4. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органы мүшелерінің серіктестікті тиісті дәрежеде басқармауы душар еткен серіктестіктің дәрменсіздігі (банкроттығы) салдарынан үшінші жақ шеккен зияндар үшін атқарушы органның мүшелері осы адамдар алдында серіктестікпен бірге ортақ субсидиялық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
53-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жеке-дара атқарушы органы
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жеке-дара атқарушы органы (директор, басқарушы және т.с.с.):
1) серіктестіктің атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
2) серіктестіктің өкілі болу құқығына сенімхаттар, соның ішінде қайта сенім арту құқығымен сенімхаттар береді;
3) серіктестік қызметкерлеріне қатысты оларды қызметке тағайындау туралы, оларды басқа жұмысқа ауыстыру және жұмыстан шығару туралы бұйрықтар шығарады, еңбекке ақы төлеу жүйелерін белгілейді, лауазымдық жалақы мен дербес үстемақылардың мөлшерін белгілейді, сыйақы беру мәселелерін шешеді, көтермелеу шараларын қолданады және тәртіптік жазалар қолданады;
4) осы Заңмен немесе серіктестіктің жарғысымен қатысушылардың жалпы жиналысының немесе байқаушы органдарының құзыретіне жатқызылмаған өзге де өкілеттіктерді, сондай-ақ оған серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы берген өкілеттіктерді жүзеге асырады (осы Заңның 43-бабының 3-тармағы).
2. Серіктестіктің жеке-дара атқарушы органы қызметінің және оның шешімдер қабылдау тәртібін серіктестіктің жарғысы, сондай-ақ қатысушылардың жалпы жиналысы қабылдаған ережелер мен өзге де құжаттар белгілейді.
3. Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысына сәйкес оның істерін жүргізу алқалы атқарушы органға біріктірілмеген екі немесе бірнеше директорға (басқарушыға және т.с.с.) бір мезгілде тапсырылса, онда мұндай директорлардың (басқарушылардың және т.с.с.) әрқайсысы серіктестіктің атынан сенімхатсыз әрекет жасауға құқылы. Мұндай директорларға (басқарушыларға және т.с.с.) осы баптың ережелері қолданылады.
54-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің алқалы атқарушы органы
1. Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысында алқалы атқарушы орган (дирекция, басқарма және т.с.с.) құру көзделген болса, мұндай органды, егер заң актілерінде немесе серіктестіктің жарғысында өзгеше белгіленбесе, жеті адамнан аспайтын құрамда серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы сайлайды.
2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің алқалы атқарушы органының басшысын, егер серіктестік жарғысында оны алқалы органның өзі сайлайтыны көзделмесе, серіктестіктің жалпы жиналысы сайлайды.
3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің алқалы атқарушы органының басшысы осы органның жұмыс істеуін қамтамасыз етеді және оның отырыстарын басқарады. Ол осы Заңның 53-бабы 1-тармағының 1)-3) тармақшаларына сәйкес серіктестіктің жеке-дара атқарушы органына тиесілі құқықтарды иеленеді.
4. Серіктестіктің алқалы атқарушы органы қызметінің және оның шешімдер қабылдау тәртібін серіктестіктің жарғысы, сондай-ақ қатысушылардың жалпы жиналысы қабылдаған ережелер мен өзге де құжаттар белгілейді.
55-бап. Атқарушы орган мүшелері мен жауапкершілігі шектеулі серіктестік мүдделерінің қақтығысы
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының мүшелеріне:
1) жалпы жиналыстың келісімінсіз серіктестікпен одан мүліктік пайда табуға бағытталған мәмілелер (сыйға тарту, заем, тегін пайдалану, сатып алу-сату шарттарын және тағы басқаларын қоса) жасауға;
2) серіктестіктің үшінші жақпен жасаған мәмілелері үшін серіктестіктің өзінен де, үшінші жақтан да комиссиялық сыйақы алуға;
3) үшінші жақтың серіктестікпен арадағы қатынастарында олардың атынан немесе мүдделері үшін әрекет жасауға;
4) серіктестіктің қызметімен бәсекелесетін кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады.
Серіктестіктің жарғысында оның атқарушы органының мүшелері үшін өзге де тыйым салулар көзделуі мүмкін.
2. Осы баптың 1-тармағының 1)-3) тармақшаларында көзделген шектеулер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органы мүшелерінің зайыбына да, барлық тікелей кейінгі және ата-тегі тамыры бойынша туыстарына да, сондай-ақ туған аға-інілері мен апа-сіңлілеріне де қолданылады.
3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке кез келген қатысушының атқарушы орган мүшелерінің немесе олардың осы баптың 2-тармағында аталған туған-туыстарының осы баптың 1-тармағында не тиісінше осы тармақтың 1)-3) тармақшаларында көзделген тыйым салуларды бұзуы келтірген зиянды серіктестікке өтеуін сотта талап етуге құқылы.
56-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті немесе оның мүлкін сенімгерлік басқаруға беру
Жауапкершілігі шектеулі серіктестік немесе оның мүлкі, егер серіктестіктің құрылтай құжаттарында өзгеше көзделмесе, сенімгерлік басқаруға берілуі мүмкін.
57-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің байқаушы кеңесі
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының қызметін бақылауды жүзеге асыру үшін серіктестіктің жарғысында серіктестікте байқаушы кеңес құру көзделуі мүмкін.
2. Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысында тексеру комиссиясын (тексерушіні) сайлау көзделмесе, серіктестіктің байқаушы кеңесі осы Заңға сәйкес тексеру комиссиясына тиесілі барлық құқықтарды иеленеді.
3. Серіктестіктің байқаушы кеңесінің мүшелерін белгіленген, бірақ бес жылдан аспайтын мерзімге жалпы жиналыс сайлайды.
4. Байқаушы кеңестің мүшесі ретінде тек жеке тұлға ғана әрекет ете алады. Ол бір мезгілде серіктестіктің атқарушы органының мүшесі бола алмайды.
5. Серіктестіктің байқаушы кеңесі қызметінің және оның шешімдер қабылдауының тәртібі серіктестіктің жарғысында, сондай-ақ жалпы жиналыс қабылдаған ережелерде және өзге құжаттарда белгіленеді.
Байқаушы кеңесте дауыс беру кезінде кеңестің әр мүшесі бір дауысқа ие болады.
6. Серіктестіктің байқаушы кеңесі өзінің атқарушы органының қызметін бақылауды тиісті дәрежеде жүзеге асырмауы салдарынан жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен үшінші жаққа келтірілген зиян үшін байқаушы кеңестің мүшелері осы Заңның 52-бабының 3 және 4-тармақтарында көзделген ережелерге сәйкес жауап береді.
58-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің тексеру комиссиясы (тексерушісі)
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының қаржышаруашылық қызметін бақылауды және асыру үшін серіктестікке қатысушылар немесе олардың өкілдері арасынан тексеру комиссиясы құрылуы мүмкін.
Тексеру комиссиясы, егер серіктестіктің жарғысында оның мүшелері санының көбірек болуы көзделмесе, бес адамнан аспайтын құрамда құрылады.
Тексеру комиссиясының қызметін атқару серіктестікке қатысушылардың біреуіне немесе жеке-дара тексеруші ретінде оның өкіліне тапсырылуы мүмкін.
2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің тексеру комиссиясын немесе жеке-дара тексерушісін жалпы жиналыс серіктестіктің жарғысында белгіленген, бірақ бес жылдан аспайтын мерзімге сайлайды.
3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының мүшелері бір мезгілде тексеру комиссиясының мүшелері (тексерушілері) бола алмайды.
4. Тексеру комиссиясы (тексеруші) кез келген уақытта жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органының қаржы-шаруашылық қызметіне тексеру жүргізуге құқылы. Тексеру комиссиясы (тексеруші) осы мақсатта серіктестіктің барлық құжаттамасын ешқандай кедергісіз көру құқығына ие болады. Тексеру комиссиясының (тексерушінің) талап етуі бойынша атқарушы органның мүшелері ауызша немесе жазбаша түрде қажетті түсіндірмелер беруге міндетті.
5. Тексеру комиссиясы (тексеруші) жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы бекіткенге дейін серіктестіктің жылдық қаржылық есептемесіне міндетті түрде тексеру жүргізеді. Жалпы жиналыстың тексеру комиссиясының (тексерушінің) қорытындысы не аудитордың қорытындысы болмайынша жылдық қаржылық есептемені бекітуге құқығы жоқ (осы Заңның 59-бабы).
6. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің тексеру комиссиясының (тексерушінің) жұмыс тәртібі жарғымен, сондай-ақ серіктестіктің ішкі қызметін реттейтін ережелермен және өзге де құжаттармен белгіленеді.
59-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктегі сыртқы аудит
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жылдық қаржылық есептемелерінің дұрыстығын, сондай-ақ оның істерінің ағымдағы жай-күйін тексеру және растау үшін серіктестік өз жарғысында белгіленген жағдайларда және тәртіп бойынша серіктестікпен, оның атқарушы органының, байқаушы кеңесінің мүшелерімен немесе қатысушыларымен арада мүліктік мүдделермен байланысы жоқ кәсіби аудиторды (сыртқы аудит) тартуға құқығы бар.
2. Кәсіпкерлік қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын барлық жауапкершілік шектеулі серіктестіктер үшін жылдық немесе өзге де қаржылық есептемелерге заң актілерімен міндетті түрде аудиторлық тексеру жүргізу белгіленуі мүмкін.
3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің кез келген қатысушысы серіктестіктің жылдық қаржылық есептемелеріне өз есебінен аудиторлық тексеру жүргізуді талап етуге құқылы.
4. Егер осындай тексеру міндетті болған кезде не оны жүргізуді серіктестікке қатысушы талап еткен кезде жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органы серіктестіктің жылдық қаржылық есептемелеріне аудиторлық тексеру жүргізуден жалтарса, мұндай тексеру кез келген мүдделі адамның не серіктестікке қатысушының өтініші бойынша қабылданған сот шешімімен белгіленуі мүмкін.
60-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ашық қаржылық есептемесі
Заң актілерінде кәсіпкерлік қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыратын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер үшін тиісті жылдық қаржылық есептемелерді жалпы жұрттың назарына ұсыну үшін жариялаудың міндеттілігі көзделуі мүмкін.
VI-тарау. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті
қайта ұйымдастыру және тарату
61-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті қайта ұйымдастыру
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті қайта ұйымдастыру (қосу, біріктіру, бөлу, бөліп шығару, қайта құру) серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының шешімі бойынша ерікті түрде жүзеге асырылуы мүмкін.
Үлесті иеліктен айыру немесе серіктестікке қатысушылар құрамының өзге де өзгерісі серіктестікті қайта ұйымдастыру болып табылмайды.
2. Заң актілерінде белгіленген жағдайларда жауапкершілігі шектеулі серіктестікті бөлу немесе оның құрамынан бір немесе бірнеше серіктестікті бөліп шығару нысанында серіктестікті қайта ұйымдастыру уәкілетті мемлекеттік органдардың шешімі бойынша немесе соттың шешімі бойынша жүзеге асырылады.
3. Заң актілерінде белгіленген жағдайларда қосу немесе біріктіру нысанында жауапкершілігі шектеулі серіктестікті қайта ұйымдастыру уәкілетті мемлекеттік органдардың келісімімен ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
4. Егер заң актілерінде немесе қайта ұйымдастыру туралы шешімде өзгеше көзделмесе, қайта ұйымдастырылған серіктестіктің мүлкі оны тіркеу кезінде оның құқықтық мұрагеріне ауысады.
62-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді қосу, біріктіру
1. Екі немесе бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестікті қосу осы серіктестіктердің мүлкін толық біріктіру арқылы жүзеге асырылады. Қосу нәтижесінде жаңа серіктестік пайда болады. Жаңа серіктестіктің құрамына кірген серіктестіктер өз қызметін тоқтатады. Бұл орайда серіктестіктерді қосуға қатысушылардың әрқайсысының барлық құқықтары мен міндеттері өткізу актісіне сәйкес жаңадан пайда болған серіктестікке ауысады.
2. Бір немесе бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің басқа жауапкершілігі шектеулі серіктестікке бірігуі қосылатын серіктестіктердің мүлкін қосып алушы серіктестіктің мүлкіне енгізу арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте бірігуші серіктестіктер тоқтатылады, ал олардың барлық құқықтары мен міндеттері өткізу актісіне сәйкес біріктіруші серіктестікке ауысады, оның жарғысына қайта ұйымдастыруға байланысты өзгерістер енгізіледі.
3. Қосуға, бірігуге қатысушы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің атқарушы органдары қосу, бірігу туралы шарттардың жобаларын дайындайды және қосу, бірігу туралы мәселені әрбір серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысының қарауына және қосу, бірігу туралы шартты бекітуіне енгізеді.
Қосу, бірігу туралы шарттың келісілген мәтініне серіктестіктердің осыған уәкілетті атқарушы органдары қол қояды.
Қосу, бірігу туралы шарт қосуға, бірігуге қатысушы әрбір серіктестіктің фирмалық атауы, орналасқан жері мен мекен-жайы туралы мәліметтерді, олардың баланстарының негізгі деректерін қамтуға, сондай-ақ онда қосудың, бірігудің тәртібі мен жағдайлары көзделуге тиіс.
4. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді қосуға, бірігуге қатысушылардың әрқайсысы өз қатысушыларының жалпы жиналысы қосу, бірігу туралы шешім қабылдаған күннен бастап екі ай мерзім ішінде өзінің барлық кредит берушілеріне қосу, бірігу туралы жазбаша хабарлама жіберуге және ресми баспасөз органдарында тиісті хабарландыру беруге міндетті. Хабарламаға (хабарландыруға) қосуға, бірігуге қатысушы басқа серіктестіктер туралы осы баптың 3-тармағында аталған мәліметтер қоса тіркеледі.
Серіктестіктің кредит берушілері хабарлама алған немесе хабарландыру жарияланған күннен бастап екі ай мерзім ішінде серіктестіктен қосымша кепілдіктерді не серіктестіктің тиісті міндеттемелерді мерзімінен бұрын тоқтатуын немесе орындауын және зияндарды өтеуін талап етуге құқылы. Талаптар серіктестікке жазбаша түрде жіберіледі, ал олардың көшірмелері серіктестікті мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған органға берілуі мүмкін.
5. Қосуға, бірігуге қатысушы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің әрқайсысы өз қатысушыларының жалпы жиналысы қосу, бірігу туралы шешім қабылдаған кезден бастап, шешім қабылданғаннан кейін пайда болатын міндеттемелер бойынша кредит берушілерге бұл шешім туралы хабарлауға міндетті.
Серіктестіктердің қосылуы, бірігуі туралы шарттың негізінде қосылушы, бірігуші серіктестіктерге қатысушылар құрылтай шартын әзірлеп, құрылтай жиналысында оған қол қояды, ал қосылған кезде жаңадан құрылып жатқан серіктестіктің жарғысын бекітіп, серіктестіктің атқарушы және өзге де органдарын сайлайды.
63-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті бөлу, бөліп шығару
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті бөлу осы серіктестіктің мүлкін жаңадан пайда болатын екі немесе бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестік арасында бөлу арқылы жүзеге асырылады. Бұл орайда бөлінетін серіктестіктің құқықтары мен міндеттері бөлу балансына сәйкес жаңадан пайда болатын серіктестіктерге ауысады.
2. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен бір немесе бірнеше жауапкершілігі шектеулі серіктестікті бөліп шығару серіктестік мүлкінің бір бөлігін бөліп шығарып, оны жаңадан пайда болатын бір немесе бірнеше серіктестікке беру арқылы жүзеге асырылады. Бұл орайда қайта ұйымдастырылып отырған серіктестіктің құқықтары мен міндеттерінің бір бөлігі бөлу балансына сәйкес жаңадан пайда болатын серіктестіктерге ауысады.
3. Қайта ұйымдастырылып отырған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органы бөлу, бөліп шығару жоспары мен жаңадан пайда болатын серіктестіктер жарғыларының жобаларын дайындайды және қатысушылардың жалпы жиналысының қарауына серіктестікті бөлу, бөліп шығару туралы, бөлу, бөліп шығару жоспарын, жаңадан пайда болатын серіктестіктердің жарғылары мен бөлу балансын бекіту туралы, сондай-ақ жаңадан пайда болатын серіктестіктердің атқарушы және өзге де органдарын сайлау туралы мәселелерді енгізеді.
4. Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысында өзгеше көзделмесе, оны бөлу, бөліп шығару кезінде әрбір қатысушы жаңадан пайда болатын әрбір серіктестіктің жарғылық капиталынан қайта ұйымдастырылып жатқан серіктестіктің жарғылық капиталындағы өз үлесіне тең үлес алуға құқылы.
5. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік өз қатысушылардың жалпы жиналысы бөлу, бөліп шығару туралы шешім қабылдаған кезден бастап бұл шешім туралы кредит берушілерге шешім қабылданғаннан кейін пайда болатын міндеттемелер жөнінде хабарлауға міндетті.
6. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік өз қатысушыларының жалпы жиналысы бөлу, бөліп шығару туралы шешім қабылдаған күннен бастап екі ай мерзім ішінде өзінің барлық несие берушілеріне бөлу, бөліп шығару туралы жазбаша хабарлама жіберуге және ресми баспасөз органдарында тиісті хабарландыру жариялауға міндетті. Хабарламаға (хабарландыруға) бөлу балансы, сондай-ақ жаңадан пайда болатын әрбір серіктестіктің фирмалық атауы, орналасқан жері мен мекен-жайы туралы мәліметтер қоса тіркеледі.
7. Қайта ұйымдастырылып жатқан жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің кредит берушілері хабарлама алған (хабарландыру жарияланған) күннен бастап екі ай мерзім ішінде серіктестіктен тиісті міндеттемелерді мерзімінен бұрын тоқтатуды немесе орындауды және зияндарды өтеуді талап етуге құқылы. Талаптар серіктестікке жазбаша түрде жіберіледі, ал олардың көшірмелері серіктестікті мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырған органға берілуі мүмкін.
8. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті бөлу, бөліп шығару нәтижесінде пайда болған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер жаңа серіктестіктер тіркелген кезден бастап бір жыл бойы оның міндеттемелері бойынша ортақ жауапкершілікте болады.
64-бап. Уәкілетті мемлекеттік органның немесе соттың жауапкершілігі шектеулі серіктестікті мәжбүрлеп бөлу, бөліп шығару туралы шешімін орындамаудың салдарлары
1. Егер соттың шешімі бойынша мәжбүрлеп қайта ұйымдастыру кезінде бөлуді, бөліп шығаруды жүргізуге уәкілетті жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органдары соттың шешімінде белгіленген мерзімде серіктестікті бөлуді, бөліп шығаруды жүзеге асырмаса, сот серіктестік мүлкіне сенімгер басқарушы тағайындап, оған қайта ұйымдастырылатын серіктестіктің мүлкі есебінен осы серіктестікті бөлуді, бөліп шығаруды тапсырады.
2. Сенімгер басқарушы тағайындалған кезден бастап жауапкершілігі шектеулі серіктестікті басқару жөніндегі өкілеттік соған ауысады.
3. Сенімгер басқарушы сотта жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атынан әрекет етеді, бөлу балансын жасайды және оны бөлу, бөліп шығару нәтижесінде пайда болатын серіктестіктердің құрылтай құжаттарымен бірге соттың бекітуіне береді. Соттың аталған құжаттарды бекітуі жаңадан пайда болатын серіктестіктерді мемлекеттік тіркеуге негіз болып табылады.
ҚР 16.07.99 ж. N 436-1 Заңына сәйкес 65-бап өзгертілді
65-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті қайта құру
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестік өзге шаруашылық серіктестік, акционерлiк қоғам немесе өндірістік кооператив болып қайта құрылуға құқылы, өткізу актісіне сәйкес қайта құрылатын серіктестіктің барлық құқықтары мен міндеттері соған ауысады.
2. Қайта құрылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің атқарушы органы қайта құрудың тәртібі мен шарттарын белгілейтін қайта құру жоспары мен жаңадан пайда болатын акционерлiк қоғам заңды тұлға жарғысының жобасын дайындайды және серіктестікті қайта құру, қайта құрудың жоспары мен жарғыны бекіту, сондай-ақ жаңадан пайда болатын серіктестіктің немесе өндірістік кооперативтің атқарушы және өзге органдарын сайлау туралы мәселелерді қатысушылардың жалпы жиналысының шешім шығаруына енгізеді.
66-бап. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті қайта ұйымдастыруды жақтап дауыс бермеген қатысушылардың үлестерін сатып алу
1. Жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылардың жалпы жиналысы серіктестікті қайта ұйымдастыру туралы мәселені шешкен кезде оған қатыспаған не мұндай шешімге қарсы дауыс берген серіктестікке қатысушылар өз үлестерін серіктестіктің қайта ұйымдастырылуын жақтап дауыс берген қатысушылардың сатып алуын талап етуге құқылы.