3) келтiрген зиянды реттестiру мiндетiн жүктеу;
4) бос уақытын шектеу және кәмелетке толмаған адамның мiнез-құлқына ерекше талаптар белгiлеу.
2. Заңдарда тәрбиелiк ықпал етудiң өзге де шаралары көзделуi мүмкiн.
3. Кәмелетке толмаған адамға бiр мезгiлде тәрбиелiк ықпал етудiң бiрнеше шаралары тағайындалуы мүмкiн.
77-бап. Тәрбиелiк ықпал ету шараларының мазмұны
1. Заңды түсiндiру кәмелетке толмаған адамға оның әрекетiмен келтiрiлген зиянды және осы Кодексте көзделген құқық бұзушылықтарды қайталап жасаудың заңдық салдарын түсiндiруден тұрады.
2. Қадағалауға беру ата-аналарға немесе олардың орнындағы адамдарға, не мамандандырылған мемлекеттiк органға кәмелетке толмаған адамға тәрбиелiк ықпал ету және оның мiнез-құлқына бақылау жасау жөнiндегi мiндеттердi жүктеуден тұрады.
3. Келтiрiлген зиянды жөнге келтiру мiндетi кәмелетке толмаған адамның мүлiктiк жағдайы мен тиiстi еңбек дағдыларының болуы ескерiле отырып жүктеледi.
4. Бос уақытын шектеу және кәмелетке толмаған адамның мiнез-құлқына ерекше талаптар белгiлеу белгiлi бiр орындарға баруға, бос уақытын өткiзудiң белгiлi бiр нысандарын, оның iшiнде көлiк құралдарын пайдалануға, тәулiктiң белгiлi бiр уақытынан кейiн үйден тыс жерлерде болуға, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөнiндегi комиссияның рұқсатынсыз басқа жерлерге кетуге тыйым салуды көздеуi мүмкiн. Кәмелетке толмаған адамға оқуды аяқтау не кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөнiндегi комиссияның көмегiмен жұмысқа тұру талабы да қойылуы мүмкiн. Бұл тiзбе осымен шектелмейдi.
78-бап. Ескiру мерзiмдерi
Осы Кодекстiң 69-бабында көзделген ескiру мерзiмдерiнiң кәмелетке толмағандарды әкiмшiлiк жауаптылықтан немесе әкiмшiлiк жазаны орындаудан босату кезiнде жартысы қысқартылады.
79-бап. Кәмелетке толмаған адам әкiмшiлiк жазаға ұшырады деп
есептелетiн мерзiм
Өзiне әкiмшiлiк құқық бұзушылық үшiн әкiмшiлiк жаза қолданылған кәмелетке толмаған адам осындай жазаға әкiмшiлiк жаза қолдану туралы қаулының орындалуы аяқталған күннен бастап алты айдың iшiнде ұшырады деп есептеледi.
Ерекше бөлім
10-тарау. Жеке адамның құқықтарына қол
сұғатын әкімшілік құқық бұзушылық
80-бап. Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға
кедергi келтiру
Лауазымды адамның Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын адамның Қазақстан азаматтығын алуына кедергi келтiретiн заңсыз iс-әрекеттер жасауы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан отызға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
81-бап. Тiл туралы заңдарды бұзғаны үшiн жауаптылық
Лауазымды адамның тiл бiлмеймiн деген сылтаумен құжаттарды, сауал салуды, өтiнiштердi немесе шағымдарды қабылдаудан бас тартуы, сондай-ақ оларды мәнi бойынша қарамауы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
82-бап. Азаматтардың тiл таңдау құқықтарын шектеу
Азаматтардың тiл таңдау құқықтарын шектеу, тiлге байланысты себептер бойынша кемсiту, -
лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
83-бап. Еркiн жүрiп-тұру және тұрғылықты жер таңдау құқығын шектеу
Азаматтардың еркiн жүрiп-тұру және тұрғылықты жер таңдау (Қазақстан Республикасының Үкiметi шек қоюы мүмкiн шекаралық өңiрлердi және жекелеген жерлердi қоспағанда) құқығын шектейтiн лауазымды адамдардың iс-әрекетi не әрекетсiздiгi, егер бұл қылмыс жасады деген айыптаумен байланысты болмаса, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
ҚР 07.01.03 ж. N 372-II Заңымен (қолданысқа енгізілген жоқ) 84-бап өзгертілді
84-бап. Азаматқа ақпарат беруден бас тарту, сол сияқты ақпараттық ресурстарға қол жеткізу құқығын заңсыз шектеу
Белгiленген тәртiппен жиналған, азаматтың құқықтары мен бостандықтарын тiкелей қозғайтын құжаттарды, материалдарды беруден заңсыз бас тарту, не азаматқа толық емес немесе көрiнеу жалған ақпарат беру, сол сияқты жалпы жұрт қол жеткiзетiн ақпаратты шектеулi қол жеткiзiлетiн ақпаратқа заңсыз түрде жатқызу, -
лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Ақпараттық ресурстарға қол жеткізу құқығын заңсыз шектеу -
азаматтарға - айлық есептік көрсеткіштің бестен онға дейінгі мөлшерінде, лауазымды адамдарға - оннан елуге дейінгі мөлшерінде, заңды тұлғаларға жиырмадан екі жүзге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
85-бап. Медициналық қызмет көрсетудiң кепiлдiк берiлген
көлемiн орындамау
Медициналық қызметкердiң азаматқа заң актiлерiмен кепiлдiк берiлген медициналық көмек көлемiн көрсету жөнiндегi кәсiби мiндеттерiн орындамауы, егер мұндай iс-әрекет денсаулыққа орташа дәрежеде зиян келтiрмесе және ауыр зардаптарға әкеп соқпаса, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
86-бап. Қылмыс жасады деген кiнәлiлiк туралы мәлiметтердi тарату
Iстi сот қарағанға дейiн немесе ақтау үкiмi болған кезде адамның қылмыс жасады деген кiнәлiлiгi туралы мәлiметтердi жұртшылыққа тарату, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң онға дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға - оннан отызға дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
87-бап. Еңбек туралы заңдарды бұзу
1. Жұмыс берушiнiң немесе лауазымды адамның еңбек туралы заңдарды және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi бұзуы (жалақы төлеудi кiдiртуден басқа), -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Жұмыс берушiнiң немесе ұйымның лауазымды адамының кiнәсiнен жалақыны ұжымдық және жеке еңбек шарттарында белгiленген толық көлемiнде мерзiмiнде төлемеуi, -
айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан қырыққа дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттердi заңды тұлғаның жасауы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескерту. Осы Кодексте жұмыс берушi деп жетекшiсi (әкiмшiлiгi) өкiлдiк ететiн заңды тұлға, не қызметкер онымен еңбек қатынастарында тұратын жеке адам танылады.
Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде аталған лауазымды адамдар деп, егер олар басқаратын ұйымдар жалақыны төлеуге қаражат берудi (аударуды) кiдiртсе, атқарушы өкiмет органдарының, қаржы-кредит және өзге де ұйымдардың басшыларын түсiнген жөн.
ҚР 13.03.03 ж. N 394-II Заңымен 88-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
88-бап. Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарын бұзу
1. Жинақтаушы зейнетақы қорларының Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарында көзделген зейнетақы төлемдерін, аударымдар мен алып қоюларды белгіленген мерзімдерде уақтылы жүзеге асыру жөніндегі міндеттерін орындамауы -
лауазымды адамдарға айлық есептік көрсеткіштің жиырмаға дейінгі мөлшерінде, заңды тұлғаларға айлық есептік көрсеткіштің елуге дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Зейнетақы төлеу жөніндегі орталықтың лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңдарында көзделген зейнетақыны толық мөлшерде және белгіленген мерзімдерде төлеу жөніндегі міндеттерін орындамауы -
айлық есептік көрсеткіштің жиырмаға дейінгі мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Жеке кәсіпкердің, жеке нотариустың, адвокаттың, заңды тұлғаның немесе оның лауазымды адамдарының міндетті зейнетақы жарналарын ұстап қалу және (немесе) оларды жинақтаушы зейнетақы қорларына аудару жөніндегі міндетін орындамауы не тиісінше орындамауы -
лауазымды адамдарға айлық есептік көрсеткіштің жиырмадан қырыққа дейінгі мөлшерінде, жеке кәсіпкерлерге, жеке нотариустарға, адвокаттарға немесе заңды тұлғаларға - ұстап қалынбаған және (немесе) аударылмаған (уақтылы аударылмаған) міндетті зейнетақы жарналары сомасының елу проценті мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
89-бап. Еңбектi қорғау ережелерiн бұзу
1. Жұмыс берушiнiң немесе лауазымды адамның еңбектi қорғау туралы заңдарды не жазатайым жағдайға әкеп соқпаған еңбектi қорғау жөнiндегi ережелердi бұзуы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Қауiпсiздiк техникасы, өнеркәсiптiк санитария немесе еңбек қорғаудың өзге де ережелерiн осы ережелердi сақтау жөнiнде мiндеттер жүктелген лауазымды адамның бұзуы, егер бұл абайсызда жеңiл дене жарақаты түрiнде адам денсаулығына зиян келтiруге әкеп соқса немесе өмiр мен денсаулық үшiн көрiнеу қауiп (өндiрiстiк жарақаттану) төндiрсе, -
айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Заңды тұлғаның еңбек туралы заңдарды, еңбектi қорғау туралы заңдарды немесе еңбектi қорғау жөнiндегi ережелердi бұзуы, -
заңды тұлғаларға айлық есептiк көрсеткiштiң екi жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
90-бап. Ұжымдық шарт, келiсiм жөнiндегi келiссөздерге
қатысудан жалтару
Ұжымдық шартты, келiсiмдi жасасу, өзгерту немесе толықтыру жөнiндегi келiссөздерге қатысудан жалтару немесе аталған келiссөздердi жүргiзу мерзiмдерiн бұзу, тиiстi комиссияның жұмысын тараптар белгiлеген мерзiмде қамтамасыз етпеу, -
келiссөздер жүргiзуге уәкiлеттi адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
91-бап. Ұжымдық шарт, келiсiм жасасудан негiзсiз бас тарту
Ұжымдық шарт, келiсiм жасасудан негiзсiз бас тарту, -
ұжымдық шарт, келiсiм жасасуға уәкiлеттi адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
92-бап. Ұжымдық шартты, келiсiмдi орындамау немесе бұзу
Ұжымдық шарт, келiсiм бойынша мiндеттемелердi орындамау немесе бұзу, -
ұжымдық шарт, келiсiм бойынша мiндеттемелердiң орындалмауына кiнәлi адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
93-бап. Ұжымдық келiссөздер жүргiзуге және ұжымдық шарттардың,
келiсiмдердiң орындалуын бақылауды жүзеге асыруға қажеттi
ақпарат бермеу
Ұжымдық келiссөздер жүргiзуге және ұжымдық шарттардың, келiсiмдердiң орындалуын бақылауды жүзеге асыруға қажеттi ақпаратты бермеу, -
ақпараттың берiлмеуiне кiнәлi адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
94-бап. Халықты жұмыспен қамту туралы заңдарды бұзу
1. Жеке және заңды тұлғалардың халықты жұмыспен қамту туралы заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi бұзуы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң сегiзден онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған нақ сол iс-әрекеттер, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
95-бап. Мемлекеттiк қызметке қол жеткiзуге тең құқықты
iске асыруға кедергi келтiру
Мемлекеттiк қызметшi лауазымына кандидатқа заңдарда көзделмеген талаптарды және белгiленген тәртiппен бекiтiлмеген бiлiктiлiк талаптарын қою, -
лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
96-бап. Азаматтың берген шағымын оған зиянды болатындай етiп бағыттау
Негiздi шағым берген немесе мүддесiне орай шағым берiлген адамға сол шағымды оған зиянды болатындай етiп бағыттау, -
лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
97-бап. Ереуiлге қатысуға немесе оған қатысудан бас тартуға мәжбүрлеу
Мәжбүрленушiнiң тәуелдi жағдайын пайдалана отырып ереуiлге қатысуға немесе оған қатысудан бас тартуға мәжбүрлеу, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
11-тарау. Азаматтардың сайлау құқықтарына
қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылық
98-бап. Лауазымды адамдардың сайлау комиссиясына (референдум
комиссиясына) қажеттi мәлiметтер мен материалдарды табыс
етпеуi немесе комиссияның шешiмiн орындамауы
Лауазымды адамдардың сайлау комиссиясына (референдум комиссиясына) оның жұмысы үшiн қажеттi мәлiметтер мен материалдарды табыс етпеуi немесе комиссия өз өкiлеттiгi шегiнде қабылдаған шешiмдi олардың орындамауы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
99-бап. Үгiтке тыйым салынған кезеңде оны жүргiзу
Қазақстан Республикасының заңдарымен сайлауға (республикалық референдумға) байланысты үгiтке тыйым салынған кезеңде оны жүргiзу, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға жиырмадан отызға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
100-бап. Президенттiкке, депутаттыққа немесе өзге де сайланбалы
қызметке кандидат туралы көрiнеу жалған мәлiметтер тарату
Президенттiкке, депутаттыққа немесе өзге де сайланбалы қызметке кандидат туралы сайлау нәтижесiне ықпал ету мақсатында жариялау жолымен не өзге де әдiспен көрiнеу жалған мәлiметтер тарату, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң оннан он беске дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға - он бестен жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға - жиырма бестен елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
101-бап. Сайлау комиссиясы (референдум комиссиясы) мүшесiнiң,
байқаушының құқықтарын бұзу
Сайлау комиссиясы (референдум комиссиясы) мүшесiнiң, депутаттыққа немесе өзге де сайланбалы қызметке кандидаттың сенiм бiлдiрген адамының, байқаушының құқықтарын бұзу, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
102-бап. Азаматтардың сайлаушылар тiзiмiмен танысу құқығын бұзу
Сайлау комиссиясы (референдум комиссиясы) мүшесiнiң азаматтардың сайлаушылар тiзiмiмен (таңдаушылардың республикалық референдумға қатысу құқығы бар адамдар тiзiмiмен) танысу құқығын бұзуы не сайлаушылар тiзiмiндегi қателiктер туралы өтiнiштi заңдарда белгiленген мерзiмде қарамауы, не сайлаушылар тiзiмiне (таңдаушылар, республикалық референдумға қатысуға құқығы бар адамдар тiзiмiне) түзетулер енгiзу туралы өтiнiштi қабылдамау себептерiн баяндай отырып азаматқа жазбаша түрде жауап қайтарудан бас тартуы, не сайлаушылар тiзiмiн (таңдаушылар, республикалық референдумға қатысуға құқығы бар адамдар тiзiмiн) түзету туралы сот шешiмiн белгiленген мерзiмде орындамауы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
103-бап. Азаматтарға басқа адамдар үшiн дауыс беруге мүмкiндiк жасау
мақсатында сайлау бюллетеньдерiн (дауыс беруге арналған
бюллетеньдердi) беру
Азаматтарға басқа адамдар үшiн дауыс беруге мүмкiндiк жасау мақсатында сайлау бюллетеньдерiн (дауыс беруге арналған бюллетеньдердi) сайлау комиссиясы (референдум комиссиясы) мүшесiнiң беруi, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
104-бап. Жұмыс берушiнiң сайлауға (республикалық референдумға) қатысу
үшiн демалыс беруден бас тартуы
Жұмыс берушiнiң депутаттыққа немесе өзге де сайланбалы қызметке тiркелген кандидатқа не сайлау комиссиясының мүшесiне мемлекеттiк өкiмет, басқару органдарына және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына (республикалық референдумға) сайлауды әзiрлеу мен өткiзуге қатысу үшiн заң актiлерiнде көзделген демалысты беруден бас тартуы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
105-бап. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдында үгiт
жүргiзу шарттарын бұзу
Бас редактордың, журналистiң, бұқаралық ақпарат құралдары редакциясы лауазымды адамының сайлау заңдарында (республикалық референдум туралы заңдарда) көзделген сайлау алдындағы үгiт жүргiзу шарттарын бұзуы, -
азаматтар мен лауазымды адамдарға - айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға жиырма бестен елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
106-бап. Бүркеншiк үгiт материалдарын әзiрлеу немесе тарату
Мемлекеттiк өкiмет органдарына және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына сайлауды (республикалық референдумды) әзiрлеу мен өткiзу кезеңiнде, басып шығарған ұйымдар, шығарылған жерi, таралымы туралы және шығарылуына жауапты адамдар туралы ақпараты жоқ үгiттiк баспасөз және электрондық материалдарды әзiрлеу немесе тарату, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
107-бап. Үгiт материалдарын қасақана жою, бүлдiру
Депутаттыққа немесе өзге де сайланбалы қызметке кандидаттардың меншiк иесiнiң немесе осы объектiлердiң өзге иесiнiң келiсiмiмен ғимараттарға, құрылыстарға және өзге де объектiлерге iлiнген үгiттiк материалдарын қасақана жою, бүлдiру, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
108-бап. Сайлауды (республикалық референдумды) әзiрлеу мен өткiзуге
қаражат жұмсау туралы есептердi бермеу немесе жарияламау
Депутаттыққа немесе өзге де сайланбалы қызметке кандидаттың, сайланған адамның, не саяси партияның сайлау қорларына түскен түсiмдердiң (қайырмалдықтардың) мөлшерi туралы және сайлау қорларын құру көздерi туралы мәлiметтердi, сондай-ақ сайлау қорының қаражатын пайдалану туралы есептi бермеуi, -
депутаттыққа немесе өзге де сайланбалы қызметке кандидатқа, сайланған адамға - айлық есептiк көрсеткiштiң онға дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаға елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
109-бап. Сайланбалы мемлекеттiк қызметке кандидаттың не саяси
партияның шет мемлекеттерден, ұйымдардан, азаматтардан және
азаматтығы жоқ адамдардан қайырмалдықтар алуы
Депутаттыққа немесе өзге де сайланбалы мемлекеттiк қызметке кандидаттың не саяси партияның шет мемлекеттен, халықаралық ұйымнан немесе халықаралық қоғамдық бiрлестiктен, шет елдердiң мемлекеттiк органдарынан, шетелдiк заңды тұлғалардан және азаматтардан, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдардан кез келген нысанда қайырмалдықтар алуы, -
депутаттыққа немесе өзге де сайланбалы қызметке кандидатқа - айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан елуге дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаға, қайырмалдық заттарын тәркiлей отырып, елуден жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
110-бап. Дауыс беру қорытындылары туралы немесе сайлау нәтижелерi
туралы мәлiметтердi табыс етпеу не жарияламау
1. Учаскелiк сайлау комиссиясы төрағасының кандидаттың сенiм бiлдiрген адамына, бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлiне, байқаушыға Республиканың заңдарына сәйкес табыс етiлуге мiндеттi дауыс беру қорытындылары туралы мәлiметтердi табыс етпеуi, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, округтiк сайлау комиссиясының төрағасы жасаған әрекет, сондай-ақ оның сайлау (республикалық референдум) нәтижелерi туралы мәлiметтердi сайлау заңдарында (республикалық референдум туралы заңдарда) белгiленген жариялау мерзiмдерiн бұзуы не толық жарияламауы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң он бестен жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы жасаған әрекет, сондай-ақ оның сайлауда (республикалық референдумда) дауыс беру қорытындылары туралы мәлiметтердi сайлау заңдарында (республикалық референдум туралы заңдарда) белгiленген жариялау мерзiмдерiн бұзуы не толық жарияламауы,-
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан он беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Осы баптың бiрiншi және үшiншi бөлiктерiнде көзделген, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы жасаған әрекеттер, -
айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
12-тарау. Кәмелетке толмағандардың құқығына қол
сұғатын әкімшілік құқық бұзушылық
111-бап. Ата-аналардың немесе олардың орнындағы адамдардың балаларды
тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы
1. Ата-аналардың немесе олардың орнындағы адамдардың кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу және оқыту жөнiндегi мiндеттердi дәлелдi себептерсiз орындамауы, -
ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған, кәмелетке толмағандардың спирттiк iшiмдiктердi, есiрткi құралдарын және психотроптық заттарды ұдайы қолдануына әкеп соққан iс-әрекеттер, сол сияқты олардың қылмыс немесе қасақана әкiмшiлiк құқық бұзушылық белгiлерi бар әрекеттер жасауы, -
ата-аналарға немесе олардың орнындағы адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
112-бап. Кәмелетке толмаған адамды мас болу күйiне дейiн жеткiзу
Ата-аналардың немесе өзге де адамдардың кәмелетке толмаған адамды мас болу күйiне дейiн жеткiзуi, -
айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
113-бап. Кәмелетке толмағандарға алкоголь iшiмдiктерiн сату
Он сегiз жасқа толмаған адамдарға алкоголь iшiмдiктерiн сату, -
айлық есептiк көрсеткiштiң екiге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
114-бап. Кәмелетке толмағандарға темекiнi және темекi бұйымдарын сату
Он сегiз жасқа толмаған адамдарға темекiнi және темекi бұйымдарын сату,-
айлық есептiк көрсеткiштiң екiге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
115-бап. Кәмелетке толмағандарды эротикалық мазмұндағы өнiмдi
әзiрлеуге тарту
1. Кәмелетке толмағандарды эротикалық мазмұндағы өнiмдi әзiрлеуге, сондай-ақ эротикалық мазмұндағы өнiмдi таратуға, жарнамалауға және сатуға тарту, -
аталған өнiмдi тәркiлей отырып, айлық есептiк көрсеткiштiң елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған нақ сол iсәрекеттер, -
эротикалық мазмұндағы өнiмдi әзiрлеу құралдарын тәркiлей отырып, айлық есептiк көрсеткiштiң елуден жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
116-бап. Асырап алуға, қорғаншылыққа (қамқоршылыққа), азаматтардың
отбасына тәрбиелеуге берудi қажет ететiн кәмелетке
толмағандар туралы мәлiметтердi табыс ету тәртiбi мен
мерзiмдерiн бұзу
Қарауында ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар бар ұйымдар басшыларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының атқарушы органдары лауазымды адамдарының асырап алуға, қорғаншылыққа (қамқоршылыққа), азаматтардың отбасына тәрбиелеуге берудi қажет ететiн кәмелетке толмағандар туралы мәлiметтердi табыс ету тәртiбiн не мерзiмдерiн бұзуы немесе көрiнеу жалған мәлiметтердi табыс ету, не асырап алуға, қамқоршылыққа (қорғаншылыққа), азаматтардың отбасына тәрбиелеуге беруден балаларды жасыруға бағытталған өзге де iс-әрекеттер, -
айлық есептiк көрсеткiштiң жиырмадан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
117-бап. Бала асырап алу жөнiндегi заңсыз қызмет
Баланы (қызды) асырап алу, оны қорғаншылыққа (қамқоршылыққа), патронаж тәрбиешiге беру жөнiндегi заңсыз iс-әрекеттер, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
13-тарау. Меншікке қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылық
118-бап. Жерге меншiк құқығын бұзу
Жер учаскелерiн өз бетiмен иелену және айырбастау не жерге меншiк құқығын тiкелей немесе жанама нысанда бұзатын басқа да мәмiлелер жасау, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң бестен он беске дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға - оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде, заңды тұлғаларға бес жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.