жауаптылықтан босату
1. Адам әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған күннен бастап екi ай өткеннен кейiн, ал қоршаған ортаны қорғау саласында әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасағаны үшiн - оны жасаған күннен бастап алты ай өткеннен кейiн, осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуға тиiс емес.
2. Жеке тұлға әкiмшiлiк сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық, сондай-ақ салық салу саласында құқық бұзушылық жасағаны үшiн оны жасаған күннен бастап бiр жыл өткеннен кейiн әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуға тиiс емес, ал заңды тұлға (оның iшiнде жеке кәсiпкер) әкiмшiлiк сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн оны жасаған күннен бастап үш жыл өткеннен кейiн, ал салық салу саласында құқық бұзушылық жасағаны үшiн оны жасаған күннен бастап бес жыл өткеннен кейiн әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуға тиiс емес.
3. Созылып кеткен әкiмшiлiк құқық бұзушылық кезiнде сондай-ақ қоғамның және мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiне қол сұғатын қаржы мен бюджет саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған кезде адам әкiмшiлiк құқық бұзушылық анықталған күннен бастап екi ай өткеннен кейiн әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуға тиiс емес.
4. Осы баптың бiрiншi және үшiншi бөлiктерiнiң ережелерi әкiмшiлiк құқық бұзушылық қылмыстың жасалуына септiгiн тигiзген және бұл туралы қылмыстық iстi тергеу немесе сотта қарау барысында мәлiм болған жағдайларға қолданылмайды. Сот Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнiң 387-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен мұндай құқық бұзушылыққа кiнәлi адамға, егер әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған кезден бастап бiр жылдан аспайтын уақыт өткен болса, әкiмшiлiк жаза қолдануға құқылы.
4-1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жаза қолдану мерзiмiнiң барысы iстi сот инстанцияларына немесе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттi мемлекеттік органның лауазымды адамына жiберген кезден бастап тоқтатыла тұрады.
Бұл мерзімдерді есептеу әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қозғауға уәкiлеттi органға кемшiлiктердi жою үшiн іс қайтарылған жағдайларда қайтадан басталады.
5. Құқық бұзушының iс-әрекетiнде әкiмшiлiк құқық бұзушылық белгiлерi болған кезде қылмыстық iс қозғаудан бас тартылған не қылмыстық iс қысқартылған жағдайда адам қылмыстық iс қозғаудан бас тартылған не оны қысқарту туралы шешiм қабылданған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылуы мүмкiн.
6. Егер осы баптың бiрiншi және үшiншi бөлiктерiнде аталған мерзiмдер аяқталғанға дейiн адам жаңадан әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаса, әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн жаза қолдану мерзiмiнiң өтуiне үзiлiс жасалады. Мұндай жағдайларда мерзiмдi есептеу жаңа әкiмшiлiк құқық бұзушылық анықталған кезден басталады.
7. Судьяның немесе уәкiлеттi органның әкiмшiлiк iс жүргiзудi тоқтату туралы қаулысы осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген мерзiмге қарамастан, ол заңды күшiне енген күнiнен бастап бiр жыл iшiнде прокурордың наразылығы бойынша қайта қаралуы мүмкiн.
Ескерту. Осы бөлiмнiң Ерекше бөлiмiнiң бабында көзделген белгiлi бiр әрекеттiң бiрыңғай құрамының үздiксiз жүзеге асырылуымен сипатталатын және оны анықтаған кезде аяқталмаған құқық бұзушылық созылып кеткен құқық бұзушылық деп танылады.
70-бап. Әкiмшiлiк жауаптылықтан және әкiмшiлiк жазадан
рақымшылық жасау актiсi негiзiнде босату
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған адам әкiмшiлiк жауаптылықтан немесе қолданылған әкiмшiлiк жазадан, не жазаның қосымша түрiнен рақымшылық жасау актiсi негiзiнде, егер ол әкiмшiлiк жаза қолдануды жоятын болса, босатылуы мүмкiн.
2. Рақымшылық жасау туралы актiнi Қазақстан Республикасының Парламентi жеке белгiлi емес адамдар тобына қатысты шығарады.
71-бап. Жағдайдың өзгеруiне, науқастануға байланысты әкiмшiлiк
жауаптылықтан босату
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық белгiлерi бар әрекет жасаған адам жағдайдың өзгеруiне, сондай-ақ әкiмшiлiк жазаны орындауға кедергi келтiретiн науқасына байланысты әкiмшiлiк жауаптылықтан босатылуы мүмкiн.
9-тарау. Кәмелетке толмағандардың әкімшілік жауаптылығы
72-бап. Кәмелетке толмағандардың әкiмшiлiк жауаптылығы
1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасалған кезде он алты жасқа толған, бiрақ он сегiз жасқа толмаған адамдар осы тараудың күшi қолданылатын кәмелетке толмағандар деп танылады.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасаған кәмелетке толмағандарға әкiмшiлiк жаза тағайындалуы мүмкiн не оларға тәрбиелiк ықпал етудiң мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкiн.
73-бап. Кәмелетке толмағандарға әкiмшiлiк жазалар қолданудың
ерекшелiктерi
1. Айыппұл кәмелетке толмаған адамның өндiрiп алуға болатын дербес жалақысы немесе мүлкi болған кезде тағайындалады. Айыппұл мөлшерi он айлық есептiк көрсеткiштен аспауға тиiс. Кәмелетке толмағанның өндiрiп алуға болатын дербес жалақысы немесе мүлкi болмаған жағдайда айыппұл жалпы негiздерде ата-анасына немесе олардың орнындағы адамдарға салынады.
2. Арнаулы құқықтан айыру кәмелетке толмағандарға бiр жылдан аспайтын мерзiмге қолданылуы мүмкiн.
3. Әкiмшiлiк жазалардың басқа да түрлерi (әкiмшiлiк қамауға алуды қоспағанда), сондай-ақ осы Кодекстiң 45 және 57-баптарында аталған әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шаралары әкiмшiлiк құқық бұзушылық жасауда кiнәлi кәмелетке толмағандарға жалпы негiздерде қолданылады.
74-бап. Кәмелетке толмаған адамға әкiмшiлiк жаза қолдану
1. Осы Кодекстiң 61 және 62-баптарында көзделген мән-жайлардан басқа, кәмелетке толмаған адамға әкiмшiлiк жаза қолданған кезде оның өмiр сүру және тәрбиелену жағдайлары, психикалық даму деңгейi, жеке басының өзге де ерекшелiктерi, сондай-ақ оған жасы үлкен адамдардың әсер етуi ескерiледi.
2. Кәмелетке толмаған жас басқа да жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлармен жиынтықта жеңiлдететiн мән-жай ретiнде ескерiледi.
75-бап. Кәмелетке толмағандарды әкiмшiлiк жауаптылықтан және
әкiмшiлiк жазадан босату
Әкiмшiлiк құқық бұзушылықты бiрiншi рет жасаған кәмелетке толмаған адамды әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарауға уәкiлеттi орган (лауазымды адам) оған заңдарда көзделген тәрбиелiк ықпал ету шараларын қолдана отырып, әкiмшiлiк жауаптылықтан немесе тағайындалған әкiмшiлiк жазаны орындаудан босатуы мүмкiн.
76-бап. Тәрбиелiк ықпал ету шаралары
1. Кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк ықпал етудiң мынадай шаралары тағайындалуы мүмкiн:
1) заңды түсiндiру;
2) ата-аналарының немесе олардың орнындағы адамдардың, не мамандандырылған мемлекеттік органның қадағалауына беру;
3) келтiрген зиянды реттестiру мiндетiн жүктеу;
4) бос уақытын шектеу және кәмелетке толмаған адамның мiнез-құлқына ерекше талаптар белгiлеу.
2. Заңдарда тәрбиелiк ықпал етудiң өзге де шаралары көзделуi мүмкiн.
3. Кәмелетке толмаған адамға бiр мезгiлде тәрбиелiк ықпал етудiң бiрнеше шаралары тағайындалуы мүмкiн.
77-бап. Тәрбиелiк ықпал ету шараларының мазмұны
1. Заңды түсiндiру кәмелетке толмаған адамға оның әрекетiмен келтiрiлген зиянды және осы Кодексте көзделген құқық бұзушылықтарды қайталап жасаудың заңдық салдарын түсiндiруден тұрады.
2. Қадағалауға беру ата-аналарға немесе олардың орнындағы адамдарға, не мамандандырылған мемлекеттік органға кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк ықпал ету және оның мiнез-құлқына бақылау жасау жөніндегі мiндеттердi жүктеуден тұрады.
3. Келтiрiлген зиянды жөнге келтiру мiндетi кәмелетке толмаған адамның мүлiктiк жағдайы мен тиiстi еңбек дағдыларының болуы ескерiле отырып жүктеледi.
4. Бос уақытын шектеу және кәмелетке толмаған адамның мiнез-құлқына ерекше талаптар белгiлеу белгiлi бiр орындарға баруға, бос уақытын өткізудiң белгiлi бiр нысандарын, оның iшiнде көлiк құралдарын пайдалануға, тәулiктiң белгiлi бiр уақытынан кейiн үйден тыс жерлерде болуға, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның рұқсатынсыз басқа жерлерге кетуге тыйым салуды көздеуi мүмкiн. Кәмелетке толмаған адамға оқуды аяқтау не кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның көмегiмен жұмысқа тұру талабы да қойылуы мүмкiн. Бұл тiзбе осымен шектелмейдi.
78-бап. Ескiру мерзiмдерi
Осы Кодекстiң 69-бабында көзделген ескiру мерзiмдерiнiң кәмелетке толмағандарды әкiмшiлiк жауаптылықтан немесе әкiмшiлiк жазаны орындаудан босату кезiнде жартысы қысқартылады.
79-бап. Кәмелетке толмаған адам әкiмшiлiк жазаға ұшырады деп
есептелетiн мерзiм
Өзiне әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жаза қолданылған кәмелетке толмаған адам осындай жазаға әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулының орындалуы аяқталған күннен бастап алты айдың iшiнде ұшырады деп есептеледi.
ҚР 09.12.04 ж. № 10-III Заңымен 9-1-тараумен толықтырылды
9-1-тарау. Жеке адамға қол сұғатын әкiмшiлiк құқық
бұзушылықтар
79-1-бап. Ұрып-соғу
Тән ауруына ұшырататын, бiрақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 105-бабында көзделген зардаптарға әкеп соқпаған ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттерiн жасау, -
айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға не он бес тәулiкке дейiн қамауға әкеп соғады.
79-2-бап. Денсаулыққа жан күйзелісі жағдайында зиян келтiру
Жәбiрленушiнiң тарапынан болған зорлықтан, қорлаудан немесе ауыр тiл тигiзуден не жәбiрленушiнiң өзге де құқыққа қарсы немесе моральға жат әрекеттерiнен (әрекетсiздiгiнен), сол сияқты жәбiрленушiнiң ұдайы құқыққа қарсы немесе моральға жат мiнез-құлқына байланысты туындаған ұзаққа созылған психикалық зақым келтiретiн жағдайдан болған қатты жан күйзелісі (аффект) кенеттен туындаған кезде денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтiру, -
айлық есептiк көрсеткiштiң елуден екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға не он бес тәулiкке дейiн қамауға әкеп соғады.
79-3-бап. Денсаулыққа абайсызда орташа ауырлықтағы зиян
келтiру
Денсаулыққа абайсызда орташа ауырлықтағы зиян келтiру, -
айлық есептiк көрсеткiштiң елуден жүз елуге дейiнгі мөлшерiнде айыппұл салуға не он бес тәулiкке дейiн қамауға әкеп соғады.
79-4-бап. Соз ауруын жұқтыру
Өзiнде соз ауруы бар екендiгiн бiлген адамның басқа адамға осы ауруды жұқтыруы, егер бұл iс-әрекетте қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгiлерi болмаса, -
айлық есептiк көрсеткiштiң елуден екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға не он бес тәулiкке дейiн қамауға әкеп соғады.";
Ерекше бөлім
10-тарау. Жеке адамның құқықтарына қол
сұғатын әкімшілік құқық бұзушылық
80-бап. Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға
кедергi келтiру
Лауазымды адамның Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын адамның Қазақстан азаматтығын алуына кедергi келтiретiн заңсыз iс-әрекеттер жасауы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан отызға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
81-бап. Тiл туралы заңдарды бұзғаны үшiн жауаптылық
Лауазымды адамның тiл бiлмеймiн деген сылтаумен құжаттарды, сауал салуды, өтiнiштердi немесе шағымдарды қабылдаудан бас тартуы, сондай-ақ оларды мәнi бойынша қарамауы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
82-бап. Азаматтардың тiл таңдау құқықтарын шектеу
Азаматтардың тiл таңдау құқықтарын шектеу, тiлге байланысты себептер бойынша кемсiту, -
лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
83-бап. Еркiн жүрiп-тұру және тұрғылықты жер таңдау құқығын шектеу
Азаматтардың еркiн жүрiп-тұру және тұрғылықты жер таңдау (Қазақстан Республикасының Үкіметі шек қоюы мүмкiн шекаралық өңiрлердi және жекелеген жерлердi қоспағанда) құқығын шектейтiн лауазымды адамдардың iс-әрекетi не әрекетсiздiгi, егер бұл қылмыс жасады деген айыптаумен байланысты болмаса, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 07.01.03 ж. № 372-II; 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара); 09.12.04 ж. № 10-III (бұр. ред. қара) Заңдарымен 84-бап өзгертілді
84-бап. Азаматқа ақпарат беруден бас тарту, сол сияқты ақпараттық ресурстарға қол жеткізу құқығын заңсыз шектеу
Қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгiлерi жоқ, белгiленген тәртiппен жиналған, азаматтың құқықтары мен бостандықтарын тiкелей қозғайтын құжаттарды, материалдарды беруден заңсыз бас тарту, не азаматқа толық емес немесе көрiнеу жалған ақпарат беру, сол сияқты жалпы жұрт қол жеткiзетiн ақпаратты шектеулi қол жеткiзiлетiн ақпаратқа заңсыз түрде жатқызу, -
лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Ақпараттық ресурстарға қол жеткізу құқығын заңсыз шектеу - азаматтарға - айлық есептік көрсеткіштің бестен онға дейінгі мөлшерінде, лауазымды адамдарға - оннан елуге дейінгі мөлшерінде, заңды тұлғаларға жиырмадан екі жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
Лауазымды адамның осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттердi жасауы, егер бұл әрекеттер азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiне зиян келтiрсе, -
айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
85-бап. Медициналық қызмет көрсетудiң кепiлдiк берiлген
көлемiн орындамау
Медициналық қызметкердiң азаматқа заң актілерімен кепiлдiк берiлген медициналық көмек көлемiн көрсету жөніндегі кәсiби мiндеттерiн орындамауы, егер мұндай iс-әрекет денсаулыққа орташа дәрежеде зиян келтiрмесе және ауыр зардаптарға әкеп соқпаса, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
86-бап. Қылмыс жасады деген кiнәлiлiк туралы мәлiметтердi тарату
Iстi сот қарағанға дейiн немесе ақтау үкімі болған кезде адамның қылмыс жасады деген кiнәлiлiгi туралы мәлiметтердi жұртшылыққа тарату, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң онға дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға - оннан отызға дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 87-бап өзгертілді
87-бап. Еңбек туралы заңдарды бұзу
1. Жұмыс берушiнiң немесе лауазымды адамның еңбек туралы заңдарды және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi бұзуы (жалақы төлеудi кiдiртуден басқа), -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Жұмыс берушiнiң немесе ұйымның лауазымды адамының кiнәсiнен жалақыны және өсiмпұлды ұжымдық және жеке еңбек шарттарында белгiленген толық көлемiнде мерзiмiнде төлемеуi, -
айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан қырыққа дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттердi заңды тұлғаның жасауы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескерту. Осы Кодексте жұмыс берушi деп жетекшiсi (әкiмшiлiгi) өкiлдiк ететiн заңды тұлға, не қызметкер онымен еңбек қатынастарында тұратын жеке адам танылады.
Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде аталған лауазымды адамдар деп, егер олар басқаратын ұйымдар жалақыны төлеуге қаражат берудi (аударуды) кiдiртсе, атқарушы өкiмет органдарының, қаржы-кредит және өзге де ұйымдардың басшыларын түсiнген жөн.
2005.13.04 № 40-III ҚР Заңымен 87-1-баппен толықтырылды
87-1-бап. Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы
заңнаманы бұзу
Лауазымды адамның және заңды тұлғаның, осы Кодекстiң 18-тарауында көзделген жағдайларды қоспағанда, мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы заңнаманы бұзуы, -
лауазымды адамға - айлық есептiк көрсеткiштiң қырыққа дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаға төрт жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады
13.03.03 ж. № 394-II ҚР Заңымен 88-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 13.12.04 ж. № 11-III ҚР Заңымен (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді) 88-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
88-бап. Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасын бұзу
1. Жинақтаушы зейнетақы қорларының Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында көзделген зейнетақы төлемдерiн, аударымдар мен алып қоюларды белгiленген мерзiмдерде уақтылы жүзеге асыру жөніндегі мiндеттерiн орындамауы, -
лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға айлық есептiк көрсеткiштiң елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Зейнетақы төлеу жөніндегі орталықтың лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында көзделген зейнетақыны толық мөлшерде және белгiленген мерзiмдерде төлеу жөніндегі мiндеттерiн орындамауы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Жеке тұлғаның, жеке кәсiпкердiң, жеке нотариустың, адвокаттың, заңды тұлғаның немесе оның лауазымды адамдарының:
салық органдарына мiндеттi зейнетақы жарналары бойынша пайдасына берешек өндiрiп алынатын жинақтаушы зейнетақы қорлары салымшыларының тiзiмдерiн табыс етпеуi;
салық органдарына әрбiр жинақтаушы зейнетақы қоры бойынша берешектердiң жалпы сомасын көрсете отырып, жинақтаушы зейнетақы қорларының тiзiмдерiн табыс етпеуi;
салық органдарына мiндеттi зейнетақы жарналарының есептелген, ұсталған (есептеп қосылған) және аударылған сомалары жөнiнде есептердi Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгiленген мерзiмдерде табыс етпеуi;
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiпке сәйкес әрбiр қызметкер бойынша есептелген, ұсталған (есептеп қосылған) және аударылған мiндеттi зейнетақы жарналарын бастапқы есепке алуды жүргiзбеуi;
есептелген, ұсталған (есептеп қосылған) және аударылған мiндеттi зейнетақы жарналары туралы мәлiметтердi салымшыларға Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгiленген мерзiмдерде табыс етпеуi;
жинақтаушы зейнетақы қорларына мiндеттi зейнетақы жарналарын уақтылы және (немесе) толық есептемеуi, ұстамауы (есептеп қоспауы) және (немесе) төлемеуi (аудармауы) түрiнде жасаған Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында көзделген мiндеттердi орындамауы не тиiсiнше орындамауы, -
жеке тұлғаға - айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде, жеке кәсiпкерлерге, жеке нотариустарға, адвокаттарға, лауазымды адамдарға - жиырмадан қырыққа дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаға бiр жүзден екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер, -
жеке тұлғаға - айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан қырыққа дейiнгi мөлшерiнде, жеке кәсiпкерлерге, жеке нотариустарға, адвокаттарға, лауазымды адамдарға - қырықтан сексенге дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаға екi жүзден төрт жүзге дейiнгi мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 08.04.04 ж. № 542-II Заңымен 88-1-баппен толықтырылды
88-1-бап. Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы Қазақстан
Республикасының заңдарын бұзу
1. Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қоры мен Зейнетақы төлеу жөніндегі орталықтың лауазымды адамдарының кiнәсiнен Қазақстан Республикасының мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру туралы заңдарында белгiленген мерзiмдерде әлеуметтiк төлемдердiң төленбеуi, -
лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Жеке кәсiпкердiң, жекеше нотариустың, адвокаттың, заңды тұлғаның немесе оның лауазымды адамдарының Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдарды аудару жөніндегі мiндеттi орындамауы немесе тиiсiнше орындамауы, -
лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан қырыққа дейiнгi мөлшерiнде, жеке кәсiпкерлерге, жекеше нотариустарға, адвокаттарға немесе заңды тұлғаларға - аударылмаған (уақтылы аударылмаған) әлеуметтiк аударымдар сомасының елу процентi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
89-бап. Еңбектi қорғау ережелерiн бұзу
1. Жұмыс берушiнiң немесе лауазымды адамның еңбектi қорғау туралы заңдарды не жазатайым жағдайға әкеп соқпаған еңбектi қорғау жөніндегі ережелердi бұзуы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Қауiпсiздiк техникасы, өнеркәсiптiк санитария немесе еңбек қорғаудың өзге де ережелерiн осы ережелердi сақтау жөнiнде мiндеттер жүктелген лауазымды адамның бұзуы, егер бұл абайсызда жеңiл дене жарақаты түрiнде адам денсаулығына зиян келтiруге әкеп соқса немесе өмiр мен денсаулық үшiн көрiнеу қауiп (өндiрiстiк жарақаттану) төндiрсе, -
айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Заңды тұлғаның еңбек туралы заңдарды, еңбектi қорғау туралы заңдарды немесе еңбектi қорғау жөніндегі ережелердi бұзуы, -
заңды тұлғаларға айлық есептiк көрсеткiштiң екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
90-бап. Ұжымдық шарт, келісім жөніндегі келiссөздерге
қатысудан жалтару
Ұжымдық шартты, келісімдi жасасу, өзгерту немесе толықтыру жөніндегі келiссөздерге қатысудан жалтару немесе аталған келiссөздердi жүргiзу мерзiмдерiн бұзу, тиiстi комиссияның жұмысын тараптар белгiлеген мерзiмде қамтамасыз етпеу, -
келiссөздер жүргiзуге уәкiлеттi адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
91-бап. Ұжымдық шарт, келісім жасасудан негiзсiз бас тарту
Ұжымдық шарт, келісім жасасудан негiзсiз бас тарту, -
ұжымдық шарт, келісім жасасуға уәкiлеттi адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
92-бап. Ұжымдық шартты, келісімдi орындамау немесе бұзу
Ұжымдық шарт, келісім бойынша мiндеттемелердi орындамау немесе бұзу, -
ұжымдық шарт, келісім бойынша мiндеттемелердiң орындалмауына кiнәлi адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
93-бап. Ұжымдық келiссөздер жүргiзуге және ұжымдық шарттардың,
келісімдердiң орындалуын бақылауды жүзеге асыруға қажеттi
ақпарат бермеу
Ұжымдық келiссөздер жүргiзуге және ұжымдық шарттардың, келісімдердiң орындалуын бақылауды жүзеге асыруға қажеттi ақпаратты бермеу, -
ақпараттың берiлмеуiне кiнәлi адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
94-бап. Халықты жұмыспен қамту туралы заңдарды бұзу
1. Жеке және заңды тұлғалардың халықты жұмыспен қамту туралы заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi бұзуы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң сегiзден онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған нақ сол iс-әрекеттер, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
95-бап. Мемлекеттік қызметке қол жеткізуге тең құқықты
iске асыруға кедергi келтiру
Мемлекеттік қызметшi лауазымына кандидатқа заңдарда көзделмеген талаптарды және белгiленген тәртiппен бекітілмеген біліктілік талаптарын қою, -
лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
96-бап. Азаматтың берген шағымын оған зиянды болатындай етiп бағыттау
Негiздi шағым берген немесе мүддесiне орай шағым берiлген адамға сол шағымды оған зиянды болатындай етiп бағыттау, -
лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.