуге кедергi келтiретiн гидрометеорологиялық жағдайлардың салдарынан жүк тиеу жүргiзiлмеген уақыт сталиялық уақытқа енгiзiлмейдi.
Кеменi жалдаушыға байланысты себептер бойынша жүк тиеу жүргiзiлмеген уақыт сталиялық уақытқа енгiзiледi.
4. Жүк тиеу сталиялық уақыт есептеле бастағанға дейiн басталған жағдайда жүк тиеуге нақты кеткен уақыт сталиялық уақытқа есептеледi.
5. Осы бапта белгiленген ережелер жүк түсiру портында оны түсiру кезiнде де қолданылады.
65-бап. Контрсталиялық уақыт
1. Контрсталиялық уақыттың ұзақтығы тараптардың келісімiмен, ал ол болмаған жағдайда - жүк тиеу портында әдетте қабылданған мерзiмдерiмен белгiленедi.
2. Контрсталиялық уақыт сталиялық уақыт аяқталған кезден бастап күнтiзбелiк күндермен, сағаттармен және минуттармен есептеледi.
3. Контрсталиялық уақытқа жексенбi және ресми белгiленген мерекелiк күндер, портта жұмыс iстемейтiн деп жарияланған уақыт, сондай-ақ еңсерiлмейтiн күш немесе жүктің сақталуына қатер төндiретiн не оны қауiпсiз тиеуге кедергi келтiретiн гидрометеорологиялық жағдайлар туғызған жүк тиеудегi үзiлiстер де кіреді. Тасымалдаушыға байланысты себептермен жүк тиеу жүргiзiлмеген уақыт контрсталиялық уақытқа енгiзiлмейдi.
4. Осы бапта, сондай-ақ осы Заңның 66-68-баптарында белгiленген ережелер жүк түсiру портында оны түсiру кезiнде де қолданылады.
66-бап. Демерредж
Демерредж тараптардың келісімiмен, ал мұндай келісім болмаған жағдайда - тиiстi портта әдетте қабылданған ставкаға сәйкес белгiленедi. Мұндай ставкалар болмаған жағдайда демерредж кеме мен оның экипажын күтiп-ұстауға жұмсалған шығыстармен анықталады.
67-бап. Диспач
Тараптардың келісімiмен диспач белгiленуi мүмкiн. Мұндай келісім болмаған жағдайда диспач мөлшерi демерредждiң екiден бiрi мөлшерiнде есептеп шығарылады.
68-бап. Тасымалдаушының кеменi контрсталиялық уақыт бiткеннен кейiн жүзуге жөнелту құқығы
1. Егер бүкiл келісілген жүк тасымалдаушыға байланысты емес себептер бойынша кемеге тиелмесе де, тасымалдаушының контрсталиялық уақыт бiткеннен кейiн кеменi жүзуге жөнелтуге құқығы бар. Бұл орайда тасымалдаушы жалдау ақысын толық алуға құқығын сақтап қалады.
2. Жүк тасымалдау үшiн кеме тұтасымен берiлген жағдайда, жүктi қабылдау мен салып қою кеменi белгiленген мерзiмнен астам уақыт ұстауы мүмкiн болғанымен, тасымалдаушының сталиялық немесе контрсталиялық уақыт аяқталғанға дейiн, мұндай уақыт туралы келісім болған кезде, жеткiзiлген жүктi қабылдаудан бас тартуға құқығы жоқ.
3. Жүк тасымалдау үшiн кеме тұтасымен берiлмеген жағдайда, тасымалдаушы сталиялық немесе контрсталиялық уақыт бiткенге дейiн, мұндай уақыт туралы келісім болған жағдайда, жүктi қабылдаудан бас тартуға құқығы бар, кейiн ол кiдiртiлiп берiлуi салдарынан кемеге тиiстi түрде және қалған жүк үшiн зиян келтiрiлмей кемеге кешiктiрiлiп қана тиелуi мүмкiн. Бұл орайда тасымалдаушы жалдау ақысын толық алуға құқығын сақтап қалады.
69-бап. Тасымалдау үшiн жүк қабылдауды уақытша тоқтату немесе шектеу
1. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар кезiнде порттың теңiз әкiмшiлiгiнің өкімімен жүктi қабылдау уақытша тоқтатылуы немесе шектелуi мүмкiн, бұл көлiктегi уәкiлеттi органға дереу хабарланады, ол тиiстi мемлекеттік органдардың келісімi бойынша тасымалдауға жүк қабылдауды уақытша тоқтатудың немесе шектеудiң қолданылу мерзiмiн белгiлейдi.
2. Порттың теңiз әкiмшiлiгi жүктi жөнелтушiлерге жүктi тiкелей аралас немесе тiкелей теңiз қатынастарында тасымалдау және көлiктiң басқа түрлерiн ұйымдастыру кезiнде тасымалдау үшiн жүк қабылдауды уақытша тоқтату туралы немесе шектеу туралы дереу хабарлайды.
70-бап. Кеменiң кiдiртiлгенi үшiн залалдарды өтеу
Кеменiң контрсталиялық уақыттан артық кiдiртiлгенi үшiн жөнелтушi, кеменi жалдаушы, егер кеменiң кiдiртiлуi тасымалдаушыға байланысты емес себептерден болса, тасымалдаушыға келтiрiлген зияндарды өтеуге мiндеттi.
71-бап. Кеменi жалдаушының талап етуiмен жүзуге мерзiмiнен бұрын жөнелту
Кеменi жалдаушыға жүк тасымалдау үшiн кеме тұтасымен берiлген жағдайда тасымалдаушы кеменi жалдаушының талап етуiмен, егер барлық жүк тиелмесе де, кеменi жүзуге жөнелтуге мiндеттi. Мұндай жағдайда тасымалдаушы толық жалдау ақысына құқығын сақтап қалады.
72-бап. Жүктi буып-түю және таңбалау
1. Тасымалдау кезiнде жүктің толық сақталуын қамтамасыз ету үшiн ыдысқа салуды және буып-түюдi қажет ететiн жүк тасымалдауға жарамды ыдысқа салынып және буып-түйiлiп берiлуге тиiс. Мемлекеттік стандарттар белгiленген немесе техникалық талаптар белгiленген ыдыстар мен буып-түю соларға сәйкес болуға тиiс. Мұндай талаптар жөнелтушi беретiн контейнерлерге де қолданылады.
2. Жөнелтушi жүктi тиiсiнше таңбалап, тасымалдаушыға ол туралы қажеттi мәлiметтердi табыс етуге мiндеттi. Жүк айрықша назар аударуды қажет ететiн жағдайда жөнелтушi жүктiң қасиеттерi мен оны қарап-ұстаудың тәртібін тасымалдаушыға хабарлауға мiндеттi.
73-бап. Палубалық жүк
1. Тасымалдаушының тек тасымалдаушы мен жөнелтушiнiң арасындағы келісімге сәйкес қана палубада жүк тасымалдауға құқығы бар.
2. Тасымалдаушы мен жөнелтушi жүктiң палубада тасымалдануы тиiс немесе мүмкiн екендiгi туралы келісімге келген жағдайда, тасымалдаушы мұндай келісімге қол жеткiзiлгенi туралы коносаментте немесе жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартын растайтын басқа құжатта көрсетуге мiндеттi. Тасымалдаушы оны көрсетпеген жағдайда, ол жүктi палубада тасымалдау туралы келісімнiң жөнелтушiмен жасалғаны туралы дәлелдеуге тиiс. Тасымалдаушының коносаментті адал жолмен иемденген үшiншi тұлғаға қатысты, соның iшiнде алушыға қатысты мұндай келісімге сiлтеме жасауға құқығы жоқ.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында белгiленген ережелердi бұза отырып, палубада жүк тасымалданған жағдайда, тасымалдаушы палубада жүк тасымалдау туралы келісімге сiлтеме жасай алмайды және жүктi тек қана палубада тасымалдау салдарынан жүктiң жоғалғаны, кем шыққаны немесе зақымданғаны (бүлiнгенi) немесе оның кешiктiрiлiп жеткiзiлгенi үшiн жауапты болады. Бұл орайда осы Заңның 102-бабында көзделген ережелер қолданылуға жатпайды.
Тасымалдаушы жауапкершiлiгiнiң мөлшерi осы Заңның 104 және 105-баптарына сәйкес айқындалады.
4. Егер жүктi трюмде тасымалдау туралы келісім болса, жүктi палубада тасымалдау осы Заңның 105-бабына сәйкес тасымалдаушының жауапкершiлiгiн шектеу құқығын жоғалтуға әкеп соғатын әрекетi (әрекетсiздiгi) деп қарастырылады.
74-бап. Қауiптi жүк
1. Қауiптi жүктi тапсыру кезiнде оның атауы туралы терiс мәлiметтер берiлiп, тасымалдаушының сырттай қарау арқылы оның қасиеттерiне көз жеткізуi мүмкiн болмаған жағдайда, тасымалдаушы жөнелтушiге шеккен зиянын өтемей, мұндай жүктi түсiрудi, жоюды және зарарсыздандыруды соның есебiнен кез келген уақытта жүзеге асыруға құқылы.
Жөнелтушi тасымалдаушының алдында оған осындай жүктi тиеу салдарынан келтiрiлген зиян үшiн жауапты болады. Қауiптi жүктi тасымалдағаны үшiн жалдау ақысы қайтарылуға жатпайды. Жалдау ақысы төленбеген жағдайда тасымалдаушы жөнелтушiден оның құнын толық көлемінде өндірiп алуға құқылы.
2. Қауiптi жүкке, ол кемеге тиелгенге дейiн, сондай-ақ қауiптi жүктi тасымалдауға арналған кеменiң өзiне мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы болуға, онда қоршаған ортаға олардың әсерiн бағалау қамтылуға тиiс.
Халықаралық сертификат немесе мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы болмаған жағдайда қауiптi жүктердi теңiз көлiгiмен тасымалдауға жол берiлмейдi.
3. Егер тасымалдаушының келісімiмен кемеде тұрған қауiптi жүк кемеге, кемедегi адамдарға және жүкке қатер төндiрсе, тасымалдаушы мән-жайларға қарай, жалпы авария жағдайларын қоспағанда, жөнелтушiге шеккен зиянын өтемей, мұндай жүктi түсiрудi, жоюды немесе зарарсыздандыруды жүзеге асыруға құқылы.
Тасымалдаушының қауiптi жүкпен кеменiң нақты жүрiп өткен қашықтығына бара-бар мөлшерде жалдау ақысын алуға құқығы бар.
75-бап. Жүктi ауыстыру
Чартерде тегi немесе түрi айқындалған жүк тек тасымалдаушының келісімiмен ғана өзге тектегi немесе түрдегi жүкпен ауыстырылуы мүмкiн.
76-бап. Бөгде жүктi түсiрiп тастау
1. Жүк тасымалдау үшiн кеме тұтасымен, оның бөлiгi немесе кеменiң белгiлi бiр жайлары берiлген жағдайда жөнелтушi кемеден, кеменiң бөлiгiнен немесе кеменiң жайларынан жөнелту портында, жүк тасымалдау үшiн кеме тұтасымен берiлген жағдайда - кез келген кіру портында бөгде жүктi түсiрiп тастауды талап етуге құқылы.
2. Жүк кемеден, кеменiң бөлiгiнен немесе кеменiң жайларынан уақтылы түсiрiлмеген жағдайда кеменi жалдаушының жалдау ақысын тиiсiнше азайтуды, сондай-ақ кеменi жалдаушыға келтiрiлген зияндарды өтеудi талап етуге құқығы бар.
77-бап. Жүкке қоса жүретiн құжаттар
Жөнелтушi, жүктi кедергiсiз тасымалдау үшiн қажеттi, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құжаттарды (сертификат, лицензия, ветеринариялық куәлiк, кеден декларациясы және өзге де құжаттар) тасымалдаушыға беруге мiндеттi.
Жөнелтушi мұндай құжаттардың уақтылы берілмегенi, дұрыс немесе толық болмауы салдарынан келтiрiлген зияндар үшiн тасымалдаушының алдында жауапты болады.
78-бап. Теңiз жүкқұжатын беру
Жөнелтушi тасымалдаушыдан коносаменттiң орнына теңiз жүкқұжатын берудi талап етуге құқылы. Осы Заңның, тауарға билiк жасау құжаты ретiнде коносаментке қатысты, 80-бабын, 81-бабының 2-тармағын, 83, 84-баптарын және 85-бабының 2-тармағын қоспағанда, теңiз жүкқұжатына осы тарауда белгiленген ережелер қолданылады.
79-бап. Коносамент беру
1. Жүктi тасымалдау үшiн қабылданғаннан кейiн тасымалдаушы жөнелтушiнiң талап етуiмен жөнелтушiге коносамент беруге мiндетті.
Коносамент, жөнелтушi қол қойған, осы Заңның 81-бабы 1-тармағының 3)-8) тармақшаларында көрсетiлген деректер болуға тиiстi құжаттың негiзiнде жасалады.
2. Жөнелтушi тасымалдаушыға коносаментке енгізу үшiн табыс етiлген деректердiң дұрыстығына кепiлдiк бередi және мұндай деректердiң дұрыс еместiгi салдарынан тасымалдаушыға келтiрiлген залал үшiн жауапты болады. Тасымалдаушының жөнелтушiге залалдарды өтеттiрiп алуға құқығы жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты бойынша тасымалдаушының жөнелтушiден өзге тұлға алдындағы жауапкершiлiгiн жоймайды.
80-бап. Коносаменттiң түрлерi
Коносамент белгiлi бiр алушының атына (атаулы коносамент), жөнелтушiнiң немесе алушының бұйрығына (ордерлiк коносамент), не ұсынушыға берiлуi мүмкiн. Жөнелтушiнiң немесе алушының бұйрығына берiлгенi туралы көрсетiлмеген ордерлiк коносамент жөнелтушiнiң бұйрығына берiлген болып есептеледi.
81-бап. Коносаменттiң мазмұны
1. Коносаментке мынадай деректер енгiзiлуге тиiс:
1) тасымалдаушының атауы және оның тұратын жерi;
2) жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартына сәйкес тиеу портының атауы және тасымалдаушының тиеу портында жүктi қабылдаған датасы;
3) жөнелтушiнiң атауы және оның тұратын жерi;
4) жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартына сәйкес түсiру портының атауы;
5) егер алушыны жөнелтушi көрсеткен болса, алушының атауы;
6) жүктің атауы, жүктi бiрдейлендiруге қажеттi негiзгi таңбалар, тиiстi жағдайларда жүктiң қауiптi сипатын немесе ерекше қасиеттерiн көрсету, орынның немесе заттардың саны және жүктiң массасы немесе оның өзгеше түрде көрсетiлген саны. Бұл орайда барлық деректер жөнелтушi қалай ұсынса солай көрсетiледi;
7) жүктiң сыртқы жай-күйi және оның буып-түйiлуi;
8) алушы төлеуге тиiс мөлшердегi жалдау ақысы немесе жалдау ақысын олардың төлеуге тиiс екенiн өзге де түрде көрсету;
9) коносаменттiң берiлген уақыты мен орны;
10) егер коносамент бiреуден көп болса, олардың түпнұсқаларының саны;
11) тасымалдаушының немесе оның атынан әрекет етушi адамның қойған қолы. Кеме капитаны қол қойған коносамент тасымалдаушының атынан қол қойылған деп есептеледi.
Тараптардың келісімi бойынша коносаментке өзге де деректер енгiзiлуi мүмкiн.
2. Жүк кеме бортына тиелгеннен кейiн тасымалдаушы жөнелтушiнiң талап етуiмен оған борт коносаментiн бередi, онда осы баптың 1-тармағында көзделген деректерге қосымша, жүктiң белгiлi бiр кеменiң немесе кемелердiң бортында екендiгi, сондай-ақ жүктiң тиелген датасы көрсетiлуге тиiс.
3. Тасымалдаушы кеме бортына жүк тиелгенге дейiн жөнелтушiге тасымалдау үшiн қабылданған жүкке коносамент немесе сол жүкке қатысты өзге де тауарға билiк жасау құжатын берген жағдайда жөнелтушi тасымалдаушының талап етуi бойынша борт коносаментiнiң орнына сондай құжатты қайтаруға мiндеттi.
4. Тасымалдаушы бұрын берiлген кез келген құжатты толықтыру арқылы, егер осылайша толықтырылған құжатқа борт коносаментiнде болуға тиiс деректердiң бәрi енгiзiлген болса, жөнелтушiнiң борт коносаментiне қойған талаптарын қанағаттандыра алады.
82-бап. Коносаменттегi ескертпелер. Коносаменттiң дәлелдеу күшi
1. Коносаментте жүктiң атауына, оның негiзгi таңбаларына, орындар немесе заттар санына, жүктің массасына немесе санына қатысты деректер болып, тасымалдаушы немесе оның атынан коносамент берген басқа тұлға мұндай деректердiң нақты қабылданған немесе тиелген жүкке сәйкес еместiгiн бiлген немесе жеткiлiктi негiздер бар деп есептеген, борт коносаментiн беру кезiнде не тасымалдаушының немесе басқа да осындай тұлғаның аталған деректердi тексеруге ақылға сыйымды мүмкiндiгi болмаған жағдайда, тасымалдаушы немесе басқа да осындай тұлға коносаментке аталған деректердiң дәл еместігiн, жорамалдардың негiздемесiн немесе тексеруге ақылға сыйымды мүмкiндiктiң болмағанын нақты көрсететiн ескертпе енгізуге тиiс.
2. Тасымалдаушы немесе оның атынан коносамент берушi басқа тұлға коносаментте жүктiң сыртқы жай-күйiн көрсетпесе, коносаментте жүктiң тиiстi сыртқы жай-күйi көрсетiлген деп есептеледi.
3. Осы баптың 1-тармағына сәйкес жол берiлетiн ескертпе енгiзiлген деректердi қоспағанда, егер өзгеше дәлелденбесе, коносамент тасымалдаушының жүктi тасымалдау үшiн қабылдауы коносаментте сипатталғандай етiп куәландырылады. Егер коносамент жүктiң коносаменттегi сипатталуын негiзге ала отырып адал әрекет еткен үшiншi тұлғаға берiлсе, тасымалдаушының өзгеше дәлелдеуiне жол берiлмейдi.
83-бап. Коносамент даналарының көп болуы
Жөнелтушiнiң тiлегi бойынша оған коносаменттiң бiрнеше данасы (түпнұсқалары) берiлуi мүмкiн, әрi олардың әрқайсысында қолда бар коносамент түпнұсқаларының саны көрсетiледi. Ұсынылған коносамент түпнұсқаларының бiрiншiсiнiң негiзiнде жүк берiлгеннен кейiн оның қалған түпнұсқалары күшiн жоғалтады.
84-бап. Коносамент беру
Коносамент мынадай ережелер сақтала отырып берiледi:
1) атаулы коносамент атаулы өткізу жазбалары бойынша немесе талапты басқаға беру нысанына қойылатын ережелерге сәйкес өзге де нысанда берiлуi мүмкiн;
2) ордерлiк коносамент атаулы немесе бланкiдегi өткізу жазбасы бойынша берiлуi мүмкiн;
3) коносамент ұсынушыға жай ғана тапсыру арқылы берiлуi мүмкiн.
85-бап. Жүкке билiк ету құқығы
1. Жөнелтушiнiң жүктi алушыға бергенге не осындай құқықты алушыға немесе үшiншi тұлғаға бергенге дейiн оған билiк етуге құқығы бар.
2. Жөнелтушiнiң кеме кеткенге дейiн жөнелтiлетiн жерiнде жүктi керi қайтаруды, жүктi аралық портта берудi немесе оны, осы Заңның 89 және 91-баптарында көзделген талаптарды сақтай отырып, жөнелтушiге берiлген барлық коносамент түпнұсқаларын көрсеткен немесе тиiстi қамтамасыз етудi ұсынған кезде, тасымалдау құжатында көрсетiлген алушыдан басқаға берудi талап етуге құқығы бар.
86-бап. Тасымалдаушының жүкке қатысты мiндеттерi
1. Тасымалдаушы жүктi тасымалдау үшiн қабылдаған кезден бастап оны берген кезге дейiн тиеудi, тасымалдауды және түсiрудi тиiстi түрде жүзеге асыруға және жүктiң сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Тасымалдау үшiн қабылданған жүкке оның ерекше қасиеттерiне қарай жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартында аталған тиiсiнше назар аударып қарау талап етiлетiн жағдайда, тасымалдаушы жүктiң осындай нұсқауларға сәйкес сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Осы баптың 1-тармағында белгiленген талаптарды бұза отырып жасалған шарттар жарамсыз болады.
87-бап. Жүк тасымалдаудың мерзiмi мен маршруты
Тасымалдаушы жолаушыны, багаж бен жүктi тараптардың келісімiмен белгiленген мерзiмде және маршрут бойынша апарылатын портқа (пунктке) жеткізуге мiндеттi. Мұндай келісім болмаған жағдайда ақылға қонымды мерзiмде және әдеттегi маршрут бойынша жеткiзiлуге тиiс.
88-бап. Кеменiң белгiленген портқа кіруiне кедергiлер
1. Тасымалдаушыға байланысты емес себептердiң салдарынан кеме баратын портына кiре алмаған жағдайда, тасымалдаушы бұл туралы жөнелтушiге немесе кеменi жалдаушыға не мұндай тұлға тасымалдаушыға белгiлi болса, жүкке билiк жасауға уәкiлеттi тұлғаға дереу хабарлауға мiндеттi.
2. Жүктi тасымалдау үшiн кеме тұтасымен берiлген және тасымалдаушы хабарлама жiберген кезден бастап ақылға сыйымды мерзiм iшiнде жүктi не iстеу керек екенi туралы нұсқау түспеген жағдайда, кеме капитанының пiкiрiнше, жөнелтушi немесе кеменi жалдаушы не жүкке билiк жасауға уәкiлеттi тұлға үшiн неғұрлым тиiмдi болып көрiнуiне қарай, кеме капитаны жүктi ең жақын порттардың бiрiнде түсiріп кетуге не жүктi жөнелтiлген портына қайтаруға құқылы.
3. Жүктi тасымалдау үшiн кеме тұтасымен берiлмеген және тасымалдаушы хабарлама жiберген кезден бастап үш тәулiк iшiнде жүктi не iстеу керек екенi туралы нұсқау түспеген жағдайда, кеме капитаны жүктi ең жақын порттардың бiрiне түсiрiп кетуге және жөнелтушiге немесе кеменi жалдаушыға не жүкке билiк жасайтын уәкiлеттi тұлғаға бұл туралы хабарлауға құқылы. Кеме капитаны өзi алған өкiмдi кемедегi басқа жүктердің иелерiне залал келтiрмей орындай алмайтын болған жағдайда да солай iстеуге құқылы.
4. Тасымалдаушы жөнелтушiнің немесе кеменi жалдаушының не жүкке билiк жасайтын уәкiлеттi тұлғаның өкімін күткен жағдайда, тасымалдаушының осындай күтуге байланысты шығыстарын, сондай-ақ кеменiң нақты жүріп өткен қашықтығына бара-бар мөлшерде жалдау ақысын өтеткiзiп алуға құқығы бар.
89-бап. Тараптардың жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартын орындаудан бас тартуы
1. Жүктi теңiз арқылы тасымалдау шарты тараптарының әрқайсысы екiншi тарапқа зияндарды өтемей, кеме жүк тиеу орнынан кеткенге дейiн:
1) кеменi немесе жүктi басып алу қатерiн төнгiзетiн соғыс қимылдары мен өзге де iс-әрекеттер;
2) жөнелтiлетiн орынның немесе баратын орынның қоршауға алынуы;
3) жүктi теңiз арқылы тасымалдау шартының тараптарына байланысты емес себептермен кеменiң кiдiртiлуi;
4) төтенше сипаттағы жағдайлар кезiнде кеменi мемлекеттік қажеттерге тарту;