Осы бап 2004 ж. 9 шілдедегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
146-бап. Сайлау құқығын жүзеге асыруға немесе сайлау
комиссияларының жұмысына кедергi жасау
1. Сайлаушының өзiнiң сайлау құқығын немесе референдумға қатысу құқығын еркiн жүзеге асыруына кедергi жасау, сондай-ақ сайлау комиссияларының немесе референдум жүргiзу жөнiндегi комиссияның жұмысына заңсыз араласу және дауыс беруге, кандидаттарды тiркеуге, дауыстарды санауға және сайлаудағы немесе референдумдағы дауыс беру нәтижелерiн анықтауға байланысты мiндеттерiн атқаруына кедергi жасау -
елуден жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның бiр айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға, не жүз жиырмадан жүз сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бiр жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына жазаланады.
2. Дәл сол әрекеттер:
а) пара берiп сатып алумен, алдаумен, күш қолданып не оны қолданамын деп қорқытумен сабақтасса;
б) адам өзiнiң қызмет бабын пайдалана отырып жасаса;
в) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша немесе ұйымдасқан топпен жасалса -
екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерiнде айыппұл салуға не бiр жылдан екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не алты айға дейiнгi мерзiмге қамауға, не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не дәл сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Осы бап 2004 ж. 9 шілдедегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
147-бап. Сайлау құжаттарын, референдум құжаттарын
бұрмалау немесе дауыстарды қате есептеу
Сайлау құжаттарын немесе референдум құжаттарын бұрмалау, бюллетеньге жалған жазбалар немесе қол қойылған парақтар енгiзу, дауыстарды көпе-көрiнеу қате есептеу не сайлаудың нәтижелерiн немесе референдум қорытындыларын көпе-көрiнеу дұрыс айқындамау, не дауыс беру құпиясын бұзу, егер осы әрекеттердi Қазақстан Республикасы Президентiне кандидаттың сенiмдi өкiлi, немесе депутаттыққа кандидаттың сенiмдi өкiлi жасаса, сол сияқты бастамашы топтың немесе сайлау комиссиясының, немесе референдум жүргiзу жөнiндегi комиссияның мүшесi жасаса, -
екi жүзден бес жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екi айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге табысының мөлшерiнде айыппұл салуға не екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айырып немесе онсыз төрт жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.