310-бап. Арыз беру мерзімі
1. Азаматты ауруханаға мәжбүрлеп жатқызу туралы арыз психиатр-дәрігерлер комиссиясы азаматты психиатриялық стационарға жатқызу қажеттігі туралы қорытынды шығарған кезден бастап 72 сағат ішінде беріледі.
2. Істі қозғай отырып, судья сонымен қатар азаматтың психиатриялық стационарда болу уақытын арызды сотта қарауға қажетті мерзімге ұзартады.
311-бап. Арызды қарау
1. Азаматты мәжбүрлеу тәртібімен психиатриялық стационарға жатқызу туралы арызды судья іс қозғалған кезден бастап бес күн ішінде қарайды. Егер психиатриялық мекеме өкілінен алынған мәліметтер бойынша ол адамның психикалық хал-жайы оған психиатриялық мекеме үйінде жүргізілген сот отырысына жеке қатысуға мүмкіндік беретін болса, азаматтың өзін ауруханаға мәжбүрлеп жатқызу туралы іс бойынша сот отырысына жеке қатысуға құқығы бар.
2. Істің қозғалуына бастамашы болған психиатриялық мекеме өкілінің және ауруханаға жатқызу туралы мәселесі шешіліп жатқан адамның өкілінің арызды қарауға қатысуы міндетті.
312-бап. Арыз бойынша сот шешімі
1. Судья арызды мәні бойынша қарай келіп, шешім шығарады, онда арыз қабылдамай тасталады не қанағаттандырылады.
2. Арызды қанағаттандыру туралы шешім азаматты ауруханаға мәжбүрлеп жатқызуға және заңда белгіленген мерзімде оны психиатриялық стационарда одан әрі ұстауға негіз болып табылады.
35-тарау. Заңды тұлғалардың және жеке кәсіпкерлердің
банкроттығы туралы істерді қарау
313-бап. Заңды тұлғалардың және жеке кәсіпкерлердің банкроттығы туралы істерді қарау
Заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің банкроттығы туралы істерді сот банкроттық туралы заңдарда белгіленген ерекшеліктермен қоса, осы Кодексте көзделген жалпы ережелер бойынша қарайды.
36-тарау. Жылжымалы мүлікті иесіз деп тану және жылжымайтын
мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану
314-бап. Арыз беру
1. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген жағдайларда жылжымалы мүлікті иесіз деп тану туралы арыз осы мүлікті иеленуге кіріскен жеке тұлға тұратын жердегі немесе ұйым орналасқан жердегі сотқа беріледі.
2. Жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы арызды коммуналдық мүлікті басқаруға уәкілетті орган сол мүлік орналасқан жердегі сотқа береді.
3. Егер коммуналдық мүлікті басқаруға құқық уәкілеттігі берілген орган жылжымайтын мүлікке құқықты мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын органның осы мүлікті есепке алған күнінен бастап бір жыл өткенге дейін сотқа арызбен жүгінсе, сот жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы арызды кері қайтарады.
315-бап. Арыздың мазмұны
1. Жылжымалы мүлікті иесіз деп тану туралы арызда қандай мүліктің иесіз деп тануға жататындығы көрсетілуге, оның негізгі ерекше белгілері сипатталуға, сондай-ақ мүлікке меншік құқығын сақтау ниетін көздемей, сол мүлікті меншік иесінің тастап кетуін куәландыратын дәлелдер және арыз иесінің мүлікті иеленуге кіріскенін куәландыратын дәлелдер келтірілуге тиіс.
2. Коммуналдық мүлікті басқаруға құқық уәкілеттігі берілген органның жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы арызында қандай мүліктің иесіз деп танылатыны, оның иесіз мүлік ретінде қай уақытта есепке қойылғаны көрсетілуге, сондай-ақ осы мүлікке меншік құқығын сақтау ниетін көздемей, меншік иесінің осы мүлікті тастап кеткенін куәландыратын дәлелдемелер келтірілуге тиіс.
316-бап. Арызды қарау
Жылжымалы мүлікті иесіз деп тану туралы немесе жылжымайтын мүлікке коммуналдық меншік құқығын тану туралы арызды сот арыз берушінің және іс бойынша барлық мүдделі адамдардың қатысуымен қарайды.
317-бап. Арыз бойынша сот шешімі
1. Жылжымалы мүлік иесінің болмауын не иесінің оған меншік құқығын сақтау ниетін көздемей тастап кеткенін тани отырып, сот жылжымалы мүлікті иесіз деп тану туралы және оны иеленуге кіріскен адамның меншігіне беру туралы шешім шығарады.
2. Жылжымайтын мүлік иесінің болмауын не оның меншік құқығын сақтау ниетін көздемей тастап кеткенін және белгіленген тәртіппен есепке алынғандығын таныған соң сот жылжымайтын мүлікті иесіз деп тану және коммуналдық меншік құқығын тану туралы шешім шығарады.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 36-1-тараумен толықтырылды
36-1 тарау. Ұл (қыз) асырап алу туралы
өтініштер бойынша іс жүргізу
317-1-бап. Өтiнiш беру
Жасы кәмелетке толмаған ұл немесе қыз асырап алу (бұдан әрi - бала асырап алу) туралы өтінішті бала асырап алғысы келетін азаматтар баланың тұрғылықты (жүрген) жерiндегi аудандық және оған теңестiрiлген сотқа бередi.
317-2-бап. Өтініштің мазмұны
1. Баланы асырап алу туралы өтініште:
1) бала асырап алушылардың (бала асырап алушының) фамилиясы, аты, әкесінің аты, олардың тұрғылықты жері;
2) асырап алынатын баланың фамилиясы, аты, әкесінің аты, туған күні, айы, жылы, оның тұрғылықты (жүрген) жері, асырап алынатын баланың ата-аналары, аға-інілері мен апа-қарындастарының бар-жоғы туралы мәліметтер;
3) бала асырап алушылардың (бала асырап алушының) баланы асырап алу жөніндегі негіздейтін мән-жайлар және осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелер;
4) баланы асырап алушылар (бала асырап алушы) баланың тууы туралы акт жазбасына тиісті өзгерістер енгізгісі келген жағдайда, асырап алынатын баланың фамилиясын, атын, әкесінің атын, туған күнін (баланы бір жасқа дейін асырап алған жағдайда), асырап алынатын баланың туған жерін өзгерту туралы, баланың тууы туралы акт жазбасына бала асырап алушыларды (бала асырап алушыны) ата-аналар (ата-ана) ретінде жазу туралы өтініш көрсетілуге тиіс.
317-3-бап. Судьяның өтінішті қабылдап алғаннан кейінгі іс-әрекеті
Судья істі сотта қарауға әзірлеу кезінде асырап алынатын баланың тұрғылықты (жүрген) жеріндегі қамқоршылық және қорғаншылық органдарын асырап алудың негізділігі туралы және асырап алудың баланың мүддесіне сәйкестігі туралы сотқа қорытынды беруге міндеттейді.
317-4-бап. Өтініштерді қарау
Баланы асырап алу туралы істерді сот баланы асырап алушылардың (баланы асырап алушының) өздерінің, қамқоршы және қорғаншы органдар өкілдерінің, сондай-ақ прокурордың міндетті түрде қатысуымен қарайды.
Сот қажет болған жағдайларда, іске қатысуға асырап алынатын баланың ата-аналарын (ата-анасын) немесе өзге заңды өкілдерін, оның туысқандарын және басқа мүдделі адамдарды, сондай-ақ он жасқа толған баланың өзін тарта алады.
Сот баланы асырап алу туралы істерді соттың жабық отырысында қарайды.
317-5-бап. Соттың өтініш бойынша шешімі
Баланы асырап алу туралы өтінішті қарап, сот өтінішті қанағаттандыру не оны қанағаттандырудан толық бас тарту немесе бала асырап алушылардың (бала асырап алушының) өздерін баланың ата-аналары (ата-анасы) ретінде оның тууы туралы акт жазбасына жазу туралы, сондай-ақ баланың туған күні мен жерін өзгерту туралы өтінішін қанағаттандыру бөлігінде бас тарту туралы шешім шығарады.
Баланы асырап алу туралы өтiнiш қанағаттандырылған жағдайда, бала асырап алушылардың (бала асырап алушының) және асырап алынған баланың өзара құқықтары мен мiндеттерi сот шешiмi заңды күшiне енген күннен бастап пайда болады.
Соттың заңды күшiне енген шешiмi баланы асырап алуды мемлекеттiк тiркеу үшiн сот орналасқан жердегi азаматтық хал актiлерiн жазу органына, сондай-ақ қорғаншы және қамқоршы органға жiберiледi.
37-тарау. Азаматтық хал актілері жазбаларының
жаңсақтықтарын анықтау
318-бап. Арыз беру
Егер құқық туралы дау болмаған кезде азаматтық хал актілерін жазу органдары жасалған жазбаға түзетулер енгізуден бас тартса, сот азаматтық хал актілерін жазу кітаптарындағы жазулардың жаңсақтықтарын анықтау туралы істі қарайды. Азаматтық хал актілерін жазу кітаптарындағы жазбаның жаңсақтығын анықтау туралы арыз оны берушінің тұратын жеріндегі не азаматтық хал актілерін жазу органы орналасқан жердегі сотқа беріледі.
319-бап. Арыздың мазмұны
Арызда азаматтық хал актілерін жазу кітабындағы жазудың жаңсақтығы неде екендігі, қашан болғаны және азаматтық хал актілерін жазудың қандай органы жасалған жазбаны түзетуден немесе өзгертуден бас тартқандығы көрсетілуге тиіс.
320-бап. Арыз бойынша сот шешімі
Азаматтық хал актілерін жазу кітабындағы жазбаның жаңсақтығын анықтаған сот шешімі азаматтық хал актілерін жазу органдарының мұндай жазбаны түзетуіне немесе өзгертуіне негіз болып табылады.
38-тарау. Нотариаттық іс-әрекеттерге немесе оларды
жасаудан бас тартуға жасалатын шағымдар
321-бап. Шағым беру
1. Жасалған нотариаттық іс-әрекетті немесе нотариаттық іс-әрекет жасаудан бас тартуды дұрыс емес деп есептейтін мүдделі адам бұл жөнінде нотариус немесе нотариаттық іс-әрекет жасайтын орган орналасқан жердегі аудандық сотқа шағым беруге құқылы.
2. Заңдарда аталған лауазымды адамдардың өсиеттер мен сенімхаттарды дұрыс куәландырмауына немесе оларды куәландырудан бас тартуына шағымдар тиісті аурухана, басқа да стационарлық емдеу-профилактикалық мекеме, халықты әлеуметті қорғау мекемесі, тиісті халықты әлеуметтік қорғау органы, экспедиция, госпиталь, әскери-оқу мекемесі, әскери бөлім, құрама, мекеме, ұйым, бас бостандығынан айыру орны орналасқан жердегі сотқа беріледі.
3. Қазақстан Республикасының жалауымен жүзіп жүрген теңіз кемесі немесе ішкі сулардағы жүзу кемесі капитанының өсиетті дұрыс куәландырмауына немесе оны куәландырудан бас тартуына шағымдар кеме тоқтайтын порт жеріндегі сотқа беріледі.
4. Шағым сотқа арыз жасалған нотариаттық іс-әрекет туралы немесе нотариаттық іс-әрекет жасаудан бас тарту туралы арыз берушіге белгілі болған күннен бастап есептелетін он күн мерзімде беріледі.
322-бап. Шағымды қарау
Шағымды сот арыз берушінің, нотариустың немесе шағым беріліп отырған нотариаттық іс-әрекетті жасаған немесе нотариаттық іс-әрекет жасаудан бас тартқан басқа бір лауазымды адамның қатысуымен қарайды, алайда олардың келмеуі істі шешуге кедергі болмайды.
323-бап. Шағым бойынша сот шешімі
Арыз берушінің шағымын қанағаттандырған сот шешімі жасалған нотариаттық іс-әрекеттің күшін жояды немесе мұндай іс-әрекетті жасауға міндеттейді.
39-тарау. Көрсетушіге берілетін жоғалған бағалы
қағаздар және ордерлік бағалы қағаздар бойынша құқықтарды
қалпына келтіру (шақыртылып іс жүргізу)
324-бап. Арыз беру
1. Бағалы қағаздарды көрсетушіге берілетін бағалы қағазды немесе ордерлік бағалы қағазды (бұдан әрі - құжат) жоғалтқан адам заңда көрсетілген жағдайларда соттан жоғалған құжатты жарамсыз деп тану туралы және ол жөніндегі құқықтарды қалпына келтіру туралы өтініш жасай алады. Тиісінше сақтамау салдарынан немесе басқа да себептермен құжаттың төлем төлеу белгілері жоғалтылған жағдайда да құжат жөніндегі құқықтардың қалпына келтірілуі мүмкін.
2. Жоғалған құжатты жарамсыз деп тану туралы арыз құжатты берген мекеме (адам) орналасқан жердегі сотқа беріледі.
325-бап. Арыздың мазмұны
Арызда жоғалған құжаттың ерекше белгілері, оны берген мекеменің (адамның) атауы көрсетілуге, сондай-ақ құжат жоғалған кездегі мән-жайлар жазылуға тиіс.
326-бап. Судьяның арыз қабылданғаннан кейінгі іс-әрекеттері
1. Судья арыз қабылданғаннан кейін құжат берген мекемеге (адамға) ол бойынша төлем жүргізуге немесе ақша беруге тыйым салу туралы ұйғарым шығарады және ұйғарымның көшірмесін құжатты берген мекемеге (адамға), тізілімді ұстаушы мен тіркеушіге жібереді.
2. Судья арыз беруші есебінен жергілікті газетке жарияланым беру туралы да ұйғарым шығарады.
3. Жарияланымда:
1) құжаттың жоғалуы туралы арыз келіп түскен соттың атауы;
2) арыз берген адамды көрсету және оның мекен-жайы;
3) құжаттың атауы мен ерекше белгілері;
4) жоғалғаны туралы мәлімделген құжатты ұстаушыға жарияланым шыққан күннен бастап үш ай мерзімде сотқа осы құжатқа өз құқықтары туралы арыз беруге жасалған ұсыныс болуға тиіс.
4. Ұйғарым шығарудан бас тартуға, сол сияқты ұйғарымның өзіне де жеке шағым, наразылық беруге болады.
327-бап. Құжатты ұстаушының арызы
Жоғалғаны туралы мәлімделген құжатты ұстаушы жарияланым шыққан күннен бастап үш ай мерзім өткенге дейін ұйғарым шығарған сотқа құжатқа деген өз құқықтары туралы арыз беруге және бұл орайда құжаттың түпнұсқасын табыс етуге міндетті.
328-бап. Құжатты ұстаушыдан арыз келіп түскеннен кейінгі судьяның іс-әрекеттері
1. Жарияланым шыққан күннен бастап үш ай мерзім өткенге дейін құжатты ұстаушыдан арыз келіп түскен жағдайда сот құжатты жоғалтқан адамның арызын қарамай қалдырады және құжатты берген мекемеге (адамға) ол бойынша төлем төлеу мен ақша беруге тыйым салынатын мерзім белгілейді. Бұл мерзім екі айдан аспауға тиіс.
2. Сонымен бірге сот арыз берушіге оның сол құжатты талап ету туралы құжатты ұстаушыға жалпы тәртіппен талап қою құқығын, ал құжатты ұстаушыға оның қолданылған тыйым салу шаралары арқылы келтірілген залалдарды арыз берушіден өндіріп алу құқығын түсіндіреді.
3. Соттың ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін.
329-бап. Жоғалған құжатты жарамсыз деп тану туралы арызды қарау
Егер құжатты ұстаушыдан осы Кодекстің 328-бабында көрсетілген арыз келіп түспесе, жоғалған құжатты жарамсыз деп тану туралы істі судья жарияланым шыққан күннен бастап үш ай мерзім өткеннен кейін қарайды.
330-бап. Арыз бойынша сот шешімі
1. Арыз берушінің өтініші қанағаттандырылған жағдайда сот жоғалған құжатты жарамсыз деп танитын шешім шығарады. Бұл шешім арыз берушіге жарамсыз деп танылған құжаттың орнына қосымша немесе жаңа құжат беруге негіз болып табылады.
2. Төлемдік белгілерін жоғалтқан құжаттар жөніндегі құқықты қалпына келтіру туралы арыз қанағаттандырылған жағдайда сот жаңа құжат беру туралы шешім шығарады.
331-бап. Мүліктің негізсіз сатып алынғандығы туралы құжат ұстаушының талап қою құқығы
Әлдебір себептермен осы құжатқа өз құқығы туралы уақытында мәлімдемеген құжат ұстаушы құжатты жарамсыз деп тану туралы соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін жоғалған құжаттың орнына жаңа құжат алу құқығы берілген адамға мүліктің негізсіз сатып алынғандығы немесе сақталғандығы туралы талап қоя алады.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 3-бөлімнің және 40-тараудың тақырыбы өзгертілді
3-бөлім. Сот актілерін қайта қарау бойынша іс жүргізу
40-тарау. Сот актілеріне апелляциялық шағымдану,
наразылық келтіру
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 332-бап өзгертілді
332-бап. Сот шешімдеріне апелляциялық шағым беру мен наразылық келтіру құқығы
1. Осы тарауда көзделген ережелерге сәйкес заңды күшіне енбеген, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының шешiмдерiнен басқа, бiрiншi сатыдағы сот шешімдеріне апелляциялық тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.
2. Сот шешіміне апелляциялық шағым жасау құқығы іске қатысушы тараптар мен басқа да тұлғаларға тиесілі.
3. Наразылық келтіру құқығы істі қарауға қатысушы прокурорға тиесілі. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен оның орынбасарлары, облыс прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар мен олардың орынбасарлары, аудандардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар мен олардың орынбасарлары өздерінің құзыреті шегінде істі қарауға қатысуына қарамастан сот шешіміне наразылық келтіруге құқылы.
4. Іске қатысуға тартылмаған, бірақ сот құқықтары мен міндеттері жөнінде шешім қабылдаған тұлғалар да апелляциялық шағым беруге құқылы.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 333-бап жаңа редакцияда
333-бап. Заңды күшiне енбеген шешiмдерге апелляциялық шағымдарды, наразылықтарды қарайтын соттар
Апелляциялық шағымдар мен наразылықтарды:
1) аудандық және оларға теңестiрiлген соттар шығарған шешiмдерге - облыстық және оған теңестiрiлген соттың азаматтық iстер жөнiндегi алқасы;
2) облыстық және оларға теңестiрiлген бiрiншi сатыдағы соттар шығарған шешiмдерге - Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық iстер жөнiндегi алқасы қарайды.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 334-бап өзгертілді
334-бап. Апелляциялық шағымдар, наразылықтар беру (келтіру) тәртібі мен мерзімдері
1. Шағымдар, наразылықтар шешім, қаулы шығарған сот арқылы беріледі (келтіріледі). Тікелей апелляциялық сатыларға келіп түскен шағымдар, наразылықтар осы Кодекстің осы бабы екінші бөлігінің және 338-бабының талаптарын орындау үшін шешім шығарған сотқа жіберілуге тиіс.
2. Шағымдар, наразылықтар іске қатысушы тұлғалардың санына қарай көшірмелермен қоса сотқа беріледі (келтіріледі). Қажет болған жағдайларда судья апелляциялық шағымды немесе наразылықты берген тұлғаны апелляциялық шағымға немесе наразылыққа қоса тіркелген жазбаша айғақтардың іске қатысушы тұлғалардың санына қарай көшірмелерін беруге міндеттей алады.
3. Шағым, наразылық сот түпкілікті түрде шешім шығарғаннан кейін он бес күн ішінде берілуі (келтірілуі) мүмкін.
4. Істі қайта қарау кезінде шығарылған шешімге жалпы тәртіппен шағым жасалуы, наразылық келтірілуі мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 335-бап өзгертілді
335-бап. Апелляциялық шағымның немесе наразылықтың мазмұны
1. Апелляциялық шағымда немесе наразылықта:
1) шағым немесе наразылық жолданатын соттың атауы;
2) шағым жасайтын немесе наразылық келтіретін тұлғаның атауы;
3) шағым жасалатын немесе наразылық келтірілетін шешім және сол шешімді шығарған соттың атауы;
4) істі қараудың дұрыс еместігі неде екендігін көрсету;
5) заңдарға, өзге де нормативтік құқықтық актілерге және материалдарына сілтеме жасай отырып, шешімнің заңсыздығы немесе негізсіздігі неде екендігінің негіздемесі;
6) шағым жасайтын немесе наразылық келтіретін тұлғаның шағымды немесе наразылықты толық немесе бөлігінде келтіретінін және қандай өзгерістер енгізуді талап ететіндігін көрсету;
7) шағымға немесе наразылыққа қоса тіркелген құжаттардың тізімі;
8) шағымды, наразылықты беру (келтіру) күні және шағым, наразылық беретін (келтіретін) адамның қолы болуы тиіс. Шағымға мемлекеттік баж төленгендігін растайтын құжаттар да қоса тіркеледі. Өкіл берген шағымға сенімхат немесе іске осындай өкілеттік болмаса, өкілдің өкілеттігін растайтын өзге де құжат қоса тіркелуге тиіс.
2. Апелляциялық шағымда немесе наразылықта айғақтарына апелляциялық шағым немесе наразылық бойынша дау айтылатын куәларды шақыру туралы өтінімнің де болуы мүмкін.
3. Апелляциялық шағым, наразылық беретін (келтіретін) тұлғаның бірінші сатыдағы сотқа табыс етілмеген жаңа айғақтарға сілтеме жасауына тек шағымында олардың бірінші сатыдағы сотқа оларды табыс етуге мүмкіндігі болмауы негізделген жағдайда ғана жол беріледі.
4. алынып тасталды
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 336-бап өзгертілді
336-бап. Апелляциялық шағымды немесе наразылықты қозғалыссыз қалдыру
1. Осы Кодекстің 334-бабының екінші бөлігінде және 335-бабында көзделген талаптарға сәйкес келмейтін апелляциялық шағым немесе наразылық берілген (келтірілген) кезде судья қаулы шығарады, сол арқылы шағымды немесе наразылықты қозғалыссыз қалдырады және шағым немесе наразылық берген (келтірген) адамға кемшіліктерді түзетуге мерзім тағайындайды.
2. Егер шағым немесе наразылық берген (келтірген) тұлға белгіленген мерзімде қаулыдағы нұсқауларды орындаса, шағым немесе наразылық сотқа алғашқы табыс етілген күнінде берілген болып есептеледі. Апелляциялық шағымды немесе наразылықты қозғалыссыз қалдыру туралы бірінші сатыдағы соттың қаулысына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 337-бап өзгертілді
337-бап. Апелляциялық шағымды немесе наразылықты қайтару
Апелляциялық шағым немесе наразылық судьяның қаулысымен оларды берген (келтірген) тұлғаға мына жағдайларда:
1) шағымды, наразылықты қозғалыссыз қалдыру туралы судьяның қаулыдағы нұсқаулары белгіленген мерзімде орындалмағанда;
2) шағымды немесе наразылықты берген (келтірген) тұлғаның өтініші бойынша;
3) егер шағымдану немесе наразылық келтіру мерзімі өтіп кетсе және шағымда немесе наразылықта оны қалпына келтіру туралы өтінім болмаса немесе оны қалпына келтіруден бас тартылған жағдайда;
4) егер шағымды немесе наразылықты апелляциялық шағым немесе наразылық беруге (келтіруге) құқығы жоқ тұлға берсе (келтірсе) қайтарылады.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 338-бап өзгертілді
338-бап. Бiрiншi сатыдағы соттың апелляциялық шағымды, наразылықты алғаннан кейiнгi әрекетi
1. Мерзімінде берілген және осы Кодекстің 334-бабының екінші бөлігінің және 335-бабының талаптарына сәйкес келетін апелляциялық шағымды немесе наразылықты алғаннан кейін судья:
1) шағымның, наразылықтың және оған қоса тіркелген жазбаша дәлелдемелердің көшірмелерін келесі күннен кешіктірмей іске қатысушы адамдарға жіберуге;
2) шағымдануға, наразылық келтіруге белгіленген мерзім өткеннен кейін істі апелляциялық сатыға жіберуге;
3) iске қатысушы адамдарды iстi апелляциялық сатыда қараудың орны мен уақыты туралы тиiсiнше хабардар етуге мiндеттi. Iстiң апелляциялық сатыда қаралатын күнi туралы хабар iс апелляциялық сатыдағы сотта зерделенетiндей, ал iске қатысушы адамдар апелляциялық сатыдағы сот отырысына қатысу құқығын пайдаланудың нақты мүмкiндiгiне ие болатындай есеппен берiлуге тиiс.
2. Апелляциялық шағымдануға, наразылық келтіруге белгіленген мерзім өткенге дейін істі соттан ешкім талап ете алмайды. Іске қатысушы тұлғалар сотта іс материалдарымен, сондай-ақ келіп түскен шағымдармен және оларға білдірілген қарсылықтармен танысуға құқылы.