12-тарау. Қылмыстық процеске қатысушы
адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету
98-бап. Судьялардың, прокурорлардың, тергеушiлердiң,
анықтаушылардың, қорғаушылардың, сарапшылардың,
мамандардың, сот приставтарының қауiпсiздiгiн
қамтамасыз ету
1. Судья, прокурор, тергеушi, анықтаушы, қорғаушы, сарапшы, маман, сот приставы, сонымен бiрге олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстары мемлекеттiң қорғауында болады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдарға мемлекет заңда көзделген тәртiппен сотта қылмыстық iстердi немесе материалдарды қарауға, анықтау немесе алдын ала тергеу жүргiзуге байланысты олардың өмiрiне қауiп төнуден немесе өзге де күш қолданудан қауiпсiздендiру шараларын қолдануды қамтамасыз етедi.
99-бап. Жәбiрленушiлердiң, куәлардың, айыпталушылардың және
қылмыстық процеске қатысушы басқа да адамдардың
қауiпсiздiгi шараларын қолдану мiндетi
1. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган, егер қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге байланысты оларға қатысты күш қолдануды немесе қылмыстық заңда тыйым салынған өзге де әрекеттi жасаудың нақты қаупi болса, жәбiрленушiнiң, куәнiң, айыпталушының, қылмыстық процеске қатысушы басқа да адамдардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстарының қауiпсiздiгi шараларын қолдануға мiндеттi.
2. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган олардың ауызша (жазбаша) мәлiмдемесiнiң негiзiнде немесе өз бастамашылығы бойынша осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдардың қауiпсiздiгi шараларын қолданып, ол туралы тиiстi қаулы шығарады.
3. Қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысушы адамдардың, олардың отбасы мүшелерiнiң және жақын туыстарының өздерiнiң қауiпсiздiгi шараларын қолдану туралы мәлiмдемелерiн қылмыстық процестi жүргiзушi орган оларды алған сәттен бастап жиырма төрт сағаттан кешiктiрмей қарайды. Мәлiмдеушiге тиiстi қаулының көшiрмесiн жiбере отырып, оған қабылданған шешiм туралы дереу хабарланады.
4. Мәлiмдеушi өзiнiң қауiпсiздiгi шараларын қолдану туралы өтiнiшiн қанағаттандырудан бас тартылғанына прокурорға немесе сотқа шағымдануға құқылы.
5. Қауiпсiздiк шараларын қолданудан бас тарту, егер бұрын берiлген өтiнiштен көрiнiсiн таппаған мән-жайлар туындаса, көрсетiлген шараларды қолдану туралы қайта өтiнiш жасауға кедергi келтiрiлмейдi.
100-бап. Жәбiрленушiлердiң, куәлардың, сезiктiлердiң,
айыпталушылардың және қылмыстық процеске
қатысушы басқа да адамдардың қауiпсiздiгi шаралары
1. Куәлардың, сезiктiлердiң, айыпталушылардың және қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысушы басқа да адамдардың, олардың отбасы мүшелерiнiң және жақын туыстарының iс жүргiзу қауiпсiздiгiнiң шаралары ретiнде:
1) қылмыстық процестi жүргiзушi органның күш қолдану немесе қылмыстық заңда тыйым салынған басқа да әрекеттер қаупi шыққан адамға оны мүмкiн болатын қылмыстық жауапқа тарту туралы ресми ескерту жасауы;
2) қорғалатын адам туралы мәлiметтер алуға шек қою;
3) оның жеке басының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету;
4) айыпталушыға (сезiктiге) қатысты қылмыстық процеске қатысушыларға қатысты күш қолдану (қолдануды ұйымдастыру) немесе өзге де қылмысты әрекеттер жасау (жасауды ұйымдастыру) мүмкiндiгiн жоққа шығаратын бұлтартпау шараларын таңдау қолданылады.
2. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган енгiзген ескерту адамға қолы қойғызылып хабарланады.
3. Қорғалатын адам туралы мәлiмет алуға шек қою қылмыстық iстiң материалдарынан адамның анкеталық деректерi туралы мәлiметтердi алып, оны негiзгi iс жүргiзуден бөлек сақтаудан, бұл адамдардың бүркеншiк ат пайдалануынан тұрады. Негiзгi iс жүргiзуден оқшауландырылған материалдармен танысу үшiн қылмыстық процестi жүргiзушi органға ғана рұқсат етiледi. Процеске басқа қатысушылар онымен осы мәлiметтердi жарияламау туралы қолхат бере отырып қылмыстық процестi жүргiзушi органның рұқсатымен ғана таныса алады. Қорғалатын адамның қатысуымен iс жүргiзу әрекеттерi қажет жағдайларда оны тануды болдырмайтын жағдайларда жүргiзiледi.
4. Куәгерлердiң, сезiктiлердiң, айыпталушылардың, қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысушы басқа да азаматтардың және олардың жақындарының жеке қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң тәртiбi заңмен айқындалады.
5. Қауiпсiздiк шараларын қолданғанына қарамастан, қылмыстық iзге түсу органы бұған негiздер болған жағдайда жәбiрленушiге, куәға, айыпталушыға, қылмыстық iстi жүргiзуге қатысушы басқа да адамдарға қатысты қылмыстық заңда тыйым салынған әрекеттер жасау қаупi анықталуына байланысты қылмыстық iс қозғауға мiндеттi.
6. Қауiпсiздiк шаралары оны қолданудың қажеттiгi болмағанда қылмыстық процестi жүргiзушi органның дәлелдi қаулысымен тоқтатылады. Қорғалатын адамға оның қауiпсiздiгi шараларының тоқтатылғандығы немесе ол туралы деректердiң iс бойынша iс жүргiзуге қатысушы адамдарға ашылғандығы туралы дереу хабарлануы тиiс.
101-бап. Сот талқылауына қатысушы адамдардың қауiпсiздiгiн
қамтамасыз ету
1. Сот талқылауына қатысушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн төрағалық етушi соттың жабық отырысын өткiзедi, сондай-ақ осы Кодекстiң 100-бабының бiрiншi, екiншi, үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде көзделген шараларды қолданады.
2. Сот куәнiң, айыптау тарабының өтiнiшi бойынша, сондай-ақ куәнiң және оның жақындарының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында өз бастамашылығы бойынша куәдан:
1) бүркеншiк атты пайдалана отырып оның жеке басы туралы деректердi жарияламастан;
2) оны тануды болдырмайтын жағдайларда;
3) оны сот талқылауына басқа қатысушылардың көзiне көрсетпей жауап алу туралы қаулы шығаруға құқылы.
3. Төрағалық етушi бейне, дыбыс жазуды жүргiзуге және жауап алуды сақтаудың өзге де әдiстерiн жүргiзуге тыйым салуға, сот отырысы залынан айыпталушыны, қорғау тарабының өкiлдерiн шығарып жiберуге құқылы.
4. Сот процеске қатысушылардың бiреуi болмағанда немесе олардың көзбен көрiп отыруынан тыс жауап алынған куәнiң көрсетуiн сотта төрағалық етушi ол куә туралы мәлiметтi көрсетпестен оған барлық қатысушылар қатысып отырғанда хабарлайды.
5. Қажет болған жағдайларда сот процеске қатысушылардың және заңда көзделген өзге де адамдардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiнде басқа да шаралар қолданады.
6. Сот талқылауына қатысушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету туралы соттың қаулысын атқару қылмыстық iзге түсу органдарына, сондай-ақ сот приставына жүктеледi.
13-тарау. Өтініш жасау. Қылмыстық іс бойынша
іс жүргізуді жүзеге асыратын мемлекеттік
органдар мен лауазымды адамдардың
әрекеттері мен шешімдеріне шағымдану
102-бап. Қылмыстық процеске қатысушылардың өтiнiштерiн
қараудың мiндеттiлiгi
1. Қылмыстық процеске қатысушылар анықтаушыға, тергеушiге, прокурорға, сотқа iс бойынша маңызы бар мән-жайларды анықтау, өтiнiш жасап барған адамның немесе оларды ұсынған адамның құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету үшiн iс жүргiзу iс-әрекеттерiн жүргiзу немесе iс жүргiзу шешiмдерiн қабылдау туралы өтiнiштермен бара алады.
2. Өтiнiш процестiң кез келген сатысында мәлiмделуi мүмкiн. Өтiнiш бiлдiрген адам қандай мән-жайды анықтау үшiн iс-әрекет жүргiзудi немесе шешiм қабылдауды сұрайтындығын көрсетуi тиiс. Жазбаша өтiнiштер iске тiгiледi, ауызша өтiнiштер тергеу iс-әрекетiнiң немесе сот отырысының хаттамасына кiргiзiледi.
3. Өтiнiштiң қабылданбағандығы оны қылмыстық сот iсiн жүргiзудiң келесi кезеңдерiнде қайталап беруге немесе қылмыстық процестi жүргiзушi басқа органға беруге кедергi келтiрмейдi.
4. Өтiнiш ол мәлiмделгеннен кейiн қарауға және тiкелей шешуге жатады. Өтiнiш бойынша шешiмдi дереу қабылдау мүмкiн болмаған жағдайларда ол мәлiмделген күннен бастап үш тәулiктен кешiктiрiлмей шешiлуге тиiс.
5. Егер ол iстiң мән-жайларын жан-жақты, толық және объективтi зерттеуге, процеске қатысушылардың немесе басқа да адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз етуге жәрдемдесетiн болса, өтiнiш қанағаттандырылуы тиiс. Өзге жағдайларда өтiнiштi қанағаттандырудан бас тартылуы мүмкiн.
6. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган өтiнiштi қанағаттандыру туралы не оны қанағаттандырудан толық немесе iшiнара бас тарту туралы дәлелдi қаулы шығарып, ол өтiнiш жасаған адамға жеткiзiледi. Өтiнiш жөнiндегi шешiмге осы Кодексте белгiленген шағым берудiң және оны қараудың жалпы ережелерi бойынша шағым жасалуы мүмкiн.
103-бап. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыратын
органдар мен лауазымды адамдардың шешiмдерi мен
әрекеттерiне шағымдану
1. Егер жүргiзiлген iс жүргiзу әрекетi өздерiнiң мүдделерiн қозғайтын болса, процеске қатысушылар, сондай-ақ азаматтар мен ұйымдар осы Кодексте белгiленген тәртiппен анықтаушының, анықтау органының, тергеушiнiң, прокурордың, соттың немесе судьяның шешiмдерi мен iс-әрекеттерiне шағымдануы мүмкiн.
2. Шағымдар шағымдарды қарауға және олар бойынша шешiм қабылдауға заңмен уәкiлдiк берiлген, қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу үшiн жауапты сол мемлекеттiк органға немесе сол лауазымды адамға берiледi.
3. Шағымдар ауызша және жазбаша болуы мүмкiн. Ауызша шағымдар оны жасаушы мен шағымды қабылдап алушы лауазымды адам қол қоятын хаттамаға кiргiзiледi. Тиiстi лауазымды адамдардың қабылдауында азаматтар ауызша айтқан шағымдар жазбаша түрде ұсынылған шағымдармен ортақ негiзде шешiледi. Шағымға қосымша материалдар қоса тiркелуi мүмкiн.
4. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзiлетiн тiлдi бiлмейтiн адамға шағымды ана тiлiнде немесе өзi бiлетiн тiлде беру құқығы қамтамасыз етiледi.
5. Шағым берген адам оны қайтарып алуға құқылы. Сезiктi мен айыпталушы қорғаушының шағымын қайтарып алуға құқылы; азаматтық талапкер, жәбiрленушi (жеке айыптаушы), азаматтық жауапкер, заңды өкiлдi қоспағанда, өзiнiң өкiлiнiң шағымын қайтарып алуға құқылы. Сезiктiнiң немесе айыпталушының мүдделерiн көздеп берiлген шағым тек олардың келiсiмiмен ғана қайтарылып алынуы мүмкiн. Шағымды қайтарып алу, осы Кодексте тiкелей көзделген жағдайларды қоспағанда, осы Кодекстiң 105-бабында көрсетiлген мерзiмдер аяқталғанға дейiн оны қайтадан беруге кедергi келтiрмейдi.
104-бап. Ұсталған немесе тұтқында отырған адамдардың
шағым жолдау тәртiбi
1. Алдын ала қамауға алу орындарының әкiмшiлiгi қылмыстық процестi жүргiзушi органға қылмыс жасады деген сезiк бойынша ұсталған немесе бұлтартпау шарасы ретiнде тұтқында отырған адамдардың оған жолданған шағымдарын дереу беруге мiндеттi.
2. Ұсталған немесе тұтқында отырған адамдардың анықтаушының, анықтау органы бастығының, тергеушiнiң iс-әрекетiне немесе шешiмдерiне шағымдарын қамауда ұстау орындарының әкiмшiлiгi дереу iстi тергеудi қадағалаушы прокурорға, ал прокурордың iс-әрекетi мен шешiмiмен шағымдарды - жоғары тұрған прокурорға беруге мiндеттi. Өзге шағымдарды қамауда ұстау орындарының әкiмшiлiгi ол келiп түскен кезден бастап бiр тәулiктен кешiктiрмей iстi жүргiзушi адамға немесе органға бередi.
105-бап. Шағымдарды берудiң мерзiмдерi
Анықтаушының, анықтау органының, тергеушiнiң, прокурордың, судьяның немесе соттың iс-әрекеттерi мен шешiмiне шағымдар барлық анықтау iсi, алдын ала тергеу және сот талқылауын жүргiзу барысында берiле алады. Қылмыстық iстi қозғаудан бас тарту және қылмыстық iстi тоқтату туралы шешiмдерге, бiрiншi немесе апелляциялық сатыдағы соттар шығарған үкiмдерге шағымдар осы Кодексте белгiленген мерзiмдерде берiледi.
106-бап. Шағым берiлуiне байланысты шешiмнiң
атқарылуын тоқтата тұру
Осы Кодексте көзделген жағдайларда шағым беру шағымданылған шешiмнiң атқарылуын тоқтата тұрады. Өзге жағдайларда шағым түсiру, егер шағымды қараушы адам мұны қажет деп тапса, шағымданылған шешiмнiң атқарылуын тоқтата тұруға әкеп соғуы мүмкiн.
107-бап. Шағымдарды қараудың жалпы тәртiбi
1. Шағымдарды қарауды iс-әрекетiне шағым жасалған анықтаушыға, тергеушiге, прокурорға немесе судьяға, сондай-ақ шағым жасалған шешiмдi бекiткен лауазымды адамға тапсыруға тыйым салынады.
2. Шағымды қарағанда прокурор немесе судья онда жазылған дәлелдердi жан-жақты тексеруге, қажет болған жағдайда қосымша материалдарды талап етуге, тиiстi лауазымды адамдардан, ұйымдардан және азаматтардан шағымданылған iс-әрекеттер мен шешiмдерге қатысты түсiнiктеме алуға мiндеттi.
3. Шағымды қараушы прокурор немесе судья өз өкiлеттiктерi шегiнде қылмыстық процеске қатысушылардың, сондай-ақ өзге де азаматтардың немесе ұйымдардың бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерiн қалпына келтiруге дереу шаралар қолдануға мiндеттi.
4. Егер шағымданылған заңсыз iс-әрекеттермен немесе шешiмдермен азаматқа моральдық, дене немесе мүлiктiк зиян келтiрiлсе, оған осы Кодекстiң 4-тарауында көзделген зиянды өтеуге немесе жоюға арналған құқығы мен бұл құқықты жүзеге асырудың тәртiбi түсiндiрiлуi тиiс.
ҚР 21.12.02 ж. N 363-II Заңымен (бұрынғы ред. қара) 108-бап өзгертілді
108-бап. Анықтаушының, анықтау органының, тергеушінің,
прокурордың іс-әрекеті мен шешіміне шағымды қарау тәртібі
1. Анықтаушының, анықтау органының және тергеушiнiң iс-әрекетi мен шешiмiне шағымдар алдын ала тергеу мен анықтауды жүргiзу кезiнде заңдардың атқарылуына қадағалау жасайтын прокурорға берiледi. Прокурордың iс-әрекетi мен шешiмiне шағымдар жоғары тұрған прокурорға берiледi. Өзiнiң жеке iс-әрекетi мен шешiмiмен шағым түскен лауазымды адам шағымды өзiнiң түсiнiктемесiмен бiрге дереу тиiстi прокурорға жолдауға мiндеттi. Егер лауазымды адам шағымды негiздi деп есептесе, онда ол шағым жасалған iс-әрекеттi тоқтатады немесе шағым жасалған шешiмдi өзгертедi, ол туралы прокурорға хабарлайды.
2. Прокурор шағымды ол алынған кезден бастап үш тәулiктiң iшiнде қарауға мiндеттi. Шағымды тексеру үшiн қосымша материалдар талап ету не өзге де шаралар қолдану қажет болатын ерекше жағдайларда ол туралы шағым берген адамға хабарлай отырып шағымды жетi тәулiкке дейiнгi мерзiмде қарауға жол берiледi.
3. Шағымды қараудың нәтижесiнде шағым жасалған шешiмдi тоқтату немесе өзгерту арқылы шағымды толық немесе iшiнара қанағаттандыру туралы не шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiм қабылдануы мүмкiн. Бұл орайда, егер мұның өзi шағым берген адамның немесе шағым өз мүддесiне сай берiлген адамның жағдайын нашарлатуға әкеп соғатын болса, бұрын шығарылған шешiмдi өзгертуге болмайды.
4. Шағым берген адам шағым бойынша қабылданған шешiм және одан әрi шағымданудың тәртiбi туралы хабарландырылуы тиіс. Шағымды қанағаттандырудан бас тарту дәлелденуi тиiс.
109-бап. Прокурордың шешiмiне шағымды қараудың
соттық тәртiбi
1. Қылмыс туралы арызды қабылдаудан бас тартылуына немесе қылмыстық iс қозғаудан, азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қозғайтын iс жүргiзу әрекеттерiн жүргiзуден, қылмыстық iстi тоқтата тұрудан немесе қысқартудан бас тартылған кезде оның осындай шағымын тиiстi прокурор қанағаттандырмай тастағаннан кейiн ол адам заңның бұзылуына сотқа жүгiнуге құқылы.
2. Шағым оны қанағаттандырудан бас тартылғандығы туралы прокурордың хабарлауын алған күннен бастап бiр айдың iшiнде немесе, егер оған жауап алынбаса, шағым берiлгеннен кейiн бiр ай мерзiм өткен күннен бастап тиiстi прокуратураның орналасқан жерi бойынша аудандық сотқа берiлуi мүмкiн.
3. Шағымды оны берушi мен прокурорға оның қаралатын уақыты туралы хабарлай отырып ол келiп түскен кезден бастап он тәулiктiң iшiнде жабық отырыста судья жеке өзi қарайды. Соттың отырысына шағым берушiнiң немесе прокурордың келмеуi шағымды қарауға кедергi келтiрмейдi, алайда судья аталған адамдардың келуiн мiндеттi деп тани алады. Прокурор сотқа шағым бойынша материалдарды табыс етуге мiндеттi. Прокурор мен шағым берушi түсiнiктеме беруге құқылы.
4. Судья шағымды негiздi деп тани отырып, қаулы шығарады, онда заңсыз деп танылған iс жүргiзу шешiмiн тоқтатады не прокурорға азаматтың немесе ұйымның құқықтары мен заңды мүдделерiнiң жол берiлген бұзылуын жоюды мiндеттейдi. Шағымды қанағаттандыруға негiз жоқ кезде судья оны қанағаттандырмау туралы қаулы шығарады.
5. Осы баптың ережелерiне сәйкес судьяның шығарған қаулысы шағымдануға және қарсылық бiлдiруге жатпайды.
6. Прокурордың шешiмiне жасалған шағымды қарайтын судьяның iстi мәнi бойынша шешу кезiнде қатысуға құқығы жоқ.
ҚР 05.05.00 ж. N 47-II; 21.12.02 ж. N 363-II (бұрынғы ред. қара) Заңдарымен 110-бап өзгертілді
110-бап. Прокурордың сезiктiнi, айыпталушыны қамауға және қамау
мерзiмiн ұзартуға берген санкциясына сотқа шағымдану
1. Сезiктi, айыпталушы, олардың қорғаушысы, заңды өкiлi прокурор санкцияландырған қамауға алу түрiндегi бұлтартпау, сондай-ақ қамау мерзiмiн ұзарту шарасына тиiстi прокуратураның орналасқан жерi бойынша қалалық (аудандық) сотқа шағымдануға құқылы. Шағым әкелу, егер анықтау органы, тергеушi немесе прокурор мұны қажет деп таппаса, ол шешiлгенге дейiн қамауға алу түрiндегi бұлтартпау шараларын қолдану туралы қаулының қолданылуын тоқтата тұрмайды және адамды қамаудан босатуға әкеп соқпайды.
2. Судья қылмыстық ізге түсу органынан істі талап етіп ала отырып, іс түскен кезден бастап үш тәуліктен кешіктірмей жабық отырыста прокурордың күдіктіге, айыпталушыға бүлтартпау шарасы ретінде қамауды қолдануға берген санкциясының заңдылығы мен негізділігін тексеруді жеке өзі жүзеге асырады. Қылмыстық ізге түсу органы судьяның сүрау салуын алғаннан кейінгі үш тәуліктің ішінде оған қылмыстық істі табыс етуге міндетті.
3. Сот отырысына мiндеттi түрде прокурор қатысады. Отырысқа сондай-ақ қорғаушы, сезiктiнiң, айыпталушының заңды өкiлi де қатыса алады, алайда шағымның қаралатын күнi туралы уақытында хабарландырылған кезде олардың дәлелдi себептерсiз келмеуi соттың қарауына кедергi келтiрмейдi. Қажет болған жағдайда судья отырысқа сезiктiнiң, айыпталушының қатысуын қамтамасыз етедi.
4. Судья тараптардың дәлелдерiн тыңдап, қылмыстық iзге түсу органдарынан талап етiлген қылмыстық iс материалдарын қарай келiп, мынадай:
1) шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы;
2) бұлтартпау шараларын тоқтату немесе қатаң еместеуiне өзгерту және сезiктiнi, айыпталушыны қамаудан босату туралы дәлелдi шешiмдердiң бiреуiн шығарады.
5. Судьяның осы баптың ережелерiне сәйкес шығарған қаулысына ол жария етiлген кезден бастап үш тәулiк iшiнде осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдар, жәбiрленушi және оның өкiлi шағымдана алады, сондай-ақ судьясы қаулы шығарған сот арқылы облыстық және оған теңестiрiлген сотқа прокурор наразылық келтiре алады. Шағым беру немесе наразылық келтiру сезiктiнi, айыпталушыны қамаудан босату туралы сот қаулысының орындалуын тоқтата тұрады. Шағымдану мерзiмi өткеннен кейiн шағым, наразылық бiлдiрiлген iс осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдарға және прокурорға бұл туралы хабарлана отырып, облыстық немесе оған теңестiрiлген сотқа жiберіледi. Облыстық немесе оған теңестiрiлген соттың судьясы шағымды, наразылықты осы баптың екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көзделген ережелер мен мерзiмдi сақтай отырып қарайды және шағымды, наразылықты қанағаттандырусыз қалдырып, қалалық (аудандық) сот судьясының қаулысын күшiнде қалдыру туралы; қалалық (аудандық) сот судьясы қаулысының күшiн жойып, прокурор санкция берген бұлтартпау шараларын қалдыру немесе айыпталушының қамауда болу мерзiмiн ұзарту туралы; қалалық (аудандық) сот судьясының таңдаған бұлтартпау шараларының күшiн жойып немесе оны барынша жұмсарту жағына қарай өзгерте отырып, олардың қаулысының күшiн жою туралы шешiмдердiң бiреуiн шығарады. Облыстық немесе оған теңестiрiлген сот судьясының қаулысы түпкiлiктi болып табылады, шағымдануға және наразылық келтiруге жатпайды.
6. Шағымданудың немесе наразылық келтiрудiң осы баптың бесiншi бөлiгiнде көзделген мерзiмi бiткен соң, не жоғары тұрған соттың судьясы iстi қарағаннан кейiн шағым жасалса немесе наразылық келтiрiлсе, судья қаулысының көшiрмесi прокурор мен арызданушыға, ал сезiктi, айыпталушы қамаудан босатылатын жағдайда - дереу орындау үшiн адамды қамауда ұстап отырған орынның әкiмшiлiгiне жiберiледi.
7. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдардың шағымы қанағаттандырылмай қалдырылған жағдайда белгiлi бiр адамды нақ сол iс бойынша, нақ сол негiз бойынша қамауға алу мерзiмi жаңадан әрбiр ұзартылуы кезiнде шағымының қайталап қаралуға құқығы бар.
Қайталама шағым осы бапта көзделген тәртiппен қаралады.
8. Осы бапта көзделген тәртiппен судья шағымды қараған кезде хаттама жүргiзiледi.
111-бап. Прокурордың сезiктiнi, айыпталушыны медициналық
мекемеге мәжбүрлеп орналастыруға берген санкциясына
сотқа шағымдану
1. Прокурор санкцияландырған сезiктiнi, айыпталушыны сот-медициналық сараптама жүргiзу үшiн медициналық мекемеге мәжбүрлеп орналастыруға шағымдану осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген қосымшалармен бiрге осы Кодекстiң 110-бабында көзделген ережелер бойынша жүзеге асырылады.
2. Сот отырысы барысында судья тараптардың дәлелдерiн тыңдап, қылмыстық iзге түсу органдарынан талап етiлген қылмыстық iстiң материалдарын, ал қажет болған жағдайда - дәрiгерлiк комиссияның қорытындысын қарай келiп мынадай:
1) шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы;
2) сезiктiнi, айыпталушыны медициналық мекемеге орналастыру немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын өзгерту және сезiктiнi, айыпталушыны медициналық мекемеден босату туралы шешiмнiң күшiн жою туралы дәлелдi шешiмдердiң бiреуiн шығарады.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 112-бап өзгертілді
112-бап. Соттың үкiмiне, қаулысына шағым жасау,
наразылық бiлдiру
Бiрiншi сатыдағы соттардың үкiмiне, қаулысына шағым жасау, наразылық бiлдiру осы Кодекстiң 46-тарауының ережелерiне сәйкес берiледi. Заңды күшiне енген соттың шешiмiн қайта қарау туралы шағым жасау, наразылық бiлдiру, өтiнiштер осы Кодекстiң 50-тарауының ережелерiне сәйкес берiледi.
14-тарау. Қылмыстық процеске қатысушы адамдар
туралы қорытынды ережелер
113-бап. Процеске қатысушы деп тануды талап ету құқығы
1. Қылмыстық процестiң қатысушысы болып табылмайтын адамдардың оған осы Кодексте көзделген негiздер болған кезде, олардың жәбiрленушi, жеке айыпталушы, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер, олардың заңды өкiлдерi және өкiлдерi деп тануды талап етуге құқығы бар. Аталған адамдардың арыздарын (өтiнiштерiн) олар алынған кезден бастап үш тәулiктен кешiктiрмей қылмыстық процестi жүргiзушi орган қарауы тиiс. Қабылданған шешiм туралы өтiнiш берушi дереу хабарландырылады, оған тиiстi қаулының көшiрмесi жiберiледi.
2. Өтiнiш берушi тиiстi қаулының көшiрмесiн алғаннан кейiнгi бес тәулiктiң iшiнде өзiнiң өтiнiшiн қанағаттандырудан бас тартылғанына немесе оны шешудi кейiнге қалдырылғанына прокурорға, сотқа шағымдануға құқылы. Егер қаулының көшiрмесi шағым берiлген кезден бастап он тәулiктiң iшiнде алынбаса, өтiнiш берушi оны процеске қатысушы деп тану туралы өтiнiш жазып прокурорға, сотқа жүгiнуге құқылы.
3. Қайтыс болған немесе қылмыс нәтижесiнде өзiнiң еркiн саналы түрде бiлдiру қабiлетiн жоғалтқан адамның жақын туысы, жұбайы (зайыбы) егер оның құқықтық мұрагерi болғысы келсе, өзiн жәбiрленушi деп тану туралы талап ете алады. Аталған өтiнiштi осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен қылмыстық процестi жүргiзушi орган қарайды.
114-бап. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатысты адамдарға
олардың құқықтары мен мiндеттерiн түсiндiру және
оларды жүзеге асыру мүмкiндiгiн қамтамасыз ету мiндетi
1. Қылмыстық сот iсiне қатысушы әрбiр адамның өз құқықтары мен мiндеттерiн, ол таңдаған айқындаманың құқықтық салдарын бiлуге, сондай-ақ оның қатысуымен өтiп жатқан iс жүргiзу iс-әрекеттерiнiң маңызы мен оған танысу үшiн ұсынылған iс материалдарының мазмұнын ұғынуға құқығы бар.
2. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган қылмыстық iс бойынша iс жүргiзуге қатысушы әрбiр адамға оған тиесiлi құқықтар мен оған жүктелген мiндеттердi түсiндiруi, осы Кодексте көзделген тәртiппен оларды жүзеге асырудың мүмкiндiгiн қамтамасыз етуi тиiс. Адамның өтiнiшi бойынша қылмыстық процестi жүргiзушi орган оның құқықтары мен мiндеттерiн қайталап түсiндiруге мiндеттi.
3. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган процеске қатысушыларға қарсылық бiлдiру мәлiмделуi мүмкiн болатын адамдардың тегiн және олар туралы басқа да қажеттi деректердi хабарлауға мiндеттi.