1. Мемлекеттік білім беру мекемелерi қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу жүйесi Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртiппен айқындалады.
Бюджеттен алынатын қаражат есебiнен ұсталатын мемлекеттік білім беру мекемелерi қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу туралы Ереженi еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау, білім беру саласындағы орталық атқарушы органдар бекiтедi.
2. Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерiнiң жалақысы мен қызметтiк айлықақылары мамандығы бойынша жұмыс стажы ескерiле отырып, олардың біліктілігiне, қызмет мiндеттерiне сәйкес белгiленедi.
3. Мемлекеттік білім беру ұйымдары өздерiнде бар қаражатының шегiнде, сондай-ақ кәсiпкерлiк қызмет есебiнен үстеме, қосымша ақылардың, сыйлықтардың және ынталандыру сипатындағы басқа да төлемдердiң мөлшерiн өздерi белгiлеуi мүмкiн.
Бюджет қаражатынан ынталандыру сипатында төленетiн төлемдер жалақының кепiлдi бөлiгi бойынша берешек болмаған жағдайда ғана жасалуы мүмкiн.
4. Білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерiне біліктілігi жоғары ғылыми кадрларды аттестаттау саласындағы Қазақстан Республикасының уәкiлетті органы берген тиiстi диплом болған жағдайда ғылым кандидаты және ғылым докторы ғылыми атақтары үшiн, ғылым кандидатына бір айлық ең төменгi жалақы және ғылым докторына екi айлық ең төменгi жалақы мөлшерiнде қосымша ақы белгіленедi.
5. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагог қызметкерлерi үшiн нормативтік оқу жүктемесі аптасына:
1) жалпы білім беретiн оқу орнының бастауыш сатысы үшiн - 20 сағаттан;
2) жалпы білім беретiн оқу орнының негiзгi және жоғары сатылары, кәсiптiк бастауыш және кәсiптiк орта білім беру ұйымдары үшiн - 18 сағаттан;
3) мектепке дейiнгi ұйымдар, жалпы білім беретiн мектептердiң, лицейлердiң және гимназиялардың мектеп алдындағы сыныптары үшiн - 24 сағаттан;
4) мектептен тыс ұйымдар үшiн - 18 сағаттан (балалардың, жасөспiрiмдердiң спорт мектептерiнде - 24 сағаттан) аспайтын етiп белгiленедi;
5) мемлекеттік жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының жалпы саны мемлекеттік тапсырысты және мемлекеттік білім беру кредитiн анықтау кезiнде студенттер мен оқытушылардың орташа арақатынасы (бір оқытушыға келетiн студенттердiң орташа саны) тиiсiнше күндiзгi оқу нысаны үшiн - 8:1, ал медициналық жоғары оқу орындары үшiн - 6:1, кешкi оқу нысаны үшiн - 16:1 және сырттай оқу нысаны үшiн 32:1 болуын негiзге ала отырып есептеледi.
Мемлекеттік білім беру мекемелерiнде педагог қызметкерлерге арналған нормативтiк оқу жүктемесiн білім беру саласындағы орталық атқарушы органдардың ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Yкіметі осы Заңда белгiленген шекте реттеп отырады.
6. Білім беру ұйымдарының қызметкерлерiне ауылдық (селолық) жерлерде жұмыс iстегенi үшiн, сыныпқа басшылық жасағаны үшiн, дәптерлердi, жазба жұмыстарын тексергенi үшiн, оқу кабинеттерiне меңгерушiлiк еткенi, пәндердi тереңдетiп оқытқаны үшiн қосымша ақы және Қазақстан Республикасының Үкіметі көздеген басқа да ақылар төленедi.
7. Өз қаражаты есебiнен Еңбекке ақы төлеу жөніндегі ереженi тиiстi оқу орындары (құрылтайшылар) айқындайды.
8. Мемлекеттік емес білім беру ұйымдары қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеудi олардың құрылтайшылары немесе соған уәкiлдiк берiлген адам айқындайды.
ҚР 22.11.99 ж. № 484-1; 11.06.01 ж. № 207-II; 09.07.04 ж. № 597-II (бұр. ред. қара); 2004.20.12 № 13-III ; (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) Заңдарымен 41-бап өзгертілді және толықтырылды
41-бап. Білiм беру ұйымдары қызметкерлерiнiң құқықтары мен мiндеттерi, олардың әлеуметтік кепiлдiктерi
1. Білім беру ұйымдары қызметкерлерiнiң құқықтары мен мiндеттерi білім беру ұйымдарының жарғыларымен, iшкi тәртiп ережелерiмен және қызметтiк нұсқаулықтармен айқындалады.
2. Педагогтiк қызмет атқаратын адамдар педагог қызметкерлер болып есептеледi.
3. Білім беру ұйымдары педагог қызметкерлерiнiң:
1) кәсiптiк қызмет үшiн қажеттi жағдайлармен қамтамасыз етiлуге;
2) білім берудiң мемлекеттік жалпыға бірдей мiндеттi стандарты сақталған жағдайда педагогтiк қызметтi ұйымдастырудың тәсiлдерi мен нысандарын еркiн таңдауға;
3) ғылыми зерттеулер тақырыбын және олардың нәтижелерiн педагогикалық практикада пайдалану нысандарын еркiн таңдауға;
4) оқу орнын басқару органдарының жұмысына қатысуға;
5) жұмыстан қол үзе отырып, құрылтайшының қаражаты есебiнен бес жылда бір рет ұзақтығы төрт айдан аспайтын уақытта өздерiнiң біліктілігiн арттыруға;
6) санатын көтеру, қызметiнде өсу мақсатында мерзiмiнен бұрын аттестатталуға;
7) жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта, кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк білім беру мекемелерiнiң педагог қызметкерлерi мен оларға теңдестiрiлгендер үшiн ұзақтығы күнтiзбелiк 56 күнге; әдiстемелiк қызмет орындарының қызметкерлерi, мектепке дейiнгi және мектептен тыс ұйымдардың педагог қызметкерлерi үшiн - күнтiзбелiк 42 күнге ақы төленетiн демалыс алуға;
8) жеке педагогикалық қызметке;
9) өзiнiң кәсiптiк абыройы мен қадiр-қасиетiн қорғауға;
10) білім беру ұйымдары мен олардың қызметкерлерiнiң білім беру және экономикалық қызметiнiң көзi болып табылатын материалдық активтер (ғылыми, әдiстемелiк еңбектер, патенттер, бағдарламалық қамтамасыз ету, білім беру және ақпарат технологиялары және басқалар) нысанындағы интеллектуалдық меншiгiн меншiктiң басқа түрлерiмен бірдей қорғауға;
11) білім беру ұйымы әкiмшілiгiнiң бұйрықтары мен өкiмдерiне шағым жасауға;
12) педагогикалық қызметтегi табыстары үшiн материалдық және моральдық жағынан көтермеленуге, ордендермен және медальдармен, құрметтi атақтармен, белгiлермен және грамоталармен марапатталуға құқығы бар.
4. Мемлекеттік білім беру ұйымдары педагог қызметкерлерiнiң:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тұрғын үй алуға;
2) ауылдық (селолық) жерлерде тұрып жұмыс iстейтiндер - жергiлiктi өкiлдi органдардың шешiмi бойынша бюджет қаражаты есебiнен жергiлiктi өкiлдi органдар белгiлейтiн мөлшерде коммуналдық қызмет көрсету мен отын шығындары бойынша жеңiлдiктер (ақшалай өтемдер) алуға;
3) жеке меншігінде малы барлардың жемшөппен, малын жаюға және шөп шабуға арналған жер учаскелерімен ауыл шаруашылық ұйымдарының қызметкерлерімен бірдей қамтамасыз етілуге құқығы бар.
4-1. Селолық жерде жұмыс iстейтiн білім берудiң педагогикалық қызметкерлерiне жергiлiктi өкiлдi органдардың шешiмi бойынша, қызметтердiң осы түрлерiмен қала жағдайында айналысатын педагогикалық қызметкерлердiң ставкаларымен салыстырғанда кемiнде жиырма бес процентке жоғарылатылған айлықақылар мен тарифтiк ставкалар белгiленуi мүмкiн.
5. Педагог қызметкерлердi олардың негiзгi қызметiне тән емес қызметтердi атқаруға қызметкерлердiң өз келісімiнсiз тартуға жол берiлмейдi.
6. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының эксперимент режимiнде жұмыс iстейтiн педагог қызметкерлерiне Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қосымша ақы төленедi.
7. Педагог қызметкерлер:
1) білім алушылар мен тәрбиеленушiлердiң тиiстi мемлекеттік жалпы мiндеттi білім беру стандарттарында көзделген деңгейден төмен емес білім, шеберлiк және дағды алуын қамтамасыз етуге;
2) білім алушылар мен тәрбиеленушiлердiң жеке және шығармашылық қабiлеттерiн ашып, оны дамытуына жәрдемдесуге;
3) өз біліктілігiн арттыруға;
3-1) кемiнде бес жылда бір рет аттестаттаудан өтуге;
4) педагогтiк әдеп нормаларын сақтауға;
5) білім алушылардың, тәрбиеленушiлердiң қадiр-қасиетiн құрметтеуге;
6) салауатты өмiр салтын жүргізiп, оны білім алушылар, тәрбиеленушiлер арасында насихаттауға мiндеттi.
ҚР 11.06.01 ж. № 207-II; 09.07.04 ж. № 597-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 42-бап өзгертілді
42-бап. Еңбек қатынастары және білім беру ұйымы басшысының жауапкершiлiгi
1. Қызметкер мен білім беру ұйымының еңбек қатынастары жеке еңбек шартымен реттеледi. Жеке еңбек шартының ережелерi еңбек туралы заңдарға қайшы келмеуге тиiс.
Жоғары оқу орындарындағы ғылыми-педагогикалық қызметкерлердiң (профессорлық-оқытушылық құрамның, ғылыми қызметкерлердiң) лауазымдарға орналасуы конкурстық негiзде жүзеге асырылады.
2. Білім беру ұйымының басшысы:
1) білім алушылар мен тәрбиеленушiлердiң, білім беру ұйымдары қызметкерлерiнiң құқықтары мен бостандықтарын бұзғаны;
2) өзiнiң құзыретiне жатқызылған мiндеттердi орындамағаны;
3) мемлекеттік жалпы мiндеттi білім беру стандартының талаптарын орындамағаны;
4) тәрбиеленушiлердiң, білім алушылардың және білім беру ұйымы қызметкерлерiнiң оқу-тәрбие процесi кезіндегі өмiрi мен денсаулығы;
5) қаржы-шаруашылық қызметінiң жай-күйі, соның iшiнде материалдық және ақша қаражаттарын нысаналы пайдаланбағаны;
6) нормативтiк құқықтық актiлерде көзделген өзге де тәртiп бұзушылықтар үшiн заңдарда белгiленген тәртiппен жауап бередi.
6-тарау. Білім беру экономикасы
ҚР 11.06.01 ж. № 207-II; 09.07.04 ж. № 597-II (бұр. ред. қара) ; 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) Заңдарымен 43-бап өзгертілді
43-бап. Білім беру ұйымдарын қаржыландыру
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының:
1) жалпы орта және кәсiптiк бастауыш білім алуына - мемлекеттік білім беру мекемелерiн ұстауды бюджеттен қаржыландыру;
2) кәсiптiк орта білім алуына - 10-11 (12) сыныптардың жалпы білім беру бағдарламасы бойынша оқу кезеңiнде бір оқушыға шаққанда бюджеттік қаржыландыру;
3) кәсiптiк орта, кәсiптiк жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi кәсiптiк білім алуына - мемлекеттік білім беру тапсырысы мемлекеттік кепiлдiктердiң негiзi болып табылады.
2. Мемлекет жыл сайын білім беруге, оның басымдығын ескере отырып, бюджет қаражатын бөледі.
3. 2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды
4. Мемлекеттік білім беру ұйымдарын қаржыландыру білім беру деңгейлерi бойынша жалпыға бірдей мiндеттi мемлекеттік стандарттармен белгiленген талаптарды сақтау арқылы және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленетiн ақшалай және заттай нормаларды, сондай-ақ еңбекке ақы төлеу нормаларын ескере отырып, бюджет қаражаттары есебiнен жүзеге асырылады.
Шағын жинақталған мектептердi қаржыландыру iсiнде білім алушылар санына қатысы жоқ шығындар ескерiлуге тиiс.
Өзге қаржылық және материалдық түсiмдердi, оның iшiнде валюталық түсiмдердi мемлекеттік білім беру мекемелерi Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлеген тәртiппен пайдаланады.
5. Мемлекеттік емес білім беру ұйымдарын қаржыландыру білім беру қызметін сату, құрылтайшылардың қаражаты және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған басқа да көздер есебiнен жүзеге асырылады.
Мемлекеттік аттестаттаудан өткен кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары білім беретiн мемлекеттік емес ұйымдар конкурстық негiзде мемлекеттік білім беру кредитiн немесе гранттарын алған адамдарды оқуға қабылдау жолымен мемлекеттік білім беру тапсырысын орындауға қатыса алады.
2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) Заңымен 44-бап өзгертілді
44-бап. Білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы
1. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жасау мен дамыту бюджет қаражаты мен осы Заңда белгiленген өзге де көздер есебiнен жүзеге асырылады.
1-1. Түзеу мекемелерiнде мiндеттi жалпы орта және бастауыш кәсiптiк білім беру үшiн үй-жайларды ұстауға және жарақтандыруға байланысты шығыстарды қылмыстық-атқару жүйесiнiң уәкiлеттi органы жүзеге асырады.
2. Білім беру ұйымдарының мүлiктi өз жарғыларында белгiленген тәртiппен иеленуге және пайдалануға құқығы бар.
3. Жалпы орта, кәсiптiк бастауыш, кәсiптiк орта және кәсiптiк жоғары білім беретiн мемлекеттік ұйымдардың құрылымын өзгерту мен оларды жекешелендiру, білім беру қызметiнiң бейiнi сақталмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы орталық атқарушы органымен келiсе отырып жүргiзiледi.
4. Мемлекеттік емес білім беру ұйымдарын қолдау мақсатында оларға мемлекеттік білім беру ұйымдарының босатылған үйлерi мен тиiстi материалдық базасы заңдарда белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы орталық атқарушы органымен келiсе отырып, жекешелендiру жолымен берiлуi мүмкiн.
ҚР 11.06.01 ж. № 207-II ; 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) Заңдарымен 45-бап өзгертілді
45-бап. Білім беру саласындағы кәсiпкерлiк қызмет
1. Білім беру ұйымдары өздерiнiң жарғысына сәйкес білім беру қызметiн көрсету есебiнен кiрiс келтiретiн қызметпен айналыса алады.
Қызмет көрсету мен жұмыс бағасы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.
Бұл қызметтен түсетiн табысты бөлу тәртібін өз жарғысына сәйкес ұйым дербес белгiлейдi.
2. Жеке педагогтiк еңбек қызметi кәсiпкерлiк қызмет ретiнде қарастырылып, тiркелуге тиiс.
Жеке педагогтiк еңбек қызметiне лицензия берiлмейдi.
3. Ақылы білім беру қызметiн көрсетудi iске асыратын білiм беру ұйымдары мен білім алушы, тәрбиеленушi, оның ата-аналары мен өзге де заңды өкiлдерi арасындағы қарым-қатынас білім беру деңгейiн, оқу мерзiмiн, оқуға төленетiн ақы мөлшерiн, өзге де жағдайларды белгiлейтiн шартпен реттеледi.
4. Мемлекеттік білім беру мекемелерi Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн тәртiппен ақылы білім беру қызметтерiн көрсетуге құқылы.
Ақылы білім беру қызметiн мемлекеттік білім беру тапсырысының шеңберiнде қаржыландырылатын негiзгi білім беру қызметiнiң орнына көрсетуге болмайды.
5. Мемлекеттік емес білім беру ұйымының білім беру қызметiн көрсеткенi үшiн, соның iшiнде мемлекеттік жалпы мiндеттi білім беру стандарттары шеңберiнде оқытқаны үшiн ақы алуға құқығы бар.
7-тарау. Білім беру саласындағы халықаралық қызмет
ҚР 11.06.01 ж. № 207-II Заңымен 46-бап өзгертілді
46-бап. Халықаралық ынтымақтастық
1. Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастығы Қазақстан Республикасының заңдары және халыкаралық шарттар, келісімдер, конвенциялар негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Білім беру ұйымдарының өз жұмыстарының ерекшелiктерiне сәйкес шетелдiк білім беру, ғылым және мәдениет ұйымдарымен, халықаралық ұйымдармен және қорлармен тiкелей байланыстар орнатуға, ынтымақтастық туралы екi жақты және көп жақты шарттар жасасуға, білім саласындағы халықаралық үкiметтiк емес ұйымдарға (қауымдастықтарға) кiруге құқығы бар.
3. Қазақстан Республикасында халықаралық және шетелдiк оқу орындарын, шетелдiк білім беру ұйымдарының филиалдарын құру халықаралық шарттар мен мемлекетаралық келісімдер негiзiнде, сондай-ақ білiм беру саласындағы орталық атқарушы органдардың арасындағы шарттардың (келісімдердiң) негiзiнде жүзеге асырылады.
Жоғарыда аталған білім беру ұйымдарының жарғыларын құрылтайшы елдердiң Үкiметтерi (уәкiлеттi органдары) бекiтедi.
4. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық оқу орындарының және басқа мемлекеттер немесе олардың заңды және жеке тұлғалары құратын оқу орындарының, шетелдiк оқу орындары филиалдарының білім беру қызметi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лицензияланады.
Бұл білім беру ұйымдарын аттестаттауды құрылтайшылар құратын бірлескен комиссиялар өткiзедi.
5. Аталған білім беру ұйымдары мен олардың филиалдары бiтiрушiлерге: 1) егер олардағы оқу процесi Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпы мiндеттi білім беру стандарттары негiзiнде ұйымдастырылса, Қазақстан Республикасында қабылданған;
2) егер оқу процесi тиiстi мемлекеттердiң білім беру бағдарламалары бойынша жүргiзiлсе, сол мемлекетте қабылданған білім беру туралы құжаттар бередi. Бұл жағдайда білім туралы алынған құжаттар Қазақстан Республикасында нострификациялануға тиiс.
6. Қазақстан Республикасы азаматтарының шет мемлекеттердің зайырлы оқу орындарында оқуға, даярлануға, біліктілігін арттыруға, қайта даярлаудан және тағлымдамадан өтуге құқығы бар. Бұл құқық білім алушылармен, білiм беру ұйымдарымен, өзге де заңды тұлғалармен Қазақстан Республикасының заңдарына, халықаралық шарттар мен нысаналы бағдарламаларға сәйкес жасалатын тiкелей шарттар бойынша iске асырылады.
7. Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында, халықаралық шарттарда, келісімдерде белгіленген тәртiппен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарымен жасалған келісім-шарттар бойынша білімге және педагогтiк қызметпен айналысуға құқықты Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең пайдаланады.
ҚР 11.06.01 ж. № 207-II Заңымен 47-бап өзгертілді
47-бап. Шетелдегi қазақ диаспорасының білім алуға деген қажеттерiн қанағаттандыру
1. Мемлекет шетелдегi қазақ диаспорасының білім алуға деген қажеттерiн қанағаттандыруға жәрдемдеседi.
2. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында білім алуға құқығы бар.
3. Шетелдегi қазақ диаспорасына арналған білім беру ұйымдарын құру және оған қаржылық-материалдық көмек көрсету халықаралық шарттарда белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
48-бап. 09.07.04 ж. № 597-II ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
8-тарау. Білім беру саласындағы заңдарды бұзғаны үшін
жауапкершілік
49-бап. Білім беру саласындағы заңдарды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
Білім беру саласындағы заңдардың бұзылуына кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
9-тарау. Өтпелі ережелер
50-бап. Осы Заңды күшiне енгізу
1. 40-баптың 1999 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшiне енгiзiлетiн 4-тармағын қоспағанда, осы Заң жарияланған күннен бастап күшiне енгiзiледi.
2. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын және осы Заң күшіне енгізілгенге дейін стипендия алуға құқығы бар білім алушылар оқу орнын бітіргенге дейін бұл құқығын бұрынғы тәртіппен сақтайды.
Қазақстан Республикасының