3) басқа да салықтар бойынша салық мiндеттемесiн орындау үшiн бюджетке артық төленген салықтар сомаларына жүргiзiлген есепке жатқызу сомалары туралы - есепке жатқызу жүргiзiлген күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей;
4) мерзімінде орындалмаған салық міндеттемесінің орындалуын қамтамасыз ету жөнінде қолданылатын шаралар туралы, осы Кодекстің 45-бабының 1) тармақшасында белгіленген жағдайды қоспағанда, - осы Кодекстің 47-бабының 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында және 48-бабының 1-тармағында көрсетілген мерзімдер аяқталғаннан кейін;
5) салық берешегiн мәжбүрлеп өндiрiп алудың қолданылатын шаралары туралы - мәжбүрлеп өндiрiп алу шаралары қолданылғанға дейiн бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей;
6) дебиторлардың банк шоттарындағы ақшадан өндiрiп алу туралы өндiрiп алуға дейiн бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей;
7) камералдық бақылау нәтижелерi бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы - салық есептiлiгiнде бұзушылық анықталған күннен бастап екi жұмыс күнiнен кешiктiрмей;
8) салық төлеушiнiң шағымын қарау нәтижелерi бойынша салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң, өсiмпұлдар мен айыппұлдардың есептелген сомалары туралы - шағым бойынша шешiм қабылданған күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей;
9) салық заңдарын бұзушылықты жою туралы - оларды анықтаған күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей жiберiледi.
3. Хабарламада салық төлеушінің тегі, аты, әкесінің аты немесе толық атауы; салық төлеушінің тіркеу нөмірі; хабардар етілген күн; Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда салық міндеттемесінің сомасы; салық міндеттемесін орындау туралы талап; хабарлама жіберу үшін негіздеме; шағымдану тәртібі көрсетіледі.
Хабарламалардың нысанын уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
4. Хабарлама салық төлеушiнің (өкiлiнің) жеке өзiне қол қойдырылып немесе жөнелту мен алу фактiсiн растайтын өзге де тәсiлмен тапсырылуға тиiс.
4-1. Осы баптың 2-тармағының 7) тармақшасында көзделген хабарламаны салық төлеуші өзіне хабарлама тапсырылған күннен бастап он жұмыс күні ішінде орындауға тиіс.
5. Осы бапта көзделген ережелер салық агентiне жiберiлетiн хабарламаға қатысты да қолданылады.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 32-бап өзгертілді
32-бап. Салық мiндеттемесiн орындау мерзiмдерi
1. Салық мiндеттемесiн орындау мерзiмдерi осы Кодекспен белгiленедi. Бұл ретте, осы Кодексте белгiленген мерзiмнiң өтуi оның басталуы айқындалған нақты оқиғадан немесе заңды iс-әрекеттен кейiн келесi күнi басталады. Мерзiм осы Кодексте белгiленген кезең аяқталған күнiнiң соңында бiтедi. Егер мерзiмнің соңғы күнi жұмыс күнi болмаса, мерзiм келесi жұмыс күнiнiң соңында аяқталады.
2. Салық органдары салық бақылауы нәтижелерi бойынша салықтар, бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер, өсiмпұлдар мен айыппұлдардың есептелген сомалары туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының салық заңдарын бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жiберген жағдайда, салық мiндеттемесi салық төлеушiге хабарлама тапсырылған күннен кейiнгi он жұмыс күнi iшiнде орындалуға тиiс.
3. Салық тексеруi нәтижелерi бойынша салық органдарының хабарламасында көрсетiлген салықтар, бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер, өсiмпұлдар мен айыппұлдар есептелген сомаларымен (төлем көздерiнен ұсталатын акциздердің және салықтардың есептелген сомаларынан басқа) салық төлеушi келiскен жағдайда, салық төлеушiнiң өтiнiшi бойынша салық мiндеттемесiн орындау мерзiмi алпыс жұмыс күнiне ұзартылуы мүмкiн. Бұл ретте көрсетiлген сома төлеу мерзiмi ұзартылған әрбiр күнге өсiмпұл есептеле отырып, осы кезеңнiң әрбiр он бес жұмыс күнi сайын тең үлеспен бюджетке төленуге тиiс.
4. Акционерлік қоғамдардың бересісін жабу үшін соттың шешімімен акциялардың қосымша эмиссиясын шығару жүргізілетін бересі сомаларын төлеу жөніндегі салық міндеттемелерін орындау мерзімдері акциялардың қосымша эмиссиясы туралы сот шешімі күшіне енген кезден бастап және оларды орналастыру (өткізу) аяқталғанға дейін тоқтатыла тұрады.
ҚР 12.06.01 ж. N 210-II Заңына сәйкес 33-бабтың қолданылуы 2004 ж. 1 қаңтарына дейін тоқтатылды
33-бап. Салық төлеушiнің салық берешегiн өтеу тәртiбi
Салық берешегiн өтеу мынадай тәртiппен жүргiзiледi:
1) есептелген өсiмпұлдар;
2) есептелген айыппұлдар;
3) бересi сомасы.
34-бап. Таратылатын заңды тұлғаның салық мiндеттемесiн орындауы
1. Таратылатын заңды тұлғаның салық берешегi аталған заңды тұлғаның ақшасы, соның iшiнде оның мүлкiн сатудан алынған ақша есебінен Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген кезектiлiк тәртiбiмен өтеледi. Бұл ретте таратылатын заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшелерiнiң салық берешегi де өтеледi. Тарату кезеңiнде туындайтын салық мiндеттемесi туындауына орай, Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгiленген мерзiмде және тәртiппен орындалады.
2. Егер таратылатын заңды тұлғаның мүлкi салық берешегiн толық сөйлемде өтеу үшiн жеткiлiксiз болса, салық берешегiнiң қалған бөлiгiн Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгіленген жағдайларда, таратылатын заңды тұлғаның құрылтайшылары (қатысушылары) өтейдi.
3. Егер таратылатын заңды тұлғада салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң артық төленген сомалары бар болса, онда көрсетiлген сомалар осы Кодекстiң 39-бабында белгiленген тәртiппен таратылатын заңды тұлғаның салық берешегiн өтеу есебiне есептеуге жатқызылады.
Таратылатын заңды тұлғада салық берешегi болмаған жағдайда, салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң артық төленген сомасы осы заңды тұлғаға қайтарылуға тиiс.
35-бап. Заңды тұлға қайта ұйымдастырылған кезде салық мiндеттемесiн орындау
1. Қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның салық мiндеттемесiн орындау оның құқық мирасқорына (құқық мирасқорларына) жүктеледi.
2. Қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның құқық мирасқорын (құқық мирасқорларын), сондай-ақ құқық мирасқорларының салық берешегiн өтеуге қатысу үлесiн белгiлеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы осы заңды тұлғаның құқық мирасқорының (құқық мирасқорларының) салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеу жөнiндегi оның салық мiндеттемелерiн орындау мерзiмдерiн өзгертуге негiз болып табылмайды.
4. Заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылғанға дейiн артық төлеген салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдерiнiң сомасын салық органы қайта ұйымдастырылған заңды тұлғаның салық берешегін өтеу есебiне есептеуге жатқызады.
5. Қайта ұйымдастырылатын заңды тұлғаның салық берешегi болмаған жағдайда, осы заңды тұлғаның артық төлеген салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер сомасы оның құқық мирасқорына қайтарылуы тиiс.
36-бап. Қайтыс болған жеке тұлғаның салық берешегiн өтеу
1. Қайтыс болған жеке тұлғаның ол қайтыс болған күнiнде жиналып қалған салық берешегiн оның мұрагерi (мұрагерлерi) мұраға қалдырылған мүлік құны шегiнде және мұраны алған күнгі ондағы үлесiне барабар өтейдi.
2. Жеке тұлғаның мұрагерi болмаған жағдайда, ол қайтыс болған күнiнде жиналып қалған салық берешегi өтелдi деп есептеледi.
37-бап. Сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған жеке тұлғаның салық мiндеттемесiн орындау
1. Жеке тұлғаны сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған жағдайда, мұндай жеке тұлғаға қатысты салық мiндеттемесi шешiм шығарылған күннен бастап тоқтатыла тұрады.
2. Сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған жеке тұлғаның салық берешегiн хабар-ошарсыз кеткен адамның мүлкiн басқаруға қорғаншы орган уәкiлеттiк берген адам өтейдi.
3. Егер белгiленген тәртiппен хабар-ошарсыз кеттi деп танылған адамның мүлкi салық берешегiн өтеу үшiн жеткiлiксiз болса, онда хабар-ошарсыз кеткен адамның салық берешегiнiң өтелмеген бөлiгiн салық органы мүлiктің жеткiлiксiздiгi туралы сот шешiмi негiзiнде есептен шығарады.
4. Сот адамды хабар-ошарсыз кеттi деп тану туралы шешiмнің күшiн жойған жағдайда, салық мiндеттемесi бойынша белгiленген талап қою мерзiмiне қарамастан, бұрын салық органы есептен шығарған салық берешегiнiң күшi қайта басталады.
38-бап. Салық мiндеттемесi бойынша талап қою мерзiмi
1. Салық қызметi органы салықтардың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң есептелген сомасын салық кезеңi аяқталғаннан кейiн бес жыл iшiнде есептей алады немесе қайта қарай алады.
2. Салық төлеушi салықтың артық төленген сомасын салық кезеңi аяқталғаннан кейiн бес жыл iшiнде есепке жатқызуды немесе салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң артық төленген сомасын қайтаруды талап етуге құқылы.
6-тарау. Салық міндеттемесін орындау бойынша бюджетпен
есеп айырысу кезінде салық және бюджетке төленетін
басқа да міндетті төлемдердің артық төленген сомаларын
есепке жатқызу және қайтару
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 39-бап өзгертілді
39-бап. Салық мiндеттемесiн орындау бойынша бюджетпен есеп айырысу кезiнде салық төлеушiнiң артық төлеген салық сомаларын есепке жатқызу
1. Өткен салық кезеңдеріндегі салықтың осы түрі бойынша міндеттемелер ескеріле отырып, салық кезеңiнде бюджетке төленген және есептелген салық сомалары арасындағы айырма артық төленген салық сомасы болып танылады.
2. Бюджетке артық төленген салық сомасы салық төлеушінің өтініші бойынша салық төлеуші өтініш берген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мынадай тәртіппен салық берешегін міндетті өтеу есебіне жатады:
1) салықтың осы түрi бойынша өсiмпұлдар мен айыппұлдарды өтеу есебiне;
2) салықтың басқа түрлерi бойынша өсiмпұлдар мен айыппұлдарды өтеу есебiне;
3) салықтың басқа түрлерi бойынша бересiнi өтеу есебiне;
4) салықтың осы және басқа да түрлерi бойынша алдағы төлемдер есебiне есепке жатқызылмауға тиiс.
3. Артық төленген салық сомасын есепке жатқызуды, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, осы бапта белгiленген тәртiппен бюджетке салық төлейтiн жердегi салық органы жүргiзедi.
3-1. Осы баптың 2-тармағында белгіленген мерзім бұзылған жағдайда, есепке алу мерзімі бұзылған әр күн үшін, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген қайта қаржыландырудың ресми ставкасының 2 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептеледі.
4. Бюджетке артық төленген салық сомасы басқа салық төлеушiнiң салық мiндеттемесi бойынша берешегiн өтеу есебiне есепке жатқызылмауға тиiс.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 40-бап өзгертілді
40-бап. Салық мiндеттемесiн орындаған кезде салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң артық төленген сомаларын қайтару
1. Салықтың артық төленген сомасы осы Кодекстiң 39-бабында көзделген есепке жатқызуларды жүргiзгеннен кейiн салық төлеушiнiң өтiнiшi бойынша оның банк шотына аударылуға тиiс.
2. Егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, салықтың артық төленген сомасын қайтару салық төлейтiн жер бойынша қайтару туралы өтiнiш берiлген күннен бастап он бес жұмыс күнi iшiнде жүргiзiледi.
3. Осы баптың 2-тармағында белгiленген мерзiм бұзылған жағдайда, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген қайта қаржыландырудың ресми ставкасының 2 еселенген мөлшерiнде, қайтару мерзiмiнiң әрбiр бұзылған күнi үшiн өсiмпұл есептеледi.
4. Егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, бюджетке төленген басқа мiндеттi төлемдердiң артық төленген сомасын қайтару осы бапқа сәйкес жүргiзiледi.
7-тарау. Салықтарды төлеу жөніндегі салық
міндеттемесін орындау мерзімдерінің өзгертілуі
41-бап. Салықтарды төлеу бойынша салық мiндеттемесiн орындау мерзiмдерiнiң өзгертiлу ұғымы және оның жалпы шарттары
1. Салықтарды (төлем көзiнен ұсталатын салықтар мен акциздерден басқа) төлеудiң осы Кодекспен белгiленген мерзiмiн салық төлеушiнiң негiзделген өтiнiшi негiзiнде, неғұрлым кеш мерзiмге, бiрақ күнтiзбелiк жылдың он айынан асырмай ауыстыру салықтарды төлеу бойынша салық мiндеттемесiн орындау мерзiмдерiн өзгерту деп танылады.
2. Өзгертiлген мерзiм бойынша салық мiндеттемесiн орындау құқығы басқаға берiлуге тиiс емес.
3. Салықтарды төлеу бойынша салық мiндеттемесiн орындау мерзiмдерiн өзгерту, осы Кодекстiң ерекше бөлiмiнде белгiленген жағдайларды қоспағанда, салық төлеушiнi осы Кодекстiң 46-бабына сәйкес салықтар сомаларын дер кезiнде төлемегенi үшiн өсiмпұл төлеуден босатпайды.
4. Салықтарды төлеу бойынша салық мiндеттемесiн орындау мерзiмдерiн өзгерту, осы Кодекстiң ерекше бөлiмiнде белгiленген жағдайларды қоспағанда, салық төлеушiнің мүлкiн кепiлге алу немесе банк кепiлдiгi арқылы жүргiзiледi.
5. Салық төлеушiнiң мүлкiн кепiлге алу және банк кепiлдiгi арқылы салықтарды төлеу бойынша салық мiндеттемесiн орындау мерзiмдерiн өзгерту тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 42-бап өзгертілді
42-бап. Салықтарды төлеу бойынша салық мiндеттемесiн орындау мерзiмiн өзгерту туралы шешiм қабылдауға уәкiлеттi орган
1. Республикалық бюджетке келiп түсетiн, сондай-ақ республикалық және жергiлiктi бюджеттер арасында бөлiнетiн салықтарды төлеу бойынша салық мiндеттемесiн орындау мерзiмдерiн өзгерту туралы шешiмдi уәкiлеттi мемлекеттiк орган, осы Кодекстің 249-бабында белгіленген жағдайларды қоспағанда, қабылдайды.
2. Жергiлiктi бюджетке толық көлемiнде келiп түсетiн салықтарды төлеу бойынша салық мiндеттемесiн орындау мерзiмдерiн өзгерту туралы шешiмдi салық төлеушiнi тiркеу есебiне алу орны бойынша салық органы жергiлiктi атқарушы органмен келiсе отырып қабылдайды.
43-бап. Салықтарды төлеу бойынша салық мiндеттемесiн орындау мерзiмдерiн өзгерту туралы шешiмдердің қолданылуын тоқтату
1. Салықтарды төлеу бойынша салық мiндеттемесiн орындау мерзiмдерiн өзгерту туралы шешiмнiң қолданылуы онда белгiленген қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейiн тоқтатылады.
2. Салықтарды төлеу бойынша салық мiндеттемесiн орындау мерзiмдерiн өзгерту туралы шешiмнiң қолданылуы салық төлеушi салықтардың бүкiл сомасын шешiмде белгiленген мерзiм аяқталғанға дейiн төлеген жағдайда немесе салықтарды төлеу бойынша салық мiндеттемесiн орындау шарттарын бұзған жағдайда мерзiмiнен бұрын тоқтатылады.
44-бап. Салық төлеушiнiң кепiлге салынған мүлкiнен өндiрiп алу және оны өткiзу тәртiбi
1. Кепiлмен (банк кепiлдiгiмен) қамтамасыз етiлген салық мiндеттемесiн орындау мерзiмдерiн өзгертудiң шарттары орындалмаған немесе тиiсiнше орындалмаған жағдайда, салық қызметi органдары салық төлеушiнің кепiлге салынған мүлкiн өндiрiп алуға не банк кепiлдiгiнiң орындалуын талап етуге құқылы.
2. Салық төлеушiнiң кепiлге салған мүлкiн өткiзу Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарында белгiленген тәртiпке сәйкес жүргiзiледi.
8-тарау. Мерзімінде орындалмаған салық
міндеттемесін орындауды қамтамасыз ету тәсілдері
45-бап. Мерзiмiнде орындалмаған салық мiндеттемесiн орындауды қамтамасыз ету тәсілдерi
Салық төлеушiнiң белгiленген мерзiмде орындалмаған салық мiндеттемесiн орындау:
1) төленбеген салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер сомасына өсiмпұл есептеу;
2) банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру;
3) салық төлеушiнің салық берешегi есебiне мүлiкке билiк етуiн шектеу тәсiлдерімен қамтамасыз етілуi мүмкiн.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 46-бап өзгертілді
46-бап. Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң мерзiмiнде төленбеген сомасына өсiмпұл
1. Мерзiмi өткен салық мiндеттемесiнiң сомасына есептелетiн осы баптың 3-тармағында белгiленген мөлшер өсiмпұл болып танылады.
2. Өсiмпұл сомасы салық берешегiн өтеу бойынша салық мiндеттемесiн мәжбүрлеп орындату шараларын, сондай-ақ салық заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылықтың өзге де шараларын қолдануға қарамастан есептеледi және төленедi.
3. Өсiмпұл салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер төлеу мерзiмi күнiнен кейiнгi күннен бастап, өткен әрбiр күн үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген қайта қаржыландыру ресми ставкасының 2 еселенген мөлшерiнде бюджетке төлеген күндi қоса алғанда, мерзiмi өткен әрбiр күн үшiн есептеледi.
4. Салық және басқа да міндетті төлемдердің, өсімпұлдардың, айыппұлдардың сомаларын банк шоттарының есебінен шығару кезектілігін сақтамағаны үшін, сондай-ақ салық төлеушілердің банк шоттары есебінен шығарылған және банктердің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың кассаларының салық және басқа да міндетті төлемдерді, өсімпұлдарды, айыппұлдарды төлеу шотына қабылданған қолма-қол ақшаны бюджетке аударуды (есептеуді) кешіктіргені үшін банктерге немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға өсімпұл есептеледі.
5. Салық төлеушiнi банкрот деп таныған сот шешiмi қабылданғанда не оған қатысты мәжбүрлеп тарату туралы шешiм қабылданғанда, не оңалту рәсімін қолдану туралы ұйғарым қабылданғанда, осындай шешім немесе ұйғарым күшіне енген күннен бастап, жиналған бересi сомасына өсiмпұл есептелмейдi.
6. Бересiнің жиналып қалуының бiрден бiр себебi қызмет көрсететiн банктің таратылуы болып табылған жағдайда, мәжбүрлеп таратылған банктердiң кредит берушiлерiне бересi сомаларын дер кезiнде өтемегенi үшiн өсiмпұл банктi мәжбүрлеп тарату туралы шешiм күшiне енген кезден бастап есептелмейдi.
7. Бересiнi өтеу үшiн сот шешiмiмен акциялардың қосымша эмиссиясы шығарылғанда, акциялардың қосымша эмиссиясын шығару туралы сот шешiмi күшiне енгiзiлген кезден бастап оларды орналастыру аяқталғанға дейiн бересi сомасына өсiмпұл есептелмейдi.
8. Жеке тұлға хабар-ошарсыз кеттi деп тану туралы сот шешiмi күшiне енген кезден бастап, оның күшi жойылғанға дейiн бересi сомасына өсiмпұл есептелмейдi.
9. Салықтың артық төленген сомасы расталған жағдайда, осы Кодекстің 39-бабының 2-тармағында белгіленген есепке алуды жүргізу мерзімі бұзылған ретте салық төлеушінің артық төленген салық сомасын есепке алуды жүргізуге берген өтінішінде көрсетілген артық төленген салық сомасына барабар бересі сомасына өсімпұл есептелмейді.
Аталған ереже осы Кодекспен белгіленген жағдайларға қолданылмайды.
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 47-бап өзгертілді
47-бап. Салық төлеушiнiң банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру
1. Заңды тұлғаның және жеке кәсiпкердiң банк шоттары (корреспонденциялық шоттарды қоспағанда) бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен:
1) салық төлеушi салық есептiлiгiн тапсыру мерзiмi аяқталғаннан кейiн он жұмыс күнi iшiнде оны табыс етпеген;
2) белгiленген төлеу мерзiмi күнiнен бастап отыз жұмыс күнi өткеннен кейiн салық берешегiн өтемеген;
3) салық қызметi органының лауазымды адамдарының, осы Кодексте белгiленген салық тексеруiн жүргiзу тәртiбiн бұзған жағдайлардан басқа реттерде, салық салу объектiлерi мен салық салуға байланысты объектiлердi салық тексеруiне, қарауына жол бермеген жағдайларда жүргiзiледi.
Банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру осы Кодекстiң 31-бабында белгiленген мерзiмдерде салық төлеушiге хабарлай отырып жүргiзiледi және салық берешегiн өтеу жөнiндегi операциялардан басқа, салық төлеушiнiң барлық шығыс операцияларына қолданылады.
2. Салық төлеушiнің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы салық органының өкiмi уәкiлеттi мемлекеттiк орган Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен бiрлесе отырып белгiлеген нысан бойынша шығарылады және банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым оны алған күннен бастап күшiне енедi.
3. Салық төлеушiнiң банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы салық органының өкiмiн банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдар сөзсiз орындауға тиiс.
4. Шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкiм шығарған салық органы банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру себебi жойылған күннен кейiнгi бiр жұмыс күнiнен кешiктiрмей, банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкiмнiң күшiн жояды.
Салық төлеушінің банк шоты жабылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес банк тиісті салық органына салық төлеушінің банк шотының жабылғаны туралы хабарламамен бірге шот бойынша шығыс операцияларының тоқтатыла тұратыны туралы өкімді қайтарады.
5. Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң, салық тексеруi нәтижесi бойынша өсiмпұл мен айыппұлдардың есептелген сомасы туралы хабарламаға шағым жасалған жағдайда, банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру жүргiзiлмейдi.
48-бап. Салық төлеушiнiң салық берешегi есебiне мүлiкке билiк етуiн шектеу туралы шешiм шығару
1. Заңды тұлғаның банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы шешiм шығарылған күннен бастап он жұмыс күнi iшiнде салық берешегi өтелмеген жағдайда, салық берешегi есебiне мүлiкке билiк етудi шектеу жүргiзiледi. Бұл ретте заңды тұлғаға осы Кодекстiң 31-бабында белгiленген мерзiмде хабарлама жiберiледi.
Мүлiкке шектеу туралы шешiм уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысан бойынша шығарылады.
2. Салық төлеушiнiң мүлкiне билiк етуiн шектеу туралы шешiм меншiк құқығындағы немесе шаруашылық жүргiзу құқығындағы (мүлiктi шаруашылық жүргiзуге беру туралы шартта оны иелiктен айыруға тыйым салу көзделген жағдайлардан басқа реттерде) мүлiкке қатысты шығарылады.
Салық төлеушiнiң қаржы лизингiне және (немесе) кепiлге берiлген мүлкiне билiк етуiн шектеу туралы шешiм шығарған кезде, салық органы осы мүлiкке қатысты шешiм шығарған кезден бастап, оның күшi жойылғанға дейiн осы мүлiктi алып қоюға және шарттың талаптарын өзгертуге тыйым салынады.
3. Мүлiкке билiк етудi шектеу туралы шешiмдi салық органы салық төлеушiнiң жеке шотында бар салық берешегi сомасы туралы деректердiң негiзiнде қабылдайды.
4. Мүлiкке билiк етудi шектеу туралы шешiмнiң негiзiнде салық төлеушiге мүлiктi иелену, пайдалану және оған билiк ету шарттарын бұзғаны үшiн жауаптылық туралы ескертiле отырып, салық берешегi сомасына мүлiк тiзiмдемесiнiң актiсiн жасау жүргiзiледi.
Билiк ету шектелген мүлiк тiзiмдемесi салық төлеушiнiң бухгалтерлiк есебi деректерiнiң негiзiнде айқындалатын оның бағасы көрсетiле отырып немесе Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметi туралы заң актiсiне сәйкес жүргiзiлетiн тәуелсiз бағалау негізiнде жүргiзiледi және уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген нысанда және тәртiппен екi дана етiп жасалатын актiмен ресiмделедi.
Салық органы мүлiкке билiк етудi шектеу кезiнде қатысқан салық төлеушiге мүлiкке билiк етудi шектеу туралы шешiмдi және мүлiк тiзiмдемесi актiсiнiң бiр данасын тапсыруға мiндеттi.
5. Салық төлеушi салық берешегi сомаларын өтегеннен кейiнгi бiр жұмыс күнiнен кешiктiрмей салық органы мүлiкке билiк етудi шектеу туралы шешімнің күшін жояды.
9-тарау. Салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп
алу шаралары
ҚР 23.11.02 ж. N 358-II Заңымен 49-бап өзгертілді
49-бап. Салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары
Салық тексеруі актісі бойынша хабарламаға шағым жасау жағдайларын қоспағанда, салық органдары мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдануға құқылы. Мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану осы Кодекстің 31-бабына сәйкес салық төлеушіге жіберілген хабарлама негізінде жүргізіледі. Салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу мынадай тәртіппен:
1) банк шоттарындағы ақшасының есебінен;
2) қолма-қол ақшасының есебінен;
3) дебиторларының шоттарынан;
4) билік ету шектелген мүлкін өткізу есебінен;
5) акциялардың қосымша эмиссияларын мәжбүрлеп шығару арқылы жүргізіледі.