93-бап. Шарттың бiр отбасына бiрiккен жалға алушылардың
талап етуi бойынша өзгертiлуi
Мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы бiр тұрғын үйде тұратын және ондағы тұрғын үй-жайларды жеке жалдау шарты бойынша пайдаланатын азаматтар бiр отбасына бiрiгуi жағдайында өздерi тұратын бүкiл тұрғын үйге өздерiнiң бiреуiмен жалдау шартын жасауды жалға берушiден талап етуге құқылы.
94-бап. Жалға алушы отбасы мүшелерiнiң арасында отбасылық
қатынастарды тоқтатқан кезде мемлекеттiк тұрғын
үй қорындағы тұрғын үйдi пайдалану тәртiбiн белгiлеу
Отбасылық қатынасты тоқтатқан, бiрақ тұрғын үйдi жалға алудың ортақ шарты бойынша мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы бiр тұрғын үйде тұрып жатқан адамдар жекелеген жалға алу шартын жасамастан, тұрғын үйдi пайдалану тәртiбiн анықтауға құқылы.
Келiсiмге келе алмаған кезде дау пайда болғанға дейiнгi тұру жағдайы ескерiлiп дау сотпен шешiледi.
95-бап. Отбасының басқа мүшесiн жалға алушы деп
танудың салдарынан шарттың өзгертiлуi
Жалға алушы отбасының кәмелетке толған мүшесi жалға алушының және отбасының кәмелетке толған басқа мүшелерiнiң келiсiмiмен бұрын жасалған жалға алу шарты бойынша алғашқы жалға алушының орнына оны жалға алушы деп тануды талап ете алады. Жалға алушы қайтыс болған жағдайда қайтыс болған адамның отбасының кәмелетке толған кез келген мүшесiне нақ осындай құқық берiледi.
Жалға алушының өзгеруi тұрғын үйдi жалдау шартын қайта ресiмдеуге әкеп соғады.
96-бап. Мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын
үйдi айырбастау
Мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдi айырбастаудың тәртiбi осы Заңның 98,99,100,101,110-баптарында белгiленген тұрғын үйлердiң құқықтық режимдерiмен айқындалады.
Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi жалға алушы айырбастауды ресiмдеу үшiн уақытша болмағандарды қоса алғанда, өзiмен бiрге тұратын отбасының кәмелетке толған мүшелерiнiң келiсiмiн алуға тиiс.
ҚР 05.07.04 ж. N 568-II Заңымен 12-тараудың тақырыбы өзгертілді (бұр. ред. қара)
12-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫНДАҒЫ ТҰРҒЫН
ҮЙЛЕРГЕ, КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТТЕРГЕ ЖӘНЕ ҚАЛАЛЫҚ ТЕЛЕКОММУНИКАЦИЯ
ЖЕЛІСІНЕ ҚОСЫЛҒАН ТЕЛЕФОН ҮШІН АБОНЕНТТІК АҚЫНЫ ҰЛҒАЙТУ БӨЛІГІНДЕГІ
БАЙЛАНЫС ҚЫЗМЕТТЕРІНЕ АҚЫ ТӨЛЕУ
16.11.99 ж. N 477-1; 05.07.04 ж. N 568-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 97-бап өзгертілді
97-бап. Мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдi пайдаланғаны, коммуналдық қызметтер және қалалық телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік ақыны ұлғайту бөлігіндегі байланыс қызметтері үшiн ақы төлеу
1. Мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы үйлерде тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн ақы төлеудiң мөлшерiн, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгiленбесе, жергiлiктi атқарушы органдар (коммуналдық тұрғын үй қорындағы үйлерде) немесе мемлекеттiк кәсiпорынның әкiмшiлiгi (мемлекеттiк кәсiпорындардың тұрғын үй қорындағы үйлерде) белгiлейдi.
2. Меншiктiң барлық нысандарындағы тұрғын үйлерде коммуналдық қызмет үшiн ақы Қазақстан Республикасы Үкiметi белгiлеген тәртiппен бекiтiлген тарифтер бойынша алынады.
Мемлекет тұрғын жайды ұстауға (жеке тұрғын үйді ұстаудан басқа), коммуналдық қызметтерді және қалалық телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік ақыны ұлғайту бөлігіндегі байланыс қызметтерін тұтынуға ақы төлеу үшін табысы аз отбасыларына (азаматтарға) көмек көрсету жөнінде шаралар қолданады. Тұрғын үй көмегі сол жерде тұрақты тұратын және тұрғын жайдың меншік иесі немесе жалдаушысы (жалгерлері) болып табылатын адамдарға жергілікті бюджеттер қаражаты есебінен беріледі. Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін жергілікті өкілді органдар белгілейді.
3. Тұрғын үй және коммуналдық қызметтер үшiн ортақ шығыстарды ортақ тұрғын үйде (бiр пәтерде) тұратын бiрнеше жалдаушы немесе меншiк иелерi арасында бөлiсу тәртiбi тараптардың келiсiмiмен, ал келiсiмге қол жетпеген жағдайда сот тәртiбiмен анықталады.
4. Тұрғын үйге және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу жөнiндегi жеңiлдiктер Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен белгiленедi.
13-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫНАН ТҰРҒЫН ҮЙ
БЕРУДIҢ ЖӘНЕ ОНЫ ПАЙДАЛАНУДЫҢ ЕРЕКШЕЛIКТЕРI
ҚР 07.06.99 ж. N 391-I Заңымен 98-бап өзгертілді
98-бап. Әлеуметтiк жағынан қорғалатын табысы аз
азаматтардың пайдалануына берiлген мемлекеттiк
тұрғын үй қорындағы тұрғын үйлердiң құқықтық
режимi
1. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан әлеуметтiк жағынан қорғалатын табысы аз азаматтарға берiлетiн тұрғын үйдi жалдаушының тұрғын үй иесiнiң келiсiмiмен Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген ретпен және шарттармен жекешелендiруiне болады.
Мемлекеттік тұрғын үй қоры жатақханаларындағы бөлмелік үлгідегі тұрғын үй-жайларды жекешелендіру ерекшеліктері осы Заңның 13-бабына сәйкес белгіленеді.
2. Осы бапта аталған азаматтарға берiлген, сондай-ақ әлеуметтiк жағынан қорғалатын табысы аз азаматтарға берiлген тұрғын үйдi жергiлiктi атқару органының келiсiмiмен басқа тұрғын үйге ауыстыруға болады.
Бұл орайда ауыстыру азаматтардың тұрғын үй жағдайын қасақана нашарлатуға әкеп соқпауға тиiс, өйткенi бұл жағдайда ол осы Заңның 69-бабына сәйкес тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж адам болып шығады.
3. Халықтың әлеуметтiк жағынан қорғалатын табысы аз топтарына жататын және кейiннен мемлекеттiк немесе әскери қызметке, бюджеттiк ұйымдарға жұмысқа тұрған немесе мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқарған азаматқа пайдалануға берiлген тұрғын үй оның және отбасының кәмелетке толған мүшелерiнiң тiлек бiлдiруi бойынша қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлуi мүмкiн.
09.07.04 ж. N 587-II ҚР Заңымен 98-1-баппен толықтырылды
98-1-бап. Жергiлiктi атқарушы орган сатып алған
тұрғын үйдiң құқықтық режимi
1. Ипотекалық тұрғын үй заемы бойынша оған талап ету құқығын беру нәтижесiнде кепiл ұстаушы ретiнде әрекет ететiн жергiлiктi атқарушы орган жалғыз тұрғын үйi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес алынған ұзақ мерзiмдi жеңiлдiктi тұрғын үй кредитi бойынша сатып алынған, кепiл берушiнiң - Қазақстан Республикасы азаматының ипотекалық тұрғын үй заемы бойынша мiндеттеменi орындауға қабiлетi болмаған жағдайда, кепiл берушiнiң өтiнiшi бойынша келiсiмнiң басқаға беру туралы шарттарына сәйкес тұрғын үйдi сатып алуға құқылы.
2. Осы баптың 1-тармағына сәйкес жергiлiктi атқарушы орган сатып алған тұрғын үй коммуналдық меншiкке өтедi және кепiл берушiге берiледi, ол оны кепiл ұстаушының ипотекалық талап ету құқығын беру құны бойынша жекешелендiруге құқылы.
99-бап. Әскери қалашықтарда, шекара заставаларында
және өзге де жабық объектiлерде берiлетiн
тұрғын үйлердiң құқықтық режимi
1. Әскери қалашықтарда, шекара заставаларында және өзге де жабық объектiлерде мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру мен оларды пайдалану тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
2. Осы бапта аталған қызметтiк тұрғын үй сол әскери қалашықтың, шекара заставаларының немесе өзге жабық объектiлердiң шегiнде нақ сондай тұрғын үйге ауыстырылуы мүмкiн.
Мұндай тұрғын үйлер ауыстыру әскери қызметшi (маман) басқа әскери қалашыққа (шекара заставасына, жабық объектiге) қызмет (жұмыс) iстеу үшiн көшiрiлген жағдайда да жүргiзiлуi мүмкiн.
100-бап. Мемлекеттiк кәсiпорындардың тұрғын үй қорынан
берiлетiн тұрғын үйлердiң құқықтық режимi
1. Мемлекеттiк кәсiпорындар өз қызметкерлерiне мемлекеттiк кәсiпорындардың тұрғын үй қорынан тұрғын үй беруге құқылы. Мұндай тұрғын үй, егер бұл Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе, басқа адамдарға да берiлуi мүмкiн.
Аталған тұрғын үйлердi берудiң және оларды пайдаланудың тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
2. Осы бапта аталған азаматтарға берiлген тұрғын үй мемлекеттiк кәсiпорын әкiмшiлiгiнiң келiсiмiмен мемлекеттiк кәсiпорынның тұрғын үй қорындағы басқа тұрғын үйге ауыстырылуы мүмкiн.
Мемлекеттiк кәсiпорынның тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдi коммуналдық тұрғын үй қорындағы тұрғын үйге және керiсiнше ауыстыруға кәсiпорын әкiмшiлiгi мен жергiлiктi атқару органдарының келiсiмi болған жағдайда жол берiледi.
101-бап. Қызметтiк тұрғын үйлерге теңестiрiлген
тұрғын үйлердiң құқықтық режимi
1. Қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген тұрғын үйдi пайдалану жөнiндегi қатынасқа осы Заңның 93 және 95-баптарының ережелерi қолданылмайды, бұған адамдарды еңбек қатынасын тоқтатуына байланысты үйден шығаруға жол берiлмейтiн реттер қосылмайды.
2. Мемлекеттiк қызметшiлер мен бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, сондай-ақ мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар, егер олар мемлекеттiк қызметте немесе бюджеттiк ұйымдарда (мемлекеттiк сайланбалы қызметте болу мерзiмiн қосқанда) кемiнде он жыл жұмыс iстесе, сондай-ақ еңбек қатынастары осы баптың 5-тармағында көрсетiлген негiздер бойынша тоқтатылса, жұмыс iстеген мерзiмiне қарамастан, өздерi тұратын, қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген тұрғын үйдi меншiк иелерiнiң келiсiмiмен заңдарда белгiленген ретпен және шарттармен жекешелендiре алады.
3. Сол елдi мекенде қызмет атқарған кезеңде қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген тұрғын үй берiлген әскери қызметшiлер он жыл әскери қызмет стажынан кейiн, ал еңбек сiңiрген жылдары, науқастануы немесе штаттың қысқаруы бойынша қызметтен босаған кезде қызмет мерзiмiне қарамастан оны (әскери қалашықтарда, шекара заставаларында және өзге де жабық объектiлерде орналасқан тұрғын үй-жайлардан басқасын) жекешелендiруге құқылы.
Мұндай тұрғын үйдi, оның жабық және оқшауланған әскери қалашықтарда, шекара заставаларында орналасуы себептi жекешелендiру мүмкiн болмаған реттерде, жекешелендiру құқығы басқа жерден тиiсiнше тұрғын үй сатып алу (салу) үшiн оның құнын төлеу арқылы өтеледi.
Аталған негiздер бойынша әскери қызметтен босатылған және күнтiзбемен есептегенде жиырма және одан да көп жыл қызмет атқарған әскери қызметшiлердiң тұрғын жайды тегiн жекешелендiруге құқығы бар.
Осы тармақта көрсетiлген жеңiлдiктер бiр рет қана қолданылады.
4. Қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген тұрғын үй берiлген азамат қайтыс болған жағдайда, егер оның осы тұрғын үйге құқығы болып, бiрақ оны жүзеге асырмаса, тұрғын үйдi жекешелендiру құқығы қайтыс болған (қаза тапқан) адамның отбасы мүшелерiне ауысады.
5. Мемлекеттiк қызметте немесе бюджеттiк ұйымдарда еңбек қызметiн тоқтатқан (соған байланысты қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген тұрғын үй берiлген) мемлекеттiк қызметшiлер мен бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi өзi тұратын тұрғын үйдi жекешелендiру құқығы пайда болған кезге дейiн өздерiмен бiрге тұратын барлық адамдармен қоса басқа тұрғын үй-жай берiлместен сол үйден шығарылады, бұған қызметтен мына негiздер бойынша:
1) ұйымның (кәсiпорынның) таратылуы, қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуы бойынша;
2) одан әрi қызмет iстеуге кедергi келтiретiн сырқатына байланысты;
3) зейнет демалысына шығуына байланысты босатылған реттер кiрмейдi.
Қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан қызметкерлердiң отбасылары да тұрғын үйден шығарылмайды.
6. Қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген тұрғын үйдi жекешелендiру құқығы пайда болған кезге дейiн әскери қызметтен босатылған әскери қызметшiлер өздерiмен бiрге тұратын барлық адамдармен қоса басқа тұрғын үй-жай берiлместен сол үйден шығарылуға тиiс, бұған әскери қызметшiнiң еңбек сiңiрген жылдары, ауруы бойынша жұмыстан шығарылған немесе штат (адам саны) қысқартылған жағдайлар қосылмайды.
7. Егер олар өздерi тұратын тұрғын үйдi жекешелендiруге құқығы бар болса, бiрақ бұл құқығын жүзеге асырмаса, осы бапта көрсетiлген адамдарды үйден шығаруға жол берiлмейдi.
8. Жұмысына (қызметiне) байланысты тұрғын үй берiлген асыраушысынан айрылған отбасылар өздерi тұратын қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген тұрғын үйден тек қолданылып жүрген нормаларға сәйкес тұру үшiн жарамды басқа тұрғын үй-жай беру арқылы ғана шығарылуы мүмкiн.
9. Бұл бапта аталған адамдарды шығаруға осы Заңның 14-тарауында көзделген басқа негiздер бойынша да жол берiледi.
10. Қызметтiк тұрғын үйлерге теңестiрiлген тұрғын үйлерде тұратын адамдар қызметтiк тұрғын үйге теңестiрiлген тұрғын үй берген мемлекеттiк органның келiсiмiмен тұрғын үйдi басқасына айырбастауға құқылы.
14-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫНДАҒЫ ТҰРҒЫН
ҮЙЛЕРДI ПАЙДАЛАНУ ҚҰҚЫҒЫН ТОҚТАТУ ЖӘНЕ
ОЛАРДАН ШЫҒАРУ
102-бап. Жалдаушының мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы
тұрғын үйдi жалдау шартын бұзуы
1. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын жайды жалдаушы (кәмелетке толған отбасы мүшелерiнiң келiсiмiмен) кез келген уақытта жалдау шартын бұзуға құқылы.
2. Жалдаушы мен отбасы мүшелерi тұрақты тұру үшiн басқа жаққа көшiп кеткен жағдайда тұрғын үйдi жалдау шарты олар кеткен күннен бастап бұзылды деп есептеледi.
103-бап. Жалға берушiнiң талап етуi бойынша мемлекеттiк
тұрғын үй қорындағы тұрғын үйдi жалдау шартын
бұзу және жалдаушыны тұрғын үйден шығару
1. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi жалдау шарты жалға берушiнiң талап етуiмен осы Заңда белгiленген негiздер бойынша ғана бұзылуы мүмкiн.
2. Мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үйлерден шығаруға жалдау шарты бұзылған реттерде, сондай-ақ осы Заңда көзделген басқа негiздер бойынша жол берiледi.
3. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан басқа жарамды тұрғын үй берместен ата-ана қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмаған балаларды шығаруға жол берiлмейдi.
104-бап. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан басқа
тұрғын үй беру арқылы шығару
1. Азаматтар осы Заңның 101-бабының 5 және 6-тармақтарында, 107-бабында,108-бабының 1-тармағында, 111 және 114-баптарында көзделгенiнен басқа реттерде мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы тұрғын үйден тұрмысқа жайлы басқа тұрғын үй берiлiп шығарылады.
2. Осы Заңның 91-бабының 1-тармағында, 101-бабының 8-тармағында және 103-бабының 3-тармағында көрсетiлген реттерде тұру үшiн жарамды басқа тұрғын үй-жай берiледi.
3. Үйден шығару туралы талап етушi заңды тұлға басқа тұрғын үй берiлуiн қамтамасыз етедi.
105-бап. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрмысқа жайлы
басқа тұрғын үй беру арқылы үйден шығару негiздерi
1. Мына реттерде:
1) егер тұрғын үй орналасқан тұрғын үй (тұрғын жай) жер учаскесiнiң мемлекеттiк қажеттер үшiн алынуына (сатып алынуына) байланысты бұзылуға жататын болса;
2) егер тұрғын үй (тұрғын жай) онда одан әрi тұруға жарамсыз болғандықтан тұрғын үй емес жай ретiнде қайта жабдықтауға жататын болса;
3) егер тұрғын үйге құлау (бұзылу) қаупi төнсе;
4) тұрғын үйдi күрделi жөндеудiң нәтижесiнде тұру жағдайы айтарлықтай өзгерсе (осы Заңның 91-бабының 2 және 3-тармақтары);
5) тұрғын үйдi жалдау шарты осы Заңның 108-бабындағы 2-тармақта көзделген негiздер бойынша жарамсыз деп танылса, мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үйдi жалдау шартының бұзылуы, ал жалдаушы тұрмысқа жайлы басқа тұрғын үй берiлiп шығарылуы мүмкiн.
2. Босатылған үйдiң орнына берiлетiн тұрмысқа жайлы тұрғын үй осы Заңның 75 және 76-баптарының,106-бабындағы 2, 3, 4-тармақтардың талаптары мен ережелерiне сай келуге тиiс.
106-бап. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан шығарылуына
байланысты азаматтарға берiлетiн тұрғын үй
1. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан шығарылуына байланысты азаматтарға берiлетiн басқа тұрғын үй осы Заңның 75 және 76-баптарының талаптарына сай келуге және шығарылған адамдар тұрған бұрынғы тұрғын үйдiң көлемiнен кем болмауға тиiс.
2. Егер жалдаушы бұрын бiр бөлмеден артық алаңда тұрған болса, оған сонша бөлмелер санынан тұратын жеке тұрғын үй берiлуге тиiс.
3. Егер жалдаушыда артық алаң болса, тұрғын үй осы Заңның 75-бабындағы 1-тармақта көзделген нормаларға сәйкес берiледi, ал қосымша алаңға құқығы бар жалдаушыға немесе онымен бiрге тұратын адамға - қосымша алаңға құқығы ескерiле отырып берiледi.
4. Бұзылатын үйде кемiнде он бес жыл тұратын азаматтарға олардың қалауы бойынша басқа жайлы тұрғын үй бұзылған құрылыстың орнына немесе соған жақын жерден салынған тұрғын үйлерден берiледi. Бұл азаматтар осындай тұрғын үй берiлгенге дейiн осы баптың 5-тармағының талаптарына сәйкес келетiн уақытша тұрғын үймен қамтамасыз етiледi.
5. Тұру үшiн жарамды тұрғын үй сол елдi мекеннiң шегiнде болуға, санитариялық және техникалық талаптарға сай келуге тиiс.
Көшiп-қону азаматтың тұрғын үй жағдайының, осы Заңның 69-бабында көрсетiлгенiндей, тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаждыққа әкелiп соқтырмауға тиiс. Жалға алушының осы Заңның 105-бабындағы 1-тармақтың 1), 2), 3), 4) тармақшаларында көрсетiлген жағдайларда көшiп-қонуға байланысты шығындарын жалға берушi өтеуге тиiс.
6. Осы Заңның 105-бабында көзделген негiздер бойынша азаматтарды шығаруға байланысты даулар сот тәртiбiмен шешiледi.
Осы Заңның 108-бабындағы 2-тармақта көзделген жағдайдан басқа реттерде, жалға алушыны шығару туралы сот шешiмiнде шығарылған адамға берiлетiн тұрғын үй, осы тұрғын үй орналасқан мекен-жай көрсетiле отырып жүргiзiлуге тиiс.
107-бап. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан басқа тұрғын
үй берiлмей шығару негiздерi
Жалдаушыны, оның отбасы мүшелерiн немесе онымен бiрге тұратын басқа адамдарды басқа тұрғын үй бермей шығаруға, егер:
1) олар тұрғын үйдi үнемi қиратса немесе бүлдiрсе;
2) олар тұрған үйдi осы Заңның 4-бабының талаптарын бұза отырып пайдаланса;
3) олар жатақхана ережелерiн үнемi бұзу арқылы басқалардың өздерiмен бiр бөлмеде немесе бiр тұрғын үйдi тұруына мүмкiндiк бермейтiн болса;
4) олар дәлелдi себептерсiз тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн ақы төлеуден қатарынан алты ай бойы жалтарса;
5) адамдар ата-аналық құқығынан айырылған болса және олардың ата-аналық құқықтарынан айырылуына байланысты балаларымен бiрге тұруы мүмкiн емес деп танылса;
6) адам тұрғын үйге өз бетiмен басып кiрiп алса;
7) тұрғын үйдi жалдау шарты осы Заңның 108-бабындағы 1-тармақта көзделген негiздер бойынша жарамсыз деп танылса;
8) олар меншiк құқығымен орналасқан жерiне қарамастан өзге тұрғын үйдi сатып алған болса;
9) Осы Заңның 111 (101-баптың 1), 2), 3)-тармақшаларында, сондай-ақ 5-тармақтың екiншi бөлiгiнде, 7, 8-тармақтарында көзделген реттердi қоспағанда) және 114-баптарында көзделген негiздер пайда болса, басқа тұрғын үй берiлместен шығаруға жол берiледi.
108-бап. Тұрғын үй-жайды жалға алу шартын жарамсыз
деп танудың салдары
1. Шарт жасасып, тұрғын үй алған адамдардың қасақана заңсыз әрекеттерiнiң салдарынан тұрғын үйдi жалға алу шарты жарамсыз деп танылған жағдайда олар басқа тұрғын үй берiлместен шығарылуға тиiс.
2. Егер тұрғын үйдi жалға алу шарты осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайлардан басқа негiздер бойынша жарамсыз деп танылса, шартта аталған азаматтар өздерiнiң бұрын тұрып келген тұрғын үйi немесе басқа жайлы тұрғын үй берiп шығарылуға тиiс. Басқа тұрғын үй беру мiндетi шартты жарамсыз деп тануға әрекетi негiз болған заңды тұлғаға жүктеледi. Бұл жағдайда соттың шешiмiнде берiлетiн тұрғын үйдiң мекен-жайы көрсетiлмеуi мүмкiн.
3. Жалдау шартын жасасу кезiнде заңсыз әрекетке жол берген лауазымды адам Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауапқа тартылады.
15-тарау. ҚЫЗМЕТТIК ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДI ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТIК
ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫНЫҢ ЖАТАҚХАНАЛАРЫНДАҒЫ ТҰРҒЫН
БӨЛМЕЛЕРДI ПАЙДАЛАНУ
109-бап. Қызметтiк тұрғын үйлер
1. Мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы қызметтiк тұрғын үйлер жалдау шарты бойынша өздерiнiң еңбек қатынастарының сипатына байланысты жұмыс орны бойынша тұруға тиiстi азаматтарды тұрғызуға арналады.
2. Өздерiнiң еңбек қатынастарының сипатына байланысты жұмыс орны бойынша тұруға тиiс және қызметтiк тұрғын үй берiлуi мүмкiн қызметкерлер санатының тiзбесi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
3. Тұрғын үй жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмiмен қызметтiк тұрғын үйлердiң қатарына кiргiзiледi және олардың қатарынан шығарылады.
110-бап. Қызметтiк тұрғын үйдi беру және пайдалану
1. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан қызметтiк тұрғын үйдi беру және пайдалану тәртiбi осы Заңмен және Қазақстан Республикасы заңдарының өзге де нормаларымен белгiленедi.
Қызметтiк тұрғын үйдi пайдалануға осы Заңның 90,93,95-баптарының ережелерi қолданылмайды.
2. Мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы қызметтiк тұрғын үйлердi ауыстыруға қызметтiк тұрғын үйдi берген мемлекеттiк органның келiсiмiмен жол берiледi.
111-бап. Қызметтiк тұрғын үйлерден шығару
1. Осы Заңның 101-бабындағы 5-тармақтың 1), 2), 3)-тармақшаларында, сондай-ақ екiншi бөлiгiнде көзделген реттердi қоспағанда, еңбек қатынастарына байланысты тұрғын үй берiлiп, ол қатынастарды тоқтатқан қызметкерлер өзiмен бiрге тұратын барлық адамдармен қоса басқа тұрғын үй-жай берiлместен шығарылуға тиiс.
2. Аталған негiздер бойынша қызметтiк тұрғын үйден шығару туралы талап еңбек қатынастарын тоқтатқан күннен бастап үш жылдың iшiнде қойылуы мүмкiн.
ҚР 07.06.99 ж. N 391-I Заңымен 112-бап өзгертілді
112-бап. Мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы жатақханалардан
тұрғын үй-жай беру тәртiбi
Мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы жатақханалардан тұрғын үй-жай кәсiпорын, мекеме әкiмшiлiгiнiң шешiмi бойынша мерзiмдi еңбек келiсiмiмен (келiсiм-шартпен) жұмыс iстейтiн кезеңiнде, сондай-ақ студенттер (курсанттар, аспиранттар) мен оқушылардың оқуы кезеңiнде тұруы үшiн берiледi.
Шешiмде жатақханадан тұрғын үй-жай берiлген адаммен бiрге тұрғызылатын барлық адамдар аталуға тиiс. Басқа адамдарды тұрғызуға тыйым салынады.
113-бап. Мемлекеттiк тұрғын үй қорының жатақханаларындағы
тұрғын үй-жайларды пайдалану тәртiбi
1. Жатақханалардағы тұрғын үй-жай төсектiк және бөлмелiк үлгiлерде болуы мүмкiн.
2. Мемлекеттiк тұрғын үй қорының жатақханаларындағы тұрғын алаңның көлемi бiр тұрушыға Республикада қолданылып жүрген тұрғын алаңның санитариялық нормасынан кем болмауға тиiс.
Бөлмелiк үлгiдегi жатақханада тұрушыға отбасы мүшелерiнiң санына қарай екi және одан да көп бөлмелерден тұратын тұрғын үй-жай берiлуi мүмкiн.
3. Мемлекеттiк тұрғын үй қорындағы жатақханаларды пайдалану ережесiн, сондай-ақ бұл жатақханалардағы тұрғын үй-жайларды пайдаланғаны үшiн төленетiн ақының мөлшерiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
4. Қажет болған жағдайда жатақхана берген кәсiпорынның немесе мекеменiң әкiмшiлiгi жатақханада тұратын адамдарды (отбасы мүшелерiмен бiрге) сол немесе басқа жатақханадағы басқа тұрғын үй-жайларға көшiруге құқылы. Бөлмелiк үлгiдегi тұрғын үй-жайда тұратын адамға көшiру кезiнде басқа бөлмелiк үлгiдегi тұрғын үй-жай берiледi.