Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2005-2007
жылдарға арналған орта мерзiмдi жоспары туралы Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 2004 жылғы 31 тамыздағы № 917 қаулысы
(2005.26.12. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2005 ж. 29 желтоқсандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2002 жылғы 14 маусымдағы № 647 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының орта мерзiмдi жоспарларын әзiрлеудiң ережесіне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының 2005-2007 жылдарға арналған орта мерзiмдi жоспары (бұдан әрi - Жоспар) мынадай құрамда бекітілсiн:
Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының 2005-2007 жылдарға арналған негiзгі бағыттары (1-бөлiм);
Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік реттеуіштерi (2-бөлiм);
қолданыстағы және әзiрленетiн мемлекеттік және салалық (секторалдық) бағдарламалардың тiзбесi (4-бөлiм);
қолданыстағы және әзiрленетiн мемлекеттік және салалық (секторалдық) бағдарламалар бөлiнiсiндегі 2005-2007 жылдарға арналған басымды бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) тiзбесi (5-бөлiм).
2. Құпия.
3. Құпия.
4. Жоспар құрамында Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының 2005-2007 жылдарға арналған аса маңызды көрсеткіштерiнiң болжамы (3-бөлiм) бекітілсiн.
5. Ұлттық компанияларды дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған негізгі бағыттары мен негізгi көрсеткіштерiнiң болжамы назарға алынсын (6-бөлiм).
6. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi тиiстi облыстар мен қалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2005-2007 жылдарға арналған орта мерзiмдi жоспарларын заңнамада белгiленген тәртiппен уақтылы әзiрлеудi және бекітудi қамтамасыз етсiн.
7. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі орталық атқарушы және өзге де мемлекеттік органдармен бірлесiп, елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуы және Жоспардың iске асырылу барысы туралы Қазақстан Республикасының Үкіметін тоқсан сайын хабардар етсiн.
8. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрi | | | | | | | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2004 жылғы 31 тамыздағы № 917 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының
2005-2007 жылдарға арналған орта мерзiмдi жоспары
1-бөлім. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының
2005-2007 жылдарға арналған негізгі бағыттар
1. Елдiң 2003 жылғы әлеуметтiк-экономикалық дамуын талдау және
2004 жылға арналған дамуын бағалау
2. 2005-2007 жылдарда экономиканың жұмыс істеу жағдайлары
Экономиканың қарастырылып отырған кезеңде дамуы сыртқы және
iшкi факторлардың әсерімен жүретін болады.
2.1. Сыртқы жағдайлар
2.2. Iшкі жағдайлар
3. Елдi дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған
мақсаттары, міндеттері және басымдықтары
3.1. 2005-2007 жылдарға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер болжамы
3.2. Стратегиялық мiндеттердi шешу саласында
3.3. Орта мерзімдi мiндеттерді шешу саласында
4. Даму бағдарламалары және оларды қаржыландыру
5. Қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету
5.1. Ақша-кредит саясаты және қаржы секторын дамыту
5.1.1. Ақша-кредит саясаты
5.1.2. Қаржы секторын дамыту
Қаржы рыногын және қаржы ұйымдарын реттеу әрi қадағалау
5.2. Фискалдық саясат
5.2.1. Салық саясаты
5.2.2. Бюджет саясаты
5.2.3. Мемлекеттік борышты және мемлекет кепiлдiк
берген қарыз алуды басқару саласындағы саясат
5.3. Мемлекеттік мүлікті басқару және жекешелендiру
6. Құрылымдық-институционалдық реформаларды тереңдету
6.1. Қазақстан Республикасындағы көлеңкелi
экономиканы азайту жөніндегі негізгi бағыттар
7. Бәсекелестіктi қорғау және дамыту, табиғи
монополия субъектiлерінiң қызметiн реттеу
7.1. Бәсекелестiктi қорғау және дамыту
7.2. Табиғи монополия субъектiлерінiң қызметiн реттеу
8. Сауда және сыртқы экономикалық қызмет
8.1. Сыртқы сауда саясаты
9. Адами капиталды дамыту
9.1. Білім берудi дамыту және
жоғары білімдi мамандарды даярлау
9.2. Кәсiптiк орта білімді мамандар мен
жұмысшы кадрларды даярлау жүйесін дамыту
9.3. Ғылым мен инновацияларды дамыту
9.4. Халықтың әл-ауқатын арттыру
9.4.1. Халықтың кiрiстерi
9.4.2. Шағын кәсіпкерлiктi дамыту және орташа тапты құру
9.5. Кедейшілiк пен жұмыссыздықты азайту
9.6. Халықты әлеуметтік қамсыздандыру
9.7. Денсаулық сақтау
9.8. Мәдениеттi, туризм мен спортты дамыту
9.8.1. Мәдениет және ақпарат
9.8.2. Туризм және спорт
9.9. Гендерлiк даму
10. Өндiрiлген капиталды дамыту
10.1.1. Тұрғын үй құрылысын дамыту
10.2. Индустриялық-инновациялық даму
10.3. Аграрлық азық-түлiк саясаты
11. Табиғи капиталды дамыту
11.1. Қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану
12. Аумақтық даму және инфрақұрылым
12.2. Ауылдың әлеуметтік саласы мен инфрақұрылымын дамыту
12.3. Өңiрлiк даму
12.4. Көлiкті және байланысты дамыту
12.4.1. Көлiкті дамыту
12.4.2. Телекоммуникациялар мен байланысты дамыту
2-бөлім. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының
2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік реттеуіштері
3-бөлім. Қазақстан Республикасының 2005-2007 жылдарға арналған
әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері
4-бөлім. 2005-2007 жылдарға арналған қолданыстағы және әзірленіп
жатқан мемлекеттік және салалық (секторалдық) бағдарламалардың тізбесі
5-бөлім. 2005-2007 жылдарға арналған қолданыстағы және әзірленетін
мемлекеттік және салалық (секторалдық) бағдарламалар бөлінісіндегі
басымды бюджеттік инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың тізбесі)
6-бөлім. Ұлттық компанияларды дамытудың 2005-2007 жылдарға арналған
негізгі бағыттары мен негізгі көрсеткіштерінің болжамы
1-бөлім. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының
2005-2007 жылдарға арналған негізгі бағыттар
Астана-2004
Кiрiспе
Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының 2005-2007 жылдарға арналған орта мерзiмдi жоспары (бұдан әрi - Жоспар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексiне және Қазақстан Республикасының әлеуметтiк-экономикалық дамуының орта мерзiмдi жоспарын әзiрлеудiң ережесіне сәйкес әзiрлендi.
Жоспар сыртқы және iшкi факторларға қарай 2005-2007 жылдарға арналған экономиканы дамытудың қарқындарын негiздейдi әрi орталық және жергiлiктi органдардың экономиканың жеке және мемлекеттік секторларын дамыту үшiн қолайлы жағдайлар жасау саласындағы iс-қимылын айқындайды.
Жоспар стратегиялық жоспарларда, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауларында және Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2003-2006 жылдарға арналған бағдарламасында айқындалған мақсаттарға қол жеткізу және басымдықтарды iске асыру үшiн экономика салаларын дамыту саласындағы 2005-2007 жылдарға арналған мiндеттердi және оларды шешу жолдарын айқындайды.
1. Елдiң 2003 жылғы әлеуметтiк-экономикалық дамуын талдау және 2004
жылға арналған дамуын бағалау
2003 жылы ЖIӨ-нiң нақты өсуi 9,2%-ды құрады, ал орташа жылдық инфляция 6,4% деңгейiнде қалыптасты.
Өткен жылы әлемдiк экономика үрдiстерiнiң негізiнде болжанғандай теңгенiң АҚШ долларына шаққандағы айырбас бағамы күшейдi. Бұл ретте, болжам 151 теңге болғанымен, айырбас бағамының нақты мәнi өткен жыл iшiнде орташа 149,45 теңге құрады. Теңге, ең алдымен, мұнайға қойылатын жоғары бағаның және доллардың еркiн айырбасталатын басқа валюталарға қатысты 20%-дан астам құнсыздануының салдарынан күшейдi.
Саудадағы негізгі әрiптес елдер валюталарының қоржынына (евро, ресей рублi, қытай юанi) қарағанда, теңгенiң АҚШ долларына қатысты күшеюiне қарамастан, теңгенiң нақты мәнi 2,5%-ға құнсызданды.
Бұл елдiң ағымдағы операциялар шотының және тұтастай алғанда, төлем теңгерiмiнiң оң сальдосын қамтамасыз етуге ықпал eттi.
Елдегi макроэкономикалық тұрақтылық экономиканың дамуына ынталандырушы әсер етуiн жалғастырды, бұл тауарлар мен қызметтер көрсету өндiрiсiн ұлғайтудың, тiкелей шетелдiк инвестициялардың едәуiр ағынын, мемлекеттік бюджетке кiрiстер түсiмiнiң және, сайып келгенде, ел халқының әл-ауқатын арттырудың басты факторына айналды.
Сыртқы фактор - әлемдiк сауда рыноктарындағы қолайлы конъюнктура, сондай-ақ экономикалық өсудi қамтамасыз етуге оң әсерiн тигiздi.
Сыртқы экономикалық тауар айналымы 2003 жылы 22,4 млрд. АҚШ долларын құрады және 2002 жылмен салыстырғанда 26%-ға ұлғайды. Бұл ретте экспорт Қазақстан үшiн рекордтық көрсеткiш 13,2 млрд. АҚШ долл. құрап, 32%-ға ұлғайды. 2003 жылы тауарлар импорты 9,1 млрд. АҚШ долл. құрады және 2002 жылмен салыстырғанда 18,4%-ға ұлғайды.
Импорт құрылымындағы инвестициялық тауарлардың үлесi 38%-ды, аралық өнеркәсiптік тұтыну тауарларының үлесi 39%-ды, ал тұтыну тауарларының үлесi 22%-ды құрайды.
2003 жылы еңбекақының нақты өсуi 7,6%-ды құрады.
2002 жылмен салыстырғанда жұмыссыздар саны 20,1 мың адамға немесе 2,9%-ға азайды. Жұмыссыздық деңгейi 8,8% мөлшерiнде қалыптасты (2002 жылы 9,3 %).
2003 жылы еңбекақының 73,6%-дық өсiмi еңбек өнiмділiгiнiң өсуi есебiнен қамтамасыз етілдi. Өнеркәсiптегi еңбек өнiмдiлігі нақты еңбекақының өсуiнен 17%-ға дерлiк басып озды. Осы салада капиталды жаңа өнiм түрлерін шығаруды ұйымдастыруға қайта инвестициялау үшін жинақтау процесi басталды.
Сонымен бір мезгілде, 2003 жылы саудада еңбек өнімділігі 5,3%-ға төмендедi, ал нақты еңбекақының өсуi 11,9%-ды құрады. Бұл алшақтық осы салада көлеңкелi экономиканың жоғары үлесінің бар екендігін көрсетедi.
Әлемдiк тауар рыноктарындағы жалғасып отырған қолайлы ахуал, елге шетелдiк инвестициялар ағымының ұлғаюы, өндiрістiк сектордың тұрақты жұмысы және iшкi сұраныстың артуы 2004 жылғы бірiншi жарты жылдықтағы республика экономикасын дамытудың оң қарқынын сақтаудың негізгі факторлары болды.
Инфляцияның төменгi деңгейі, бюджет жүйесінің сенімділігі, елдің төлем теңгерiмi мен теңгенің айырбас бағамының тұрақтылығы, сондай-ақ тұтастай қазақстандық экономиканың бәсекеге қабiлеттілігі макроэкономикалық тұрақтылықпен қатар жүрдi.
Бағалау бойынша 2004 жылғы бірiншi жарты жылдықта өткен жылдың осындай кезеңiмен салыстырғанда жалпы iшкi өнiмнің (ЖIӨ) өсуi 9,1%-ды құрады. 9,4%-ға өнеркәсiптегі, 5,2%-ға ауыл шаруашылығындағы көлемдердің ұлғаюы өсудi қамтамасыз етті. Қызметтер көрсету секторында барлық көлік түрiмен жүк тасымалдау көлемi 9,3%-ға және бөлшек тауар айналымы 7,1%-ғa ұлғайды.
2003 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2004 жылғы бірiншi жарты жылдықта ЖIӨ құрылымында айтарлықтай өзгерістер болған жоқ. Бағалау бойынша ЖIӨ-дегi тауарлар өндiрiсiнiң үлесi 40,6%-ды (2003 жылғы қаңтар-маусымда 39,1%) қызметтер көрсету - 53,3%-ды (55,5%) құрады.
Ағымдағы жылдың бірiншi жарты жылдығының қорытындылары бойынша орташа инфляция деңгейi 6,6%-ды құрады және өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда айтарлықтай өзгеріске ұшыраған жоқ (6,7%).
Негiзгі Қазақстандық тауарлар бағаларының әлемдiк рыноктағы жоғары деңгейi экспорт түсiмдерi көлемiнiң едәуiр ұлғаюына ықпал eттi. Ағымдағы жылдың бес айында сыртқы сауда айналымы 11,5 млрд. АҚШ долларын құрады және 2003 жылғы осындай кезеңнен 46%-ға жоғары. Экспорт 7 млрд. АҚШ долларын, импорт 4,5 млрд. АҚШ долларын құрады, өсу тиiсінше 42 және 52%-ды құрады.
Мұнай өндiру саласында шетелдiк инвесторлардың қатысуымен iрi инвестициялық жобаларды, Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын iске асыру, сондай-ақ бірқатар салалық бағдарламаларды жүзеге асыру экономикаға тартылатын инвестициялар көлемiн жоғары деңгейде сақтап қалуға мүмкiндiк бердi. Өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда негiзгi капиталға инвестициялар 12,1%-ғa ұлғайды. Салынған инвестициялардың жалпы көлемінiң 60,9% кәсіпорындар, ұйымдар және халық қаражатының үлесiне келедi.
Ағымдағы жылдың алты айының қорытындысы бойынша алтын-валюта резервінің жинақталған көлемi тауарлар мен қызметтер импортын 5 айдан астам қаржыландыруды қамтамасыз еттi. Қазақстан Республикасының Ұлттық қорының ақшасын қоса алғанда, 2004 жылғы 1 шiлдедегi елдiң халықаралық резервтерi (3,7 млрд. АҚШ долл.) 10,3 млрд. АҚШ долларын құрады және 19,9%-ға ұлғайды.
Мұнайдың сақталып отырған жоғары бағалары және елге валюта түсiмiнiң зор көлемінің ағылуы теңге бағамы күшеюiнің негiзгi себебi болды. Мысалы, 2004 жылғы бірiншi жарты жылдықта теңгенiң орташа айырбас бағамы бір доллар үшiн 138,42 теңге құрады. Жыл басынан берi номиналды көрінiстегi теңге AҚШ долларына 5,07%-ға күшейдi.
Өткен жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 2004 жылғы қаңтар-мамырда халықтың нақты ақшалай табысы 13,7%-ға ұлғайды. Бұл ретте бір қызметкердің орташа айлық еңбекақысы 21,4%-ға, ал нақты еңбекақысы 14%-ға өсті. Номиналды орташа айлық еңбекақы 26452 теңге құрады.
2004 жылғы 20 мамырда Sta№dard & Рооr's халықаралық рейтингтiк агенттігі Қазақстанға инвестициялық сыныптың екiншi рейтингiн бердi. Ендi Қазақстан екi халықаралық рейтингтік агенттіктiң инвестициялық рейтингін иеленген ТМД-дағы алғашқы мемлекет болып табылады (2002 жылғы қыркүйекте Moody's I№vestors Service халықаралық рейтингтiк агенттігі Қазақстанның егемен рейтингін инвестициялық деңгейге дейiн көтердi).
Бағалау бойынша 2004 жылы инфляция деңгейi орташа 5,6-7%-ды құрайды, бұл индикативтік жоспардың болжамына сәйкес келедi.
Қайта қаржыландырудың ресми ставкасының деңгейi бағалардың өсуіне қатысты оң тұстары аз болып ұсталады (7%), бұл iскерлiк белсенділiктi кеңейтудi ынталандыруға мүмкiндiк бередi.
Елдің сауда теңгерiмi нығайтылатын болады. 2004 жылы оң сальдо 4,5 млрд. АҚШ долл. мөлшерiнде бағаланып отыр.
Өткен жылдың деңгейiне қарағанда өнеркәсіптік өндiрiс көлемiнiң өсуi 9,2%-ды құрайды, ауыл шаруашылығының жалпы өнімнің көлемi 2,8%-ға өседi. Негiзгi капиталға инвестициялар 10%-ға өседi.
Қызметтер көрсету саласындағы даму қарқынының басып өсуi көзделіп отыр.
2003 жылдың деңгейiне қарағанда көрсетiлетiн қызметтер көлемінің өсу қарқыны: байланыста 30%-ды, көлiкте 8,6%-ды, саудада 8,5%-ды құрайды.
Әлеуметтiк көрсеткiштер де барабар қарқынмен өсетiн болады, мәселен 2004 жылы нақты жалақының өсу қарқыны 7,7%-ды құрайды.
2. 2005-2007 жылдарда экономиканың жұмыс істеу жағдайлары
Экономиканың қарастырылып отырған кезеңде дамуы сыртқы және iшкi факторлардың әсерімен жүретін болады.
2.1. Сыртқы жағдайлар
2005-2007 жылдарда әлемдiк экономиканың даму үрдiсi басты түрде оның төрт негiзгi орталығының - АҚШ, Еуроаймақ елдері, Жапония және Қытай - өсу серпiнiмен айқындалатын болады.
Халықаралық Валюта Қорының болжамы бойынша әлемдiк экономиканың өсу қарқыны 2004 жылы 4,6%-ды, 2005 жылы 4,4%-ды құрайды. ХВҚ экономистерi мұнай бағасының ұлғаюы соңғы уақытта бұрынғыға қарағанда әлемдiк экономика жағдайына аз дәрежеде әсер ететінін атайды, өйткенi әлемнiң көптеген державалары энергия ресурстарын неғұрлым тиiмдi пайдалануды үйрендi. Сонымен қатар, олар iрi экономикалардағы инфляциялық қысымның пайда болуының ықтимал қаупi туралы ескертедi.
Экономикалық Ынтымақтастық және Даму ұйымы (ЭЫДҰ) әлемдiк экономиканың өсу қарқыны жөніндегі өзiнiң болжамын 2004 жылы 3%-дан 3,4%-ға дейiн және 2005 жылы 3,1%-дан 3,3%-ға дейiн өсiрдi. ЭЫДҰ экономистерінің пiкiрi бойынша, өсу импульсi АҚШ-тан, Қытайдан және Оңтүстiк-Шығыс Азия елдерінен байқалады.
ХВҚ болжамына сәйкес, АҚШ экономикасы 2004 жылы 4,6 %-ға, 2005 жылы 3,9%-ғa өседi.
ХВҚ болжамдары бойынша, Қытай ЖIӨ-нің өсуi 2004 жылы 8,5%-ды, ал 2005 жылы 8%-ды құрайды. ЭЫДҰ экономистерінің пікірi бойынша, Қытай экономикасының өсуi жылдам өсiп жатқан экономиканы бәсеңдету жөнiнде Қытай Yкіметі қабылдап жатқан шаралар салдарынан неғұрлым қалыпты көрсеткіштерге дейін азаюы мүмкiн және 2004 жылы 8% шегінде күтiліп отыр. ХВҚ Жапония ЖIӨ-нiң өсуi жөніндегі болжамын 2004 жылы 1,4%-дан 3,4%-ға дейiн арттырды, бұл ретте еңбек рыногы конъюнктурасының жақсаруы және iскерлiк инвестициялардың өсуі нәтижесiнде ішкі сұраныс саласындағы өрлеудi атап өттi. ЭЫДҰ-да жапон экономикасының өсу қарқындарының болжамдарын ағымдағы жылы 1,8%-дан 3%-ға дейiн арттырды, алайда 2005 жылға арналған болжамдарды 2,8%-ға дейiн азайтты.
Тұтынудың өсуi төмен болып отырған және соңғы айларда бірқатар базалық экономикалық көрсеткіштерi нашарлаған Еуропалық Одақ (EO) елдерiндегі экономикалық өрлеудің тұрақтылығы аздау.
ХВҚ болжамы бойынша, Еуроаймақ ЖІӨ-i 1,7%-ға өседi, бұл бұрын болжамдалғаннан аз (1,9%). ЖIӨ-нің ең төменгі өсу қарқыны Германияда (1,8%), ең жоғарғысы Грецияда, Испанияда және Ирландияда болады. ХВҚ экономистерінің пiкiрi бойынша, скандинавия елдерi мен Ұлыбританиядағы, сондай-ақ экономикасы 2004 жылы 4,5%-ға және 2005 жылы 4,4%-ғa өсетін EO-тың жаңа мүшелеріндегі ағымдағы жылға арналған ЖIӨ-нің өсу перспективалары жақсы.
2003 жылы Орталық және Шығыс Еуропаның 27 елi арасында ТМД өсу бойынша ең жоғарғы орында болды, бұл ретте Ресей, Әзiрбайжан және Қазақстан алда болды. Еуропа Қайта Құру және Даму Банкi (ЕҚДБ) экономистерiнiң болжамы бойынша, ТМД елдеріндегі экономикалық өсу 2003 жылы 7,6%-дан 2004 жылы 5,6%-ға дейін бәсеңдейдi.
Мұнай мен газ бағаларының өсуі әлемдік экономикалық өсудi азайтуы мүмкiн келеңсіз фактор болып табылады. The Federal Reserve Ва№k of Dallas бағалауы бойынша, жақын арадағы үш жыл бойы әлемдік экономиканың төмендеуi жылына 0,3%-ды құрайды.
АҚШ-тың, Еуроаймақ елдерiнiң, Жапония мен Қытайдың күтіліп отырған экономикалық серпiнiне негізделе отырып, әлемдiк экономиканың өсу қарқыны 2005-2007 жылдары жылына 3,3-4,0% болып бағаланып отыр.
Тауар рыноктары
Шикiзаттың әлемдiк тауар рыноктарындағы ақуалы, тұтастай алғанда Қазақстанның экспорттық тауарлары үшiн қолайлы.
Мұнай. 2004 жылғы маусымның басында мұнай бағасының күрт өсуi байқалды. I№ter№atio№al Petroleum Excha№ge-де (IРЕ) солтүстік теңіз Bre№t мұнай қоспасының ресми бағасы жеткізудiң жақын арадағы айында 2,50 долларға көтерiлдi және 39,08 долл./баррель белгiсiнде тұрақтанды. IРЕ-гі баға көрсеткiштерi 1990 жылғы 12 қазаннан бастап ең жоғарғы шекке жетті.
Goldma№ Sachs және Моrgа№ Sta№ley инвестициялық банк тобы экономистерiнiң пiкiрi бойынша әлемдiк энергетикалық рыноктарды тұрақтандыру жөнiндегі ОПЕК қабылдап жатқан шараларға қарамастан, мұнай бағасы бір баррель үшін 20 доллардан төмендемейдi және жақын арадағы бес жылда 30-35 долларды құрайтын болады. Болжау кезiнде сарапшылар мұнай өнімдерiне Қытай тарапынан өсіп отырған сұранысты, таяу Шығыс өңiріндегі күрделi геосаяси ахуалды, саяси шиеленiс себебінен бағаларды белгiлi бір деңгейден төмендете алмайтын ОПЕК-кe мүше елдердің қаржы проблемаларын, жаңа кен орындарын игеруге инвестициялардың жеткiлiксiздігі себебінен басқа мұнай өндiрушi компаниялар тарапынан бағаларды төмендетудің мүмкін болмауын назарға алды.
Бидай рыногы. БҰҰ азық-түлiк-ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) мәлiметтерi бойынша, астықтың әлемдік қоры бес жыл қатарынан азаю үстінде және 2004-2005 жылдары 2000-2001 жылдарға қарағанда екі есе дерлік азаяды. ҒАО болжамы бойынша, 2004-2005 жылдары ол 360 млн. тоннадан сәл ғана артық болады. Дамушы елдер, әсiресе Үндiстан мен Қытай тарапынан жоғарғы сұраныс мұның себебі болып табылады. FAO бағалауы бойынша, әлемдiк рыноктағы астықтың жоғары әрі тұрақсыз бағасы мұндай дамудың салдарына айналуы мүмкін.
ҒАО бағалауы бойынша, бидай өндiрiсi 2004/05 маркетинг жылында (МЖ) өткен жылғы көрсеткіштерден 6,3%-ға асып түседі және 595 млн. тоннаны, жемдiк астық дақылдары 951 млн. тоннаны (+2,1%) құрайды. Астығы жөнiндегі Халықаралық Кеңес (AXК) болжамдары бойынша, әлемдiк бидай тұтыну көлемi 2004/05 МЖ 602 млн. тоннаны құрайды, бұл 2003/04 МЖ қарағанда 13 млн. тоннаға көп.
2004/05 МЖ әлемдiк бидай саудасының көлемi соңғы 5 жыл iшiндегі ең төменгі дерлiк деңгейде қалады және 99 млн. тоннаны құрайды, бұл өткен маусымның деңгейiне сәйкес келедi. Еуропадағы және ТМД-дағы егiннiң едәуiр ұлғаюы импорт қажеттiктерiнiң азаюына әкеп соғады, мұндай жағдай Солтүстiк Африка мен Таяу Шығыс Азияда да байқалады. Сауда көлемi ұлғаюының көп бөлігі Азияға, әсiресе Қытайға келедi.
Әлемдегі iрi бидай сатушы болып табылатын Бидай жөніндегі Канада Кеңесi (CWB) бидай бойынша 2012 жылға дейiн ұзақ мерзiмдi болжам жасады, бұған сәйкес өндiрiстiң өсуiне байланысты бидай бағалары үздiксiз төмендейтiн болады.
Бұл ретте әлемдiк бидай саудасының көлемi 2006-2007 жылдары 107,2 млн. тоннаға жетедi, ал 2011-2012 жылдары 115 млн. тоннаға дейiн өседi, бұл оған экспортшы жаңа елдер қатысуының кеңейтiлуiне байланысты. Қазақстан экспорты 5 млн. тонна деңгейiнде болжанып отыр.
Металдар рыногы. Barclays Capital компаниясының ұзақ мерзiмді факторлардың металдар рыногының дамуына әсерiн бағалаған талдаушыларының пiкiрi бойынша, соңғы бірнеше жылда едәуiр өскен түстi металл бағалары осы он жылдықтың соңына дейiн жоғары деңгейде қалады. Қытай, Үндістан және Ресей экономикаларының мақсатты өсуi - болып жатқан баға қозғалыстарының басты себептерiнің бірi.
2.2. Iшкі жағдайлар
ҚР Үкіметінің 2005.12.04. № 332 Қаулысымен 2.2-кiшi бөлiм өзгертілді (бұр. ред. қара)
Соңғы жылдары белгіленген экономика дамуының оң үрдiстерiн сақтау үшiн қысқа мерзiмдi кезеңде де, орта мерзiмдi және ұзақ мерзімді кезеңдерде де макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажет.
Сыртқы қарызды және ЖIӨ-ге пайыздық қатынастағы бюджет тапшылығын біртiндеп қысқартуға бағытталған саясат жүргiзілетiн болады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Қорында қаражат жинақтау жалғасады.
Инфляцияны азайту 2007 жылы қайта қаржыландырудың ресми ставкасын 6%-ға дейін азайтуға мүмкiндiк бередi.
Теңгенiң айырбас бағамының серпiнi сыртқы жағдайлармен де, Ұлттық Банктiң бағамды iшкi валюта рыногына шетел валютасының ағынына байланысты қалыпты өзгеруiн қамтамасыз ете отырып, теңге бағамының күрт ауытқуларын болдырмауға бағытталған саясатымен де айқындалатын болады.
Алдағы кезеңде өнеркәсiптi дамыту негiзiнен басты екі стратегиялық құжатта: Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторын игерудiң мемлекеттік бағдарламасында және Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейiнгi индустриялық-инновациялық даму стратегиясында айқындалатын болады.
Каспий теңiзiнiң қазақстандық секторын игерудiң мемлекеттік бағдарламасына сәйкес елдiң мұнай-газ секторын серпiндi дамыту ұйғарылуда. Аталған бағдарламаға сәйкес мұнай мен газ конденсатын өндiру көлемiн 2003 жылға қарағанда 2015 жылға қарай 2,7-3 есеге ұлғайту көзделуде.
Мұнай секторы экономиканың аралас секторларында тауарлар мен қызметтер өндiрiсiн дамытуды қамтамасыз ете отырып, ел экономикасы үшiн маңызды рөл атқарады. Мәселен, аталған сектор салааралық теңгерiм деректерi бойынша көмiр және лигнит өндiру саласы өнiмiнiң 14%-ын, аяқ киім өнеркәсібі өнiмінiң 53%-ын, химия өнеркәсiбi өнiмiнiң 5%-ын, металлургия өнеркәсiбi өнімiнің 7%-ын, қонақүйлер мен мейрамханалар қызметiнiң 12%-ын, көлiк қызметтерінің 28%-ын, байланыс қызметтерінің 6%-ын, кәсiпорындарға жалпы қызметтiң 17%-ын тұтынады.