6. Шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскелерiн алған және ауылда (селода) тұрғын үйi бар азаматтардың үй жанындағы жер учаскесi меншiк құқығында сақталады, ол шаруа (фермер) қожалығының жер учаскесiнiң құрамына кiрмейдi.
7. Ауыл шаруашылығы ұйымдарының қызметкерлерi болып табылмайтын азаматтарға шаруа (фермер) қожалығын жүргiзу үшiн жер учаскелерi арнайы жер қорының жерiнен және босалқы жерден берiледi.
102-бап. Өзiндiк қосалқы шаруашылыққа, бағбандыққа және саяжай құрылысына арналған жер учаскелерi
1. Қазақстан Республикасының азаматтарына өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу, бағбандық және саяжай құрылысы үшiн жеке меншiкке жер учаскелерi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден, ауылдық елдi мекендердiң жерiнен және босалқы жерден берiледi.
2. Өзiндiк қосалқы шаруашылыққа, бағбандыққа және саяжай құрылысына арналған жер учаскелерiнiң меншiк иесi болып табылатын азаматтар ортақ мүдделерi үшiн Қазақстан Республикасының заң актілерінде құқықтық жағдайы белгiленетiн жай серiктестiктерге, бағбандық немесе өзге де тұтыну кооперативтерiне бiрiгуге құқылы.
3. Бағбандыққа немесе саяжай құрылысына арналған жер учаскелерi азаматтардың бөлек меншiгiнде болып, ал жер учаскелерiнiң меншiк иелерiнiң ортақ қажеттерiн қанағаттандыруға арналған жер учаскелерi мен басқа да мүлiк олардың ортақ үлестiк меншiгiнде болған жағдайда меншiк иелерi арасындағы ортақ мүлiкке байланысты қатынастарға кондоминиум туралы нормалар қолданылады.
103-бап. Жекешелендiрiлетiн мемлекеттік ауыл шаруашылығы ұйымдарының жер учаскесiн бөлiсу
1. Жекешелендiрiлетiн мемлекеттік ауыл шаруашылығы ұйымдары қызметкерлерiнiң, сондай-ақ зейнеткерлер мен осы ұйымдардың өндiрiстiк және әлеуметтiк-мәдени қызмет көрсету салаларында iстейтiн және олардың аумағында тұратын адамдардың шартты жер үлесiне құқығы бар.
2. Қайта ұйымдастырылатын немесе таратылатын мемлекеттік ауыл шаруашылығы ұйымдарының өздерi пайдаланатын жерiнiң шекарасы шегіндегі ауыл шаруашылығы алқаптары шартты жер үлесiне бөлiске жатады, бұған:
1) елдi мекендер шегiне кiрген;
2) ауданның арнайы жер қоры құрамына енгiзiлген;
3) нормадан тыс радиациялық ластануға ұшыраған немесе тұрғын халықтың өмiрi мен денсаулығына өзгедей қауiп төндiретiн;
4) пайдалы қазбаларды қазу кезiнде бүлiнген және мақсаты бойынша пайдалану үшiн жарамды күйге келтiрiлiп жаңғыртылмаған;
5) шалғайдағы мал шаруашылығының уақытша жер пайдаланудағы жер учаскелерi қосылмайды.
3. Шартты жер үлесiнiң мөлшерi:
1) ауыл шаруашылығы ұйымының жер пайдалануындағы ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы көлемiн шартты жер үлесiне құқығы бар адамдардың санына бөлу арқылы - гектармен;
2) ауыл шаруашылығы ұйымының жер пайдалануындағы ауыл шаруашылығы алқаптарының балл-гектар сомасын шартты жер үлесiне құқығы бар адамдар санына бөлу арқылы - балл-гектармен (көлемге көбейтiлген топырақ бонитетiнiң балы) есептеп шығарылады.
4. Шартты жер үлесi мөлшерiн анықтау нәтижелерi және шартты жер үлесiне құқығы бар азаматтардың тiзiмi жекешелендiрiлетiн шаруашылықтың еңбек ұжымының жалпы жиналысының шешiмiмен бекітілiп, хаттамамен ресiмделiп, аудандық (қалалық) атқарушы органда бекітілуге тиiс.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 5 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
5. Азаматтардың шартты жер үлесiне құқығы шартты жер үлестерiн иеленушiлердiң тiзiмi мен шартты жер үлестерiнiң мөлшерiн аудандық (қалалық) атқарушы орган бекiткеннен кейiн үш ай iшiнде жер учаскесі орналасқан жердегі республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органы беретiн шартты жер үлесiне құқық туралы куәлiкпен куәландырылады.
6. Шартты жер үлестерiн иеленушiлер шартты жер үлесiне құқық туралы куәлiктi алған кезден бастап бiр жыл iшiнде шартты жер үлестерi есебiне осы Кодексте белгiленген тәртiппен және жағдайларда жер учаскесiн меншiкке немесе жердi пайдалануға алуға мiндеттi.
Аталған адамдардың жер учаскелерiн бөлек немесе ортақ меншiкке (жер пайдалануға) ресiмдеуге құқығы бар.
7. Шартты жер үлесiнiң иесi болып табылатын азамат Қазақстан Республикасының азаматтығынан шыққан жағдайда, оның жер үлесiне құқықтары тоқтатылған болып саналады.
104-бап. Ұзақ мерзiмдi пайдаланылатын мал айдау жолдары
1. Селодағы тауар өндiрушiлердiң малын маусымдық жайылымдарға, ет комбинаттары мен мал сатып алу орындарына айдап апару үшiн ұзақ мерзiмдi пайдаланылатын мал айдау жолдарына, әдетте, айдалатын малдың жолдағы азығын қамтамасыз ететiн мөлшерде жер пайдалану шекарасының бойындағы жайылымдық алқаптардан жер учаскелерi берiледi.
2. Бiр ауданның шегiнде мал айдауға арналған ұзақ мерзiмдi пайдаланылатын мал айдау жолдарына жер учаскелерiн аудандық (қалалық) атқарушы орган бередi.
Бiрнеше ауданның аумағы арқылы мал айдау үшiн мал айдайтын жолдарға жер учаскелерiн беру туралы шешiмдi облыстық атқарушы орган қабылдайды.
3. Ұзақ мерзiмдi пайдаланудағы мал айдайтын жолдардың жер пайдаланушылары болып табылатын адамдар қажеттi мөлшерде құдықтар мен малды суаруға және малды дамылдатуға арналған алаңдар, экологиялық талаптардың сақталуын және жолдардың қалыпты пайдаланылуын қамтамасыз ететiн құрылыстар мен ғимараттар салуға, айдалатын малды ветеринариялық қадағалау органдарымен келісілген мерзiмде кедергiсiз өткізуге мiндеттi.
4. Жер пайдалану құқығымен жер учаскелерiн бермей, уақытша (маусымдық) пайдаланылатын мал айдайтын жолдарды бөлу сервитут ережелерi бойынша жүргiзiледi (осы Кодекстiң 70-бабы).
105-бап. Ауыл шаруашылығы өндiрiсіндегі шығасының орнын толтыру
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
1. Ауыл шаруашылығын жүргізуге байланысты емес мақсаттарға пайдалану үшiн ауыл шаруашылығы алқаптарын алып қоюдан туындаған ауыл шаруашылығы өндiрiсіндегі шығасы ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемi мен олардың сапасын қалпына келтiру арқылы ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң деңгейiн сақтау мақсатында бюджет кiрiсiне өтелуге тиіс.
Бұл шығасы осы Кодекстiң 166-бабында көрсетiлген шығынның орнын толтырудан тыс өтеледi.
2. Өнеркәсiп, көлiк, байланыс, қорғаныс жерiн және ауыл шаруашылығына арналмаған өзге де жердi қоспағанда, ауыл шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес қажеттер үшiн жердiң барлық санаттарының құрамынан ауыл шаруашылығы алқаптары берiлетiн тұлғалар, сондай-ақ күзет, санитарлық және қорғау аймақтары белгiленетiн тұлғалар ауыл шаруашылығы өндiрiсіндегі шығасыны өтейдi.
Азаматтар мен заңды тұлғалардың жер пайдалануындағы немесе меншiгіндегі ауыл шаруашылығы алқаптарының нысаналы мақсаты өзгерген кезде де ауыл шаруашылығы өндiрiсіндегі шығасы өтелуге тиiс.
Ауыл шаруашылығы өндiрiсіндегі шығасы жер учаскесiне құқық беру туралы шешiм қабылданған немесе ауыл шаруашылығы алқаптарының нысаналы мақсаты өзгерген кезден бастап алты ай мерзiмде өтелуге тиiс.
3. Жеке және заңды тұлғаларға жер учаскелерi:
1) елдi мекендер шекарасында жеке тұрғын үй салу, мектептер, мектепке дейiнгi балалар мекемелерiн, емдеу орындарын және мәдени-тұрмыстық мақсаттағы объектiлер салу;
2) мелиорациялық жүйелер салу;
3) тоғандағы және көлдегi балық шаруашылықтарын, балық питомниктерiн, уылдырықты балық шаруашылықтары мен балық өсiретiн зауыттар салу;
4) қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететiн, iргелес жатқан жер алқаптарының жағдайын нашарлатпайтын объектiлер салу;
5) тозған алқаптарға, химиялық және радиоактивтi заттармен ластанған жерге орман мелиорациясы үшiн берiлгенде олар шығасыны өтеуден босатылады.
Жер учаскелерiн қорықтарға, ұлттық, зоологиялық және дендрологиялық парктерге, ботаникалық бақтарға, тарихи-мәдени мақсаттағы объектiлерге беру кезiнде де, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінiң нормативтiк құқықтық актілерінде көзделген өзге де жағдайларда шығасы өтелмейдi.
106-бап. Ауыл шаруашылығы өндiрiсіндегі шығасыны өтеу тәртібі
1. Ауыл және орман шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттарға пайдалану үшiн ауыл шаруашылығы алқаптарын алып қойған кезде, шығасының мөлшерi жергiлiктi атқарушы органның жер учаскесiне тиiстi құқық беру туралы шешiм қабылдауы үшiн негiз болып табылатын жерге орналастыру жобасының (жерге орналастыру iсiнiң) құрамында белгiленедi.
2. Өтелуге тиiстi шығасының мөлшерi жаңа жердi игерудi немесе алқаптарды ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiру деңгейiне дейiн жақсартуды қамтамасыз ететiн нормативтердi негiзге ала отырып, алып қойылатын алқаптардан алынатын өнiмнен немесе олардың сапасы төмендегенге дейiн бұрын алынған өнiмнен кем түспейтiн көлемiнде анықталады.
3. Ауыл шаруашылығын жүргiзуге байланысты емес мақсаттарға пайдалану үшiн ауыл шаруашылығы алқаптарын алып қоюдан туындаған ауыл шаруашылығы өндiрiсіндегі шығасыны өтеу нормативтерiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
4. Ауыл шаруашылығына арналмаған және ормансыз алқаптардағы бүлiнген жердi жаңғырту шартымен ауыл шаруашылығы алқаптарын уақытша пайдалануға алып қойған кезде шығасы толық көлемiнде өтеледi.
Жер учаскесi берiлген заңды немесе жеке тұлғаның қаражаты есебiнен өнiмдiлiгi аз немесе өнiм бермейтiн алқаптарға құнарлы топырақ қабаты салынған жағдайда алқаптарды қалпына келтiруге жұмсалатын сома есепке алынып, шығасы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен өтеледi.
5. Шығасының мөлшерi жер учаскесiнiң берiлуiне мүдделi тұлғамен келісіледi және жергiлiктi атқарушы органның шешiмiмен бекітілетiн жер учаскесiне құқық беру туралы актiмен ресiмделедi.
6. Жер сапасының нашарлауынан туындаған шығасының мөлшерi алқаптарды бiр түрден екiншiсiне ауыстыруға байланыссыз жағдайларда олардың сапасының төмендеуiне сәйкес нормативтердiң (жердi кадастрлық бағалау бойынша) процентiмен анықталады.
Алқаптар сапасының төмендеуiне байланысты оларды бiр түрден басқа түрге ауыстырған жағдайда шығасы мөлшерi алқаптардың тиiстi түрлерiне арналған нормативтердiң айырмасы бойынша анықталады.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 7 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
7. Ұйымдар мен азаматтардың қызметi әсерiнiң нәтижесiнде жер сапасының нашарлауынан келген шығасыны өтеу жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органының талап-арызы бойынша сот тәртібімен жүргiзiледi.
11-тарау. Елді мекендер жері
107-бап. Елдi мекендер жерi ұғымы мен оның құрамы
1. Қалаларды, кенттердi, ауылдарды, селолар мен басқа да қоныстарды дамыту үшiн берiлген жер учаскелерi елдi мекендер жерiнiң санатына жатады.
2. Елдi мекендердiң жерi өзге әкiмшiлiк-аумақтық құрылымдардың жерiнен қаланың шегi, кенттiң шегi, ауылдық (селолық) елдi мекеннiң шегi арқылы шектеледi.
3. Елдi мекендер жерiнiң құрамына:
1) құрылыстар алып жатқан әрi көп пәтерлi және көп қабатты тұрғын үйлер, үй iргесіндегі жер учаскелерi бар жеке тұрғын үйлер салуға арналған тұрғын жай салатын жер;
2) денсаулық сақтау, мәдениет, сауда, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету, коммерциялық қызмет объектiлерi, сондай-ақ жалпы білім беру, арнаулы орта және жоғары білім беру мекемелерi, әкiмшiлiк, ғылыми-зерттеу мекемелерi, ғибадат үйлерi мен өзге де iскерлiк үйлерi, құрылыстар мен ғимараттар салынған және соларды орналастыруға арналған қоғамдық iскерлiк құрылыс салатын жер;
3) өнеркәсiп, коммуналдық және олардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн қойма объектiлерi, инженерлiк және көлiк инфрақұрылымы объектiлерi салынған және соларды орналастыруға арналған, сондай-ақ осы объектiлердiң санитарлық-қорғау аймақтарын белгiлеуге арналған өндiрiстiк құрылыс салатын жер;
4) темір жол, автомобиль, өзен, теңiз, әуе және құбыр тасымалы жолдары, инженерлiк инфрақұрылым мен байланыс магистральдары өтетiн және соларды салуға арналған көлiк, байланыс, инженерлiк коммуникациялар жерi; 5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы жер;
6) өзендер, табиғи және жасанды су айдындары мен акваториялар, су қорғау аймақтары, гидротехникалық және басқа да су шаруашылығы құрылыстары орналасқан су айдындары мен акваториялар жерi;
7) ауыл шаруашылығына пайдаланылатын жер;
8) алаңдар, көшелер, тротуарлар, өтпе жолдар, жолдар, жағалаулар, парктер, гүлзарлар, қаладағы ормандар, бульварлар, су айдындары, жағажайлар, зираттар және халықтың қажеттерiн қанағаттандыруға арналған өзге де объектiлер (су құбырлары, жылыту құбырлары, тазарту құрылыстары және жалпы жұрт пайдаланатын басқа да инженерлiк жүйелер) орналасқан және соларды орналастыруға арналған ортақ пайдаланудағы жер;
9) қала құрылысы қызметiне тартылмаған, елдi мекендi аумақтық тұрғыдан дамытуға және өзiндiк үй (қосалқы) шаруашылығын дамытуға арналған резервтегi және өзге де жер;
10) крематорийлердi, мал қорымы, тұрмыстық қалдықтар тастау орындарын және арнаулы нормативтер мен ережелер белгiленбейiнше пайдалануға болмайтын өзге де объектiлердi орналастыру үшiн бөлiнетiн арнайы мақсаттағы жер;
11) қорғаныс қажеттерi үшiн берiлген және өзге де пайдалану режиміндегі жер кiруi мүмкiн.
4. Жер учаскелерiн елдi мекендер жеріндегі ортақ пайдаланудағы жерлерге жатқызуды, сондай-ақ олардың нысаналы мақсатының өзгеруiне байланысты ортақ пайдаланудағы жердiң құрамынан шығаруды өз құзыретiне сәйкес жергiлiктi атқарушы органдар жүзеге асырады.
108-бап. Елдi мекендердiң шекарасын (шегiн) белгiлеу және өзгерту
1. Елдi мекендердiң шекарасын (шегiн) белгiлеу мен өзгерту жерге орналастырудың, сәулет және қала құрылысының тиiстi органдары бiрлесiп жасаған ұсыныс бойынша белгiленген тәртiппен бекітілген қала құрылысы құжаттамасы негiзiнде жүргiзiледi.
2. Республикалық маңызы бар қалалар мен Қазақстан Республикасы астанасының шекарасын (шегiн) Қазақстан Республикасы Үкіметінiң ұсынуымен Қазақстан Республикасының Президентi белгiлейдi және өзгертедi.
3. Облыстық маңызы бар қалалардың шекарасы (шегi) Қазақстан Республикасы Үкіметімен келісім бойынша облыстық өкiлдi және атқарушы органдардың бiрлескен шешiмiмен белгiленедi және өзгертiледi.
4. Аудандық маңызы бар қалалардың шекарасы (шегi) облыстық өкiлдi және атқарушы органдардың бiрлескен шешiмiмен белгiленедi және өзгертiледi.
5. Кенттер мен ауылдардың (селолардың) шекарасы (шегi) аудандық (қалалық) өкiлдi және атқарушы органдардың бiрлескен шешiмiмен белгiленедi және өзгертiледi.
6. Жep учаскелерiн қала, кент, село шегiне қосу осы учаскелерге меншiк құқығын немесе жер пайдалану құқығын тоқтатуға әкеп соқпайды.
109-бап. Елдi мекендердiң жерiн пайдалану
1. Қалалардың, кенттердiң, селолық елдi мекендердiң барлық жерi олардың бас жоспарларына, жоспарлау мен құрылыс салу жобаларына және аумақтың жер-шаруашылық орналастыру жобаларына сәйкес пайдаланылады.
Тұрғындар саны 5 мыңнан асатын елдi мекендерде белгiленген тәртiппен бекітілген бас жоспарлар болмаған жағдайда осы елдi мекендi дамыту мен онда құрылыс салудың бас жоспарының оңайлатылған схемасымен немесе белгiленген тәртiппен бекітілген қала құрылысы құжаттамасымен жердi пайдалануға жол берiледi.
2. Ортақ пайдаланудағы жерден жер учаскелерi азаматтар мен заңды тұлғалардың ортақ пайдалануға нұқсан келтiрмей, жеңiл үлгiдегi құрылыстарды (сауда жасайтын шатырларды, киоскiлердi, жарнама құрылғыларын және басқа да сервис объектiлерiн) орналастыруы үшiн уақытша жер пайдалануға берiлуi мүмкiн. Бұл ретте ортақ пайдаланудағы жер құрамынан, оның iшiнде базарлар, ақылы автотұрақтар (автопарктер) орналастыруы үшiн жол (көше, өтпелi жолдар) жиегiнен учаскелер беруге жол берiлмейдi.
Ортақ пайдаланудағы жерден жер учаскелерi жеке меншiкке оларды ортақ пайдаланудағы жер құрамынан шығарғаннан кейiн ғана берiлуi мүмкiн.
3. Зираттар орналасқан және соларға арналған ортақ пайдаланудағы жерден елдi мекеннiң қайтыс болған әрбiр тұрғынын немесе осы елдi мекенде қайтыс болған тұрғылықты жерi белгiсiз адамды жерлеу үшiн кемiнде алты шаршы метр жер учаскесi тегiн бөлiнедi.
110-бап. Қала маңындағы аймақтар
1. Қала маңындағы аймақтар жерiнiң құрамына қаламен бiртұтас әлеуметтiк, табиғи және шаруашылық аумақ құрайтын қала шегiнен тыс жер қосылуы мүмкін.
2. Қала маңындағы аймақтарда қала маңындағы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн қарқынды дамыту, қала құрылысын ерекше реттеу аймақтарын (қаланы дамытуға, инженерлiк және көлiк инфрақұрылымының қалыпты жұмыс iстеуi үшiн қажеттi ғимараттарды орналастыру мен салуға арналған резервтегi аумақтарды), қорғау әрi санитарлық-гигиеналық қызмет атқаратын және халықтың демалыс орны болып табылатын ормандар, орман парктерi және басқа да жасыл екпелер алып жатқан жасыл аймақтарды белгiлей отырып, аумақты аймақтарға бөлу жүзеге асырылады.
3. Қалалардың қала маңы аймақтарының мөлшерi мен шекарасын жерге орналастыру, сәулет және қала құрылысы жөніндегі мемлекеттік органдардың бiрлесiп жасаған ұсынысы бойынша осы қалалардың бас жоспарларын бекiтетiн мемлекеттік органдар белгiлейдi және өзгертедi.
4. Жердi қала маңы аймағына қосу бұл жерге меншiк құқығы мен оны пайдалану құқығының тоқтатылуына әкеп соқпайды.
5. Қала маңы аймағына енгiзiлген жердi пайдаланудың тәртібі мен режимiн қала маңы аймағын белгiлеген орган айқындайды.
Астана қаласы мен республикалық маңызы бар қалалардың қала маңы аймағына қосылған жердi пайдалану тәртібі мен режимiн аумағы қала маңы аймағына қосылған тиiстi облыстық атқарушы органдармен келісілген, аталған қалалардың атқарушы органдарының ұсыныстары бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
12-тарау. Өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс
жері және ауыл шаруашылығынан өзге мақсатқа арналған жер
111-бап. Өнеркәсiп, көлiк, байланыс жерi және ауыл шаруашылығынан өзге мақсатқа арналған жер ұғымы және оның құрамы
1. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде белгiленген тәртiппен тиiстi нысаналы мақсат үшiн азаматтар мен заңды тұлғаларға берiлген жер өнеркәсiп, көлiк, байланыс жерi және ауыл шаруашылығынан өзге мақсатқа арналған жер деп танылады.
2. Өнеркәсiп, көлiк, байланыс жерiн және ауыл шаруашылығынан өзге мақсатқа арналған жердi пайдалану ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының арнайы заңдарымен белгiленедi.
112-бап. Өнеркәсiп жерi
1. Өнеркәсiп жерiне өнеркәсiп объектiлерiн орналастыру мен пайдалану үшiн берiлген жер, оның iшiнде олардың санитарлық-қорғау және өзге де аймақтар жатады.
2. Аталған мақсаттарға берiлетiн жер учаскелерiнiң мөлшерi белгiленген тәртiппен бекітілген нормаларға немесе жобалау-техникалық құжаттамаларға сәйкес айқындалады, ал жер учаскелерiн бөлiп беру оларды игеру кезектiлiгi ескерiле отырып жүргiзiледi.
113-бап. Көлiк жерi
1. Автомобиль, теңiз, iшкi су, темір жол, әуе және өзге де көлiк түрі объектiлерiнiң қызметiн қамтамасыз ету және (немесе) оларды пайдалану үшiн берiлген жер көлiк жерi болып танылады.
2. Автомобиль, теңiз, iшкi су, темір жол, әуе және өзге де көлiк түрi объектiлерiн дамыту, салу және қайта жаңғырту үшiн жағдай жасау мақсатында Қазақстан Республикасының көлiк туралы заңдарында көзделген тәртiппен жердi резервте ұстау жүзеге асырылуы мүмкiн.
114-бап. Темір жол көлiгiнiң жерi
1. Темір жол көлiгi қажеттерiне арналған жерге:
1) магистраль жолдарына және солармен технологиялық байланыстағы құрылыстар мен ғимараттарға (темір жол белдеуi, көпiрлер, тоннельдер, виадуктер, сигналдық жабдықтар, қызметтiк-техникалық үйлер);
2) кiрме жолдарға;
3) энергетика, локомотив, вагон, жол және жүк шаруашылықтары, сумен жабдықтау және канализация құрылыстары, қорғау және бекіту екпелерi, қызметтiк және темір жол көлiгiне қызмет көрсететiн арнаулы мақсаттағы өзге де объектiлерi бар темір жол станцияларына (вокзалдарға);
4) темір жолдарға берiлген белдеулер мен күзет аймақтарына бөлiп берiлген жер жатады.
2. Темір жол көлiгiнiң қажеттерiне арналған жер учаскелері темір жолдар мен темір жол станцияларын дамытудың жобалау-техникалық құжаттамасына және бас схемасына сәйкес белгiленген тәртiппен бекітілетiн нормативтер бойынша берiледi.
3. Тұрғын халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, сондай-ақ темір жол көлiгi қажеттерiне арналып бөлiнген белдеуге iргелес жер учаскелеріндегі объектiлердi қауiпсiз пайдалану мақсатында жер пайдаланудың ерекше шарттарымен күзет аймақтары белгiленедi, олардың шегiнде аймақтарды белгiлеу мақсаттарына сай келмейтiн қызмет түрлерi шектеледi немесе оларға тыйым салынады.
4. Темір жол көлiгiнiң күзет аймақтарына: орманды қорғау белдеулерi, көлiк құрылыстарының, құрылғылары мен басқа да объектiлерiнiң сақталуын, төзiмдiлiгi мен орнықтылығын қамтамасыз ету үшiн қажеттi жер учаскелерi, сондай-ақ темір жол көлiгiне бөлiнетiн белдеуге iргелес орналасқан, сел қаупi, көшкiн қаупi бар аймақтардағы және басқа да қауiптi әсерлер төнетiн жерлердегi жер учаскелерi кiредi.
Күзет аймақтары жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан жер учаскелерiн алып қоймай белгiленуi мүмкiн.
115-бап. Автомобиль көлiгiнiң жерi
1. Автомобиль көлiгi қажеттерiне арналған жерге:
1) автомобиль жолдарына, олардың конструкциялық элементтерi мен жол ғимараттарына және олармен технологиялық байланысқан құрылыстар және ғимараттарға;
2) автовокзалдар мен автостанцияларды, автомобиль көлiгiнiң басқа объектiлерiн және жер бетi мен жер асты үйлерiн, құрылыстарын, ғимараттарын, құрылғыларын пайдалану, күтiп-ұстау, салу, қайта жаңғырту, жөндеу, дамыту үшiн қажетті жол шаруашылығы объектiлерiн орналастыру үшін;
3) автомобиль жолдарына бөлiнетiн белдеулердi белгiлеу үшiн бөлiнiп берiлген жер жатады.
2. Автомобиль көлiгiнiң қажеттерi үшiн бөлiп берiлетiн белдеуге арналған жер учаскелерi жолдың санатына байланысты және жобалау құжаттамасына сәйкес белгiленген нормалардың негiзiнде берiледi.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 3 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
3. Тұрғын халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және автомобиль жолдарын пайдалануға жағдай жасау үшiн жолда жүру қауiпсiздiгi талаптары ескерiле отырып, оларды пайдаланудың ерекше режимi белгiленiп, ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарына бөлiнетiн белдеулерге екi жағынан iргелес жатқан жер учаскелерi түрiнде жол бойындағы белдеулер жасалады. Аталған жерлер жер учаскелерiнiң меншiк иелерiнен және жер пайдаланушылардан алып қоюға жатпайды.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 4 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
4. Жол бойындағы белдеулерде және ортақ пайдаланудағы автомобиль жолдарына бөлiп берiлген белдеулерде, жол қызметi объектiлерi мен жол сервисi объектiлерiн қоспағанда, күрделi ғимараттар құрылысына тыйым салынады.
116-бап. Теңiз және iшкi су көлiгiнiң жерi
Теңiз және iшкi су көлiгiнiң қажеттерiне арналған жерге теңiз және өзен порттарын, айлақтар, пристаньдар, гидротехникалық ғимараттар, жер бетi және жер асты үйлерiн, құрылыстарын, ғимараттарын, құрылғыларын пайдалану, күтiп-ұстау, салу, қайта жаңғырту, жөндеу, кеңейтiп ұлғайту үшiн қажеттi басқа объектiлердi және теңiз және iшкi су көлiгiнiң басқа да объектiлерiн орналастыру үшiн бөлiнiп берiлген жер жатады.
117-бап. Әуе көлiгiнiң жерi
Әуе көлiгiнiң қажеттерiне арналған жерге әуежайлар, әуеайлақтар, аэровокзалдар, ұшып көтерiлу-қону белдеулерiн және жер бетi мен жер асты үйлерiн, құрылыстарын, ғимараттарын, құрылғыларын пайдалану, күтiп-ұстау, салу, қайта құру, жөндеу, кеңейтiп ұлғайту үшiн қажеттi басқа да жер үстіндегі объектiлердi және әуе көлiгiнiң басқа да объектiлерiн орналастыру үшiн бөлiнiп берiлген жер, сондай-ақ олардың күзет аймақтары жатады.
Күзет аймақтары жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан жер учаскелерiн алып қоймай белгiленуi мүмкiн.
118-бап. Құбыр тасымалы көлiгiнiң жерi
Құбыр тасымалы көлiгiнiң қажеттерiне арналған жерге су құбырын, газ құбырын, мұнай құбырын және жер бетi мен жер асты үйлерiн, құрылыстарын, ғимараттарын, құрылғыларын пайдалану, күтiп-ұстау, салу, қайта жаңғырту, жөндеу, кеңейтiп ұлғайту үшiн қажеттi объектiлердi және құбыр жүргiзу көлiгiнiң басқа да объектiлерiн орналастыру үшiн бөлiнiп берiлген жер жатады. Аталған жерге шекарасы белгiленген тәртiппен бекітілген құрылыс нормалары мен ережелерiнiң, магистральды құбырларды күзету ережелерiнiң және басқа нормативтiк құжаттардың негiзiнде анықталатын, жер учаскелерiн пайдаланудың ерекше шарттары бap магистральды құбырларды күзету аймақтары да жатады.