487-бап. Мемлекеттің пайдасына тауардан бас тартудың кедендік режимінде ресімделген тауарлар мен көлік құралдарын мемлекет меншігіне айналдыру тәртібі
1. Тауарлар мен көлік құралдарын өткізген тұлға мемлекеттің пайдасына тауардан бас тартудың кедендік режимінде ресімделген кедендік декларацияны кеден органына мәлімдейді және береді.
2. Мемлекеттің пайдасына тауардан бас тартудың кедендік режимінде ресімделген тауарлар мен көлік құралдары кедендік декларация және қабылдап алу-беру актісі бойынша тауарларды немесе көлік құралдарын тиісті уәкілетті мемлекеттік органға берген кезден бастап мемлекет меншігіне айналады.
65-тарау. Кеден органдары мемлекет меншігіне айналдырған
тауарлармен көлік құралдарына билік ету тәртібі
488-бап. Мемлекет меншігіне айналдырылған тауарлар мен көлік құралдарына билік ету
Мемлекет меншігіне айналдырылған тауарлар мен көлік құралдарына билік ету Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен және жағдайларда жүргізіледі.
489-бап. Мемлекет меншігіне айналдырылған тауарлар мен көлік құралдарына билік ету тәсілдері
1. Мемлекет меншігіне айналдырылған тауарлар мен көлік құралдарына билік ету оларды жою, кәдеге жарату немесе өткізу жолымен жүргізіледі.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред . қара)
2. Егер тауарлардың жекелеген санаттарына қатысты Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, осындай тауарлар мен көлік құралдарын жою немесе кәдеге жарату - тауарларды өткізетін тұлғаның есебінен, егер ол тұлға анықталмаса - меншік иесінің немесе иесінің есебінен, ал олар болмаған кезде бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
490-бап. Сот шешімі бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған тауарлар мен көлік құралдарын өткізу
1. Мемлекет меншігіне айналдырылған тауарлар мен көлік құралдарын өткізу сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап жүзеге асырылады.
2. Аталған тауарлар мен көлік құралдарын өткізу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
491-бап. Мемлекеттің пайдасына тауардан бас тартудың кедендік режимінде ресімделген тауарлар мен көлік құралдарын өткізу
1. Кеден органы мемлекеттің пайдасына тауардан бас тартудың кедендік режимінде ресімделген кедендік декларацияға және тауарларды немесе көлік құралдарын қабылдап алу-беру актісіне сәйкес, көрсетілген тауарларды немесе көлік құралдарын қабылдап алу-беру актісі ресімделген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде тиісті уәкілетті мемлекеттік органға тапсырады.
2. Мемлекеттің пайдасына тауардан бас тартудың кедендік режимінде ресімделген тауарлар мен көлік құралдарын өткізуді тиісті уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.
492-бап. Мемлекет меншігіне айналдырылған тауарлар мен көлік құралдарын өткізуден алынған қаражат
Мемлекет меншігіне айналдырылған тауарлар мен көлік құралдарын өткізуден алынған қаражат тиісті бюджетке түседі.
15-Бөлім. Шағымды қарау және ол бойынша шешім қабылдау
66-тарау. Кеден органының және кеден органы
лауазымды адамының шешіміне, әрекеттеріне
(әрекетсіздігіне) шағымдану
493-бап. Шағымдану құқығы
1. Егер кеден органының және (немесе) кеден органы лауазымды адамының шешімі және (немесе) әрекеттері (әрекетсіздігі) салдарынан кез келген тұлғаның құқықтары мен мүдделері бұзылса, оларды іске асыруға кедергілер туындаса не оған қандай да болмасын міндет заңсыз жүктелсе, кез келген тұлға, сондай-ақ оның өкілдері осындай шешімге, әрекеттерге (әрекетсіздікке) кеден органдарына, оның ішінде жоғары тұрған кеден органына не кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органға және (немесе) сотқа шағымдануға құқылы.
2. Кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган шығарған Қазақстан Республикасының кеден ісі саласындағы нормативтік құқықтық актілеріне Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шағым жасалуы мүмкін.
3. Сотқа жіберілетін шағымды беру, қарау және шешу тәртібі Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес белгіленеді.
4. Сотқа шағым беру шағым бойынша шешімнің орындалуын тоқтата тұрады.
494-бап. Шағым беру тәртібі
1. Кеден органы лауазымды адамының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым осындай шешім қабылдаған немесе әрекеттер (әрекетсіздік) жасаған лауазымды адам қызмет істейтін кеден органына не жоғары тұрған кеден органына беріледі. Кеден органының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жоғары тұрған кеден органына не кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органға беріледі.
2. Егер шағымды жоғары тұрған кеден органы қарауға тиіс болса, онда шағым, сондай-ақ ол бойынша материалдар (егер олар бар болса), тіркелген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде оның мекенжайына шағым берген адамды хабардар ете отырып жіберіледі.
3. Шағым жоғары тұрған кеден органына берілген кезде, осы орган шағым тіркелген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, кеден органының шағым берілген шешіміне әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) қорытынды мен материалдарды сұратады немесе шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасалған лауазымды адамы туралы кеден органының қорытындысы мен материалдарын сұратады.
495-бап. Шағым беру мерзімдері
1. Кеден органының және кеден органы лауазымды адамының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым:
1) тұлғаға кеден ісі саласында оның құқығының бұзылуы, оларды іске асыруға кедергілер жасалуы не Қазақстан Республикасының кеден заңдарында көзделмеген қандай да болмасын міндеттемелерді жүктеу туралы белгілі болған күннен бастап;
2) кеден органы немесе осы органның лауазымды адамы Қазақстан Республикасының кеден заңдарында көзделген шешімді қабылдау үшін белгіленген мерзім өткен күннен бастап бір жылға дейінгі мерзімде берілуі мүмкін.
2. Кеден органының берешек пен өсімпұлды өндіріп алу туралы хабарламасына шағым он күнге дейінгі мерзімде берілуге тиіс.
3. Дәлелді себеппен өтіп кеткен шағым беру мерзімі шағымданған тұлғаның жазбаша өтініші негізінде сот тәртібімен қалпына келтірілуі мүмкін.
496-бап. Шағымның нысаны мен мазмұны
1. Шағым жазбаша түрде беріледі.
2. Шағымда:
1) шағымның берілген күні;
2) шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған кеден органының атауы немесе кеден органы лауазымды адамының қызметі, тегі, аты және әкесінің аты (егер олар белгілі болса);
3) шағым беріп отырған тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты немесе атауы, оның тұрғылықты жері немесе орналасқан жері;
4) кеден органының және (немесе) кеден органы лауазымды адамының шағым жасалған шешімінің, әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) мәні;
5) тұлға кеден органының және (немесе) кеден органы лауазымды адамының шағым жасалған шешімі, әрекеттері (әрекетсіздігі) арқылы өзінің құқығы бұзылды, оларды іске асыруға кедергілер жасалды не заңсыз қандай да болмасын міндеттер жүктелді деп есептеуіне негіз болған жағдайлар көрсетілуге тиіс.
3. Шағымда істің мәні үшін маңызы бар өзге де мәліметтер көрсетілуі мүмкін.
4. Шағымға шағым беруші адам немесе оның өкілі қол қоюға тиіс.
5. Шағымға кеден органы және (немесе) кеден органы лауазымды адамы шешімінің, әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) заңсыздығын растайтын құжаттар және (немесе) материалдар (олар болған кезде) қоса тіркеледі.
497-бап. Шағым берудің салдарлары
Шағым беру:
1) жоғары тұрған кеден органы немесе шағымды қарайтын кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган шағым жасалған кеден органының және (немесе) кеден органы лауазымды адамының шешімі, әрекеттері (әрекетсіздігі) Қазақстан Республикасы кеден заңдарына сәйкес келмейді деп ұйғаруға жеткілікті негіз бар деп есептеген;
2) берешек пен өсімпұлды өндіріп алу туралы хабарламаға шағым жасалған жағдайларды қоспағанда, кеден органының және (немесе) кеден органы лауазымды адамының шағым жасалған шешімін немесе әрекеттерін (әрекетсіздігін) орындауды тоқтата тұрмайды.
67-тарау. Кеден органының және кеден органы лауазымды
адамының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне)
шағымды қарау
498-бап. Шағымды қарайтын органдар
1. Кеден органының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымды жоғары тұрған кеден органы не кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган қарайды.
2. Кеден органы лауазымды адамының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымды - осы лауазымды адам қызмет атқаратын кеден органы немесе жоғары тұрған кеден органы, ал кеден органы басшысының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымды жоғары тұрған кеден органы, кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган қарайды.
3. Кеден органының атынан шағым бойынша шешімді осы кеден органының басшысы немесе оның орнындағы адам қабылдайды. Бұл ретте шағымдарды қарауды кеден органының шешім қабылдаған, әрекеттер (әрекетсіздік) жасаған лауазымды адамы немесе оған қарағанда төмен тұрған лауазымды адам жүргізе алмайды.
4. Тұлғаның шағымы түскен күні тиісті органда міндетті тіркелуге тиіс. Кеден органының шағымды тіркеуден бас тартуға құқығы жоқ.
499-бап. Шағымды қарау
1. Тұлғаның белгіленген тәртіппен тіркелген шағымын шағымның мәні бойынша тиісті кеден органы қарайды.
2. Шағым мәні бойынша мынадай жағдайларда:
1) белгіленген шағымдану мерзімі сақталмаған және тұлға өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш бермеген не өтіп кеткен мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш қабылданбаған;
2) шағымға қол қойылмаған немесе тиісті түрде өз өкілеттіктерін растамаған тұлға немесе оның өкілі қол қойған;
3) кеден ісі саласында құқықтық өкілеттігі жоқ өзге органның шешімі, әрекеттері (әрекетсіздігі) шағымның нысанасы болып табылған жағдайда қаралмайды.
3. Жаңа дәлелдер немесе жаңадан ашылған мән-жайлар келтірілмей қайта берілген шағым, егер ол бойынша егжей-тегжейлі материал бар болса және шағым берген тұлғаға белгіленген тәртіппен жауап қайтарылған болса, қарауға жатпайды.
4. Шағымды қарауға қабылдаудан бас тарту туралы хабарлама оны тіркеген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бас тарту себептері көрсетіле отырып, шағым берген тұлғаға жазбаша нысанда жіберіледі.
500-бап. Шағымды қайтарып алу
1. Шағым берген тұлға шағым бойынша шешім қабылданғанға дейін кез келген сатысында оны қайтарып алуына болады.
2. Қайтарып алу шағымды қайтарып алуға негіз болған дәлелдер көрсетіле отырып, жазбаша нысанда ресімделеді.
501-бап. Шағымды қарау мерзімдері
1. Қосымша зерделеуді және (немесе) тексеруді талап ететін шағымдарды қоспағанда, шағым тіркелген күннен бастап он бес күн мерзімнен кешіктірмей қаралуға және ол бойынша шешім қабылдануға тиіс.
2. Қосымша зерделеуді және (немесе) тексеруді талап ететін шағым оны тіркеген күннен бастап бір айға дейінгі мерзімде қаралуға тиіс.
502-бап. Шағым бойынша шешім
1. Шағымды қарау нәтижелері бойынша жоғары тұрған кеден органы немесе кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган:
1) кеден органының немесе кеден органы лауазымды адамының шешімін, әрекеттерін (әрекетсіздігін) заңды деп таниды;
2) кеден органының немесе кеден органы лауазымды адамның шешімін, әрекеттерін (әрекетсіздігін) толық не ішінара заңсыз деп таниды және оны өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жаңа шешім қабылдауға міндеттейді.
2. Егер шағымды қарайтын жоғары тұрған кеден органы немесе кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган қажет деп тапса, онда бір шағым бойынша осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген, бірін-бірі теріске шығармайтын бірнеше шешім қабылдануы мүмкін.
3. Шағымды қарайтын орган кеден органы лауазымды адамының шешімін, әрекеттерін (әрекетсіздігін) заңсыз деп таныған немесе осы адам өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамаған жағдайда лауазымды адамды тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауапқа тарту жөнінде шаралар қолданады.
4. Шағымды қарайтын жоғары тұрған кеден органының немесе кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органның шешімі жазбаша нысанда қабылданады және онда:
1) шағымды қараған органның атауы;
2) шағым бойынша шешім қабылдаған органның лауазымды адамының қызметі, тегі және аты-жөні;
3) шағым жасаған тұлғаның тегі және аты-жөні немесе атауы;
4) шағымның қысқаша мәні;
5) шағым бойынша қабылданған шешім;
6) қабылданған шешімнің дәлелдемелері және негіздері;
7) кеден ісі саласында бұзушылыққа жол берген лауазымды адамға қатысты қолданылған шаралар;
8) қабылданған шешімге шағымдану тәртібі туралы мәліметтер болуға тиіс.
5. Осы Кодекстің 501-бабында белгіленген мерзімдерде шағым берген тұлғаға шағымды қарау нәтижелері бойынша қабылданған шешімнің көшірмесі жіберіледі.
68-тарау. Кеден органының және кеден органы лауазымды
адамының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне)
шағымданудың оңайлатылған тәртібі
503-бап. Кеден органының және кеден органы лауазымды адамының шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымданудың оңайлатылған тәртібі
1. Тұлға кеден органының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған кеден органының басшысына, ал кеден органы лауазымды адамының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) осы лауазымды адам қызмет істейтін кеден органының басшысына немесе оның орнындағы адамға оңайлатылған тәртіппен шағымдануға құқылы.
2. Егер өткізуге байланысты тұлға шағым жасап отырған шешім қабылданған, әрекеттер (әрекетсіздік) жасалған, сондай-ақ өзге де әрекеттер жасалған және тұлғаның пікірі бойынша, заңсыз шығыстарға әкеп соққан тауарлар мен көлік құралдарының құны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген жүз айлық есептік көрсеткіштен аспаса, кеден органының және кеден органы лауазымды адамының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) оңайлатылған тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
3. Кеден органының және кеден органы лауазымды адамының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымды оңайлатылған тәртіппен қарау және ол бойынша шешім қабылдау осы Кодексте көзделген тәртіппен және мерзімдерде шағым беру үшін кедергі болып табылмайды.
504-бап. Оңайлатылған тәртіппен шағымдану және шешім қабылдау тәртібі
1. Кеден органының және кеден органы лауазымды адамының шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымданудың оңайлатылған тәртібі тұлғаның кеден органының басшысына жазбаша шағыммен өтініш жасауынан тұрады.
2. Оңайлатылған тәртіппен берілген шағым тез арада қарауға жатады және ол бойынша шешім шағым берілген күні қабылдануға тиіс.
3. Оңайлатылған тәртіппен шағымды қараған кезде шағымды қарайтын кеден органының басшысы оңайлатылған тәртіппен шағымды қарау туралы акті жасайды, онда шағым жасаған тұлға туралы мәлімет, шағымның қысқаша мазмұны және қабылданған шешім көрсетіледі.
4. Шағымды қарау туралы актіге шағымды қараған кеден органының басшысы және шағым жасаған тұлға қол қояды. Шағымды қарау туралы актінің көшірмесі шағым жасаған тұлғаға беріледі.
16-Бөлім. Кеден органдарында қызмет атқару тәртібі
69-тарау. Кеден органдарында қызмет атқару тәртібі
505-бап. Кеден органдарындағы қызмет
1. Кеден органдарындағы қызмет Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес кеден органдарының міндеттерін, құқықтарын және міндеттемелерін, сондай-ақ құқық қорғау органдарының функцияларын іске асыру жөніндегі кәсіби қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы азаматтары мемлекеттік қызметінің арнаулы түрі болып табылады.
2. Кеден органдарында қызмет атқару тәртібі осы Кодекспен және осы Кодекске қайшы келмейтін бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы және еңбек туралы заңдарымен реттеледі.
506-бап. Кеден органдарына қызметке қабылдау
1. Өзінің жеке, моральдық, іскерлік, кәсіби қасиеттері, өзіне жүктелген міндеттерді орындауға денсаулық жағдайы, дене бітімінің дамуы және білім деңгейі жөнінен қабілетті, кеден органдарына қызметке қабылданған Қазақстан Республикасының әрекетке қабілетті азаматтары кеден органдарының лауазымды адамдары болып табылады.
2. Кеден органдарына қызметке қабылдау үшін:
1) қызметке жарамдылығы туралы медициналық қорытындының болуы;
2) міндетті арнаулы тексерудің болуы;
3) кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген біліктілік талаптарына сәйкес болу қажет.
3. Кеден органдарына қызметке орналасқаннан кейін арнаулы атақ берілмей, үш айға дейін сынақ мерзімі белгіленеді.
4. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңдарымен айқындалатын негіздер бойынша, сондай-ақ жағымсыз себептермен мемлекеттік қызметтен босатылған адамдарды кеден органдарына қызметке қабылдауға болмайды.
5. Кеден органдарына қызметке қабылданған әскери міндеттілер белгіленген тәртіппен әскери есептен шығарылады және кеден органдарында арнаулы есепте тұрады.
507-бап. Жас мамандарды кеден органдарына қызметке қабылдау
Кеден органына қызметке орналасқан жас мамандар кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен кеден бекеттерінде, кедендерде және кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде міндетті тағлымдамадан өтеді.
508-бап. Қызметке тағайындау және қызметтен босату тәртібі
1. Кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органның басшысын Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
2. Кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган басшысының орынбасарларын кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган басшысының ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
3. Кеден органдарының басқа лауазымды адамдары кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен қызметке тағайындалады және қызметінен босатылады.
4. Кеден органдарының лауазымды адамдарына кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен куәліктер мен жеке нөмірлік мөрлер беріледі.
509-бап. Кеден органы лауазымды адамының анты
Кеден органының лауазымды адамы кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен Қазақстан халқына адал болуға ант береді.
510-бап. Кеден органы лауазымды адамының арнаулы атақтары
1. Кеден органының лауазымды адамына атқаратын қызметіне және еңбек сіңірген жылдарына сәйкес белгіленген тәртіппен мынадай арнаулы атақтар беріледі:
1) кішi басшы құрам:
кеден қызметінің прапорщигi;
кеден қызметінің аға прапорщигi;
2) орта басшы құрам:
кеден қызметiнiң кiшi лейтенанты;
кеден қызметiнiң лейтенанты;
кеден қызметiнiң аға лейтенанты;
кеден қызметiнiң капитаны;
3) аға басшы құрам:
кеден қызметiнiң майоры;
кеден қызметiнiң подполковнигi;
кеден қызметiнiң полковнигi;
4) жоғары басшы құрам:
кеден қызметiнiң генерал-майоры;
кеден қызметiнiң генерал-лейтенанты.
2. Арнаулы атақтар берілген кеден органдарының лауазымды адамдары нысанды киіммен тегін қамтамасыз етіледі. Киім нысанының үлгілері мен айырым белгілерін, онымен қамтамасыз ету нормаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді. Нысанды киім кию тәртібін кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
3. Осы баптың ережелері мамандандырылған кеден мекемелерінің басшылары мен мамандарына да қолданылады.
511-бап. Кеден органдарының лауазымды адамдарына арнаулы атақтар беру тәртібі
1. Кеден органының лауазымды адамына берілетін арнаулы атақтар бірінші және кезекті болып бөлінеді.
2. Жоғары басшы құрамның арнаулы атақтарын Қазақстан Республикасының Президенті береді.
3. Кіші, орта, аға басшы құрамның арнаулы атақтарын кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органның басшысы береді.
4. Кеден органдарының лауазымды адамдарына арнаулы атақтар атқарып отырған лауазымдарына сәйкес беріледі.
5. Аға басшы құрамның лауазымына қабылданған адамдарға, егер оның анағұрлым жоғары дәрежелі шені, арнаулы немесе әскери атағы болмаса, кеден қызметінің подполковнигі атағынан жоғары емес бірінші арнаулы атақ берілуі мүмкін.
2005.20.06 № 62-III ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр. ред . қара)
6. Кеден қызметінің лейтенанты - бірінші арнаулы атағы төрт жыл және одан да артық оқу мерзімімен оқу орнын бітіргеннен кейін берілген және оқу орнында алған немесе сол тектес мамандық бойынша кеден органдарында қызмет атқарып жүрген кеден органдарының лауазымды адамдары үшін кеден қызметінің лейтенанты атағында еңбек сіңіру мерзімі бір жыл болып белгіленеді.
7. Кеден қызметінің кіші лейтенанты бірінші арнаулы атағы:
1) кіші басшы құрамның лауазымдарындағы, орта арнаулы оқу орнын бітірген және орта басшы құрамның лауазымдарына тағайындалған кеден органдарының лауазымды адамдарына;
2) тектес мамандық бойынша орта арнаулы оқу орындарын бітірген жәнеорта басшы құрамның лауазымдарына тағайындалған азаматтарға беріледі.
8. Кеден қызметінің лейтенанты арнаулы атағы:
1) кеден қызметінің кіші лейтенанттарына - арнаулы атақта белгіленген еңбек сіңірген жылдарының мерзімдері өткеннен кейін, жоғары оқу орындарын бітіргендерге - осы атақта еңбек сіңірген жылдарының мерзіміне қарамастан;
2) жоғары білімі бар, орта және аға басшы құрамның лауазымдарына тағайындалған азаматтарға беріледі.
9. Кеден органының лауазымды адамына кезекті арнаулы атақ, атқарып отырған лауазымына аталған атақ сәйкес болған жағдайда және алдыңғы арнаулы атақта еңбек сіңірген жылдарының мерзімі аяқталғаннан кейін дәйекті ретпен беріледі.
10. Ғылыми дәрежесі немесе ғылыми атағы бар кеден органының лауазымды адамына кезекті арнаулы атақ, атқарып отырған штаттық лауазым бойынша көзделген арнаулы атақтан бір саты жоғары, кеден қызметінің полковнигіне дейін қоса, берілуі мүмкін.
11. Атқарып отырған лауазымы бойынша көзделген арнаулы атақтан бір саты жоғары кезекті арнаулы атақ алдыңғы арнаулы атақта еңбек сіңірген жылдарының кемінде бір жарымындай мерзімі өткеннен кейін беріледі.
12. Кеден органдарының лауазымды адамдарына атқарып отырған лауазымына сәйкес мынадай шекті арнаулы атақтар берілуі мүмкін:
1) кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органда:
Төраға - кеден қызметінің генерал-лейтенанты;
Төрағаның орынбасары - кеден қызметінің генерал-лейтенанты;
департаменттің және дербес басқарманың бастықтары - кеден қызметінің генерал-майоры;
департамент және дербес басқарма бастығының орынбасарлары, департамент құрамындағы басқарма бастығы - кеден қызметінің полковнигі;
департамент құрамындағы басқарма бастығының орынбасары, бөлім бастығы - кеден қызметінің подполковнигі;
бөлімше бастығы, бас инспектор - кеден қызметінің майоры;
жетекші инспектор - кеден қызметінің капитаны;
2) облыстар (республикалық маңызы бар қалалар, астана) бойынша кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде, кедендерде, мамандандырылған кеден мекемелерінде:
облыстар (республикалық маңызы бар қалалар, астана) бойынша кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің бастығы - кеден қызметінің генерал-майоры;
облыстар (республикалық маңызы бар қалалар, астана) бойынша кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі бастығының орынбасары, кеден бастығы, мамандандырылған кеден мекемесінің басшысы кеден қызметінің полковнигі;
кеден бастығының орынбасары, мамандандырылған кеден мекемесі басшысының орынбасары, облыстар (республикалық маңызы бар қалалар, астана) бойынша кеден ісі мәселелері жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің басқарма бастығы және бастығының орынбасары, кеден бекетінің бастығы, бөлім бастығы - кеден қызметінің подполковнигі;
кеден бекеті бастығының орынбасары, бөлім бастығының орынбасары кеден қызметінің майоры;
бөлімше бастығы, бас инспектор - кеден қызметінің капитаны;
аға инспектор, инспектор - кеден қызметінің аға лейтенанты;
кіші инспектор - кеден қызметінің аға прапорщигі.
512-бап. Арнаулы атақтарда болу мерзімдері
1. Кеден органдарының лауазымды адамдары үшін арнаулы атақтарда еңбек сіңірген жылдарының мынадай мерзімдері белгіленеді:
1) кеден қызметiнiң прапорщигi - бес жыл;
2) кеден қызметiнiң кiшi лейтенанты - бір жыл;
3) кеден қызметiнiң лейтенанты - екі жыл;
4) кеден қызметiнiң аға лейтенанты - үш жыл;
5) кеден қызметiнiң капитаны - үш жыл;
6) кеден қызметiнiң майоры - төрт жыл;
7) кеден қызметiнiң подполковнигi - бес жыл.
2. Кеден қызметінің аға прапорщигі, кеден қызметінің полковнигі атақтарында, сондай-ақ жоғары басшы құрамның атақтарында еңбек сіңірген жылдарының мерзімдері белгіленбейді.
513-бап. Кезекті арнаулы атақты мерзімінен бұрын беру тәртібі
1. Кеден органының лауазымды адамына қызмет міндеттерін адал атқарғаны үшін көтермелеу ретінде, алдыңғы атақта еңбек сіңірген жылдарының белгіленген мерзімдерінің кемінде жартысы өткеннен кейін, бірақ атқаратын қызметіне сәйкес арнаулы атақтан жоғары емес кезекті арнаулы атақ мерзімінен бұрын берілуі мүмкін.
2. Кеден органының лауазымды адамына кезекті арнаулы атақ оның кеден органдарында қызмет атқарған бүкіл кезеңі ішінде мерзімінен бұрын екі реттен артық берілмейді.
514-бап. Кезекті арнаулы атақты беруді тоқтата тұру тәртібі
1. Кеден органының лауазымды адамына тәртіптік жаза қолданылған (ауызша жарияланғанын қоспағанда), не оған қатысты қылмыстық іс қозғалған немесе оның қызмет тәртібін бұзу, сыбайлас жемқорлықпен құқық бұзушылық жасау фактілері бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатқан болса, оған кезекті арнаулы атақ беру тәртіптік жаза алынғанға дейін не ақтау негіздемесі бойынша қылмыстық іс тоқтатылғанға дейін немесе қызметтік тексеру аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады.