32-бап. Жер пайдалану құқығын табыстау
1. Жер пайдалану құқығын табыстау тұлғаға жер пайдалану құқығын тiкелей мемлекеттiң беретiнiн бiлдiредi.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
2. Азаматтарға және заңды тұлғаларға жер пайдалану құқығын табыстау облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының жер учаскесiне құқық табыстау жөніндегі құзыретiне сәйкес оның шешiмi негiзiнде жүргiзiледi.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 3 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
3. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы мемлекеттік емес жер пайдаланушыларға уақытша жер пайдалану құқығын табыстаған кезде уақытша жер пайдалану құқығын табыстау туралы шешiм негiзiнде жер пайдаланушылармен жер учаскесiн жалға беру шарттары немесе уақытша өтеусiз жер пайдалану шарттары жасалады.
4. Егер жер учаскесi жер қойнауын пайдалануға лицензия немесе келісімшарт жасасуды талап ететiн қызметтi жүзеге асыруға немесе iс-қимыл жасауға арналса, осы учаскеге жер пайдалану құқығын табыстау жер қойнауын пайдалануға тиiстi лицензия алынған немесе келісімшарт жасалған соң жүргізіледі.
Жер қойнауын пайдалануға келісімшарттың болуы жер учаскесiн кiдiрiссiз ресiмдеу үшiн негiз болып табылады.
33-бап. Жер пайдалану құқығын беру
1. Жер пайдалану құқығын беру тұлғаға жер пайдалану құқығын басқа жер пайдаланушының беретiнiн бiлдiредi.
Жер пайдалану құқығын беру азаматтық-құқықтық мәмiлелер негiзiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негiздер бойынша жүргiзiледi.
Жер пайдалану құқығын иелiктен шығару азаматтық-құқықтық мәмiлелер (сатып алу-сату, сыйға тарту, айырбастау және басқалар) негiзiнде жүргiзiледi.
Жер пайдалану құқығын белгiлi бiр мерзiмге басқа тұлғаға беру жалдау немесе жер учаскесiн уақытша өтеусiз пайдалану шартының негiзiнде жүргізіледі.
Жер пайдалану құқығын беру мен оны иелiктен шығаруды уақытша өтеулi жер пайдалану құқығын сатып алған тұлғалар ғана жүргiзе алады.
Жер пайдалану құқығын иелiктен шығару және оны беру кезiнде жер пайдаланушылардың жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын өз бетiнше өзгертуге құқығы жоқ.
2. Жер пайдаланушылардың:
1) ортақ пайдаланудағы;
2) қорғаныс қажеттерiне берiлген;
3) орман қорының;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсаттағы;
5) қызметтiк жер телiмiнiң;
6) уақытша өтеусiз және уақытша қысқа мерзiмдi өтеулi жер пайдалану құқығымен берiлген жер учаскелерiнiң;
7) кепiлге берудi қоспағанда, шаруа (фермер) қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн уақытша жер пайдалану құқығымен берiлген жер учаскелерiнiң;
8) су қорының жерiнде жер пайдалану құқығын иелiктен шығаруды қоса алғанда, жер пайдалану құқығына қатысты мәмiлелер жасасуына жол берiлмейдi.
3. Жер пайдаланушының өзiне тиесiлi жер учаскесiн басқа тұлғаға (кейiнгi жер пайдаланушыға) уақытша жер пайдалануға беруi, сондай-ақ уақытша жер пайдалану құқығын иелiктен шығару осы Кодекстiң 32-бабының 4-тармағында және 37-бабының 3-тармағында көзделген нормалардың ережелерi ескерiле отырып жүргiзiледi.
34-бап. Тұрақты жер пайдалану құқығы
1. Жер учаскелерi тұрақты жер пайдалану құқығымен мынадай мемлекеттік жер пайдаланушыларға:
1) кондоминиум объектiлеріндегі үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды), үй-жайларды шаруашылық жүргiзу құқығымен немесе оралымды басқару құқығымен иеленетiн заңды тұлғаларға;
2) ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы өндiрiсiн жүзеге асыратын заңды тұлғаларға;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерiнде жер пайдалануды жүзеге асыратын заңды тұлғаларға;
4) Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де жағдайларда берiледi.
2. Тұрақты жер пайдалану құқығы шетелдік жер пайдаланушыларға тиесiлi болмайды.
35-бап. Уақытша жер пайдалану құқығы
1. Жер учаскесi азаматтар мен заңды тұлғаларға уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) немесе уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен берiлуi мүмкiн.
2. Егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше белгiленбесе, уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығы 5 жылға дейiнгi мерзiмге табысталады.
Уақытша өтеулi жер пайдалану құқығы қысқа мерзiмдi (5 жылға дейiн) және ұзақ мерзiмдi (5 жылдан 49 жылға дейiн) болуы мүмкiн.
3. Уақытша жер пайдалану құқығын табыстау мерзiмдерi жер учаскесiне берiлетiн құқықты, оның нысаналы мақсатын және аумақты аймақтарға бөлудi ескере отырып белгiленедi.
4. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, сондай-ақ шартты бұзу тәртібі оның өзiнде көрсетiлген жағдайларда, атқарушы органдардың уақытша жер пайдалану шарттарын бiржақты бұзуына жол берiлмейдi.
36-бап. Уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығы
1. Жер учаскелерi Қазақстан Республикасының азаматтары мен Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен:
шалғайдағы мал шаруашылығы (маусымдық жайылымдар) үшiн;
тұрғын халықтың мал жаюы мен шөп шабуы үшiн;
мемлекеттік жер пайдаланушыларға;
бақша өcipу үшiн;
қызметтiк жер телiмі түрiнде;
ортақ пайдаланылатын жолдарды салу, мемлекеттік меншiктегi және әлеуметтiк-мәдени мақсаттағы объектiлер құрылысы кезеңiне;
тозған және бүлiнген жерлердi қалпына келтiру кезiнде;
Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен үйлердi (үй-жайларды) және ғимараттарды уақытша өтеусiз пайдалануға берген кезде; ғибадат объектiлерi үшiн;
осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге жағдайларда берiлуi мүмкiн.
2. Уақытша өтеусiз жер пайдалану мерзiмi жер учаскелерiн қызметтiк жер телiмi түрiнде және тозған әрi бүлiнген жердi қалпына келтiру үшiн берiлетiн жағдайларды қоспағанда, бес жылдан аспауға тиiс.
Үйлер (үй-жайлар) мен ғимараттарға берiлген жер учаскесiн уақытша өтеусiз жер пайдалану мерзiмi үйлердi (үй-жайларды) және ғимараттарды, соның iшiнде ғибадат құрылыстарын уақытша өтеусiз пайдалану мерзiмiмен айқындалады.
3. Уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығындағы жер учаскелерiн иелiктен шығаруға, соның iшiнде оларды кейiнгi жер пайдалануға беругe жол берiлмейдi.
37-бап. Уақытша өтеулi жер пайдалану (жалдау) құқығы
1. Жер учаскесiне уақытша өтеулi (қысқа мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi) жер пайдалану (жалдау) құқығы азаматтарға, мемлекеттік емес заңды тұлғаларға, сондай-ақ халықаралық ұйымдарға табысталуы мүмкiн.
2. Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде немесе шартта өзгеше белгiленбесе, өз мiндеттерiн тиiсiнше орындаған уақытша өтеулi жер пайдаланушы (жалға алушы) шарт мерзiмi аяқталғаннан кейiн, басқа тең жағдайларда, жаңа мерзiмге шарт жасасуға басқа тұлғалар алдында басым құқығы болады. Жалға алушы осындай шарт жасасу ниетi туралы жалға берушiнi шартта көрсетiлген мерзiмде, егер шартта мұндай мерзiм көрсетілмесе, шарттың қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн үш ай мерзiмде жазбаша хабардар етуге мiндеттi.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 3 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
3. Мемлекеттен уақытша өтеулi ұзақ мерзiмдi жер пайдалану құқығын сатып алған, осы баптың 5-тармағында аталғандардан басқа мемлекеттік емес жер пайдаланушылар өздерiне тиесiлi жер учаскелерiн (немесе олардың бiр бөлiгiн) жалға (қосалқы жалға) немесе уақытша өтеусiз пайдалануға беруге құқылы, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органына хабарлай отырып, жер учаскесi меншiк иесiнiң келісімiнсiз, жер учаскесiн жалға беру шартының мерзiмi шегiнде өздерiне тиесiлi уақытша жер пайдалану құқығын иелiктен шығаруға да құқылы.
Аталған жағдайларда, жалдау құқықтарын кепiлге берудi қоспағанда, жер учаскесiнiң жаңа жалға алушысы жалға берушiнiң алдында жер учаскесiн жалдау шарты бойынша жауапты болады.
4. Жалға берiлетiн жер учаскесiн үйлердiң, құрылыстар менғимараттардың меншiк иелерi сатып алатын жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік меншiктегi жер учаскесiн сату кезiнде осы жер учаскесiн жалға алушының ортақ меншiк құқығындағы үлесiн бөгде тұлғаға сатуы үшiн Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiппен оны сатып алуға басым құқығы болады.
5. Уақытша өтеулi жер пайдалану құқығы шаруа (фермер) қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасының азаматтарына және мемлекеттік емес заңды тұлғаларына - 49 жылға дейiнгi мерзiмге, ал шетелдiктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға 10 жылға дейiнгi мерзiмге берiледi.
38-бап. Кейiнгi жер пайдалану (қосалқы жалдау) құқығы
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
1. Бастапқы жер пайдаланушы өзiнiң жер пайдалану құқығын иелiгiнен шығармай, ал өзiне тиесiлi учаскенi (немесе оның бiр бөлiгiн) жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органына хабарлай отырып, басқа тұлғаға уақытша жер пайдалануға беретiн жағдайларда, кейiнгi жер пайдалану туралы шарттың негiзiнде кейiнгi жер пайдалану туындайды.
Кейiнгi жер пайдаланушы әрдайым уақытша жер пайдаланушы болып табылады, өз құқықтарын басқа жер пайдаланушыларға беруге құқығы болмайды.
2. Жер учаскесiн кейiнгi жер пайдалануға берген кезде бастапқы және кейiнгi жер пайдаланушылар жер пайдаланушының мемлекет алдындағы мiндеттерiн толық көлемiнде атқарады.
3. Кейiнгi жер пайдалану туралы шарт жалдау шарты немесе уақытша өтeуciз пайдалану туралы шарт нысанында жасалады.
4. Кейiнгi жер пайдаланушы жер учаскесiнде шаруашылық жүргiзудi жүзеге асырады, сондай-ақ кейiнгi жер пайдалану (қосалқы жалдау) туралы шартта белгiленген шарттарды сақтай отырып, жер пайдаланушының басқа да құқықтары мен мiндеттерiн (осы Кодекстiң 64 және 65-баптары) iске асырады.
5. Осы Кодекстiң 41-бабына сәйкес жер учаскелерiн қызметтiк жер телiмi тәртібімен берудi қоспағанда, жеке және заңды тұлғаларға уақытша жер пайдалану құқығымен тиесiлi ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн кейiнгi жер пайдалануға беруге жол берiлмейдi.
39-бап. Мемлекеттік жер пайдаланушылардың құқықтық жағдайының ерекшелiктерi
1. Мемлекеттік жер пайдаланушылар жер учаскесiнде шаруашылық жүргiзудi жүзеге асырады, сондай-ақ осы учаскенiң нысаналы мақсаты мен жер пайдаланушы қызметiнiң жарғыдағы мақсаттарын ескере отырып, жер пайдаланушының басқа да құқықтарын iске асырады.
2. Мемлекеттік жер пайдаланушының өзiне тиесiлi жер пайдалану құқығын иелiгiнен шығаруға, сондай-ақ кепiлге беруге құқығы жоқ, бұған жер учаскесiнде орналасқан жылжымайтын мүлiктi не оның кепiлiн белгiленген тәртiппен иелiктен шығаруға байланысты жағдайлар қосылмайды.
3. Мемлекеттік жер пайдаланушыларға тиесiлi үйлерден (құрылыстардан, ғимараттардан) кредиторлардың талап етуi бойынша өндiрiп алуға байланысты жер пайдалану құқығынан өндiрiлiп алынатын жағдайларды қоспағанда (осы Кодекстiң 78-бабының 3-тармағы), мемлекеттік жер пайдаланушыларға тиесiлi жер пайдалану құқығы кредиторлардың талап етуi бойынша өндiрiп алу нысанасы бола алмайды.
4. Мемлекеттік жер пайдаланушы өзiне тиесiлi үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) белгiленген тәртiппен жалға берген жағдайда, осы Кодекстiң 52-бабының 3-тармағында белгiленген ережелер бойынша, олармен бiрге аталған мүлiк орналасқан және оны белгiленген нормаларға сәйкес пайдалану үшiн қажеттi жер учаскесi де жалға берiледi.
Үйдiң (құрылыстың, ғимараттың) өзiн тиiсiнше жалға бермей тұрып, үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан жер учаскесiн басқа тұлғаға жалға беруге болмайды.
5. Жер учаскесi қызметтiк жер телiмi тәртібімен берiлетiн жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік жер пайдаланушының өзiне тиесiлi жер учаскесiн уақытша өтеусiз жер пайдалануға беруiне жол берiлмейдi.
40-бап. Жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртібімен ауысуы
1. Жер пайдалану құқығының әмбебап құқықтық мирасқорлық тәртібімен ауысуы заң бойынша мұраға ие болу кезiнде немесе заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда құқық мирасқорында жер пайдалану құқығының туындауын бiлдiредi.
2. Жер учаскесiне ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығы бap азамат қайтыс болған жағдайда, жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында көзделген тәртiппен мұраға қалдырылады. Егер уақытша жер пайдалану шартында өзгеше көзделмесе, қысқа мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығы да осындай тәртiппен мұраға қалдырылады.
3. Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған жағдайда, оған тиесiлi жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарының нормаларына және осы Кодекске сәйкес құқық мирасқорына көшедi.
41-бап. Қызметтiк жер телiмi
1. Қызметтiк жер телiмi ұзақ мерзiмдi уақытша өтеусiз жер пайдаланудың ерекше бiр түрi болып табылады.
2. Қызметтiк жер телiмiне құқығы бар қызметкерлер санаттарының тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
3. Қызметтiк жер телiмi осы телiмге құқығы бар адамдар жұмыс iстейтiн мемлекеттік заңды тұлғалардың жер пайдалануындағы жерден бөлiнедi.
4. Қызметтiк жер телiмi қызметтiк тұрғын үйдi күтiп-ұстау, ауыл шаруашылығы дақылдарын өсiру, шөп шабу және мал жаю үшiн берiледi.
5. Қызметтiк жер телiмi кейiнгi уақытша өтеусiз жер пайдалануға жатады және жұмысқа байланысты бөлiнген кезеңге берiледi. Қызметтiк жер телiмiне ауыл шаруашылығы дақылдары егiлген жағдайда, жұмыстан босатылған қызметкердiң қызметтiк жер телiмiн пайдалану құқығы өнiм жинап алынғаннан кейiн тоқтатылады.
6. Қызметтiк жер телiмi:
1) жасы немесе мүгедектiгi бойынша зейнеткерлiкке шыққан соң еңбек қатынастарын тоқтатқан қызметкерлерде;
2) Қарулы Күштер қатарына мiндеттi мерзiмдi қызметке шақырылған немесе оқуға түскен қызметкерлердiң отбасында - бұл қызметкерлердiң мiндеттi қызметте немесе оқу орнында болған бүкiл мерзiмiне;
3) қызметтiк мiндеттерiн орындауға байланысты қаза тапқан қызметкерлердiң отбасында: жұмысқа жарамсыз жұбайы мен қарт ата-аналары үшiн - өмiр бойы, балалары үшiн - олар кәмелетке толғанға дейiн сақталады.
7. Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңдарына сәйкес қызметтiк тұрғын үй-жайда тұру құқығы сақталатындығына қарай, қызметтiк тұрғын үйді күтiп-ұстауға арналған учаске түріндегі қызметтiк жер телiмiне құқық та сақталады.
8. Қызметтiк жер телiмi тәртібімен жер учаскесiн беру қызметкер мен заңды тұлға әкiмшiлiгiнiң арасында жасалатын қызметтiк жер телiмiн беру туралы шарт негiзiнде жүзеге асырылады.
9. Қызметтiк жер телiмiн пайдалану құқығына қатысты қандай да болсын мәмiле жасасуға жол берiлмейдi.
5-тарау. Жер учаскесі - меншік құқығының,
жер пайдалану құқығының және өзге де заттық
құқықтардың объектісі ретінде
42-бап. Жер учаскесiне құқық шектерi
1. Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше белгiленбесе, жер учаскесiне құқық осы учаске шекарасындағы топырақтың үстiңгi қабатына, тұйық су айдындарына, екпелерге қолданылады.
Жер учаскесi меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының топырақ қабаты астындағы жер қойнауын пайдалануы жер учаскесiнiң нысаналы мақсатына сәйкес және жер қойнауы саласындағы қатынастарды реттейтiн Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жүзеге асырылады. Кең тараған пайдалы қазбаларды өндiруге және жеке қажетке жер асты суларын алуға жер қойнауын пайдалану құқығын табыстау қойнауында кең тараған пайдалы қазбалар және жер асты сулары бар жер учаскелерiн жеке меншiкке немесе жер пайдалануға берумен бiр мезгiлде жүргiзiледi.
2. Егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше белгiленбесе, жер учаскелерiнiң меншiк иелерi немесе жер пайдаланушылар өздерiне тиесiлi жер учаскелерiне құқықтарын өз қалауынша жүзеге асырады.
Жер учаскелерiне меншiк иелерiнiң және жер пайдаланушылардың жерге құқықтары осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде белгiленген негiздер бойынша шектелуi мүмкiн.
43-бап. Жер учаскесiне құқықты табыстау тәртібі
1. Мемлекеттік меншiктегi жерден жер учаскесiне құқықты табыстау мынадай ретпен жүргiзiледi:
1) жер учаскесiне тиiстi құқық табыстау туралы өтiнiм жасау;
2) мәлiмделген өтiнiмдi қанағаттандыру мүмкiндiгiн анықтау (жер учаскесiн алдын ала таңдау);
3) жерге орналастыру жобасын әзiрлеу және бекіту;
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
4) жер учаскесiне құқық табыстау туралы облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінің шешiм қабылдауы;
5) белгiлi бiр жердегi жер учаскесiнiң шекарасын белгiлеу;
6) жер учаскесiне құқықты куәландыратын құжаттарды дайындау және беру;
7) жер учаскесiне құқықты мемлекеттік тiркеу.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
2. Жер учаскелерiн меншiкке немесе жер пайдалануға берудi облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың (селолардың), ауылдық (селолық) округтердің әкімдері өздерiнiң осы Кодексте белгiленген құзыретi шегiнде жүзеге асырады.
Жер учаскесiн беру туралы шешiмдер немесе жер учаскесiн беруден бас тарту жергiлiктi өкiлдi органның депутаттары, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың), сәулет және қала құрылысының уәкілетті органдары мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының (олар құрылған болса) өкiлдерi арасынан облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдары құратын комиссияның қорытындысы негiзiнде қабылданады. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органдарының қарауы бойынша комиссияның құрамына басқа да адамдар енгiзiлуi мүмкiн.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
3. Жер учаскелерiне меншiк және (немесе) жер пайдалану құқығының табысталуына мүдделi жеке және заңды тұлғалар жер учаскесi орналасқан жердегi облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкіміне өтiнiш бередi.
Өтiнiште: жер учаскесiн пайдаланудың мақсаты; оның болжамды мөлшерi; орналасқан жерi; сұралатын пайдалану құқығы, басқа жер учаскесiнiң (осы Кодекстiң 50-бабының 2-тармағында аталған жер учаскелерi бойынша) болуы (болмауы) көрсетiлуге тиiс. Пайдалы қазбалар шығарылатын жағдайда өтiнiмге жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың көшiрмесi қоса берiледi.
Жер учаскесiне құқық табыстау туралы өтiнiш түскен кезден бастап үш айға дейiнгi мерзiмде қаралады.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
4. Жер учаскесі орналасқан жердегі облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкілетті органдары (елдi мекендерде сәулет және қала құрылысы органдарымен бiрлесе отырып) сұралып отырған жер учаскесiн аумақтық аймақтарға бөлуге сәйкес мәлiмделген нысаналы мақсаты бойынша пайдалану мүмкiндiгiн айқындайды.
5. Нысаналы мақсатына қарай жер учаскелерiн беру ерекшелiктерi осы Кодекстiң 44 және 45-баптарына сәйкес айқындалады.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
6. Осы Кодекстiң 84-бабына сәйкес жер учаскелерiн мемлекеттік қажеттiктер үшiн алып қою жағдайларын қоспағанда, жер учаскесiне құқық табыстаудан бас тарту облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінің шешiмiмен ресiмделедi, оның дәлелді себептерi көрсетiлуге, ал көшiрмесi өтiнiш берушiге шешiм қабылданғаннан кейiн жетi күн мерзiмде тапсырылуға тиiс.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 7-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
7. Облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ әкімінің жер учаскелерiне тиiстi құқықтар табыстау туралы шешiмi жерге орналастыру жобасы негiзiнде қабылданып, өтiнiш берушiге шешiм қабылданған кезден бастап жетi күн мерзiмде жер учаскесiне меншiк құқығын немесе жер пайдалану құқығын табыстау туралы шешiмнiң көшiрмесi тапсырылады.
Жер учаскелерiн беру жоғары тұрған атқарушы органның құзыретiне кiретiн жағдайларда, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкімі жерге орналастыру iсiн өз шешiмiмен бiрге жоғары тұрған органға бекітуге жiбередi.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 8 -тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
8. Мемлекеттік меншiктегi жер учаскелерi және ол жер учаскелерiн жалдау құқығы аукционда сату объектiлерi болуы мүмкiн.
Аукционда сатуға ұсынылатын жер учаскелерiнiң тiзбесiн немесе жер учаскелерiн жалдау құқықтарын өздерінің жер учаскелерін беру жөніндегі құзыреті шегінде облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары белгiлейдi және ол жергiлiктi өкiлдi органдардың тиiстi шешiмiмен бекітіледi.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 9 -тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
9. Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкілетті органдары беретiн мынадай құжаттар:
жер учаскесiне жеке меншiк кезiнде - жер учаскесiне жеке меншiк құқығы актici;
тұрақты жер пайдалану кезiнде - тұрақты жер пайдалану құқығы актiсi; уақытша өтеулi жер пайдалану кезiнде - уақытша өтеулi (ұзақ мерзiмдi, қысқа мерзiмдi) жер пайдалану (жалдау) құқығы актiсi;
уақытша өтеусiз жер пайдалану кезiнде - уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығы актiсi жер учаскесiне құқықты куәландыратын құжаттар болып табылады.
Жер учаскесiне құқықты куәландыратын құжаттарда жер және құқық кадастрларын жүргiзу мақсаттары үшiн қажеттi сәйкестендiру мәлiметтерi болуға тиiс.
10. 2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
11. Егер атқарушы органның жер учаскесiн беру туралы шешiмiнде өзгеше көзделмесе, жер учаскесiнiң нақтылы (белгiлi бiр жердегi) шекарасы белгiленгенге және жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық орган жер учаскесiне құқықты куәландыратын құжаттарды бергенге дейiн жер учаскесiн пайдалануға жол берiлмейдi. Осы норманы сақтамау жер учаскесiн өз бетiнше иеленiп алу деп танылады және Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарына сәйкес әкiмшiлiк жауапкершiлiктi көздейдi.