3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiнгi бiр жыл iшiнде қайталап жасалған нақ сол iс-әрекеттер, -
жеке кәсiпкерлерге және лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң оннан қырыққа дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
216-бап. Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге
асыратын басқа да ұйымдар, қор биржалары лауазымды
адамдарының салық заңдарында көзделген мiндеттердi орындамауы
1. Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын басқа да ұйымдар, қор биржалары лауазымды адамдарының салық заңдарында көзделген мiндеттердi:
салық төлеушiлердiң - заңды тұлғалардың (заңды тұлға құрмай кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлғалардың) банк шоттарын ашқаны туралы салық қызметi органдарына хабарламау, салық төлеушiлердiң өздерiнiң банк шоттарынан салық сипатындағы мiндеттi төлемдер сомаларын, оларға салық органдары берген және оны есепке қою фактiсiн растайтын құжатты табыс етпей, республикалық және жергiлiктi бюджеттерге аударуға төлемдер тапсырмасын жүзеге асыру;
салық төлеушiлердiң өздерiнiң банк шоттарынан салық сипатындағы мiндеттi төлемдердiң Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген айыппұлдар мен өсiмпұлдар сомасын республикалық және жергiлiктi бюджеттерге аударуға (төлеуге) төлемдiк тапсырмаларды бiрiншi кезекте орындамау;
банкке немесе бюджет жүйесiнiң кассалық орындалуын жүзеге асыратын басқа ұйымға салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер сомасын салық төлеушiнiң банк шотынан ақшаны есептен шығару жөніндегі операция жүргiзiлген күнi есептемеу (аудармау);
салық органдарының салық төлеушiлерден белгiленген мерзiмде енгiзiлмеген салықтар, айыппұлдар, өсiмпұлдар сомасын өндiрiп алу жөніндегі инкассолық тапсырмаларын бiрiншi кезекте орындамау;
салық қызметi органдарының қызметкерлерiн банк шоттары бойынша, салық төлеушiлердiң - заңды тұлғалардың (заңды тұлға құрмай кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлғалардың) осы шоттарда ақшасының бар-жоғы жөнiнде жасалған (жасалатын) операцияларды, сондай-ақ нақты жеке тұлғалардың операцияларын және шоттарда, салымдарда ақшасы бар-жоғын тексеруге жiберуден бас тарту немесе осы тексерулердi жүзеге асыруда өзгеше кедергi жасау;
салық органдарының заңды тұлғалардың банк шоттары бойынша барлық шығыс операцияларын тоқтата тұру жөніндегі өкiмдерiн орындамау, салық заңдарын бұзушылықтың анықталған жағдайларын жою туралы талаптарды орындамау, салық қызметi органдарына және олардың лауазымды адамдарына бухгалтерлiк есеп-қисаптар мен баланстарды, есептер мен салықты және бюджетке төленетiн басқа да төлемдердi есептеумен және төлеумен, бағалар және тарифтер белгiлеумен және қолданумен байланысты басқа да құжаттарды тапсырмау немесе тапсырудан бас тарту;
салық органдарының сауал салулары бойынша белгiлi бiр кезеңде банк шоттары бойынша жасалған операциялар туралы, салық төлеушiлердiң осы шоттарда ақшасының бар-жоғы туралы мәлiметтердi табыс етпеу;
банктердiң, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың, қор биржаларының лауазымды адамдарының салық қызметi органдарының сауал салулары бойынша салық төлеушiлердiң алдағы жыл iшіндегі қаржы операциялары туралы және уәкiлеттi мемлекеттік орган белгiлеген нысан мен мерзiм бойынша есептелген сыйақы (мүдде) туралы мәлiметтердi табыс етпеу түрiнде орындамауы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған нақ сол әрекеттер, -
айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II (бұр. ред. қара) Заңымен 217-бап өзгертілді
217-бап. Банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн
жүзеге асыратын ұйымдардың салық заңдарында белгiленген
мiндеттердi орындамауы
1. Банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың салық заңдарында белгiленген мiндеттердi:
салық төлеушiнiң (жеке тұлғалар - резидент еместерден басқа) банк шоттарын ашуы кезiнде оның тiркеу нөмiрiн есепке алмау;
салық төлеушiге - заңды тұлғаға немесе заңды тұлға құрмай кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлғаға банк шоттарының ашылғаны туралы салық органдарына үш жұмыс күнi iшiнде хабарламау;
клиенттер шоттары бойынша төлем құжаттарында (вексельдi қоспағанда) салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрiн қоймай, операциялар жүргiзу;
салық төлеушiлердiң - заңды тұлғалардың немесе заңды тұлға құрмай кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлғалардың банк шоттары бойынша барлық шығыс операцияларын салық заңдарында көзделген жағдайларда салық органдарының шешiмi бойынша тоқтатпау;
банкке немесе бюджет жүйесiнiң кассалық орындалуын жүзеге асыратын басқа ұйымға салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер сомасын салық төлеушiнiң банк шотынан ақшаны есептен шығару жөніндегі операция жасалған күнi есептемеу (аудармау);
салық заңдарында көзделген жағдайларда салық органдарының шешiмi бойынша тиiстi салықтарды сөзсiз аударуға қатысты нұсқауларды бiрiншi кезекте орындамау;
салық органдарының салықты және басқа да төлемдердi, өсiмпұлдар мен айыппұлдарды алу жөніндегі инкассолық тапсырмаларын (өкiмдерiн) бiрiншi кезекте орындамау түрiнде жүзеге асырмауы, -
заңды тұлғаларға салық төлеушiлердiң банк шоттары бойынша жасалған шығыс операциялары сомасының бес процентi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың шартты банк салымы туралы шарттар бойынша орналастырылған салықтардың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң сомасын аудармауы немесе дер кезiнде аудармауы, -
заңды тұлғаларға шартты банк салымында орналастырылған, аударылмаған немесе дер кезiнде аударылмаған салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлем сомасының елу процентi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
218-бап. Банк операциялары туралы көрiнеу жалған мәлiметтер табыс ету
Банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың заңды немесе жеке тұлғалардың банк шоттары бойынша операциялар туралы көрiнеу жалған мәлiметтер табыс етуi, сол сияқты осы банктiң iс жүзіндегі қаржылық жай-күйiмен көрiнеу қамтамасыз етiлмеген тапсырмалар, кепiлдiктер және өзге де мiндеттемелер беруi, егер бұл iс-әрекеттер жеке немесе заңды тұлғаға не мемлекетке iрi залал келтiрмесе, -
лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң оннан елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескерту. Құқық бұзушылық жасалған кездегi бес жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнен асатын сома - жеке тұлғаға келтiрiлген, екi мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнен асатын сома заңды тұлғаға келтiрiлген залалдың iрi мөлшерi деп танылады.
219-бап. Салық қызметi органдары мен олардың лауазымды адамдарының
заңды талаптарын орындамау
1. Салық төлеушiнiң салық қызметi органдары мен олардың лауазымды адамдарының заңды талаптарын орындамауы, -
жеке тұлғаларға - айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған нақ сол әрекеттер, -
жеке тұлғаларға - айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға жиырмадан қырыққа дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Салық төлеушi кәсiпкерлiк қызмет үшiн пайдаланатын аумаққа немесе үй-жайға (тұрғын үй-жайдан басқа) салық тексеруiн жүргiзушi салық қызметi органы лауазымды адамының келiп кiруiне заңсыз кедергi келтiру, -
жеке кәсiпкерлерге және лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң қырықтан елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған нақ сол әрекеттер, -
лауазымды адамдарға және жеке кәсiпкерлерге айлық есептiк көрсеткiштiң елуден жетпiске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
17-тарау. Өнеркәсіп, жылу, электр энергиясын пайдалану
саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық
220-бап. Жарылғыш материалдарды, радиоактивтi және өзге де
экологиялық жағынан қауiптi заттарды пайдалану ережелерiн
бұзу
1. Жарылғыш материалдарды, пиротехникалық заттарды, радиоактивтi, бактериологиялық, химиялық және қадағалау органдарының бақылауындағы өнеркәсiп салалары мен объектiлердегi өзге де экологиялық қауiптi заттар мен қалдықтарды өндiру, сақтау, көму, жою, пайдалану, кәдеге асыру, тасымалдау немесе өзгедей айналысу ережелерiн бұзу, егер онда қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгiлерi болмаса, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң онға дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға - елуге дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға жүз елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Ядролық материалдарды, арнаулы ядролық емес материалдарды және ядролық қызметке қатысы бар қосарлы мақсаттағы бұйымдарды өндiрудiң, сақтаудың, көмудiң, пайдаланудың, кәдеге асырудың, тасымалдаудың немесе өзге де айналысудың белгiленген ережелерiн бұзу, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға - елуден жүзге дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға екi жүз елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
221-бап. Жұмыстарды қауiпсiз жүргiзу жөніндегі ережелердi бұзу
Өнеркәсiп, тау-кен және құрылыс жұмыстары салаларында не төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет органының және басқа да мемлекеттік қадағалау органының бақылауындағы объектiлерде жұмыстарды қауiпсiз жүргiзу жөнiнде белгiленген ережелердi бұзу, егер бұл адам денсаулығына абайсыздықтан ауыр және орташа ауырлықта зиян келтiруге әкеп соқтырмаса, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң онға дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға - жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға жүз елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
222-бап. Ядролық және техникалық қауiпсiздiктiң белгiленген нормалары
мен ережелерiн бұзу
1. Атом энергиясын пайдалану кезiнде ядролық және техникалық қауiпсiздiктiң белгiленген нормалары мен ережелерiн бұзу; атом энергиясын пайдалану объектiлерiн орналастыру, осы объект жобасында көзделген барлық құрылыстарды iске қоспай тұрып атом энергиясын пайдалану объектiсiн iске қосуға қабылдаудың талаптарын сақтамау; атом энергиясын пайдалану жабдықтары мен объектiлерiн жеткізу, монтаждау, сынақтан өткізу, iске қосудың, сондай-ақ пайдаланудан алудың белгiленген талаптарын бұзу, егер бұл әрекеттер адам өлiмiне немесе қоршаған ортаны радиоактивтiк зақымдауға әкеп соқтырмаса, -
ескерту жасауға немесе лицензиясынан, атом энергиясын пайдалану саласындағы қызметтiң белгiлi бiр түрiне арнайы рұқсаттан айыра отырып, азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға - оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Арнайы рұқсатсыз, лицензиясыз атом энергиясын пайдалану объектiлерiнде жұмыстар жүргiзу, сондай-ақ ядролық материалдармен және радиоактивтi заттармен айналысу, егер бұл iс-әрекеттерде қылмыстық жаза қолданылатын әрекет белгiлерi болмаса, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға - жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға бес жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
223-бап. Электр және жылу пайдаланатын қондырғыларды техникалық
пайдалану мен қауiпсiз қызмет көрсету ережелерiн бұзу,
сондай-ақ энергия тұтынудың белгiленген режимдерiн бұзу
Авария қаупiне, қоршаған ортаның ластануына, өртке немесе қызмет көрсетушi адамның өмiрiне қауiптi жай-күйге әкеп соқтыратын, электр және жылу пайдаланатын қондырғыларды техникалық пайдалану мен қауiпсiз қызмет көрсетудiң белгiленген ережелерiн бұзу, не басқа да энергия тұтынушыларды шектеуге және одан ажыратуға әкеп соқтыратын энергия тұтынудың белгiленген режимiнiң бұзылуына жол беру, -
жеке кәсiпкерлер мен лауазымды адамдарға - айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға екi жүз елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
224-бап. Электр желiлерiн бүлдiру
Тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз етуде үзiлiс туғызған және залал келтiрген электр желiлерiн (әуе электр беру желiлерi, жер асты және су асты кабель желiлерi, трансформаторлық және өзгертушi қосалқы станциялар, бөлiп таратқыш құрылғылар мен ауыстырып қосқыш пункттер) бүлдiру, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң екiден онға дейiнгi мөлшерiнде, жеке кәсiпкерлер мен лауазымды адамдарға - оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
225-бап. Жылу желiлерiн бүлдiру
Жылу желiлерiн (құбырлар мен олардың конструкцияларын, арналарды, жылу камераларын, сорап станцияларын) бүлдiру, егер бұл әрекет адамдардың денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтiрудiң нақты қатерiне соқтырмаса, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң екiден онға дейiнгi мөлшерiнде, жеке кәсiпкерлер мен лауазымды адамдарға - оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 05.12.03 ж. № 506-II Заңымен 225-1-баппен толықтырылды
225-1-бап. Электр желiлерi мен жылу желiлерiнiң күзет
аймақтарында жұмыстар жүргiзу
Қарамағында электр және жылу желiлерi бар ұйымдардың келісімiнсiз электр және жылу желiлерiнiң күзет аймақтарында құрылыс, монтаж, жер қазу, тиеу-түсiру жұмыстарын, ұңғымалар мен шурфтарды салуға байланысты iздестiру жұмыстарын жүргiзу, алаңдарды, автомобиль көлiгiнiң тұрақтарын жайластыру, базарларды орналастыру, материалдарды қоймаға салу, қоршаулар мен дуалдар соғу, күйдiргiш коррозиялы заттар мен жанар-жағармай материалдарын шығарып тастау мен төгу, -
азаматтарға айлық есептiк көрсеткiштiң екiден онға дейiнгi мөлшерiнде, жеке кәсiпкерлер мен лауазымды адамдарға - оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға - жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
226-бап. Газ пайдаланудың ережелерi мен нормаларын бұзу
Газ шаруашылығы ұйымының рұқсатынсыз газ пайдалану қондырғыларына газ жiберу немесе газ тұтынудың белгiленген режимiн сақтамау, -
лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
227-бап. Газ пайдалану қондырғыларын газдың жұмсалуын есепке алмай
пайдалану
Газ пайдалану қондырғыларын газдың жұмсалуын есепке алмай немесе газ қолдана отырып өндiрiлетiн жылу энергиясы мен өнiмдi есепке алмай пайдалану, не газ пайдалану қондырғысының жобасында көзделген газдың жану процестерiн автоматты түрде реттеу құралдарының немесе газдың ұтымды әрi тиiмдi пайдаланылуын қамтамасыз ететiн жылу-техникалық бақылау приборларының немесе жылуды пайдалануға жарататын жабдықтың болмауы (бұзылып қалуы), -
лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң он беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
228-бап. Резервтiк отын шаруашылығының дайындығын қамтамасыз етуге
шаралар қолданбау
Газ тұтынушы ұйымдар үшiн көзделген резервтiкi отын шаруашылығының жұмысқа дайындығын қамтамасыз ету шараларын қолданбау немесе газ пайдалану қондырғыларын резервке қойылған отын түрлерiмен жұмыс iстеуге дайын болмауы, -
ескерту жасауға немесе лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
229-бап. Газ құбырлары мен олардың жабдықтарын бүлдiру
1. Газ құбырлары мен олардың жабдықтарын бүлдiру немесе газ приборларын желiге өз бетiмен орнату, ауыстыру, iске қосу, сондай-ақ оларды пайдаланудың ережелерiн аварияға себеп болуы мүмкiн өзгедей бұзуы, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң үштен онға дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Газ құбырлары мен газ жабдықтарын пайдалану ережелерiнiң аварияға себеп болуы мүмкiн қайталап бұзылуы, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға жиырмадан отызға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
230-бап. Құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргiзу кезiнде аумақтарды
бүлдiру
Тиiстi рұқсатсыз аулаларды, көшелер мен алаңдарды қазу, оларға құрылыс материалдарын үйiп тастау, қазылған жердi, сондай-ақ құрылыс алаңдарын құрылыс пен жөндеу аяқталғаннан кейiн тәртiпке келтiруге шаралар қолданбау, -
ескерту жасауға немесе азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң онға дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға - он беске дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
18-тарау. Сәулет-құрылыс қызметі саласындағы
әкімшілік құқық бұзушылық
231-бап. Сәулет-құрылыс қызметi саласында заңдар мен мемлекеттік
нормативтердiң талаптарын бұза отырып, жобалау алдындағы,
iздестiру, жобалау, құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау,
құрылыс материалдарын, бөлшектерi мен құрастырмаларын шығару
мен қолдану
1. Сәулет-құрылыс қызметi саласында заңдар мен мемлекеттік нормативтердiң талаптарын бұза отырып, жобалау алдындағы, iздестiру, жобалау, құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау, құрылыс материалдарын, бөлшектерi мен құрастырмаларын қолдану, -
лауазымды адамдарға - айлық есептiк көрсеткiштiң он бестен жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға үш жүзден бес жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiнгi бiр жыл iшiнде қайталап жасалған нақ сол iс-әрекеттер, -
қызметтiң тиiстi түрiне лицензиядан айыра отырып немесе онсыз, лауазымды адамдарға - айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға бес жүзден жетi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
232-бап. Құрылыс-монтаж және жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарын
жүргiзу кезiнде бекітілген құрылыс нормаларының және жобалау
құжаттарының талаптарын бұзу
1. Құрылыс-монтаж және жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу кезiнде ғимараттардың, құрылыстардың, олардың бөлiктерiнiң немесе жекелеген құрастырмалы элементтерiнiң пайдаланылу сапасын нашарлатуға, берiктiгiн, орнықтылығын төмендетуге әкеп соқтыратын бекітілген құрылыс нормаларының және жобалау құжаттарының талаптарын бұзу, -
лицензия күшiн тоқтата отырып немесе онсыз, лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң он бестен жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға үш жүзден бес жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Ғимараттардың, құрылыстардың, олардың бөлiктерiнiң немесе жекелеген құрастырмалы элементтерiнiң берiктiгiн, орнықтылығын жоғалтуға әкеп соқтыратын осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген iс-әрекеттердi жасау, -
қызметтiң тиiстi түрiне лицензиядан айырып, лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға бес жүзден сегiз жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
233-бап. Белгiленген тәртiпте бекітілмеген жобалау құжаттарынсыз
объектiлердi тұрғызу және қайта жаңғырту кезiнде құрылыс,
құрылыс-монтаж, жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу
1. Белгiленген тәртiпте бекітілген жобалау құжаттарынсыз объектiлердi тұрғызу және қайта жаңғырту кезiнде құрылыс, құрылыс-монтаж, жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу, -
жүргiзiлiп жатқан жұмыстарын тоқтата тұрып, лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға үш жүзден бес жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған нақ сол iс-әрекеттер, -
лицензиядан айырып не онсыз және жүргiзiлiп жатқан жұмыстарын тоқтата тұрып лауазымды адамдарға - айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға бес жүзден сегiз жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
234-бап. Объектiлердi тұрғызу және қайта жаңғырту, құрылыс
материалдарын, бұйымдар мен құрастырмалар дайындау бойынша
құрылыс-монтаж, жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу
кезiнде нормативтiк құжаттармен көзделген атқарушы
техникалық құжаттамаларды ресiмдеу ережелерiн бұзу
Объектiлердi тұрғызу және қайта жаңғырту, құрылыс материалдарын, бұйымдар мен құрастырмалар дайындау бойынша құрылыс-монтаж, жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу кезiнде нормативтiк құжаттармен көзделген атқарушы техникалық құжаттамаларды ресiмдеу ережелерiн бұзу, -
ескерту жасауға немесе лауазымды адамдарға - айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жетiге дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
235-бап. Белгiленген тәртiпте сараптамадан өткiзiлмеген немесе
құрылыс жұмыстарын жүргiзу құқығына рұқсатсыз объектiлер
салу, қайта жаңғырту және күрделi жөндеу
1. Заңдармен белгiленген тәртiпте мемлекеттік сараптамадан өткiзiлмеген немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу құқығына рұқсатсыз объектiлер салу, қайта жаңғырту және күрделi жөндеу, -
лауазымды адамдарға - айлық есептiк көрсеткiштiң он бестен жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға төрт жүзден бес жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған нақ сол iс-әрекеттер, -
қызметтiң белгiлi бiр түрiне лицензиядан айыра отырып немесе онсыз, лауазымды адамдарға - айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға бес жүзден жетi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
236-бап. Объектiлер мен кешендердi пайдалануға берудiң белгiленген
тәртібін бұзу
Сәулет-құрылыс қызметi саласындағы мемлекеттік нормативтер талаптарын бұза отырып, объектiлер мен кешендердi пайдалануға берудiң белгiленген тәртібін бұзу, -
лауазымды адамдарға - мемлекеттік қабылдау комиссиясының мүшелерiне айлық есептiк көрсеткiштiң оннан он беске дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға екi жүзден үш жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
237-бап. Өз бетiмен құрылыс салу
Белгiленген тәртiпте алынған лицензиясыз, рұқсатсыз өндiрiстiк, тұрғын-үй, шаруашылық, гидротехникалық (су шаруашылық) немесе тұрмыстық объектiлер құрылысын өз бетiмен салу, -
өз бетiмен тұрғызған немесе тұрғызылып жатқан құрылысын мәжбүрлеп құлата отырып немесе онсыз, азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң оннан он беске дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға - он бестен жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға жүзден екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
238-бап. Тұрғын үй-жайларды өз бетiмен қайта жабдықтау және қайта
жоспарлау
1. Тұрғын үйдегi адам тұратын және тұрмайтын үй-жайларды сәулет-құрылыс жобасынсыз, сәулет және қала құрылысы жөніндегі уәкiлеттi органның рұқсатынсыз өз бетiмен қайта жабдықтау және қайта жоспарлау, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға - он бестен жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға жүз елуден екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Ғимарат берiктiгiнiң және орнықтылығының толық жойылуына (қирауына) әкеп соқтырған немесе әкеп соқтыруы мүмкiн нақ сол iс-әрекеттер, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға - жиырмадан елуге дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға екi жүз елуден бес жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескертулер.
1. Ғимараттардың, құрылғылардың, құрылыстардың, олардың бөлiктерiнiң немесе жекелеген құрастырма элементтерi берiктiгiнiң, орнықтылығының, сенімдiлiгiнiң кемiп кетуiне және жойылуына, тұрғызылатын объектiлердiң пайдалану сапасының нашарлауына, қоршаған ортаға керi әсер етуiне әкеп соғатын аумақтағы қала құрылысын салу кезiнде аумақты игеру, объектiлердi және кешендердi жобалау, салу, қайта жаңғырту, қалпына келтiру, жетiлдiру, күрделi жөндеу мен көркейту кезiнде мемлекеттік стандарттардың, техникалық шарттардың, құрылыс нормалары мен ережелерiнiң, жобалардың, басқа да нормативтiк актiлердiң мiндеттi талаптарының сақталмауы, сондай-ақ объектiлер құрылысының және оларды пайдалануға қабылдаудың белгiленген ұйымдастыру-құқықтық тәртібін бұзатын iс-әрекеттер құрылыс саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылық деп ұғынылады.