2) республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ғылыми зерттеулер бағдарламаларына бірыңғай әкімшілік жүргізу;
3) Қазақстан Республикасындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын қалыптастыру;
4) іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер саласындағы мемлекеттік ұйымдарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату туралы ұсыныстар енгізу;
5) диссертациялар қорғау жөніндегі диссертациялық кеңес туралы ережені бекіту;
6) ғылым кандидаты және ғылым докторы ғылыми дәрежесін беру;
7) диссертациялар қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестер құру;
8) ғылыми ұйымдарды аттестаттаудан өткізу;
9) мемлекеттік емес ғылыми ұйымдарды аккредитациядан өткізу;
10) ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу;
11) ғылыми және ғылыми-техникалық қызметте Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
2. Уәкілетті мемлекеттік орган және өзге де орталық атқарушы органдар өздерінің өкілеттіктері шегінде:
1) мемлекеттік ғылыми ұйымдар құру туралы ұсыныс енгізеді;
2) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобалар бойынша міндеттемелерді іске асырады;
3) ғылым саласында халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
4) іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер бойынша республикалық бюджеттік бағдарламаларды қаржылық жағынан негіздеуді әзірлейді және олардың іске асырылуын қамтамасыз етеді.
19-бап. Ғылыми ұйымдарды аттестаттау
1. Ғылыми ұйымдарды аттестаттау олардың негізгі қызметінің тиімділігін анықтау және материалдық, еңбек және қаржы ресурстарын ұтымды пайдалану, осы негізде олардың желісі мен құрылымын ретке келтіру, ғылыми кадрлар даярлау жөніндегі жұмыстың тиімділігін бағалау үшін жүзеге асырылады.
2. Барлық ғылыми ұйымдар кем дегенде бес жылда бір рет аттестатталуға тиіс.
3. Аттестаттауды уәкілетті мемлекеттік орган ұйымдастырады және өткізеді.
4. Ғылыми ұйымдарды аттестаттау туралы ережені уәкілетті орган әзірлейді және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
20-бап. Мемлекеттік емес ғылыми ұйымдарды аккредитациялау
1. Мемлекеттік емес ғылыми ұйымдарды аккредитациялау отандық ғылым мен техниканың бәсекелестік деңгейін қолдау мақсатында жүргізіледі.
2. Аккредитациялауды жүргізу ережелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
21-бап. Ғылыми ұйымды басқару
1. Ғылыми ұйымды басқару Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес және оның құрылтай құжаттарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік ғылыми ұйымды басқаруды осы Ұйымның ғылыми кеңесінің ұсынымын ескере отырып, келісім-шарт негізінде уәкілетті мемлекеттік орган қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын басшы (Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының президентін қоспағанда) жүзеге асырады.
3. Мемлекеттік ғылыми ұйымда ғылыми мекеменің ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет жөніндегі консультациялық-кеңесші органы ғалымдар (ғылыми, ғылыми-техникалық, техникалық) кеңесі құрылады.
Консультациялық-кеңесші орган туралы үлгі ережені, оның мүшелерін сайлау тәртібін қоса алғанда, уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді.
22-бап. Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама
1. Міндетті мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама объектілері:
1) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулер бағдарламаларының жобалары мен жеке жобалары;
2) Қазақстан Республикасында салынатын өндірістік-технологиялық кешендердің жобалары;
3) республикалық нысаналы ғылыми-техникалық бағдарламалар;
4) жеке және заңды тұлғалардың ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы жобалары;
5) республикалық бюджеттен қаржыландырылатын аяқталған ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобалардың нәтижелері;
6) мемлекеттік ғылыми және басқа ұйымдардың жекешелендіру кезіндегі материалдары (пайдаланылатын технологиялар бөлігіндегі);
7) мемлекеттік мұқтаждар үшін шетелдік техника мен технологияның импорты жөніндегі жобалар;
8) ғылым мен техника саласында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлықтарын алуға ұсынылатын жұмыстар болып табылады.
2. Осы баптың 1-тармағында тізіп келтірілген объектілердің мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамасын уәкілетті мемлекеттік орган ұйымдастырады.
Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманы ұйымдастыру мен жүргізу ережелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
3. Міндетті мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама объектілері бойынша мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама жүргізуге арналған қаражат мекемелердің - бағдарламалар әкімшілерінің ғылыми және ғылыми-техникалық қызметін қаржыландыруға бөлетін бюджет қаражаттары шегінде көзделеді.
23-бап. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті ақпараттық қамтамасыз ету
1. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің ғылыми-техникалық ақпарат алуға құқығы бар.
Мемлекеттік немесе қызметтік құпия болып табылатын ғылыми және ғылыми-техникалық ақпаратқа қол жеткізу Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген тәртіппен және жағдайларда жүзеге асырылады.
2. Мемлекет ғылым мен техника саласында мемлекеттік ақпарат жүйелерінің құрылуын және жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, олар ғылыми және ғылыми-техникалық ақпаратты жинауды, талдап қорытуды, сақтауды және тұтынушыларға жеткізуді жүзеге асырады.
3. Уәкілетті мемлекеттік орган мемлекеттік мерзімді ғылыми-техникалық басылымдар мен басқа баспа өнімдерінің, соның ішінде Қазақстан Республикасының тыс жердегілерінің мақсатқа лайықтылығын анықтайды.
Уәкілетті мемлекеттік орган мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарын, іргелі және қолданбалы зерттеулердің аяқталған тақырыптары мен бағдарламаларын, қорғалған диссертацияларды мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етеді.
24-бап. Ғылым мен техника саласындағы инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау
1. Мемлекеттік ғылым мен техника саласында инновациялық қызметті жүзеге асыратын барлық ұйымдарға олар үшін тең жағдай жасау жолымен қолдау көрсетуге кепілдік береді.
2. Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау:
1) технологиялық дамудың, инновациялық басымдықтардың ұзақ мерзімді стратегиясын айқындау, инновациялық бағдарламалар әзірлеу;
2) мемлекеттің басым инновациялық жобаларды, соның ішінде конверсиялық жобаларды қаржыландыруға қатысуы;
3) инновациялық құрылымды - технопарктерді, технологиялық инкубаторларды, инновациялық орталықтарды, инновациялар бойынша деректер банктерін дамытуға жәрдемдесу;
4) инновациялық менеджерлердің оқуын ұйымдастыру;
5) инновациялар және технологиялар трансферті, санаткерлік меншікті қорғау саласында халықаралық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу;
6) түпкі ғылыми-техникалық өнімге бағытталған инновациялық қызметті басымдықпен қолдау бағыттарында іске асырылады.
25-бап. Ғылым мен білім беруді интеграциялау
Жоғары оқу орындарында Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен ғылыми-зерттеу институттары, проблемалық ғылыми-зерттеу зертханалары, басқа да ғылыми бөлімшелер, ал ғылыми ұйымдар құрамында жоғары оқу орындарының кафедралары құрылуы мүмкін.
5-тарау. Ғылымды қаржыландыру
26-бап. Ғылымды және ғылыми-техникалық қызметті қаржымен қамтамасыз ету
1. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті қаржымен қамтамасыз ету қаржыландырудың әртүрлі көздеріне негізделеді.
2. Іргелі және басым қолданбалы зерттеулерді дамыту, ғылыми әлеуетті сақтау мен дамыту үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлу көзделеді.
Іргелі, бастамашылық және тәуекелді зерттеулерді республикалық бюджет қаражаты мен Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен гранттар түрінде нысаналы қаржыландыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі Ғылым қорын құрады. Ғылым қоры туралы ережені Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
3. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет субъектілерінің өз қаржы ресурстары, демеушілерден тартылған қаражаттар мен қайырмалдықтар есебінен жүзеге асырылуы мүмкін.
4. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет ұлттық және шетелдік демеушілерден алынатын гранттар есебінен жүзеге асырылуы мүмкін. Жеке тұлғалар да, заңды тұлғалар да демеушілер бола алады.
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары бойынша немесе Қазақстанның аумағында орналасқан шетелдік демеушілерден алынған гранттар ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласында ұлттық мүдделерге зиян келтірілмей, гранттар беру шарттарының ережелеріне сәйкес пайдаланылады.
5. Ғылыми зерттеулерді қаржыландыру бағдарламалық-нысаналы принцип негізінде жүзеге асырылады.
6. Басым ғылыми зерттеулер жүргізуге мемлекеттік тапсырысты бағдарламалық-нысаналы принципке сәйкес конкурстық негізде, тиісінше аттестаттаудан не аккредитациялаудан өткен мемлекеттік және мемлекеттік емес ғылыми мекемелерге орналастыруға болады.
7. Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру:
1) іргелі ғылыми зерттеулер;
2) басым қолданбалы ғылыми зерттеулер;
3) республиканың ұлттық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіне сай келетін зерттеулердің стратегиялық бағыттары;
4) ғылымды, техника мен технологияны дамытудың басым бағыттары бойынша мемлекеттік нысаналы ғылыми-техникалық бағдарламалар;
5) халықаралық бағдарламалар шеңберінде зерттеулер жүргізу үшін жүзеге асырылады.
Мемлекет мемлекеттік ғылыми инфрақұрылымды дамытуды және бірегей ғылыми-техникалық объектілерді сақтауды жүзеге асырады және ғылыми ұйымдар үшін ғылыми жабдықтар сатып алуға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес субсидия бере алады.
8. Ғылыми зерттеулер мен ғылыми-техникалық бағдарламаларды бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру ұсынылатын бағдарламаларға және ғылыми зерттеулердің нәтижелеріне міндетті түрде мемлекеттік ғылыми және ғылыми-техникалық сараптама жүргізіле отырып, конкурстық негізде жүзеге асырылады.
9. Қолданбалы ғылыми зерттеулерді қаржыландыру заем қаражаттары есебінен жүзеге асырылуы мүмкін.
27-бап. Мемлекеттік ғылыми ұйымдарды жекешелендіру
Жекешелендіруге жататын мемлекеттік ғылыми ұйымдардың тізбесі Қазақстан Республикасының заң актілерімен белгіленеді.
Іргелі зерттеулер жүргізетін мемлекеттік ғылыми ұйымдар жекешелендіруге жатпайды.
6-тарау. Ғылыми зерттеулерді кадрлармен
қамтамасыз ету
28-бап. Ғылыми және ғылыми-техник кадрлар даярлау
1. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті кадрлармен қамтамасыз ету осы саладағы мемлекеттік саясаттың құрамдас бөлігі болып табылады.
2. Мемлекет білім беру ұйымдарында және ғылыми ұйымдарда ғылыми кадрлар даярлауды ұйымдастырады, осы мақсат үшін қажетті қаржы ресурстарын бөледі. Нысаналы аспирантураға және докторантураға жеке және заңды тұлғалардың қаражаты есебінен қабылдауға жол беріледі.
29-бап. Ғылыми біліктілікті арттыру нысандары
Білікті кадрлары және материалдық-техникалық базасы бар ғылыми ұйымдар белгіленген тәртіппен аспирантура, докторантура ашуға, ғылыми қызметкерлердің тағылымдамасын ұйымдастыруға және біліктілікті арттырудың басқа да нысандарын пайдалануға құқылы. Мемлекет ғылыми кадрлардың біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын ұйымдардың жұмыс істеуі үшін тең мүмкіндіктер жасайды.
30-бап. Ғылыми кадрларды мемлекеттік аттестаттау
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың белгіленген тәртіппен ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар алуға құқығы бар.
2. Ізденушілерге қойылатын біліктілік талаптарын және ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтарды беру тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді.
3. Уәкілетті мемлекеттік орган білікті ғылыми кадрлары мен материалдық базасы бар ғылыми ұйымдарда және жоғары оқу орындарында белгіленген тәртіппен кандидаттық және докторлық диссертация қорғау жөніндегі диссертациялық кеңестер құрады.
4. Біліктілігі жоғары ғылыми және ғылыми-педагог кадрларды мемлекеттік аттестаттау, ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар беру, диссертациялық кеңестер құру Қазақстан Республикасының мемлекеттік аттестаттау органының талаптары мен нормативтік құжаттары негізінде жүзеге асырылады.
5. Қазақстан Республикасының мемлекеттік аттестаттау органы біліктілік талаптарын және ғылыми дәрежелер, ғылыми атақтар беру, диссертациялық кеңестердің құрылуы мен қызметінің тәртібін белгілейді, Қазақстан Республикасының Үкіметіне мамандықтар номенклатурасын, ғылыми кадрларды даярлау мен аттестаттау жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізеді, мемлекет атынан ғылым кандидатының және ғылым докторының белгіленген мемлекеттік үлгідегі дипломдарын, доцент және профессор аттестаттарын береді.
6. Мемлекет тек Қазақстан Республикасының мемлекеттік аттестаттау органы берген, ғылым кандидаты мен ғылым докторының белгіленген үлгідегі дипломдарын, доцент және профессор аттестаттарын таниды.
7-тарау. Ғылым мен техника саласындағы
халықаралық қызмет
31-бап. Халықаралық ғылыми және ғылыми-техникалық ынтымақтастық
1. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастықты уәкілетті мемлекеттік орган мен ғылыми ұйымдар Қазақстан Республикасы заңдарының және халықаралық шарттардың негізінде жүзеге асырады.
2. Қазақстан Республикасында халықаралық және шетелдік ғылыми ұйымдарды, шетелдік ғылыми ұйымдардың филиалдарын құру халықаралық шарттардың негізінде жүзеге асырылады.
3. Басқа мемлекеттерде берілген ғылыми дәрежелер Қазақстан Республикасында Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен танылады.
8-тарау. Қорытынды ережелер
32-бап. Ғылым саласындағы заңдардың бұзылғаны үшін жауаптылық
Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет саласындағы заңдардың бұзылуына кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жауапты болады.
33-бап. Осы Заңның қолданысқа енгізілуі
1. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
2. 6-баптың 4-тармағы 2001 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының