Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы 2001 жылғы 19 қаңтардағы
N 146-II Қазақстан Республикасының Заңы
Осы редакция 2004 ж. 20 желтоқсанда енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заң Қазақстан Республикасының қорғанысы мен қауiпсiздiгiнiң қажеттерi үшiн мемлекеттiк Қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру және орындау мәселелерiнде мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың және меншiк нысандарына қарамастан, заңды тұлғалардың құқықтық қатынастарын айқындайды және реттейдi.
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) мемлекеттiк қорғаныстық тапсырыс (бұдан әрi - қорғаныстық тапсырыс) - Қазақстан Республикасының қорғанысы мен қауiпсiздiгiнiң мемлекеттiк қажеттерiн қамтамасыз етудi, Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес қару-жарақ, әскери техника, екiұдай мақсатта қолданылатын (мақсаттағы) тауарлар мен технологиялар өндiру, беру, сатып алу жөнiндегi тапсырысты орналастыруды көздейтiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен тапсырыс;
2) мемлекеттiк уәкiлеттi орган - қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы мемлекеттiк саясатты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын орталық атқарушы орган;
3) қорғаныстық тапсырыстың мемлекеттiк тапсырыс берушiсi (бұдан әрi - мемлекеттiк тапсырыс берушi) - Қазақстан Республикасының қорғанысы мен қауiпсiздiгiнiң қажеттерi үшiн өнiм (жұмыс, қызметтер) жасауға, зерттеуге, өндiруге, беруге тапсырыстарды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органы;
4) қорғаныстық тапсырыстың орындаушысы (бұдан әрi - орындаушы) мемлекеттiк тапсырыс берушiмен (басқа орындаушымен) жасалған шарт негiзiнде қорғаныстық тапсырысты орындауға қатысатын заңды тұлғалар;
5) қорғаныстық тапсырыстың өнiмi - номенклатурасын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейтiн тауарлар, қару-жарақ, әскери техника, екiұдай мақсатта қолданылатын (мақсаттағы) тауарлар мен технологиялар, жұмыстар мен қызмет көрсетулер.
2-бап. Мемлекеттiк қорғаныстық тапсырыс туралы Қазақстан
Республикасының заңдары
Мемлекеттiк қорғаныстық тапсырыс туралы Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта осы Заңдағы ережелерден өзге ережелер белгiленсе, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3-бап. Қорғаныстық тапсырыстың құрамы
1. Қорғаныстық тапсырыстың құрамына:
1) қорғаныс пен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн өнiм өндiру және (немесе) беру;
2) қорғаныс пен қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге арналған өнiмдi жасау, жетiлдiру жөнiндегi ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстар;
3) қорғаныс пен қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге арналған өнiмнiң тәжiрибелiк үлгiлерi мен технологияларын өндiру және игеру, оларды сериялап шығару және (немесе) беру;
4) қорғанысты қамтамасыз етуге арналған өнiмдi жөндеу мен жетiлдiру;
5) пайдаланудан шығарылатын қару-жарақты, оқ-дәрiнi, әскери техниканы және басқа да материалдық құралдарды кәдеге жарату, дезактивациялау және жою;
6) қорғаныс пен қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн объектiлердi салу, қайта құру және техникамен қайта жарақтандыру;
7) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы жұмыстары;
8) жұмылдыру дайындығының тауарлары, жұмыстары және қызмет көрсетулерi;
9) заттық және әскери мүлiктер, азық-түлiк және азық-түлiк емес тауарлар өндiру;
10) қорғаныс пен қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге байланысты басқа да жұмыстар мен қызметтер енгiзiледi.
2. Қорғаныстық тапсырыс:
1) берiлуге тиiс өнiмнiң тiзбесi (номенклатурасы) мен мөлшерiн және оларды беру мерзiмдерiн;
2) қорғаныстық тапсырыстың тұтастай, сондай-ақ оның бөлiктерi мен оны өткiзудiң жекелеген кезеңдерi бойынша болжамды құнын (бағасын);
3) мемлекеттiк тапсырыс берушiлер тiзбесiн қамтуға тиiс.
4-бап. Қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру және орналастыру
1. Қорғаныстық тапсырыстың жобасын ұзақ мерзiмдi кезеңге көзделген көрсеткiштердi ескере отырып, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын және мiндеттемелерiн ескере отырып келiсiлген мемлекеттiк тапсырыс берушiлердiң өтiнiмдерi бойынша қару-жарақ пен әскери техниканы дамыту бағдарламасы негiзiнде осы мақсаттарға белгіленген шығыстар шегiнде мемлекеттiк уәкiлеттi орган қалыптастырады.
2. Қазақстан Республикасының Үкiметi республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заң актiсi қабылданғаннан кейiн екi айлық мерзiм iшiнде қорғаныстық тапсырысты осы мақсаттарға бөлiнген шығыстар шегiнде толық көлемiнде бекiтедi.
3. Қорғаныстық тапсырысты орындаушыларды таңдауды мемлекеттiк тапсырыс берушiлер "Мемлекеттiк сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес және өндiрiстiң, оның iшiнде мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi қорғаудың қажеттi жағдайларын қамтамасыз ету мүмкiндiктерiн, неғұрлым тиiмдi экономикалық жағдайларда жоғары сапалы өнiм шығару және (немесе) беру қабілетiн басшылыққа ала отырып жүзеге асырады.
Қорғаныстық тапсырысты орналастыруға конкурс өткiзiлген кезде, басқа бiрдей жағдайларда, отандық тауар өндiрушiлер басым құқықтарға ие болады.
5-бап. Қорғаныстық тапсырысты орындау жөнiндегi шарт
1. Қорғаныстық тапсырысты орындау мемлекеттiк тапсырыс берушi мен орындаушының арасында жасалған шарттың негiзiнде жүзеге асырылады. Шарт ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстардың, қару-жарақ пен әскери техника, басқа да материалдық құралдар өндiрудiң, берудiң, пайдаланудың, жөндеудiң, кәдеге жаратудың және жоюдың бүкiл кешенiн орындауға да, осы жұмыстардың жекелеген түрлерiне де жасалады.
2. Қорғаныстық тапсырысты орындау жөнiндегi шарт бойынша берілетiн өнiмнiң сапасы нормативтiк және техникалық құжаттаманың талаптарына және шарт ережелерiне сәйкес келуге тиiс.
6-бап. Қорғаныстық тапсырысты орындау
1. Қорғаныстық тапсырыс басымдық тәртiппен орындалуға мiндеттi. Қорғаныстық тапсырыстың көлемi қорғаныстық тапсырысты жүзеге асыруға бөлiнетiн қаржы қаражатымен айқындалады.
2. Тапсырыс берушi қорғаныстық тапсырысты орындайтын ұйымдарда жасалатын өнiмнiң сапасын бақылап отыру үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шекте өз өкiлдiктерiн ұстауға құқылы.
3. Қорғаныстық тапсырыста көзделген өнiмнiң экспорты мен импорты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген экспорттық-импорттық бақылау тәртiбiн сақтай отырып жүзеге асырылады.
7-бап. Мемлекеттiк уәкiлеттi органның өкiлеттiктерi
Мемлекеттiк уәкiлеттi орган:
1) қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қорғаныстық тапсырысын қалыптастырады, оны Қазақстан Республикасының Үкiметiне бекiтуге ұсынады және бекiтiлген тапсырмаларды мемлекеттiк тапсырыс берушi мен орындаушыларға жеткiзедi;
3) салааралық үйлестiрудi және қорғаныстық тапсырыс тапсырмаларының орындалуы жөнiндегi жұмыстардың ұйымдастырылуын бақылауды жүзеге асырады.
8-бап. Мемлекеттiк тапсырыс берушiлердiң қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру мен орындау кезiндегi функциялары
Мемлекеттiк тапсырыс берушiлер:
1) Қазақстан Республикасының қорғанысы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi қажеттiлiктердi, Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн нормалар бойынша мемлекеттiк тапсырыс берушiлердi материалдық-техникалық жағынан қайта жарақтандыру перспективаларын басшылыққа ала отырып, қажеттi өнiмнiң есебiн жүргiзедi;
2) қару-жарақ пен әскери техниканың үлгілерiн жасау және жаңғырту жөнiндегi нысаналы бағдарламалар, ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiкконструкторлық жұмыстар шеңберiнде қорғаныстық тапсырыс мәлiметтерiнiң құпиялылық дәрежесiн айқындайды және қажет болған жағдайда құпияландырылуға тиiс мәлiметтердiң жекелеген тiзбелерiн жасайды;
3) орындаушысын анықтау мақсатында қорғаныстық тапсырысты орналастыруға конкурстар (тендерлер) өткiзедi;
4) орындаушылармен шарттар жасасады және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
5) техникалық құжаттамада көзделген тәжiрибелiк үлгiлер мен сериялы өнiмдi сынауға қатысады;
6) өнiмнiң тәжiрибелiк үлгiлерiн (кешендердi, жүйелердi) мемлекеттiк сынақтан өткiзуге, оларды қару-жараққа (жабдықтауға) қабылдап алу үшiн құжаттар әзiрлеуге, оларды сериялап өндiруге тапсыру үшiн конструкторлық құжаттаманы бекiтуге қатысады;
7) жұмысты тұтастай және кезең-кезеңiмен қабылдап алуды, олардың белгiленген талаптар мен шарттардың ережелерiне сәйкес келуiне қорытынды берудi жүзеге асырады;
8) өндiрiстiк циклдiң барлық кезеңдерiнде өнiм сапасына және мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi қорғау жөнiндегi талаптардың сақталуына бақылауды жүзеге асырады.
9-бап. Орындаушылардың қорғаныстық тапсырысты орындау кезiндегi функциялары
Орындаушылар:
1) мемлекеттiк тапсырыс берушiлерге орындаушыларды iрiктеудi өткiзу үшiн өз қызметi туралы қажет ақпарат бередi;
2) қорғаныстық тапсырысты орналастыру процесiне қатысады, қорғаныстық тапсырысты орындау жөнiндегi шарттардың жасалуын қамтамасыз етедi;
3) орындалған жұмыстардың шарттың белгiленген ережелерiне сай болуын қамтамасыз етедi.
10-бап. Қорғаныстық тапсырысты қаржыландыру мен орындау
Қорғаныстық тапсырысты қаржыландыру республикалық бюджеттің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
11-бап. Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы заңдарды бұзғаны үшін жауаптылық
Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы заңдардың бұзылуына кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген тәртіппен жауапты болады.
Қазақстан Республикасының
Президенті