Қосылған құн салығын төлеушiнiң атауы өзгерген жағдайда оның қосылған құн салығы бойынша есепке қою туралы куәлігі ауыстырылуға тиіс.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 210-бап өзгертілді
210-бап. Қосылған құн салығы бойынша есептен шығару
1. Егер қосылған құн салығын төлеушiнiң соңғы он екi айлық кезеңдегi салық салынатын айналым мөлшерi салық салынатын ең төмен айналым мөлшерiнен аспаса, ол тiркелген жерiндегi салық органына өзiн қосылған құн салығы бойынша есептен шығару туралы өтiнiш беруге құқылы.
Қосылған құн салығын төлеушi мұндай құқықты өзiн қосылған құн салығы бойынша есепке қойған кезден бастап, кем дегенде екi жыл өткеннен кейiн пайдалана алады.
2. Егер қосылған құн салығын төлеушi болып табылатын тұлға салық салынатын айналымдарға байланысты қызметiн тоқтатқан жағдайда, мұндай тұлға қызметi тоқтатылған салық кезеңiнен кейiнгi алты айдың аяқталуынан кешiктiрмей, өзiн қосылған құн салығы бойынша есептен шығару туралы өтiнiш беруге мiндеттi.
Салық органы қосылған құн салығын төлеушi болып табылатын әрекетсiз заңды тұлғаны тапқан жағдайда, қосылған құн салығы бойынша есептен шығаруды уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен салық органы жүргiзедi.
3. Қосылған құн салығын төлеушi болып табылатын заңды тұлға таратылған жағдайда, мұндай тұлға Салық төлеушiлердің мемлекеттiк тiзiлiмiнен алып тасталған күннен бастап қосылған құн салығы бойынша есептен шығарылуға тиiс.
4. Тұлға осы баптың ережелерiне сәйкес келетiн, қосылған құн салығы бойынша өзiн есептен шығару туралы өтiнiш берген кезеңнен кейiнгi салық кезеңiнiң алғашқы күнiнен бастап қосылған құн салығын төлеушi болуын тоқтатады.
5. Тұлғаны қосылған құн салығы бойынша есептен шығару кезiнде осы Кодекстің 235-бабына сәйкес олар бойынша қосылған құн салығы есепке алуға жатқызылған оның тауарларының (соның iшiнде негiзгi құралдардың) қалдығы салық салынатын айналым ретiнде қарастырылады.
Қосылған құн салығын төлеуші заңды тұлға, жаңадан пайда болған заңды тұлғалар қосылған құн салығын төлеушілер болып табылса, оның қайта ұйымдастырылуына байланысты қосылған құн салығы бойынша есептен шығарылған жағдайда осы тармақтың ережесі қолданылмайды.
34-тарау. Салық салынатын айналым және салық
салынатын импорт
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II; 04.07.03 ж. N 475-II (01.01.04 ж. бастап қолданысқа енгiзiледi) (бұр. ред. қара) Заңдарымен 211-бап өзгертілді
211-бап. Тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) өткiзу бойынша айналым
1. Тауарға қатысты өткiзу бойынша айналым:
1) тауарға меншiк құқығын берудi, оның iшiнде:
тауарды сатуды;
тауарды тиеп жөнелтудi, оның iшiнде басқа тауарларға (жұмыстарға, қызмет көрсетулерге) алмастыруды;
тауар экспортын;
тауарды тегiн берудi;
жарғылық капиталға жарна төлеудi;
жұмыс берушiнiң жалдамалы қызметкерге жалақы есебiнен тауар беруiн;
2) тауарды төлем мерзiмiн ұзарту шартымен тиеп жөнелтудi
2-1) мүлікті қаржы лизингіне беруді;
3) комиссия шарттары бойынша тауарды тиеп жөнелтудi;
4) қарызды төлемеген жағдайда кепiл берушiнiң кепiлге қойылған мүлкiн (тауарын) беруiн;
5) кәсiпкерлiк қызмет мақсаты үшiн сатып алынған тауарды кәсiпкерлiк қызметке жатпайтын шараларды өткiзу үшiн, сондай-ақ қосылған құн салығын төлеушiнiң не оның жалдамалы қызметкерлерiнiң, қатысушылардың немесе басқа да тұлғалардың жеке тұтынуы үшiн пайдалануын;
6) осы Кодекстiң 208-бабының 6-тармағына сәйкес бiр заңды тұлғаның қосылған құн салығын дербес төлеушiлерi болып табылатын бiр құрылымдық бөлiмшесiнiң екiншi құрылымдық бөлiмшесiне тауар жөнелтуiн бiлдiредi.
2. Жұмыстарды, қызмет көрсетулерді өткізу бойынша айналым кез келген жұмыстар орындауды немесе қызмет көрсетудің, соның ішiнде олардың тегiн орындалуын, сондай-ақ тауарды өткiзуден өзге сыйақы үшiн кез келген қызметтi, оның iшiнде:
1) мүлiктi уақытша иелiкке берудi және мүлiктi жалдау (жалгерлiк) шартымен пайдалануды;
2) санаткерлiк меншiк объектiлерiне, соның iшiнде жарғылық капиталға салым ретiнде берiлетiн құқықтар беруді;
3) жұмыс берушiнiң жалдамалы қызметкерге жалақы есебiнен жұмыстар орындауын, қызметтер көрсетуiн;
4) осы Кодекстiң 208-бабының 6-тармағына сәйкес қосылған құн салығын дербес төлеушiлер болып табылатын бiр заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшелерi арасында жұмыстар орындауын, қызметтер көрсетуiн бiлдiредi.
3. Мыналар:
1) бiрлiгiнiң құны екi айлық есептiк көрсеткiштен аспайтын тауарды жарнамалық мақсатта беру не сыйлау;
2) тапсырысшының мердігерге дайын өнімді мердігердің дайындауы, ұқсатуы, құрастыруы (монтаждауы, орнатуы), жөндеуі және (немесе) объектілер салуы үшін алыс-беріс тауарларын тиеп жөнелтуі. Аталған тауарлар Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде дайындалған, ұқсатылған, құрастырылған, жөнделген жағдайда, егер оларды әкету Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес "Тауарларды кеден аумағынан тыс жерлерде ұқсату" режимімен жүзеге асырылса, аталған тауарлардың тиеп-жөнелтілуі өткізу бойынша айналым болып табылмайды;
3) қайтарылатын ыдысты тиеп жөнелту. Құны онымен жiберiлетiн өнiмдi өткiзу құнына кiрмейтiн және осы өнiмдi беру жөнiндегi шартта (келiсiм-шартта) белгiленген талаптармен және мерзiмде, бiрақ ұзақтығы алты айдан аспайтын мерзiмде өнiм берушiге қайтарылуға тиiс ыдыс қайтарылатын ыдыс болып табылады. Егер ыдыс белгiленген мерзiмде қайтарылмаса, мұндай ыдыс өткiзу бойынша айналымға енгiзiледi;
4) тауарды қайтару;
5) шартта белгiленген талаптар мен мерзiмдерде қайта әкелуге жататын тауарларды көрмелер, басқа да мәдени және спорт шараларын өткiзу үшiн Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерге әкету, егер бұл Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес "Тауарларды уақытша әкету" кеден режимiмен ресiмделсе, өткiзу бойынша айналым болып табылмайды.
212-бап. Салық салынатын айналымды анықтау
1. Қосылған құн салығын төлеушiнiң тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) өткiзу бойынша жасаған айналымы салық салынатын айналым болып табылады, оған:
1) осы Кодекске сәйкес қосылған құн салығынан босатылған;
2) өткiзу орны Қазақстан Республикасы болып табылмайтын айналым қосылмайды.
Тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) өткiзу орны осы Кодекстiң 215-бабына сәйкес белгiленедi.
2. Қазақстан Республикасында қосылған құн салығын төлеушi болып табылмайтын резидент еместен жұмыстар, қызмет көрсетулер алынған жағдайда, аталған жұмыстар, қызмет көрсетулер осы Кодекстiң 221-бабында белгiленген тәртiппен алушының салық салынатын айналымына енгiзiледi.
213-бап. Салық салынатын импорт
Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес декларациялануға тиiстi, Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетiн немесе әкелiнген тауарлар (осы Кодекстің 234-бабына сәйкес қосылған құн салығынан босатылғандарын қоспағанда) салық салынатын импорт болып табылады.
214-бап. Тапсырма шарттары бойынша жүзеге асырылатын өткiзу бойынша айналымдар
1. Сенiм бiлдiрiлген адамның сенiм білдiрушiнiң атынан және соның есебiнен тауарды тиеп жөнелтуi, жұмыстарды орындауы немесе қызметтер көрсетуi сенiм бiлдiрілген адамның өткiзу бойынша айналымы болып табылмайды.
2. Осы баптың 1-тармағының ережелерi:
1) сенiм бiлдiрiлген адамның сенiм бiлдiрушiге орындаған (көрсеткен) жұмыстарына (қызметтерiне);
2) Қазақстан Республикасында қосылған құн салығын төлеушi болып табылмайтын резидент емес сенiм бiлдiрушiден алынған тауарға қатысты қолданылмайды. Мұндай жағдайда тауарды тиеп жөнелту сенiм бiлдiрiлген адамның өткiзу бойынша айналымы болып табылады.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 215-бап өзгертілді
215-бап. Тауарды (жұмысты, қызмет көрсетудi) өткiзу орны
1. Тауарды өткiзу орны болып:
1) егер тауарды берушi, алушы немесе үшiншi тұлға тасымалдайтын (жiберетiн) болса, тауарды тасымалдау басталған орын;
2) басқа жағдайларда - тауарды алушыға беру орны танылады.
2. Жұмыстарды, қызметтердi өткiзу орны болып:
1) егер жұмыстар, қызметтер жылжымайтын мүлiкпен тiкелей байланысты болса, осы мүлiктiң орналасқан жерi;
2) егер олар жылжымалы мүлiкпен байланысты болса, жұмыстарды, қызметтердi нақты жүзеге асыратын орны;
3) егер қызметтер мәдениет, өнер, бiлiм, дене тәрбиесi немесе спорт саласындағы қызметтерге қатысты болса, қызметтердiң нақты көрсетiлетiн орны;
4) жұмыстарды, қызметтердi сатып алушының кәсiпкерлiк немесе кез келген басқа да қызмет орны танылады. Осы тармақша мынадай жұмыстарға, қызметтерге:
санаткерлiк меншiк объектiлерiн пайдалануға құқық беру жөнiндегi;
консультациялық, аудиторлық, инжинирингтiк, заңдық, бухгалтерлiк, адвокаттық, жарнамалық қызмет көрсетулерге, сондай-ақ ақпаратты өңдеу жөнiндегi қызмет көрсетулерге;
қызметкерлердi беру жөнiндегi;
жылжымалы мүлiктi (көлiк құралдарынан басқа) жалға беру жөнiндегi қызметке;
тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) сатып алу жөнiндегi, сондай-ақ осы тармақшада көзделген қызметтердi жүзеге асыру үшiн шартқа (келiсiм-шартқа) негiзгi қатысушының атынан тұлға тартатын агенттiң қызметтерiне;
байланыс қызметiне;
туризмдi ұйымдастыру жөнiндегi қызметтерге қатысты қолданылады;
5) осы тармақтың 1)-4) тармақшаларында көзделмеген жұмыстар, қызмет көрсетулер болған жағдайда жұмыстарды орындайтын (қызметтер көрсететiн) тұлғаның кәсiпкерлiк немесе кез келген басқа да қызметтi жүзеге асыратын орны танылады.
3. Егер тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) өткiзу басқа негiзгi тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулердi) өткiзуге қатысты көмекшi сипатта болса, негiзгi тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) өткiзiлген жер осындай көмекшi өткiзу орны болып танылады.
4. Осы баптың 2-тармағы 4) тармақшасының мақсаты үшiн, егер жұмыстарды, қызмет көрсетулердi алушының кәсiпкерлiк немесе кез келген басқа да қызмет орны бiреуден артық болса, осындай жұмыстар, қызмет көрсетулер пайдаланылатын орын олар өткiзiлген орын болып есептеледі.
5. Осы баптың 2-тармағын қолдану кезiнде бiрнеше тармақшада аталған жұмыстарды орындайтын немесе қызметтер көрсететiн жер осы тармақшалардың ретi бойынша бiрiншi болып белгiленедi.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II; 04.07.03 ж. N 475-II (01.01.04 ж. бастап қолданысқа енгiзiледi) (бұр. ред. қара) Заңдарымен 216-бап өзгертілді
216-бап. Өткiзу бойынша айналым жасау күнi
1. Егер осы баптың 2 және 2-1-тармақтарында өзгеше көзделмесе, тауарды тиеп жөнелту күнi тауар өткiзу бойынша айналым жасау күнi болып табылады.
Егер тауарды тиеп жөнелту жүзеге асырылмаған жағдайда, онда алушыға тауар меншiгiнiң құқығы берiлген күн өткiзу бойынша айналым жасау күнi болып табылады.
2. Кепiл берушi кепiлге салынған мүлiктi (тауарды) берген кезде кепiл ұстаушы үшiн мына күндердiң бiрi:
1) кепiл затына меншiк құқығы кепiл берушiден кепiлге салынған мүлiктi өндiрiп алу процесiнде жүргiзiлген сауда-саттықтың жеңiмпазына ауысқан күн;
2) егер сауда-саттық өтпедi деп жарияланса, кепiл затына меншiк құқығы кепiл игерушiден кепiл ұстаушыға ауысқан күн сату бойынша айналым жасау күнi болып табылады.
211-баптың 1-тармағының 5) тармақшасында аталған жағдайларда тауар пайдалану кезiнде тауарды осындай пайдалануға берген күн өткiзу бойынша айналым жасау күнi болып табылады.
210-баптың 5-тармағында аталған жағдайларда, қосылған құн салығын төлеушi есептен шығару туралы өтiнiш берген салық кезеңiнiң соңғы күнi өткiзу бойынша айналым жасау күнi болып табылады.
2-1. Лизинг алушының негізгі қаражат ретінде алуына жататын мүлікті қаржы лизингіне беру кезінде мыналар өткізу бойынша айналым жасалған күн болып табылады:
1) осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында аталған жағдайларды қоспағанда, қаржы лизингінің шартында белгіленген мерзімдік лизингтік төлемді алу мерзімінің басталу күні;
2) егер қаржы лизингінің шарты бойынша лизингтік төлемді алу мерзімінің басталу күні мүлікті лизинг алушыға беру күніне дейін белгіленсе, онда мүлікті қаржы лизингіне берген күн айналымды жасау күні болып табылады;
3) қаржы лизингінің шартында көзделген лизинг төлемдерін лизинг алушы мерзімінен бұрын өтеген жағдайда, түбегейлі есеп айырысқан күн қаржы лизингінің осы шарты бойынша айналымды жасаған соңғы күн болып табылады.
2-2. Құрылыс, құрылыс-монтаж, жөндеу жұмыстарын орындау кезiнде:
1) тапсырыс берушi орындалған жұмыстарды ақысын төлеуге қабылдаған күннiң;
2) мемлекеттiк қабылдау комиссиясы салынып бiткен объектiнi пайдалануға қабылдау туралы актiге (ал мемлекеттiк нормативтерде белгiленген жағдайларда қабылдау комиссиясының aктici) қол қойған күннiң қайсысы алғаш орын алатын болса, сол күн өткiзу бойынша айналым жасау күнi болып табылады.
3. Жұмыстарды, қызмет көрсетулердi өткiзу бойынша салық салынатын айналым жасау күнi төменде аталған шарттардың бiрi бiрiншi болып орындалған:
1) жұмыстарға, қызмет көрсетулерге қосылған құн салығымен бiрге шот-фактура жазылған;
2) жұмыстар орындалған, қызмет көрсетулер көрсетiлген жағдайда басталады.
4. Егер жұмыстар, қызметтер тұрақты (үзiлiссiз) негiзде өткiзiлетiн болса, онда:
1) қосылған құн салығы көрсетiлiп, шот-фактура жазылған күннiң;
2) әрбiр төлемдi (есеп айырысу нысанына қарамастан) алу күнiнiң қайсысы бiрiншi болса, сол күн өткiзу бойынша салық салынатын айналым жасау күнi болып табылады.
Жұмысты (көрсетiлетiн қызметтi) алушы олардың нәтижелерiн өзiнiң өндiрiстiк қызметiне жұмыс орындалған, қызмет көрсетiлген күні пайдалана алатын жағдайда ұзақ мерзiмдi шарт негiзiнде жұмыстар орындау, қызметтер көрсету оларды тұрақты (үздiксiз) негiзде iске асыруды бiлдiретiн болады.
5. Қызметкерлерге жалақы есебiнен тауар берген, жұмыстар орындаған, қызметтер көрсеткен жағдайда қызметкерлерге тауарлар берiлген, жұмыстарды орындаған немесе қызметтер көрсетiлген күн өткiзу бойынша айналым жасау күнi болып табылады.
6. Қазақстан Республикасында қосылған құн салығын төлеушi болып табылмайтын резидент еместен жұмыстар, қызмет көрсетулер алған жағдайда аталған жұмыстарды, қызмет көрсетулердi алған күн айналым жасау күнi болып табылады.
35-тарау. Салық салынатын айналым мен салық
салынатын импорт мөлшерін анықтау
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II; 04.07.03 ж. N 475-II (01.01.04 ж. бастап қолданысқа енгiзiледi) (бұр. ред. қара) Заңдарымен 217-бап өзгертілді
217-бап. Салық салынатын айналым мөлшерi
1. Егер осы бапта және трансферттiк бағаларды қолдану кезiндегi мемлекеттiк бақылау мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, салық салынатын айналым мөлшерi, оған қосылған құн салығын енгiзбей, мәмiле жасаған тараптар қолданатын бағалар мен тарифтердi негiзге ала отырып, өткiзiлетiн тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) құны негiзiнде анықталады.
2. Тауарларды тегiн берiлген кезде, сондай-ақ осы Кодекстiң 210-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларда, салық салынатын айналым мөлшерi, қосылған құн салығын енгiзбей, өткiзу бойынша айналым жасау күнi қалыптасқан бағалар деңгейi негiзге алына отырып анықталады, бiрақ бұл олардың баланстық құнынан кем болмауы керек.
Аталған тауарларды өткiзу күнiне бухгалтерлiк есепте көрсетiлген тауарлардың құны осы тармақтың мақсаттары үшiн баланстық құн болып табылады.
3. Кепiл берушi кепiлдiк мүлiктi (тауарды) берген кезде кепiл берушiдегi салық салынатын айналым мөлшерi, сатылатын кепiлдiктегi мүлiк (тауар) құны негiзге алынып, бiрақ қосылған құн салығы енгiзiлмей, осы мүлiктi (тауарды) кепiлге салудан алынған заем қаражаты сомасынан төмен емес мөлшерде айқындалады.
4. Тауарды бөлiп-бөлiп төлеу шарттарымен өткiзу кезiнде салық салынатын айналым мөлшерi шарт талаптарымен көзделген барлық тиесiлi төлемдер ескерiле отырып, осы баптың 1-тармағына сәйкес анықталады.
5. Yшiншi тұлға үшiн төлеуге байланысты қызметтер көрсетiлген кезде салық салынатын айналымның мөлшерiне комиссиялық сыйақы қосылады.
6. Салық салынатын айналым мөлшерiне акцизделетiн тауарлар мен қызмет түрлерi бойынша акциз сомалары енгiзiледi.
7. Осы Кодекстiң 236-бабына сәйкес оларды сатып алған кезде қосылған құн салығы бойынша есепке жатқызу көзделмеген тауарларды өткiзу кезiнде салық салынатын айналым мөлшерi тауардың өткiзiлу құны мен осы баптың 2-тармағына сәйкес белгiленетiн баланстық құны арасындағы оң айырма ретiнде анықталады.
8. Лизинг алушының негізгі қаражат ретінде алуына жататын мүлікті қаржы лизингіне беру кезінде салық салынатын айналым мөлшері:
1) қаржы лизингінің шартына сәйкес белгіленген лизингтік төлем мөлшері негізінде, оған сыйақы мен қосылған құн салығы сомасы енгізілместен, осы Кодекстің 216-бабы 2-1-тармағының 1) тармақшасында аталған айналым жасау күніне;
2) барлық мерзімдік лизингтік төлемдер сомасының негізінде, оларға алу мерзімі басталатын күн қаржы лизингінің шартына сәйкес мүлікті лизинг алушыға берген күнге дейін белгіленген сыйақы мен қосылған құн салығы сомасы енгізілместен, осы Кодекстің 216-бабы 2-1-тармағының 2) тармақшасында аталған айналым жасау күніне;
3) қаржы лизингі шарты бойынша алынуға жататын барлық лизингтік төлемдердің жалпы сомасы және оларға сыйақы мен қосылған құн салығы сомасы енгізілместен, осы шарт бойынша өткізу жөніндегі айналым жасаудың алдындағы күніне келетін салық салынатын айналымдар мөлшерінің сомасы ретінде белгіленетін салық салынатын айналым мөлшері арасындағы айырма ретінде, осы Кодекстің 216-бабы 2-1-тармағының 3) тармақшасында аталған айналым жасау күніне белгіленеді.
9. Көлік экспедициясының шарты бойынша қызмет көрсету кезінде экспедитордағы салық салынатын айналым мөлшері оның сыйақысы негізінде айқындалады.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 218-бап өзгертілді
218-бап. Салық салынатын айналым мөлшерiн түзету
1. Өткiзiлген тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердiң) құны қандай да бiр өзгерiске түскен жағдайда, салық салынатын айналым мөлшерi тиiстi түрде түзетiледi.
2. Салық төлеушiнiң салық салынатын айналым мөлшерiн түзету:
1) тауарлар толық немесе iшiнара қайтарылған;
2) мәмiленiң шарттары өзгерген;
3) өткiзiлген тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) үшiн баға, өтем өзгерген;
4) өткiзiлген тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) үшiн теңгемен төлеу кезiнде құнының айырмасын алған.
5) осы Кодекстің 211-бабының 3-тармағының 3) тармақшасына сәйкес өткізу жөніндегі айналымға енгізілген ыдыстарды қайтарған жағдайларда жүргізіледі.
3. Осы бапқа сәйкес салық салу айналымының мөлшерiн түзету қосымша шот-фактураның немесе осы баптың 2-тармағында аталған жағдайлардың болуын растайтын басқа да құжаттардың негiзiнде жүргiзіледi.
219-бап. Күмәндi талаптар бойынша салық салынатын айналым мөлшерiн түзету
1. Егер өткiзiлген тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) үшiн төленетiн ақының бiр бөлiгі немесе бүкiл мөлшерi күмәндi талап болып табылса, қосылған құн салығын төлеушiнің мынадай жағдайларда:
1) күмәндi талаптың туындауына байланысты қосылған құн салығы ескерілген салық кезеңi аяқталғаннан кейiн үш жыл өткен соң;
2) банкрот деп танылған дебиторды заңды тұлғалардың мемлекеттiк тiзiлiмiнен шығару туралы әдiлет органдарының шешiмi шығарылған салық кезеңiнде бюджетке жарна ретiнде енгiзiлуге тиiс қосылған құн салығының сомасын азайтуға құқығы бар.
2. Өткiзілген тауарлар (жұмыстар, қызмет көрсетулер) үшiн ақыны қосылған құн салығын төлеушi осы баптың 1-тармағында өзiне берiлген құқығын пайдаланғаннан кейiн алған жағдайда салық салынатын айналым мөлшерi ақы алынған сол салық кезеңiнде аталған ақының құнына арттырылуға тиiс.
3. Осы бапқа сәйкес салық салынатын айналым мөлшерiн түзету осы Кодекстiң 96-бабында аталған жағдайлар сақталған кезде жүргiзiледi.
220-бап. Салық салынатын импорт мөлшерi
Салық салынатын импорт мөлшерiне Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес белгiленетiн импортталатын тауарлардың кедендiк құны, сондай-ақ қосылған құн салығын қоспағанда, Қазақстан Республикасына тауарлар импорты кезiндегi салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер сомалары енгізiледi.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 221-бап өзгертілді
221-бап. Қазақстан Республикасында қосылған құн салығын төлеушi болып табылмайтын резидент еместен жұмыстар, қызмет көрсетулер алу кезiнде салық салынатын айналым
1. Егер Қазақстан Республикасында қосылған құн салығын төлеушi болып табылмайтын резидент емес ұсынған жұмыстарды, қызмет көрсетулердi өткiзу орны Қазақстан Республикасы болса, олар жұмыстарды, қызмет көрсетулердi алатын Қазақстан Республикасы салық төлеушiсiнiң айналымы болып табылады және оларға осы Кодекске сәйкес қосылған құн салығы салынуға тиiс.
2. Жұмыстарды, қызмет көрсетулердi алушының салық салынатын айналымының мөлшерi осы баптың мақсаттары үшiн, оған Қазақстан Республикасындағы көздерден төленген табыстың төлем көзiнен ұсталуға тиiс салық сомасы ескерiле отырып, осы баптың 1-тармағында аталған резидент емеске төленуге тиiс сома негiзге алына отырып анықталады.
3. Осы бапқа сәйкес төленуге тиiс қосылған құн салығының сомасы осы Кодекстiң 245-бабының 1-тармағында көзделген ставканы салық салынатын айналым мөлшерiне қолдану арқылы анықталады.
Алынған жұмыстар, қызмет көрсетулер үшiн төленетiн төлем шетел валютасымен жүргiзiлген жағдайда салық салынатын айналым жасау күні валюта алмастырудың нарықтық бағамы бойынша теңгемен есептеледi.
4. Осы баптың 3-тармағына сәйкес есептелген қосылған құн салығының сомасы осы Кодекстiң 247-бабында белгiленген қосылған құн салығы бойынша декларация табыс етiлетiн мерзiмнен кешiктiрілмей төленедi.
5. Осы бапқа сәйкес қосылған құн салығының төленгенiн растайтын төлем құжаты осы Кодекстiң 235-бабына сәйкес салық сомасын есепке жатқызуға құқық бередi.
6. Егер берiлген жұмыстар, көрсетiлген қызметтер осы Кодекстiң 225-бабында аталған жұмыстар, көрсетiлген қызметтер болып табылса, осы баптың ережелерi қолданылмайды.
36-тарау. Нөлдік ставка бойынша салық
салынатын айналымдар
222-бап. Тауарлар экспорты
1. Түстi және қара металдар сынығының экспортын қоспағанда, экспортқа тауарлар өткiзу бойынша айналымға нөлдiк ставка бойынша салық салынады.
Қазақстан Республикасының кеден заңдарына сәйкес жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының кеден аумағынан тауарлар әкету тауарлар экспорты болып табылады.
2. Осы Кодекстiң 223-бабына сәйкес тауарлар экспорты расталмаған жағдайда аталған тауарларды өткiзу бойынша айналымға осы Кодекстiң 245-бабының 1-тармағында көрсетiлген ставка бойынша қосылған құн салығы салынуға тиiс.
223-бап. Тауарлар экспортын растау
1. Мыналар:
1) экспортталатын тауарларды беруге жасалған шарт (келiсiм-шарт);
2) тауар шығаруды экспорт режимiнде жүзеге асырған кеден органының белгiсi соғылған кедендiк жүк декларациясы тауарлар экспортын растайтын құжаттар болып табылады.
Магистральдық құбыр жүйелерiмен немесе электр берiлiсi желiсiмен не толық емес мерзiмдiк декларациялау рәсiмдерiн қолдана отырып, тауарларды экспорт режимiнде әкеткен жағдайда кедендiк ресiмдеудi жүргiзген кеден органының белгiсi соғылған толық кедендiк жүк декларациясы экспортты растауға қолданылады;
3) Қазақстан Республикасының кеден шекарасындағы өткiзу пунктiнде орналасқан кеден органының белгiсi соғылған тауардың iлеспе құжаттарының көшiрмесi тауарлар экспортын растайтын құжаттар болып табылады.
Магистралдық құбыр жүйелерiмен немесе электр берiлiсi желiсiмен экспорт режимiнде тауарлар әкетiлген жағдайда тауардың ілеспе құжаттарының көшiрмесiнiң орнына тауарларды қабылдап алу-өткiзу актiсi табыс етiледi.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген құжаттар, сондай-ақ экспорт режимiнде Қазақстан Республикасының кеден аумағынан әкетiлген тауарлардың импорты елiнде ресiмделген кедендiк жүк декларациясының көшiрмесi Қазақстан Республикасымен шекаралас Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттерге тауарлар экспортын растайтын құжаттар болып табылады.