Мемлекеттік саяси қызметшілер лауазымдарының тізілімі мен мемлекеттік
саяси қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану тәртібі туралы ережені бекіту
туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 ж. 29 желтоқсандағы N
317 Жарлығы
(ҚР Президентінің 22.05.00 ж. N 401; 13.11.01 ж. N 720; 21.06.02 ж.
N 895; 24.09.02 ж. N 951; 16.05.03 ж. N 1094 Жарлықтарымен
енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция ҚР Президентінің 23.04.04 ж. N 1350 Жарлығымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
"Мемлекеттік қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қаулы етемін:
1. Мемлекеттік саяси қызметшілер лауазымдарының тізілімі, Мемлекеттік саяси қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану тәртібі туралы ереже бекітілсін (қоса беріліп отыр).
2. Осы Жарлық 2000 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Қазақстан Республикасы
Президентінің 1999 жылғы
29 желтоқсандағы N 317
Жарлығымен бекітілген
ҚР Президентінің 22.05.00 ж. N 401; 13.11.01 ж. N 720; 24.09.02 ж. N 951; 16.05.03 ж. N 1094 (бұр. ред. қара) Жарлықтарымен тізілім өзгертілді
Мемлекеттік саяси қызметшілер
лауазымдарының тізілімі
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, оның бірінші орынбасары мен орынбасарлары
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысы
Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлігінiң Басшысы, оның бiрiншi орынбасары мен орынбасарлары
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің Басшысы, оның бірінші орынбасары мен орынбасарлары
Қазақстан Республикасының министрлері, олардың бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары (Ішкі істер министрін, Қорғаныс министрін, олардың бірінші орынбасары мен орынбасарларын қоспағанда)
Қазақстан Республикасы Президентінің ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі көмекшісі - Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы, оның орынбасарлары;
Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы және мүшелері
Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, олардың бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары (Бас прокуратураны, Ұлттық қауіпсіздік комитетін, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметін, Республикалық ұланды қоспағанда)
Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, төрағаның орынбасары, хатшысы мен мүшелері
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы және мүшелері
Облыстардың, астананың және республикалық маңызы бар қаланың әкімдері, олардың бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары
Облыстардың, астананың және республикалық маңызы бар қаланың әкiмдерi аппараттарының басшылары
Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшілері
Қазақстан Республикасы Қауiпсiздiк Кеңесiнiң Хатшысы, оның орынбасарлары;
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшілері
Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгі Кеңсесiнiң меңгерушiсi
Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, олардың бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары Қазақстан Республикасы Президентінің арнаулы өкілдері
Қазақстан Республикасының Президенті Мұрағатының директоры, оның орынбасарлары
Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты және Мәжілісі аппараттарының басшылары, олардың орынбасарлары
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелерінің мемлекеттік инспекторлары
Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың басшылары, олардың бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары
Заңды тұлға құқығы бар комитеттердің төрағалары, олардың бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары
Қалалардың, аудандардың, аудандардағы қалалардың және қалалардағы аудандардың, селолардың, селолық округтердің, кенттердің, ауылдың әкімдері
Қазақстан Республикасы
Президентінің 1999 жылғы
29 желтоқсандағы N 317
Жарлығымен бекітілген
Мемлекеттік саяси қызметшілерге тәртіптік
жазалар қолдану тәртібі туралы
Ереже
1. Осы Ережеде қолданылатын түсініктер
1. Мемлекеттік саяси қызметшілердің (бұдан әрі - қызметшілер) тәртіптік жауапкершілігі - олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін қызметшілерге қолданылатын заңдық жауапкершіліктің түрі.
ҚР Президентінің 21.06.02 ж. N 895 Жарлығымен 2-тармақ өзгертілді
2. Тәртіптік теріс қылық (бұдан әрі - теріс қылық) құқыққа қайшы, қызметшілердің өзіне жүктелген міндеттерді орындамау кінәсі, тиісінше орындамауы немесе лауазымдық өкілеттігінің шегінен шығуы, тәртiптiк жауапкершілікке әкеп соғатын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдарды, Қызмет этикасы ережесiн мемлекеттік және еңбек тәртібін бұзуы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік қызмет туралы" Заңында (бұдан әрі "Мемлекеттік қызмет туралы" немесе Заң) белгіленген мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді сақтамауы болып табылады.
3. Тәртіптік жаза (бұдан әрі - жаза) - мемлекеттік қызметшіге теріс қылық жасағаны үшін жоғары тұрған лауазымды адам немесе мемлекеттік орган қолдануы мүмкін тәртіптік жауапкершілік шарасы.
2. Тәртіптік жазалардың түрлері
ҚР Президентінің 21.06.02 ж. N 895 Жарлығымен 4-тармақ өзгертілді және толықтырылды
4. "Мемлекеттік қызмет туралы" Заңның 28-бабына және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Заңға сәйкес қызметшілерге мынадай жазалар:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
4) қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту;
4-1) тиiстi өкiлеттiлiк беруден бас тарту;
4-2) мемлекеттiк функцияларды орындаудан босату;
4-3) лауазымын төмендету;
5) атқаратын қызметінен босату қолданылуы мүмкін.
5. Жасалғаны үшін заңда көзделген өзгедей жауаптылыққа әкеп соғатын әрекет үшін жаза қолданылмайды.
6. Жаза туралы деректер мемлекеттік органдардың кадр қызметтерінің мемлекеттік саяси қызметшілердің дербес ісіне енгізуі арқылы есепке алынуға тиіс.
3. Жаза қолданудың шарты
7. Жаза кінәлі адамның кінәсінің нысаны мен дәрежесіне, жасалған теріс қылықтың ауырлығына сәйкес келуге тиіс.
8. Тәртіптік жазаның түрін анықтау кезінде:
1) теріс қылықтың мазмұны мен сипаты;
2) теріс қылық жасалған кездегі жағдай;
3) жасалған теріс қылық әкеп соққан немесе соғуы мүмкін келеңсіз зардаптар;
4) оны жасаған адамның бұрынғы мінез-құлқы;
5) мемлекеттік қызмет өтілі (стажы);
6) қызметшінің жеке басын сипаттайтын басқа да жағдайлар есепке алынады.
9. Жаза теріс қылықты бірнеше қызметшілер бірлесіп жасаған жағдайда әрбір қызметшіге жеке қолданылады.
10. Жасалған теріс қылық үшін тек бір ғана жаза қолданылады.
4. Жаза қолданатын субъектілер мен тәртібі
11. Қызметшілерге жазаны заңдарда көзделген өкілеттіктеріне сәйкес жаза қолдануға құқығы бар жоғары тұрған лауазымды адамдар немесе мемлекеттік органдар қолданады.
12. Жазаны:
1) Мемлекет басшысы тағайындаған қызметшілерге ол өз бастамашылығымен немесе осы қызметшілердің тікелей басшыларының, Мемлекет басшысы уәкілеттік берген өзге мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың ұсынысы бойынша қолданады;
2) Әкімшілік басшысы тағайындаған Президент Әкімшілігінің қызметшілеріне - Әкімшілік басшысы өз бастамашылығымен немесе Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелері басшыларының ұсыныстары бойынша қолданады;
3) Премьер-Министр Кеңсесі мен орталық атқарушы органдардың қызметшілеріне - Үкімет немесе Премьер-Министр өз бастамашылығымен не тиісінше Кеңсе басшысының, Үкіметтің өзге мүшелерінің, Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдар басшыларының ұсыныстары бойынша қолданады;
4) Парламент Палаталары аппараттарының қызметшілеріне - осы Палаталардың Бюролары Палаталар Төрағаларының ұсыныстары бойынша қолданады;
5) жергілікті атқарушы органдардың қызметшілеріне - осы атқарушы органдардың жоғары тұрған басшылары қолданады;
6) өзге мемлекеттік саяси қызметшілерге - өз бастамашылығымен немесе осы қызметшілердің тікелей басшыларының ұсыныстары бойынша мемлекеттік органдардың басшылары қолданады.
13. Тәртіптік жаза қолдануға дейін қызметтік тексеру жүргізілуі мүмкін. Кінәліден теріс қылық жасағаны туралы жазбаша түсініктеме талап етіліп алынуға тиіс.
14. Кінәлінің түсініктеме беруден бас тартуы жаза қолдану үшін кедергі бола алмайды.
15. Жаза қолданылған адамды, тиісті мемлекеттік органның кадр қызметі қолын қойдырып немесе өзге де жолмен қолданылған жаза туралы хабардар етеді.
16. Жаза қызметшіге тиісті мемлекеттік органның, оның алқасының отырысында немесе тізбесін осы жазаны қолданған лауазымды адам айқындаған қызметшілердің қатысуымен жариялануы мүмкін.
ҚР Президентінің 21.06.02 ж. N 895 Жарлығымен ереже 16-1-тармақпен толықтырылды
16-1. Тәртiптiк жауапкершiлiкке әкеп соғатын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдарды бұзуға байланысты терiс қылықтарды, сондай-ақ мемлекеттiк саяси қызметшiлер жол берген Қызмет этикасы ережесiнiң бұзылуын Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және мемлекеттiк қызметшiлердiң қызмет этикасын сақтауы мәселелерi жөнiндегi комиссия (бұдан әрi - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерi жөнiндегi комиссия) қарайды, ол қызметтiк тексеру жүргiзу туралы ұсыным, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың, оларды қызмет орнынан босатуға дейiн, тәртiптiк жауапкершілігi туралы ұсыныс енгiзуге құқылы.
Тәртiптiк жауапкершiлiкке әкеп соғатын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңдарды бұзуға байланысты терiс қылықтарды, сондай-ақ қалалар, аудандар, аудандардағы қалалар мен қалалардағы аудандар, кенттер, ауылдар, селолар, ауылдық, селолық округтер әкiмдерi жол берген Қызмет этикасы ережесiнiң бұзылуын облыстардың, Астана және Алматы қалаларының тәртiптiк кеңестерi қарайды, ол қызметтiк тексеру жүргiзу туралы ұсыным, сондай-ақ лауазымды тұлғалардың, оларды қызмет орнынан босатуға дейiн, тәртiптiк жауапкершілігi туралы ұсыныс енгiзуге құқылы.
Қызметтік тексеру тәртіптік жаза қолдануға уәкiлеттi тұлғаның тапсырмасы бойынша жүргiзiледi.
17. Жазаны қолдану туралы шешімге шағымдану оның орындалуын тоқтата тұрмайды.
5. Жаза қолдану мерзімдері
18. Тәртіптік жаза теріс қылық байқалған күннен бастап бір айдан кешіктірмей қолданылады және оны теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешіктіріп қолдануға болмайды.
ҚР Президентінің 21.06.02 ж. N 895 Жарлығымен ереже 18-1-тармақпен толықтырылды
18-1. Қылмыстық іс қозғаудан бас тартылған не қылмыстық iс тоқтатылған, бiрақ қызметшiнiң iс-әрекетiнде тәртiптiк терiс қылық болған жағдайда жаза қылмыстық iс қозғаудан бас тартылғаны не қылмыстық iс тоқтатылғаны туралы шешiм қабылданған күннен бастап бiр айдан кешiктiрiлмей қолданылуы мүмкiн.
6. Жаза қолдану туралы актілер
19. Жаза мынадай актілер шығару жолымен қолданылады:
1) Республика Президентінің Жарлығы немесе өкімі;
2) Республика Үкіметінің қаулысы;
3) Республика Премьер-Министрінің өкімі;
4) орталық және жергілікті атқарушы органдардың және өзге уәкілетті лауазымды адамдардың бұйрықтары немесе заңдарда көзделген өзге актілер.
20. Жаза қолдану туралы актіде, жасалғаны үшін жаза қолданылып отырған теріс қылық, жазаның түрі және ол қолданылатын адам көрсетіледі.
ҚР Президентінің 21.06.02 ж. N 895 Жарлығымен ереже 20-1-тармақпен толықтырылды
20-1. Жаза қолдану туралы мәлiметтер мен актілер қызметшiлердiң қызмет ету тiзiмiне енгiзу жолымен мемлекеттiк органның кадр қызметiнiң есебiне алынуға тиiс.
Тәртiптiк жауапкершiлiкке әкеп соғатын, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасаған қызметшiлерге мемлекеттiк орган басшысы қолданған жазалар туралы мәлiметтердi құқықтық статистика және ақпарат жөнiндегi уәкілеттi органға кадр қызметiнiң мiндеттi табыс етуi тиiс.
7. Жазаны алып тастау
21. Егер жаза қолданылған күннен бастап бір жыл ішінде қызметшіге жаңа жаза қолданылмаса, онда оған тәртіптік жаза қолданылмаған болып есептеледі.
22. Қызметшіге бірнеше жаза қолданылған жағдайда мерзімі бойынша соңғы жаза қолданылған күннен бастап ол бір жыл өткенге дейін жазалы болып есептеледі.
23. Егер қызметші жаңа теріс қылық жасамаса және сонымен қатар өзін адал қызметкер ретінде көрсетсе, жаза бір жыл өткенге дейін алынуы мүмкін.
24. Мемлекеттік саяси қызметшінің лауазымды міндеттері тоқтатылған күнге дейін алынбаған жаза осы міндеттер тоқтатылған күннен бастап алынған болып есептеледі.
25. Жазаны мерзімінен бұрын алып тастауды:
1) оны қолданған лауазымды адам (мемлекеттік орган) немесе жоғары тұрған лауазымды адам (мемлекеттік орган) жүргізеді;
2) Ол тиісті актімен жүргізіледі, бұл туралы қызметшіге тиісті мемлекеттік органның кадр қызметі жариялайды.
26. Жазаны мерзімінен бұрын алып тастау үшін жаза қолданылған қызметшінің тікелей басшысы инстанция бойынша тиісті өтініш жолдайды.
ҚР Президентінің 21.06.02 ж. N 895 Жарлығымен 26-1-тармақпен толықтырылды
26-1. Тәртiптiк жауапкершiлiкке әкеп соғатын, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасағаны үшiн жазаны мерзiмiнен бұрын алып тастау, егер ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелерi жөнiндегi комиссияның ұсынымымен қолданылған болса, тек оның келiсiмiмен ғана жүргiзiледi.
8. Мемлекеттік саяси қызметшілер тәртіптік жауапкершілікке
тартылған кездегі олардың құқық кепілдіктері
27. Мемлекеттік саяси қызметші өзін тәртіптік жауапкершілікке тартуға байланысты құжаттармен танысуға, заңдарда белгіленген тәртіппен өзіне қолданылған жаза туралы жоғары мемлекеттік органға, жоғары тұрған лауазымды адамға не сотқа шағым жасауға хақылы.
28. Осы кепілдіктер Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы оның шешімдеріне қолданылмайды.