2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң борышын өтеудi және оған қызмет көрсетудi, ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында олар эмиссиялаған мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алуды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi өзiнiң билiгiндегi активтер есебiнен жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасы жергiлiктi атқарушы органдарының мемлекеттiк борышын өтеудi және оған қызмет көрсетудi, ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында олар эмиссияланған мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алуды олар тиiстi жылға арналған жергiлiктi бюджетте көзделген қаражат есебiнен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң келiсiмi бойынша жергiлiктi атқарушы орган тартқан екiншi деңгейдегi банктер арқылы жүзеге асырады.
Ескерту. 11-бап өзгерді Қазақстан Республикасы 06.11.01 ж. N 252-II
Заңымен.
12-бап. Мемлекеттiк борышты есепке алу
Барлық мемлекеттiк заемдар Қазақстан Республикасының Үкiметi белгілеген тәртіппен Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiнде тiркелiп, есепке алынуға тиiс.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк борышын есепке алу үшiн Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi мен жергiлiктi атқарушы органдар келiсiлген тәртiппен Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiне өз заемдарының талаптары, алынуы, оларға қызмет көрсетiлуi және өтелуi туралы ақпарат тапсырып отырады.
Қазақстан Республикасы 06.11.01 ж. N 252-II Заңымен 13-бап өзгерді
13-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк борышты өтеу және оған қызмет көрсету жөнiндегі мiндеттемелерi
1. Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасы республикалық бюджетiнiң қаражатымен қамтамасыз етiлетiн үкiметтiк борышты өтеу және оған қызмет көрсету жөнiндегi мiндеттемелердi атқарады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi өзiнiң билiгiндегi барлық активтермен қамтамасыз етiлетiн Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнің борышын өтеу және оған қызмет көрсету жөнiндегi мiндеттемелердi атқарады.
3. Жергiлiктi атқарушы органдар жергiлiктi атқарушы органдардың билiгiнде тұрған меншiк құқығындағы мүлiкпен, қаржы ресурстарымен және басқа да активтермен қамтамасыз етiлетiн өз борышын өтеу және оған қызмет көрсету жөнiндегi мiндеттемелердi атқарады.
4. Мемлекеттiк борыш борыштың негiзгi сомасы кредиторларға қайтарылған және борышқа қызмет көрсету жөнiндегi төлемдер толық көлемiнде төленген жағдайда өтелген болып саналады.
Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң және жергiлiктi атқарушы органдардың осындай шарттың (келiсiмнің) талаптарында, осындай қағаздарды шығару талаптарында көзделген жағдайда, заем туралы шарт (келiсiм) бойынша мiндеттемелердi мерзiмiнен бұрын өтеуге, мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарды мерзiмiнен бұрын сатып алуға құқығы бар.
ҚР 06.11.01 ж. N 252-II Заңымен 14-бап өзгертілді
14-бап. Мемлекеттiк борышты басқару
Мемлекеттiк борышты басқару мыналарды қамтиды:
1) мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу мен борыштың жай-күйiн бағалау және алдағы он жылдық кезеңге арналған болжамды жыл сайын дайындап отыру, онда өтеу және қызмет көрсету көлемдерi, үкiметтiк борыштың, жергiлiктi атқарушы органдар борышының мемлекеттiк кепiлдiктер берудiң лимиттерi соларға сәйкес белгiленетiн көрсеткiштердi анықтау.
Бұл құжатты дайындауды Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен және Мемлекеттiк инвестициялар бағдарламасын әзiрлеуге уәкiлеттi органмен бiрлесе отырып, елдi экономикалық дамытудың ұзақ мерзiмдi болжамы, жинақталған мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген борыштың көлемi мен құрылымы, несие капиталы рыногындағы өзгерiстер болжамы негiзiнде жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi жүзеге асыратын, тиiстi жылға арналған республикалық және жергiлiктi бюджеттерде бекiтiлетiн Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қарыз алу көлемiн, нысандары мен талаптарын, үкiметтiк борыштың лимиттерiн және өтеу мен қызмет көрсету көлемiн, жергiлiктi атқарушы органдардың борышы лимиттерiн анықтау. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң заемдары бойынша бұл рәсiмдердi Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi жүзеге асырады;
3) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң, Қазақстан Республикасының Yкiметi мен жергiлiктi атқарушы органдарының заемдарын Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi тiркеуi және үкiметтiк заемдар мен жергiлiктi атқарушы органдар заемдары талаптарының бақылауы мен мониторингi және оларды өзгерту;
4) Қазақстан Республикасының Үкiметi мен жергiлiктi атқарушы органдардың заемдарын алуды, өтеудi және қызмет көрсетудi, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк борышын Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi жүзеге асыратын бақылау мен мониторингi;
5) Борыштың құрылымын оңтайландыру жөнiндегi, оның iшiнде мемлекеттiк бағалы қағаздар жөнiндегi, ұйымдастырылған бағалы қағаздар рыногында эмитенттің мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздарды сатып алу және сату жөнiндегi мемлекеттiк борыштың құрылымын өзгерту, мемлекеттiк қарыз алу тәуекелдерiн басқару жөнiндегi iс-шараларды дайындау мен iске асыру.
3-тарау. Мемлекет кепілдік берген қарыз
алу және борыш
15-бап. Мемлекеттiк емес қарыз алу
1. Мемлекеттiк емес қарыз алуды Қазақстан Республикасының резиденттерi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген шектеулердi ескере отырып, кез келген мөлшерде, кез келген валютамен және кез келген нысанда дербес жүзеге асырады.
Мемлекеттiк мекемелердің және қазыналық кәсiпорындардың мемлекеттiк емес қарыз алуды жүзеге асыруға құқығы жоқ.
2. Мемлекеттiк емес заемдарды Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiктерiмен заңды тұлғалар тартуы мүмкiн. Мемлекеттiк кепiлдiктермен тартылатын мемлекеттiк емес заемдар заем туралы шарттың (келiсiмнiң) нысанында болуға тиiс.
Ескерту. 15-бап өзгерді Қазақстан Республикасы 06.11.01 ж. N 252-II
Заңымен.
16-бап. Мемлекеттiк кепiлдiктер беру
Мемлекеттiк кепiлдiктер кредит берушiлерге Қазақстан Республикасы резиденттерiнiң өздерi алған мемлекеттiк емес заемдар бойынша мiндеттемелерiн орындауын қамтамасыз ету ретiнде берiледi.
3аемдар бойынша Қазақстан Республикасының атынан кепiлдiктер беруге Қазақстан Республикасы Үкiметiнің айрықша құқығы бар.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң, жергiлiктi атқарушы органдардың заемдар бойынша Қазақстан Республикасының атынан кепiлдiктер беруге құқығы жоқ.
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң тапсыруымен мемлекеттiк кепiлдiктер берудi Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi жүзеге асырады.
Мемлекеттiк кепiлдiктердi беру осы Заңда белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.
17-бап. Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң мемлекеттiк
кепiлдiктердi орындау жөнiндегi мiндеттемелерi
Қазақстан Республикасының Yкiметi заем алушы заем туралы шартқа (келiсiмге) сәйкес өзiнен алынатын төлемдердi төлемеген жағдайда мемлекеттiк кепiлдiктердi орындау жөнiнде мiндеттемелер алады.
Заем алушы заем туралы шартқа (келiсiмге) сәйкес өзiнен алынатын соманы төлеген жағдайда немесе заем алушыдан алынатын соманы қолданылып жүрген заемның мемлекеттiк кепiлдiгiне сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi төлеген жағдайда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында және халықаралық шарттарында көзделген басқа да жағдайларда Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мемлекеттiк кепiлдiктердi орындау жөнiндегi мiндеттемелерi тоқтатылады.
18-бап. Мемлекеттiк кепiлдiктер берудi шектеу
Мемлекеттiк кепiлдiктер тиiстi жылға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген лимит шегiнде берiледi.
Мемлекеттiк кепiлдiктердi жергілiктi атқарушы органдардың заемдарын қамтамасыз ету ретiнде беруге болмайды.
19-бап. Мемлекеттiк кепiлдiктердi беру талаптары
Мемлекеттiк кепiлдiктер әрбiр инвестициялық жоба бойынша Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулылары негізiнде берiледi.
Мемлекеттiк кепiлдiктердi беру кепiлшiнiң мiндеттемелерiн және осы Заңның 20-бабына сәйкес талаптарды орындау кезiнде Қазақстан Республикасының Үкiметi жұмсаған бюджеттiк қаражатты заем алушының қайтаратын талаптары негiзiнде жүзеге асырылады.
Мемлекеттiк емес заемдар бойынша мемлекеттiк кепiлдiк берiлгенi үшiн түпкi заем алушыдан мемлекеттiң жүз проценттiк қатысуымен құрылған заңды тұлғалар үшiн мемлекеттiк кепiлдiк сомасының 0,2 процентi мөлшерiнде және өзге заңды тұлғалар үшiн мемлекеттiк кепiлдiк сомасының 2 процентi мөлшерiнде алдын ала бiржолғы ақы (алым) алынады.
ҚР 06.11.01 ж. N 252-II Заңымен 20-бап өзгертілді
20-бап. Мемлекеттiк кепiлдiктi алуға үмiткер тұлғаларға
қойылатын талаптар
1. Заемдар бойынша мемлекеттiк кепiлдiк алуға үмiткер заңды тұлғалар заем алушы ретiнде әрекет ететiн болса, бұл заңды тұлғаларға мынадай талаптар қойылады:
1) Қазақстан Республикасының кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын резидентi болуы;
2) Қазақстан Республикасының тиiстi кезеңге арналған Мемлекеттiк инвестициялар бағдарламасына енгiзiлген жобалардың орындалуын жүзеге асыруы;
3) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiмен келiсе отырып, Қазақстан Республикасының Yкiметi белгілейтiн заемдардың қайтарылуын қамтамасыз ету талаптарын қанағаттандыратын Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банкiнiң қарсы кепiлдiгiнің болуы, немесе егер заем алушы жарғылық капиталға мемлекет жүз процент қатысатын заңды тұлға немесе акцияларының бақылау пакетi мемлекетке тиесілi акционерлiк қоғам болған жағдайда, заем алушының тартылған мемлекеттiк емес заем жөнiндегi мiндеттемелердi орындауды қамтамасыз етуге қабiлеттiлiгi туралы Қазақстан Республикасының Yкiметi мен Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi белгiлейтiн салалық министрлiктiң, уәкiлеттi мемлекеттiк органның қорытындысы болуы;
4) бұрын мемлекеттiк кепiлдiкпен алынған, төлеу мерзiмi басталған мемлекеттiк емес заемдарды өтеу және оларға қызмет көрсету жөнiнде берешегiнiң, сондай-ақ кредит берушiлер алдында мерзiмi өткен өзге де берешегiнiң болмауы;
5) жобаның жалпы құнын жаппайтын заем тартылған жағдайда, ұсынылып отырған инвестициялық жобаны қосымша қаржыландыру жөнiндегi мiндеттеменi қамтамасыз етуi тиiс.
2. Қазақстан Республикасының Үкiметi мемлекеттiк емес заем шарттарына және инвестициялық жобаның тәуекелiне байланысты мемлекеттiк кепілдiк алуға үмiткер тұлғаларға қойылатын қосымша талаптар белгiлеуi мүмкiн.
21-бап. Мемлекеттiк кепiлдiктердi беру үшiн
инвестициялық жобаларды iрiктеу
Мемлекеттiк кепiлдiктер беру үшiн жобаларды iрiктеудi Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк инвестициялар бағдарламасын жыл сайын қалыптастыру арқылы Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлеген тәртiппен Қазақстан Республикасының Үкiметi уәкiлдiк берген мемлекеттiк орган жүзеге асырады.
Мемлекеттiк инвестициялар бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен бекiтiледi.
22-бап. Мемлекеттiк кепiлдiк нысаны
1. Мемлекеттiк кепiлдiк:
1) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi кредит берушiмен жасасқан мемлекеттiк кепiлдiк беру туралы жазбаша ресiмделген шарт (кепiлдiк шартты), не
2) мемлекеттiк емес заемдар бойынша кепiлшiнiң мiндеттемелерiн (кепiлдiк мiндеттемелерiн) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң қабылдағандығы туралы кредит берушiнiң жазбаша хабарламасы нысанында болуға тиiс.
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк емес сыртқы заемдар бойынша мемлекеттiк кепiлдiгiн беру туралы шарт болған жағдайда Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi заң актiлерiнде белгіленген тәртiппен заем алушының мiндеттемелерiн авальдауға құқылы. Аваль авальшының борышкер векселiне немесе оған қосымша бетке қойған қолы түрiнде не оның берiлген орны көрсетiлген жеке актiмен ресiмделедi.
Осы баптың және осы Заңның 23-бабының талаптарына сәйкес келетiн құжаттар ғана мемлекеттік кепілдiк деп танылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының және олардың лауазымды адамдарының ешқандай актiлерiнiң немесе өзге де құжаттарының мемлекеттiк кепiлдiк ретiндегi заң күшi болмайды.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, кепiлдiк шарты оған тараптар қол қойған күнiнен бастап күшiне енедi.
Кепiлдiк мiндеттеме немесе аваль олар берiлген күннен бастап күшiне енедi.
3. Кепілдiк шартына, әрбiр инвестициялық жоба бойынша кепiлдiк мiндеттемеге, заем алушының әрбiр мiндеттемесi бойынша авалiне Қазақстан Республикасының Қаржы министрi қол қояды.
23-бап. Қазақстан Республикасы мемлекеттiк кепiлдігiнiң мазмұны
1. Кепiлдiк шартында немесе кепiлдiк мiндеттемеде:
1) мемлекеттiк кепілдiк беруге негiз болатын Қазақстан Республикасы Yкiметi қаулысының реквизиттерi;
2) заем алушының атауы және орналасқан жерi;
3) заем туралы шарттың (келiсiмнiң) тараптары және заем алушының негiзгi мiндеттемелерiнiң мазмұны;
4) заемның кепiлдiк берiлетiн сомасы, берiлетiн мемлекеттiк кепiлдiктiң күшi қолданылатын, заем бойынша өзге де кепiлдiк берiлетiн мiндеттемелер;
5) мемлекеттiк кепiлдiктiң қолданылу мерзiмi;
6) кепiлдiк шартына (кепiлдiк мiндеттемеге) қол қойған лауазымды адам көрсетiледi.
2. Борышкердiң векселiне соғылған белгi нысанындағы аваль үшiн лауазымды адам-авальшы көрсетiледi.
3. Кепiлдiк шартында (кепiлдiк мiндеттемеде) осы баптың 1-тармағының 4), 5) тармақшаларында көзделген ережелер болмаған жағдайда:
1) мемлекеттiк кепiлдiк борышкердiң заемдар бойынша барлық мiндеттемелерiн орындауды қамтамасыз етедi деп;
2) мемлекеттiк кепілдiк заем қолданылатын мерзiмге берiлген деп саналады.
Кепiлдiк шарты мен кепiлдiк мiндеттемеде осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көзделген талап болмаған не оларға қол қойылған, сондай-ақ осы Заңның 22-бабының 3-тармағын бұза отырып, заем алушының мiндеттемелерiн уәкiлдiк берiлмеген тұлға авальдандырған жағдайда мемлекеттiк кепілдiк жарамсыз деп саналады.
24-бап. Мемлекеттiк кепiлдiктер берудiң және олар кепiлдiк
берген заемдардың есебi
Берiлетiн мемлекеттiк кепiлдiктер мен олар кепiлдiк беретiн заемдар Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгiнде ол белгілеген тәртiппен тiркелуге және есепке алынуға тиiс.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi мемлекет кепiлдiк берген борыштың мониторингiн және оны басқаруды жүзеге асырады.
25-бап. Мемлекеттiк кепiлдiктiң орындалуы
Егер заем туралы шарттың (келiсiмнiң) талаптарында өзгеше көзделмесе, кепiлдiкпен қамтамасыз етiлген заемды төлем мерзiмi басталған күнi заем алушы толық немесе iшiнара және тиiстi жылға арналған республикалық бюджетте көзделген қаражаттар шегiнде өтемеген жағдайда, кепiлдiк кредит берушiнiң талап етуi бойынша, төлем күнi басталғаннан кейiн орындалуға тиiс.
ҚР 06.11.01 ж. N 252-II Заңымен 25-1-баппен толықтырылды
25-1-бап. Мемлекет кепілдiк берген заемдар құрылымын өзгерту
Мемлекет кепілдiк берген заем құрылымын өзгерту кредиторлардың және заемшының келiсiмi бойынша Қазақстан Республикасының Yкiметi шешiм қабылдаған жағдайда жүзеге асырылады.
Мемлекет кепiлдiк берген заем құрылымын өзгерту кезiнде кредиторлардың талап етуi бойынша бұрын берiлген мемлекеттiк кепілдiктi Қазақстан Республикасының Үкiметi растауы немесе ауыстыруы мүмкiн.
Бұл ретте кепiлдiк берiлетiн заем сомасы бұрын берiлген мемлекеттiк кепiлдiк бойынша заемның сомасынан аспауға тиiс. Жаңадан берiлген мемлекеттiк кепiлдiкке осы Заңның 18-бабының бiрiншi бөлiгiнде белгiленген шектеулер қолданылмайды.
ҚР 06.11.01 ж. N 252-II Заңымен 26-бап өзгертілді
26-бап. Мемлекеттiк кепiлдiктердiң қолданылуын
тоқтатудың негiздерi
Мемлекеттiк кепiлдiк, егер:
1) Қазақстан Республикасының Үкiметi кепiлдiк берген заем бойынша мiндеттемелердi заем алушы немесе кепiлшi толық орындаса;
2) егер онда өзгеше айтылмаса, кепiлдiк шартында (кепiлдiк мiндеттемеде) көрсетiлген кепiлдiк мерзiмi бiтсе;
3) заем туралы шартта (келiсiмде) және /немесе/ кепiлдiк шартында (кепiлдiк мiндеттемеде) арнайы айтылған жағдайларда;
4) ол мемлекет кепiлдiк берген заем құрылымын өзгерту кезiнде жаңасымен ауыстырылса, қолданылуын тоқтатады.
27-бап. Мемлекеттiк кепiлдiкпен алынған қаражатты
пайдалануды шектеу
Мемлекеттiк кепiлдiкпен алынған қаражатты заем туралы шартта (келiсiмде) көзделмеген мақсатта, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарына кредит беруге пайдалануға тыйым салынады.
28-бап. Мемлекеттiк кепiлдiгi бар, заем шарты (келiсiмi)
бойынша алынған қаражаттың пайдаланылуына бақылау
жасау және жауапкершiлiк
Мемлекеттiк кепiлдiгi бар заем шарты (келiсiмi) бойынша алынған қаражаттың пайдаланылуын бақылау Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.
Мемлекеттiк кепiлдiгi бар заем бойынша заем алушы және қарсы кепiлдiк берген екiншi деңгейдегi банк Қазақстан Республикасының Үкiметi кепiлдiк берген заем бойынша алынған қаражаттың мақсатсыз пайдаланылғаны үшiн және заем алушы заем бойынша борыш мiндеттемелерiн орындамаған жағдайда мемлекеттiк кепілдiк жөнiндегi мiндеттемелердi Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi орындауы үшiн пайдаланған қаражаттың қайтарылуы үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында көзделгендей жауапкершiлiкте болады.
4-тарау. Кредит берушілердің мүдделерін қорғау
29-бап. Кредит берушi алдындағы мiндеттемелердiң күшi
жойылуына немесе мерзiмiн ұзартуға жол берiлмеуi
Кредит берушiлердің алдындағы мiндеттемелердiң, оның iшiнде Қазақстан Республикасының мемлекеттiк кепiлдiктерiнен туындайтын мiндеттемелердің, бiр жақты тәртiппен күшiн жоюға немесе мерзiмiн ұзартуға болмайды.
30-бап. Мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдардың
заңсыз әрекеттерiнен қорғау
Мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдарының Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып қабылдаған, мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген заемдарды тарту, пайдалану немесе өтеу жағдайларын нашарлататын актiлерiнiң заң күшi болмайды.
31-бап. Шетелдiк кредит берушiлердiң залалдарын өтеу
және олардың орнын толтыру
Соғыс немесе басқа қарулы жанжал, революция, төтенше жағдай, азаматтардың қақтығыстары немесе сол сияқты мән-жайлар нәтижесiнде, сондай-ақ заңсыз нормативтiк құқықтық актiлер мен сот шешiмдерiнiң қабылдануына немесе мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының заңсыз әрекеттердi жүзеге асыруына байланысты Қазақстан Республикасында мүдделерiне зиян келтiрiлген шетелдiк кредит берушiлерге жоғарыда аталған мән-жайлар нәтижесiнде келтiрiлген залалдың орнын толтыру және (немесе) өтемақы төлеу кезiнде Қазақстан Республикасының заңды және жеке тұлғалары жөнiнде қолданылатынынан кем емес қолайлы режим жасалады.
5-тарау. Қорытынды ережелер
32-бап. Дауларды шешу
1. Заем туралы шарттарға (келiсiмдерге), мемлекеттiк бағалы қағаздар эмиссиясына, үкiметтiк кепiлдiктерге немесе мемлекеттiк, үкiметтiк борышты, жергiлiктi атқарушы органдардың борышын немесе соларға байланысты қызметке, оның iшiнде мемлекет кепiлдiк берген борышты басқаруға байланысты туындайтын даулар мен келiспеушiлiктер мүмкiндiгiнше келiссөздер жолымен не заем туралы шарттарда (келiсiмдерде), мемлекеттiк бағалы қағаздарды шығару ережелерiнде белгiленген, дауларды шешудiң бұрын келiсiлген рәсiмдерiне сәйкес шешiледi.
2. Егер осы баптың 1-тармағында аталған дауларды бiр тарап екiншi тарапқа алғаш рет айтқан күннен бастап үш ай iшiнде шешу мүмкiн болмаса даудағы кез келген тарап екiншi тараптың жазбаша келiсiмi болған жағдайда дауды шешу үшiн:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес осындай дауларды қарауға уәкiлдiк берiлген Қазақстан Республикасының сот органдарына немесе
2) егер қатысушы резидент емес болса - мынадай төрелiк органдардың бiрiне:
- егер инвестордың мемлекетi осы Конвенцияның қатысушысы болса, 1965 жылғы 18 наурызда Вашингтонда қол қойылу үшiн ашылған мемлекеттер мен басқа мемлекеттердiң азаматтары арасындағы халықаралық дауларды реттеу жөнiндегi Конвенцияға (ИКСИД Конвенциясы) сәйкес құрылған Инвестициялық дауларды реттеу жөнiндегi халықаралық орталыққа (бұдан әрi - Орталық);
- егер инвестордың мемлекетi ИКСИД Конвенциясына қатысушы болмаса, Орталықтың (қосымша органның тәртiптерi бойынша жұмыс iстейтiн) қосымша мекемесiне;
- Бiрiккен Ұлттар Ұйымының халықаралық сауда құқығы жөнiндегi комиссиясының (ЮНСИТРАЛ) Төрелiк регламентiне сәйкес құрылатын төрелiк органдарына;
- Стокгольмдегi Халықаралық сауда палатасының төрелiк институты жанындағы төрелiк органдарына жүгiнуге құқылы.
3. Дауды шешудiң бастамашысы уәкiлеттi мемлекеттiк орган болып, ал шетелдiк кредит берушi дауларды қараудың белгiлi бiр рәсiмiн таңдаудан жалтарған жағдайда, уәкiлеттi орган дауды бейбiт жолмен реттеу мақсатымен шетелдiк кредит берушiге уәкілеттi мемлекеттiк органның бiрiншi жазбаша хабар берген күнiнен бастап үш ай өткен соң Қазақстан Республикасы сот органдарының қарауына беруге құқылы.
Шетелдiк кредит берушi осы баптың 2-тармағында көзделген дауларды шешудiң өзге рәсiмiн таңдағаны туралы жазбаша өтiнiш берген жағдайда, iстi қараушы сот оны жүргiзудi қысқартады.
4. Шетелдiк кредит берушiнiң Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларымен және азаматтарымен дауларын қоса алғанда, осы баптың 1-тармағы шеңберiнде қамтылмаған барлық өзге дауларды, егер тараптардың келiсiмдерiнде өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының соттары шешедi.
33-бап. Мемлекеттiк және мемлекет кепiлдiк берген қарыз алу және
борыш бойынша заңдардың бұзылғаны үшiн жауапкершiлiк
Осы Заңның бұзылуы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен жауап беруге әкеп соғады.
34-бап. Осы Заңның нормаларын ол күшіне енгізілгенге дейін пайда
болған құқықтық қатынастарға қолдану тәртібі
Осы Заң күшіне енгізілгенге дейін пайда болған және ол күшіне енгізілгеннен кейін жалғасатын құқықтық қатынастар бойынша осы Заңның нормалары заңда белгіленген тәртіппен бұрын қол қойылып, күшіне енген заемдар туралы шарттардың (келісімдердің) талаптарына қайшы келмейтін бөлігінде қолданылады.
Қазақстан Республикасының Президенті