Қазақстан Республикасының
Заңы
Валюталық реттеу және валюталық бақылау туралы
(2019.01.01. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен)
ҚР 2018 жылғы 2 шілдедегі № 167-VІ Заңымен 2019 жылғы 1 шілдеден бастап күші жойылды
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
2-бап. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасы
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
2-тарау. ВАЛЮТАЛЫҚ РЕТТЕУ
4-бап. Валюталық реттеудің мақсаттары мен міндеттері
5-бап. Валюталық реттеу органдары
6-бап. Қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға қойылатын талаптар
7-бап. Валюталық операцияларды лицензиялау
8-бап. Тіркеу режимі
9-бап. Хабарлама режимі
10-бап. Лицензия мен тіркеу куәлігін алу үшін талап етілетін құжаттар
11-бап. Валюталық мониторинг
12-бап. Ұлттық және шетел валютасын репатриациялау
3-тарау. ВАЛЮТАЛЫҚ ОПЕРАЦИЯЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫҢ НЕГIЗГІ ПРИНЦИПТЕРI
13-бап. Резиденттер арасындағы валюталық операциялар
14-бап. Резиденттер мен резидент еместер арасындағы валюталық операциялар
15-бап. Резидент еместер арасындағы валюталық операциялар
16-бап. Резиденттер мен резидент еместердiң валюталық операциялар бойынша төлемдері және ақша аударымдары
17-бап. Шетел валютасын сатып алу және сату
18-бап. Валюталық құндылықтарды, ұлттық валютаны, номиналы және (немесе) құны ұлттық валютамен көрсетілген бағалы қағаздарды және төлем құжаттарын және резиденттер шығарған номиналы жоқ бағалы қағаздарды Қазақстан Республикасына әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету
19-бап. Ақпарат және құжаттар ұсыну жөнiндегі мiндеттеме
4-тарау. КАПИТАЛ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ОПЕРАЦИЯЛАРЫ ЖӘНЕ ШОТТАР АШУ
20-бап. Экспорт (импорт) бойынша есеп айырысу
21-бап. Тiкелей инвестициялар
22-бап. Жарғылық капиталға қатысу, бағалы қағаздармен және туынды қаржы құралдарымен жасалатын операциялар
23-бап. Қаржы қарыздары
24-бап. Капитал қозғалысының басқа да операциялары
25-бап. Резиденттердің шоттары
26-бап. Резидент еместердiң шоттары
5-тарау. ВАЛЮТАЛЫҚ БАҚЫЛАУ
27-бап. Валюталық бақылаудың мақсаттары мен міндеттерi
28-бап. Валюталық бақылау органдары мен агенттерi
29-бап. Валюталық бақылау органдары мен агенттерiнiң құқықтары және мiндеттерi
30-бап. Ықпал ету шаралары, қадағалап ден қою шаралары мен санкциялар
31-бап. Резиденттер мен резидент еместердiң құқықтары және мiндеттерi
6-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР
32-бап. Арнайы валюталық режим
33-бап. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
34-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Заң резиденттер мен резидент еместер валюталық құндылықтарға құқықтарын іске асырған кезде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi, валюталық реттеу мен валюталық бақылаудың мақсаттарын, мiндеттерi мен тәртібін айқындайды.
1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
2008.10.12. № 101-IV ҚР Заңымен өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2009.04.07. № 167-IV ҚР Заңымен 1-бап жаңа редакцияда (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2012.06.01. № 530-ІV ҚР Заңымен 1-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) айырбастау пункттері - қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операциялары жүргізілетін арнайы жабдықталған орындар;
2) валюта - мемлекеттер заңды төлем құралы ретінде қабылдаған ақша бірліктері немесе банкноттар, қазынашылық билеттері және монеталар, оның ішінде бағалы металдардан жасалған монеталар (айналыстан алынғандарын немесе алынатындарын, бірақ айналыста жүрген ақша белгілеріне айырбасталуға жататындарын қоса алғанда) түріндегі, қолма-қол және қолма-қол емес нысандардағы құнның ресми стандарттары, сондай-ақ шоттардағы, оның ішінде халықаралық ақша немесе есеп айырысу бірліктеріндегі қаражат;
3) валюталық құндылықтар:
шетел валютасы;
номиналы шетел валютасымен көрсетілген бағалы қағаздар және төлем құжаттары;
резидент еместер шығарған номиналы жоқ бағалы қағаздар;
тазартылған құйма алтын;
резиденттер мен резидент еместер арасында, сондай-ақ резидент еместер арасында олармен операциялар жасалған жағдайда қолданылатын, ұлттық валюта, номиналы ұлттық валютамен көрсетілген бағалы қағаздар және төлем құжаттары;
резиденттер мен резидент еместер арасында, сондай-ақ резидент еместер арасында олармен операциялар жасалған жағдайда қолданылатын резиденттер шығарған, номиналы жоқ бағалы қағаздар;
4) валюталық операциялар:
валюталық құндылықтарға меншік құқығының және өзге де құқықтардың ауысуына байланысты операциялар, сондай-ақ валюталық құндылықтарды төлем құралы ретінде пайдалану;
валюталық құндылықтарды, ұлттық валютаны, номиналы ұлттық валютамен көрсетілген бағалы қағаздарды және төлем құжаттарын, резиденттер шығарған, номиналы жоқ бағалы қағаздарды Қазақстан Республикасына әкелу, жіберу және аудару, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан әкету, жіберу және аудару;
5) валюталық шарт - енгізілген өзгерістері мен толықтыруларын қоса алғандағы келісім, құрылтай құжаттары, сондай-ақ солардың негізінде және (немесе) оларды орындау үшін валюталық операциялар жүзеге асырылатын өзге де құжаттар;
5-1) келісімшарттың есептік нөмірі - валюталық операциялар бойынша есепке алуды және есептілікті қамтамасыз етуге арналған, уәкілетті банктің экспортты (импортты) көздейтін валюталық шартқа беретін тіркеу нөмірі;
6) коммерциялық кредиттер - тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетуді) берушілер (сатушылар) мен алушылар (сатып алушылар) арасында тікелей жүзеге асырылатын экспорт немесе импорт бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыру немесе алдын ала ақы төлеу (аванстық төлем);
7) қаржы заемдары:
заемдар (коммерциялық кредиттерді қоспағанда);
шет елде халықаралық капитал нарықтарында қаражат тарту мақсатында құрылған, олардың еншілес ұйымдары енгізген банктердегі салымдар (депозиттер);
борышкердің міндеттемелерді орындауын қамтамасыз етуге берілетін ақша;
үшінші тұлғалардың тауарларды (жұмыстарды, қызметтер көрсетуді) сатып алуды және өзге де мәмілелерді қаржыландыруы, сондай-ақ үшінші тұлғалардың кредитор алдындағы борышкердің міндеттемелерін орындауы, соның нәтижесінде ақшаны және өзге де мүлікті сыйақымен немесе онсыз қайтару жөніндегі міндеттемесі орындалған тұлғаның осындай қаржыландыруды ұсынған және (немесе) осындай орындауды жүзеге асырған тұлғаға міндеттілігі туындайды;
қаржы лизингі, сондай-ақ кейіннен өтеуін төлеп сатып алумен жылжымайтын мүлікті жалдау (Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен жылжымайтын мүлікке теңестірілген не жатқызылған жылжымалы заттарды қоспағанда);
8) 2012.06.01. № 530-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
9) резидент еместер:
осы баптың 10) тармақшасында көрсетілмеген жеке тұлғалар, заңды тұлғалар, олардың филиалдары мен өкілдіктері;
егер оларды құру туралы халықаралық (мемлекетаралық) келісімде өзгеше айқындалмаса, халықаралық ұйымдар;
шет мемлекеттердің дипломатиялық және өзге де ресми өкілдіктері;
10) резиденттер:
Қазақстан Республикасының азаматтары, оның ішінде шет мемлекетте тұрақты тұру құқығына осы мемлекеттің заңнамасына сәйкес берілген құжаты бар Қазақстан Республикасының азаматтарын қоспағанда, шет елде уақытша жүрген немесе Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде оның мемлекеттік қызметінде жүрген азаматтары;
Қазақстан Республикасында тұрақты тұру құқығына құжаты бар шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері бар барлық заңды тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде тұрғылықты жері бар олардың филиалдары мен өкілдіктері;
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде орналасқан Қазақстан Республикасының дипломатиялық, сауда және өзге де ресми өкілдіктері;
11) тікелей инвестициялар:
егер осындай салымдарды жүзеге асыратын тұлғаға осы заңды тұлғаның дауыс беретін акцияларының он және одан да көп проценті (қатысушылары дауысының жалпы санының он және одан да көп проценті) тиесілі болса немесе осындай салымдардың нәтижесінде тиесілі болатын болса, заңды тұлғаның акцияларын (қатысушыларының салымдарын) төлеуге зияткерлік шығармашылық қызметтің нәтижелеріне құқықтарды қоса алғанда, ақшаны, бағалы қағаздарды, заттарды, мүліктік құқықтарды және өзге де мүлікті салу;
осы заңды тұлғаның дауыс беретін акцияларының он және одан да көп проценті (қатысушылары дауысының жалпы санының он және одан да көп проценті) тиесілі тұлға жүзеге асыратын, заңды тұлғаның жарғылық капиталдан өзге капиталын ұлғайтуға әкелетін мүлікті салу;
12) уәкілетті банктер - Қазақстан Республикасында құрылған банктер және осы баптың 13) тармақшасында аталғандарды қоспағанда, валюталық операцияларды, оның ішінде клиенттердің тапсырмалары бойынша жүргізілетін валюталық операцияларды, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар;
2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен 13) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
13) уәкілетті ұйымдар - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған, қызметінің айрықша түрі қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғалар;
14) ұлттық валюта - Қазақстан Республикасының валютасы;
15) шетел валютасы - шет мемлекеттің валютасы, сондай-ақ халықаралық ақша немесе есеп айырысу бірліктері;
16) шетелдік банктер - Қазақстан Республикасынан тыс жерде құрылған және өздері тіркелген мемлекеттердің заңнамасы бойынша банк операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар банктер және өзге де қаржы институттары;
17) экспорт (импорт) - резиденттің резидент емеске (резидент еместің резидентке) тауарларды сатуы, жұмыстарды орындауы, қызметтер көрсетуі.
2-бап. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленген болса, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 3-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында қолданыста болады және Қазақстан Республикасының резиденттері мен Қазақстан Республикасының аумағында валюталық операцияларды жүзеге асыратын резидент еместерге қолданылады.
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде осы Заң Қазақстан Республикасының резиденттеріне қолданылады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес енгізілген ерекше реттеу режимі шеңберінде қызметін жүзеге асыратын уәкілетті ұйымдарға және өзге де заңды тұлғаларға осы Заңның және осы Заңға сәйкес қабылданатын валюталық реттеу органының нормативтік құқықтық актілерінің нормалары ерекше реттеу режимінің шарттарында көзделген шекте қолданылады.
2-тарау. ВАЛЮТАЛЫҚ РЕТТЕУ
4-бап. Валюталық реттеудің мақсаттары мен міндеттері
1. Валюталық реттеудің мақсаты тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізу және экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттің саясатына жәрдемдесу болып табылады.
2. Валюталық реттеудің міндеттері:
1) Қазақстан Республикасында валюталық құндылықтардың айналысының тәртібін белгілеу;
2) Қазақстан Республикасының дүниежүзілік экономикаға одан әрi кiрiгуi үшін жағдайлар жасау;
3) валюталық операциялар мен капитал легi жөніндегі ақпараттық базаны қамтамасыз ету болып табылады.
2009.04.07. № 167-IV ҚР Заңымен 5-бап өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
5-бап. Валюталық реттеу органдары
1. Қазақстан Республикасында валюталық реттеудiң негізгі органы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi болып табылады.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі және өзге де мемлекеттік органдар валюталық реттеуді өз құзыретi шегінде жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi және Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Заңға сәйкес өз құзыреті шегінде резиденттер мен резидент еместер үшін мiндеттi нормативтік құқықтық актiлер шығарады.
Валюталық реттеу органдары әзiрлеген валюталық реттеу мәселелері жөніндегі нормативтiк құқықтық актiлер Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен міндетті түрде келісiлуге тиіс.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi валюталық реттеудің негізгі органы ретiнде:
2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1) қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыру тәртібін және оған қойылатын талаптарды;
2) тармақшасының екiншi абзацы 2006 ж. 31 желтоқсанды қоса алған мерзiм бойынша қолданылды
2) резиденттер мен резидент еместердiң валюталық операцияларды жүзеге асыру тәртібін, соның iшiнде валюталық реттеу режимдерiн:
тiркеудi;
хабардар етудi;
3) Қазақстан Республикасының аумағында қызметін жүзеге асыратын резидент еместердің валюталық операцияларына мониторингтi (валюталық мониторингтi) жүзеге асыру тәртібін;
4) уәкілеттi мемлекеттік органдармен келісім бойынша олардың құзыретiне сәйкес барлық резиденттер мен резидент еместердiң орындауы үшін мiндеттi валюталық операциялар бойынша есепке алу және есептілік нысандарын белгілейдi.
Жүзеге асырылу тәртібі осы Заңда белгiленбеген валюталық операциялар шектеусiз жүргізіледi.
2009.04.07. № 167-IV ҚР Заңымен 6-бап өзгертілді (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен 6-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6-бап. Қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға қойылатын талаптар
1. Қазақстан Республикасының аумағында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруды өздеріне берілген лицензияға немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен берілген құқығына сәйкес шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға құқығы бар уәкілетті банктер және уәкілетті ұйымдар жүзеге асырады.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Уәкілетті ұйым қызметті Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі берген қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензияның және оған уәкілетті ұйымның айырбастау пункті (пункттері) көрсетілетін қосымшаның (қосымшалардың) негізінде өздерінің айырбастау пункттері арқылы жүзеге асырады.
Лицензия алу үшін уәкілетті ұйымда айырбастау пунктінің болуы міндетті.
Уәкілетті ұйым өзінің айырбастау пункттері арқылы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған құймалардағы аффинирленген алтынды сатып алу және (немесе) сату жөніндегі операцияларды жүзеге асыруға құқылы.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі уәкілетті ұйымдарды лицензиялау тәртібі мен шарттарын, қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметке қойылатын талаптарды, уәкілетті ұйымдардың Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған, құймалардағы аффинирленген алтынды сатып алу және (немесе) сату жөніндегі операцияларды жүргізу тәртібін, сондай-ақ уәкілетті банктің айырбастау пункттерін ашу, олардың қызметін тоқтата тұру, қайта бастау, оларды жабу туралы хабардар ету тәртібін қоса алғанда, Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларын белгілейді.
4. Уәкілетті ұйымдарға арналған біліктілік талаптары құрылтайшылардың құрамына, ұйымдық-құқықтық нысанына, жарғылық капитал мөлшеріне және оны қалыптастыру тәртібіне, айырбастау пункттерінің үй-жайына, жабдығына және персоналына қойылатын талаптарды, сондай-ақ бөлімшелерді құру және басқа да заңды тұлғаларға қатысу жөніндегі шектеулерді қамтиды.
5. Уәкілетті ұйымдар лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны алу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес айқындалған құжаттардан басқа осы Заңның 10-бабы бірінші бөлігінің 8), 9) тармақшаларында көзделген құжаттарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде белгіленген шарттарда және тәртіппен ұсынады.
6. Қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензияны (оған қосымшаны қоса алғанда) беру немесе лицензияны беруден бас тарту уәкілетті ұйым толық құжаттар топтамасын ұсынған күннен бастап отыз жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Жарамды лицензияға қосымша беру немесе лицензияны және (немесе) оған қосымшаны қайта ресімдеу немесе мұндай құжаттарды беруден бас тарту уәкілетті ұйым толық құжаттар топтамасын ұсынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Лицензияны және (немесе) оған қосымшаны беруден, қайта ресімдеуден бас тартылған кезде өтініш берушіге жазбаша нысанда уәжді түрде жауап беріледі.
7. Лицензияны және (немесе) лицензияға қосымшаны беруден бас тарту үшін мыналар негіздер болып табылады:
1) осы Заңға сәйкес көзделген құжаттарды не мәліметтерді ұсынбау;
2) өтініш берушінің осы Заңға сәйкес белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де негіздер.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 8-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
8. Уәкілетті банктер айырбастау пункттерін ашу, қызметін тоқтата тұру, қайта бастау, оларды жабу туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін хабардар етеді.
Айырбастау пунктін ашу туралы хабарламаны уәкілетті банк айырбастау пункті операциялар жүргізуді бастайтын күннен кешіктірмей жүзеге асырады. Хабарламаны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі хабарлама жасалған күннен бастап он жұмыс күні ішінде уәкілетті банктің белгіленген үлгідегі құжатын - айырбастау пункті куәлігін бере отырып растайды.
2018.02.07. № 168-VІ ҚР Заңымен 9-тармақпен толықтырылды
9. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісімен қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру жөніндегі қызмет бойынша, сондай-ақ уәкілетті ұйымдардың Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған, құймалардағы аффинирленген алтынды сатып алу және (немесе) сату жөніндегі операциялары бойынша ақпаратты беру нысандары мен тәртібі белгіленеді.
7 бап 2006 ж. 31 желтоқсанды қоса алған мерзiм бойынша қолданылды
7-бап. Валюталық операцияларды лицензиялау
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осы Заңның 4-тарауында көзделген валюталық операцияларға лицензиялар бередi.
2. Валюталық операцияларға қатысушы резидент шоты ашылғанға дейін немесе тараптардың бірi шарт бойынша мiндеттемелердi орындауды бастағанға дейiн не осы Заңның 20-бабы 5-тармағының екiншi бөлігінде, 7-тармағында және 25-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетiлген мерзiм өткен күннен бастап күнтізбелік отыз күн iшiнде лицензия алуға өтініш жасауға міндеттi.
3. Резиденттер лицензия алу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне, «Лицензиялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген құжаттардан басқа осы Заңның 10-бабы бірiншi бөлiгiнiң 1)-8), 10) тармақшаларында көзделген құжаттарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісiнде белгіленген шарттармен және тәртiппен ұсынады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi ұсынылған құжаттарда сілтеме жасалған құжаттарды қосымша сұратуға құқылы.
4. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі нормативтік құқықтық актiде:
1) осы Заңның 22-бабының 3-тармағына сәйкес лицензиялануға тиiс валюталық операциялардың көлемдеріне қатысты талаптарды;
2) осы Заңның 22-бабының 2-тармағына сәйкес лицензиялануға тиiс операцияларды резидент-клиенттің тапсырмасы бойынша оның мүддесiне және оның есебінен резидент еместің жүргiзуi көзделетiн, ол тiркелген мемлекеттің заңнамасы бойынша бағалы қағаздар нарығындағы кәсiби қызметтi жүзеге асыруға құқығы бар резидент пен резидент емес арасындағы мәміле шарттарына қатысты талаптарды;
3) осы Заңның 25-бабына сәйкес лицензиялануға тиiс операциялар бойынша уәкілетті банктердегі шоттар арқылы валюталық операцияларды жүзеге асыруға мүмкіндіктің жоқтығына негіздеме ұсынудың талаптарын белгілейдi.
5. Лицензия беруден бас тарту үшін мыналар негіз болып табылады:
1) осы Заңға сәйкес көзделген құжаттарды не өзге де ақпаратты ұсынбау;
2) жүргiзiлетiн операцияның Қазақстан Республикасының заңнамасына сай келмеуі;
3) жүргiзiлетiн валюталық операцияның және (немесе) өтiнiш берушiнiң осы Заңға сәйкес белгiленген талаптарға сай келмеуi;
4) осы Заңның 22 және 25-баптарына сәйкес лицензиялануға тиiс валюталық операцияларға қатысты салықтық берешектiң, бюджет қаражатының, үкіметтік сыртқы қарыздардың есебінен берілген кредиттер бойынша және мемлекеттік кепілдіктерді орындауға байланысты туындаған талаптар бойынша мерзімі өткен берешектің болуы;
5) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге де негіздер.
Өтініш берушіге лицензия беруден бас тартылған жағдайда, бас тарту себептері көрсетіле отырып, жазбаша нысанда дәлелді жауап беріледі.
6. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісінде лицензиялануға тиіс валюталық операциялардың ең аз сомасы, сондай-ақ берілген лицензияға сәйкес валюталық операция бойынша ақпарат ұсынудың нысандары мен тәртібі белгіленеді.
2012.06.01. № 530-ІV ҚР Заңымен 8-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
8-бап. Тіркеу режимі
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі осы Заңның 4-тарауында аталған валюталық операцияларды тіркеуді жүзеге асырады.
2. Тіркеу режимі валюталық шартты тіркеуді және тіркелген валюталық шарт бойынша резиденттің кейiннен мәлiметтер беруін қамтиды.
2009.04.07. № 167-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
3. Валюталық операцияға қатысушы резидент Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тіркеу үшін:
1) егер валюталық шартқа тіркеу режимі басынан бастап қолданылған жағдайда - тараптардың бірінің міндеттемелерді орындауы басталғанға дейін;
2) егер тараптардың бірінің міндеттемелерді орындауы валюталық шартқа тіркеу режимін қолдануға әкеп соққан жағдайда - осындай міндеттемені орындау басталғанға дейін;
3) егер тіркеу режимі валюталық шартқа өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу нәтижесінде және валюталық шартқа тіркеу режимі қолданылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде тараптардың бірінің міндеттемелерді орындауы қажет болған кезде қолданылған жағдайда - осындай міндеттемелерді орындау басталғанға дейін;
4) өзге жағдайларда - валюталық шартқа тіркеу режимі қолданылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей өтініш беруге міндетті.
2012.06.01. № 530-ІV ҚР Заңымен 3-1-тармақпен толықтырылды
3-1. Егер резидент талапты басқаға беру немесе борышты аудару нәтижесінде тіркеу режимі қолданылған валюталық шарттың тарапы болса, онда ол Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиісті мәміле жасалған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен аспайтын мерзімде тіркелу үшін өтініш жасауға міндетті.
2012.06.01. № 530-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2012 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлді) (бұр.ред.қара)
4. Резиденттер валюталық операцияларды тіркеу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне осы Заңның 10-бабы бірiншi бөлiгiнiң 1)-4), 10) тармақшаларында көзделген құжаттарды Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген шарттармен және тәртiппен тапсырады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi ұсынылған құжаттарда сiлтеме жасалған құжаттарды қосымша сұратуға құқылы.
5. Резидент құжаттардың толық топтамасын тапсырған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде тіркеу жүзеге асырылады.
Валюталық шартты тiркеген кезде өтiнiш берушiге белгiленген үлгiдегi құжат - тiркеу куәлігі беріледi.
6. 2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2009.04.07. № 167-IV ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)