денсаулық сақтауды басқару жүйесін;
медициналық көмек көрсетудi ұйымдастыру жүйесiн;
медициналық қызметтер сапасының сараптамасын;
денсаулық сақтау жүйесінiң нормативтік базасын жетілдiру алдағы жылдарға арналған мiндеттер болып табылады.
Осы мiндеттердi iске асыру үшін:
бастапқы медициналық-санитарлық көмектi (БМСК) реформалау мен дамытуды;
денсаулық сақтауды басқару оның ішінде қаржыландыру, ақпараттық қамтамасыз ету жүйесiн жетілдірудi;
ана мен баланың денсаулығын нығайтуды;
әлеуметтік мәндi аурулардың алдын алуды, оларды диагностикалау мен емдеудi жетілдірудi;
денсаулық сақтау кадрларын даярлау мен қайта даярлауды көздейтiн Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды реформалаудың және дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданады.
Денсаулық сақтау ұйымдарының, бірiншi кезекте, бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) мекемелерінiң материалдық-техникалық базасы нығайтылады.
Медициналық қызметтер сапасын жақсарту мақсатында тәуелсiз медициналық сараптама жүйесi құрылады.
2005 жылдан бастап халықаралық стандарттарға сай диагностикалау және емдеу хаттамалары кезең-кезеңмен енгiзіледi.
Дәрілiк заттар айналымы саласында халықаралық стандарттарға кезең-кезеңмен көшу жүзеге асырылады.
Қазiргi заманғы ақпараттық технологиялар әзiрленедi және енгiзiледi, ортақ республикалық желiге бірiктiрiлген Денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесi құрылады.
9.8. Мәдениеттi, туризм мен спортты дамыту
9.8.1. Мәдениет және ақпарат
Мәдениет және ақпарат саласындағы негiзгi мақсат бірыңғай мәдени-ақпараттық кеңiстiктi нығайту, тарихи-мәдени мұраны, әлеуметтiк мәдени инфрақұрылымды, әсiресе ауылда сақтау және дамыту, кәсіптік өнердi және халық шығармашылығын дамыту жағдайларын қамтамасыз ету арқылы қоғамның рухани әлеуетін iске асыру болып табылады.
Мыналар:
"Қазақстан - 2030" Стратегиясының, Мемлекет Басшысы мен Үкiметтiң негiзгi бағдарламалық құжаттарының iске асырылуын ақпараттық-насихаттық қамтамасыз ету;
театр-концерт қызметін, ұлттық фильмдер өндiрiсiн қолдау және дамыту үшін жағдайлар жасау;
ауыл мәдениетін сақтау және қалпына келтіру, жастар саясатын және тіл саясатын дамыту үшін бағдарламалық қаражат пен әдiстердi әзiрлеу және қолдану;
Қазақстанның шетелдегі халықаралық беделін арттыру;
мұрағат iсi саласында мемлекеттік саясат жүргiзу;
тарих, археология және сәулет ескерткіштерінiң, тарихи орталықтардың сақталуын қамтамасыз ету.
Қазақстан Республикасындағы үйлесiмдi этносаралық қатынастарды қамтамасыз ету, қоғамдық прогресс пен азаматтық бейбiтшілiктi сақтау және олар үшiн жағдайлар жасау;
мәдениет, мұрағат iсi, ақпарат және iшкi саяси тұрақтылық саласындағы нормативтiк-құқықтық базаны жетілдіру;
ұлттық әдебиет пен жазба әдебиетінің көптеген ғасырлар бойғы тәжiрибесiн қорыту, әлемдiк ғылыми ой-сана, мәдениет және әдебиеттiң үздiк жетістiктерi негiзiнде мемлекеттік тiлдегі толыққанды қорын құру басым мiндеттер болып табылады.
Қойылған мақсаттарға жету және міндеттердi шешу үшін:
бұқаралық ақпарат құралдарында ұйымдастыру-насихат iс-шараларын неғұрлым жоғары кәсiби деңгейде жүргiзу;
Қазақстанның экономикалық, саяси және мәдени өмiрi туралы телерадиокомпаниялар жасайтын бағдарламалардың сапасын жақсарту, мемлекеттік тілде хабар таратудың жалпы көлемін ұлғайта отырып, ұлттық телеарналарды тарату желісін кеңейту;
"Теле-радио хабарларын таратуды дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасын" iске асыру;
ескерткіштердi қайта жаңарту, тұмшалалау, жөндеу, қалпына келтiру және жаңғырту жолымен тарихи-мәдени мұраның сақталуын және пайдаланылуын қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жүргiзу;
"Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасын iске асыру;
мұрағат мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға жәрдемдесу, мұрағат iсi саласындағы нормативтік құқықтық және ғылыми-әдiстемелiк базаны жетiлдiру;
Шетелде тұратын отандастарды қолдау бағдарламасын iске асыру;
Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын одан әрi iске асыру;
ғылыми ой-сананың, мәдениет пен әдебиеттiң үздiк жетiстіктерiнiң негізiнде гуманитарлық білім берудiң қазақ тіліндегі толыққанды қорын жасау, кеңiнен өрiстетілген ғылыми, көркем және ғұмырнамалық сериялар шығару жолымен ұлттық әдебиет пен жазба әдебиеттiң көптеген ғасырлар бойғы тәжірибесін қорыту;
мәдениет пен өнер саласындағы менеджментті жетiлдiру, өнер саласына біліктi менеджерлердi тарту;
елдегi, әсiресе ауылдық жерлердегі кiтапханалардың кiтап қорын толықтыру;
жастар саясатының өңiрлiк бағдарламаларын әзiрлеу мен iске асыруға бағытталған iс-шаралар кешенiн iске асыру, заңнама базасын жетiлдiру.
9.8.2. Туризм және спорт
Туристiк кешендi дамытудың басты мақсаты дәйектi даму және экономиканың кiрiс саласына көшу, жоғары рентабельдi туризм индустриясын құру, бәсекеге қабiлеттi ұлттық турөнiмдi халықаралық туристік қызметтер рыногына жылжыту және оны сату халықтың, жұмыспен қамтылуын арттыру болып табылады.
Спорт саласындағы негізгі мақсат дене шынықтыру мен спорт құралдары арқылы салауатты тұрмыс салты қағидаттарын орнықтыру, бұқаралық спорт және жоғары жетістiктер спортын одан әрi дамыту болып табылады.
Алдағы кезеңде мынадай мiндеттердi шешу көзделедi:
туризмдi дамытудың экономикалық және құқықтық тетiктерi;
мемлекеттік және жеке сектордың қазақстандық турөнімді әлемдік туристiк қызметтер рыногына жақындату жөніндегі одан әрi ынтымақтастығын жалғастыру;
жоғары деңгейдегi спортшыларды даярлау үшін қазiргi заманғы базаны, дене шынықтыру-сауықтыру және спорт құрылыстарының кең желісін құру;
бұқаралық спортты, әсiресе ауылда дамыту;
олимпиадалық, ұлттық, техникалық спорт түрлерiн және халық ойындарын дамыту;
Қазақстан Республикасының спорт резервi мен ұлттық құрама командаларын халықаралық жарыстарға дайындау;
спортшыларды ғылыми және медициналық-биологиялық қамтамасыз ету.
Спорттың бұқаралылығын дамыту, материалдық-техникалық базаны нығайту, ғылыми және медициналық-биологиялық қамтамасыз ету, халықаралық дәрежедегi спортшыларды және спорт резервін дайындау басымдықтары болады. Қойылған мақсаттарға жету және мiндеттердi шешу үшiн:
туристiк саланы дамытудың 2003-2005 жылдарға арналған салалық және өңiрлiк бағдарламаларын iске асыру;
Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру;
Қазақстан Республикасында дене шынықтыруды және спортты дамытудың 2006-2010 жылдарға арналған бағдарламасын әзірлеу және қабылдау;
дене шынықтыру және спорт құралдары арқылы салауатты өмiр салтын насихаттау және енгізу;
туризмнiң, дене шынықтыру мен спорттың нормативтік құқықтық базасын нығайту басымдықтар болады.
9.9. Гендерлiк даму
Негізгi мақсаты әйелдердiң қоғамдағы жағдайын жақсарту және нақты гендерлiк теңдiкке қол жеткізу болып табылады.
Қойылған мақсатты iске асыруға бағытталған негiзгi мiндеттер:
отбасына, әйелдер мен балаларға қатысты заңнаманы жетілдіру, гендерлiк тәсілдi елдiң әлеуметтік-экономикалық саясатына енгізу;
әйелдер мен балалардың денсаулығын жақсарту;
әйелдердiң билiк құрылымдарына тең қол жетімділігін қамтамасыз ету, олардың шешiмдер қабылдау деңгейіне көтерiлуi үшін жағдайлар жасау;
қоғамның саяси, экономикалық және әлеуметтік өмiріне қатысу үшiн әйелдердiң және олардың әлеуетiнiң мүмкiндiктерiн арттыру;
әйелдердiң құқықтарын нақты қамтамасыз етуге қол жеткізу;
әйелдердiң құқықтық сауаттылығын дамыту болып табылады.
Қолданыстағы және әзiрленетiн жаңа заңдарға гендерлiк сараптама жүргiзу мiндеттi болады. Әлемдiк тәжiрибеге сәйкес гендерлiк статистика жетілдірiледi.
"Тең құқықтар мен мүмкiндiктер туралы" заң қабылданатын болады.
Экономика және еңбек саласында әйелдердiң еңбек рыногындағы бәсекеге қабiлеттілiгін арттыруға, әйелдер арасындағы кәсiпкерлiктi және өзін-өзi жұмыспен қамтуды одан әрi дамытуға, әйелдердi кәсiби қайта даярлауға, әкiмшілiктендiруге үйретуге және бизнесті басқаруға ықпал ететін бағдарламаларды енгізу жоспарлануда.
Әйелдердiң зорлықтан қорғалуға құқықтарының тұрақты мониторингi көзделiп отыр. Зорлықтың алдын алу және оны болдырмау туралы заң әзiрлеу көзделуде. Дағдарыс орталықтарының, сенім телефондарының, зорлық құрбандарына арналған паналар мен үйлердiң желісін кеңейту ұйғарылып отыр.
10. Өндiрiлген капиталды дамыту
10.1. Инвестициялық саясат
2005-2007 жылдары негізгі қызмет бағыттары тiкелей отандық және шетелдiк инвестицияларды экономиканың басымдықты секторларына тартуды ынталандыру, мемлекеттік инвестицияларды пайдалануды оңтайландыру мен оның тиiмдiлiгін арттыру және iшкi жинақтарды жұмылдыру болады.
Елдiң инвестициялық тартымдылығын арттыру мен инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі ұйымдастыру iс-шараларының кешенiн жүзеге асыру қажет. Инвесторларға жеңiлдiктер мен артықшылықтарды беру жүйесiн реттейтін қолданыстағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғасады, ол инвестицияларды тарту процесiн ынталандырудың экономикалық тұтқаларының жұмыс жасауын қамтамасыз етуге тиiс.
Мемлекеттің басымдықты өндiрiстерiнiң инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында:
миноритарлық акционерлердiң құқықтарын қорғауды күшейтуге;
кәсiпорындарды тiркеудiң жеңiлдетілген жүйесiн енгізуге;
қызмет түрлерiн лицензиялаудың ашық жүйесiн құруға;
кәсіпорындардың қаржылық есептiң халықаралық стандарттарына көшуiн жеделдетуге бағытталған шараларды қабылдайтын болады.
Инвестициялық саясатты жүзеге асыру бағыттарының бірi салалық басымдықтарды белгілеу болады. Инвестицияларды агроөнеркәсiп кешенi, жеңіл және тамақ өнеркәсiбi, машина жасау, құрылыс материалдары өнеркәсiбi, химия және мұнай химиясы өнеркәсiбi сияқты экономика үшін басымдықты салаларға тарту жолдарын айқындау жөніндегi жұмыс жүргiзіледi. Инвестициялық саясаттың маңызды міндетті тұрғын үй құрылысын инвестициялауды ынталандыру болады.
Экономиканың нақты секторын ішкi инвестициялық ресурстардың есебінен инвестициялау мүмкiндiгiн қарастыру жөніндегі жұмыс жүргiзілетін болады.
Мемлекеттік қаржы ресурстары (Инвестициялық қор қаражаты түрiнде) қосылған өнім үлесi жоғары тауарлар мен қызметтердi өндiретін жаңа өндiрiстердi ұйымдастыруға шоғырланатын болады.
Алдағы кезеңдегi бюджеттік инвестициялардың басымдықтары мемлекеттік басқару функцияларын тиiмдi iске асыруды қамтамасыз ету; әлеуметтiк секторды дамыту; базалық инфрақұрылымды дамыту; аграрлық секторды дамытуға жәрдемдесу; Астана қаласын дамыту болады.
10.1.1. Тұрғын үй құрылысын дамыту
Тұрғын үй саясатының мақсаты халықтың қалың бұқарасының тұрғын үйге қол жетiмділігiн және оларда қауіпсiз тұру жағдайларын қамтамасыз ететiн тұрғын үй құрылысын тұрақты дамытуға көшудi қамтамасыз ету болып табылады.
Қойылған мақсаттарға қол жеткізу Тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын iске асыру арқылы жүзеге асырылады, онда тұрғын үй құрылысын дамыту мәселелерін кешендi шешу көзделедi.
Мақсатқа жету үшін мынадай міндеттердi шешу:
ұсыныс тарапынан да, сұраныс тарапынан да толыққанды теңгерiмдi тұрғын рыногын құру;
тұрғын үй салуға жеке инвестицияларды тарту және жеке тұрғын үй құрылысын дамытуды ынталандыру;
құрылыс индустриясының тиiмдi рыногын қалыптастыру;
халықтың қалың бұқарасы үшін ипотекалық кредит беруге және тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесiне қол жетімдiлiктi арттыру көзделіп отыр.
Қойылған мiндеттердi iске асыру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:
1. Тұрғын үй салу ұсыныстарын ынталандыру:
1) Жалпы сипаттағы жүйелi шаралар:
- тұрғын үйдiң 1 шаршы метрiн салу құнын төмендету;
- жеке тұрғын үй құрылысын дамыту;
- тұрғын үйдi жеке капитал инвестицияларын тарту есебінен салу;
- тиiмді, экологиялық таза құрылыс материалдарын одан әрi дамыту және жаңа технологияларды енгізу.
2) Орта тапқа және халықтың әлеуметтiк қорғалатын топтарына арналған тұрғын үй құрылысын ынталандыруға бағытталған шаралар:
- коммуналдық тұрғын үй салу;
- мемлекеттік қаражат есебінен қол жетімдi тұрғын үй салу.
2. Төлемге қабілетті сұранысты ынталандыру:
- ипотекалық кредит беру жүйесін жетілдіру;
- құрылыс жинақтары жүйесін дамыту.
Қазақстан Республикасында тұрғын үй құрылысын дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберiнде ұзақ мерзiмдi қаржыландыру жүйесiн дамыту мақсатында мемлекет "Қазақстандық ипотекалық компания" АҚ-ын, "Ипотекалық кредиттердi кепiлдендiрудiң қазақстандық қоры" АҚ-ын және "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкi" АҚ-ын одан әрi капиталдандыруды жоспарлап отыр.
10.2. Индустриялық-инновациялық даму
Мемлекеттік индустриялық-инновациялық саясатты орта мерзiмдi кезеңде iске асыру Қазақстан Республикасы Президентiнің 2003 жылғы 17 мамырдағы № 1096 Жарлығымен бекiтілген Қазақстан Республикасының 2003-2015 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық даму стратегиясының шеңберiнде жүзеге асырылады.
Стратегияның басты мақсаты экономика салаларын шикiзаттық бағытталудан шеттеуге ықпал ететiн әртараптандыру жолымен елдiң тұрақты дамуына қол жеткізу; ұзақ мерзiмдi жоспарда сервистiк-технологиялық экономикаға көшу үшін жағдайлар дайындау болып табылады.
Өңдеушi өнеркәсіп пен қызметтер саласында бәсекеге қабілетті және экспортқа бағдарланған тауарларды, жұмыстар мен қызметтердi өндiру мемлекеттік индустриялық-инновациялық саясаттың басты мәнi болып табылады.
Аталған мақсатқа қол жеткізу өңдеуші өнеркәсiптiң қосылған құнын өнiм өндiру көлемдерiн ұлғайту жолымен ғана емес, сондай-ақ адамдар мен өндiрiлген өнiм капиталын пайдалану тиiмділігін арттыру есебiнен ұлғайтуға мүмкіндiк бередi. Бұл өнiм өндiру процесi мен халықтың тұрмыс деңгейiн арттыруға оң әсер етедi. Сонымен қатар босайтын еңбек ресурстарын, энергия мен материалдарды жаңа өндiрiстер құруға бағыттауға болады.
Орта мерзiмдi перспективада шешілетін мiндеттер:
өңдеушi өнеркәсiптегі орташа жылдық өсу қарқынын 8-8,4% мөлшерiнде қамтамасыз етуге;
өңдеуші өнеркәсiптiң негізгі қорларының өнiмділiгiн арттыруға;
жеке секторды бәсекелi артықшылықты жасауға және жетілдiруге әрi неғұрлым жоғары қосылған құн салығының элементтерiне қарай жылжи отырып, нақты өндiрiстерде қосылған құн тiзбесіндегі элементтердi игеруге ынталандыратын кәсiпкерлiк ахуалды, қоғамдық институттардың құрылымы мен мазмұнын жасауға;
ғылымды қажетсiнетiн және жоғары технологиялық экспортқа бағдарланған өндiрiстердi құруды ынталандыруға;
елдің экспорт әлеуетін қосылған құны жоғары тауарлар мен қызметтердiң пайдасына әртараптандыруға;
әлемдiк сапа стандарттарына көшуге;
әлемдiк ғылыми-техникалық және инновациялық процестерге қоса отырып, өңiрлiк экономикаға және әлемдiк шаруашылық жүйесіне бірігудi ұлғайтуға бағытталады.
Индустриялық-инновациялық саясаттың басымдықтары барлық әлеуеттi түрде бәсекеге қабілетті, оның ішінде экспортқа бағдарланған, шикiзаттық емес бағытты экономика салаларында iске асырылатын өндiрiстер болып табылады. Ұзақ мерзiмдi стратегиялық мiндеттердi шешу мақсатында ғылымды қажетсiнетін және жоғары технологиялық өндiрiстердi дамыту үшiн жағдайлар жасауға баса назар аударылатын болады.
Қойылған мақсаттарға қол жеткізу және мiндеттердi шешу жолдары
Стратегияда айқындалған мақсаттарға қол жеткізу үшiн Үкiмет қаулысымен 2003-2005 жылдарға арналған iс-шаралар жоспары бекiтілдi, осы жоспар шеңберiнде Стратегияны орта мерзiмдi кезеңде iске асыру жүзеге асырылады.
Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын iске асырудың бастапқы iс-шарасы осы бағдарламаны абыройлы iске асыруды қамтамасыз етуге қабiлетті басқарушы, инженерлiк, техникалық және ең бастысы, жұмысшы кадрларды мақсатты даярлау болуға тиiс.
Ұлтаралық корпорациялармен және өзге де iрi шетелдiк, ресейлiк және қазақстандық компаниялармен республикада қосылған құндардың салалық тiзбегiн одан әрi дамытуды көздейтiн жаңа өнiм түрлерiн өндiрудi ұйымдастыру жөніндегі бірлескен инвестициялық жобаларды iске асыру мақсатында жұмыстар жүргiзiледi.
Қазақстанның әлемдiк және өңiрлiк сауда әрiптестерiнiң жағдайына және олардың индустриялық-инновациялық саясатының басымдықтарына талдау жүргiзу, сондай-ақ инвестициялық және инновациялық әлеует тұрғысынан салалардың бәсекеге қабiлеттілігін зерттеу жөніндегі жұмыстар жалғасады.
Қосылған құны жоғары жаңа өндiрiстердi құру перспективаларын айқындау мақсатында тұрақты негiзде тау кен-металлургиялық өнеркәсіпке, соның ішінде мұнай-газ саласына, агроөнеркәсiп секторына, құрылыс саласына инвестициялар ағынының көлемдерi мен бағыттарын талдау жүргізiлетін болады.
Ел өңiрлерiнiң өнеркәсiптiк және инвестициялық әлеуетiн айқындау жөніндегі жұмыс жалғасады, өнеркәсіптің басқа салалары және тұтастай экономика үшін сұранысты қалыптастыратын өңiрiн үздiк салаларын дамыту үшiн әлеует ретінде өңiрлiк және қосалқы өңiрлiк кластерлер айқындалады.
Мемлекеттік даму институттары, атап айтқанда: Қазақстанның инвестициялық қоры, Қазақстанның Даму Банкi, Инновациялық қор, Экспорттық кредиттердi сақтандыру жөніндегi мемлекеттік сақтандыру корпорациясы құрылды және жұмыс iстей бастады.
Экономика салаларына талдау жүргiзу мақсатында Маркетингтік-талдамалық зерттеулер орталығы құрылды.
Тұтастай алғанда, мемлекеттік даму институттары тұрақты жұмыс жасауы орталықсыздандыру, мамандандыру, сыртқы және iшкi бәсеке қағидаттарына негізделетiн жүйенi қалыптастыруға тиiс.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры, өз активтерiмен әлемдiк қор рыноктарындағы өтiмдiлiгі жоғары қаржы институттарын инвестициялайтын болады. Қазақстанның инвестициялық қоры кәсiпорындардың тауарлар мен қызметтердi өндiретiн, жұмыс жасап тұрған өндiрiстердi кеңейтуге, қайта жаңартуға және техникалық қайта жарақтандыруға, сондай-ақ жаңа өндiрiстердi құруға бағытталған инвестициялық жобаларын қаржыландыратын болады. Даму банкi қазақстандық экономиканың шикiзаттық емес салаларында iске асырылатын, негізінен жұмыс жасап тұрған кәсiпорындарды кеңейту және техникалық қайта жарақтандыру жөніндегі инвестициялық жобаларын iске асыруға кредит беретін болады.
Инвестициялық қор тауарлар мен қызметтердiң өндiру тиiмдiлiгiн арттыруға және жаңа түрлерiн шығаруға жәрдемдесетiн инновацияларды коммерциялауға қатысатын болады. Экспорттық кредиттердi сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы экспорттық келісім-шарттар мен инвестицияларды сақтандыру және қайта сақтандыру жолымен қазақстандық өндiрушiлердiң тауарлары мен қызметтерiн экспорттауға тiкелей жәрдемдесудi жалғастырады. Тиiмдi жұмыс жасау үшiн Экспортты сақтандыру жөніндегі компания қазақстандық өнiмдердің экспортын дамыту үшiн маркетингілік зерттеулер, әлеуетті сату рыноктары туралы ақпаратты зерделеуді және оны кейiннен таратуды жүргiзетiн болады. Бұл құрал әлемде кеңiнен танымал әрi қаржылық және әкiмшілік көзқарас тұрғысында экспорттық транзакцияларды жеңiлдетуге жол ашады. Стратегияда айқындалған мақсаттарға қол жеткізу үшiн мемлекеттік даму институттарын капиталдандыруды жүргiзу көзделiп отыр.
10.3. Аграрлық азық-түлiк саясаты
Қазiргi уақытта республикада Қазақстан Республикасының 2003-2005 жылдарға арналған мемлекеттік аграрлық азық-түлiк бағдарламасы iске асырылып жатыр. 2005 жылы қорытынды жүргізу және Қазақстан Республикасының аграрлық азық-түлiк саясатын дамытудың одан кейiнгi орта мерзiмдi тұжырымдамасын әзiрлеу көзделiп отыр.
2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік аграрлық азық-түлiк саясатының негізгi мақсаты агроөнеркәсіптiк кешеннiң тиiмдi жүйесiн қалыптастыру және бәсекелестік қабілетті өнiмдер өндiру негiзiнде Қазақстанның азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету болып табылады. Оған қол жеткізу үшiн мынадай мiндеттердi шешу көзделiп отыр.
Бiрiншi. Халықтың барынша жұмыспен қамтылуын қамтамасыз eту, әрбір отбасының табысын арттыру үшiн жағдайларын жақсарту, халықтың сұранысын толық қанағаттандыру үшiн ауыл шаруашылығы өнiмдерi мен кең ассортименті жоғары сапалы азық-түлiк тауарларын жеткіліктi өндiру жолымен елдiң әрбір тұрғынын белгіленген тұтыну стандарттарынан төмен емес деңгейде тамақтану мүмкiндiгiмен қамтамасыз ету.
Екiншi. Агробизнестiң тиiмдi және бәсекеге қабiлетті жүйесiн қалыптастыру.
Үшiншi. Өндiрiс тұрақтылығының басты шарты және оның өнiмiне баға деңгейiн ұстап тұрудың қолайлы тетігі болып табылатын өндiрiс пен өткізу теңгерiмiне қол жеткізу мақсатында ауыл шаруашылық өнiмдерi мен оның қайта өңделген өнiмдерiн сату көлемiн арттыру үшiн қажеттi жағдайлар жасау.
Төртiншi. Агроөнеркәсіптiк кешеннiң бәсекеге қабiлеттi, экспортқа бағдарланған салаларын дамытуға бағытталған экономиканың аграрлық секторын ұтымды мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету.
АӨК-нiң 2005-2007 жылдардағы жұмысының негізгi бағыттары:
әзiрленген тетiктердiң нақты жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету және агроөнеркәсiп кешенi саласында қабылданған заңнама актілерiн, бірiншi кезекте Жер және Су кодекстерін жергiлiктi жерлерде нақты орындау;
ғылыми жетiстiктер мен инновациялық әзiрлемелердi өндiрiске жедел енгізу;
егіншілiк әдiстерiн, тұқым сапасын және жердiң құнарлылығын жақсарту, жануарлар мен өсiмдiктердiң генетикалық әлеуетiн тұрақты арттырып отыру жөніндегі жұмыстар;
мемлекеттік астық рыногын реттеу, астық ресурстарына мониторинг жүргiзудi қатайту саясатының тиiмділігін арттыру;
өндiрiстің, ең алдымен ауыл шаруашылығы құрылымдарының машина-трактор паркiнiң негізгi құралдарын жаңарту жөнiнде жағдайлар жасау және бұл процеске жеке капитал мен жеке лизингтiк компанияларды тарту;
ауыл шаруашылығы малдарын сәйкестендiрудi аяқтау, селекциялық-асыл тұқымдандыру жұмыстарын жалғастыру және аналық мал басын жоғары өнiмдi өндiргіштердің ұрығымен жасанды ұрықтандырумен барынша қамтуды қамтамасыз ету;
жануарлардың аса қауiптi және жұқпалы аурулары бойынша республикада қолайлы эпизоотиялық әл-ауқатты қамтамасыз ету, мониторингті және ауыл шаруашылығы дақылдарының аса қауiптi зиянкестеріне және ауруларына қарсы күресті қамтамасыз ету;
стандарттарды халықаралық стандарттармен үйлестіру және тағам өнеркәсiбi және ауыл шаруашылығы шикiзатын өңдеу кәсiпорындарында ИСО 9000 сериялы стандарттар базасындағы қазiргі заманғы сапа стандарттары мен тәуекелдiң бақылау нүктелерiн талдау негізiндегі үздiк зертханалық практиканың ХАССП қағидаттарын енгізу;
өңдеушi кәсіпорындарды техникалық және технологиялық жаңғырту және өндiрілетін өнiмнiң бәсекеге қабілеттілігін арттыру, өндiрiлетін өнiм түрлерін сапалы жаңа түрлердiң есебiнен кеңейту;
агроөнеркәсіптiк кешенге инвестициялардың өсуi үшін қолайлы жағдайлар жасау;
екiншi деңгейдегi банктердiң агроөнеркәсiптiк кешен салаларына кредит беруін жандандыру;
ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлерге кредит берудi ауылдық кредиттік серiктестіктер жүйесi арқылы кеңейту.
Алдағы кезеңде өсiмдік шаруашылығы саласында ғылыми негiзделген агротехнологияға және егіншіліктің агроландшафттық жүйесіне көшудi қамтамасыз ету қажет.
Егіншілiктi ынталандыру жөнiндегі бағдарламалар кеңейтілетін болады. Алдағы жер жағдайын бақылауды нығайту шараларына байланысты агрохимиялық қызметтiң ғылыми-әдiстемелiк орталығын нығайту қажет.
Мал шаруашылығында орташа және iрi тауар өндiрiсін дамытуға және осы саланы өнеркәсiптiк негiзде жүргiзуге, селекциялық-асыл тұқымдандыру жұмыстарын жақсарту және жоғары өнiмдi тұқымдар ұрығымен жасанды ұрықтандырумен толық қамту жолымен табынның тұқымдық құрамын жақсартуға жағдайлар жасалады.
Өсiмдiктердi қорғау және олардың карантинi саласында фитосанитарлық жағдайға қарай өсімдiктер ауруларына қарсы күреске және карантиндiк орданың оқшауландырылуын және жойылуын бақылауды нығайтуға назар аударылатын болады.