152-бап. Бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылған
сезiктiлер мен айыпталушыларды, ұсталғандарды ұстау
орындарында ұстау
Бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылған сезiктiнi, айыпталушыны тергеу изоляторларына әкелу жердiң шалғайлығына немесе тиiстi қатынас жолдарының болмауына байланысты мүмкiн болмаған жағдайда мұндай адамдар прокурордың қаулысы бойынша, сондай-ақ прокурор, оның орынбасары санкцияландырған анықтаушының немесе тергеушiнiң қаулысы бойынша отыз тәулiкке дейiн уақытша ұстау изоляторларында ұсталады. Осындай тәртiппен ол адамда тергеу iс-әрекеттерiн жүргiзу немесе iстi соттың қарауы үшiн аталған мерзiмге тергеу изоляторларынан уақытша ұстау изоляторларына ауыстырылуы мүмкiн. Мұндай адамдарды қамауда ұстаудың тәртiбi мен шарттары заңдармен айқындалады.
153-бап. Қамауға алудың мерзiмдерi мен оларды
ұзартудың тәртiбi
1. Iс бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзу кезiнде қамауға алудың мерзiмi осы Кодексте көзделген ерекше жағдайларды қоспағанда, екi айдан аспайды.
2. Тергеудi екi айға дейiнгi мерзiмде аяқтау мүмкiн болмаған жағдайда және бұлтартпау шарасын өзгерту немесе тоқтату үшiн негiз болмаған кезде бұл мерзiмдi аудандық, қалалық прокурор және олармен теңестiрiлген әскери және өзге де прокурорлар тергеушiнiң дәлелдi өтiнiшi бойынша - үш айға дейiн, ал облыс прокуроры және оларға теңестiрiлген прокурорлар мен олардың орынбасарлары тергеушiнiң аудандық, қалалық прокурорлар мен олармен теңестiрiлген әскери және өзге де прокурорлар қолдаған дәлелдi өтiнiшi бойынша - алты айға дейiн ұзартуы мүмкiн.
3. Қамауға алу мерзiмiн алты айдан астам мерзiмге ұзартуды тек iстiң ерекше күрделiлiгiне орай тергеу бөлiмi бастығының облыс прокуроры және олармен теңестiрiлген прокурорлар қолдаған дәлелдi өтiнішi бойынша Бас прокурордың орынбасары, Бас әскери прокурор тоғыз айға дейiн жүзеге асыра алады.
4. Қамауға алу мерзiмiн тоғыз айдан астам уақытқа ұзартуға облыс прокурорының және онымен теңестiрiлген прокурорлардың дәлелдi өтiнiшi бойынша ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағандығына айыпталған адамдарға қатысты ерекше жағдайларда Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры - он екi айға дейiн рұқсат етедi. Қамауға алуды тоғыз айдан астам мерзiмге ұзарту туралы мәселе Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының алқасында алдын ала қаралады.
5. Қамауға алу мерзiмiн одан әрi ұзартуға жол берiлмейдi, қамауға алынған айыпталушы дереу босатылуға жатады. Қамауға алу мерзiмi айыпталушыға айып тағылған қылмысты жасағандығы үшiн қылмыстық заңда көзделген бас бостандығынан айырудың ең жоғары мерзiмiнен аспауға тиiс.
6. Қамауға алу мерзiмiн ұзарту туралы өтiнiш аудандық, қалалық прокурорға және олармен теңестiрiлген әскери және өзге де прокурорларға, облыс прокурорына және онымен теңестiрiлген прокурорларға қамау мерзiмi аяқталғанға дейiнгi жетi тәулiктен кешiктiрiлмей, ал Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына, оның орынбасарларына және бас әскери прокурорға - қамау мерзiмi аяқталғанға дейiнгi он бес тәулiктен кешiктiрiлмей табыс етiледi.
7. Қамау мерзiмiн ұзарту туралы өтiнiш он тәулiктен аспайтын мерзiмде Қазақстан Республикасы Бас прокурорының, оның орынбасарларының және Бас әскери прокурордың, ал өтiнiш келiп түскен кезден бастап бес тәулiктен аспайтын мерзiмде - төмен тұрған прокурорлардың қарауына жатады.
8. Прокурор өтiнiштi қарап, айыпталушыны қамауға алу мерзiмiн ұзартуды санкцияландырады немесе өтiнiштi қанағаттандырудан бас тартады. Егер ол ұзартылмаған болса, айыпталушы қамау мерзiмi аяқталғаннан кейiн дереу босатылуға жатады.
9. Күзетпен ұстау орны әкiмшiлiгiнiң басшысы айыпталушыны қамауға алу мерзiмi аяқталғанға дейiнгi жиырма төрт сағаттан кешiктiрмей қылмыстық iстi жүргiзушi органға немесе адамға, сондай-ақ прокурорға ол туралы хабарлайды. Егер бұлтартпау шарасы ретiнде заңмен белгiленген қамауға алу мерзiмi аяқталғанда айыпталушыны босату туралы не бұлтартпау шарасы ретiнде оны қамауға алу мерзiмiн ұзарту туралы тиiстi шешiм немесе осы шешiм туралы хабар келiп түспесе, қамауда ұстау орны әкiмшiлiгiнiң басшысы оның көшiрмесiн жиырма төрт сағаттың iшiнде iстi жүргiзушi органға немесе адамға және прокурорға жолдайтын өзiнiң қаулысымен босатады.
10. Қамауда ұстау орны әкiмшiлiгiнiң басшысы осы баптың тоғызыншы бөлiгiнiң талаптарын орындамаған жағдайда заңмен белгiленген жауапты болады.
11. Қамауға алудың мерзiмi айыпталушы (сезiктi) қамауда ұсталған кезден бастап прокурор iстi сотқа жолдағанға дейiн саналады. Адамды сезiктi ретiнде ұстау уақыты, соттың шешiмi бойынша үйде қамауда ұстау және психиатриялық немесе өзге медициналық мекемеде мәжбүрлi түрде болу уақыты қамауға алу мерзiмiне есептеледi. Айыпталушының және оның қорғаушысының қылмыстық iстiң материалдарымен танысу уақыты қамауға алу мерзiмiн есептеу кезiнде есепке алынбайды.
12. Айыпталушыны (сезiктiнi) сол iс бойынша, сондай-ақ онымен бiрiктiрiлген немесе одан бөлектелiнген қылмысты iс бойынша қайта қамау жағдайында қамау мерзiмi қамауда ұсталған уақыты ескерiле отырып есептеледi.
13. Сот ол бойынша айыпталушыны қамаудың шектi мерзiмi аяқталмаған, ал бұлтартпау шарасын өзгерту үшiн негiзi жоқ iстi қосымша тергеу үшiн қайтарған кезде тергеудi қадағалауды жүзеге асыратын прокурор қылмыстық iс прокуратураға түскен күннен бастап қамау мерзiмiн бiр айдың шегiнде ұзартады.
14. Осы баптың сегiзiншi, он бiрiншi және он екiншi бөлiктерiнде белгiленген айыпталушыны қамау мерзiмiн есептеу мен ұзартудың тәртiбi қадағалау сатыларында iс жүргiзудiң нәтижесiнде немесе бас бостандығынан айыру түрiнде жазасын өтеп жатқан адамға қатысты жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша үкiмдi тоқтату және соттың қамауға алу түрiндегi бұлтартпау шарасын қолдануы арқылы iстi жаңа тергеуге бағыттау кезiнде де қолданылады.
154-бап. Бұлтартпау шарасын тоқтату немесе өзгерту
Бұлтартпау шарасы оған қажеттiлiк болмаған кезде тоқтатылады немесе мұның өзi iстiң мән-жайы туғызған неғұрлым қатаң немесе жұмсақ шараға өзгертiледi. Бұлтартпау шарасын тоқтату немесе өзгерту анықтаушының, тергеушiнiң, прокурордың немесе судьяның дәлелдi қаулысы бойынша не соттың дәлелдi қаулысы бойынша жүргiзiледi. Бұл ретте прокурор санкцияландырған, немесе қолданған, немесе оның жазбаша нұсқауы бойынша, сондай-ақ алдын ала тергеуде соттың шешiмi бойынша таңдалған бұлтартпау шарасы прокурордың келiсiмiмен ғана тоқтатылуы немесе өзгертiлуi мүмкiн.
155-бап. Қорғаншылыққа құқық және мүлiктi қарау
1. Ата-анасының немесе асыраушысының қамауға алынуының, сонымен бiрдей қылмыстық процестi жүргiзушi органның басқа да iс-әрекеттерiнiң нәтижесiнде қараусыз, күтусiз және күн көру қаражатынсыз қалған кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ еңбекке қабiлетсiз адамдардың аталған орган оларды республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен қамтамасыз етуге мiндеттi қорғаншылыққа құқығы бар. Қылмыстық процестi жүргiзушi органның еңбекке қабiлетсiз адамдарды қарау, күту және мемлекеттiк әлеуметтiк көмек органдарына немесе медициналық мекемелерге уақытша орналастыру жөнiндегi тапсырмасы қамқоршылық және қорғаншылық органы, сондай-ақ аталған ұйымдардың басшылары үшiн мiндеттi. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган сондай-ақ кәмелетке толмаған және еңбекке қабiлетсiз адамдарға қамқорлық жасауды олардың келiсiмiмен туыстарына сенiп тапсыруға құқылы.
2. Қамауға алынуының, сонымен бiрдей қылмыстық процестi жүргiзушi органның басқа да iс-әрекеттерiнiң нәтижесiнде мүлкi қараусыз қалған адамның аталған орган оның өтiнiшi бойынша және оның есебiнен осы адамды қамтамасыз етуге мiндеттi оның мүлкiнiң және оған тиесiлi жануарларының қаралуына құқығы бар. Қылмыстық процестi жүргiзушi органның адамның мүлкi мен оған тиесiлi жануарларды қарауды ұйымдастыруға тапсырмасы тиiстi мемлекеттiк органдар мен ұйымдар үшiн мiндеттi.
3. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу қолданылған адамға немесе басқа да мүдделi адамға осы бапқа сәйкес қабылданған шаралар туралы кешiктiрмей хабарлайды.
19-тарау. Iс жүргізушілік мәжбүрлеудің өзге де
шаралары
156-бап. Iс жүргiзушiлiк мәжбүрлеудiң өзге де шараларын
қолдану үшiн негiздемелер
1. Осы Кодекспен көзделген қылмыстық iс бойынша тергеудiң және сотта iс қараудың, үкiмнiң ойдағыдай атқарылуының тәртiбiн қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық процестi жүргiзушi орган сезiктiге, айыпталушыға осы Кодекстiң 18-тарауында көзделген бұлтартпау шараларының орнына немесе сонымен бiрге iс жүргiзушiлiк мәжбүрлеудiң өзге де шараларын: келу туралы мiндеттеменi, алып келудi, қызметiнен уақытша шеттетудi, мүлкiне тыйым салуды қолдануға құқылы.
2. Осы Кодексте көзделген жағдайларда қылмыстық процестi жүргiзушi орган жәбiрленушiге, куәға және басқа да iске қатысушы адамдарға iс жүргiзушiлiк мәжбүрлеу шараларын: келуi туралы мiндеттеменi, алып келудi, ақшадай жазаны қолдануға құқылы.
157-бап. Анықтаушыға, тергеушiге, сотқа келу туралы мiндеттеме
Мәжбүрлеу шарасы қолданылмаған сезiктi, айыпталушы, сондай-ақ куә немесе жәбiрленушi тергеу iс-әрекеттерiне немесе сотта iс қарауға қатысудан жалтаруы мүмкiн деп ұйғаруға жеткiлiктi негiздемелер болған жағдайда не олар дәлелдi себептерсiз шақыру бойынша iс жүзiнде келмеген кезде аталған адамдардан анықтаушының, тергеушiнiң немесе соттың шақыруы бойынша уақтылы келуге жазбаша мiндеттеме қайтарып алынуы мүмкiн, ал тұратын жерi өзгерген жағдайда бұл туралы кешiктiрмей хабарлауы керек.
ҚР 05.05.00 ж. N 47-II Заңымен 158-бап өзгертілді
158-бап. Алып келу
1. Сезiктi, айыпталушы, сондай-ақ куә мен жәбiрленушi дәлелдi себептерсiз шақыру бойынша келмеген жағдайда анықтаушының, тергеушiнiң, соттың дәлелдi қаулысы бойынша алып келуге (мәжбүрлеп әкелуге) ұшыратылуы мүмкiн.
2. Шақырту туралы тиiсiнше хабарланған адамның келмеуiнiң дәлелдi себептерi: адамды келу мүмкiндiгiнен айыратын сырқат, жақын туыстарының қайтыс болуы, кездейсоқ апат, адамды тағайындалған уақытта келу мүмкiндiгiнен айыратын өзге де себептер болып танылады. Сезiктi, айыпталушы, сондай-ақ куә мен жәбiрленушi шақыру бойынша тағайындалған мерзiмде келуге кедергi келтiретiн дәлелдi себептер туралы олар өздерi шақырылған органға хабарлауға мiндеттi.
3. Алып келу туралы қаулы сезiктiге, айыпталушыға, сондай-ақ куә мен жәбiрленушiге оның атқарылуы алдында жарияланады, бұл олардың қаулыға қол қоюымен куәландырылады.
4. Алып келу түнгi уақыттарда жүргiзiлмейдi.
5. Олардың заңды өкiлдерiне хабарламастан он төрт жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар, он сегiз жасқа толмаған адамдар, жүктi әйелдер, сондай-ақ дәрiгердiң куәландыруына жататын денсаулық жағдайы бойынша өзiнiң жатқан орнын тастап келе алмайтын немесе тастап кетпеуi тиiс науқас адамдар алып келуге жатпайды.
6. Алып келу туралы сот қаулысын сот приставы немесе iшкi iстер органы; анықтаушының, тергеушiнiң қаулысын анықтау, алдын ала тергеу жүргiзетiн орган немесе iшкi iстер органы атқарады.
159-бап. Қызметiнен уақытша шеттету
1. Қылмыстық процестi жүргiзушi орган, егер осы қызметте қала отырып, ол тергеуге және iстi сотта қарауға, қылмыспен келтiрiлген залалды өтеуге кедергi келтiредi немесе осы қызметте болуымен байланысты қылмыстық әрекетпен шұғылдануды жалғастырады деп пайымдауға жеткiлiктi негiз болса, айыпталушыны қызметiнен шеттетуге құқылы.
2. Айыпталушыны қызметiнен уақытша шеттету туралы қаулы оның жұмыс орны бойынша ұйым басшысына жiберiледi, ол оны алғаннан кейiнгi үш тәулiк iшiнде қаулыны орындауға және ол туралы сол адамға немесе қызметiнен шеттету туралы шешiм қабылдаған органға хабарлауға мiндеттi.
3. Қызметiнен шеттетiлген айыпталушының, егер ол оған қатысты емес жағдайлар бойынша басқа қызметте iстей алмаса немесе басқа жұмысқа кiре алмаса, еңбекке ақы төлеудiң бiр ең төменгi мөлшерiнен кем емес сомада ай сайынғы мемлекеттiк жәрдемақыға құқығы бар.
4. Қызметiнен уақытша шеттету бұл шараға қажеттiлiк болмаған кезде судьяның немесе прокурордың қаулысымен, сондай-ақ тергеушiнiң немесе анықтаушының қаулысымен тоқтатылады.
ҚР 21.12.02 ж. N 363-II Заңымен (бұрынғы ред. қара) 160-бап өзгертілді
160-бап. Ақша өндiрiп алу
Осы Кодекстің 75, 82, 84, 85, 86, 145, 147-баптарында көзделген іс жүргізу міндеттерін орындамағаны және сот отырысында тәртіп бүзғаны үшін жәбірленушіден, куәдан, маманнан, аудармашыдан және өзге де адамдардан ақша өндіріліп алынуы мүмкін. Ақша өндiрiп алу туралы мәселе әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарға сәйкес шешiледi.
161-бап. Мүлiкке тыйым салу
1. Үкiмдi азаматтық талап, басқа да мүлiктiк жазалар немесе мүмкiн болатын мүлiктi тәркiлеу бөлiгiнде орындауды қамтамасыз ету мақсатында прокурордың санкциясымен анықтаушы, тергеушi немесе сот сезiктiнiң айыпталушының немесе заң бойынша олардың әрекетi үшiн материалдық жауаптылықта болатын адамдардың мүлкiне тыйым салуға құқылы.
2. Мүлiкке тыйым салу оның меншiк иесiне немесе иеленушiсiне оған билiк етуге, ал қажет жағдайларда бұл мүлiктi пайдалануға тыйым салуды жариялаудан не мүлiктi алудан және оны сақтауға беруден тұрады.
3. Азаматтық талапкер немесе прокурор ұсынған азаматтық талапты қамтамасыз етуге тыйым салынған мүлiктiң құны талаптың құнынан аспауға тиiс.
4. Бiрнеше айыпталушылардың немесе олардың әрекетiне жауап беретiн адамдардың әрқайсысынан тыйым салуға жататын мүлiктiң үлесiн айқындау кезiнде айыпталушыға таңылған қылмысты жасауға қатысу дәрежесi ескерiледi, алайда азаматтық талапты қамтамасыз ету үшiн толық мөлшерде тиiстi адамдардың бiрiнiң мүлкiне де тыйым салынуы мүмкiн.
5. Тiзбесi заңдармен айқындалатын, бiрiншi қажеттiлiк заттары болып табылатын мүлiкке тыйым салынбайды.
6. Мүлiкке тыйым салу туралы дәлелдi қаулы шығарылады. Мүлiкке тыйым салу туралы қаулыда тыйым салуға жататын мүлiк, қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу барысында ол қаншалықты анықталғаны, сондай-ақ азаматтық талапты қамтамасыз етуде тыйым салу жеткiлiктi болатын мүлiктiң құны көрсетiлуi тиiс.
7. Анықтаушы, тергеушi меншiк иесiне немесе мүлiктi иеленушiге мүлiкке тыйым салынғаны туралы қаулыны қолхат ала отырып тапсырады және оны берудi талап етедi. Бұл талапты өз еркiмен орындаудан бас тартылған жағдайда мүлiкке тыйым салу мәжбүрлеу жолымен жүргiзiледi. Мүлiктi оның меншiк иесi немесе иеленушi жасырып қалды деп ойлауға негiз бар қажеттi жағдайда қылмыстық iзге түсу органы осы Кодекстiң 232-бабында көзделген тәртiппен тiнту жүргiзуi не алып қоюы мүмкiн.
8. Iстi өзiнiң iс жүргiзуiне қабылдаған соттың шешiмi бойынша мүлiкке тыйым салуды соттың атқарушысы жүргiзедi.
9. Мүлiкке тыйым салу кезiнде мүлiктiң құнын айқындайтын маман қатыса алады.
10. Меншiк иесi немесе мүлiктi иеленушi бiрiншi кезекте қандай затқа тыйым салу қажеттiгiн ұсынуға құқылы.
11. Анықтаушы, тергеушi мүлiкке тыйым салу жүргiзiлгенi туралы хаттаманы, ал соттың атқарушысы - мүлiк тiзiмiн жасайды.
12. Тыйым салынған мүлiк алынуы не тыйым салған адамның қалауы бойынша мүлiктiң сақталуы үшiн жауаптылығы ескертiлуi тиiс жергiлiктi әкiмшiлiктiң, тұрғын үй-пайдалану ұйымының өкiлiне, осы мүлiктi иеленушiге немесе өзге адамға сақтауға берiлуi мүмкiн, ол туралы қолхат алынады.
13. Банктердегi және несие мекемелерiндегi шоттар мен салымдардағы ақша қаражаты мен өзге де бағалы заттарға тыйым салу кезiнде осы шот бойынша шығыс операциялары тыйым салынған қаражат шегiнде тоқтатылады.
14. Мүлiкке тыйым салу бұл шара бойынша қажеттiлiк жойылған кезде iстi жүргiзушi адамның немесе органның қаулысымен тоқтатылады.
5-бөлім. Қылмыстық процестегі мүліктік мәселелер
20-тарау. Қылмыстық процестегі азаматтық талап
162-бап. Қылмыстық процесте қаралатын азаматтық талаптар
1. Қылмыстық процесте жеке және заңды тұлғалардың есi кiресiлi-шығасылы адамның тiкелей қылмысымен немесе қоғамға қауiптi әрекетiмен келтiрiлген моральдық және мүлiктiк зиянды өтеу туралы, сондай-ақ жерлеуге, зардап шеккен адамды емдеуге кеткен шығыстарды, оған сақтандыру өтем ретiнде төленген сомаларды, жәрдемақыны немесе зейнетақыны, сондай-ақ өкiлдiкке шыққан шығыстарды қоса алғанда анықтау, алдын ала тергеу iсiне және сотқа қатысуымен байланысты шыққан шығыстарды өтеу туралы азаматтық талаптары қаралады.
2. Азаматтық талап айыпталушыға немесе айыпталушының әрекетi үшiн материалдық жауап беретiн адамдарға қойылады және қылмыстық iспен бiрге қаралады.
3. Талапкер қылмыстық iсте азаматтық талап қойған кезде мемлекеттiк баж төлеуден босатылады.
4. Қылмыстық iстен туындайтын азаматтық талаптың соттылығы ол талап қойылған қылмыстық iстiң соттылығымен айқындалады.
5. Қылмыстық iс бойынша қойылған азаматтық талапты дәлелдеу осы Кодексте белгiленген ережелер бойынша жүргiзiледi.
6. Егер азаматтық талапқа байланысты туындайтын iс жүргiзу қатынастары осы Кодекспен реттелмеген болса, азаматтық iс жүргiзу заңдарының нормалары осы Кодекске қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады.
163-бап. Азаматтық талап қою
1. Есi кiресiлi-шығасылы адамның қылмысы немесе Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген әрекетi нәтижесiнде зиян шеккен адам не оның өкiлi қылмыстық iс қозғалған кезден бастап, бiрақ сот тергеуi басталғанға дейiн кез келген уақытта азаматтық талап қоюға құқылы.
2. Азаматтық талап жазбаша нысанда берiледi. Талапта қандай қылмыстық iс бойынша, кiм, кiмге, қандай негiзде және қандай мөлшерде азаматтық талап қоятыны көрсетiледi, сондай-ақ зиянды өтеу үшiн нақтылы ақша сомасын немесе мүлiктi өндiру туралы өтiнiш жазылады.
3. Азаматтық талаптың негiзiн және талаптың мөлшерiн нақтылау қажет болған кезде ол адам қосымша азаматтық талап қоюға құқылы.
4. Айыпталушы ретiнде жауапқа тартылатын адамның анықталмауы қылмыстық iсте азаматтық талап қоюға бөгет болмайды.
5. Қылмыстық процесте азаматтық талап қоймаған адам, сондай-ақ талабын сот қарамай қалдырған адам оны азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен қоюға құқылы.
6. Қылмыстық iзге түсу иммунитетiнiң болуына байланысты айыпкер ретiнде жауапқа тартуға болмайтын адамға азаматтық талап азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен қойылуы мүмкiн.
7. Осы Кодекстiң 62-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларда қылмыстық iсте прокурор азаматтық талап қоюға құқылы.
164-бап. Азаматтық талапкер деп тану
1. Егер қылмыстық iс материалдарынан ақыл-есiнен айырылған адам қылмысы арқылы немесе Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде тыйым салынған әрекетiмен азаматқа немесе заңды тұлғаға зиян келтiрген деп қаралса, анықтаушы, тергеушi, прокурор немесе сот оларға немесе олардың өкiлдерiне азаматтық талап қою құқығы бар екенiн түсiндiредi.
2. Талап қойған жеке немесе заңды тұлға осы Кодекстiң 77-бабының бiрiншi бөлiгiнде белгiленген тәртiппен азаматтық талапкер деп танылады. Талап қойған адамға, оның өкiлiне азаматтық талапкер деп тану туралы қаулы хабарланады және осы Кодекстiң 77-бабының төртiншi бөлiгiнде көзделген құқықтары түсiндiрiледi.
ҚР 05.05.00 ж. N 47-II Заңымен 165-бап өзгертілді
165-бап. Азаматтық талапкер деп танудан бас тарту
Азаматтық талап қою үшiн осы Кодекстiң 164-бабында көзделген негiздер болмаған жағдайда талап қойған азаматқа немесе заңды тұлғаға азаматтық талапкер деп танудан бас тартылуы мүмкiн, бұл туралы дәлелдi қаулы шығарылып, оған шағымдану құқығы түсiндiрiледi. Қылмыстық iс бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзу сатысында тұлғаны азаматтық талапкер деп танудан бас тарту оны сотта сот тергеуi басталғанға дейiн азаматтық талап қою және азаматтық талапкер деп тану туралы өтiнiш бiлдiру құқығынан айырмайды.
166-бап. Iске азаматтық жауапкер ретiнде қатысуға тарту
Ақыл-есiнен айырылған адамның қылмысымен немесе Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде тыйым салынған әрекетiмен келтiрiлген зиян үшiн жауапты адамды анықтағаннан кейiн, қылмыстық iске азаматтық талап қойылған жағдайда қылмыстық процестi жүргiзушi орган бұл адамды осы Кодекстiң 78-бабының бiрiншi бөлiгiнде белгiленген тәртiп бойынша азаматтық жауапкер ретiнде тартады. Азаматтық жауапкерге немесе оның өкiлiне азаматтық жауапкер ретiнде iске тарту туралы қаулы хабарланады және осы Кодекстiң 78-бабының төртiншi бөлiгiнде көзделген құқықтары түсiндiрiледi.
167-бап. Зиянды өтеудiң негiздемелерi, шарттары, көлемi және
әдiсi туралы ережелердi қолдану
Қылмыстық iске қойылған азаматтық талапты қарау кезiнде зиянды өтеу негiздемелерi, шарттары, көлемi және әдiсi азаматтық, еңбек және басқа заңдардың нормаларына сәйкес белгiленедi. Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда халықаралық-құқықтық нормалар мен шет мемлекеттердiң заңдары қолданылады.
168-бап. Азаматтық талаптан бас тарту
1. Азаматтық талапкер өзi қойған азаматтық талаптан бас тартуға құқылы.
2. Азаматтық талапкердiң қылмыстық iс бойынша сотқа дейiнгi iс жүргiзу сатысында талаптан бас тарту туралы өтiнiшi жазбаша түрде берiлiп, қылмыстық iске қоса тiркеледi. Егер азаматтық талапкердiң талаптан бас тартуы сот отырысында бiлдiрiлсе, онда ол сот отырысының хаттамасына енгiзiледi.
3. Талаптан бас тартуды анықтаушы, тергеушi немесе прокурор қылмыстық iс бойынша тергеу жүргiзудiң кез келген сәтiнде қабылдайды, бұл туралы қаулы шығарылады. Талаптан бас тартуды сот қаулы шығара отырып, сотта iс қараудың кез келген сәтiнде, бiрақ сот үкiм шығару үшiн кеңесу бөлмесiне кеткенге дейiн қабылдай алады.
4. Талаптан бас тартуды қабылдау ол бойынша iс жүргiзудi тоқтатуға әкеп соғады.
5. Талаптан бас тартуды қабылдағанға дейiн қылмыстың процестi жүргiзушi орган азаматтық талапкерге осы баптың төртiншi бөлiгiнде белгiлеген бас тартудың салдарын түсiндiруге мiндеттi.
6. Қылмыстық процестi жүргiзетiн орган, егер азаматтық талапкердiң талаптан бас тартуы заңға қайшы келсе немесе кiмнiң де болсын құқығын және заңмен қорғалатын мүдделерiн бұзатын болса, онда бас тартуды қабылдамайды, бұл туралы дәлелдi қаулы шығарады.
169-бап. Азаматтық талап бойынша шешiм шығару
1. Айыптау үкiмi шығарылғанда немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қаулы шығарылғанда, сот азаматтық талапты толық немесе iшiнара қанағаттандырады не оны қанағаттандырудан бас тартады.
2. Азаматтық талап толық немесе iшiнара қанағаттандырылған жағдайда сот үкiмде үкiмнiң азаматтық талап бөлiгiнде ерiктi түрде орындау үшiн арналған мерзiмiн көрсетедi. Мәжбүрлеп орындау атқарушы iс жүргiзу туралы заңдарда белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
3. Азаматтық талап бойынша жан-жақты есептi қылмыстық iстi тергеудi кейiнгi қалдырмай жүргiзу мүмкiн болмаған кезде сот азаматтық талапкердiң талабын қанағаттандыру құқығын танып, оның мөлшерi туралы мәселенi азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен соттың қарауына бере алады.
4. Белгiлi бiр ақтау үкiмi шығарылған кезде, сонымен қатар медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөнiндегi iстi тоқтату туралы қаулы шығарылғанда сот:
1) егер қылмыс оқиғасы немесе Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiмен тыйым салынған әрекет анықталмаса не сотталушы адамның немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселесi шешiлген адамның қылмыс жасауға немесе Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiмен тыйым салынған әрекетке қатысқаны дәлелденбесе, азаматтық талапты қанағаттандырудан бас тартады;
2) сотталушы қылмыс құрамының болмауына байланысты ақталған жағдайда не өзi жасаған әрекеттiң сипатына және өзiнiң жай-күйiне қарай қоғам үшiн қауiп төндiрмейтiн және мәжбүрлеп емдеуге мұқтаж емес адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануға негiздердiң болмауына байланысты iс тоқтатылғанда талапты қарамайды.
5. Осы Кодекстiң 37-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 3-5, 7, 8-тармақтарында және 38-бабында көрсетiлген негiздер бойынша iс тоқтатылған кезде сот азаматтық талапты қарамайды.
6. Егер осы баптың төртiншi бөлiгiнiң 2-тармағында және бесiншi бөлiгiнде көзделген негiздер бойынша қылмыстық iс сотқа дейiнгi iс жүргiзу сатысында тоқтатылса, азамат немесе заңды тұлға не олардың өкiлдерi азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен талап қоюға құқылы.
170-бап. Азаматтық талапты қамтамасыз ету
Қылмыс арқылы моральдық немесе мүлiктiк зиян келтiрiлгенi туралы деректер болған кезде қылмыстық iзге түсу органы азаматтық талапты қамтамасыз ету шараларын қолдануға мiндеттi. Егер мұндай шаралар қабылданбаған болса, сот үкiм заңды күшiне енгенге дейiн оны қамтамасыз ету шараларын қолдануға құқылы.