2) шығарылымын уәкiлеттi орган тiркеген облигацияларды орналастыру кезiнде:
осы облигациялар қор биржасының тiзiмiне листингтiң ең жоғары немесе ең жоғарыдан кейiнгi санаты бойынша енгiзiлуге тиiс;
осы облигацияларды шет мемлекет аумағында орналастыру басталғанға дейiн олар, тиiстi бағалы қағаздар рыногына тән ықтимал ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында сатып алуға ұсынылған болуға тиiс, ал ұсыну кезіндегі осы облигацияларды орналастыру бағасын айқындаудың шарты оларды шет мемлекет аумағында орналастыру кезіндегі шарттарымен бiрдей болу керек;
3) шығарылымы шет мемлекеттiң заңдарына сәйкес тiркелген облигацияларды орналастыру кезiнде:
осы облигациялар бойынша оларды қор биржасының тiзiмiне листингтiң ең жоғары немесе ең жоғарыдан кейiнгi санаты бойынша енгізуге қор биржасының келісімi алынуға тиiс;
осы облигацияларды шет мемлекет аумағында орналастыру басталуымен бiр мезгiлде олар, тиiстi бағалы қағаздар рыногына тән ықтимал ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында сатып алу үшiн ұсынылуға тиiс, ал ұсыну кезіндегі осы облигацияларды орналастыру бағасын айқындаудың шарты оларды шет мемлекет аумағында орналастыру кезіндегі шарттарымен бiрдей болу керек;
4) акцияларды орналастыру кезiнде:
осы акциялар қор биржасының тiзiмiне листингтiң ең жоғары немесе ең жоғарыдан кейiнгi санаты бойынша енгiзiлуге тиiс;
осы акцияларды шет мемлекет аумағында орналастыру басталғанға дейiн осы акциялардың жалпы санының кемiнде жиырма процентi Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында сатып алуға ұсынылған болуға тиiс. Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында сатып алу үшiн ұсынылуға тиiс болған акциялардың саны, егер осындай сан осы акцияларды басым сатып алу құқығын iске асырудың нәтижесi болса, орналастырылатын акциялардың жалпы санының жиырма процентiнен кем болуы мүмкiн;
5) акционерлік қоғамның бастамасымен немесе қатысуымен шығарылатын және осы акционерлік қоғамның акциялары олардың базалық активі болып табылатын туынды бағалы қағаздарды орналастыру кезiнде осы акциялар қор биржасының тiзiмiне листингтiң ең жоғары немесе ең жоғарыдан кейiнгi санаты бойынша енгiзiлуге тиiс.
2. Ұйымның - Қазақстан Республикасы резидентiнiң шет мемлекеттiң заңдарына сәйкес облигацияларды немесе туынды бағалы қағаздарды шығаруы уәкiлеттi органның рұқсаты болған жағдайда жүргiзiледi.
3. Ұйымға - Қазақстан Республикасының резидентiне шет мемлекеттiң аумағында эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруға немесе орналастыруға уәкiлеттi органның рұқсат беруiнiң шарты мен тәртібі уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде айқындалады.
23-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздарға ақы төлеу
1. Акцияларға ақы төлеудiң тәртібі мен ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заң актілерімен белгiленедi.
2. Облигацияларға ақы төлеу тек қана ақшалай жүзеге асырылады.
3. Акцияларды жазылым жүргiзу арқылы орналастыру осы орналастыру шегiнде эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алушы барлық тұлғалар үшiн бiрыңғай бағамен жүзеге асырылады.
Облигацияларды жазылым жүргiзу арқылы орналастыру облигацияларды шығару проспектiсiнде белгiленген талаптар мен тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
24-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есеп
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi қарап, бекіту үшiн эмитент уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды:
1) эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi қарау жөніндегі өтiнiштi;
2) есептi айдың аяғындағы немесе эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру аяқталған күнгi жағдай бойынша қаржылық есептіліктi;
3) эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленген талаптарға сәйкес жасалған және ресiмделген есептi табыс етедi.
Эмитент мүлкiнiң кепiлдiгiмен қамтамасыз етiлген ипотекалық және басқа облигациялар шығарылған жағдайда, эмитент өз мiндеттемелерiнiң орындалуы қамтамасыз етiлгенiн растайтын құжаттарды табыс етедi
2. Эмитент уәкiлеттi органға эмиссиялық бағалы қағаздар толық орналастырылғанға дейiн әрбiр алты айдың қорытындылары бойынша (есептi жарты жылдық аяқталғаннан кейiн бiр ай iшiнде), сондай-ақ оларды толық орналастыру аяқталғаннан кейiн эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастырудың қорытындылары туралы есеп берiп отыруға мiндеттi.
Эмитент уәкiлеттi органға бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi осы тармақта көрсетiлген мерзiм аяқталғанға дейiн табыс етуге құқылы.
07.07.04 ж. № 577-II ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi уәкiлеттi орган күнтiзбелiк он төрт күн iшiнде қарайды.
Егер құжаттарды қарау барысында олардың Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келмеу фактілері анықталса, уәкiлеттi орган эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекітуден бас тартуға құқылы.
Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi бекітуден бас тартқан жағдайда эмитент бас тартуды алған күннен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде уәкiлеттi органға пысықталған есептi қайта табыс етуге мiндеттi.
25-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұpу
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 1 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Уәкiлеттi орган:
1) эмитент эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi табыс етпеген;
2) эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы есептi қарау процесiнде есепте көрсетiлген мәлiметтердiң эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттік тiркеу үшiн табыс етiлген құжаттарға сәйкес еместiгi анықталған;
3) эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару, орналастыру және өтеу шарттары бұзылған жағдайларда эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы шешiм қабылдауға құқылы.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы шешiмдi уәкiлеттi орган эмитентке, сол бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмi жүйесiн жүргiзудi жүзеге асыратын тiркеушiге және орталық депозитарийге жiбередi.
Тiркеушi және орталық депозитарий уәкiлеттi органның эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы шешiмiн алған кезден бастап осы бағалы қағаздарды орналастыру жөніндегі мәмiлелердi тiркеудi тоқтата тұруға мiндетті.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 3 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Эмитент уәкiлеттi органның эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы шешiмiн алған күннен бастап күнтiзбелiк үш күн iшiнде бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тiлде және орыс тілінде эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы хабарлама жариялауға және анықталған бұзушылықтарды уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмде жоюға жәрдемдесетiн барлық iс-әрекеттi қолдануға мiндеттi. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды қайта жаңарту, анықталған бұзушылықтар жойылғаннан кейiн, уәкiлеттi органның жазбаша хабарламасы негiзiнде жүзеге асырылады.
26-бап. Инвесторларға эмиссиялық бағалы қағаздар орналастыруды тоқтата тұру туралы хабарлау
1. Инвесторларға эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы хабарлауды эмитент:
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
1) бұқаралық ақпарат құралдарында тиiстi хабар жариялау;
2) тiркеушiнiң көрсететiн қызметтерiн пайдалану арқылы тиiстi хабарды тарату жолымен жүргiзедi.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру туралы хабарда:
1) эмитенттiң толық атауы мен орналасқан жерi;
2) эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттік тiркеу күнi;
3) уәкiлеттi органның эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды тоқтата тұру жөніндегі шешiмi туралы мәлiметтер болуға тиiс.
27-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттік тiркеудi жарамсыз деп тану
1. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттік тiркеу сот тәртібімен жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттік тiркеудi жарамсыз деп тануға:
1) эмитенттiң Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуы;
2) эмитенттi заңды тұлға ретінде мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыруға негiз болған құжаттардан дәйектемесiз ақпараттың табылуы;
3) эмиссиялық бағалы қағаздар шығаруды мемлекеттік тiркеу жүргiзуге негiз болған құжаттардан дәйектемесiз ақпараттың табылуы негiз болып табылады.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 3 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Соттың эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын мемлекеттік тiркеудi жарамсыз деп тануы уәкiлеттi органның эмиссиялық бағалы қағаздар шығарылымын жоюы үшiн негiз болып табылады.
Акционерлік қоғам акциялар шығарылымы жойылған күннен бастап үш айдың iшiнде акциялардың жаңа шығарылымын тiркеу немесе қоғамды қайта ұйымдастыру не тарату туралы шешiм қабылдайды.
5-тарау. Эмиссиялық бағалы қағаздар айналысы
28-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар айналысының тәртібі
1. Эмиссиялық бағалы қағаздардың қайталама бағалы қағаздар рыногындағы айналысы бағалы қағаздар рыногы субъектiлерiнiң ұйымдастырылған немесе ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар рыногында осы бағалы қағаздармен азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасасуы арқылы жүзеге асырылады.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiлелер жасасудың және оларды бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiнде немесе бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде тiркеудiң талаптары мен тәртібі осы Заңға және уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілеріне сәйкес белгiленедi.
29-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздар айналысын тоқтата тұру
1. Уәкiлеттi орган осы Заңда және Қазақстан Республикасының:
1) инвесторлардың эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алуы процесiнде олардың құқықтары мен мүдделерiн;
2) эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiлелер жасасудың талаптары мен тәртібін белгiлейтiн өзге де нормативтiк құқықтық актілерінде көзделген талаптар бұзылған жағдайда, бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесiнде және (немесе) бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде барлық немесе жекелеген жеке шоттардағы эмиссиялық бағалы қағаздардың бәрiн немесе бiр бөлiгiн оқшаулау арқылы эмиссиялық бағалы қағаздар айналысын тоқтата тұру туралы шешiм қабылдауға құқылы.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген негiздер бойынша эмиссиялық бағалы қағаздар айналысын тоқтата тұру туралы шешiм қабылданған жағдайда уәкiлеттi орган эмитентке және мәмiле жасасуға қатысатын (қатысқан) тұлғаларға анықталған бұзушылықтарды жою туралы жазбаша нұсқама жiбередi. Аталған тұлғалар анықталған тәртiп бұзушылықтарды уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмде жоюға және нұсқаманың орындалғаны туралы не анықталған бұзушылықтарды жою мүмкiн еместiгi туралы уәкiлеттi органға жазбаша есеп беруге мiндеттi.
3. Уәкiлеттi орган эмиссиялық бағалы қағаздар айналысын тоқтата тұру туралы шешiмдi эмитентке, тiркеушiге және орталық депозитарийге жiбередi.
4. Тiркеушi және орталық депозитарий уәкiлеттi органның эмиссиялық бағалы қағаздардың айналысын тоқтата тұру туралы хабарламасын алған кезден бастап бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесіндегі және нақтылы ұстауды есепке алу жүйесіндегі айналысы тоқтатыла тұрған бағалы қағаздармен мәмiлелердiң тiркелуiн тоқтата тұруға мiндеттi.
5. Нақтылы ұстаушы орталық депозитарийдiң хабарламасын алған кезден бастап жиырма төрт сағаттың iшiнде өзiнiң клиентiн клиенттiң нақтылы ұстауды есепке алу жүйесіндегі шоты бойынша бағалы қағаздармен мәмiле жасасуын тiркеудi тоқтата тұруы туралы жазбаша түрде хабардар етуге мiндеттi.
6. Бұзушылықтар жойылғаннан кейiн бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесіндегі және бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды есепке алу жүйесіндегі бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеудi қайта жаңғырту уәкiлеттi органның эмитентке, тiркеушiге және орталық депозитарийге бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеудi қайта жаңғырту туралы шешiм қабылданған кезден бастап күнтiзбелiк үш күннен кешiктiрiлмей жiберiлген жазбаша хабарламасы негiзiнде жүзеге асырылады.
30-бап. Акциялар шығарылымын жою
1. Қайталама бағалы қағаздар рыногында айналыста жүрген акциялар шығарылымын жою туралы шешiмдi уәкiлеттi орган акционерлік қоғам қайта ұйымдастырылған (осы акционерлік қоғамға басқа заңды тұлғаны қосуды немесе осы акционерлік қоғамнан жаңа акционерлік қоғамды бөлiп шығаруды есептемегенде) жағдайда акционерлік қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысының акциялар шығарылымын жою туралы шешiмiне немесе оның таратылуына байланысты, не осы Заңның 27-бабына сәйкес сот шешiмi негiзiнде қабылдайды.
2. Эмитент акциялар шығарылымын жою үшiн, уәкiлеттi органға:
1) жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тiркеудi жарамсыз деп тану немесе эмитенттi мәжбүрлеп тарату (қайта ұйымдастыру) туралы сот шешiмiнiң көшiрмесiн немесе акционерлік қоғамның қайта ұйымдастырылуына немесе таратылуына байланысты жарияланған акциялар шығарылымын жою туралы акционерлік қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы хаттамасының (дауыс беретiн барлық акцияларды иеленушi акционер шешiмiнiң) көшiрмесiн;
2) жарияланған акциялар шығаруды мемлекеттік тiркеу туралы куәлiктi, жарияланған акциялар шығару проспектiсiн, акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептердi және уәкiлеттi органның акцияларды орналастыру қорытындылары туралы есептердi бекіту туралы хабарламасын табыс етедi.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 2-1 тармақпен толықтырылды
2-1. Сот не атқарушы iс жүргiзу органдары жарияланған акциялар шығарылымын мемлекеттік тiркеудi жарамсыз деп тану немесе мәжбүрлеп тарату туралы заңды күшiне енген сот шешiмiн табыс еткен жағдайда уәкiлеттi орган акциялар шығарылымын жою туралы шешiм қабылдайды және бұл жөнiнде эмитенттi хабардар етедi.
3. Жарияланған акциялардың шығарылымын жоюдың талаптары мен тәртібі уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
4. Шығарылымына қатысты уәкiлеттi орган жою туралы шешiм қабылдаған акциялармен азаматтық-құқықтық мәмiлелер жасасуға тыйым салынады.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 5 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Эмитент уәкiлеттi органның акциялар шығарылымын жою туралы хабарламасын алған кезден бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында мемлекеттік тiлде және орыс тілінде ақпарат жариялауға мiндеттi.
6. Акциялар шығарылымын жою туралы шешiмдi уәкiлеттi орган эмитентке, тiркеушiге және орталық депозитарийге жiбередi, олар жою туралы хабарламаны алған кезден бастап шығарылымы жойылуға жатқызылған бағалы қағаздармен жасалған барлық мәмiлелердiң тiркелуiн дереу тоқтата тұруға мiндеттi.
Жарияланған акциялар шығарылымының жойылуына байланысты бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзудi тоқтату тәртібі уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
31-бап. Бағалы қағаздар бойынша кiрiс төлеу.
Төлем агентi
1. Қайталама бағалы қағаздар рыногындағы эмиссиялық бағалы қағаздар айналысы кезеңiнде эмитент Қазақстан Республикасының заңдарында және эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiнде белгiленген бағалы қағаздар бойынша кiрiс төлеу тәртібін сақтауға мiндеттi.
07.07.04 ж. № 577-II ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Облигациялар бойынша кiрiс және облигациялардың нақтылы құны оларды өтеу кезiнде осы төлемдер жүзеге асырылатын кезеңнiң соңғы күнiнiң басындағы жағдай бойынша (бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмдерiнiң жүйесiн жүргiзудi жүзеге асыратын тiркеушi орналасқан жердегi уақыт бойынша) оларды алуға құқығы бар тұлғаларға төленедi.
3. Эмиссиялық бағалы қағаздар және облигациялардың нақтылы құны бойынша кiрiс төлеудi оларды өтеу кезiнде эмитент дербес немесе төлем агентi көрсететiн қызметтi пайдалана отырып жүзеге асырады.
4. Қазақстан Республикасының Yкіметі, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi немесе жергiлiктi атқарушы органдар шығарған мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кiрiс төлеудi жүзеге асырудың талаптары мен тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
5. Мемлекеттік емес эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кiрiстi және мемлекеттік емес облигацияларды өтеу кезiнде олардың нақтылы құнын төлеудi жүзеге асыру үшiн төлем агентiн сайлау туралы шешiмдi өз жарғысына сәйкес эмитенттiң органы қабылдайды.
6. Төлем агентi көрсететiн қызметтердi пайдалану туралы шешiм қабылданған жағдайда эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiнде төлем агентi туралы мынадай мәлiметтер:
1) төлем агентiнiң толық атауы;
2) төлем агентiнiң және оның бағалы қағаздар бойынша кiрiс (облигациялардың нақтылы құнын) төлеудi жүзеге асыратын барлық филиалдарының орналасқан жерi, реквизиттерi болуға тиiс.
7. Төлем агентi өзгерген жағдайда эмитент эмиссиялық бағалы қағаздар шығару проспектiсiне өзгерістер енгізуге және оларды тiркеу үшiн осындай өзгерiс жасалған күннен бастап күнтiзбелiк жетi күн iшiнде уәкiлеттi органға табыс етуге мiндеттi.
8. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша кiрiс және облигациялардың нақтылы құны оларды өтеу кезiнде эмитенттiң кiнәсiнен төленбеген, сондай-ақ толық төленбеген жағдайда эмитент бағалы қағаздарды ұстаушыларға негiзгi мiндеттеменiң сомасын және мерзiмi өткен әр күн үшiн ақшалай мiндеттеменi немесе оның тиiстi бөлiгiн орындау күніндегі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландырудың ресми ставкасын негiзге ала отырып есептелген өсiмпұл төлеуге мiндеттi.
9. Төлем агентi қызметiн жүзеге асырудың талаптары мен тәртібі уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiмен белгiленедi.
32-бап. Мемлекеттік емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есеп
1. Эмитент қарау және бекіту үшiн мемлекеттік емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi уәкiлеттi органға облигацияларды шығару проспектiсiнде белгiленген өтеу мерзiмi аяқталғаннан кейiн бiр ай iшiнде табыс етуге мiндеттi.
2. Мемлекеттік емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi қарау және бекіту үшiн эмитент уәкiлеттi органға мынадай құжаттарды:
1) облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi қарау туралы өтiнiштi;
2) есептi айдың аяғындағы немесе облигацияны өтеу аяқталған күнгi жағдай бойынша қаржылық есептіліктi;
3) мемлекеттік емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерінде белгiленген талаптарға сәйкес жасалып, ресiмделген есептi;
4) тiркеушiнiң эмитент облигацияларын ұстаушылары тiзiлiмiн жабу туралы хабарламасын;
5) эмитенттiң облигацияларды өтеу жөніндегі өз мiндеттемелерiн орындағанын растайтын төлем агентiнiң немесе эмитенттiң (төлем агентiмен шарт болмаған жағдайда) хабарламасын табыс етедi.
3. Мемлекеттік емес облигацияларды өтеу қорытындылары туралы есептi уәкiлеттi орган күнтiзбелiк он төрт күн iшiнде қарайды.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен тақырыбы жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
6-тарау. Туынды бағалы қағаздар айналысы
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 33-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
33-бап. Туынды бағалы қағаздармен мәмiлелер жасасу
талаптары
1. Нақтылы ұстаушылар бағалы қағаздардың ұйымдастырылған рыногында мәмiлелер жасасқан жағдайда туынды бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеудi және олар бойынша құқықтарды растауды осы Заңға және биржа қорының iшкi құжаттарына сәйкес жүзеге асырады.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 2 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында туынды бағалы қағаздармен мәмiлелер жасасудың шарттары мен тәртібі қор биржасының iшкi құжаттарында белгiленедi
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 34-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
34-бап. Эмитенттердiң - Қазақстан Республикасы
резиденттерiнiң эмиссиялық бағалы қағаздары
базалық активi болып табылатын депозитарийлiк
қолхаттарды немесе өзге де бағалы қағаздарды шығару
1. Эмитент не эмитенттердiң - Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң эмиссиялық бағалы қағаздары базалық активi болып табылатын депозитарийлiк қолхаттарды немесе өзге де бағалы қағаздарды шығаруды жоспарлайтын өзге де тұлға шығарылым туралы уәкiлеттi органға оның нормативтiк құқықтық актiсiнде көзделген тәртiппен хабарлауға мiндеттi.
2. Эмитент не эмитенттердiң - Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң эмиссиялық бағалы қағаздары базалық активi болып табылатын депозитарийлiк қолхаттарды немесе өзге де бағалы қағаздарды шығаруды жүзеге асырған өзге де тұлға орналастыру аяқталған күннен бастап бiр ай ішінде уәкiлеттi органға оның нормативтiк құқықтық актiсiнде көзделген тәртiппен орналастырудың қорытындылары туралы есеп бередi.
3. Депозитарийлiк қолхаттар шығару ережесінде орталық депозитарийге депозитарийлiк қолхаттарды ұстаушылар туралы ақпарат беру тәртібі болуға тиiс.
35-бап. Қазақстанның депозитарийлiк қолхаттарын шығару
Қазақстанның депозитарийлiк қолхаттарын шығарудың, орналастырудың, айналысқа салудың және өтеудiң, қазақстанның депозитарийлiк қолхаттарын орналастыру немесе өтеу қорытындылары туралы есеп берудiң талаптары мен тәртібі, сондай-ақ қазақстанның депозитарийлiк қолхаттарының эмитент сақтауға тиiс талаптары уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актілерімен белгiленедi.
7-тарау. Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмілелерді
тіркеу және олар бойынша құқықтарды бастау
36-бап. Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеу
1. Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiлелер осы Заңға сәйкес тiркелуге тиіс.
2. Эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiлелердi тiркеу бағалы қағаздарды ұстаушылардың тiзiлiмдерi жүйесіндегі немесе бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды есепке алу жүйесіндегі жеке шоттар бойынша жазбалар енгізу арқылы жасалады.
Егер мәмiлеге қатысушылар бiр нақтылы ұстаушының клиенттерi болса, эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтар мәмiле бағалы қағаздарды нақтылы ұстауды есепке алу жүйесiнде тiркелген кезден бастап туындайды.
Мәмiлеге қатысушылар әртүрлi нақтылы ұстаушының клиенттерi болған жағдайда эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтар мәмiле нақтылы ұстаушылардың жеке шоттары бойынша орталық депозитарийде тiркелген кезден бастап туындайды.
3. Ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар рыногында бағалы қағаздармен мәмiлелер жасасу кезiнде тiркеушi (нақтылы ұстаушы) мәмiленi тiркеудi, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, мәмiлеге қатысушылардың қарсы бұйрықтары негiзiнде жүзеге асырады.
4. Мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқықтарды тiркеудiң ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
2005.08.07 ж. № 72-IІІ ҚР Заңымен 5 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Егер осы мәмiленi тiркеу үшiн табыс етiлген құжаттар осы Заңның, уәкiлетті органның нормативтiк құқықтық актiсiнiң талаптарына және оның iшкi құжаттарына сәйкес келмесе, тiркеушi (нақтылы ұстаушы) эмиссиялық бағалы қағаздармен мәмiленi тiркеуден бас тартуға мiндеттi.
6. Ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында эмиссиялық бағалы қағаздармен жасалған мәмiлелердi тiркеу тәртібі орталық депозитарийдiң және сауда-саттықты ұйымдастырушының iшкi құжаттарымен белгiленедi.
7. Ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар рыногында эмиссиялық бағалы қағаздармен бiр жақты мәмiле жасалған жағдайда оны тiркеу осы мәмiлеге қатысушының бұйрығы негiзiнде, оның сол эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша құқығын растайтын құжаттар қоса тiркеле отырып жүзеге асырылады.
8. Эмиссиялық бағалы қағаздар бойынша өзгерістердi тiркеудi немесе құқықтарды тоқтатуды тiркеушi (нақтылы ұстаушы) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес барлық қажеттi реквизиттер бар атқарушы парақ негiзiнде жүзеге асырады.