1) төлем қабiлеттiлiгiнiң нормативтерiн;
2) қаржылық тұрақтылық нормативтерiн қамтиды.
3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандырудың немесе қайта сақтандырудың жекелеген шарттары бойынша мiндеттемелерiнiң ең көп көлемi өз капиталы мен сақтандыру резервтерi сомасының он процентiнен аспауы керек.
4. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру немесе қайта сақтандыру шарты бойынша мiндеттемелердi, тек қабылданған мiндеттемелердiң орындалуы жөнiндегi тәуекелдердiң артық бөлiгi қайта сақтандырылған жағдайда ғана, осы баптың 3-тармағында көрсетiлген нормативтен асырып қабылдауға құқығы бар.
5. Қайта сақтандыруды жүзеге асырған кезде Қазақстан Республикасының резидентi емес сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымында Қазақстан Республикасы резидентiнiң - сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өзiнiң меншiктi ұстайтыны, егер бұл орайда осы баптың 3-тармағының талабы бұзылмайтын болса, мiндеттемелердiң жалпы көлемiнiң бес процентiнен кем болмауы мiндеттi.
6. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қаржылық есебiне кiрмейтiн туынды қаржы құралдарының бар екендiгi туралы мәлiметтердi ашу жөнiнде және оларды пайдалануды шектеу жөнiнде талаптар белгiлеуге құқылы.
7. Пруденциялық нормативтердi есептеулердiң нормативтік маңызы мен әдiстемесi уәкiлеттi мемлекеттiк органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
47-бап. Сақтандыру резервтерi
1. Сақтандырудың және қайта сақтандырудың қолданылып жүрген шарттары бойынша қабылдаған мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз ету үшiн сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының актуарий есептеген көлемде қалыптасқан сақтандыру резервтерiнiң болуы мiндеттi.
2. Сақтандыру резервтерiнiң қаражаты тек қана сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қолданылып жүрген сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша өз мiндеттемелерiн орындауға байланысты сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыруға арналған.
3. Сақтандыру резервтерiн есептеу әдiстемесiне және сақтандыру резервтерiнiң қаражатын орналастыру тәртiбiне қойылатын талаптар уәкiлеттi мемлекеттiк органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
48-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мәмiлелер жасауына қойылатын шектеулер
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының жинақталымы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өз капиталының он процентiнен асатын мөлшерде заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысуына тыйым салынады, бұған мына жағдайлар:
1) басқа қаржы ұйымдарының жарғылық капиталына қатысу;
2) акциялары листингтен өткен және ұйымдастырылған сауда алаңдарында бiр эмитенттiң шығарған акцияларының жалпы санының он бес процентiнен аспайтын мөлшерде айналымға жiберiлген заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу қосылмайды.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына толық серiктестiктiң, қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiктiң ұйымдық-құқықтық нысанына ие заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысуға, сондай-ақ сенiм (коммандиттiк) серiктестiгiнде толық серiктес мәртебесiне ие болуына тыйым салынады.
3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына өз капиталы мөлшерiнiң он процентiнен асатын көлемде заемдар тартуға тыйым салынады. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына тартылған заем мерзiмi үш айдан аспауы керек.
4. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы бес күн мерзiмде өз мүлкiнiң кепiлi, кепiлдiк беру немесе басқа да баланста көрсетiлмеген мiндеттемелердi қабылдағаны туралы уәкiлеттi мемлекеттiк органға хабарлауға мiндеттi. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының кепiлдiгi тiзiлiмiн жүргiзуге және өзге де мiндеттемелерiне байланысты қосымша талаптар уәкiлеттi мемлекеттiк органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
49-бап. Сақтандыру бойынша iрi мәмiлелер жасау
1. Егер сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының жауапкершiлiк лимитi (сақтандыру сомасы немесе өздiгiнен ұстап қалу) уәкiлеттi мемлекеттiк органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгiленген нормативтен асып кетсе, сақтандыру (қайта сақтандыру) бойынша мәмiле iрi мәмiле деп танылады.
2. Iрi мәмiле жасау туралы шешiмдi сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының директорлар кеңесi актуарийдiң алдын ала қорытындысы негiзiнде бекiтуге тиiс.
50-бап. Бағалы қағаздармен және вексельдермен мәмiлелер жасау
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акцияларымен жасалған мәмiлелер Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес осы Заңда көзделген ерекшелiктердi ескере отырып тiркеледi.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының алтын акция, артықшылық берiлген акциялар, облигациялар, өзге де борыштық және солардан туындайтын бағалы қағаздар мен вексельдер шығаруға құқығы жоқ.
51-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акцияларымен жасалған мәмiлелердi бақылау
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретiн акцияларының жалпы санының бес процентiнен астамы мөлшерiнде дауыс беретiн акцияларға меншiк құқығын немесе басқару құқығын алу ниетi бар тұлға, аталған мәмiленi жасауға, мынадай талаптардың ең болмағанда бiреуi болған жағдайда:
1) мәмiленiң нәтижесiнде сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретiн акциялары жинақталымының жиырма бес процентiнен астамын бiр тұлға немесе қосылма тұлғалар тобы иеленетiн, басқаратын немесе кепiлге иеленетiн болса;
2) осы Заңның 35-бабының 2-тармағындағы тармақшалардың бiрiне қатысы бар тұлға мәмiле тараптарының бiрi болып табылса уәкiлеттi мемлекеттiк органының алдын ала рұқсатын алуға мiндеттi.
2. Тiзiлiм ұстаушы мен атаулы ұстаушы, уәкiлеттi мемлекеттiк органның алдын ала рұқсаты болмаған жағдайда, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акцияларымен жасалған, осы баптың 1-тармағының талабына жататын мәмiлелердi тiркеуден бас тартуға мiндеттi.
3. Оффшорлық аймақта тiркелген ұйым мәртебесiне ие заңды тұлғаның немесе оффшорлық аймақта тiркелген жарғылық капиталына заңды тұлғалар тiкелей немесе қосылма тұлғалар арқылы қатысатын заңды тұлғаның сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының дауыс беретiн акциялары санының бес проценттен астам мөлшерiндегi дауыс беретiн акцияларды иеленуге құқығы жоқ.
4. Осы баптың талаптары сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының акцияларымен және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының акцияларына шығарылған депозитарийлiк қолхаттармен жасалған мәмiлелердiң барлық түрiне қолданылады.
52-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бiрлескен қызметке қатысуы
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы консорциум немесе жай серiктестiк құруға қатысуға құқылы.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қатысуымен бiрлескен қызмет туралы шарт оны жасаған күннен бастап он күн iшiнде уәкiлеттi мемлекеттiк органда тiркелуге тиiс.
3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, онымен және оның құрылтайшыларымен қосылма тұлғалардың және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары қатысатын консорциумдар мен жай серіктестіктерге қатысушы ұйымдардың қызметін қадағалау ынтымақтасқан негiзде жүзеге асырылады. Ынтымақтасып қадағалау ережелерiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган белгiлейдi.
10-тарау. Санкциялар және өзге де ықпал ету шаралары
53-бап. Нұсқама және санкциялар
1. Сақтандыру iсi және сақтандыру қызметi туралы заңдар бұзылған жағдайда уәкiлеттi мемлекеттiк орган анықталған жолсыздықтарды жою туралы сақтандыру қызметi субъектiлерiне жазбаша нұсқама жiберуге құқылы.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына санкцияларды уәкiлеттi мемлекеттiк орган не сот осы Заңға сәйкес қолданады.
3. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган санкциялар ретiнде мынадай шаралар қолдануға:
1) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген негiздер бойынша айыппұл салуға;
2) осы Заңның 54-бабында белгiленген негiздер бойынша лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға;
3) осы Заңның 55-бабында көзделген негiздер бойынша лицензияны керi қайтарып алуға;
4) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары акцияларын оның акционерлерiнен мәжбүрлеп сатып алу туралы шешiм қабылдауға және оларды осы Заңның 61-бабының талаптарына сәйкес жаңа инвесторларға сатуға;
5) осы Заңның 34-бабында аталған адамдарды осы мәселенi сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тиiстi органы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының аталған басшы қызметкерiнiң iс-әрекетiн Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына сәйкес келмейдi деп тануға жеткiлiктi деректер негiзiнде қарағанға дейiн қызметтiк мiндеттерiн атқарудан шеттетуге құқылы.
54-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы мен сақтандыру брокерi лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру
1. Мынадай негiздердiң бiрi бойынша:
1) уәкiлеттi мемлекеттiк органның сақтандыру iсi және сақтандыру қызметi туралы заңдардың бұзылуын жою туралы жазбаша нұсқамасын орындамаған;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген пруденциялық нормативтердiң талаптарын және өзге де сақталуға мiндеттi нормалар мен лимиттердi сақтамаған;
3) қатарынан екi ай бойы уәкiлеттi мемлекеттiк органға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген есептi табыс етпеген;
4) сақтандыру қызметiн тексеруге байланысты уәкiлеттi мемлекеттiк органның өз құзыретi шегiнде талап еткен құжаттар мен ақпаратты беруден бас тартқан;
5) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының басшы қызметкерлерiн келiсу тәртiбiне байланысты талаптарды бұзған;
6) уәкiлеттi мемлекеттiк орган салған айыппұлды белгiленген мерзiмде төлемеген;
7) бухгалтерлiк есепте сақтандыру (қайта сақтандыру) жөнiндегi қаржы операцияларын тиiсiнше көрсетпеуге, сондай-ақ есепке алудың өзге де мiндеттi нысандарын жүргiзуге байланысты Қазақстан Республикасының заңдарын бұзу фактiсi анықталған;
8) лицензия беруге негiз болған құжаттарда жалған ақпарат беру фактiсi анықталған жағдайларда сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары мен сақтандыру брокерi лицензиясының қолданылуы алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтатыла тұрады.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру оның жаңа сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын жасауына, қолданылып жүрген сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын ұзартуды қоса, тыйым салуға әкеп соғады. Бұрын жасалған сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы өзi қабылдаған мiндеттемелердi орындауға мiндеттi.
3. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы шешiмде лицензияның қолданылуын тоқтата тұрудың негiздерi мен мерзiмi көрсетiлуге тиiс.
Мұндай шешiм сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының атқарушы органының назарына жеткiзiлген күннен бастап лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрған болып есептеледi.
4. Осы баптың 1-тармағының 2) және 5) тармақшаларындағы талаптар сақтандыру брокерiне қатысты қолданылмайды.
55-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы мен сақтандыру брокерiнiң лицензиясын керi қайтарып алу
1. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган мынадай негiздердiң бiрi бойынша:
1) лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға негiз болған мән-жайлар белгiленген мерзiмде жойылмаған;
2) лицензияның қолданылуы бiрнеше рет (соңғы он екi айдың iшiнде екi рет) тоқтатыла тұрған;
3) сот сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының немесе сақтандыру брокерiнiң қызметiн тоқтату туралы шешiм қабылдаған;
4) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы немесе сақтандыру брокерi қызметiн өз еркiмен тоқтатқан;
5) сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының төлем қабiлетi болмаған жағдайларда лицензияны керi қайтарып алу туралы шешiм шығаруға құқылы.
2. Уәкiлеттi мемлекеттiк органның керi қайтарып алу туралы шешiмiнде оны керi қайтарып алудың негiздемесi көрсетiлуге тиiс.
3. Лицензиясы керi қайтарылып алынған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сақтандыру қызметiн немесе өзге де қызметтi жүзеге асыруға құқығы жоқ, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын ұстауға арналған ағымдағы шығыстарға, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына түсетiн ақшаны есепке алуға және бұрын жасалып, сақтандыру оқиғасы туындаған сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру төлемдерiн жүргiзуге байланысты жағдайларды қоспағанда, қолда бар банк шоттары бойынша барлық операцияларды тоқтатуға мiндеттi.
56-бап. Сақтандыру қызметi субъектiлерi мен сақтандыру брокерiнiң лицензиясын қайтарып алудың зардаптары
1. Уәкiлеттi мемлекеттiк органның сақтандыру қызметi субъектiлерi мен сақтандыру брокерiнiң лицензияларын керi қайтарып алу туралы шешiмi оның лицензиат назарына жеткiзiлген не баспасөзде жарияланған күнiнен бастап күшiне енедi. Лицензияны керi қайтарып алу туралы ақпарат екi республикалық газетте жарияланады.
2. Лицензия керi қайтарылып алынған күннен бастап он бес күн iшiнде уәкiлеттi мемлекеттiк орган сотқа заңдарда белгiленген тәртiппен сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, сақтандыру брокерiнiң қызметiн мәжбүрлеп тоқтату (тарату) туралы өтiнiшпен жүгiнуге мiндеттi.
3. Лицензияны керi қайтарып алу туралы шешiм күшiне енген күннен бастап уәкiлеттi мемлекеттiк орган сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уақытша әкiмшiлiгiн тағайындайды, оған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының барлық басқару органдарының өкiлеттiгi көшедi.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының бұрын жұмыс iстеп келген органдарының өкiлеттiгi тоқтатыла тұрады. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы акционерлерiнiң уәкiлеттi мемлекеттiк органның лицензияны керi қайтарып алу туралы шешiмiне сот тәртiбiмен шағым жасауға құқығы бар.
4. Уақытша әкiмшiлiк сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметiн тоқтату туралы уәкiлеттi мемлекеттiк органның өтiнiшi бойынша сот iс қозғағанға дейiнгi кезеңде өз қызметiн жүзеге асыра бередi.
5. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уақытша әкiмшiлiгiнiң есебi уәкiлеттi мемлекеттiк органға және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының қызметiн тоқтату туралы уәкiлеттi мемлекеттiк органның өтiнiшi жiберiлген сотқа табыс етiледi.
6. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уақытша әкiмшiлiгiнiң (ал одан кейiн сот тағайындайтын арнайы басқарушының да) өз қызметi кезеңiнде, осы Заңның 55-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, шығыс операцияларын жүзеге асыруға құқығы жоқ.
7. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уақытша әкiмшiлiк тағайындалған кезеңдегi жұмыс тәртiбi уәкiлеттi мемлекеттiк органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
8. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уақытша әкiмшiлiгiнiң құрамына енгiзiлген уәкiлеттi мемлекеттiк орган қызметкерлерiнiң еңбегiне ақы төлеу жағдайларын қоспағанда, уәкiлеттi мемлекеттiк органның сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының қызметiн мәжбүрлеп тоқтату жөнiндегi шығыстарды қаржыландыруына тыйым салынады.
57-бап. Уәкiлеттi аудитор лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру
1. Уәкiлеттi аудитор лицензиясының қолданылуын уәкiлеттi мемлекеттiк орган мынадай негiздердiң бiрi бойынша:
1) уәкiлеттi мемлекеттiк органның жазбаша сұратуы бойынша құжаттарды және ақпаратты бермеген;
2) аудиторлық қызметтi сақтандыру iсi және сақтандыру қызметi туралы заңдардың талаптарын бұза отырып жүзеге асырған;
3) аудиторлық ұйымда сақтандыру қызметiне аудит жүргiзуге уәкiлеттi мемлекеттiк органның қолданылатын лицензиясы бар аудитор болмаған;
4) лицензия беруге негiз болған құжаттарда жалған ақпарат беру фактiсi анықталған жағдайда алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтата алады.
2. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы шешiмде лицензияның қолданылуын тоқтата тұрудың негiздемесi мен мерзiмi көрсетiлуге тиiс. Мұндай шешiм лицензиаттың назарына жеткiзiлген күннен бастап лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрған болып есептеледi.
58-бап. Уәкiлеттi аудитордың лицензиясын керi қайтарып алу
1. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган мынадай негiздердiң бiрi бойынша:
1) лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға негiз болған мән-жайлар белгiленген мерзiмде жойылмаған;
2) лицензияның қолданылуы бiрнеше рет (соңғы он екi айдың iшiнде екi рет) тоқтатыла тұрған;
3) аудит барысында алынған және сақтандыру құпиясы немесе коммерциялық құпия болып табылатын мәлiметтер жарияланған немесе үшiншi тұлғаға (уәкiлеттi мемлекеттiк органнан басқасына) берiлген;
4) уәкiлеттi аудитор аудиторлық қызметке жатқызылған мәселелер бойынша жалған қорытынды (растау) берген;
5) лицензия беруден бас тартуға негiз болатын мән-жайлар туындаған;
6) жалпы аудиторлық қызметтi лицензиялау жөнiндегi тиiстi мемлекеттiк органның аудиторлық қызметтi жүзеге асыруға берiлген лицензияны керi қайтарып алу туралы шешiмi болған;
7) сот уәкiлеттi аудитордың лицензиясын керi қайтарып алу немесе қызметiн тоқтату туралы шешiм қабылдаған;
8) уәкiлеттi аудитордың қызметi тоқтатылған жағдайда лицензияны керi қайтарып алу туралы шешiм шығаруға құқылы.
2. Лицензияны керi қайтарып алу туралы шешiмде оны керi қайтарып алу негiздемесi көрсетiлуге тиiс. Мұндай шешiм лицензиаттың назарына жеткiзiлген күннен бастап лицензия керi қайтарылып алынған болып есептеледi.
59-бап. Актуарий лицензиясының қолданылуын тоқтата тұру
1. Актуарий лицензиясының қолданылуын уәкiлеттi мемлекеттiк орган мынадай негiздердiң бiрi бойынша:
1) уәкiлеттi мемлекеттiк орган өз құзыретi шегiнде талап еткен мiндеттi актуарий қорытындысын және өзге де құжаттарды беруден бас тартқан;
2) сақтандыру iсi және сақтандыру қызметi туралы заңдардың талаптарын бұза отырып актуарий қызметiн жүзеге асырған;
3) лицензия беруге негiз болған құжаттарда жалған ақпарат беру фактiсi анықталған;
4) актуарий осы Заңның 40-бабының 3-тармағына сәйкес бiлiктiлiк емтиханын тапсырмаған;
5) лицензияланған қызметтi сақтандыру рыногында соңғы екi жыл бойы жүзеге асырмаған жағдайда алты айға дейiнгi мерзiмге тоқтата тұра алады.
2. Лицензияның қолданылуын тоқтата тұру туралы шешiмде лицензияның қолданылуын тоқтата тұрудың негiздемесi мен мерзiмi көрсетiлуге тиiс. Мұндай шешiм лицензиаттың назарына жеткiзiлген күннен бастап лицензияның қолданылуы тоқтатыла тұрған болып есептеледi.
60-бап. Актуарийдiң лицензиясын керi қайтарып алу
1. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган мынадай негiздердiң бiрi бойынша:
1) лицензияның қолданылуын тоқтата тұруға негiз болған мән-жайлар белгiленген мерзiмде жойылмаған;
2) лицензияның қолданылуы бiрнеше рет (соңғы он екi айдың iшiнде екi рет) тоқтатыла тұрған;
3) актуарий есептеулерiн жүргiзу барысында алынған және сақтандыру құпиясы немесе коммерциялық құпия болып табылатын мәлiметтер жария етiлген немесе үшiншi тұлғаға (уәкiлеттi мемлекеттiк органнан басқасына) берiлген;
4) осы Заңның 19-бабының 6-тармағындағы талаптар орындалмаған;
5) сот актуарийдiң кәсiпкерлiк қызметiн тоқтату туралы шешiм қабылдаған жағдайларда лицензияны керi қайтарып алу туралы шешiм шығаруға құқылы.
2. Лицензияны керi қайтарып алу туралы шешiмде оны қайтарып алудың негiздемесi көрсетiлуге тиiс. Мұндай шешiм лицензиаттың назарына жеткiзiлген күннен бастап лицензия керi қайтарылып алынған болып есептеледi.
61-бап. Акцияларды мәжбүрлеп сатып алу
1. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымында активтердiң сапасы мен өтiмдiлiгi бойынша оларды сыныптау ескерiле отырып есептелген құны мен мiндеттемелер арасында терiс айырма барын анықтаған жағдайда уәкiлеттi мемлекеттiк орган сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акцияларын олардың акционерлерiнен мәжбүрлеп сатып алып, оларды сақтандыру және қайта сақтандыру шарты бойынша барлық мiндеттемелердi орындауға кепiлдiк беру жағдайында сатып алуға тiлек бiлдiрген жаңа инвесторға сату туралы шешiм қабылдауға құқылы.
2. Акцияларды мәжбүрлеп сатып алу, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының мiндеттемелерi шегерiлiп, баланстық құннан аспайтын, бiрақ оның активтерiнiң сапасы мен өтiмдiлiгiн ескере отырып есептелген құннан төмен болмайтын жиынтық құн бойынша жүргiзiледi.
3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының сатып алынған акцияларын олардың сатып алынған бағасынан төмен емес бағамен сатуды уәкiлеттi мемлекеттiк орган жүргiзедi.
Акцияларды акционерлерден сатып алу бағасы мен акцияларды жаңа инвесторларға сату бағасының арасындағы айырма акционерлерге жiберiледi.
4. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының акцияларын мәжбүрлеп сатып алу мен оларды кейiннен жаңа инвесторға сату тәртiбiн уәкiлеттi мемлекеттiк орган бағалы қағаздар рыногын реттеу және қадағалау жөнiндегi мемлекеттiк органмен келiсе отырып белгiлейдi.
11-тарау. Қайта құру
62-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өз еркiмен қайта құрылуы
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өз еркiмен қайта құрылуы Қазақстан Республикасының тиiстi заң актiлерiнде көзделген тәртiппен, осы Заңда және уәкiлеттi мемлекеттiк органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып жүргізіледі.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өз еркiмен қайта құрылуын уәкiлеттi мемлекеттiк органның рұқсаты болған жағдайда жүзеге асыруға болады.
3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өз еркiмен қайта құрылуын жүргiзуге рұқсат алу үшiн өтiнiш беруге акционерлердiң жалпы жиналысының шешiмi негiз болады.
4. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өз еркiмен қайта құрылуын жүргiзуге рұқсат алуға берiлген өтiнiшке қоса тiркелетiн құжаттар тiзбесi уәкiлеттi мемлекеттiк органның нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
5. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өз еркiмен қайта құрылуын жүргiзуге рұқсат алуға берiлген өтiнiштi уәкiлеттi мемлекеттiк орган құжаттардың толық топтамасы табыс етiлген күннен бастап бiр ай iшiнде қарауға тиiс.
63-бап. Өз еркiмен қайта құрылуға рұқсат беруден бас тарту
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының өз еркiмен қайта құрылуына рұқсат беруден уәкiлеттi мемлекеттiк орган мынадай негiздер бойынша:
1) көзделiп отырған өз еркiмен қайта құрылу нәтижесiнде сақтанушылардың және өзге де кредиторлардың заңды мүдделерi бұзылатын;
2) көзделiп отырған қайта құру нәтижесiнде қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етудiң ең төменгi талаптары, сақталуы мiндеттi нормалар мен лимиттер және осы Заң мен уәкiлеттi мемлекеттiк органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген өзге де талаптар бұзылатын;
3) уәкiлеттi мемлекеттiк органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде көрсетiлген құжаттар табыс етiлмеген;
4) табыс етiлген құжаттар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келмеген жағдайларда бас тартады.
2. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган өтiнiш берушiге өз еркiмен қайта құрылуына рұқсат беруден бас тартқаны туралы бас тартудың негiздемесiн көрсете отырып жазбаша хабарлайды.
64-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мәжбүрлеп қайта құру ерекшелiктерi
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мәжбүрлеп қайта құру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.
2. Сот сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мәжбүрлеп қайта құру туралы мәселенi уәкiлеттi мемлекеттiк органның тиiстi қорытындысын ескере отырып шешуге құқылы.
3. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мәжбүрлеп қайта құруды (iс қозғаудың негiздемесiне қарамастан) сот тағайындаған арнайы басқарушы жүргiзедi.
4. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган сот мәжбүрлеп қайта құру туралы iсiн қарап жатқан не шешiм қабылдаған сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымынан қажеттi ақпарат алуға құқылы.
5. Уәкiлеттi мемлекеттiк орган арнайы басқарушының сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын мәжбүрлеп қайта құрудың аяқталғаны туралы есебiнiң сот бекiткен көшiрмесiн алуға құқылы.
12-тарау. Тарату
65-бап. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату негiздерi
1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын тарату, оның iшiнде банкроттық негiз бойынша тарату Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес, осы Заңда және уәкiлеттi мемлекеттiк органның нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген ерекшелiктер ескерiле отырып жүзеге асырылады.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы мынадай негiздер бойынша:
1) уәкiлеттi мемлекеттiк органның рұқсаты болған жағдайда өз акционерлерiнiң шешiмi бойынша (өз еркiмен таратылуы);
2) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда соттың шешiмi бойынша таратылуы мүмкiн.
66-бап. Өз еркiмен және мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының кредиторлар комитетi
1. Кредиторлар мүдделерiн қамтамасыз ету және олардың сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарын өз еркiмен және мәжбүрлеп тарату рәсiмдерiне қатысуымен шешiмдер қабылдау мақсатында кредиторлар комитетi құрылады.