3. Көлiк құралына жасанды тiркеу белгiлерiн орнату немесе көлiк құралдарын пайдалануға тыйым салынғаннан кейiн оларды басқару, сол сияқты жасанды мемлекеттiк тiркеу белгiлерiмен тiркелген көлiк құралдарын басқару, -
айлық есептiк көрсеткiштiң екiден алтыға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға немесе үш айдан алты айға дейiнгi мерзiмге көлiк құралын жүргiзу құқығынан айыруға әкеп соғады.
4. Осы баптың бесiншi бөлiгiнде көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң белгiленген ережелерiне сай келмейтiн көлiк құралдарын басқару, -
айлық есептiк көрсеткiштiң екiден бiр бөлiгiнен бiр айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Тежегiш жүйесiнiң, басқару рулiнiң, жетектi-iлiнiстi құрылғысының ақауы бар көлiк құралдарын басқару, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бiрден екiге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
6. Мемлекеттiк техникалық байқаудан өтпеген не тиiстi рұқсатсыз қайта жабдықталған көлiк құралын басқару, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жетiге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескерту. Кодекстiң осы тарауында көлiк құралдары деп автомобильдердiң, тракторлардың барлық түрлерiн және басқа да өздiгiнен жүретiн машиналарды, трамвайларды, троллейбустарды, сондай-ақ мотоциклдер мен өзге де механикалық көлiк құралдарын түсiну керек.
462-бап. Көлiк құралдары жүргiзушiлерiнiң қозғалыстың белгiленген
жылдамдығын арттырып жiберуi
1. Көлiк құралдары жүргiзушiлерiнiң қозғалыстың белгiленген жылдамдығын сағатына он километрден жиырма километрге дейiнгi шамаға арттырып жiберуi, -
ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң екiден бiр бөлiгiнен бiр айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Көлiк құралы қозғалысының белгiленген жылдамдығын сағатына жиырма километрден қырық километрге дейiнгi шамаға арттыру, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бiрден екiге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Көлiк құралы қозғалысының белгiленген жылдамдығын сағатына қырық километрден астам шамаға арттыру, -
бес айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға немесе екi айдан төрт айға дейiнгi мерзiмге көлiк құралдарын жүргiзу құқығынан айыруға әкеп соғады.
463-бап. Көлiк құралдарын жүргiзушiлердiң бағдаршам мен реттеушi
көрсеткен сигналдардың, жол белгiлерiнiң, жол бетiндегi
белгiлердiң талаптарын сақтамауы және жол қозғалысы
ережелерiн басқадай өрескел бұзуы
1. Көлiк құралдарын жүргiзушiлердiң бағдаршам мен реттеушi көрсеткен сигналдардың, басымдық беретiн жол белгiлерiнiң, тыйым салатын және нұсқау жасайтын жол белгiлерiнiң, жол бетiндегi белгiлердiң талаптарын сақтамауы, маневр жасау, көлiк құралдарын жүретiн бөлiкте орналастыру, басып озу және бiр-бiрiне қарама-қарсы жүрiп өту, тоқтау және аялдау, жол қиылыстарынан өту, жаяу адамдар өтетiн жерден және маршруттық көлiк құралдары аялдамаларынан өту, автомагистральдар бойымен, тұрғын аймақтарда қозғалу, жолаушылар мен жүктердi тасымалдау, көлiк құралдарын сүйретуге алу, тәулiктiң қараңғы уақытында немесе анық көрiнбейтiн ала-көлеңке кезде жарық беретiн құралдарды пайдалану ережелерiн бұзу, қозғалыс барысында басымдық құқығын пайдаланатын көлiк құралдарының кедергiсiз өтуiне жол бермеу, -
ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң бiрден екiге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Iрi көлемдегi немесе қауiптi жүктердi белгiленген ережелердi бұза отырып тасымалдау, сондай-ақ салмақ немесе көлем өлшемдерi белгiленген нормативтерден асып кететiн көлiк құралдарының арнайы рұқсатсыз жүруi, -
үш айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
464-бап. Көлiк құралдарын жүргiзушiлердiң жүргiзiп үйренудi өткiзу,
сыртқы жарық түсiру құралдарын және дыбыс сигналдарын
пайдалану, авариялық сигнал берудi қолдану ережелерiн бұзуы
1. Көлiк құралдарын жүргiзушiлердiң жүргiзiп үйренудi өткiзу, сыртқы жарық түсiру құралдарын және дыбыс сигналдарын пайдалану, авариялық сигнал беру мен авариялық аялдау белгiсiн қолдану ережелерiн бұзуы, -
ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң екiден бiр бөлiгiнен бiр айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Көлiк құралдарында тиiстi рұқсатсыз арнаулы дыбыс және жарық құрылғыларын орнату, -
жеке тұлғаларға - осы құрылғыларды тәркiлей отырып немесе онысыз, айлық есептiк көрсеткiштiң үшке дейiнгi, лауазымды тұлғаларға онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
465-бап. Жол қозғалысына қатысушының жол қозғалысы ережелерiн
авариялық ахуал туғызуға әкеп соқтыратындай дәрежеде бұзуы
Жол қозғалысына қатысушының авариялық ахуал туғызуға әкеп соқтыратындай дәрежеде, яғни өзiнен басқа қозғалысқа қатысушыларды қозғалыс жылдамдығын, бағытын күрт өзгертуге мәжбүр етiп жол қозғалысы ережелерiн бұзуы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң екiден беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға немесе алты айға дейiнгi мерзiмге (көлiк құралдарын жүргiзушiлердi) көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.
466-бап. Темiр жол өткелдерiнен өту ережелерiн бұзу
Темiр жол өткелдерiнен өту ережелерiн бұзу, -
айлық есептiк көрсеткiштiң екiден беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға немесе алты айға дейiнгi мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.
467-бап. Жүргiзушiнiң мас күйiнде көлiк құралын басқаруы, сондай-ақ
көлiк құралын басқаруды мас күйiндегi адамға беруi
1. Жүргiзушiнiң алкогольмен, есiрткiмен, уытқұмарлықпен масаю күйiнде көлiк құралын басқаруы, не көлiк құралын басқаруды алкогольмен, есiрткiмен, уытқымен масаю күйiндегi адамға беру, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан он беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға немесе бiр жылға дейiнгi мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.
2. Авариялық ахуал туғызуға әкеп соқтырған нақ сол iс-әрекеттер, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға немесе екi жылға дейiнгi мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.
3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, жәбiрленушiнiң денсаулығына жеңiл зақым келтiруге немесе көлiк құралдарын, жүктердi, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды немесе өзге мүлiктi бүлдiруге әкеп соқтырған әрекеттер жасау, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға немесе екi жылға дейiнгi мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.
4. Көлiк құралдарын басқару құқығы жоқ адамдардың осы баптың бiрiншi, екiншi, үшiншi бөлiктерiнде көзделген iс-әрекеттердi жасауы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан он беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Жүргiзушiнiң бiр жыл iшiнде бiрнеше рет алкогольмен, есiрткiмен, уытқұмарлықпен масаю күйiнде көлiк құралын басқаруы, не көлiк құралын алкогольмен, есiрткiмен, уытқұмарлықпен масайған күйдегi адамға басқаруға беру, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға немесе бiр жылдан екi жылға дейiнгi мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.
6. Көлiк құралын басқару құқығы жоқ адамның осы баптың бiрiншi, екiншi, үшiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттердi бiр жыл iшiнде бiрнеше рет жасауы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескерту. Жүргiзушiнiң масаю (алкогольмен, есiрткiмен, уытқұмарлықпен) күйiнде болуы белгiленген тәртiппен өткiзiлетiн медициналық куәландыру арқылы анықталады.
468-бап. Көлiк құралдарын жүргiзушiлердiң жол қозғалысы қауiпсiздiгiн
қамтамасыз етудiң белгiленген ережелерiн адамдардың
денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге
де мүлiктiң зақымдануына әкеп соқтыратындай дәрежеде бұзуы
1. Көлiк құралдарын жүргiзушiлердiң жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң белгiленген ережелерiн көлiк құралдарының, жүктердiң, жолдардың, жол құрылыстарының және басқа құрылыстардың немесе өзге де мүлiктiң бүлiнуiне әкеп соқтыратындай дәрежеде елеусiз материалдық залал келтiрiп бұзуы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң үштен алтыға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Жәбiрленушiнiң денсаулығына жеңiл зақым келтiрген нақ сол iс-әрекеттер, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға немесе үш айдан алты айға дейiнгi мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.
3. Көлiк құралдарын басқару құқығы жоқ адамның жол қозғалысы және көлiк құралдарын пайдалану ережелерiн жәбiрленушiнiң денсаулығына жеңiл зақым келтiруге әкеп соқтыратындай дәрежеде не елеулi материалдық залал шектiрiп бұзуы,-
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен он беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескерту. Осы тараудың баптарында құқық бұзушылық жасалған кездегi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген айлық есептiк көрсеткiш сомасынан - жеке тұлғаға елу есе асатын залал, не заңды тұлғаға немесе мемлекетке екi жүз есе асатын залал елеулi залал деп танылады.
469-бап. Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалу
Көлiк құралын басқарған адамның, жол қозғалысының белгiленген ережелерiн бұзып, өзi қатысушысы болып табылатын жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалуы, қылмыстық жазалау әрекетiнiң белгiлерi болмаса, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға немесе алты айдан бiр жылға дейiнгi мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.
Ескерту. Зардап шегушiге медициналық көмек көрсетуге байланысты жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалған адам осы бап бойынша қылмыстық жауапкершiлiктен босатылады.
ҚР 03.06.03 ж. N 428-II Заңымен 470-бап толықтырылды
470-бап. Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк
құралдарын басқаруы
1. Қолында жүргiзушiлiк куәлiгi немесе басқару құқығына уақытша рұқсаты, көлiк құралдарына тiркеу және өзге де құжаттары жоқ жүргiзушiнiң көлiк құралын басқаруы, -
ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң екiден бiр бөлiгiнен бiр айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Көлiк құралын басқару құқығы жоқ адамның (оқып-үйрену жүргiзуiнен басқа) оны басқаруы, сондай-ақ тиiстi санаттағы көлiктi басқару құқығы жоқ жүргiзушiнiң көлiк құралын басқаруы, не басқару құқығы жоқ адамға көлiк құралын басқаруға беру (белгiленген ережелерге сәйкес жеке тәртiппен жүргiзудi үйрету жағдайларын қоспағанда), -
сегiз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөніндегі және (немесе) тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөніндегі сақтандыру полисі болмаған адамның көлік құралын басқаруы, -
бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
471-бап. Iшкi iстер органдары (полиция) қызметкерiнiң көлiк құралын
тоқтату туралы талаптарын орындамау, масаю күйiн
куәландырудан өтуден жалтару
1. Iшкi iстер органдары (полиция) қызметкерiнiң көлiк құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамау, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға немесе алты айдан бiр жылға дейiнгi мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.
2. Iшкi iстер органдары (полиция) қызметкерiнiң белгiленген тәртiпке сәйкес алкогольмен, есiрткiмен, уытқұмарлықпен масаю күйiн куәландырудан өту туралы заңды талабын орындамау, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан он беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға немесе бiр жылға дейiнгi мерзiмге көлiк құралдарын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.
Ескерту. Нысанды киiм киген iшкi iстер органдары (полиция) қызметкерлерiнiң көлiктi тоқтату туралы талабы қол қимылымен сигнал берiп немесе таяқшаны көтерумен бiр мезгiлде ысқырып сигнал берiп не дыбыс күшейткiш құрылғының көмегiмен бiлдiрiледi. Сигнал беру жүргiзушiге түсiнiктi болуға тиiс және оларды орындау авариялық ахуал туғызбайтындай болуы үшiн дер кезiнде берiлуге тиiс.
472-бап. Көлiк құралдарының қозғалысына кедергi жасау
Көлiк құралдарының қозғалысына қасақана кедергiлер жасау, сондай-ақ көлiк қозғалысы ережелерiн сақтауға бақылау жасауды жүзеге асыратын уәкiлеттi лауазымды адамдардың мұндай кедергiлердi жою туралы талабын орындамау, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң үшке дейiнгi, лауазымды адамдарға онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
473-бап. Жаяу жүргiншiлердiң және жол қозғалысына өзге де
қатысушылардың қозғалыс ережелерiн бұзуы
1. Жаяу жүргiншiлердiң және жол қозғалысына өзге де қатысушылардың жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң белгiленген ережелерiнiң талаптарын орындамауы, -
ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң бестен бiр бөлiгiнен екiден бiр бөлiгiне дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Жәбiрленушiнiң денсаулығына жеңiл зақым келтiруге әкеп соқтырған нақ сол iс-әрекеттер, -
айлық есептiк көрсеткiштiң төрттен сегiзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескерту. Жол қозғалысына өзге де қатысушылар деп бұл бапта мопедтердi, велосипедтер мен күш көлiгiн басқарушыларды, мал айдаушыларды, жолдың бойымен жүк тартатын, мiнiс малдарын немесе табынды айдаушыларды, сондай-ақ көлiк құралдары жолаушыларын түсiну керек.
474-бап. Техникалық ақаулары бар көлiк құралдарын пайдалануға шығару
және пайдаланудың өзге де ережелерiн бұзу
1. Көлiк құралдарының техникалық жағдайына және пайдаланылуына жауапты лауазымды адамдардың, осы Кодекстiң 475-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң белгiленген ережелерiнiң талаптарын орындамауы, -
лауазымды адамдарға - айлық есептiк көрсеткiштiң онға дейiнгi, заңды тұлғаларға қырыққа дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Жәбiрленушiнiң денсаулығына жеңiл зақым келтiруге немесе көлiк құралдарын, жүктердi, жол құрылыстарын немесе өзге де құрылыстарды не өзге де мүлiктi бүлдiруге әкеп соқтырған нақ сол iс-әрекеттер, сондай-ақ уәкiлеттi мемлекеттiк органның көлiк құралын техникалық немесе өзгедей пайдалануға немесе жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысты нұсқамасын орындамау, -
лауазымды адамдарға - айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмаға дейiнгi, заңды тұлғаларға елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
475-бап. Мас күйiндегi жүргiзушiнi не басқару құқығы жоқ адамды көлiк
құралын басқаруға жiберу
1. Көлiк құралдарының техникалық жағдайы мен пайдаланылуына жауапты лауазымды адамның алкогольмен, есiрткiмен, уытқұмарлықпен масаю күйiндегi жүргiзушiнi не көлiк құралдарын басқару құқығы жоқ, сондай-ақ тиiстi санаты жоқ адамды көлiк құралын басқаруға жiберуi, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Жәбiрленушiнiң денсаулығына жеңiл зақым келтiруге немесе көлiк құралдарының, жүктердiң, жол құрылыстарының немесе өзге де құрылыстардың не өзге де мүлiктiң бүлiнуiне әкеп соқтырған нақ сол iс-әрекеттер, -
лауазымды адамдарға - айлық есептiк көрсеткiштiң елуден жүзге дейiнгi, заңды тұлғаларға бiр жүз елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
476-бап. Жол қозғалысына қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды
бұзу
Кодекстiң осы тарауында тiзiп көрсетiлмеген, жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету ережелерiмен белгiленген жол қозғалысына қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзу, -
ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң екiден бiр бөлiгiне дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескерту. Хаттама жасау кезiнде жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету ережелерiнiң нақты қандай нормасы бұзылғандығы көрсетiледi.
477-бап. Көлiкпен қауiптi заттарды немесе бұйымдарды тасымалдау
ережелерiн бұзу
1. Темiр жол көлiгiнде қауiптi заттарды немесе қол жүгi бұйымдарын тасымалдау ережелерiн бұзу, -
ескерту жасауға немесе бiр айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Теңiз және өзен көлiгiнде қауiптi заттарды немесе бұйымдарды тасымалдаудың ережелерiн бұзу, сондай-ақ лауазымды адамдардың тиiстi құжаттарда қауiптi заттармен немесе бұйымдармен жасалатын операцияларды тiркеу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы, бұрыс жазулар енгiзуi немесе тиiстi лауазымды адамдарға осындай құжаттарды көрсетуден заңсыз бас тартуы, -
ескерту жасауға немесе азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң бiрге дейiнгi, лауазымды адамдарға онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Әуе кемелерiнде қауiптi заттарды немесе бұйымдарды тасымалдау ережелерiн бұзу, -
аталған заттарды немесе бұйымдарды тәркiлей отырып немесе онысыз, азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң бiрге дейiнгi, лауазымды адамдарға онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Автобуста, трамвайда, троллейбуста, маршрутты таксиде жарылыс қаупi бар заттарды немесе бұйымдарды алып жүру, сондай-ақ оларды автокөлiкте багажға немесе сақтау камерасына өткiзу, -
үш айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
478-бап. Қалалық және қала маңындағы қоғамдық көлiктi пайдалану
ережелерiн бұзу
Көлiк құралдарының тепкiшектерiнде және басқа да шығып тұрған бөлiктерiнде тұрып жол жүру, қозғалыс кезiнде кiру және шығу, есiктiң ашылуына және жабылуына кедергi жасау, кесiп кететiн заттарды тиiсiнше орамай алып жүру, сондай-ақ салонды және жолаушылардың киiмдерiн былғайтын бұйымдар мен заттарды тасымалдау түрiнде трамвайды, троллейбусты, қалалық және қала маңына қатынайтын автобусты немесе таксидi пайдалану ережелерiн бұзу, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен бiр бөлiгiнен бiр айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
479-бап. Жолаушылардың билетсiз жол жүруi және оларды билетсiз алып
жүру
1. Жолаушылардың билетсiз ұшуы және оларды билетсiз алып ұшу:
1) халықаралық линиялардағы әуе кемелерiнде, -
үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;
2) республикаiшiлiк линиялардағы әуе кемелерiнде, -
екi айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;
3) жергiлiктi линиялардағы әуе кемелерiнде, -
бiр айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;
2. Жолаушылардың билетсiз жол жүруi және оларды билетсiз алып жүру:
1) алысқа қатынайтын поездарда, -
бiр айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;
2) жергiлiктi жерде қатынайтын поездарда, -
бiр айлық есептiк көрсеткiштiң екiден бiр бөлiгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;
3) қала маңындағы поездарда, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан бiр бөлiгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;
4) халықаралық линиялардағы теңiз кемелерiнде, -
үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;
5) жергiлiктi линиялардағы теңiз кемелерiнде, -
бiр айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;
6) қала маңы линияларындағы теңiз кемелерiнде, -
екi айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;
7) халықаралық қатынастардағы өзен кемелерiнде, -
үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;
8) қала маңында қатынайтын өзен кемелерiнде, -
бiр айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;
9) қалаiшiлiк қатынастағы өзен кемелерiнде, -
бiр айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;
10) қалалық және қала маңында қатынайтын трамвайда, троллейбуста, автобуста және маршрутты таксиде, -
айлық есептiк көрсеткiштiң үштен бiр бөлiгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;
11) қалааралық қатынастағы автобуста, -
айлық есептiк көрсеткiштiң екiден бiр бөлiгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Жетi жастан он бес жасқа дейiнгi балаларды билетсiз алып жүру:
1) жергiлiктi және алысқа қатынайтын поездарда, халықаралық және жергiлiктi линиялардағы әуе, теңiз және өзен көлiктерi кемелерiнде, -
бiр айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;
2) қала маңындағы поездарда, теңiз көлiгiнiң қала маңы линияларындағы кемелерде, өзен көлiгiнiң қала маңы және қалаiшiлiк қатынастағы кемелерiнде, -
айлық есептiк көрсеткiштiң екiден бiр бөлiгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;
3) әуе көлiгiнiң республикаiшiлiк линиялардағы кемелерiнде, -
бiр айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;
4) қалалық және қала маңында қатынайтын трамвайда, троллейбуста, автобуста және маршрутты таксиде, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен бiр бөлiгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;
5) халықаралық қатынастағы автобуста, -
айлық есептiк көрсеткiштiң екiден бiр бөлiгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Көлiк қызметкерлерiнiң жолаушылардың билетсiз жол жүруiне ымыраласуы, -
он айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
480-бап. Ақысы төленбеген теңдеме жүктiң белгiленген нормаларынан тыс
қол жүгiн алып жүру
1. Темiр жол, теңiз және өзен көлiктерiнде ақысы төленбеген теңдеме жүктiң белгiленген нормаларынан тыс қол жүгiн алып жүру, -
айлық есептiк көрсеткiштiң екiден бiр бөлiгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Қол жүгi мен теңдеме жүктi өлшеуден жалтару, олардың салмағын жасыру, сондай-ақ әуе көлiгiнде белгiленген нормалардан артық қол жүгiн алып жүру, -
белгiленген нормадан тыс әрбiр килограмы үшiн айлық есептiк көрсеткiштiң оннан бiр бөлiгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Қалалық және қала маңында қатынайтын трамвайда, троллейбуста, автобуста және маршруттық таксиде ақысы төленбеген теңдеме жүктi алып жүру, -
теңдеме жүктiң әрбiр орны үшiн айлық есептiк көрсеткiштiң оннан бiр бөлiгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Қалааралық қатынастағы автобуста ақысы төленбеген теңдеме жүктi алып жүру, -
теңдеме жүктiң әрбiр орны үшiн айлық есептiк көрсеткiштiң бестен бiр бөлiгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
481-бап. Темiр жол, теңiз, өзен және автомобиль көлiгiнде жүктердiң
сақталуын қамтамасыз ету ережелерiн бұзу
1. Жүктердi тасымалдауға арналған жылжымалы составты, контейнерлердi, жүзу және басқа көлiк құралдарын, сондай-ақ тасымалдау жабдықтарын бүлдiру, -
бес айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Жүк вагондарының, автомобильдердiң, автомобиль тiркемелерiнiң, контейнерлердiң, трюмдердiң және жүзу құралдарының басқа да жүк салатын орындарының пломбалары мен бекiту құрылғыларын бүлдiру, олардың пломбаларын жұлып алу, жүк тасымалына байланысты операцияларды орындау үшiн пайдаланылатын жекелеген жүк орындары мен олардың бумаларын, пакеттердi, жүк аулаларының, темiр жол станцияларының, жүк автомобильдерi станцияларының, контейнер пункттерiнiң (алаңдарының), порттар (кемежайлар) мен қоймалардың қоршауларын бүлдiру, сондай-ақ жүк аулаларының, контейнер пункттерiнiң (алаңдарының), жүк аудандарының (учаскелерiнiң), порттардың (кемежайлардың), шлюздердiң және жоғарыда аталған қоймалардың аумағында тиiстi рұқсатсыз болу, -