Қаржы лизингі туралы 2000 жылғы 5 шілдедегі N 78-ІІ
Қазақстан Республикасының Заңы
(ҚР 10.07.03 ж. N 483-II
Заңымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2004 ж. 10 наурыздағы N 532-II ҚР Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Бұрынғы ред. қара
Осы Заң қаржы лизингi процесiнде туындайтын қатынастарды реттейдi және лизинг қызметi негiзiнде инвестициялар тартуға бағытталған.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Қаржы лизингiн құқықтық реттеу
1. Қаржы лизингi туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңның, Азаматтық кодекс пен Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiнiң нормаларынан тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта Қазақстан Республикасының қаржы лизингi туралы заңдарында көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
2-бап. Негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылған:
қаржы лизингi (бұдан әрi - лизинг) - инвестициялық қызметтiң түрi, ол бойынша:
1) лизинг берушi сатушыдан лизинг шартында белгiленген лизинг нысанасын өз меншiгiне сатып алуға және оны лизинг алушыға белгiлi бiр ақыға белгiлi бiр мерзiмге және белгiлi бiр шарттармен уақытша иеленуге және кәсiпкерлiк мақсаттар үшiн пайдалануға беруге мiндеттенедi. Бұл орайда лизинг нысанасы лизинг алушыға берiлетiн мерзiм ұзақтығы жөнiнен лизинг нысанасының барлық немесе елеулi құнының (кемiнде 80 процентiнiң) амортизациясы мерзiмiмен шамалас немесе одан ұзақ болады;
2) лизинг алушы лизинг шартын жасау кезiндегi баға бойынша лизинг нысанасы құнының барлық немесе елеулi бөлiгiнiң (кемiнде 80 процентiнiң) өтелуi (амортизациясы) ескерiле отырып есептелетiн лизинг шартына сәйкес төленуге тиiстi жүйелi кезеңдiк төлемдердi төлеп отыруға мiндеттенедi. Бұл орайда лизинг шартының қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейiн немесе ол аяқталғанға дейiн лизинг алушы лизинг шартында көзделген толық соманы төлеген жағдайда, егер осылай ауысу лизинг шартында көзделген болса, лизинг нысанасы лизинг алушының меншiгiне ауысады;
лизинг берушi - тартылған ақша және (немесе) өз ақшасы есебiнен лизинг нысанасын өз меншiгiне сатып алатын және оны лизинг шартының талаптары негiзiнде лизинг алушыға беретiн лизинг мәмiлесiне қатысушы. Лизинг берушiнiң бiр мезгiлде лизинг мәмiлесiнiң басқа қатысушысы ретiнде iс-қимыл жасауға құқығы жоқ;
лизинг алушы - лизинг шартының талаптарына орай кәсiпкерлiк мақсаттар үшiн лизинг нысанасын қабылдайтын лизинг мәмiлесiне қатысушы.
лизинг мәмiлесi - лизингке қатысушылардың азаматтық құқықтар мен мiндеттердi белгiлеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған келiсiлген iс-қимылының жиынтығы;
лизинг қызметi - лизинг берушiнiң лизинг шартының талаптарын орындау жөнiндегi қызметi;
тұтынылмайтын заттар - пайдаланылған кезде тозатын, бiрақ пайдалану процесiнде табиғи қасиеттерiн жоғалтпайтын жылжымалы және жылжымайтын мүлiк;
сатушы - лизинг нысанасын сатып алу-сату шарты және (немесе) лизинг шарты негiзiнде оны бұдан кейiн лизинг шартының талаптарымен лизинг алушыға беру мақсатында лизинг берушiнiң меншiгiне өткiзетiн лизинг мәмiлесiне қатысушы. Сатушы бiр мезгiлде лизинг нысанасының лизинг алушысы ретiнде (қайтару лизингi) iс-қимыл жасай алады;
сублизинг - шарттық қатынастар, оларға сәйкес лизинг алушы лизинг берушiнiң жазбаша келiсiмiмен лизинг нысанасын үшiншi бiр тұлғаға ақыға уақытша иеленуге және кәсiпкерлiк мақсаттар үшiн пайдалануға бередi;
лизинг мәмiлесiне қатысушылар - лизинг берушi, лизинг алушы және лизинг нысанасын сатушы ретiнде iс-қимыл жасайтын жеке кәсiпкер болып табылатын заңды тұлғалар мен жеке тұлғалар.
3-бап. Лизингтiң нысандары мен түрлерi
Осы Заңмен лизингтiң мынадай негiзгi нысандары мен түрлерi реттеледi.
1. Лизингтiң нысандары:
1) iшкi лизинг. Iшкi лизингтi жүзеге асырған кезде лизинг берушi, лизинг алушы және сатушы Қазақстан Республикасының резиденттерi болып табылады.
2) халықаралық лизинг. Халықаралық лизингтi жүзеге асырған кезде лизинг берушi немесе лизинг алушы Қазақстан Республикасының резидентi болып табылмайды.
2. Лизингтiң түрлерi:
1) қайтару лизингi - лизингтiң бiр түрi, ол бойынша сатушы лизинг нысанасын лизинг берушiге осы лизинг нысанасын лизинг алушы ретiнде лизингке керi қайтарып алу талабымен сатады;
2) банк лизингi - лизингтiң бiр түрi, мұнда лизинг берушi банк болып табылады;
3) толық лизинг - лизингтiң бiр түрi, ол бойынша лизинг нысанасына техникалық қызмет көрсетудi және оның ағымдағы жөндеуiн лизинг берушi жүзеге асырады;
4) таза лизинг - лизингтiң бiр түрi, ол бойынша лизинг нысанасына техникалық қызмет көрсетудi және оның ағымдағы жөндеуiн лизинг алушы жүзеге асырады.
4-бап. Лизинг нысанасы
1. Үйлер, ғимараттар, машиналар, жабдықтар, құрал-саймандар, көлiк құралдары, жер учаскелерi және кез келген басқа да тұтынылмайтын заттар лизинг нысанасы бола алады.
2. Бағалы қағаздар мен табиғи ресурстар лизинг нысанасы бола алмайды.
3. Заң актiлерiнде заттар мен жер учаскелерiнiң жекелеген санаттарын лизинг нысанасы ретiнде пайдалануға өзге де шектеулер белгiленуi мүмкiн.
5-бап. Лизинг нысанасына меншiк құқығы
1. Лизинг алушыға уақытша иеленуге және пайдалануға берiлген лизинг нысанасына меншiк құқығы лизинг шарты қолданылатын бүкiл мерзiм iшiнде лизинг берушiде сақталады.
2. Лизинг нысанасын уақытша иелену және пайдалану құқығы лизинг шарты мемлекеттiк тiркеуден өткен күннен бастап толық көлемде лизинг алушыға көшедi. Лизинг алушы банкротқа ұшыраған жағдайда лизинг нысанасы конкурс массасына енгiзiлмейдi.
3. Егер лизинг шартында өзгеше көзделмеген болса лизинг нысанасын пайдалану нәтижесiнде алынған өнiм және өзге де табыстар, сондай-ақ лизинг алушы ажыратып алатындай дәрежеде жақсартқан лизинг нысанасы лизинг алушының меншiгi болып табылады.
4. Лизинг алушы өз қаражаты есебiнен және лизинг берушiнiң жазбаша келісімімен лизинг нысанасына зиян келтірмей ажыратуға болмайтындай дәрежеде жақсарту жүргiзген жағдайда, егер лизинг шартында өзгеше көзделмеген болса, оның шарт тоқтатылғаннан кейiн осы жақсарту құнының өтемiн алуға құқығы бар.
5. Лизинг алушы лизинг берушiнiң келiсiмiнсiз жүргiзген ажыратуға болмайтындай дәрежедегi жақсарту құны, егер заң актiлерiнде немесе лизинг шартында өзгеше көзделмеген болса, өтелуге жатпайды.
6. Лизингке тапсырылған мүлiктiң меншiк, шаруашылық жүргiзу және оралымды басқару құқығының басқа тұлғаға көшуi лизинг шартын өзгертуге немесе бұзуға негiз болып табылмайды.
6-бап. Сублизинг
1. Егер заң актiлерiнде немесе лизинг шартында өзгеше көзделмеген болса, лизинг алушы лизинг берушiнiң жазбаша келiсiмiмен лизинг нысанасын сублизингке беруге құқылы. Мұндай жағдайда лизинг алушының лизинг шарты бойынша лизинг төлемдерiн жасау жөнiндегi өз мiндеттемелерiн үшiншi бiр тұлғаға жүктеуiне жол берiлмейдi.
2. Сублизинг шартын лизинг шартының мерзiмiнен асып кететiн уақытқа жасауға болмайды.
3. Егер заң актiлерiнде немесе лизинг шартында өзгеше көзделмеген болса, сублизинг шартына лизинг шарты туралы ережелер қолданылады.
4. Егер лизинг шартында өзгеше көзделмеген болса лизинг шартын мерзiмiнен бұрын тоқтату соған сәйкес жасалған сублизинг шартын тоқтатуға әкеп соғады.
5. Егер лизинг шарты осы Заңда, Азаматтық кодексте немесе басқа заң актiлерiнде көзделген негiздемелер бойынша заңсыз деп табылса, соған сәйкес жасалған сублизинг шарты да заңсыз болып табылады.
7-бап. Лизинг алушының құқықтарын қорғау
Лизинг алушыға оның лизинг нысанасына құқығын қорғау меншiк құқығын қорғаумен тең дәрежеде қамтамасыз етiледi.
Лизинг алушының лизинг шартының қолданылу кезеңiнде талап-арыз беруге және өзiне тиесiлi құқықтарды өз атынан өзге де жолмен қорғауға құқығы бар.
8-бап. Лизинг нысанасының лизинг алушының меншiгiне көшуi
Лизинг шартында лизинг алушының лизинг нысанасын алдын ала анықталған баға бойынша өз меншiгiне сатып алу жөнiндегi құқығы не мiндеттемесi көзделуi мүмкiн.
9-бап. Лизингтi тiркеу
1. Жылжымайтын мүлiктiң лизинг шарты заң актiлерiнде белгiленген тәртiппен мiндеттi мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлуге тиiс.
2. Жылжымалы мүлiктiң лизинг шарты жылжымалы мүлiк кепiлiн тiркеудi жүзеге асыратын органдарда мiндеттi мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлуге тиiс.
3. Жылжымалы мүлiктiң лизинг шартын мемлекеттiк тiркеуден өткiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
ҚР 10.07.03 ж. N 483-II Заңымен 10-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
10-бап. Лизинг қызметiн лицензиялау
Лизинг берушi ретiнде банктердiң және банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың лизинг қызметiн лицензиялауды қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк орган жүргiзедi.
Жеке кәсiпкерлер болып табылатын өзге заңды тұлғалар мен жеке тұлғалар лизинг берушi ретiнде лизинг қызметiн лицензиясыз жүзеге асырады.
2-тарау. Лизингтік қатынастардың құқықтық негіздері
11-бап. Лизинг берушiнiң құқықтары мен мiндеттерi
1. Лизинг берушi:
1) өзiне тиесiлi төленбеген лизинг төлемдерiн, сондай-ақ шығынның орнын толтыруды талап етуге;
2) лизинг шартына сәйкес лизинг алушының лизинг шартының талаптарын орындауына бақылау жасауға;
3) лизинг алушы лизинг нысанасын қайтару жөнiндегi мiндеттемелерiн бұзған жағдайда мерзiмi кешiктiрiлген уақытқа төлем жасауды және шығынның орнын толтыруды талап етуге;
4) осы Заңда көзделген жағдайларда лизинг алушыдан лизинг нысанасын талап етуге құқылы.
2. Лизинг берушi:
1) лизинг алушымен келiсiлген лизинг нысанасын лизинг шартының талаптарымен лизинг алушыға беру үшiн оны сатушыдан өз меншiгiне сатып алуға;
2) сатып алу-сату шартын жасаған кезде лизинг нысанасы белгiлi бiр сатып алушыға лизингке беруге арналғаны туралы сатушыға жазбаша хабарлауға;
3) лизинг нысанасын лизинг алушыға лизинг шартында келiсiлген талаптармен беруге мiндеттi.
3. Лизинг берушiнiң лизинг шартында және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген және осы Заңға қайшы келмейтiн басқа да құқықтары болуы және басқа да мiндеттердi атқаруы мүмкiн.
12-бап. Лизинг алушының құқықтары мен мiндеттерi
1. Лизинг алушы:
1) лизинг нысанасын лизинг шартының талаптарымен иеленуге және пайдалануға;
2) лизинг нысанасының сапасына және жиынтықтылығына, оны жеткiзу мерзiмiне қатысты және сатушы мен лизинг берушi арасында жасалған шарт тиісті дәрежеде орындалмаған басқа да жағдайларда сатушыға талап қоюға;
3) лизинг берушi лизинг шартының талаптарын елеулi түрде бұзған жағдайда лизинг берушi лизинг шарты бойынша лизинг алушы алдындағы өз мiндеттемелерiн орындағанға дейiн төленуге тиiстi лизинг төлемдерiн тоқтата тұруға;
4) лизинг берушi лизинг шартын бiржақты тоқтатқан жағдайда ол аванс ретiнде төлеген лизинг төлемдерiн және басқа да сомаларды керi қайтаруды талап етуге;
5) лизинг нысанасы жеткiзiлмеген, едәуiр уақыт кешiктiрiлiп жеткiзiлген немесе лизинг нысанасы мақсаты бойынша пайдалануға кедергi келтiретiн жойылмайтын кемшiлiктерiмен жеткiзiлген жағдайларда лизинг шартында көзделген талаптармен лизинг нысанасынан бас тартуға не лизинг нысанасын ауыстыруды талап етуге, лизинг шартын бұзуға;
6) лизинг берушi лизинг шартының талаптарын орындамаса не тиiстi дәрежеде орындамаса, залалдың орнын толтыруды талап етуге;
7) егер лизинг алушы жауап бермейтiн жағдаяттарға байланысты лизинг шартында көзделген пайдалану талаптары елеулi түрде нашарлап кетсе, лизинг сомасы мен лизинг төлемдерiн тиiсiнше азайтуды талап етуге құқылы.
2. Лизинг алушы:
1) лизинг нысанасын лизинг шартында көзделген тәртiппен қабылдауға;
2) лизинг төлемдерiн дер кезiнде төлеп тұруға;
3) лизинг нысанасын лизинг шартына сәйкес оның мақсатына сәйкес пайдалануға;
4) лизинг нысанасындағы қалыпты тозуды және тараптар келiсiп алған өзгерiстердi ескере отырып, лизинг берушi лизинг нысанасын оған қандай күйде берсе, сондай күйiнде күтiп ұстауға;
5) егер лизинг шартында немесе заң актiлерiнде өзгеше көзделмеген болса, лизинг нысанасын өз есебiнен күтiп ұстауға (оның iшiнде лизинг нысанасына байланысты қажетті коммуналдық төлемдерді жасауға) және оған техникалық қызмет көрсетуге, оның ағымдағы жөндеуiн жүзеге асыруға;
6) егер шартта және Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмеген болса, лизинг берушiнiң лизинг нысанасына қол жеткiзуiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Лизинг алушы лизинг шартында және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген және осы Заңға қайшы келмейтiн басқа да құқықтарға ие болуы және басқа да мiндеттердi атқаруы мүмкiн.
13-бап. Сатушының құқықтары мен мiндеттерi
Сатушының құқықтары мен мiндеттерi сатып алу-сату шартының ережелерiмен белгiленедi.
Лизинг шарты лизинг берушiнiң, лизинг алушының және сатушының қатысуымен жасалған жағдайда сатушының құқықтары мен мiндеттерi лизинг шартына сәйкес белгiленедi.
14-бап. Лизингке қатысушылардың жауапкершiлiгi
1. Лизинг берушiнiң, лизинг алушының және сатушының жауапкершiлiгi лизинг шартында, сатып алу-сату шартында және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленедi.
2. Лизинг нысанасын сатушы, сатушы мен лизинг берушiнiң арасында жасалған сатып алу-сату шартын орындау жөнiнде, атап айтқанда, лизинг нысанасының сапасы мен жиынтықтылығына, оны беру мерзiмiне қатысты және сатушы шартты тиiстi дәрежеде орындамаған басқа да жағдайларда тiкелей лизинг алушының алдында жауапты болады. Бұл орайда лизинг алушы өзi аталған лизинг нысанасын сатып алу-сату тарабы болғандағыдай, сатып алынған лизинг нысанасына ақы төлеу мiндетiн қоспағанда, сатып алушы үшiн Азаматтық кодексте көзделген құқықтарға ие болады және мiндеттеменi мойнына алады. Егер сатушы лизинг алушы қоятын талаптармен келiсетiн болса, онда лизинг алушыға лизинг нысанасын беру шарттарының кез келген өзгерiстерi (жиынтықтамалығы, жеткiзiлу мерзiмi және т.б.) мiндеттi түрде лизинг берушiмен келiсiлуге тиiс.
Сатушымен арадағы қатынастарда лизинг алушы мен лизинг берушi ынтымақтас кредит берушiлер болады.
3. Егер лизинг шартында өзгеше көзделмеген болса, сатушыны таңдау құқығы лизинг берушiде болатын жағдайларды қоспағанда, лизинг берушi сатушының сатып алу-сату шартынан туындайтын талаптарды орындауы үшiн лизинг алушының алдында жауап бермейдi. Мұндай жағдайда лизинг алушы өз қалауы бойынша ортақ жауапкершiлiкте болатын тiкелей мүлiк сатушыға да, лизинг берушiге де сатып алу-сату шартынан туындайтын талаптарды қоюға құқылы.
4. Лизинг берушi сатып алу-сату нысанасы болып табылатын мүлiктi лизингке тапсыру туралы сатушыға хабарлау жөнiндегi мiндетiн бұзған жағдайда лизинг берушi сатып алу-сату шартынан туындайтын талаптарды сатушының орындауы үшiн лизинг алушының алдында толық жауапты болады.
15-бап. Лизинг шарты
1. Лизинг берушi лизинг шарты бойынша лизинг алушымен келiсiлген лизинг нысанасын сатушыдан өз меншiгiне сатып алып, оны лизинг алушыға ақыға уақытша иеленуге немесе кәсiпкерлiк мақсаттар үшiн пайдалануға беруге мiндеттенедi.
2. Лизинг шартының мынадай елеулi талаптары болуы тиiс:
1) шарттың нысанасы;
2) сатушыны кiмнiң таңдап алғаны көрсетiлген лизинг нысанасын сатушының атауы;
3) лизинг нысанасын лизинг алушыға берудiң шарттары мен мерзiмi;
4) лизинг төлемдерiнiң мөлшерi мен кезеңдiлiгi;
5) лизинг нысанасының құны;
6) шарттың қолданылу мерзiмi;
7) егер лизинг нысанасының лизинг алушының меншiгiне ауысуы шартта көзделген болса мұндай ауысудың шарттары;
8) лизинг нысанасының сипаттамасы;
9) лизинг нысанасын күтiп ұстау мен жөндеу тәртiбi;
10) лизинг нысанасын сақтандыру;
11) лизинг берушiнiң атына лизинг нысанасын мемлекеттiк тiркеу мiндеттерiн тараптардың бiрiне жүктеу;
12) лизинг алушының лизинг шарты бойынша мiндеттемелердi орындауына лизинг берушiнiң бақылау жасау тәртiбi;
13) тараптардың жауапкершiлiгi.
Осы талаптар болмаған жағдайда лизинг шарты жасалмаған болып саналады.
3. Тараптардың келiсiмi бойынша лизинг шартына өзге де ережелер енгiзiлуi мүмкiн.
4. Лизинг шарты жазбаша түрде жасалуға тиiс. Лизинг шартының жазбаша түрде жасалуын сақтамау оның жарамсыздығына әкеп соқтырады.
16-бап. Лизинг шартының қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, лизинг шарты тараптар белгiлеген мерзiмге жасалады.
Бұл орайда лизинг шартының мерзiмi лизинг нысанасы құнының барлық немесе елеулi бөлiгi амортизациясының мерзiмiнен кем болмауға тиiс.
2. Егер заңдарда немесе лизинг шартында өзгеше көзделмеген болса, лизинг шарты оған қол қойылған кезден бастап күшiне енедi және тараптар үшiн мiндеттi болып табылады.
3. Лизинг шарты тараптар өздерiнiң барлық мiндеттемелерiн орындап болған кезден бастап, сондай-ақ заң актiлерiнде көзделген өзге де жағдайларда өзiнiң күшiн жояды.
17-бап. Лизинг шартын өзгерту және бұзу
1. Шартта немесе Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда лизинг шарты тараптардың бiрiнiң талап етуi бойынша өзгертiлуi немесе сот тәртiбiмен мерзiмiнен бұрын бұзылуы мүмкiн.
2. Лизинг шарты мынадай жағдайларда:
1) егер лизинг алушы лизинг нысанасын елеулi түрде нашарлатса;
2) егер лизинг алушы лизинг берушiнiң мұндай әрекеттердi тоқтатуы туралы жазбаша ескертуiне қарамастан лизинг нысанасын лизинг шартының ережелерiн немесе лизинг нысанасының мақсатын бұза отырып пайдаланатын болса;
3) егер лизинг алушы төлемнiң шартта белгiленген мерзiмi аяқталғаннан кейiн қатарынан екi немесе одан көп рет лизинг шарты бойынша төлем жасамаса, лизинг берушiнiң талап етуi бойынша бұзылуы, ал лизинг нысанасы лизинг алушының есебiнен лизинг берушiге қайтарылуы мүмкiн.
3. Мынадай жағдайларда:
1) егер лизинг берушi шарттың ережелерiне сәйкес лизинг нысанасын бермесе немесе лизинг нысанасын пайдалануға кедергi жасайтын болса;
2) егер берiлген лизинг нысанасында оны пайдалануға кедергi келтiретiн, лизинг шартында ескертiлмеген кемшiлiктерi болса;
3) егер лизинг берушi лизинг нысанасын жеткiзiп беру мерзiмiн бұзса, лизинг алушының талап етуi бойынша лизинг шарты бұзылуы, ал лизинг нысанасы лизинг берушiнiң есебiнен оған қайтарылуы мүмкiн.
18-бап. Лизинг берушiнi немесе лизинг алушыны ауыстыру
Егер осы Заңда, лизинг шартында немесе Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде өзгеше көзделмеген болса, лизинг берушi және лизинг алушы лизинг шарты бойынша өздерiне тиесiлi құқықтың бәрiн тараптардың екiжақты келiсiм бойынша үшiншi бiр тұлғаларға беруге құқылы.
19-бап. Лизинг нысанасын лизинг алушыға беру
1. Егер лизинг шартында немесе сатып алу-сату шартында өзгеше көзделмеген болса, сатушы лизинг нысанасын тiкелей лизинг алушыға оның жүрген жерiнде бередi.
2. Лизинг нысанасы лизинг алушыға оның барлық керек-жарағымен және оған қатысты құжаттармен (жиынтықтамалығын, қауiпсiздiгiн, сапасын, монтаждау, жөнге келтiру, пайдалану тәртiбiн растайтын құжаттармен және басқалармен) бiрге берiледi.
3. Егер мұндай керек-жарақ пен құжаттар берiлмесе және лизинг алушы лизинг нысанасын оның мақсатына сәйкес пайдалана алмаса, не лизинг шартын жасаған кезде үмiт артуға құқылы болған мәселелерге едәуiр дәрежеде қол жеткiзе алмаса, оның лизинг берушiден мұндай керек-жарақ пен құжаттарды өзiне беруiн талап етуге немесе лизинг нысанасын лизинг берушiнiң есебiнен лизинг берушiге қайтара отырып шартты бұзуға құқығы бар.
4. Егер лизинг берушi лизинг нысанасын лизинг алушыға шартта көрсетiлген мерзiмде бермесе, лизинг алушының лизинг нысанасын сұратып алуға немесе шартты бұзуды талап етуге құқығы бар. Мұндай жағдайда ол мерзiмнiң өзгертiлуi дүлей күштер жағдаяттарының салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, лизинг берушi шартты бұзуға байланысты шығындарды өзi өтейдi.
20-бап. Лизинг нысанасының кездейсоқ жойылу қаупiнiң тәуекелi
1. Егер шартта өзгеше көзделмеген болса, лизинг нысанасының кездейсоқ жойылу немесе бүлiну қаупiнiң тәуекелi лизинг нысанасын өзiне берген кезден бастап лизинг алушыға ауысады.
2. Лизинг шартында лизинг берушiнiң немесе лизинг алушының лизинг нысанасын сақтандыру жөнiндегi мiндетi көзделуi мүмкiн.
3. Егер лизинг нысанасын сақтандыруға мiндеттi тарап лизинг шартының талаптарына сәйкес сақтандыруды жүзеге асырмаған болса басқа тарап лизинг нысанасын сақтандырып, мiндеттi тараптан сақтандыру төлемi түрiндегi шығындарды өтеудi талап етуге құқылы.
21-бап. Лизинг төлемдерi
Лизинг төлемдерi - лизинг шартын жасаған кездегi баға бойынша және лизинг шарты қолданылатын мерзiм бойына жүзеге асырылатын лизинг нысанасы құнының барлық немесе елеулi бөлiгiнiң өтелуiн (амортизациясын) ескере отырып есептелуге тиiс мерзiмдiк төлемдер, оған мыналар енедi:
1) лизинг шартына сәйкес лизинг берушiге лизинг нысанасын сатып алуға жұмсалған шығындарды және лизинг нысанасын сатып алуға, жеткiзiп беруге және нысаналы түрде пайдаланылуы үшiн оны жұмыс iстейтiн күйге келтiруге тiкелей байланысты кез келген басқа шығындарды өтеу;
2) лизинг бойынша сыйақы.
22-бап. Лизинг есебi
Лизинг есебi бухгалтерлiк есеп жөнiндегi заңдардың талаптарына сәйкес жүргiзiледi.
23-бап. Лизинг нысанасын қайтару
1. Егер лизинг шартында лизинг алушының лизинг нысанасын өз меншiгiне сатып алу құқығы немесе мiндеттемесi көзделмеген болса не ол лизинг нысанасын сатып алудың көзделген құқығын пайдаланбаған болса, не лизинг шарты сот тәртiбiмен мерзiмiнен бұрын тоқтатылған болса, лизинг алушы лизинг нысанасын лизинг шартының немесе осы Заңның талаптарына сәйкес қайтаруға тиiс.
2. Лизинг нысанасы қалыпты тозуды ескере отырып, лизинг алушы оны қандай күйде алса, сондай күйiнде немесе лизинг шартында ескертiлген күйiнде қайтарылуға тиiс.
3. Қайтарылатын лизинг нысанасының жай-күйi осы баптың 2-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келмейтiн болса, егер лизинг шартында өзгеше көзделмеген болса, лизинг алушы лизинг берушiге келтiрiлген залалды өтейдi.
4. Егер лизинг нысанасы лизинг алушының дұрыс пайдаланбауы салдарынан оның техникалық сипаттамаларында ескертiлген мерзiмнен бұрын қалыпты жұмыс жағдайынан шығып қалып, лизинг берушiге қайтарып берiлсе, онда, егер лизинг шартында өзгеше көзделмеген болса, лизинг алушы лизинг берушiге залалды өтеуге мiндеттi.
5. Егер лизинг алушы лизинг нысанасын қайтаруға мiндеттi болғанымен, оны қайтармаса не дер кезiнде қайтармаса, лизинг берушiнiң бүкiл кешiктiрiлген кезең үшiн лизинг төлемдерiн төлеудi талап етуге құқығы бар. Егер лизинг төлемдерi лизинг берушiге келтiрiлген залалдың орнын толтырмайтын болса, оның осы залалды өтеудi талап етуге құқығы бар.
24-бап. Лизинг нысанасын сұратып алу
1. Лизинг берушi мынадай жағдайларда:
1) егер лизинг алушының лизинг нысанасын пайдалануы лизинг шартының талаптарына немесе лизинг нысанасының мақсатына сәйкес келмесе;
2) егер лизинг алушы лизинг берушiнiң лизинг нысанасына қол жеткiзуiн шектесе;
3) егер лизинг алушы лизинг шартында белгiленген мерзiм аяқталғаннан кейiн лизинг төлемдерiн екi немесе одан көп рет төлемесе, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен лизинг нысанасын даусыз сұратып алуға құқығы бар.
2. Лизинг нысанасын даусыз алып қою Қазақстан Республикасының Азаматтық iс жүргiзу кодексiне сәйкес бұйрық iсiн жүргiзу тәртiбiмен жүзеге асырылады.
3. Сот бұйрығын шығару үшiн лизинг берушi:
1) өтiнiштi;
2) лизинг шартын;
3) лизинг нысанасының сұратып алыну ықтималдығы туралы лизинг алушыға жiберiлген жазбаша ескертудi;
4) лизинг алушының лизинг төлемдерiн нақты төлегенiн растайтын құжаттарды тапсырады.
4. Лизинг алушы сот бұйрығының көшiрмесiн алған күннен бастап он күн мерзiм iшiнде лизинг нысанасын алып қою туралы мәлiмделген талапқа бiлдiрген қарсылығын кез келген байланыс құралын пайдалана отырып, бұйрық шығарған сотқа жiберуге құқылы.
3-тарау. Қорытынды ережелер
25-бап. Лизинг қызметiн жүзеге асыру режимi
1. Осы Заңға сәйкес жүзеге асырылатын лизинг қызметiне Қазақстан Республикасының шетелдiк инвестициялар туралы және тiкелей инвестицияларды мемлекеттiк қолдау туралы заңдарында көзделген инвестициялық қызметтi жүзеге асырудың құқықтық және экономикалық тәртiбi қолданылады.
2. Қазақстан Республикасының кеден заңдарында белгiленген тауарларды уақытша әкелу мен уақытша әкетудiң кеден тәртiбi қолданылатын лизинг нысаналарының тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайды.
26-бап. Осы Заңның қолданысқа енуi
Осы Заң жарияланған күннен бастап қолданысқа енедi.
Қазақстан Республикасының
Президенті