2. Ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң тұқым шаруашылығы жүйесiне:
1) тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган мен оның аумақтық органдары;
2) тұқым өндiру, дайындау, өңдеу, сақтау, сату және тасымалдау жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын аттестатталған жеке және заңды тұлғалар;
3) белгiленген тәртiппен аттестатталған тұқым сапасына сараптама жасау жөнiндегi зертханалар, байқаудан өткiзушiлер, тұқым сарапшылары кiредi.
12-бап. Тұқым шаруашылығын қаржыландыру
1. Тұқым шаруашылығын мемлекеттiк қолдау ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң тектiк қорын, тұқым шаруашылығын сақтау және дамыту бағдарламалары негiзiнде мемлекеттiк бюджеттiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
2. Бiрегей тұқым өндiруге субсидия беру және отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерi үшiн Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етiлген және (немесе) перспективалы деп танылған сорттардың элиталық тұқымдарының құнын арзандату Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
3. Жергiлiктi атқарушы органдар жергiлiктi өкiлдi органдардың шешiмi бойынша, тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның келiсiмiмен, республикалық бюджетте мемлекеттiк қолдау бағдарламасы көзделмеген тұқым шаруашылығын мемлекеттiк қолдау бағыттары мен ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң түрлерi бойынша бюджеттiк бағдарламалар енгiзуi мүмкiн.
4. Тұқым шаруашылығы және өсiмдiктердiң тектік қорын сақтау саласындағы ғылыми зерттеулер бағдарламаларын қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен республикалық бюджеттiң қаражаты және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен жүзеге асырылады.
5. Ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң сорттық сынағы республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
6. Республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен тұқымдардың сорттық және егу сапасына, оның iшiнде отандық ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiнiң егуiне арналған тұқымдарға сараптама жасау және өсiмдiктердi қорғау мен олардың карантинi жөнiндегi iс-шараларды жүргiзу Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тәртiппен жүзеге асырылады.
4-тарау. Тұқымдарды өндіру, дайындау, өңдеу,
сақтау, тасымалдау, сату және пайдалану
13-бап. Тұқымдарды өндiру мен пайдалануға қойылатын талаптар
1. Ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң тұқымдары:
1) карантиндiк объектiлерден ауру жұққызған болса;
2) егер тұқым:
мемлекеттiк copт сынағынан өтпеген;
Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етiлген Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлмеген немесе Қазақстан Республикасында перспективасы жоқ деп танылған сортқа жататын болса;
3) осы Заңда белгiленген тәртiппен егу сапасына сараптамадан өтпесе, оларды сатуға және егу (отырғызу) үшiн пайдалануға тыйым салынады.
2. Сорттық және егу сапалары бойынша мемлекеттiк стандарттар мен тұқым шаруашылығы саласындағы өзге де нормативтiк құжаттардың талаптарына сай келмейтiн тұқымдарды сатуға, сондай-ақ осы Заңға сәйкес аттестатталған элиталық тұқым шаруашылығында және тұқым өсiру шаруашылықтарында егу (отырғызу) үшiн пайдалануға тыйым салынады.
3. Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етiлген Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлмеген тұқым сорттарын мынадай жағдайларда, егер:
1) олар селекциялық және зерттеу жұмыстары үшін пайдаланылатын болса;
2) оларды өсiрiп-өндiру Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкету үшiн халықаралық шартта көзделсе, себуге рұқсат етiледi.
4. Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етiлген Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлмеген және (немесе) одан шығарылған ауыл шаруашылық өсiмдiктерi сорттарының тұқым топтары ерекше жағдайда одан кейiнгi үш жыл iшiнде тұқымдық мақсатқа сату құқығынсыз пайдаланылуы мүмкiн.
5. Осы Заңда белгiленген тәртiппен аттестаттаудан өтпеген жеке және заңды тұлғалар тұқымдарды сату құқығынсыз өз қажеттерi үшiн ғана өндiру мен пайдалануды жүзеге асыра алады.
14-бап. Тұқым өндiрушiлердiң құқықтары мен мiндеттерi
1. Тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейтiн квоталардан кем болмайтын көлемде тұқым өндiрудi қамтамасыз етуге тиiстi аттестатталған тұқым өндiрушiлердi қоспағанда, тұқым өндiрушiлер тұқым өндiру көлемiн өз бетiмен белгiлеуге құқылы.
2. Тұқым өндiрушiлер:
1) тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган бекiткен технологиялық талаптарды, өндiрiс схемаларын, тұқымды сақтау және сату ережелерiн сақтауға, олардың саны мен сапасы жағынан сақталуын қамтамасыз етуге;
2) Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етiлген Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлген сорттардың тұқымдарын, сондай-ақ перспективалы деп танылған сорттардың тұқымдарын егу үшiн пайдалануға;
3) элиталық тұқымдарды алдағы уақытта сату, соның iшiнде мемлекеттен тыс жерлерге сату мақсатымен оларды өндiру кезiнде бiрегей тұқым сорттарын және будандардың шыққан тегiнiң нысандарын сатып алуға;
4) тұқымдарды сату кезiнде олардың сорттық және егу сапасын, сондай-ақ сорттың сипаттамасын (суреттемесiн) растайтын құжаттарды табыс етуге;
5) тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен сорттық егiстерге байқау өткiзуге;
6) сатуға, егу үшiн пайдалану мен сақтық және ауыспалы қорлар жасауға арналған тұқымдардың егу сапасына сараптама жүргiзуге;
7) егiстi (отырғызылған екпелердi), аумақтарды, тұқым тазалағыш машиналар мен механизмдердi, қоймаларды карантиндiк объектiлердi анықтау үшiн үнемi тексерiп отыруды қамтамасыз етуге және оларға қарсы күрес жөніндегі іс-шараларды жүргізуге;
8) өз қаражаты есебiнен тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органмен келiсiлген көлемде ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң сақтық және ауыспалы қорларын құруға;
9) тұқым шаруашылығы және өсiмдiктер карантинi саласында мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның лауазымды адамдарын тұқым, тұқым өсiру егiсiне, тұқым топтарына, тұқымдарды өңдейтiн, сақтайтын, өткiзетiн жерлерге, құжаттарға еркiн жiберуге;
10) тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiленген тәртiп пен мерзiмде сорттың жаңартылуын және сорттың алмастырылуын жүргiзуге;
11) сатылуға тиiстi тұқымның тұқым құжатында көрсетiлген сорттық және егу сапасына сәйкестiгiне кепiлдiк беруге;
12) сатылған және өз қажетiне пайдаланылған тұқымдардың мөлшерiне, шыққан тегiне, олардың сорттық және егу сапасына есеп жүргiзуге мiндеттi.
15-бап. Ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң тұқымдарын өндiруге арналған агроэкологиялық аймақтар
Тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң осы аймақта пайдалануға рұқсат етiлген жоғары сапалы тұқымдарын өндiру үшiн табиғи-климаттық жағдайлары қолайлы агроэкологиялық аймақтарды айқындайды.
16-бап. Тұқым топтарын сату мен тасымалдау
1. Тұқым топтарын сату мен тасымалдау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Тұқым топтарын сатқан және тасымалдаған кезде олар ыдысқа салынған (буып-түйiлген) немесе ыдысқа салынбаған (үйiлген) күйде болуы мүмкiн.
3. Тұқым топтарын ыдысқа салынған (буып-түйiлген) күйiнде сатқан және тасымалдаған кезде олардың ыдыстары мен бумаларында белгiленген нысанда этикетка болуға тиiс.
4. Бiрегей және элиталық тұқымдарды ыдысқа салынған (буып-түйiлген) күйде ғана сату мен тасымалдауға рұқсат етiледi.
5. Тұқымдарды ыдысқа салынбаған (үйiлген) күйiнде сатқан және тасымалдаған кезде осы тұқым топтарына тұқымдардың әрбiр тобы сортының атауы, тұқымдардың өсiрiлген жерi мен сапасы туралы деректер көрсетiлген iлеспе құжаттарды ресiмдеу талап етiледi.
6. Химиялық және биологиялық препараттармен өңделген тұқым топтары ыдысқа салынған (буып-түйiлген) жағдайда болуға тиiс. Осы тұқымдардың ыдыстары мен бумаларында мұндай тұқымдардың ұсталу тәртiбiн анықтайтын және адамның денсаулығы мен қоршаған ортаға жағымсыз әсер ету мүмкiндiгi туралы мәлiметтер қамтылған тиiстi жазбалар болуы керек.
7. Тұқым топтарын сатқан және тасымалдаған кезде ыдыстар мен бумаларда, этикеткаларда және iлеспе құжаттарда сорттың атауы, тұқымдардың өсiрiлген жері мен сапасы туралы шындыққа сәйкес келмейтiн мәлiметтер көрсетуге, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында тұқым топтары туралы көрiнеу жалған жарнама таратуға тыйым салынады.
17-бап. Мемлекеттiк тұқым ресурстары, сақтық және өтпелi қорлар
1. Мемлекеттiк тұқым ресурстары ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерiне дүлей зiлзалалар немесе өзге де төтенше жағдайлар кезiнде көмек көрсету, Қазақстан Республикасының тұқым материалына деген қажеттерiн тұрақты қамтамасыз ету, сорт жаңартуды, сорт алмастыруды жүргiзу, мемлекетаралық келiсiмдердiң орындалуын қамтамасыз ету үшiн құрылған және соған арналған ауыл шаруашылық өсiмдiктерi тұқымдарының мемлекеттiк қорлары болып табылады.
2. Мемлекеттiк тұқым ресурстарын қалыптастыруды тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган жүзеге асырады.
3. Сақтық тұқым қорлары ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң тұқым қорлары болып табылады және астық шықпай қалған жағдайда тұқым себудi қамтамасыз ету үшiн оларды ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерi дербес қалыптастырады.
4. Өтпелi тұқым қорлары күздiк ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң қорлары болып табылады және оларды ауыл шаруашылық тауар өндiрушiлерi дербес қалыптастырады.
18-бап. Тұқымдарды дайындау, өңдеу, сақтау және пайдалану
1. Ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң тұқымдарын дайындауды, өңдеудi, сақтауды және пайдалануды ұйымдастыру тәртiбiн тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
2. Патент иесiнiң ерекше құқық объектiсi болып табылатын тұқымдарды пайдалануға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен рұқсат етiледi.
19-бап. Тұқым топтарын Қазақстан Республикасына әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету
1. Тұқым топтарын Қазақстан Республикасына әкелу және Қазақстан Республикасынан әкету Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етiлген Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiне сорттары енгiзiлген ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң тұқым топтарын Қазақстан Республикасына әкелуге және Қазақстан Республикасынан әкетуге pұқсат етiледi.
3. Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етiлген Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiне сорттары енгiзiлмеген және (немесе) патент қабiлеттiлiгi мен шаруашылыққа пайдалылығына ғылыми зерттеулер мен мемлекеттiк сынақтар өткiзуге арналған тұқым топтарын Қазақстан Республикасына әкелуге жол берiледi.
4. Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етiлген Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлген ауыл шаруашылық өсiмдiктерi сорттарының тұқым топтарын, республиканың осы тұқымдарға деген қажетi толық қамтамасыз етiлген жағдайда, сондай-ақ ғылыми зерттеулерге, патент қабiлеттiлiгi мен шаруашылыққа пайдалылығына мемлекеттiк сынақ жүргiзуге, элиталық тұқым өндiруге арналған тұқым топтарын әкетуге тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның келiсiмiмен жол берiледi.
5. Қазақстан Республикасына әкелiнетiн және Қазақстан Республикасынан әкетiлетiн тұқым топтарында олардың сорттық және егу сапасын куәландыратын құжаттары бiрге болуға және олар мемлекеттiк стандарттар мен техникалық шарттың талаптарына сай болуға тиiс.
6. Тектiк инженерия (тектiк түрлендiру) негiзiнде алынған сорттардың тұқым топтарын Қазақстан Республикасына әкелуге тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның келiсiмiмен жол берiледi.
7. Қазақстан Республикасына әкелiнетiн тұқым топтарына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен өсiмдiктер карантинi жөнiндегi бақылау, фитосанитариялық және тұқымдық сараптама жасалуға тиiс.
20-бап. Тұқым сапасына кепiлдiктер
1. Тұқым сату жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар тұқымдардың сорттық және егу сапасы олардың сапасын растайтын iлеспе құжаттарда көрсетiлген мәлiметтерге сәйкестiгiне кепiлдiк бередi.
2. Тұқымдардың сорттық және егу сапасы iлеспе құжаттарда көрсетiлген мәлiметтерге сәйкес келмеген жағдайда тұқымдарды сату жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауапты болады.
3. Сатып алынған тұқымдарға кепiлдiктер тұқым шаруашылығы саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде, мемлекеттiк стандарттарда және басқа да нормативтiк құжаттарда белгiленген мерзiм iшiнде қолданылады.
5-тарау. Тұқымның сорттық және егу сапаларын
анықтау тәртібі
21-бап. Ауыл шаруашылық өсiмдiктерi тұқымдарының сорттық сапасын анықтау
1. Ауыл шаруашылық өсiмдiктерi тұқымдарының сорттық сапасын анықтау тұқым шаруашылығы саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде, мемлекеттiк стандарттарда және басқа да нормативтiк құжаттарда белгiленген талаптарға сәйкес егiстердi байқаудан өткiзу, жерге егiп бағалау және зертханалық сорттық сынақтар арқылы жүргiзiледi және аттестатталған тұқым өндiрушiлер үшiн мiндеттi болып табылады.
2. Тұқымдары тұқым шаруашылығы субъектiлерiнiң сатуына нeмece өздерiнiң тұқымдық егiстерiне пайдалануына арналған ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң сорттық егiстерiне мiндеттi түрде байқау өткiзiлуге тиiс.
3. Ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етiлген Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлген сорттарының бiрегей және элиталық тұқымдары жерге егiп бағалануға тиiс.
4. Ауыл шаруашылық өсiмдiктерiнiң Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етiлген Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттiк тiзiлiмiне енгiзiлген сорттарының кейiннен сатылуға арналған элиталық тұқымдары мен бiрiншi көбейтiлген тұқымдары зертханалық сорттық сынақтан өткiзiлуге тиiс.
22-бап. Тұқымдардың егу сапасын анықтау
1. Сатуға және егу үшiн пайдалануға тиісті тұқымдардың егу сапасын анықтау осы Заңда белгiленген тәртiппен аттестатталған тұқым сапасының сараптамасы жөнiндегi зертханаларда тұқымдардың сынамаларын iрiктеп алу және оларға кейiннен талдау жасау арқылы жүргiзiледi.
2. Сатылуға тиісті тұқым топтарының сынымаларын іріктеп алуды тұқым өндiрушi өкiлiнiң қатысуымен тұқым шаруашылығы саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органның тұқым шаруашылығы жөнiндегi мемлекеттiк инспекторлары жүргiзедi.
3. Тек қана егуге арналған тұқымдар тобынан сынамаларды iрiктеп және (немесе) тұқым сапасына сараптама жасау жөнiндегi аттестатталған зертханаларда тиiстi дайындықтан өткен тұқымды өндiрушiлер (олардың өкiлдерi) жүргiзедi.
23-бап. Тұқымдарға құжаттама жасау
1. Тұқымдардың сорттық және егу сапасын куәландыратын тиiстi құжаттарсыз оларды iшкi рынокта, экспорт және импорт кезiнде сатуға, сондай-ақ тұқымдарды егу үшiн пайдалануға жол берiлмейдi.
2. Сату және тасымалдау кезiнде бiрегей, суперэлиталық және элиталық тұқымдарға - тұқым аттестаты, бiрiншi және одан кейiнгi көбейтiлген тұқымдарға тұқым куәлiгi қоса берiледi.
3. Тұқым шаруашылығы субъектiлерi егу үшiн өзi өсiрген тұқымды пайдаланған жағдайда байқаудан өткiзу актiсi мен тұқымдардың кондициялылығы туралы куәлiк не байқаудан өткiзу aктici мен тұқымдарға талдау жасау нәтижесi олардың сорттық және егу сапасын растайтын құжаттар болып табылады.
4. Тұқым өндiрушiлер тұқымға аттестатты немесе тұқымға куәлiктi, аттестатталған байқаудан өткiзушiлер және тұқым сапасына сараптама жасау жөнiндегi зертханалар берген, олардың сорттық және егу сапасын растайтын құжаттар (сорттық егiстердi байқаудан өткiзу актiсi, тұқымның кондициялылығы туралы куәлiк, тұқымға талдау жасау нәтижелерi) негiзiнде бередi.
6-тарау. Тұқым шаруашылығы саласындағы
дауларды шешу және жауапкершілік
24-бап. Тұқым шаруашылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыру кезiндегi дауларды шешу
Тұқым шаруашылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыру кезiнде туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес шешiледi.
25-бап. Қазақстан Республикасының тұқым шаруашылығы саласындағы заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының тұқым шаруашылығы саласындағы заңдарының бұзылуына кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
Қазақстан Республикасының