2) әйелдерге 1998 жылғы 1 қаңтарда кемiнде 20 жыл еңбек стажы болғанда және осы Заңның 60-бабының 2-тармағында аталған адамдар арасынан әйелдерге қызметінен босатылған кезінен бастап тағайындалады. Бұл ретте осы Заңның 60-бабының 2) тармағында аталған адамдар үшін еңбек стажына 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап қызметтен босатылған кезіне дейінгі қызметі осы кезеңде жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналары жасалмаған жағдайда есептеледі.
5. Толық емес көлемдегi жасына байланысты зейнетақы төлемдерi осы баптың бірiншi бөлiгiнде аталған азаматтар санаттарына олардың 1997 жылғы 1 қаңтарда нақты еңбек стажының болуына қарай Орталықтан толық көлемiнде зейнетақы төлемдерiн алу құқығы болмаған жағдайда және осы Заңның 60-бабының 2-тармағында аталған адамдар үшін қызметтен босатылған кезінен бастап тағайындалады.
6. Жасына байланысты зейнетақының толық емес көлемдегі төлемдері Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен, толық зейнетақыдан 1998 жылғы 1 қаңтарда болған еңбек стажына бара-бар үлес ретінде есептеледі. Бұл орайда, осы Заңның 60-бабының 2-тармағында аталған адамдар үшін еңбек стажына 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап қызметтен босатылған кезіне дейінгі қызметі осы кезенде жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналары жасалмаған жағдайда есептеледі.
10-бап. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн төлеу кезеңi
Орталықтан зейнетақы төлемдерi өмiр бойына тағайындалады және төленiп отырады.
3-тарау. Орталықтан зейнетақы тағайындауға
арналған еңбек стажы
11-бап. Орталықтан зейнетақы тағайындау үшiн еңбек стажын есептеу
1. Орталықтан зейнетақы тағайындау үшiн еңбек стажын есептеу кезiнде мыналар есепке алынады:
1) еңбек шарты (келісім-шарт) бойынша жеке және заңды тұлғалар ақы төлейтiн жұмыс;
2) әскери қызмет;
3) құқық қорғау органдарындағы қызмет;
4) мемлекеттік қызмет;
5) кәсiпкерлiк қызмет;
6) I топтағы мүгедекке, II топтағы жалғызiлiктi мүгедекке және өзгенiң жәрдем көрсетуiне мұқтаж жасына байланысты зейнеткерге, сондай-ақ 80 жасқа толған қарт адамдарға күтiм жасаған уақыт;
7) атом сынақтары, экологиялық апаттар салдарынан зардап шеккен не иммундық тапшылық вирусын жұқтырған не ЖҚТБ-мен ауыратындарға, 16 жасқа дейiнгi мүгедекке күтiм жасаған уақыт;
8) жұмыс iстемейтiн ананың жас балаларды бағып-күткен, бірақ әрбір бала 3 жасқа толғаннан аспайтын жалпы жиынтығы 12 жыл шегіндегі уақыт;
9) қылмыстық жауапқа негiзсiз тартылған және қуғын-сүргiнге ұшыраған, бірақ кейiн ақталған азаматтардың қамауда болған, бас бостандығынан айыру және жер аудару орындарында жазасын өтеген уақыты;
10) еңбекке жарамды азаматтардың бұрынғы КСРО-ның уақытша оккупацияланған аумағында және Ұлы Отан соғысы кезеңiнде өздерi басқа мемлекеттердiң аумағына зорлықпен апарылған адамдардың /жасына қарамастан/ сонда болған, фашистiк концлагерьлерде (геттоларда және соғыс кезеңiнде мәжбүрлеп ұстайтын басқа да орындарда ұсталған уақыты, егер аталған кезеңдерде бұл адамдар Отанға қарсы қылмыс жасамаса;
11) жұмыс iстемейтiн соғыс мүгедектерi мен оларға теңестiрiлген мүгедектердiң мүгедек болған уақыты;
12) бұрынғы кеңес мекемелерiнiң, Қазақстан Республикасы мекемелерi мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлерi әйелдерiнiң (жұбайларының) шетелде тұрған кезеңi, бірақ жалпы алғанда 10 жылдан аспауға тиiс;
13) офицерлiк құрамдағы адамдар, прапорщиктер, мичмандар және мерзiмiнен тыс қызмет атқаратын әскери қызметшiлер әйелдердiң мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкiндiгi болмаған жерлерде жұбайларымен бірге тұрған кезеңi, бірақ 10 жылдан аспауға тиiс;
14) Қазақстан Республикасының аумағындағы және одан тыс жерлердегi жоғары және арнаулы орта оқу орындарында, училищелерде, мектептерде және кадрлар даярлау, біліктiлiгiн арттыру және қайта мамандандыру курстарында, аспирантурада, докторантурада және клиникалық ординатурада, сондай-ақ күндiзгi жоғары және орта дiни оқу орындарында оқу;
15) әскерилендiрiлген күзетте, арнаулы байланыс органдарында және кен-құтқару бөлiмдерiнде олардың ведомстволық бағыныстылығына және арнаулы немесе әскери атағының болуына қарамастан;
16) әлеуметтiк сақтандыруға қаржы төлеген жағдайда өзге де жұмыс.
2. Орталықтан зейнетақы тағайындау үшін еңбек стажын жеңiлдiкпен есептеу кезiнде мыналар да есепке алынады:
1) ұрыс қимылдары кезеңiнде майдандағы армия құрамындағы, оның iшiнде әскери борышын өтеу кезіндегі әскери қызмет, сондай-ақ ұрыс қимылдары кезеңiнде партизан отрядтары мен құрамаларында болу, сондай-ақ әскери жарақат салдарынан емдеу мекемелерiнде емдеуде болған уақыт - әскери қызметшiлерге еңбек сiңiрген жылдары үшiн зейнетақы тағайындаған кезде осы қызметтiң мерзiмiн есеп үшiн белгiленген тәртiппен;
2) әскери бөлiмдеріндегі жұмыс, оның iшiнде еркiн жалдамалы құрам ретіндегі жұмыс және осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген әскери қызметтен басқа, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қызмет екi есе мөлшерде;
3) Ұлы Отан соғысы жылдарында 1941 жылғы 8 қыркүйектен бастап 1944 жылғы 27 қаңтарға дейiнгi қоршау кезеңiнде Ленинград қаласындағы жұмыс - үш есе мөлшерде;
4) 12 жастан бастап және одан үлкен жастағы азаматтардың 1941 жылғы 8 қыркүйектен бастап 1944 жылғы 27 қаңтарға дейiнгi қоршау кезеңiнде Ленинград қаласында болған уақыты - екi есе мөлшерде;
5) Ұлы Отан соғысы кезiнде басқа мемлекеттердiң аумағына зорлықпен апарылған адамдардың сонда болған уақыты, сондай-ақ фашистiк концлагерьлерде (геттоларда және соғыс кезеңiнде мәжбүрлеп ұстайтын басқа да орындарда) болған уақыты, егер аталған кезеңдерде бұл адамдар Отанға қарсы қылмыс жасамаса - екi есе мөлшерде;
6) заңсыз қылмыстық жауапқа тартылған және қуғын-сүргiнге ұшыраған, кейiннен ақталған азаматтардың қамауда болған, бас бостандығынан айыру, жер аудару орындарында жазасын өтеу, бас бостандығын шектеу отырып мәжбүрлеп еңбекке тартылған, арнаулы қоныстандыру орындарында ұсталған және психиатрлық мекемелерде мәжбүрлеп емдеуде болған уақыты - үш есе мөлшерде;
7) Семей сынақ полигонына жапсарлас жатқан аудандардағы 1949 жылғы 29 тамыздан бастап 1963 жылғы 5 шiлдеге дейiнгi кезеңде жұмыс iстеп, әскери қызмет атқару - үш есе мөлшерде, ал 1963 жылғы 6 шiлдеден бастап 1992 жылғы 1 қаңтарға дейiнгiсi - бір жарым есе мөлшерде;
8) алапеске және обаға қарсы мекемелерде, иммундық тапшылық вирусын жұқтырған немесе ЖҚТБ-мен ауырған адамдарды емдеу жөніндегі жұқпалы аурулар мекемелеріндегі жұмыс - екi есе мөлшерде; сот медициналық сараптама мекемелеріндегі және емдеу мекемелерiнiң патология-анатомиялық бөлiмдеріндегі жұмыс - Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен жұмыс тiзбесi бойынша бір жарым есе мөлшерде;
9) толық навигациялық кезең iшiнде су көлiгіндегі жұмыс бір жыл iстеген жұмыс үшiн есептеледi;
10) ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, өнеркәсiптiң маусымдық салалар кәсiпорындарындағы толық маусым iшіндегі жұмыс Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiткен тiзiм бойынша бір жылғы жұмыс стажына есептеледi.
ҚР 05.04.99 ж. № 364-1 Заңымен 12-бап өзгертілді
12-бап. Еңбек стажын растау
1. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiнгi кезеңге Орталықтан зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн еңбек стажы еңбек кiтапшасымен расталады.
2. Еңбек кiтапшасы жоқ немесе онда тиiстi жазбалар болмаған кезде еңбек стажы жұмыс туралы мәлiметтердi растайтын құжаттардың негiзiнде не сот шешімінің негізінде анықталады.
3. Осы Заңның 11-бабының 1-тармағының 5) және 16) тармақшаларына сәйкес қызметтi жүзеге асырған азаматтардың еңбек стажы Қазақстан Республикасының Зейнетақы қорына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн сақтандыру жарналарын төлегенi туралы құжаттармен расталады.
4-тарау. Орталықтан төленетiн зейнетақы
төлемдерiн есептеу
ҚР 05.04.99 ж. № 364-1; 16.11.99 ж. № 482-1; 29.12.02 ж. № 369-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 13-бап толықтырылды
13-бап. Орталықтан төленетiн зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн есептеу
1. Орталықтан төленетiн зейнетақы төлемдерiн толық көлемiнде есептеу осы Заңның 14-бабына сәйкес белгiленетiн орташа айлық кiрiстiң 60 процентi есебiнен жүргiзiледi.
2. Орталықтан төленетiн зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн есептеу жұмыста болған үзiлiстерге қарамастан, қатарынан кез келген 3 жыл жұмыс үшiн орташа айлық табыс негiзге алына отырып, 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жүзеге асырылады.
1998 жылғы 1 қаңтардан басталған кезең үшiн орташа айлық табыстың мөлшерi жинақтаушы зейнетақы қорларына мiндеттi зейнетақы жарналары жүзеге асырылған табысқа сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы орталық атқарушы орган анықтайтын тәртіппен белгiленедi.
3. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн қажеттi еңбек стажынан тыс жұмыс iстеген әрбір толық жыл үшiн зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерi 1 процентке өсiрiледi, бірақ ол зейнетақыны есептеу үшiн ескерiлетiн табыстың 75 процентiнен аспауға тиiс.
4. Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерінің, әскери қызметшілердің, Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарының, бұрынғы Мемлекеттік тергеу комитеті қызметкерлерінің және зейнетақы 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен, өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің, лауазымдардың және көрсеткіштердің № 1 тізімі бойынша және жұмыс орындарын аттестаттау нәтижелері бойынша жеңілдікті шарттарда тағайындалған адамдардың зейнетақы төлемдері мөлшерін қоспағанда, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалған зейнетақы төлемдерінің ең жоғары мөлшері тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген 25 еселенген айлық есептік көрсеткіштің 75 процентінен аса алмайды.
14-бап. Орталықтан төленетiн зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн табысты анықтау
1. Орталықтан төленетiн зейнетақы төлемдерiн есептеуге арналған табысқа еңбекке ақы төлеудiң барлық түрлерi және тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлейтiн өзге де табыстар енгiзiледi.
2. Зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн 3 жылғы жұмыс iшіндегі табыс қатарынан 36 күнтiзбелiк айдағы жұмыс iшіндегі табыстың жалпы сомасын отыз алтыға бөлу арқылы анықталады.
3. Орталықтан төленетiн зейнетақы төлемдерiн есептеуге арналған табыс тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы заңда белгiленетiн он бес еселенген айлық есептiк көрсеткiштен аспауға тиiс.
5-тарау. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн
тағайындау
ҚР 05.04.99 ж. № 364-1 Заңымен 15-бап өзгертілді
15-бап. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн тағайындауға өтiнiш беру тәртібі
1. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн тағайындау туралы арыз зейнетақы төлемдерiн есептеу үшiн қажеттi стажы мен табысын растайтын құжаттармен қоса азаматтың тұрғылықты жерi бойынша зейнетақы төлемдерін тағайындаушы органға берiледi.
2. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн тағайындауды зейнетақы төлемдерін тағайындаушы орган Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүргiзедi.
3. Зейнетақы төлемдерін тағайындаушы орган зейнетақы тағайындау мәселелері бойынша түсiндiрме беруге және азаматтардың тиiстi құжаттарды ресiмделуiне көмек көрсетуге мiндеттi.
ҚР 05.04.99 ж. № 364-1 Заңымен 16-бап өзгертілді
16-бап. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн тағайындауға арналған құжаттарды қарау мерзiмдерi
1. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн тағайындауға арналған құжаттарды қарауды халықты әлеуметтiк қорғау органы құжаттар табыс етiлген күннен бастап 10 күн мерзiмнен кешiктiрмей жүзеге асырады.
2. Зейнетақы төлемдерін тағайындаушы органы тиiстi шешiм шығарылғаннан кейiн 5 күннен кешiктiрмей бұл туралы арыз берушiге хабарлайды.
3. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн тағайындаудан бас тартылған жағдайда зейнетақы төлемдерін тағайындаушы органы бас тартудың себептерiн жазбаша түрде негiздеп, табыс етiлген құжаттарды арыз берушiге қайтаруға мiндеттi.
4. Зейнетақы төлемдерін тағайындаушы органның шешіміне сот тәртібімен шағымдануға болады.
ҚР 05.04.99 ж. № 364-1 Заңымен 17-бап өзгертілді
17-бап. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн тағайындау мерзiмдерi
1. Орталықтан зейнетақы төлемдерi зейнетақы тағайындауға өтiнiш берiлген күннен бастап тағайындалады.
2. Арыз бен қажеттi құжаттарды зейнетақы төлемдерін тағайындаушы органға бір мезгiлде берген күн Орталықтан зейнетақы төлемдерiн тағайындауға өтiнiш берген күн болып есептеледi.
6-тарау. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн төлеу
және олардан ұстап алу тәртібі
ҚР 29.12.02 ж. № 369-II Заңымен 18-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); 2004.20.12 № 13-III (бұр. ред. қара) (2005.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) Заңымен 18-бап өзгертілді
18-бап. Орталықтың ұйымдық-құқықтық нысаны және оның қызметінің негізгі бағыттары
1. Орталық мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылады, оның уәкілетті органын Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
2. Орталық:
1) осы Заңға сәйкес зейнетақымен қамсыздандырылуға құқығы бар азаматтарға бюджет қаражаты есебінен зейнетақы төлемдерін төлеуді;
2) азаматтарға әлеуметтік жеке кодтар беруді;
3) міндетті зейнетақы жарналарын дербес тұрғыдан есепке алуды;
4) міндетті зейнетақы жарналарын агенттерден жинақтаушы зейнетақы қорларына аударуды;
5) мемлекет алдындағы салықтық міндеттемелердің орындалуына салықтық бақылауды қамтамасыз ететін орталық атқарушы органға агенттердің Орталық есебіне аударған және Орталықтан агентке қайтарылған міндетті зейнетақы жарналарының сомалары бойынша тізілімдер мен төлем құжаттарын табыс етуді;
6) Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес басқа да функцияларды жүзеге асырады.
ҚР 05.04.99 ж. № 364-1 Заңымен 19-бап толықтырылды
19-бап. Орталықтан зейнетақы төлемдерiн төлеу тәртібі
1. Орталықтан зейнетақы төлемдерi өткен ай үшiн төленедi.
2. Осы Заңның 13-бабының 4-тармағымен және 60-бабымен көзделген шектеулер мен жағдайларды ескере отырып, жұмыс iстейтiн зейнеткерлердiң зейнетақыны толық мөлшерiнде алуға құқығы бар.
3. Зейнетақы төлемдерi нотариат куәландырған сенiмхат бойынша төленуi мүмкiн.
20-бап. Өткен уақыт үшiн зейнетақы төлемдерiн алу
1. Есептелген, бірақ алушы талап етпеген зейнетақы төлемдерiнiң сомасы өткен уақыт үшiн, бірақ оларды алуға өтiнiш беру алдындағы 3 жылдан аспайтын уақыт үшiн төленедi.
2. Зейнетақы төлемдерiн тағайындайтын немесе жүзеге асыратын органның кiнәсiнен уақытында алынбаған зейнетақы төлемдерiнiң сомасы өткен уақыт үшiн мерзiмi шектелмей төленедi.
ҚР 05.04.99 ж. № 364-1; 29.12.02 ж. № 369-II Заңдарымен (бұр. ред. қара) 21-бап толықтырылды
21-бап. Зейнетақыдан ұстап қалу
1. Зейнетақы тағайындау кезіндегі қателіктер салдарынан артық төленген сомаларды зейнетақы төлемдерін алушының өтініші негізінде ұстап қалатын жағдайлардан, сондай-ақ сотталғандардың, бас бостандығынан айырылғандардың табысынан ұстап қалатын жағдайлардан басқа, зейнетақыдан ұстап қалу атқарушылық iс жүргiзу тәртібімен жасалуы мүмкiн.
2. Зейнетақыдан ұстап қалу төленуге тиiстi сомадан жасалады.
3. Зейнетақыдан төленуге тиiстi соманың 50 проценттен астамын ұстап қалуға болмайды.
ҚР 29.12.02 ж. № 369-II Заңымен 3 бөлімнің және 7 тараудың тақырыбтары өзгертілді (бұр. ред. қара)
3 Бөлім
Жинақтаушы зейнетақы қорларынан және
сақтандыру ұйымдарынан
зейнетақымен қамсыздандыру
7-тарау. Жинақтаушы зейнетақы қорларынан
Зейнетақымен қамсыздандыру
ҚР 29.12.02 ж. № 369-II Заңымен 22-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара); ҚР 13.12.04 ж. № 11-III Заңымен 22-бап өзгертілді (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді ) (бұр. ред. қара)
22-бап. Міндетті зейнетақы жарналарын төлеу
1. Міндетті зейнетақы жарналарының салымшылары жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналарын осы Заңда белгіленген ставкалар бойынша төлеуге тиіс.
2. Міндетті зейнетақы жарналарының салымшысы міндетті зейнетақы жарналарын төлеу үшін бір ғана жинақтаушы зейнетақы қорын таңдап алуға және онымен міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасуға міндетті. Міндетті зейнетақы жарналарының салымшысына міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы бір мезгілде екі және одан да көп шарт жасасуға, сол сияқты салымшының міндетті зейнетақы жарналарын іс жүзінде екі және одан да көп жинақтаушы зейнетақы қорына енгізуіне, не жарнаны бір қорға төлеп, жинақталған зейнетақы қаражатының бір бөлігін басқа жинақтаушы зейнетақы қорында сақтауына жол берілмейді.
3. Осы Заңның 9-бабына сәйкес, зейнеткерлік жасқа жеткен адамдар жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады.
4. Міндетті зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен төленеді.
5. Міндетті зейнетақы жарналарының және осы Заңның 22-4-бабының 1-тармағына сәйкес есептелген өсімпұлдың толық және уақтылы төленуін бақылауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес салық органдары жүзеге асырады.
6. Міндетті зейнетақы жарналарын басқа адамдардың пайдасына төлеуге болмайды.
7. 2005 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша әлеуметтiк жеке коды және (немесе) салық төлеушiнiң тiркеу нөмiрi және (немесе) жинақтаушы зейнетақы қорларымен жасасқан зейнетақы шарттары жоқ бұрынғы қызметкерлердiң (Қазақстан Республикасының шегiнен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен хабарсыз кеткен немесе қайтыс болған деп танылған) кiрiстерiнен ұсталған мiндеттi зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен аударылады.
ҚР 29.12.02 ж. № 369-II Заңымен жаңа 22-1-баппен толықтырылды; ҚР 29.11.03 ж. № 500-II Заңымен 22-1-бап өзгертілді
22-1-бап. Міндетті зейнетақы жарналарының ставкасы
1. Жинақтаушы зейнетақы қорларына төленуге тиісті міндетті зейнетақы жарналары қызметкердің осы баптың 3-тармағына сәйкес айқындалатын тәртіппен зейнетақы жарналарын есептеу үшін қабылданатын ай сайынғы табысының он проценті мөлшерінде белгіленеді. Бұл ретте міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшін алынатын ай сайынғы кіріс ең төменгі айлық жалақының жетпіс бес еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.
2. Адвокаттар, жеке нотариустер мен жеке кәсіпкерлер үшін жинақтаушы зейнетақы қорларына өз пайдасына төлеуге жатқызылған міндетті зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленген кірістің он проценті мөлшерінде белгіленеді, бірақ ең төменгі айлық жалақьшың он процентінен кем болмауға және ең төменгі айлық жалақының жетпіс бес еселенген мөлшерінен жоғары болмауға тиіс.
3. Міндетті зейнетақы жарналарын есептеудің, ұстап қалудың (есептеп қосудың) және аударудың тәртібі мен мерзімдерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
ҚР 29.12.02 ж. № 369-II Заңымен жаңа 22-2-баппен толықтырылды
22-2-бап. Ерікті зейнетақы жарналарының ставкасы
1. Салымшы-жеке тұлғалар жинақтаушы зейнетақы қорларына ерікті зейнетақы жарналарын олармен ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан жағдайда өз пайдасына өз табысы есебінен енгізеді.
2. Алушының пайдасына ерікті зейнетақы жарналарының салымшылары оларды салық салынғаннан кейінгі табыс есебінен жүзеге асырған жағдайда жеке және заңды тұлғалар болуы мүмкін.
3. Ерікті зейнетақы жарналарының ставкасы, оларды төлеу тәртібі, сондай-ақ зейнетақы төлемдерін төлеу тәртібі ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт тараптарының келісімі бойынша белгіленеді.
ҚР 29.12.02 ж. № 369-II Заңымен жаңа 22-3-баппен толықтырылды
22-3-бап. Ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарының ставкасы
1. Ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді кәсіптерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін қызметкердің пайдасына салымшылар өз қаражаты есебінен жүзеге асырады.
2. Ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарының ставкасы ерікті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт тараптарының келісімі бойынша белгіленеді, бірақ ол қызметкердің ай сайынғы табысының он процентінен жоғары болмауға тиіс. Бұл орайда ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу үшін алынатын ай сайынғы кіріс Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен анықталады.
ҚР 29.12.02 ж. № 369-II Заңымен жаңа 22-4-баппен толықтырылды; ҚР 13.12.04 ж. № 11-III Заңымен 22-4-бап жаңа редакцияда (01.01.05 ж. бастап қолданысқа енгізілді ) (бұр. ред. қара)
22-4-бап. Мiндеттi зейнетақы жарналарының уақтылы
ұсталмағаны және аударылмағаны үшiн
жауапкершiлiк
1. Агент уақтылы ұстамаған (есептемеген) және (немесе) аудармаған мiндеттi зейнетақы жарналарының сомалары салымшы табысты нақты төлеген және алған жағдайда, оларды салық органдары өндiрiп алады немесе оларды агенттер әрбір кешiктiрiлген күнге (Орталыққа төлейтiн күндi қоса алғанда) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген қайта қаржыландырудың ресми ставкасының 2,5 еселенген мөлшерiнде есептелген өсiмпұлмен бірге мiндеттi зейнетақы жарналары салымшыларының пайдасына аударуға тиiс.
2. Мiндеттi зейнетақы жарналары толық және (немесе) уақтылы аударылмаған жағдайда салық органдары мiндеттi зейнетақы жарналары бойынша жинақталып қалған берешек шегіндегі ақшаны агенттердiң банктегi шоттарынан өндiрiп алуға құқылы.
Мiндеттi зейнетақы жарналары бойынша берешектi өндiрiп алу Қазақстан Республикасының Yкіметі белгiлеген тәртiппен агентке жіберілетін хабарлама негiзiнде жүргiзiледi.
3. Агент хабарлама алған күннен бастап бес жұмыс күнi iшiнде салық органына:
1) мiндеттi зейнетақы жарналары бойынша берешек пайдасына өндiрiлiп алынатын жинақтаушы зейнетақы қорлары салымшыларының тiзiмдерiн;
2) әр жинақтаушы зейнетақы қоры бойынша берешектiң жалпы сомасын көрсете отырып, жинақтаушы зейнетақы қорларының тiзiмдерiн табыс етуге мiндеттi.
Агенттердiң банк шоттарынан мiндеттi зейнетақы жарналары бойынша берешектi өндiрiп алу салық органының инкассолық өкімі негiзiнде жүргiзiледi.
Клиентке қойылатын талаптардың бәрiн қанағаттандыру үшiн банк шотында (шоттарында) ақша болмаған немесе жеткiлiксiз болған жағдайда банк клиенттiң ақшасын алып қоюды Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексiнде белгiленген кезектiлiк тәртібімен жүргiзедi.
4. Салық органдарының шешiмi бойынша, егер агент мiндеттi зейнетақы жарналары бойынша берешек пайдасына өндiрiлiп алынатын жинақтаушы зейнетақы қорлары салымшыларының тiзiмiн табыс етпесе және мiндеттi зейнетақы жарналары бойынша берешек болса, банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар агенттердiң банк шотындағы (шоттарындағы) барлық шығыс операцияларын тоқтата тұруға және мiндеттi зейнетақы жарналары мен салық берешегiн аударуға қатысты нұсқауларды Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен орындауға мiндеттi.
Салық органының банк шоты (шоттары) бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешiмiнiң күшiн банк шоты (шоттары) бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрудың себептерi жойылған күннен кейiнгi бір жұмыс күнiнен кешiктiрмей шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешiм шығарған салық органы жояды.
5. Агенттiң банк шоты болмаған жағдайда, салық органы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен агенттiң қолма-қол ақшасынан өндiрiп алады.
6. Банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар мiндеттi зейнетақы жарналарының сомаларын осы сомаларды агенттердiң банк шоттарынан есептен шығаратын күнi Орталық арқылы аударуға мiндеттi.
ҚР 29.12.02 ж. № 369-II Заңымен 23-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
23-бап. Міндетті зейнетақы жарналары есебінен төленетін зейнетақы төлемдері
1. Жинақтаушы зейнетақы қорында жинақталған зейнетақы қаражаты бар адамдардың:
1) осы Заңның 9-бабының 1-3-тармақтарында көзделген жағдайлар басталғанда;
2) елу бес жасқа толғанда және жинақталған зейнетақы қаражаты ең төмен зейнетақы мөлшерінен кем емес төлемді қамтамасыз ету үшін жеткілікті болғанда;
3) егер мүгедектігі мерзімсіз белгіленсе, I және ІІ-топтағы мүгедектердің;
4) осы Заңның 60-бабының 1-тармағында аталғандардың;
5) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кететін немесе кеткен, кету ниетін немесе кету фактісін растайтын Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құжаттарды табыс еткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың жинақтаушы зейнетақы қорларынан міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар. Бұл орайда Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге кетер кезінде жинақталған зейнетақы қаражатын алып қойған адамға осы Заңның 5-бабы 2-тармағының нормасы қолданылмайды.
2. Жинақтаушы зейнетақы қорында міндетті зейнетақы жарналары есебінен жинақталған зейнетақы қаражаты бар адам қайтыс болған жағдайда олар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады.