айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Кеден делдалының немесе оның қызметкерлерiнiң заңмен қорғалатын құпиясы немесе құпия ақпараты бар мәлiметтердi өз мақсатына пайдалануы, жариялауы, оған уәкiлеттi емес мемлекеттiк органдарды қоса алғанда, үшiншi адамдарға беруi, мұндай мәлiметтерде қылмыс белгiлерi болмаған кезде, -
лицензияны, арнайы рұқсатты немесе бiлiктiлiк аттестатын (куәлiгiн) тоқтата тұрып немесе онысыз, айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
437-бап. Кеден тасымалдаушысы ретiнде қызметтi заңсыз жүзеге асыру не
мұндай қызметтiң шарттарын бұзу
1. Кеден тасымалдаушысы ретiнде қызметтi лицензиясыз жүзеге асыру, егер мұндай лицензия керi қайтарылып алынса немесе оның күшi тоқтатыла тұрған болса, не кеден тасымалдаушысы Қазақстан Республикасы орталық кеден органына жалған мәлiметтерi бар құжаттар беру нәтижесiнде алынған лицензияны пайдаланса, сол сияқты осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделген әрекеттерден басқа осындай қызметтiң басқа да шарттарын бұзу, -
лицензияның күшiн тоқтата тұрып немесе онысыз, айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Кеден тасымалдаушысының немесе оның лауазымды адамдарының заңмен қорғалатын құпиядан немесе құпия ақпараттардан тұратын мәлiметтердi өз мақсаттарына пайдалануы, жариялауы, оған уәкiлеттi емес мемлекеттiк органдарды қоса алғанда, үшiншi адамдарға беруi, мұндай мәлiметтерде қылмыс белгiлерi болмаған кезде, -
лицензиядан айыра отырып, айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
438-бап. Лауазымды адамдардың және өзге де қызметкерлердiң кеден
iсiнде қолданылатын талаптарды орындамауы
Ұйымдардың лауазымды адамдарының және өзге де адамдардың кеден iсiнде қолданылатын талаптарды орындамауы, сол сияқты азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша заңды тұлға үшiн жұмыстар орындайтын өзге де жеке тұлғалардың осындай талаптарды орындамауы, кеден ережесiн бұзғаны үшiн аталған заңды тұлға жауапқа тартылған жағдайларда, кеден органының лауазымды адамын кедендiк бақылау жүргiзу үшiн аумаққа және үй-жайға кiруiне кедергi жасау, -
ескерту жасауға немесе оннан елуге дейiнгi айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
27-тарау. Көлікте, жол шаруашылығында және
байланыста әкімшілік құқық бұзушылық
439-бап. Темiр жол көлiгiнде қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн
ережелердi бұзу
1. Темiр жол арқылы күш көлiгiмен өту, мал айдап өту, темiр жолдарға арнап оқшауланған жерлерде мал жаю ережелерiн бұзу, -
ескерту жасауға немесе азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң екiге дейiнгi, лауазымды адамдарға онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Темiр жолды, отырғызылған қорғаныш ағаштарды, қар тоқтатқыш қоршауларды және басқа да жол объектiлерiн, сигнал беру және байланыс құрылыстары мен қондырғыларын бүлдiру, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң беске дейiнгi, лауазымды адамдарға онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Жүктердi тиеу және түсiру кезiнде белгiленген көлемдердi сақтамау, -
лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жетiге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Темiр жолдарға поездар қозғалысын бұзуы мүмкiн заттар төсеу, лақтыру немесе қалдыру, -
бес айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Белгiленбеген жерлерде темiр жол арқылы өту, -
ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң оннан бiрi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
440-бап. Темiр жол көлiгi құралдарын пайдалану ережелерiн бұзу
1. Жүк поездарында өз бетiнше жүрiп-тұру, поезд жүрiп бара жатқанда отырғызу және түсiру, вагондардың тепкiшектерi мен төбесiнде жүрiп-тұру, қажетсiз ретте поезды өз бетiнше тоқтату, -
бiр айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Поездар вагондарының терезелерi мен есiктерiнен қоқыстарды және өзге де заттарды тастау, поезд жүрiп бара жатқан кезде сыртқы есiктердi өз бетiнше ашу, -
ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң бестен бiрiне дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
441-бап. Ортақ пайдаланыстағы көлiк құралдарын және олардың iшкi
жабдықтарын бүлдiру
Ортақ пайдаланыстағы көлiк құралдарын, атап айтқанда, темiр жол көлiгiнде жолаушылар вагондарын және локомотивтердi, теңiз және өзен көлiгiнде кемелердi, автобустарды, троллейбустарды, трамвайларды бүлдiру, сондай-ақ олардың iшкi жабдықтарын бүлдiру, -
айлық есептiк көрсеткiштiң үштен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
442-бап. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн
бұзу
1. Әуе кемелерiнiң ұшуы, зымырандарды ұшыру, атыстың барлық түрлерiн өткiзу, жарылыс жасау жұмыстары кезiнде немесе Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiнде материалдық объектiлердi көтеруге, жылжытуға немесе түсiруге байланысты басқа да қызметтi жүзеге асыру кезiнде Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгiн пайдалану тәртiбiн бұзу, -
құқық бұзушылықты жасаудың құралы болған затты өтемiн төлеп алып қоя отырып немесе онысыз, азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң бiрден онға дейiнгi, лауазымды адамдарға оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жылдың iшiнде қайталап жасалған нақ сол iс-әрекеттер, -
құқық бұзушылық жасаудың құралы болған затты тәркiлей отырып немесе онысыз, азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң оннан он беске дейiнгi мөлшерiнде, лауазымды адамдарға жиырмадан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
443-бап. Ұшу қауiпсiздiгi ережелерiн бұзу
1. Аэродром аумағында аэродромдарды ажырата бiлу үшiн қолданылған таңбалау белгiлерi мен қондырғыларына ұқсас қандай да бiр белгiлер мен қондырғыларды орналастыру немесе әуежай, аэродром әкiмшiлiгiнiң рұқсатынсыз пиротехникалық бұйымдарды жағу, немесе әуе кемелерiнiң ұшуы үшiн қауiптi құстардың жаппай жиналуына жағдай жасайтын объектiлер салу, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң үшке дейiнгi, лауазымды адамдарға онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Ғимараттар мен құрылыстарда түнгi және күндiзгi таңбалау белгiлерiн орналастыру туралы ережелердi орындамау, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң үшке дейiнгi, лауазымды адамдарға онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Аэродром жабдықтарын, аэродром белгiлерiн, әуе кемелерiн және олардың жабдықтарын бүлдiру, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
4. Тиiстi рұқсатсыз әуежайлардың (аэровокзалдардан басқа), аэродромдардың, ұшуды радиомен және жарықпен қамтамасыз ету объектiлерiнiң аумағы арқылы жаяу жүрiп немесе көлiкпен өту, -
бiр айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
444-бап. Авиация қызметкерлерiн жұмысқа даярлау мен жiберу ережелерiн
бұзу
1. Авиация қызметкерлерiн жұмысқа даярлау мен жiберу ережелерiн бұзу, -
лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Адамды мас күйiнде әуе кемесiн басқаруға жiберу, -
лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
445-бап. Адамның мас күйiнде әуе кемесiн басқаруы
1. Адамның алкогольмен, есiрткiмен немесе уытқұмарлықпен масаю күйiнде әуе кемесiн басқаруы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен он беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға немесе бiр жылға дейiнгi мерзiмге әуе кемесiн басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.
2. Ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiрген нақ сол iс-әрекеттер, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға немесе екi жылға дейiнгi мерзiмге әуе кемесiн басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.
446-бап. Әуе кемесiндегi мiнез-құлық ережесiн бұзу
1. Әуе кемесiндегi адамның кеме командирiнiң өкiмiн орындамауы, егер бұл адамның әрекетi ұшу қауiпсiздiгiне қатер төндiрмесе, -
ескерту жасауға немесе екi айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Әуе кемесiнiң бортынан суретке түсiру, кино және бейнетүсiру ережелерiн бұзу, сондай-ақ радио байланысы құралдарын пайдалану, -
ескерту жасауға немесе таспа мен кассеталарды, радио байланысы құралдарын тәркiлей отырып, не онысыз, бiр айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
447-бап. Жолаушылар мен жүктердi халықаралық тасымалдау ережелерiн
бұзу
Жолаушылар мен жүктердi халықаралық тасымалдау ережелерiн бұзу, -
айлық есептiк көрсеткiштiң үштен беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
448-бап. Теңiз көлiгiнде қозғалыс қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету
ережелерiн бұзу
1. Теңiз көлiгiнде кемелердiң портқа кiру және одан шығу, порт суларында кемелердiң қозғалыс және тұру ережелерiн бұзуы, -
жетi айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Порт суларында суға сүңгу жұмыстарын тиiстi рұқсаттарсыз жүргiзу немесе осы жұмыстар кезiнде сигнал беру ережелерiн сақтамау, -
лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң бестен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
449-бап. Теңiз көлiгiндегi сигнал беру және байланыс құрылғылары мен
қондырғыларын бүлдiру
Теңiз көлiгiндегi сигнал беру және байланыс құрылғылары мен қондырғыларын бүлдiру, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң үшке дейiнгi, лауазымды адамдарға онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
450-бап. Теңiз және өзен көлiгi кемелерiнде, сондай-ақ шағын
кемелерде жолаушылар қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету ережелерiн
бұзу
Жолаушыларды теңiз және өзен көлiгi кемелерiне, сондай-ақ шағын кемелерге отырғызу кезiнде, жол үстiнде және оларды сол кемелерден түсiру кезiнде олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету ережелерiн бұзу, -
Азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң екiге дейiнгi, лауазымды адамдарға онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескерту. Осы Кодекстiң 450-453, 457-баптарында шағын кемелер деп басты двигателiнiң қуаты 75 ат күшiнен аз, өздiгiнен жүретiн кемелердi және жалпы сыйымдылығы 80 тiркеулiк тоннадан аз, өздiгiнен жүрмейтiн кемелердi, азаматтарға тиесiлi моторлы кемелердi (двигательдерiнiң қуаттылығына қарамастан), желкендi кемелердi, сондай-ақ өздiгiнен жүрмейтiн кемелердi (жүк көтерiмдiлiгi - 100 килограмм және одан ауыр ескектi қайықтарды, 150 килограмм және одан да ауыр байдаркаларды және 225 килограмм және одан да ауыр үрленген кемелердi) түсiну керек.
451-бап. Кеменi жүзуге шығару ережелерiн бұзу немесе тиiстi дипломы
(куәлiгi, куәландыру қағазы) жоқ адамдарды кеме басқаруға
жiберу
1. Кеменiң кiмге тиесiлiгiн, оның жүзуге жарамдылығын куәландыратын құжаттарсыз, жасақталмаған экипажбен, кеменiң техникалық жағдайы қолдағы құжаттарға сәйкес келмеген кезде, жүк тиеудiң белгiленген ережелерiн, жолаушылар сыйымдылығы нормаларын, жүзу ауданы мен шарттары жөнiндегi шектеулердi бұза отырып, кеменi (шағын кемеден басқасын) жүзуге шығару (жiберу), сондай-ақ тиiстi дипломы (куәлiгi, куәландыру қағазы) жоқ адамдарды кеменi немесе оның механизмдерi мен жабдықтарын басқаруға жiберу, -
лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырмаға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Белгiленген тәртiппен тiркелмеген немесе техникалық байқаудан (куәландырудан) өтпеген, немесе ақауы болғандықтан оны пайдалануға тыйым салынған, немесе жабдықтармен жарақтандырылмаған, немесе тиiстi рұқсатсыз қайта жабдықталған шағын кемелердi жүзуге шығару, сондай-ақ шағын кемелердi басқару құқығы жоқ адамдарды осындай кемелердi басқаруға жiберу, -
шағын кемелердi пайдалануға жауапты лауазымды адамдарға елу айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
452-бап. Кемелердi пайдалану ережелерiн бұзу, сондай-ақ басқару
құқығы жоқ адамның кеменi басқаруы
1. Белгiленген тәртiппен тiркелмеген немесе техникалық байқаудан (куәландырудан) өтпеген, немесе бортында нөмiрлерi мен белгiлерi жоқ, немесе тиiстi рұқсатсыз қайта жабдықталған, немесе ақауы болғандықтан оны пайдалануға тыйым салынған, немесе жүк тиеу ережелерiн, жолаушылар сыйымдылығы нормаларын, жүзу ауданы мен шарттары жөнiндегi шектеулердi бұза отырып кеменi (соның iшiнде шағын кеменi) басқару, -
ескерту жасауға немесе бес айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Кеме басқару құқығы жоқ адамның сол кеменi (соның iшiнде шағын кеменi) басқаруы, немесе басқару құқығы жоқ адамға сондай кеменi басқаруды беру, -
үш айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
453-бап. Кемелердiң жүзу, жүк тиеу және жүк түсiру ережелерiн бұзуы
1. Кеме жүргiзушiлерiнiң кемелердiң (шағын кемелерден басқа) қозғалыс және дыбыс пен жарық сигналдарын беру, кеме жарықтары мен белгiлерiн алып жүру ережелерiн, кемелерге жүк тиеу және олардан жүк түсiру ережелерiн бұзуы, сондай-ақ порттағы және гидротехникалық құрылыстар мен жабдықтарды бүлдiруi, -
айлық есептiк көрсеткiштiң үштен беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Шағын кемелердiң кеме жүргiзушiлерiнiң белгiленген жылдамдықты арттырып жiберуi, навигациялық белгiлер талаптарын сақтамауы, тыйым салынған жерлерде кеменi әдейi тоқтатуы немесе тұрғызып қоюы, гидротехникалық құрылыстарды немесе техникалық құралдарды және кеме жүргiзу мен навигациялық жағдайдың белгiлерiн бүлдiруi, маневр жасау, дыбыс сигналдарын беру, борт жарықтары мен белгiлерiн алып жүру ережелерiн бұзу, -
ескерту жасауға немесе екi айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға немесе бiр жылға дейiнгi мерзiмге шағын кеменi басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.
3. Шағын кемелердi жүргiзушiлердiң шағын кемелердi пайдаланудың өзге де ережелерiн бұзуы, -
ескерту жасауға немесе бiр айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
454-бап. Кеме жүргiзушiнiң немесе өзге де адамның мас күйiнде кеменi
басқаруы
1. Кеме жүргiзушiнiң кеменi алкогольмен, есiрткiмен немесе уытқұмарлықпен масаю күйiнде басқаруы, сондай-ақ осындай кеменi алкогольмен, есiрткiмен немесе уытқұмарлықпен масаю күйiндегi кеме жүргiзушiнiң басқаруына беру, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен он беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға немесе бiр жылға дейiнгi мерзiмге кеме басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.
2. Жолаушылардың қауiпсiздiгiне қатер төндiрген нақ сол iс-әрекеттер, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан жиырма беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға немесе екi жылға дейiнгi мерзiмге кеме басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.
3. Кеме жүргiзушiлерiнiң белгiленген тәртiпке сәйкес алкогольмен, есiрткiмен немесе уытқұмарлықпен масаю күйiне куәландыру рәсiмiнен өтуден жалтаруы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң үштен онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға немесе бiр жылға дейiнгi мерзiмге кеменi басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.
4. Кеменi басқару құқығы жоқ және алкогольмен, есiрткiмен немесе уытқұмарлықпен масаю күйiндегi адамның iшкi су жолдарында сол кеменi басқаруы, -
айлық есептiк көрсеткiштiң оннан он беске дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Алкогольмен, есiрткiмен немесе уытқұмарлықпен масаю күйiндегi адамдарды кеменi басқаруға жiберу, -
кемелердi пайдалануға жауапты лауазымды адамдарға айлық есептiк көрсеткiштiң оннан елуге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
455-бап. Кемелердi iшкi су жолдарында пайдалану қауiпсiздiгiн
қамтамасыз ету ережелерiн бұзу
1. Тиiстi рұқсатсыз суға сүңгу жұмыстарын жүргiзу немесе осы жұмыстар кезiнде сигнал беру ережелерiн сақтамау, ағаш салдар тоқтайтын тосқауылдар мен айлақтар орнату мен құру тәртiбiн, тиiстi органдардың келiсiмiнсiз балық аулау мақсаты үшiн белгiленбеген орындарда балық аулауға бейiмделген шанышқы қондырғыларын және өзге де құралдар қою тәртiбiн бұзу, -
азаматтарға айлық есептiк көрсеткiштiң үшке дейiнгi, лауазымды адамдарға - онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Навигациялық жабдықтардың, байланыс пен сигнал берудiң жүзбелi және жағалаудағы құралдарын жою, бүлдiру, жұлу, өз бетiнше орнын ауыстыру, көпiрлердегi, бөгеттердегi және басқа гидротехникалық құрылыстардағы навигациялық құралдарды күтiп-ұстау, пайдалану ережелерiн және олардың белгiленген жұмыс режимiн бұзу, тиiстi рұқсатсыз (келiсiмсiз) навигациялық белгiлер мен сигналдарды танып-бiлуге кедергi келтiретiн белгiлер, құрылыстар, дыбыс және жарық сигналдарын беретiн көздер орнату, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң үшке дейiнгi, лауазымды адамдарға онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Кеме бортының сыртына қоқыс және өзге де заттар тастау, -
ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң үштен бiрiне дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
456-бап. Өзен порттары мен кемежайларда жүктердi тиеу, түсiру және
қоймада ұстау ережелерiн бұзу
Өзен айлақтары мен кемежайларда жүктердi тиеу, түсiру және қоймада ұстау ережелерiн бұзу, -
екi айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
457-бап. Шағын кемелер тұруға арналған базаларды (құрылыстарды)
пайдалану ережелерiн бұзу
Тиiстi органдардың рұқсатынсыз шағын кемелер тұруға арналған базаларды (құрылыстарды) пайдалану немесе шағын кемелердiң базада тұру нормаларын, базаларды (құрылыстарды) қауiпсiз пайдалану шарттары мен техникалық талаптарын бұзу, сол сияқты аталған базаларда (құрылыстарды) белгiленген тәртiппен тiркелмеген шағын кемелердi күтiп-ұстау, -
лауазымды адамдарға - айлық есептiк көрсеткiштiң онға дейiнгi, заңды тұлғаларға отызға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
458-бап. Кемелердi тiркеу мен есепке алу ережелерiн, сондай-ақ
кемелердi жасау, техникалық пайдалану ережелерiн бұзу
1. Кемелердi тiркеу мен есепке алу ережелерiн бұзу, -
ескерту жасауға немесе азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң екiге дейiнгi, ал лауазымды адамдарға онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Кемелердi жасау, техникалық пайдалану ережелерiн бұзу, -
лауазымды адамдарға - айлық есептiк көрсеткiштiң беске дейiнгi, заңды тұлғаларға отызға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
459-бап. Көлiкте белгiленбеген орындарда темекi шегу
Жергiлiктi жерде және алысқа қатынайтын поездарда, әуе, теңiз және өзен көлiктерi кемелерiнде, сондай-ақ қалалық, қалааралық автобустар, маршруттық таксилер мен қалалық электр көлiгi салондарында белгiленбеген орындарда темекi шегу, -
ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң үштен бiрiне дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
460-бап. Көлiкте өрт қауiпсiздiгi ережелерiн бұзу
Көлiкте белгiленген өрт қауiпсiздiгi ережелерiн бұзу, -
азаматтарға - айлық есептiк көрсеткiштiң үшке дейiнгi, лауазымды адамдарға онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
461-бап. Жүргiзушiлердiң көлiк құралдарын пайдалану ережелерiн бұзуы
1. Мемлекеттiк тiркеу белгiлерi оқылмайтын немесе стандарт талаптары бұзыла отырып орнатылған, тiркелген көлiк құралдарын басқару, -
жүргiзушiге ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң екiден бiрi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Мемлекеттiк тiркеу белгiлерi жоқ тiркелген көлiк құралдарын басқару, -
жүргiзушiге айлық есептiк көрсеткiштiң бiрден екiге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Көлiк құралына жасанды тiркеу белгiлерiн орнату немесе көлiк құралдарын пайдалануға тыйым салынғаннан кейiн оларды басқару, сол сияқты жасанды мемлекеттiк тiркеу белгiлерiмен тiркелген көлiк құралдарын басқару, -
айлық есептiк көрсеткiштiң екiден алтыға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға немесе үш айдан алты айға дейiнгi мерзiмге көлiк құралын жүргiзу құқығынан айыруға әкеп соғады.
4. Осы баптың бесiншi бөлiгiнде көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, жол қозғалысы қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң белгiленген ережелерiне сай келмейтiн көлiк құралдарын басқару, -
айлық есептiк көрсеткiштiң екiден бiр бөлiгiнен бiр айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
5. Тежегiш жүйесiнiң, басқару рулiнiң, жетектi-iлiнiстi құрылғысының ақауы бар көлiк құралдарын басқару, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бiрден екiге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
6. Мемлекеттiк техникалық байқаудан өтпеген не тиiстi рұқсатсыз қайта жабдықталған көлiк құралын басқару, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бестен жетiге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
Ескерту. Кодекстiң осы тарауында көлiк құралдары деп автомобильдердiң, тракторлардың барлық түрлерiн және басқа да өздiгiнен жүретiн машиналарды, трамвайларды, троллейбустарды, сондай-ақ мотоциклдер мен өзге де механикалық көлiк құралдарын түсiну керек.
462-бап. Көлiк құралдары жүргiзушiлерiнiң қозғалыстың белгiленген
жылдамдығын арттырып жiберуi
1. Көлiк құралдары жүргiзушiлерiнiң қозғалыстың белгiленген жылдамдығын сағатына он километрден жиырма километрге дейiнгi шамаға арттырып жiберуi, -
ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң екiден бiр бөлiгiнен бiр айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Көлiк құралы қозғалысының белгiленген жылдамдығын сағатына жиырма километрден қырық километрге дейiнгi шамаға арттыру, -
айлық есептiк көрсеткiштiң бiрден екiге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
3. Көлiк құралы қозғалысының белгiленген жылдамдығын сағатына қырық километрден астам шамаға арттыру, -
бес айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға немесе екi айдан төрт айға дейiнгi мерзiмге көлiк құралдарын жүргiзу құқығынан айыруға әкеп соғады.
463-бап. Көлiк құралдарын жүргiзушiлердiң бағдаршам мен реттеушi
көрсеткен сигналдардың, жол белгiлерiнiң, жол бетiндегi
белгiлердiң талаптарын сақтамауы және жол қозғалысы
ережелерiн басқадай өрескел бұзуы
1. Көлiк құралдарын жүргiзушiлердiң бағдаршам мен реттеушi көрсеткен сигналдардың, басымдық беретiн жол белгiлерiнiң, тыйым салатын және нұсқау жасайтын жол белгiлерiнiң, жол бетiндегi белгiлердiң талаптарын сақтамауы, маневр жасау, көлiк құралдарын жүретiн бөлiкте орналастыру, басып озу және бiр-бiрiне қарама-қарсы жүрiп өту, тоқтау және аялдау, жол қиылыстарынан өту, жаяу адамдар өтетiн жерден және маршруттық көлiк құралдары аялдамаларынан өту, автомагистральдар бойымен, тұрғын аймақтарда қозғалу, жолаушылар мен жүктердi тасымалдау, көлiк құралдарын сүйретуге алу, тәулiктiң қараңғы уақытында немесе анық көрiнбейтiн ала-көлеңке кезде жарық беретiн құралдарды пайдалану ережелерiн бұзу, қозғалыс барысында басымдық құқығын пайдаланатын көлiк құралдарының кедергiсiз өтуiне жол бермеу, -
ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң бiрден екiге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Iрi көлемдегi немесе қауiптi жүктердi белгiленген ережелердi бұза отырып тасымалдау, сондай-ақ салмақ немесе көлем өлшемдерi белгiленген нормативтерден асып кететiн көлiк құралдарының арнайы рұқсатсыз жүруi, -
үш айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.
464-бап. Көлiк құралдарын жүргiзушiлердiң жүргiзiп үйренудi өткiзу,
сыртқы жарық түсiру құралдарын және дыбыс сигналдарын
пайдалану, авариялық сигнал берудi қолдану ережелерiн бұзуы
1. Көлiк құралдарын жүргiзушiлердiң жүргiзiп үйренудi өткiзу, сыртқы жарық түсiру құралдарын және дыбыс сигналдарын пайдалану, авариялық сигнал беру мен авариялық аялдау белгiсiн қолдану ережелерiн бұзуы, -
ескерту жасауға немесе айлық есептiк көрсеткiштiң екiден бiр бөлiгiнен бiр айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
2. Көлiк құралдарында тиiстi рұқсатсыз арнаулы дыбыс және жарық құрылғыларын орнату, -
жеке тұлғаларға - осы құрылғыларды тәркiлей отырып немесе онысыз, айлық есептiк көрсеткiштiң үшке дейiнгi, лауазымды тұлғаларға онға дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.