"Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры" жабық акционерлiк қоғамының
2003-2005 жылдарға арналған кредит саясаты туралы меморандумы
Осы редакция ҚР Үкіметінің 2004 ж. 21 мамырдағы N 570 қаулысымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
ҚР Үкіметінің 11.06.03 ж. N 571 қаулысымен бекiтiлді
1. Жалпы ережелер
1. Осы Меморандум "Шағын кәсiпкерлiктi дамыту қоры" жабық акционерлiк қоғамының 2003-2005 жылдарға арналған кредит саясатының негiзгi қағидаттары мен басымдықтарын анықтайды, шағын кәсiпкерлік субъектiлерiне (бұдан әрi - ШКС) қаржы қызметiн ұсыну туралы шешiмдер қабылдау, кредиттiк ресурстарды басқару мен олардың пайдаланылуын бақылау процестерiн қоса алғанда, кредиттiк мәмiлелерді жүргiзу жөніндегi рәсімдер тiзбесi мен нұсқамалардан, тұрады, сондай-ақ қабылданатын шешімдердің негiзiне жататын стандарттар мен параметрлердi белгiлейдi.
2. "Шағын кәсiпкерлiктi дамыту қоры" ЖАҚ-тың Кредит саясаты туралы меморандумы (бұдан әрi - Меморандум) үш жылға бекiтiледi және "Шағын кәсiпкерліктi дамыту қоры" ЖАҚ-тың (бұдан әрi - Қор) барлық бөлiмшелерiнің орындауы үшiн қабылданады.
3. Meмopaндум тұжырымдамалық әрi нұсқамалық сипатта және Қордың кредит саясатын анықтау үшiн негiз болып табылады.
4. Мөлшерi 35 000 AEK-кe тең соманы құрайтын немесе одан асатын операциялар жөнiндегi шешiмдi Қордың Директорлар кеңесi қабылдайды. Көрсетiлген жобалар Қор Басқармасы оны мақұлдағаннан кейiн Қордың Директорлар кеңесiнің қарауына ұсынылады.
Мөлшерi 35 000 АЕК-ке тең сомадан аспайтын операциялар жөніндегi шешiмдi Қор Басқармасы қабылдайды.
2. Шағын кәсіпкерлiк субъектілерiне өздігінен немесе екiнші
деңгейдегi банктер арқылы кредит беру
5. ШКС-тің экономикалық тиiмдi жобаларын қаржыландыру кiрiстiктi қамтамасыз ету және тәуекелдердi оңтайландыpу Қордың кредит саясатының негiзгi қағидаттары болып табылады.
6. Қаржыландыру мынадай басымдықтарға сәйкес жүзеге асырылады:
1) ауыл шаруашылығы, аңшылық және орман шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерiн өндiру мен қайта өңдеу және соған байланысты қызметтер көрсету;
2) сусындар мен темекiнi қоса алғанда, тамақ өнiмдерiн өндiру;
3) тоқыма және тiгін өнеркәсiбi;
4) былғары өндiру, былғарыдан жасалған бұйымдар мен аяқ-киiм өндіру;
5) ағаш өңдеу және ағаштан жасалған бұйымдар өндiру;
6) баспа iсi;
7) химиялық өнеркәсiбi;
8) резеңке және пластмасса бұйымдарын өндiру;
9) машиналар мен жабдықтар өндiру;
10) электр жабдықтарын, электрондық және оптикалық жабдықтар өндіру;
11) құрылыс;
12) электр энергиясын, газды және суды өндiру мен бөлу;
13) көлiк және байланыс;
14) бiлiм беру;
15) денсаулық сақтау және әлеуметтiк қызметтер көрсету.
7. Кредит беру мөлшерi осы Меморандумда белгiленген лимиттер шегiнде белгiленедi және оны Директорлар кеңесi салалық белгiсi бойынша саралануы мүмкiн.
8. Инвестициялық жобаларға кредит беру үшiн мынадай көздер пайдаланылуы мүмкiн:
1) Қордың меншiктi қаражаты;
2) шетелдік, халықаралық және отандық қаржы ұйымдарының қарыз қаражаты;
3) Қор қарыз алушы болып әрекет ететiн республикалық және жергiлiктi бюджеттердің қаражаты.
9. Шағын кәсiпкерлік шеңберiнде ұсынылатын кредиттер мерзiмдерi бойынша мынадай түрлерге жiктеледi:
1) қысқа мерзiмдi кредиттер - беру уақыты 1 (бip) жылға дейiн, шағын бизнеске кредит беру, маусымдық кредиттер, жеке тұлғаларға бизнес мақсаттарға кредит беру;
2) орта мерзiмдi кредиттер - беру уақыты 5 (бес) жылға дейiн, инвестициялық кредит беру;
3) ұзақ мерзiмдi кредиттер - беру уақыты 5 (бес) жергілікті және одан көп, басымдықты жобаларға инвестициялық кредиттер.
10. Кредит беру нысаны:
1) тiкелей кредит беру;
2) басқа да кредиттiк ұйымдармен бiрлесіп, қоса қаржыландыру шартымен;
3) екiншi деңгейдегi банктер арқылы.
11. Кредит беру және шектеу лимиттері:
Жобаларға кредит беру лимиті - бiр қарыз алушының ең көп тәуекелi қордың меншiктi капиталының 5 %.
Бiр қарыз алушыға арналған тәуекелдің ең көп мөлшерi бойынша лимит кредиттiк портфель құрылымы бойынша, салалық және өңiрлiк белгi бойынша:
1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің талаптарына;
2) Қордың Директорлар кеңесi бекiтетiн кредит саясатының басымдықтарына сәйкес белгіленедi.
Бұл шектеулер Қазақстан Республикасы Үкiметiнің бiр жолғы шешiмдерiне немесе Қор кредитор болып көзделген бекiтiлген мемлекеттiк және салалық бағдарламаларға сәйкес жобаларға кредит беру кезiнде қабылданбайды.
12. Кредит беру теңгемен жүргiзiледi. Кредит бойынша сыйақы ставкасын Директорлар кеңесi Қордың шығыстарын жабуды және жарғылық капиталды сақтауды ескере отырып айқындайды. Сыйақы ставкасы қарыз шартында көрсетiлетiн тiркемелi болуға тиiс.
13. Қор кредиттер беру кезінде кредит берiлетiн жоба бойынша барлық тәуекелдердi ескере отырып, оны толық жабу қағидатын ұстанады.
Кредиттер өтiмдi активтер: бағалы қағаздармен, банктер кепiлдiктерiмен, инвестициялау объектілерiмен, жылжымалы және жылжымайтын мүліктермен және заңнамада көзделген басқа да құралдармен қамтамасыз етілуi тиiс.
14. Қордың екiншi деңгейдегi банктерде Қор қаражатын конкурстық негiзде шартпен орналастыруға құқығы бар.
Шартпен орналастыру - бұл түпкi қарыз алушыда кредиттi қайтаруды қамтамасыз ету үшін өтемдi активтер болмаған кезде екіншi деңгейдегi банктерде Қор қаражатын конкурстық негiзде немесе Қазақстан Республикасы Yкiметiнің жекелеген шешiмдерi негiзiнде орналастыру.
3. Жобаларды агенттiк негізде қаржыландыру
15. Қазақстан Республикасы Үкiметінің кепiлдiгiмен шетелдiк, халықаралық және отандық қаржы ұйымдарының қарыз қаражатынан ШКС-тi қолдау мен дамыту үшiн республикалық және жергiлiктi бюджеттердi агенттік негізде қаржыландыру:
1) тiкелей Қор арқылы;
2) екiншi деңгейдегi уәкiлеттi банктер арқылы жүргiзiледi.
Жобаларды республикалық және жергiлiктi бюджеттердің (кәсiпкерлiктi қолдаудың мемлекеттiк бағдарламалары шеңберiнде) мемлекеттiк қарыздары есебiнен қаржыландырудың шарты мен тәртiбi тиiстi мемлекеттiк органдардың қаулыларымен және шешімдерiмен және қол қойылған қарыздар туралы келiсiмдерге сәйкес регламенттеледі.
16. Агенттiк қызметтердi Қор Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне, жергiлiктi атқарушы органдарға және өзге де қаржы институттарына агенттiк келiсiм шарттарына сәйкес ақылы негiзде көрсетедi. Қордың агенттiк функцияларды тиесiлi орындауы жөнiндегi жауапкершiлiгi агенттiк келiсiммен реттеледі.
Кредиттердi қайтару жөнiндегi агенттік функцияларды жүзеге асыру кезiнде Қордың комиссиялық сыйақысы агенттiк келiсiмдерде көзделедi.
17. Қордың агенттiк келiсiмдерi негiзiнде қолданыстағы бағдарламалар шеңберiнде қаржыландырылатын жобалардың сараптамасы мынадай ережелердi сараптауды қамтиды:
1) жобаның тиiмдiлiгi;
2) түпкi қарыз алушының кредиттi қайтару қабілеттілігі мен төлем жасау қабілеттiлігі;
3) салынған қаражаттың қайтарылуын қамтамасыз ету;
4) қаржыландырудың нысандары мен шарттары;
5) қаржыландырудың орындылығы.
18. Қордың жобаны бағалау жөнiндегi (экономикалық, кепiлдi, заңды) оң қорытындысы жобаны қаржыландыру мүмкіндігін қараудың мiндеттi шарты болып табылады.
4. Қаржылық қызметтер көрсету
19. Қордың Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің лицензиялары болған кезде шағын кәсіпкерлiк субъектiлерiне өзге қаржылық қызметтер көрсетуді ұсынуға құқығы бар.
5. Жобалар сараптамасы
20. Қордың кредиттiк және өзге де тәуекелдердi кешендi сараптама жасамай, жобаларды қаржыландыруға құқығы жоқ. Сараптама екi кезеңмен жүргiзiледi.
1-кезең - Қордың кредит саясатына сәйкестiгiн ескере отырып, қарыз алушы туралы және жоба туралы жалпы ақпараттың негiзінде бастапқы ipiктeу және қарыз алушының шағын кәсіпкерлiк субъектiсi мәртебесіне сәйкестiгiн тексеру. Қор дербес жүргiзедi.
2-кезең:
1) жобаны техникалық-технологиялық бағалауды, қарыз алушының қаржылық жағдайын бағалауды, жобаның ұйымдық дайындығын бағалауды, экологиялық және әлеуметтiк бағалауды және өзгелердi қамтитын жобаның экономикалық сараптамасын;
2) кепілдiкпен қамтамасыз етудi бағалауды;
3) жобаның заңды сараптамасын қамтитын кешендi сараптама.
21. Қор жобаларға кешендi сараптама жүргiзу үшiн тәуелсiз сарапшылар мен консультанттарды тартуы мүмкiн.
22. 35 000 АЕК-тен асатын соманың жобаларын қараған кезде кешендi сараптама комиссиясының құрамына уәкiлеттi мемлекеттік органның өкілдерi міндеттi түрде енгiзiледi.
6. Кредиттердi және шартты мiндеттемелердi басқару
23. Кредит портфелiн бақылауды және оның мониторингiн Қор кредиттердің пайдаланылуын және клиенттің кредиттi қайтару қабiлеттiлігін және кредит берудің барлық кезеңiнде жобаның iске асырылуын қадағалау процесiн қамтитын шартты мiндеттемелердi үздіксiз бақылау жолымен жүзеге асырады. Бақылау нәтижелерiнің негiзiнде Қор ай сайын несие портфелiн жiктеудi жүргiзедi.
24. Провизиялар (резервтер) қалыптастыру Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің нормативтік құқықтық кесiмдерiнің талаптарына сәйкес жүзеге асырылады. Қор кредиттiк қызмет шығындарын жабу үшiн провизияларды (резервтердi) жіктелген активтер мен шартты міндеттемелер бойынша қалыптастырады. Жiктелетiн дебиторлық берешек осындай жiктеуге жатады.
25. Қордың меншіктi капиталына қатысы бойынша қарыз қаражатын тарту 4:1 қатынасынан аспауы тиiс. Шектеу агенттiк негiзде қызмет көрсетiлетiн қаражатқа қолданылмайды.
26. Акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмi бойынша Қор меншiктi немесе Қазақстан Республикасы Yкiметінің кепілдігімен Қордың борыштық бағалы қағаздарының эмиссиясын жүзеге асыра алады.