Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны және олардың
көрсететiн қызметтерi үшiн төлем алудың ережесiн бекiту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы 2000 жылғы 10
мамыр N 693
Осы редакция ҚР Үкіметінің 17.0.03 ж. N 258 қаулысымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
"Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңын iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етеді:
1. Қоса берiлiп отырған Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны және олардың көрсететiн қызметтерi үшiн төлем алудың ережесi бекiтiлсiн.
2. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi және жариялауға жатады.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2000 жылғы 10 мамырдағы N 693 қаулысымен бекiтiлген
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды
пайдаланғаны және олардың көрсететiн
қызметтерi үшiн төлем алудың
ЕРЕЖЕСI
1. Жалпы ережелерi
1. Осы Ереже ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны және олардың көрсететiн қызметтерi үшiн төлем алудың тәртiбiн, сондай-ақ, осы жағдайда түскен қаражатты пайдаланудың тәртiбiн айқындайды.
2. "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды заңды және жеке тұлғалардың ғылыми, мәдени-ағартушылық, оқу, туристiк, рекреациялық және шектеулi шаруашылық мақсаттарда пайдалануы ақылы негiзде жүзеге асырылады.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда мәдени-ағарту және оқу iс-шаралары, туристiк, рекреациялық, шектеулi және дәстүрлi шаруашылық қызметтерi заңнамаға сәйкес оларды күзету мен пайдалану режимдерiнiң ерекшелiктерi ескерiлiп, арнайы белгiленген учаскелерде жүзеге асырылады.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды
пайдаланғаны және олардың көрсететiн қызметтерi
үшiн төлемдi айқындау және алу тәртiбi
4. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ғылыми, мәдени-ағартушылық, оқу, туристiк, рекреациялық және шектеулi шаруашылық мақсаттарда пайдаланғаны үшiн төлемдер осы аумақтардың сапасы мен қол жеткiзiмдiлiгі ескеріле отырып белгiленедi.
5. Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшiн төлем ставкалары мен олар көрсететiн қызметтердiң бағаларын,олар қарамағына енетiн орталық атқарушы органдар Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестiктi қорғау және шағын бизнестi қолдау жөнiндегi агенттiгiмен келiсiм бойынша белгiлейдi.
6. Жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшiн төлем ставкалары мен олар көрсететiн қызметтердiң бағаларын, олар қарамағына енетiн уәкiлеттi органдар Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестiктi қорғау және шағын бизнестi қолдау жөнiндегi агенттігінiң аумақтық органдарымен келiсiм бойынша белгiлейдi.
7. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны және олар көрсететiн қызметтер үшiн төлем төлеу белгiленген ставкалар мен бағаларға сәйкес аудару жолымен де, қолма-қол есеп айырысу жолымен де жүзеге асырылуы мүмкiн.
Аудару жолымен төлем төлеу заңнамада белгiленген тәртiпте жүзеге асырылады.
Қолма-қол есеп айырысу жолымен төлем төлеу бақылау-өткiзу пункттерiнде, қызметтер көрсету пункттерiнде, не өзге де арнайы жабдықталған орындарда орнатылған кассалық аппараттар арқылы ақшаны кiрiске алу арқылы жүзеге асырылады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды заңды және жеке тұлғалардың пайдалануына және оларға қызметтер көрсетуге тек төлем төлегендерi туралы растайтын құжаттары болған жағдайда ғана рұқсат етiледi.
8. Мемлекеттiк табиғи қорықтар (бұдан әрi - қорықтар) мен мемлекеттiк ұлттық табиғи парктердi (бұдан әрi - ұлттық парктер) қоспағанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны және олар көрсететiн қызметтер үшiн төленген қаражат үш банк күнiнен кешiктiрiлмей белгiленген тәртiпте бюджетке аударылады.
9. Қорықтар мен ұлттық парктердiң аумақтарын пайдаланғаны және олар көрсеткен қызметтер үшiн түскен қаражат үш банк күнiнен кешiктiрiлмей, белгiленген тәртiпте олардың ағымдағы шоттарына аударылады.
3. Қорықтар мен ұлттық парктердiң аумақтарын
пайдаланудан және олар көрсететiн қызметтерден
түскен қаражатты жұмсау тәртiбi
10. Қорықтар мен ұлттық парктердiң аумақтарын пайдаланудан және олар көрсететiн қызметтерден түскен қаражатты жұмсау, қарамағына олар енетiн орталық атқарушы органдардың ұсынысы бойынша, әрбiр қорық пен ұлттық парк үшiн Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгі бекiтетiн сметалардың шығыс бөлiгi шегiнде жүзеге асырылады.
11. Қорықтар мен ұлттық парктердiң аумақтарын пайдаланудан және олар көрсететiн қызметтерден түскен қаражатты осы аумақтарды сақтау мен дамыту мақсаттарында мынадай iс-шараларға жұмсауға рұқсат етiледi:
табиғи кешендердi сақтау және дамыту;
жануарлар және өсiмдiктер дүниесiн қорғау;
санитарлық кесу мен күтiм кесулерiн қоса алғанда, ормандарда қалпына келтiру және қорғау iс-шараларын жүргізу;
аумақты тазалау және көркейту;
табиғи-қорықтық қор объектiлерiн қорғаумен, туристiк, рекреациялық және шектеулi шаруашылық қызметтермен байланысты инфрақұрылымды дамыту;
байланыс құралдарын, көлiк пен жабдықтарды, өртке қарсы, орман қорғау және орман екпе мақсаттарындағы механизмдер мен материалдарды, қалпына келтiру жұмыстары үшiн тұқымдар мен көшет материалдарын сатып алу;
табиғат қорғау қызметiне байланысты ғимараттар, құрылыстар және өзге де объектiлердi салу, қайта жаңарту және жөндеу;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында ғылыми зерттеулер жүргiзу;
табиғат музейлерi мен көрмелерiн ұйымдастыру және ұстау;
рекреациялық аймақтарды дамыту және көркейту;
жарнама және баспа қызметiн жетiлдiру;
экологиялық насихат;
келеңсiз экологиялық зардаптардың алдын алу және жою.
Қорықтар мен ұлттық парктердiң аумақтарын пайдаланудан және олар көрсететiн қызметтерден алынатын қаражатты өзге мақсаттарға жұмсауға тыйым салынады.
12. Қорықтар мен ұлттық парктердiң аумақтарын пайдаланудан және олар көрсететiн қызметтерден түскен қаражатты алу мен жұмсау жөнiндегi есеп берудi жүргізу заңнамада белгiленген тәртiпте жүзеге асырылады.
4. Қорықтардың, ұлттық парктердiң
аумақтарын пайдаланғаны және олардың
көрсететiн қызметтерi үшiн төлем алуды
және алынған қаражаттың жұмсалуын
бақылау
13. Қорықтар мен ұлттық парктердiң аумақтарын пайдаланғаны және олардың көрсететiн қызметтерi үшiн төлем алуға, алынған табыстардың толық әрi дұрыс есептелуiне, сондай-ақ қаражаттың мақсатты пайдаланылуына және бухгалтерлiк есептiң жүргiзiлуiне бақылауды Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгі белгілеген тәртiппен, олар қарауына енетiн орталық атқарушы органдармен бiрлесiп жүзеге асырады.