4. Жол бойындағы белдеулерде және ортақ пайдаланудағы халықаралық және республикалық автомобиль жолдарына бөлiп берiлген белдеулерде, жол қызметi объектiлерi мен жол сервисi объектiлерiн қоспағанда, күрделi ғимараттар құрылысына тыйым салынады.
116-бап. Теңiз және iшкi су көлiгiнiң жерi
Теңiз және iшкi су көлiгiнiң қажеттерiне арналған жерге теңiз және өзен порттарын, айлақтар, пристаньдар, гидротехникалық ғимараттар, жер бетi және жер асты үйлерiн, құрылыстарын, ғимараттарын, құрылғыларын пайдалану, күтiп-ұстау, салу, қайта жаңғырту, жөндеу, кеңейтiп ұлғайту үшiн қажеттi басқа объектiлердi және теңiз және iшкi су көлiгiнiң басқа да объектiлерiн орналастыру үшiн бөлiнiп берiлген жер жатады.
117-бап. Әуе көлiгiнiң жерi
Әуе көлiгiнiң қажеттерiне арналған жерге әуежайлар, әуеайлақтар, аэровокзалдар, ұшып көтерiлу-қону белдеулерiн және жер бетi мен жер асты үйлерiн, құрылыстарын, ғимараттарын, құрылғыларын пайдалану, күтiп-ұстау, салу, қайта құру, жөндеу, кеңейтiп ұлғайту үшiн қажеттi басқа да жер үстіндегі объектiлердi және әуе көлiгiнiң басқа да объектiлерiн орналастыру үшiн бөлiнiп берiлген жер, сондай-ақ олардың күзет аймақтары жатады.
Күзет аймақтары жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан жер учаскелерiн алып қоймай белгiленуi мүмкiн.
118-бап. Құбыр тасымалы көлiгiнiң жерi
Құбыр тасымалы көлiгiнiң қажеттерiне арналған жерге су құбырын, газ құбырын, мұнай құбырын және жер бетi мен жер асты үйлерiн, құрылыстарын, ғимараттарын, құрылғыларын пайдалану, күтiп-ұстау, салу, қайта жаңғырту, жөндеу, кеңейтiп ұлғайту үшiн қажеттi объектiлердi және құбыр жүргiзу көлiгiнiң басқа да объектiлерiн орналастыру үшiн бөлiнiп берiлген жер жатады. Аталған жерге шекарасы белгiленген тәртiппен бекітілген құрылыс нормалары мен ережелерiнiң, магистральды құбырларды күзету ережелерiнiң және басқа нормативтiк құжаттардың негiзiнде анықталатын, жер учаскелерiн пайдаланудың ерекше шарттары бap магистральды құбырларды күзету аймақтары да жатады.
Күзет аймақтары жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан жер учаскелерiн алып қоймай белгiленуi мүмкiн.
119-бап. Байланыс және энергетика жерi
1. Байланыс, радио хабарларын тарату, теледидар, ақпарат қажеттерiне арналған жерге тиiстi инфрақұрылымдардың объектiлерiн орналастыру, байланыстың кабель, радиореле және әуе желiлерi, соның iшiнде жер астындағы желiлер үшiн бөлiнiп берiлген жер, сондай-ақ олардың күзет аймақтары жатады.
2. Энергетика жерiне:
1) су электр станцияларын, атом станцияларын, жылу станциялары мен олардың құрылыстары мен объектiлерiне қызмет көрсететiн басқа да электр станцияларын орналастыру;
2) электр таратудың әуе желiлерiн, электр таратудың кабель желiлерiнiң жер бетіндегі құрылыстарын, шағын станцияларды, тарату пункттерiн, энергетиканың басқа да құрылыстары мен объектiлерiн орналастыру үшiн бөлiнiп берiлген жер учаскелерi жатады.
Тұрғын халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және энергетика мен байланыс объектiлерiн пайдалануға жағдай жасау үшiн, белгiленген тәртiппен бекітілген құрылыс нормалары мен ережелерi, электр желiлерi мен байланыс желiлерiн қорғау ережелерi және басқа да нормативтiк құжаттардың негiзiнде электр желiлерi мен байланыс желiлерiн күзету аймақтары белгiленуi мүмкiн.
120-бап. Қорғаныс қажеттерiне арналған жер
1. Қарулы Күштердiң әскери бөлiмдерiн, әскери полигондарын, әскери-оқу орындары мен өзге де ұйымдарын және қорғаныс пен қауiпсiздiк саласындағы мiндеттердi атқаратын басқа да әскерлердiң объектiлерi мен ғимараттарын орналастыру және олардың тұрақты қызметi үшiн Қазақстан Республикасының Үкіметі берген жер учаскелерi қорғаныс қажеттерiне арналған жер деп танылады.
2. Қорғаныс қажеттерiне байланысты жаттығулар мен басқа да iс-шаралар жүргiзу үшiн жердi уақытша пайдалану қажет болған жағдайда жер учаскелерiнiң меншiк иелерiнен және жердi пайдаланушылардан жер учаскелерi алып қойылмайды.
Осы жердi пайдалану iздестiру жұмыстарын жүргiзу үшiн, сондай-ақ ерекше шарттармен пайдаланылатын аймақтар үшiн белгiленген тәртiпке орай жүзеге асырылады.
Жер учаскелерiн аталған мақсаттарда пайдалануға рұқсатты облыстық атқарушы орган бередi.
3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғауды және күзетудi қамтамасыз ету мақсатында инженерлiк-техникалық құрылыстар мен қоршауларды, шекара белгiлерiн, шекарадағы орман жолдарын, коммуникацияларды, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өту пункттерiн жайғастыру мен күтiп-ұстау үшiн жер учаскелерi берiледi.
4. Аудандық атқарушы органдар әскери бөлiмдермен келісім бойынша, қорғаныс қажеттерiне берiлген жерден ауыл шаруашылығына пайдалану үшiн жеке және заңды тұлғаларға жекелеген жер учаскелерiн уақытша жер пайдалануға бере алады.
121-бап. Жердi ерекше шарттармен пайдалану аймақтары
1. Тұрғын халықтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және өнеркәсiп, көлiк объектiлерi мен өзге де объектiлердi пайдалану үшiн қажеттi жағдайлар жасау мақсатында аймақтар белгiленедi, аймақтарды белгiлеу мақсаттарына сай келмейтiн қызмет түрлерiне олардың шегiнде шек қойылады немесе тыйым салынады.
2. Жердi ерекше шарттармен пайдалану аймақтарына:
1) өнеркәсiп орындарының санитарлық-қорғау аймақтары;
2) темір жол мен автомобиль жолдарына бөлiнiп берiлген белдеуге iргелес жатқан, сел-көшкiн қаупi бар және орманды қорғау аймақтары;
3) бас саға құрылыстарын қорғау аймақтары;
4) әуеайлақ маңындағы белдеулер;
5) магистральды құбыр жолдарының, байланыс, радио және электр желiлерiнiң күзет аймақтары;
6) су күзету аймақтары мен белдеулерi;
7) әскери полигондардың аумағы жатады.
3. Ерекше шарттармен пайдаланылатын аймақтарға енгiзiлген жер сол жерлерде арнаулы белгiлермен көрсетiледi. Бас саға құрылыстарын күзету аймағының бiрiншi белдеуiн қоспағанда, аталған жерлер жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алынып қойылмайды.
4. Аталған аймақтардың шекарасы мен олардағы жердi пайдалану режимiн нормаларға және жобалау-техникалық құжаттамаға сәйкес меншiкке немесе жер пайдалануға жердi беру туралы шешiм қабылдаған орган айқындайды.
13-тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жері,
сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени
мақсаттағы жер
122-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерi
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерiне биосфералық, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердiң, мемлекеттік табиғи резерваттардың, мемлекеттік табиғи парктердiң, мемлекеттік табиғат ескерткiштерiнiң, мемлекеттік қорық аймақтарының, мемлекеттік табиғи қорықшалардың, мемлекеттік зоологиялық парктердiң, мемлекеттік ботаникалық бақтардың, мемлекеттік дендрологиялық парктердiң, мемлекеттік табиғи қорық-сепортерлердiң жерiн қосқанда, мемлекеттік табиғи қорықтардың жерi жатады.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерi мемлекет меншiгiнде болады және жекешелендiруге жатпайды.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерiн өзге қажеттерге алып қоюға жол берiлмейдi.
Ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн пайдаланылатын, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жеріндегі ауыл шаруашылығы алқаптары аталған мақсаттар үшiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтар шекарасындағы елдi мекендерде тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен берiлуi мүмкiн.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен және жағдайларда ғылыми, мәдени-ағарту, оқу, туристiк және рекреациялық, шектеулi шаруашылық мақсаттары үшiн пайдаланылуы мүмкiн.
Мәдени-ағартушылық iс-шаралар жүргiзу үшiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мұражайлар, лекторийлер, экспозициялар, демонстрациялық учаскелер мен басқа да қажеттi объектiлер құрылуы мүмкiн.
Туризм үшiн және рекреация жүргiзу үшiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристiк соқпақтармен, көрсетiлiм алаңдарымен, қосынды алаңқайлармен, көлiк тұрақтарымен, кемпингтермен, шатырлы лагерьлермен, қонақүйлермен, мотельдермен, туристiк базалармен, қоғамдық тамақтандыру, сауда және басқа да мәдени-тұрмыстық мақсаттағы объектiлермен жабдықталатын арнайы учаскелер бөлiп шығарылады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристiк және рекреациялық қызмет оларды қорғау режимi ескерiле отырып шектеледi және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттеледi.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды шектеулi шаруашылық мақсаттарында пайдалануға тапсырыс режимiмен және шаруашылық қызметтi реттеу режимiмен арнайы бөлiнген учаскелерде ғана жол берiлуi мүмкiн.
123-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет және қорғау аймақтарының жерi
1. Ерекше қорғауды қамтамасыз ету үшiн осы аймақтар шегiнде мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектiлерiн сақтау мен молайтуға керi әсерiн тигiзетiн кез келген қызметке тыйым салынып, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет және қорғау аймақтары белгiленуi мүмкiн.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет, санитарлық-қорғау және өзге де қорғау аймақтарының шекарасы мен оларды пайдалану режимiн жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар белгiлейдi.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет, санитарлық-қорғау және өзге де қорғау аймақтарының жерi сол жерде арнаулы белгiлермен көрсетiледi.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың күзет, санитарлық-қорғау және өзге де қорғау аймақтары шегіндегі жер учаскелерi осы аймақтарды қорғаудың белгiленген режимiн сақтай отырып пайдаланылады және осы Кодексте белгiленген шарттарға сәйкес мемлекеттік қажеттiктер үшiн алып қойылуы (сатып алынуы) мүмкiн.
124-бап. Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатқызу және оны резервте қалдыру
Жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына жатқызу және жердi ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшiн резервте қалдыру Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
125-бап. Сауықтыру мақсатындағы жер
1. Сауықтыру мақсатындағы жерге табиғи шипалы факторлары бар курорттар, сондай-ақ аурудың алдын алу мен емдеудi ұйымдастыру үшiн қолайлы жер учаскелерi жатады.
2. Адам ауруының алдын алу мен емдеудi ұйымдастыру үшiн қолайлы санитарлық және экологиялық жағдайларды сақтау мақсатында сауықтыру мақсатындағы аумақтар жерiнде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес санитарлық-қорғау аймақтары белгiленедi.
Сауықтыру мақсатындағы жердiң күзет, санитарлық-қорғау және өзге де қорғау аймақтарының шекарасы мен оны пайдалану режимiн жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар айқындайды.
3. Белгiленген санитарлық режимге сәйкес осы жер учаскелерiн шаруашылық айналымынан толығымен алып қою (санитарлық-қорғау аймағының бiрiншi белдеуi) көзделетiн жағдайларды қоспағанда, санитарлық-қорғау аймақтары шегіндегі жер учаскелерi жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алып қойылмайды. Бұл ретте аталған учаскелер осы Кодексте белгiленген шарттарға сәйкес мемлекеттік қажеттiктер үшін алып қойылады (сатып алынады).
Жер учаскелерiн санитарлық-қорғау аймақтарының екiншi және үшiншi белдеулерi шекарасында пайдалану осы аймақтарды күзетудiң белгiленген режимi сақтала отырып жүзеге асырылады.
126-бап. Рекреациялық мақсаттағы жер
1. Халықтың ұйымдасқан түрдегi жаппай демалысы мен туризмiне арналған және сол үшiн пайдаланылатын жер рекреациялық мақсаттағы жер деп танылады.
2. Рекреациялық мақсаттағы жер құрамына демалыс үйлерi, пансионаттар, кемпингтер, дене шынықтыру және спорт объектiлерi, туристiк базалар, стационарлық және шатырлы туристiк-сауықтыру лагерьлерi, балықшы және аңшы үйлерi, орман парктерi, туристiк соқпақтар, трассалар, балалар және спорт лагерьлерi, осы сияқты басқа да объектiлер орналасқан жер учаскелерi кiруi мүмкiн. Рекреациялық мақсаттағы жерге қала маңындағы жасыл аймақ жерлерi де жатады.
3. Рекреациялық мақсаттағы жердi пайдалану тәртібі мен режимiн жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар белгiлейдi.
4. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерiмен және жер пайдаланушылармен келісім бойынша белгiленген туристiк соқпақтар мен трассаларды пайдалану сервитуттар негiзiнде жүзеге асырылуы мүмкiн.
5. Рекреациялық мақсаттағы жерде олардың нысаналы мақсатына сәйкес келмейтiн қызметке тыйым салынады.
127-бап. Тарихи-мәдени мақсаттағы жер
1. Тарихи-мәдени қорықтар, мемориалдық парктер, қорымдар, археологиялық парктер (қорғандар, қала орындары, тұрақтар), сәулет-ландшафт кешендерi, жартастағы бейнелер, ғибадат құрылыстары, шайқас және ұрыс алаңдары болған жер учаскелерi тарихи-мәдени мақсаттағы жер деп танылды.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, тарихи-мәдени мақсаттағы жерге жатқызылған жер учаскелерi оның меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардан алып қойылмайды.
Жергiлiктi атқарушы органдар тарихи-мәдени мақсаттағы жердiң жекелеген учаскелерiнде, соның iшiнде зерттеуге және сақтап қоюға жататын мәдени мұра объектiлерiнде кез келген шаруашылық қызметiне шектеу қоюы мүмкiн.
14-тарау. Орман қорының жері
128-бап. Орман қорының жерi ұғымы және оның құрамы
1. Орманды, сондай-ақ ағаш өспеген, бiрақ орман шаруашылығының қажеттерiне берiлген жер учаскелерi орман қорының жерi деп танылады.
2. Орман қорының жерi мемлекеттік және жекеше орман қоры жерiнен тұрады.
3. Табиғи өскен орманы бар және мемлекеттік бюджет қаражаты есебiнен отырғызылған жасанды орманы бар жер, сондай-ақ орман шаруашылығын жүргiзетiн мемлекеттік ұйымдарға тұрақты жер пайдалануға берiлген ормансыз жер мемлекеттік орман қорының жерiне жатады.
4. Жекеше орман қоры жерiне жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалар қаражаты есебiнен отырғызылған және олардың жеке меншiгiне берiлген жасанды орманы бар жер жатады.
129-бап. Орман қорының жерiн ауыл шаруашылығы мақсаттары үшiн жер пайдалануға беру
Орман қоры жеріндегі орман шаруашылығының қажеттерiне пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптары Қазақстан Республикасының орман заңдарына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсаттары үшiн жеке және заңды тұлғаларға берiлуi мүмкiн.
130-бап. Орман қорының жерiн жердiң басқа санаттарына ауыстырудағы шектеулер
Орман қорының жерiн орман шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес мақсаттар үшiн жердiң басқа санаттарына ауыстыруды Қазақстан Республикасының Үкіметі жүзеге асырады.
131-бап. Орман шаруашылығы өндiрiсіндегі шығасыны өтеу
1. Орман алқаптарын орман шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес мақсаттарға пайдалану үшiн алып қоюдан немесе жеке және заңды тұлғалардың қызметiнен болған әсердiң нәтижесiнде жер сапасының нашарлауынан туындаған орман шаруашылығы өндiрiсіндегі шығасы республикалық бюджет кiрiсiне өтелуге тиiс.
2. Орман шаруашылығы өндiрiсіндегі шығасыны өтеудi орман және ауыл шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес қажеттер үшiн орман қоры жерiнен жер учаскелерi берiлетiн тұлғалар жүргiзедi.
3. Орман алқаптарын орман және ауыл шаруашылығын жүргiзумен байланысты емес мақсаттарда пайдалану үшiн алып қоюдан туындаған орман шаруашылығы өндiрiсіндегі шығасыны өтеудiң нормативтерiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейдi.
15-тарау. Су қорының жері
132-бап. Су қорының жерi ұғымы және оның құрамы
Су айдындары (өзендер және олармен теңдестiрiлген каналдар, көлдер, су қоймалары, тоғандар мен басқа да iшкi су айдындары, аумақтық сулар), мұздықтар, батпақтар, су көздерiнде орналасқан, ағысты реттейтiн су шаруашылығы құрылыстары алып жатқан жер, сондай-ақ осы құрылыстардың су күзет аймақтары мен белдеулерiне және ауыз сумен қамтамасыз етудiң бас саға жүйелерiн санитарлық күзет аймақтарына бөлiнген жер су қорының жерi деп танылады.
133-бап. Су қорының жерiне меншiк құқығы
1. Су айдындары (өзендер және олармен теңдестiрiлген каналдар, көлдер, су қоймалары, iшкi су айдындары, аумақтық сулар), мұздықтар, батпақтар, мемлекетаралық және республикалық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары алып жатқан су қорының жерi, сондай-ақ осы құрылыстардың су қорғау белдеулерiне және ауыз сумен қамтамасыз етудiң бас саға жүйелерiн санитарлық күзет аймақтарына бөлiнген жер мемлекет меншiгiнде болады.
2. Ауданаралық (облыстық) және шаруашылықаралық (аудандық) маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары (суару және кәрiз жүйелерi) алып жатқан су қоры жерiнiң құрамындағы жер учаскелерi, сондай-ақ шаруашылық жүргiзушi бiр субъектiнiң жер учаскесiне қызмет ететiн ирригациялық құрылыстары, аталған құрылыстар жекешелендiрiлген жағдайда, Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттік емес заңды тұлғаларының жеке меншiгiнде болуы мүмкiн.
3. Осы баптың 2-тармағында санамаланған, жер учаскелерiнiң екi немесе одан көп меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларға қызмет көрсететiн су шаруашылығы құрылыстарының жер учаскелерi оларға ортақ меншiк немесе ортақ жер пайдалану құқығымен берiледi.
134-бап. Су айдындары жағалауынан су қорғау аймақтары мен белдеулерiне жер бөлiп шығару
1. Жергiлiктi атқарушы органдар су ресурстарын басқарудың уәкiлеттi органының ұсынысымен өзендер, көлдер, су қоймалары, каналдар, iшкi сулар, мұздықтар, батпақтар жағалауынан, гидротехникалық және басқа да су шаруашылығы құрылыстары жанынан су қорғау аймақтары мен белдеулерiне жер учаскелерiн бөледi.
2. Су қорғау аймақтары мен белдеулерiне енгiзiлген жер учаскелерiн пайдалану Қазақстан Республикасының су заңдарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
135-бап. Су қоры жерiнiң құрамынан жер учаскелерiн беру
Жергiлiктi атқарушы органдар су ресурстарын басқарудың уәкiлеттi органымен келісім бойынша жеке және заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығының, орман, балық, аңшылық шаруашылықтарының қажеттерi үшiн және жер учаскесiнiң негiзгi нысаналы мақсатына қайшы келмейтiн басқа да мақсаттар үшiн уақытша жер пайдалануға су қоры жерiнiң құрамынан жер учаскелерiн беруi мүмкiн.
136-бап. Су қорының жерiн пайдалану тәртібі
Су қорының жерiн пайдалану осы Кодексте және Қазақстан Республикасының су заңдарында белгiленген тәртiппен және жағдайларда жүзеге асырылады.
16-тарау. Босалқы жер
137-бап. Босалқы жер құрамы
1. Меншiкке немесе жер пайдалануға берiлмеген, аудандық атқарушы органдардың қарамағындағы барлық жер босалқы жер болып табылады.
2. Ядролық қару сынақтары жүргiзiлген жер учаскелерi Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмiмен босалқы жер құрамына ауыстырылады. Аталған жердiң құқықтық режимi осы Кодекстiң 143-бабына сәйкес айқындалады.
138-бап. Босалқы жердi беру
Босалқы жер оны басқа санаттарға ауыстырғаннан кейiн осы Кодексте белгiленген тәртiппен және жағдайларда ауыл шаруашылығының, өнеркәсiптiң қажеттерi үшiн және өзге де мақсаттар үшiн меншiкке немесе жер пайдалануға берiледi.
4-бөлiм. Жерді қорғау, мемлекеттік бақылау, жерге
орналастыру, мониторинг және жер кадастры
17-тарау. Жерді қорғау
139-бап. Жердi қорғаудың мақсаттары мен мiндеттерi
1. Жердi қорғау қоршаған ортаның бiр бөлiгi ретiнде жердi қорғауға, жердi ұтымды пайдалануға, жердi ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылығы айналымынан негiзсiз алып қоюды болдырмауға, сондай-ақ топырақтың құнарлылығын қалпына келтiру мен арттыруға бағытталған құқықтық, ұйымдық, экономикалық, технологиялық және басқа да iс-шаралар жүйесiн қамтиды.
2. Жердi қорғау мақсаттары:
1) өндiрiстiң экологиялық қауiпсiз технологияларын ынталандыру және орман мелиорациялық, мелиорациялық және басқа да iс-шараларды жүргiзу арқылы жердiң тозуы мен бүлiнуiн, шаруашылық қызметтiң басқа да қолайсыз зардаптарын болдырмау;
2) тозған немесе бүлiнген жердi жақсарту мен қалпына келтiрудi қамтамасыз ету;
3) жердi оңтайлы пайдаланудың экологиялық нормативтерiн тәжiрибеге енгізу болып табылады.
140-бап. Жердi қорғау
1. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар:
1) жердi құнарсызданудан және шөлейттенуден, су және жел эрозиясынан, селден, су басудан, батпақтанудан, қайталап сортаңданудан, құрғап кетуден, тапталудан, өндiрiс пен тұтыну қалдықтарымен, химиялық, биологиялық, радиоактивтi және басқа да зиянды заттармен ластанудан, басқа да бүлiну процестерiнен қорғауға;
2) ауыл шаруашылығы жерiн карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк ауруларын жұқтырудан, арамшөп, бұта мен шiлiк басып кетуден, жердiң жай-күйi нашарлауының өзге де түрлерiнен қорғауға;
3) бүлiнген жердi жаңғыртуға, оның құнарлылығын және жердiң басқа да пайдалы қасиеттерiн қалпына келтiру мен оны шаруашылық айналымына уақтылы тартуға;
4) жердiң бүлiнуiмен байланысты жұмыстар жүргiзiлген кезде топырақтың құнарлы қабатын сыдырып алуға, сақтауға және пайдалануға бағытталған iс-шаралар жүргiзуге мiндеттi.
2. Жердiң тозуын болдырмау, топырақтың құнарлылығын және ластанған аумақтарды қалпына келтiру мақсатында, сондай-ақ ауыл шаруашылығының тозған алқаптарының, химиялық, биологиялық, радиоактивтi және басқа да зиянды заттардың жол берiлетiн шектегi қоспаларының және жол берiлетiн шектегi әсер деңгейiнiң белгiленген нормативтерiнен артық ластанған, өндiрiс және тұтыну қалдықтарымен, ақаба сулармен ластанған жердiң, сондай-ақ карантиндiк зиянкестер мен өсiмдiк аурулары жұққан жердiң топырақ құнарлылығын қалпына келтiру мүмкiн болмаған жағдайларда Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн тәртiппен жердi сақтап қою көзделедi.
3. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың жердi ұтымды пайдалану мен қорғауға мүдделiлiгiн арттыру мақсатында бюджет заңдарында және салық туралы заңдарда белгiленген тәртiппен жердi қорғау мен пайдалануға экономикалық ынталандыру жүзеге асырылуы мүмкiн.
141-бап. Топырақта зиянды заттардың жол берiлетiн шектегi қоспаларының нормативтерi
1. Топырақты ластайтын зиянды заттардың, зиянды микроорганизмдердiң және басқа да биологиялық заттардың жол берiлетiн шектегi қоспаларының нормативтерi топырақтың жай-күйiн адам денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау мүдделерiне сай бағалау үшiн белгiленедi.
2. Аталған нормативтер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленетiн тәртiппен бекітіледi.
142-бап. Жердiң жай-күйiне әсер ететiн үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) және басқа да объектiлердi жобалау мен пайдалануға беруге қойылатын экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнайы талаптар
1. Жердiң жай-күйiне керi әсер ететiн жаңа және қайта жаңғыртылатын үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) әрi басқа да объектiлердi орналастыру, жобалау және пайдалануға беру, жаңа техника мен технологияларды енгізу кезiнде жердi қорғау жөнiнде iс-шаралар көзделуге және жүзеге асырылуға, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және басқа да арнайы талаптардың (нормалардың, ережелердiң, нормативтердiң) сақталуы қамтамасыз етiлуге тиiс.
2. Жердiң жай-күйiне керi әсердi бағалау және оларды қорғау жөнiнде көзделген iс-шаралардың тиiмдiлiгi мемлекеттік экологиялық сараптаманың, өзге де мемлекеттік сараптамалардың нәтижелерi бойынша жүргiзiледi, олардың оң қорытындысы болмайынша жаңа техника мен технологияларды енгізуге, жердi мелиорациялау бағдарламаларын жүзеге асыруға, үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) және басқа да объектiлер салуды (қайта жаңғыртуды) қаржыландыруға тыйым салынады.
143-бап. Радиоактивтi ластануға ұшыраған және ядролық қару сынақтары өткiзiлген жер
1. Нормативтен артық радиоактивтi ластануға ұшыраған немесе тұрғын халықтың өмiрi мен денсаулығына өзге де түрде қатер төндiретiн жер учаскелерi меншiкке, тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға берiлмейдi.
2. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген санитарлық талаптар мен нормативтерге сәйкес өнiм алу қамтамасыз етiлмейтiн, радиоактивтi ластануға ұшыраған жер учаскелерi ауыл шаруашылығы айналымынан алынады және сақтап қоюға жатады. Бұл жерде ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiруге және оны өткізуге тыйым салынады.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі ядролық қару сынақтары өткiзiлген жер учаскелерiн ядролық қару сынағының зардаптарын жою жөніндегі барлық iс-шаралар аяқталғаннан және кешендi экологиялық тексеру жүргiзiлгеннен кейiн ғана, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болғанда меншiкке немесе жер пайдалануға беруi мүмкiн.
4. Аталған аумақтарда ядролық қару сынақтарының зардаптарын жою жөніндегі iс-шаралар қоршаған ортаны қорғау жөніндегі, жер ресурстарын қорғау мен ұтымды пайдалану жөніндегі республикалық және облыстық бағдарламаларда және басқа да арнаулы бағдарламаларда көзделедi.
5. Радиоактивтi ластануға ұшыраған жердi алып қою мен қорғау тәртібі Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалады.
18-тарау. Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау
144-бап. Жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылаудың мiндеттерi