Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы Қазақстан
Республикасының Заңы 2000 жылғы 30 қараша N 109-II
(ҚР 24.12.01 ж. N 276 Заңымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 14 ақпандағы N 388-II Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заң бағалау объектiлерiнiң нарықтық немесе өзгеше құнын белгiлеу мақсатымен бағалау қызметiн жүзеге асыру кезiнде туындайтын қатынастарды реттейдi, бағалау қызметi субъектiлерiнiң меншiк нысандарына қарамастан олардың құқықтары мен мiндеттерiн айқындайды.
1-тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметi туралы заңдар
Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметi туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңнан, соған сәйкес қабылданатын Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарынан тұрады.
Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шартта Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметi туралы заңдарда көзделгеннен өзгеше ережелер белгiленсе, онда, халықаралық шарттың қолданылуы үшiн заң шығару талап етiлетiн жағдайларды қоспағанда, халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) тапсырыс берушi - бағалаушының қызметтерiн тұтынушы жеке немесе заңды тұлға;
2) өзге құн - нарықтық құннан басқа, бағалау объектiсiнiң өзге құны (баланстық, қалдық және басқа құны);
3) бағалау әдiсi - бағалау объектiсiнiң нарықтық және өзге құнын белгiлеу үшiн пайдаланылатын заңдық, қаржы-экономикалық және ұйымдастыру-техникалық сипаттағы iс-қимыл жиынтығы;
4) бағалау қызметi - бағалау қызметiнiң субъектiлерi жүзеге асыратын, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, бағалау объектiсiне қатысты белгiлi бiр күнге нарықтық немесе өзгеше құнын белгiлеуге бағытталған кәсiпкерлiк қызмет;
5) бағалау объектiсi - өздерiне қатысты бағалау қызметi жүзеге асырылуы мүмкiн азаматтық құқықтар объектiлерi;
6) бағалау туралы есеп - тапсырыс берушiге берiлетiн, бағалау жөнiндегi жұмыстардың нәтижесi туралы бағалаушының уәкiлеттi орган белгiлеген нысан бойынша және осы Заңның талаптарына сай келетiн жазбаша хабарламасы;
7) бағалаушы - бағалау қызметiн жүзеге асыруға лицензиясы бар жеке немесе заңды тұлға;
8) қайтадан бағалау - бiр жағынан бағалаушы мен (немесе) тапсырыс берушi және екiншi жағынан үшiншi бiр тұлғалар арасында бағалау нәтижелерi бойынша туындаған даулардың салдарынан бағалау объектiсiнiң нарықтық немесе өзгеше құнын белгiлеу;
9) бағалау қызметi саласындағы нормативтiк құқықтық актiлер - бағалау қызметi субъектiлерiнiң бағалау жөнiндегi жұмыстардың орындалу сапасына, пайдаланылатын бағалау принциптерi мен әдiстерiне, бағалау жөнiндегi есептердiң мазмұны мен нысанына қойылатын талаптарды қолдану жөнiндегi актiлер және осыған Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлеттiк берген мемлекеттiк органдар әзiрлейтiн және бекiтетiн басқа да нормативтер;
10) нарықтық құн - мәмiле жасаушы тараптар бағалау объектiсi туралы мүмкiн болатын барлық ақпаратты иелене отырып әрекет жасайтын, бәсекелестiк жағдайындағы мәмiленiң негiзiнде сол объектiнi иелiктен шығаруға болатын неғұрлым ықтимал баға, ал мәмiленiң бағасына қандай да болсын төтенше жағдайлар әсер етпейдi, яғни:
мәмiле жасаушы тараптардың бiрi бағалау объектiсiн иелiктен шығаруға, ал екiншi бiр тарап сатып алуға мiндеттi болмайды;
мәмiле жасаушы тараптар мәмiле нысанасы туралы жақсы хабардар бола отырып, өз мүдделерiне сай әрекет жасайтын болады;
мәмiленiң бағасы бағалау объектiсi үшiн берiлетiн ақшалай сыйақының эквивалентi болып табылады және мәмiле жасаушы тараптарға қандай да болсын тараптан мәжбүрлеу болмайды;
11) бағалау қызметiнiң мақсаты - бағалау объектiсiнiң ықтимал нарықтық немесе өзге құнын анықтау;
12) уәкiлеттi органдар - бағалау қызметi саласындағы лицензиялау мен бақылау функцияларын, сондай-ақ басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттiк органдар.
3-бап. Бағалау қызметiнiң негiзгi принциптерi
Бағалау қызметiнiң негiзгi принциптерi:
принциптiлiк;
турашылдық;
объективтiлiк;
дұрыстық;
құзыреттiлiк болып табылады.
4-бап. Бағалау қызметiнiң субъектiлерi
Бағалау қызметiнiң субъектiлерi болып бiр жағынан - бағалау қызметiн жүзеге асыру құқығына лицензиясы бар жеке және заңды тұлғалар (бағалаушылар), екiншi жағынан - олардың қызметiн тұтынушылар (тапсырыс берушiлер) танылады, олардың қызметi мен өзара қарым-қатынасы осы Заңмен реттеледi.
5-бап. Бағалау объектiлерi
Бағалау объектiлерiне:
жекелеген материалдық объектiлер (заттар), оның iшiнде қараусыз қалған, иесiз мүлiктер;
тұлғаның мүлкiн, оның iшiнде мүлiктiң белгiлi бiр түрiн (жылжымалы немесе жылжымайтын) құрайтын заттардың жиынтығы;
меншiк құқығы және мүлiкке немесе мүлiктiң құрамындағы жекелеген заттарға өзге де заттық құқықтар;
мiндеттеменi (борышты) талап ету құқығы;
жұмыстар, көрсетiлетiн қызметтер, ақпарат;
санаткерлiк меншiк объектiлерi және азаматтық құқықтардың өзге де объектiлерi жатады.
ҚР 24.12.01 ж. N 276 Заңымен 6-бап өзгертілді
6-бап. Бағалау түрлерi
1. Мiндеттi бағалау мен бастамашылық бағалау - бағалау түрлерi болып табылады.
2. Мiндеттi бағалау Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес:
жеке тұлғалардың кәсiпкерлiк қызметте пайдаланылмайтын жылжымайтын объектiлерiне салық салу үшiн, сондай-ақ шаруа (фермер) қожалықтарының жер учаскелерiнiң бағалау құнын анықтау үшiн;
жекешелендiру, сенiмгерлiк басқаруға не жалға (кейiннен сатып алатын жалға) беру үшiн;
ипотекалық кредит беру үшiн;
меншiк иесiнен мүлiктi мемлекеттiк қажеттерге сатып алу және алып қою үшiн;
борышкер немесе өндiрiп алушы сот орындаушысы жүргiзген бағалауға қарсылық бiлдiрген жағдайда борышкер мүлкiнiң құнын анықтау үшін;
мемлекеттік меншiкке түскен мүлiк құнын анықтау үшiн;
өзге де жағдайларда жүргiзiледi.
2-1. Республикалық меншiкке түскен мүлiктi бағалау жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыруды уәкілетті мемлекеттік орган жүргізеді.
2-2. Коммуналдық меншiкке түскен мүлiктi бағалау жөнiндегi жұмыстарды ұйымдастыруды коммуналдық меншiктi басқаруға уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
3. Бастамашылық бағалау тапсырыс берушiге тиесiлi кез-келген бағалау объектiсiне бағалаушының осы Заңға және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес бағалау жүргiзу жөнiндегi тапсырыс берушiнiң ерiк бiлдiруi негiзiнде жүргiзiледi.
Бағалау объектiсiне бағалау жүргiзу құқығы мiндеттi құқық болып табылады және мемлекеттiк статистикалық есеп пен бухгалтерлiк есеп жүргiзу мен есептiлiктi жүзеге асырудың заңдармен белгiленген тәртiбiне тәуелдi емес.
Осы құқық бағалау объектiсiне қайтадан бағалау жүргiзуге де қолданылады. Бағалау объектiсiне бағалау жүргiзудiң нәтижелерi бухгалтерлiк есеп пен есептiлiктiң деректерiн түзету үшiн пайдаланылуы мүмкiн.
Ескерту. Жеке тұлғалардың кәсіпкерлiк қызметте пайдаланылмаған мүлкiн салық салу үшiн бағалау жөнiнде қызмет көрсетуге тапсырыс берушi жергiлiктi атқарушы органдар болып табылады.
2-тарау. Бағалау қызметін жүзеге асырудың
негіздемелері мен шарттары
7-бап. Бағалау жүргiзудiң негiздемелерi
1. Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес бағалаушы мен тапсырыс берушiнiң арасында жасалған бағалау жүргiзу шарты бағалауды жүргiзуге негiздеме болып табылады.
Бағалау жүргiзу шарты бойынша бағалаушы бағалау объектiлерiнiң нарықтық немесе өзге құнын белгiлеу үшiн қызмет көрсетуге мiндеттенедi, ал тапсырыс берушi осы қызметтерге ақы төлеуге мiндеттенедi.
2. Заң актiлерiнде көзделген жағдайларда объектiнi бағалау, оның iшiнде қайта бағалау соттың немесе уәкiлеттi мемлекеттiк органның шешiмi негiзiнде жүргiзiлуi мүмкiн.
3. Сот және уәкiлеттi мемлекеттiк орган бағалаушыны таңдауда дербес болады.
8-бап. Бағалау жүргiзу шартына қойылатын мiндеттi талаптар
1. Бағалау жүргiзу шартына Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң өтемдi қызметтер көрсету шарты туралы нормалары қолданылады.
2. Бағалау жүргiзу шарты мынадай мiндеттi талаптарды қамтуға тиiс:
тапсырыс берушi мен бағалаушының атауы, олардың заңды мекен-жайы;
бағаланатын бағалау объектiсiнiң (объектiлердiң) атауы, оның (олардың) орналасқан жерi;
бағалау жүргiзу шартын жасаудың мақсаты;
бағалау түрi;
бағалау объектiсiнiң түрi;
бағалау жүргiзудiң мерзiмдерi мен күндерi;
көрсетiлетiн қызметтер үшiн ақы төлеудiң шарттары, тәртiбi және мөлшерi;
тараптардың жауапкершiлiгi;
тапсырыс берушiнiң бағалау объектiсiне меншiк құқығын растайтын құжаттың деректемелерi не тапсырыс берушiге бағалау шартын жасау құқығын беретiн өзге де негiздемелер;
бағалаушыда лицензия нөмiрi не лицензияның тiркелу нөмiрi, берiлген күнi және лицензияны берген орган көрсетiлген бағалау қызметiн жүзеге асыруға берiлген лицензияның бар-жоғы туралы мәлiметтер.
Бағалау жүргiзу шартында өзге де талаптар көзделуi мүмкiн.
9-бап. Бағалау туралы есептiң мазмұнына қойылатын талаптар
1. Жүргiзiлген бағалаудың нәтижелерi бойынша екi дана етiп бағалау туралы есеп жасалады, олардың бiрi - тапсырыс берушiде, екiншiсi бағалаушыда сақталады. Бағалау туралы есептiң нысаны мен мазмұнына қойылатын талаптар бағалау қызметi саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленедi.
2. Жеке кәсiпкер болып табылатын бағалаушы жасаған есепке ол қол қояды және оның жеке мөрiмен расталады.
Бағалау қызметiн жүзеге асыруға лицензиясы бар заңды тұлғаның есебiне бағалаушы-орындаушы қол қояды, заңды тұлғаның басшысы бекiтiп, мөрмен расталады.
3. Егер бағалауды бағаланатын бағалау объектiсiнiң құрамына кiретiн әртүрлi бағалау объектiлерi бойынша бiрнеше бағалаушы жүргiзген жағдайда, есепке әрбiр бағалаушы өзi бағалау жүргiзген бағалау объектiлерiн көрсетiп қол қояды.
4. Бағалау туралы есепте бағалау жүргiзудiң мақсаты, нәтижелерi, бағалау қолданылған сала, бағалау жүргiзiлген күн, бағалау кезiнде пайданылатын әдiстер, сондай-ақ бағалау жүргiзу нәтижелерiне толық және айқын түсiнiк беру үшiн қажет өзге де мәлiметтер көрсетiледi.
10-бап. Бағалаушының тәуелсiздiгi
1. Бағалаушы, егер:
бағалаушының бағалау объектiсiне қатысты шарттан тыс заттық немесе мiндеттемелiк құқығы болса не оны сатып алса;
бағалаушы заңды тұлғаның - тапсырыс берушiнiң акционерi, құрылтайшысы, қызметкерi, меншiк иесi, қатысушысы, кредит берушiсi, дебиторы, сақтандырушысы, демеушiсi болып табылса не бағалаушы - жеке тұлға тапсырыс берушi - жеке тұлғаның жақын туысы немесе жекжаты болып табылса, бағалауды жүргiзе алмайды.
2. Егер бұл бағалау жүргiзу нәтижесiнiң дұрыстығына, оның iшiнде бағалау жүргiзу кезiнде анықталуға тиiс мәселелер шеңберiн шектеуге терiс әсерiн тигiзуi мүмкiн болса, бағалаушының қызметiне тапсырыс берушiнiң не өзге мүдделi тұлғалардың араласуына жол берiлмейдi.
3. Бағалау жүргiзгенi үшiн бағалаушыға төленетiн ақының мөлшерi бағалау объектiсiнiң анықталатын құнына проценттiк қатынаспен көрсетiлмейдi және ол тараптардың келiсiмi бойынша жұмыстарды орындағанға дейiн белгiленедi.
3-тарау. бағалаушының құқықтары мен міндеттері
11-бап. Бағалаушының құқықтары
1. Бағалаушының:
бағалау қызметi саласындағы нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес бағалау әдiстерiн дербес қолдануға;
бағалау жүргiзу кезiнде тапсырыс берушiден бағалауды жүзеге асыруға қажеттi құжаттамаларға толық көлемiнде қол жетiмдiлiгiн қамтамасыз етудi талап етуге;
тапсырыс берушiден бағалауды жүзеге асыруға қажеттi түсiнiктемелер мен қосымша мәліметтердi алуға;
қажет болған жағдайда бағалау жүргiзуге шарттық негiзде өзге де бағалаушыларды не басқа да мамандарды қатыстыруға;
егер тапсырыс берушi шарт талаптарын бұзған, бағалау объектiсi туралы қажеттi ақпараттың ұсынылуын қамтамасыз етпеген жағдайларда бағалау жүргiзуден бас тартуға;
заңмен қорғалатын мемлекеттiк құпия және коммерциялық құпия болып табылатын ақпаратты қоспағанда, бағалау жүргiзуге қажеттi ақпаратты үшiншi бiр тұлғалардан жазбаша немесе ауызша түрде сұратуға құқығы бар.
Егер аталған ақпаратты беруден бас тарту бағалау нәтижелерiнiң дұрыстығына елеулi түрде ықпал ететiн болса, бағалаушы оны есепте көрсетедi.
2. Бағалаушылар бағалау қызметiн дамыту мақсатында қауымдастықтарға, одақтарға және өзге де коммерциялық емес ұйымдарға бiрiгуге құқылы. Қауымдастықтардың (одақтардың) құқықтық жағдайының ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiне және Қазақстан Республикасының өзге заң актiлерiне сәйкес айқындалады.
12-бап. Бағалаушының мiндеттерi
Бағалаушы:
бағалау қызметiн жүзеге асыру кезiнде осы Заңның, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарын сақтауға;
объективтi бағалау жүргiзуге кедергi болатын жағдайлардың туындауы салдарынан бағалауды жүргiзуге өзiнiң қатысу мүмкiндiгi болмайтыны жайында тапсырыс берушiге хабарлауға;
бағалау жүргiзу барысында тапсырыс берушi мен үшiншi бiр тұлғалардан алынатын құжаттардың сақталуын және құпиялығын қамтамасыз етуге;
уәкiлеттi орган өкiлiнiң және тапсырыс берушiнiң талап етуi бойынша бағалау қызметiн жүзеге асыруға берiлген лицензияны көрсетуге;
заң актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, бағалау жүргiзу барысында тапсырыс берушiден және үшiншi бiр тұлғалардан алынған құпия ақпаратты жария етпеуге;
тапсырыс берушiге бағалау туралы есеп беруге;
бағалау жүргiзу шарттарының нөмiрлерiн көрсете отырып, хронологиялық тәртiппен бағалау жүргiзу есептерiнiң кiтабын жүргiзуге;
бағалау туралы жасалған есептердi 5 жыл бойы сақтауға;
Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген жағдайларда сақтаулы тұрған бағалау туралы есептердiң көшiрмесiн немесе ақпаратты мемлекеттiк органдардың заңды түрде талап етуi бойынша оларға беруге мiндеттi.
13-бап. Бағалаушының жауапкершiлiгi
Бағалаушы:
нормативтiк құқықтық актiлердi және бағалау әдiстемесiн бұзғаны;
мемлекеттiк құпиялар, коммерциялық құпия болып табылатын мәлiметтердi жария еткенi;
бағалаудың бұрыстығы;
бағалау жүргiзу үшiн өзiне берiлетiн құжаттар мен басқа да ақпараттың сақталуы мен тұтастығы;
Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген жағдайларда мемлекеттiк органдарға бағалау туралы есептердiң көшiрмелерiн немесе ақпаратты бермегенi үшiн жауапкершiлiкте болады.
4-тарау. тапсырыс берушінің құқықтары мен
міндеттері
14-бап. Тапсырыс берушiнiң құқықтары
Тапсырыс берушiнiң:
бағалаушыдан бағалау жүргiзуге қатысты заңдардың талаптары туралы егжей-тегжейлi ақпарат алуға;
бағалаушының бағалау туралы есебi мен тұжырымдары негiзделетiн нормативтiк құқықтық актiлермен танысуға;
бағалаушыдан бағалау жүргiзу әдiстерi туралы қажеттi ақпарат алуға;
бағалаушы шарттың ережелерiн бұзған жағдайда оның қызмет көрсетуiнен бас тартуға құқығы бар.
15-бап. Тапсырыс берушінiң мiндеттерi
Тапсырыс берушi:
бағалаушыға шартқа сәйкес бағалауды дер кезiнде және сапалы жүргiзу үшiн жағдай жасауға;
бағалаушыға бағалауды жүргiзу үшiн қажет құжаттаманы табыс етуге, қажеттi түсiнiктеме беруге;
егер бағалаудың дұрыстығына терiс ықпал ететiн болса, бағалаушының қызметiне араласпауға;
бағалаушының талабы бойынша бағалауды жүргiзу үшiн қажеттi ақпарат алуға өз атынан үшiншi бiр тұлғалардың атына жазбаша сауал жiберуге мiндеттi.
16-бап. Тапсырыс берушiнiң жауапкершілiгі
Тапсырыс берушi бағалау жүргiзу үшiн бағалаушыға берiлген құжаттардың және басқа да ақпараттың толықтығы мен дұрыстығы және бұрыс ақпарат беруiнiң зардаптары үшiн жауапкершiлiкте болады.
17-бап. Дауларды қарау
Бағалау жүргiзу шартын орындау кезiнде бағалаушы мен тапсырыс берушiнiң арасында туындайтын және (немесе) есепте белгiленген бағалау объектiсiнiң нарықтық немесе өзге құны мөлшерiнiң дұрыстығы жөнiндегi, оның iшiнде осы объектiнi бағалау туралы өзге есептiң болуына байланысты даулар сот тәртiбiмен қарауға жатады.
5-тарау. Бағалау қызметін мемлекеттік реттеу
18-бап. Қазақстан Республикасында бағалау қызметiн жүзеге асыруды бақылау
Қазақстан Республикасында бағалау қызметiн жүзеге асыруды бақылауды Қазақстан Республикасының Yкiметi уәкiлеттiк берген мемлекеттiк органдар өздерiнiң құзыретi шегiнде жүзеге асырады.
19-бап. Уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың функциялары
Бағалау қызметi саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың функциялары:
бағалау қызметi саласындағы нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу және бекiту;
бағалау қызметiн жүзеге асыруды бақылау;
мемлекеттiк органдармен бағалау қызметi мәселелерi бойынша өзара iс-қимыл жасау;
бағалаушыларды кәсiби даярлауды жүзеге асыратын бiлiм беру мекемелерiне қойылатын талаптардың тiзбесiн келiсу;
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағалау қызметi саласында өзге де функцияларды жүзеге асыру.
20-бап. Қазақстан Республикасында бағалау қызметiн лицензиялау
Бағалау қызметiн лицензиялау Қазақстан Республикасының лицензиялау туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
21-бап. Бағалаушыларды кәсiби оқыту
Бағалаушыларды кәсiби оқыту Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен және жағдайларда жүзеге асырылады.
6-тарау. Қорытынды ережелер
22-бап. Бағалау қызметi туралы заңдарды бұзғаны үшiн жауаптылық
Бағалау қызметi туралы заңдарды бұзған тұлғалар Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауапты болады.
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев