1) қоғамның атқарушы органының толық атауы және орналасқан жері;
2) отырыстың өткізілген күні, уақыты және орны;
3) отырысқа қатысқан адамдар туралы мәліметтер;
4) отырыстың күн тәртібі;
5) дауыс беруге қойылған мәселелер және олар бойынша дауыс берудің қорытындылары;
6) қабылданған шешімдер;
7) директорлар кеңесінің шешімі бойынша өзге де мәліметтер болуға тиіс.
6. Директорлар кеңесі отырыстарының хаттамалары және директорлар кеңесі сырттай дауыс беру арқылы қабылдаған шешімдер қоғамның мұрағатында сақталады.
Директорлар кеңесінің хатшысы директорлар кеңесі мүшесінің талап етуі бойынша оған директорлар кеңесі отырысының хаттамасын және сырттай дауыс беру арқылы қабылданған шешімдерді танысу үшін беруге және (немесе) оған хаттама мен шешімнің қоғамның уәкілетті қызметкері қол қойып, қоғамның мөрі басылып куәландырылған үзінді көшірмесін беруге міндетті.
59-бап. Атқарушы орган
1. Ағымдағы қызметке атқарушы орган басшылық етеді. Атқарушы орган алқалы немесе жеке-дара болуы мүмкін.
Атқарушы орган қоғам қызметінің осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде және қоғамның жарғысында қоғамның басқа органдары мен лауазымды адамдарының құзыретіне жатқызылмаған кез келген мәселесі бойынша шешім қабылдауға құқылы.
Атқарушы орган акционерлердің жалпы жиналысы мен директорлар кеңесінің шешімдерін орындауға міндетті.
Атқарушы органның вето құқығы белгіленген мәселелер жөніндегі шешімдері "алтын акция" иесімен келісілуге тиіс.
Егер мәміле жасасу кезінде тараптардың қоғам белгілеген шектеулер туралы білгендігін дәлелдесе, қоғам өзінің атқарушы органы осы шектеулерді бұза отырып жасаған мәміленің жарамды екеніне дауласуға құқылы.
2. Қоғамның акционерлері және оның акционерлері болып табылмайтын қызметкерлері алқалы атқарушы органның мүшелері бола алады.
Атқарушы органның мүшесі директорлар кеңесінің келісімімен ғана басқа ұйымдарда жұмыс істеуге құқылы.
Атқарушы орган мүшесінің функциялары, құқықтары мен міндеттері осы Заңмен, Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерімен, қоғамның жарғысымен, сондай-ақ аталған адам мен қоғам арасында жасалатын жеке еңбек шартымен белгіленеді. Қоғам атынан атқарушы органның басшысымен жасалатын жеке еңбек шартына директорлар кеңесінің төрағасы немесе осыған жалпы жиналыс немесе директорлар кеңесі уәкілеттік берген адам қол қояды. Атқарушы органның қалған мүшелерімен жасалатын жеке еңбек шартына атқарушы органның басшысы қол қояды.
60-бап. Атқарушы орган басшысының өкілеттігі
Атқарушы органның басшысы:
1) акционерлердің жалпы жиналысы мен директорлар кеңесі шешімдерінің орындалуын ұйымдастырады;
2) үшінші тұлғалармен қатынастарда қоғам атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
3) үшінші тұлғалармен қатынастарда қоғам атынан өкілдік ету құқығына сенімхат береді;
4) қоғам қызметкерлерін (атқарушы органның мүшелері болып табылатын қызметкерлерді қоспағанда) қабылдауды, ауыстыруды және жұмыстан босатуды жүзеге асырады, оларға көтермелеу шараларын қолданады және тәртіптік жазалар қолданады, қоғамның штат кестесіне сәйкес қоғам қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларының және айлықақыларына дербес үстемеақылардың мөлшерін белгілейді, атқарушы орган мен қоғамның ішкі аудит қызметінің құрамына кіретін қызметкерлерді қоспағанда, қоғам қызметкерлеріне берілетін сыйлықақы мөлшерін айқындайды;
5) өзі болмаған жағдайда өз міндеттерін атқаруды атқарушы орган мүшелерінің біріне жүктейді;
6) атқарушы орган мүшелерінің арасында міндеттерді, сондай-ақ өкілеттік саласын және жауапкершілікті бөледі;
7) қоғам жарғысында және қоғам акционерлерінің жалпы жиналысы мен директорлар кеңесінің шешімдерінде белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
61-бап. Ішкі аудит қызметі
1. Қоғамның қаржы-шаруашылық қызметіне бақылауды жүзеге асыру үшін мүшелерінің саны кемінде үшеу болатын ішкі аудит қызметі құрылуы мүмкін.
2. Ішкі аудит қызметінің қызметкерлері директорлар кеңесінің және атқарушы органның құрамына сайлана алмайды.
3. Ішкі аудит қызметі тікелей директорлар кеңесіне бағынады және өз жұмысы туралы оның алдында есеп береді.
62-бап. Қоғамның лауазымды адамдары қызметінің принциптері
Қоғамның лауазымды адамдары:
1) өздеріне жүктелген міндеттерді адал орындайды және қоғам мен акционерлердің мүдделерін мейлінше жоғары дәрежеде көрсететін әдістерді пайдаланады;
2) қоғамның мүлкін пайдаланбауға тиіс әрі оны қоғам жарғысына және акционерлердің жалпы жиналысы мен директорлар кеңесінің шешімдеріне қайшы пайдалануға, сондай-ақ оны өз мақсаттарына пайдалануға жол бермеуге және өздерінің аффилиирленген тұлғаларымен мәмілелер жасаған кезде асыра пайдаланбауға тиіс;
3) тәуелсіз аудит жүргізуді қоса алғанда, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік жүйесінің тұтастығын қамтамасыз етуге міндетті;
4) қоғамның қызметі туралы ақпараттың Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес ашылуы мен берілуін бақылайды.
63-бап. Қоғамның лауазымды адамдарының жауапкершілігі
1. Қоғамның атқарушы органының басшысы мен мүшелері өздерінің әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) қоғамға келтірілген зиян үшін қоғам алдында Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
2. Қоғам акционерлердің жалпы жиналысының шешімі негізінде лауазымды адамның қоғамға келтірген зиянын не залалын өтеуі туралы сотқа талап-арызбен жүгінуге құқылы.
6-тарау. Қоғамның аффилиирленген тұлғалары
64-бап. Қоғамның аффилиирленген тұлғасы
1. Мыналар:
1) қоғамның ірі акционері;
2) қоғамның аффилиирленген тұлғасы болып табылатын жеке адамның жақын туысы (ата-анасы, ерлі-зайыптылар, аға-інісі, апа-сіңлісі, ұлы, қызы), сондай-ақ жекжаты (зайыбының (жұбайының) аға-інісі, апа-сіңлісі, ата-анасы, ұлы немесе қызы) болып келетін жеке адам;
3) қоғамның немесе қоғамның аффилиирленген тұлғасы болып табылатын заңды тұлғаның лауазымды адамы;
4) қоғамның аффилиирленген тұлғасы болып табылатын жеке адамның бақылауындағы заңды тұлға;
5) өзіне қатысты қоғам ірі акционер болып табылатын немесе мүліктегі тиісті үлеске құқығы бар заңды тұлға;
6) өзіне қатысты қоғам еншілес қоғам болып табылатын немесе тәуелді (бақылауындағы) қоғам деп танылатын заңды тұлға;
7) қоғамға қатынасы жөнінен оның еншілес ұйымы болып табылатын немесе тәуелді (бақылауындағы) қоғам деп танылатын заңды тұлға;
8) қоғаммен бірге үшінші тұлғаның бақылауында болатын заңды тұлға;
9) қоғаммен қолданыстағы шарт арқылы байланысы бар, қоғам қабылдайтын шешімдерді сол шартқа сәйкес айқындауға құқылы заңды тұлға;
10) өзінің аффилиирленген тұлғаларымен бірлесіп қоғамның дауыс беретін акцияларының он және одан да көп (халықтық акционерлік қоғамда бес және одан да көп) процентін иеленетін, пайдаланатын және оларға билік ететін тұлға;
11) Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес қоғамның аффилиирленген тұлғасы болып табылатын өзге тұлға қоғамның аффилиирленген тұлғасы болып табылады.
2. Тиісті қоғам немесе өзге заңды тұлға қабылдайтын шешімді анықтау мүмкіндігі қоғамға немесе өзге заңды тұлғаға бақылау жасау деп танылады.
65-бап. Қоғамның лауазымды адамының аффилиирленген тұлғасы
Мыналар қоғамның лауазымды адамының аффилиирленген тұлғасы болып табылады:
1) қоғамның лауазымды адамы болып табылатын жеке адамның жақын туысы (ата-анасы, ерлі-зайыптылар, аға-інісі, апа-сіңлісі, ұлы, қызы), сондай-ақ жекжаты (зайыбының (жұбайының) аға-інісі, апа-сіңлісі, ата-анасы, ұлы немесе қызы) болып келетін жеке адам;
2) өзіне қатысты қоғамның лауазымды адамы ірі акционер болып табылатын немесе мүліктегі тиісті үлеске құқығы бар заңды тұлға;
3) қоғамның лауазымды адамының аффилиирленген тұлғасы болып табылатын жеке адамның бақылауындағы заңды тұлға;
4) қоғамның лауазымды адамының аффилиирленген тұлғасы болып табылатын заңды тұлғаның лауазымды адамы;
5) Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес қоғамның лауазымды адамының аффилиирленген тұлғасы болып табылатын адам.
66-бап. Аффилиирленген тұлғалардың қатысуымен мәмілелер жасасу ерекшеліктері
1. Өзара аффилиирленген тұлғалардың қатысуымен қоғамның мәмілелер жасасу ерекшеліктері осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде белгіленеді.
2. Аффилиирленген тұлғалардың қатысуымен мәмілелер жасасу тәртібіне Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген талаптардың сақталмауы кез келген мүдделі тұлғаның талап-арызы бойынша соттың мәмілені жарамсыз деп тануына негіз болып табылады.
3. Аффилиирленген тұлғалардың қатысуымен мәмілелер жасасу тәртібіне осы Заңда белгіленген талаптарды бұза отырып қасақана мәміле жасаған тұлғаның, егер мұндай талап пайдакүнемдік немесе жауапкершіліктен жалтару ниетінен туса, мәмілені жарамсыз деп тануды талап етуге құқығы жоқ.
67-бап. Қоғамның аффилиирленген тұлғалары туралы мәліметтерді ашу
1. Қоғамның аффилиирленген тұлғалары туралы мәліметтер қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпарат болып табылмайды.
2. Қоғам аффилиирленген тұлғалар беретін мәліметтер негізінде өзінің осы тұлғаларының есебін жүргізуге міндетті.
3. Қоғамның аффилиирленген тұлғалары болып табылатын жеке және заңды тұлғалар аффилиирлену туындаған күннен бастап жеті күн ішінде өзінің аффилиирленген тұлғалары туралы мәліметті қоғамға табыс етуге міндетті.
4. Қоғам өзінің аффилиирленген тұлғаларының тізімін уәкілетті органға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен табыс етуге міндетті.
7-тарау. Жасалуына қатысты ерекше талаптар
белгіленген қоғамның мәмілелері
68-бап. Ірі мәміле
1. Мыналар:
1) нәтижесінде құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің жиырма бес (халықтық акционерлік қоғамда - он) және одан да көп проценті болатын мүлікті қоғам сатып алатын немесе иеліктен айыратын мәміле немесе өзара байланысты мәмілелердің жиынтығы;
2) нәтижесінде қоғам өзінің орналастырылған бағалы қағаздарын сатып алуы немесе орналастырылған бағалы қағаздардың жалпы санының жиырма бес (халықтық акционерлік қоғамда - он) және одан да көп проценті мөлшерінде олардың сатылып алынған бағалы қағаздары сатылуы ықтимал мәміле немесе өзара байланысты мәмілелердің жиынтығы;
3) қоғамның жарғысында ірі мәміле деп танылатын өзге де мәміле ірі мәміле деп танылады.
2. Мыналар:
1) белгілі бір мүлікті сатып алуға немесе иеліктен айыруға қатысты белгілі бір тұлғамен не сол тұлғаның аффилиирленген тұлғаларымен жасалатын бірнеше мәміле;
2) бір шартпен немесе өзара байланысты бірнеше шартпен ресімделетін мәмілелер;
3) жарғымен немесе акционерлерінің жалпы жиналысының шешімімен өзара байланысты мәмілелер деп танылатын өзге де мәмілелер өзара байланысты мәмілелер деп танылады.
69-бап. Ірі мәміленің нысанасы болып табылатын мүліктің құны
1. Ірі мәміленің нысанасы болып табылатын мүліктің нарықтық құны Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заң актісіне сәйкес белгіленеді.
2. Егер нарықтық құнын белгілеу қажет болатын мүлік ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында айналыста жүрген бағалы қағаздар болса, олардың нарықтық құнын белгілеу кезінде осындай бағалы қағаздармен мәмілелердің осындай рынокта қалыптасқан бағасы немесе осындай бағалы қағаздарға сұраным мен ұсынымның бағасы есепке алынады. Егер нарықтық құнын анықтау қажет болатын мүлік қоғамның өз акциялары болса, олардың нарықтық құнын белгілеу кезінде қоғамның өзіндік капиталының мөлшері де, қоғамның даму жоспарларына сәйкес оның өзгеру перспективасы мен нарықтық құнды белгілейтін адам маңызды деп санайтын өзге факторлар да есепке алынады.
70-бап. Қоғамның ірі мәміле жасасуы
1. Қоғамның ірі мәмілені жасасуы туралы шешімді директорлар кеңесі қабылдайды. Қоғамның ірі мәміле жасасу туралы шешімін бекітуді акционерлердің жалпы жиналысы жүзеге асырады.
Акционерлердің жалпы жиналысына ірі мәмілені жасасу туралы шешімді бекітуге қажетті ақпаратты (құжаттардың қосымшаларымен бірге) атқарушы орган табыс етеді.
2. Акционерлердің жалпы жиналысына қатыспаған қоғам кредиторлары мен акционерлеріне хабарлау мақсатында қоғам акционерлердің жалпы жиналысы ірі мәмілені жасасу туралы шешімді бекіткеннен кейін бес күн ішінде мәміле туралы хабарды баспасөз басылымында жариялауға міндетті.
3. Ірі мәміле жасасу туралы шешімге қарсы дауыс берген акционер өзіне тиесілі акцияларды қоғамның осы Заңда белгіленген тәртіппен сатып алуын талап етуге құқылы.
71-бап. Қоғамның мәміле жасасуға мүдделілігі
1. Қоғамның аффилиирленген тұлғалары, сондай-ақ солардың аффилиирленген тұлғалары, егер олар:
1) мәміле жасаушы тарап болса немесе оған өкіл немесе делдал ретінде қатысса;
2) мәміле жасаушы тарап болып табылатын немесе оған өкіл немесе делдал ретінде қатысатын заңды тұлғаның аффилиирленген тұлғалары болса, қоғамның мәміле жасасуына мүдделі тұлғалары (бұдан әрі - мүдделі тұлғалар) деп танылады.
2. Жасалуына қоғам мүдделі болатын, акционердің қоғам акцияларын немесе басқа да бағалы қағаздарын сатып алуы жөніндегі, қоғамның орналастырылған өз акцияларын өзі сатып алуы жөніндегі, сондай-ақ қоғамды осы Заңға сәйкес жүзеге асырылатын қайта ұйымдастыру мәміле болып табылмайды.
72-бап. Қоғамның мәміле жасасуына мүдделілік туралы ақпарат
Осы Заңның 71-бабының 1-тармағында аталған тұлғалар:
1) олардың мәміле тараптары екендігі немесе оған өкіл немесе делдал ретінде қатысатындығы туралы;
2) өздерімен аффилиирленген заңды тұлғалар туралы, оның ішінде дербес немесе өздерінің аффилиирленген тұлғаларымен бірлесіп, дауыс беретін акциялардың (үлестердің, пайлардың) он және одан да көп процентін немесе халықтық акционерлік қоғамның дауыс беретін акцияларының бес және одан да көп процентін иеленетін заңды тұлғалар туралы және органдарында өздері қызмет атқаратын заңды тұлғалар туралы;
3) өздері мүдделі тұлғалар болып танылуы мүмкін, өздеріне белгілі жасалған немесе ықтимал мәмілелер туралы ақпаратты директорлар кеңесінің назарына жеткізуге міндетті.
73-бап. Мүдделілік болуына орай жасалатын мәмілелерді жасасу тәртібіне қойылатын талаптар
Мүдделілік болуына орай қоғамның мәмілелерді жасасуы туралы шешімді директорлар кеңесі қабылдайды. Мүдделілік болуына орай қоғамның мәмілелерді жасасуы туралы шешімді бекітуді акционерлердің жалпы жиналысы оның жасалуына мүдделі емес акционерлердің көпшілік даусымен қабылдайды. Бұл орайда акционерлердің жалпы жиналысына мұндай мәмілені бекіту туралы негізделген шешім қабылдауға қажетті ақпарат (құжаттардың қосымшаларымен бірге) беріледі.
74-бап. Қоғамның жасалуына қатысты ерекше талаптар белгіленген мәмілелер жасасуының салдары
1. Ірі мәмілені және мүдделілік болуына орай жасалатын мәмілені жасасу кезінде осы Заңда көзделген талаптарды сақтамау мүдделі тұлғалардың талап-арызы бойынша сот тәртібімен бұл мәмілелерді жарамсыз деп тануға әкеп соғады.
2. Мәміле жасасудың осы Заңда көзделген тәртібіне қойылатын талаптарын бұза отырып қоғаммен мәміле жасалуына мүдделі тұлға қоғам алдында өзінің қоғамға келтірген залалы мөлшерінде жауапты болады. Мәмілені бірнеше тұлға жасаған жағдайда олардың қоғам алдындағы жауапкершілігі ортақ болады.
3. Осы Заңда және қоғамның жарғысында белгіленген талаптарды бұза отырып қасақана ірі мәміле жасаған тұлғаның, егер мұндай талап пайдакүнемдік немесе жауапкершіліктен жалтару ниетінен туса, мәмілені жарамсыз деп тануды талап етуге құқығы жоқ.
8-тарау. Қоғамның қаржылық есептілігі мен аудиті
75-бап. Қоғамның қаржылық есептілігі
1. Қоғамның қаржылық есептілігі қоғамның бухгалтерлік балансын, кірістер мен шығыстар туралы есебін, ақша қозғалысы туралы есепті және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңдарына сәйкес өзге де есептілікті қамтиды.
2. Қоғамның бухгалтерлік есебін жүргізу мен қаржылық есептілігін жасау тәртібі Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңдарымен және бухгалтерлік есептің стандарттарымен белгіленеді.
76-бап. Қоғамның жылдық қаржылық есептілігі
1. Атқарушы орган жыл сайын акционерлердің жалпы жиналысына талқылау және бекіту үшін өткен жылға жасалған жылдық қаржылық есептілікті табыс етеді.
2. Жылдық қаржылық есептілік Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңдарына сәйкес жасалады.
3. Жылдық қаржылық есептілікті директорлар кеңесі акционерлердің жылдық жалпы жиналысы өтетін күнге дейін отыз күннен кешіктірмей алдын ала бекітуге тиіс.
Қоғамның жылдық қаржылық есептілігін түпкілікті бекіту акционерлердің жылдық жалпы жиналысында жүргізіледі.
4. Қоғам жыл сайын баспасөз басылымында уәкілетті орган белгілеген мерзімде жылдық қаржылық есептілікті жариялап отыруға міндетті.
77-бап. Халықтық акционерлік қоғамның уәкілетті органға қаржылық есептілікті табыс ету тәртібі
1. Халықтық акционерлік қоғам тоқсандық қаржылық есептілікті уәкілетті органға тоқсан сайын табыс етуге және баспасөз басылымында жариялауға міндетті.
2. Халықтық акционерлік қоғам жылдық қаржылық есептілікті акционерлердің жылдық жалпы жиналысы бекіткеннен кейін оны он күн ішінде уәкілетті органға табыс етуге міндетті. Халықтық акционерлік қоғамның жылдық қаржылық есептілікті табыс ету тәртібін уәкілетті орган белгілейді.
78-бап. Қоғамның аудиті
1. Қоғам жылдық қаржылық есептіліктің аудит жүргізуге міндетті.
2. Қоғамға аудит директорлар кеңесінің, атқарушы органның бастамасы бойынша қоғам есебінен не ірі акционердің талап етуі бойынша оның есебінен жүргізіледі.
3. Егер қоғамның атқарушы органы қоғамға аудит жүргізуден жалтарса, аудит кез келген мүдделі тұлғаның талап-арызы бойынша сот шешімімен тағайындалуы мүмкін.
9-тарау. Қоғамның ақпаратты жария етуі.
Қоғамның құжаттары
79-бап. Қоғамның ақпаратты жария етуі
1. Қоғам акционерлерінің мүддесіне қатысты қоғам қызметі туралы ақпаратты қоғам өз акционерлерінің назарына жеткізуге міндетті.
Мыналар:
1) акционерлердің жалпы жиналысы және директорлар кеңесі қабылдаған шешімдер және қабылданған шешімдердің орындалуы туралы ақпарат;
2) қоғамның акциялар мен басқа да бағалы қағаздарды шығаруы және уәкілетті органның қоғамның бағалы қағаздарын орналастыру қорытындылары туралы есептерін, қоғамның бағалы қағаздарын өтеу қорытындылары туралы есептерін бекітуі, уәкілетті органның қоғамның бағалы қағаздарының күшін жоюы;
3) қоғамның ірі мәмілелерді және жасалуына қоғам мүдделі мәмілелерді жасасуы;
4) қоғамның өз капиталының жиырма бес (халықтық акционерлік қоғамда - он) және одан да көп проценті болатын мөлшерде қоғамның қарыз алуы;
5) қызметтің қандай да түрін жүзеге асыруға қоғамның лицензиялар алуы, қызметтің қандай да бір түрін жүзеге асыруға қоғамның бұрын алған лицензиялары қолданылуының тоқтатыла тұруы немесе тоқтатылуы;
6) қоғамның заңды тұлға құруға қатысуы;
7) қоғам мүлкіне тыйым салынуы;
8) нәтижесінде баланстық құны қоғам активтерінің жалпы мөлшерінің он және одан да көп проценті болатын қоғам мүлкі жойылған төтенше сипаттағы мән-жайлардың туындауы;
9) қоғамның және оның лауазымды адамдарының әкімшілік жауапқа тартылуы;
10) қоғамды мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру туралы шешімдер;
11) қоғамның жарғысына сәйкес оның акционерлерінің мүддесіне қатысты өзге де ақпарат қоғам акционерлерінің мүддесіне қатысты ақпарат деп танылады.
2. Халықтық акционерлік қоғам осы баптың 1-тармағының 1), 3)-5), 7)-9) тармақшаларында аталған ақпаратты уәкілетті органға бес күн ішінде жіберуге міндетті.
3. Қоғамның акционерлердің мүддесіне қатысты қызметі туралы ақпарат беру осы Заңға және қоғамның жарғысына сәйкес жүзеге асырылады.
80-бап. Қоғамның құжаттары
1. Қоғамның өз қызметіне қатысты құжаттарды қоғам өзі қызмет еткен бүкіл мерзім ішінде қоғамның атқарушы органы орналасқан жерде немесе оның жарғысында белгіленген өзге де жерде сақтауға тиіс.
Мына құжаттар:
1) қоғамның жарғысы, қоғам жарғысына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар;
2) құрылтай жиналысының хаттамалары;
3) құрылтай шарты (жалғыз құрылтайшының шешімі), құрылтай шартына (жалғыз құрылтайшының шешіміне) енгізілген өзгерістер мен толықтырулар;
4) қоғамның заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелуі (қайта тіркелуі) туралы куәлік;
5) қоғамның статистикалық карточкасы;
6) қоғамның белгілі бір қызмет түрлерімен айналысуға және (немесе) белгілі бір әрекеттер жасауға алған лицензиялары;
7) қоғамның өз балансында тұратын (тұрған) мүлікке құқығын растайтын құжаттар;
8) қоғамның бағалы қағаздарын шығару проспектілері;
9) қоғамның бағалы қағаздар шығаруын мемлекеттік тіркеуді, бағалы қағаздардың күшін жоюды растайтын құжаттар, сондай-ақ қоғамның бағалы қағаздарын орналастыру мен өтеу қорытындылары туралы уәкілетті органға табыс еткен есептерін бекіту;
10) қоғамның филиалдары мен өкілдіктері туралы ереже;
11) акционерлердің жалпы жиналыстарының хаттамалары, акционерлердің жалпы жиналыстарының күн тәртібіндегі мәселелер жөніндегі материалдар;
12) акционерлердің жалпы жиналысын өткізу үшін табыс етілген акционерлер тізімі;
13) директорлар кеңесі отырыстарының (сырттай өткізілген отырыстар шешімдерінің) хаттамалары, директорлар кеңесінің күн тәртібіндегі мәселелер жөніндегі материалдар;
14) атқарушы орган отырыстарының (шешімдерінің) хаттамалары сақталуға тиіс.
2. Өзге құжаттар, оның ішінде қоғамның қаржылық есептілігі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленген мерзім ішінде сақталады.
3. Акционердің талап етуі бойынша қоғам оған осы Заңда көзделген құжаттардың көшірмесін қоғамның жарғысында белгіленген тәртіппен беруге міндетті, бұл орайда қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын ақпаратты беруге шектеулер енгізуге жол беріледі.
Құжаттардың көшірмелерін беру үшін төленетін ақы мөлшерін қоғам белгілейді және ол құжаттардың көшірмелерін дайындауға жұмсалған шығыстар құны мен құжаттарды акционерге жеткізіп беруге байланысты шығыстарды төлеу ақысынан аспауы керек.
10-тарау. Қоғамды қайта ұйымдастыру және тарату
81-бап. Қоғамды қайта ұйымдастыру
1. Қоғамды қайта ұйымдастыру (біріктіру, қосу, бөлу, бөлініп шығу, қайта құру) Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қоғам бөліну немесе бөлініп шығу арқылы қайта ұйымдастырылған кезде қайта ұйымдастырылатын қоғамның кредиторлары осы қоғам борышкер болып табылатын міндеттеменің мерзімінен бұрын тоқтатылуын және залалдардың өтелуін талап етуге құқылы.
3. Егер қоғам қайта ұйымдастырылған жағдайда өз қызметін тоқтатса, оның жарияланған, соның ішінде орналастырылған акцияларының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен күші жойылуға тиіс.
82-бап. Қоғамдардың бірігуі
1. Екі немесе бірнеше қоғамның өз қызметін тоқтатып, бірігу туралы шарттың негізінде және өткізу актілеріне сәйкес өзінің бүкіл мүлкін, құқықтарын және міндеттерін беру арқылы жаңа қоғамның пайда болуы қоғамдардың бірігуі деп танылады.
2. Бірігуге қатысатын әрбір қоғамның директорлар кеңесі бірігу нысанында қайта ұйымдастыру туралы, өткізу актісі мен бірігу жөніндегі шартты бекіту туралы мәселені акционерлердің жалпы жиналысының қарауына ұсынады.
Қоғамдардың бірігуі туралы шартта бірігуге қатысатын қоғамдардың әрқайсысының атауы, орналасқан жері туралы мәліметтер, олардың бухгалтерлік баланстарының деректері болуға, сондай-ақ бірігу тәртібі мен талаптары, атап айтқанда, бірігуге тартылған қоғамдардың акцияларын құрылатын қоғамның акцияларына айырбастау тәртібі көзделуге тиіс.