3. Алып берілген ақша сомаларын индекстеу туралы сот ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 235-бап өзгертілді
235-бап. Сот шешімінің заңды күшіне енуі
1. Аудандық, облыстық және оларға теңестiрiлген соттардың бiрiншi сатыда қаралған iстер бойынша шығарған шешiмдерi, егер оларға шағым немесе наразылық келтiрiлмесе, оларға апелляциялық шағымдану, наразылық келтiру мерзiмi өткен соң заңды күшiне енедi.
2. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бiрiншi сатыда қаралған iстер бойынша шығарған шешiмдерi олар жарияланған күннен бастап заңды күшiне енедi.
3. Апелляциялық немесе кассациялық тәртіппен шағым немесе наразылық берілген жағдайда, егер шешімнің күші жойылмаған болса, апелляциялық сатыдағы сот қаулы шығарған күні заңды күшіне енеді.
4. Шешім заңды күшіне енгенде тараптар және іске қатысушы басқа да адамдар, сондай-ақ олардың құқық мирасқорлары сотта бұрынғы негіздер бойынша бұрынғы талап қою талаптарымен қайтадан арыздана алмайды, сондай-ақ сот анықтаған фактілер мен құқықтық қатынастарды басқа процесте даулай алмайды.
5. Егер жауапкерден мезгіл-мезгіл төлем өндіріп алу шешімі заңды күшіне енгеннен кейін төлемдердің мөлшерін айқындауға немесе олардың ұзақтығына әсер ететін мән-жайлар өзгерсе, тараптардың әрқайсысы жаңа талап қою арқылы төлемдердің мөлшері мен мерзімдерін өзгертуді талап етуге құқылы.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 236-бап өзгертілді
236-бап. Шешімді орындау
1. Шешім, дереу орындалатын жағдайлардан басқа, ол заңды күшіне енгеннен кейін, заңмен белгіленген тәртіп бойынша орындалады.
2. Сот шешімі заң күшіне енгеннен кейін атқару парағы жазылады, сот оны аумағы бойынша сот қаулыларын орындауға уәкілетті тиісті органға орындау үшін жіберуге тиіс.
3. Соттың дереу орындалуға тиісті шешімі бойынша атқару парағы жазылып, шешім шығарылғаннан кейін дереу орындауға жіберіледі.
4. Атқару парақтарын (бұдан әрi - атқару құжаттарын) бiрiншi сатыдағы сот шешiм заңды күшiне енген немесе iс жоғары тұрған соттан қайтқан күннен бастап үш тәулiк iшiнде жазады және оларда:
атқару құжатын берген соттың атауы;
істің нөмірі және шешім шығарылған күн;
шешімнің қарар бөлігі (сөзбе-сөз);
шешімнің күшіне енген уақыты;
атқару құжаты берілген күн;
өндіріп алушы мен борышкердің атауы, олардың мекен-жайы мен реквизиттері көрсетілуге тиіс.
5. Соттың әрбір шешімі бойынша бір атқару парағы беріледі. Егер атқару әртүрлі орындарда жүргізілетін болса не егер шешім бірнеше талап қоюшының пайдасына немесе бірнеше жауапкерге қарсы шығарылған болса, сот өндіріп алушылардың өтініші бойынша атқару орнын дәл көрсетіп не осы атқару құжаты бойынша атқарылуға тиіс шешімнің сол бөлігін көрсете отырып, бірнеше атқару құжатын жазады.
237-бап. Дереу орындауға жататын шешімдер
Мынадай:
1) алимент алып беру туралы;
2) қызметкерге жалақы, бірақ үш айдан аспайтын уақытқа алып беру туралы;
3) жұмысқа қайта орналастыру туралы;
4) мертігуден немесе денсаулықты өзгедей зақымдаудан, сондай-ақ асыраушысынан айрылуынан келген зиянды, бірақ үш айдан аспайтын уақытқа өтеу туралы шешімдер дереу орындалуға тиіс.
238-бап. Соттың шешімді дереу орындауға жіберу құқығы
1. Егер айрықша жағдайлардың салдарынан шешімді орындаудағы кідіріс өндіріп алушыны елеулі зиянға әкеп соғуы мүмкін болса немесе шешімді орындау мүмкін болмаса, сот талап қоюшының өтінуі бойынша шешімді дереу орындауға жібере алады.
2. Шешім дереу орындауға жіберілген кезде сот талап қоюшыдан сот шешімінің күші жойылған жағдайда шешімнің кері орындалуын қамтамасыз етуді талап ете алады.
3. Шешімді дереу орындау туралы мәселе, шешімі шығарылған кезде шешілмесе, сот отырысында қаралады. Іске қатысушы адамдарға отырыстың уақыты мен орны хабарланады, алайда олардың келмеуі сот шешімін дереу орындау туралы мәселені шешуге кедергі болмайды.
4. Шешімді дереу орындау туралы мәселе жөніндегі сот ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін. Шешімді дереу орындау туралы ұйғарымға жеке шағым, наразылық беру бұл ұйғарымдардың орындалуын тоқтата тұрады.
239-бап. Шешімнің орындалуын қамтамасыз ету
Сот дереу орындауға жіберілмеген шешімді орындауды осы заңда белгіленген ережелер бойынша қамтамасыз ете алады.
Сот бұл іс-әрекеттерді сот қаулыларын орындауға құқығы бар органға атқару парағын орындау үшін жібергенге дейін жүргізеді.
240-бап. Сот шешімінің орындалуын кейінге қалдыру және мерзімін ұзарту, оны орындау әдісі мен тәртібін өзгерту
1. Шешімге қаулы қабылдаған немесе іс бойынша бұйрық шығарған сот, сондай-ақ сот қаулысын орындау орны бойынша сот сот орындаушысының өтінімі бойынша немесе атқару ісін жүргізудегі тараптардың арызы бойынша орындау іс әрекетін жүргізуді қиындататын немесе мүмкін емес ететін мән-жайлар болған кезде сот қаулысының орындалуын кейінге қалдыруы немесе мерзімін ұзартуы, сондай-ақ оны орындау әдісі мен тәртібін өзгертуі мүмкін.
2. Сот орындаушысының өтінімі немесе атқару ісін жүргізудегі тараптардың арызы сот отырысында қаралады. Іске қатысушы тұлғаларға отырыс өтетін уақыт және орын хабарланады, алайда олардың келмеуі соттың алдына қойған мәселені шешуіне кедергі болмайды.
3. Орындауды кейінге қалдыру немесе мерзімін ұзарту туралы, сондай-ақ оның орындалу әдісі мен тәртібінің өзгеруі туралы мәселе бойынша соттың ұйғарымына жеке шағым жасалуы немесе наразылық келтірілуі мүмкін.
4. Осы баптың ережелері бойынша кейінге қалдыру, мерзімін ұзарту немесе тараптардың сот бекіткен бітімгершілік келісім әдісін өзгерту жүргізілуі мүмкін.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 240-1-баппен толықтырылды
240-1-бап. Сот шешiмiнiң орындалуын қайта бұрып атқару
Заңды күшiне енiп, толық немесе iшiнара орындалған сот шешiмiнiң күшi жойылған және сот талап қоюдан толық немесе бiр бөлiгiнде бас тарту туралы жаңа шешiм шығарған не iс бойынша iс жүргiзудi тоқтату туралы немесе талап қоюды қараусыз қалдыру туралы ұйғарым шығарған жағдайда талапкерден күшi жойылған шешiм бойынша алғанының бәрi өндiрiлiп алынады (шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқару).
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 240-2-баппен толықтырылды
240-2-бап. Сот шешiмiнiң орындалуын қайта бұрып атқару туралы мәселенi қарау
1. Күшi жойылған шешiмдi орындау орын алған iс бойынша жаңа шешiм шығарған сот жауапкердiң жазбаша арызы бойынша орындауды қайта бұрып атқару туралы мәселенi қарайды және бұл мәселенi жаңа шешiммен шешедi.
2. Егер сот iстi жаңадан қараған кезде күшi жойылған шешiм бойынша орындауды қайта бұрып атқару мәселесiн шешпесе, жауапкердiң шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқару туралы арызы iске қатысушы адамдарды, ал қажет болған жағдайда күшi жойылған шешiмдi орындаған органды да хабарландыра отырып, соттың бөлек отырысында қаралады. Аталған адамдар шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқару туралы арызды қараудың орны мен уақыты туралы хабарландырылады, алайда олардың сот отырысына келмей қалуы орындауды қайта бұрып атқару туралы мәселенi шешу үшiн кедергi болмайды.
3. Шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқару туралы мәселе бойынша сот ұйғарымына жеке шағым немесе наразылық келтiрiлуi мүмкiн.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 240-3-баппен толықтырылды
240-3-бап. Апелляциялық немесе қадағалау сатысы сотының шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқару туралы мәселенi шешуi
Апелляциялық немесе қадағалау сатысындағы сот бiрiншi сатыдағы сот шешiмiмен бұрын күшi жойылған шешiмнiң орындалуын қайта бұрып атқару туралы мәселе шешiлмеген iстi қараған кезде, бұл мәселенi iсте бiрiншi сатыдағы соттың күшi жойылған шешiмiнiң орындалғаны туралы анық деректер болғанда ғана шешедi. Басқа жағдайда орындауды қайта бұрып атқару туралы мәселе осы Кодекстiң 240-2-бабының екiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен шешiледi.
241-бап. Іске қатысушы адамдарға сот шешімінің көшірмелерін жіберу және беру
Іске қатысушы, сот отырысына келмеген тараптар мен басқа да адамдарға түпкілікті нысандағы шешім шығарылған күннен бастап бес күннен кешіктірілмей шешімнің көшірмелері жіберіледі немесе беріледі.
19-тарау. Іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 242-бап өзгертілді
242-бап. Соттың іс жүргізуді тоқтата тұру міндеті
Сот:
1) егер даулы құқық қатынасы құқық мирасқорлығына жол беретін болса, істе тарап болып табылатын азамат қайтыс болғанда немесе заңды тұлға қайта құрылған, таратылған;
2) тарап әрекет қабілеттілігінен айырылған;
3) жауапкер Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік іс-қимылдарға қатысушы бөлімдерінде, басқа әскерлері мен әскери құрамаларында болған немесе Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік іс-қимылдарға қатысушы бөлімдерінде, басқа әскерлері және әскери құрамаларында жүрген талап қоюшылардың өтініші болған;
4) азаматтық, қылмыстық немесе әкiмшiлік сот iсiн жүргiзуде қаралып жатқан басқа істің шешілуіне дейін бұл істі қараудың мүмкіндігі болмаған;
5) егер ол осы іс бойынша қолданылуға тиісті заң немесе басқа нормативтік құқықтық акті адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтындығын байқаған және осы актінің конституцияға сай еместігін тану туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне өтініш жасаған, сондай-ақ Конституциялық Кеңес басқа соттың бастамашылығымен осы іс бойынша қолданылуға тиісті нормативтік құқықтық актінің конституциялылығын тексеріп жатқандығы белгілі болған;
6) құқықтық көмек көрсету жөніндегі тапсырмамен шет мемлекеттің сотына өтініш жасаған жағдайда іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұруға міндетті.
243-бап. Соттың іс жүргізуді тоқтата тұру құқығы
Сот:
1) тарап Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа әскерлерінде және әскери құрамаларында шақыру бойынша әскери қызметте болған немесе ол басқа да мемлекеттік міндетті орындауға тартылған;
2) тарап істі қарау мерзімінен асатын мерзімде қызметтік іссапарда болған;
3) тарап емдеу мекемесінде болған немесе оның сотқа келуіне кедергі жасайтын сырқаты болған және ол медициналық мекеменің құжатымен расталған;
4) жауапкер осы Кодекстің 135-бабында көзделген жағдайларда іздеуде болған;
5) сот сараптама тағайындаған;
6) қаралып жатқан іс бойынша құқықтық көмек көрсету жөнінде сотқа тапсырылған өтінішті;
7) қорғаншылық және қамқоршылық орган бала асырап алу ісі жөнінде асырап алушылардың тұрмыс жағдайын зерттеуді белгіленген жағдайларда іске қатысушы адамдардың өтініші бойынша немесе өз бастамашылығымен іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұра алады.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 244-бап өзгертілді
244-бап. Іс жүргізуді тоқтата тұру мерзімдері
Іс бойынша іс жүргізу:
1) Осы Кодекстің 242-бабының 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда - шығып қалған адамның құқықтық мирасқоры анықталғанға дейін немесе әрекетке қабілетсіз адамға өкіл тағайындалғанға дейін;
2) Осы Кодекстің 242-бабының 3) тармақшасында және 243-бабында көзделген жағдайларда - тарап Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамында болуын тоқтатқанға дейін, ол мемлекеттік міндетті орындауды аяқтағанға дейін, қызметтік іссапардан оралғанға дейін, емдеу мекемесінен шыққанға немесе сырқатынан айыққанға дейін, жауапкер іздестіріліп болғанға дейін немесе сарапшының қорытындысы немесе қорғаншылық және қамқоршылық органның қорытындысы сотқа табыс етілгенге дейін;
3) осы Кодекстің 242-бабының 4) тармақшасында көзделген жағдайларда сот шешімі, үкімі, немесе соттың қаулысы шығарылғанға дейін;
4) осы кодекстің 242-бабының 5) тармақшасында көзделген жағдайларда Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің шешімі күшіне енгенге дейін;
5) осы Кодекстің 242-бабының 6) тармақшасында, 243-бабының 6) тармақшасында көзделген жағдайларда - сот құқықтық көмек көрсету туралы тапсырманы орындағанға дейін тоқтатыла тұрады.
245-бап. Соттың іс жүргізуді тоқтата тұру туралы ұйғарымына шағымдану немесе наразылық келтіру
Соттың іс бойынша іс жүргізуді тоқтата тұру туралы ұйғарымына жеке шағым берілуі немесе наразылық келтірілуі мүмкін.
246-бап. Іс жүргізуді қайта бастау
Істі тоқтата тұруды туғызған мән-жайлар жойылғаннан кейін іске қатысушы адамдардың арызы бойынша немесе соттың бастамашылығымен іс жүргізу қайта басталады. Іс жүргізу қайта басталған кезде сот іске қатысушы адамдарға азаматтық сот ісін жүргізудің жалпы ережелері бойынша хабарлайды.
20-тарау. Іс бойынша іс жүргізуді қысқарту
247-бап. Іс бойынша іс жүргізуді қысқартудың негіздемелері
Сот, егер:
1) іс азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса;
2) сол тараптардың арасындағы сол мәселе туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша шығарылған, заңды күшіне енген сот шешімі немесе талап қоюшының өз талабынан бас тартуына немесе тараптардың бітімгершілік келісімін орнықтыруына байланысты іс бойынша іс жүргізуді қысқарту туралы соттың ұйғарымы болса;
3) талап қоюшы өз талабынан бас тартса және бас тартуды сот қабылдаса;
4) тараптар бітімгершілік келісімін жасаса және оны сот бекітсе;
5) іс бойынша тараптардың бірі болып табылатын азамат қайтыс болғаннан кейін даулы құқықтық қатынас құқық мирасқорлығына жол бермесе;
6) іс бойынша тарап ретінде әрекет жасайтын ұйым қызметі тоқтатылуына және құқық мирасқорлары болмауына байланысты таратылса, іс бойынша іс жүргізуді қысқартады.
248-бап. Іс бойынша іс жүргізуді қысқартудың тәртібі мен салдары
1. Іс бойынша іс жүргізу сот ұйғарымымен қысқартылады.
2. Іс бойынша іс жүргізу қысқартылған жағдайда сол тараптар арасындағы, сол мәселе туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша екінші рет сотқа жүгінуге жол берілмейді.
3. Осы Кодекстің 247-бабының 1), 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша іс бойынша іс жүргізуді қысқарта отырып, сот ұйғарымда мемлекеттік баждың қайтарылатыны туралы және талапты қамтамасыз ету жөнінде қолданылған шаралардың күші жойылғаны туралы көрсетеді.
4. Соттың іс жүргізуді қысқарту туралы ұйғарымына жеке шағым, наразылық берілуі мүмкін.
21-тарау. Арызды қараусыз қалдыру
249-бап. Арызды қараусыз қалдырудың негіздемелері
Сот, егер:
1) талап қоюшы осы санаттағы істер үшін заңда белгіленген дауды алдын ала сотқа дейін шешудің міндетті тәртібін сақтамаса және осы тәртіпте қолданудың мүмкіндігі жоғалмаса;
2) арызды әрекетке қабілетсіз адам берсе;
3) арызға қол қойған және оны берген адамның арызға қол қоюға және оны беруге өкілеттігі жоқ болса;
4) осы немесе басқа соттың іс жүргізуінде осы тараптар арасындағы, сол мәселе туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша бұрын қозғалған іс бар болса;
5) тараптар арасында бұл дауды заңға сәйкес аралық соттың шешіміне беру туралы келісім жасалса және жауапкерден істі мәні бойынша қарау басталғанға дейін дауды сотта шешуге қарсылық білдірілсе;
6) өздерінің қатысуынсыз істі қарауды өтінбеген тараптар екінші шақыру бойынша сотқа келмесе;
7) өзінің қатысуынсыз істі қарауды өтінбеген талап қоюшы екінші шақыру бойынша сотқа келмесе, ал жауапкер істі мәні бойынша қарауды талап етпесе;
8) өзінің мүддесіне сай іс қозғалған адам мәлімделген талапты қолдамаса;
9) талап-арызды қайтарып алу туралы өтініш берілсе, ал жауапкер істі мәні бойынша қарауды талап етпесе;
10) көрсетушіге арналған күші жойылған бағалы қағаздар және ордерлі бағалы қағаздар бойынша құқықты қалпына келтіру туралы істер жөніндегі өтініш жарияланымнан бастап үш ай мерзім аяқталғанға дейін берілсе, арызды қараусыз қалдырады.
250-бап. Арызды қараусыз қалдырудың тәртібі мен салдары
1. Іс бойынша іс жүргізу арызды қараусыз қалдырған жағдайда соттың ұйғарымымен аяқталады. Бұл ұйғарымда сот осы Кодекстің 249-бабында аталған істі қарауға кедергі келтіретін мән-жайларды қалай жоюды көрсетуге міндетті. Осы Кодекстің 249-бабының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша арызды қараусыз қалдыра отырып, сот ұйғарымда мемлекеттік бажды қайтаруды және талапты қамтамасыз ету жөнінде қолданылған шаралардың тоқтатылатындығын көрсетеді.
2. Соттың арызды қараусыз қалдыру жөніндегі ұйғарымына жеке шағым берілуі немесе наразылық келтірілуі мүмкін.
3. Арызды қараусыз қалдыруға негіз болған мән-жайлар жойылғаннан кейін мүдделі адам жалпы тәртіп бойынша сотқа тағы да арыз беруге құқылы. 4. Талап қоюшының не жауапкердің өтінімімен осы Кодекстің 249-бабының 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген негіздер бойынша, егер тараптар өздерінің сот отырысында болмауының дәлелді себептерін растайын дәлелдемелер ұсынса, сот арызды қараусыз қалдыру жөніндегі өз ұйғарымының күшін жояды.
5. Соттың осындай өтінімді қанағаттандырудан бас тартқан ұйғарымына жеке шағым берілуі мүмкін.
22-тарау. Сот ұйғарымы
251-бап. Сот ұйғарымы және оны шығарудың тәртібі
1. Іс мәні бойынша шешілмейтін бірінші сатыдағы сот актісі ұйғарым түрінде шығарылады.
2. Ұйғарымды осы Кодекстің 217-бабында көзделген тәртіппен дербес іс жүргізу құжаты түрінде сот шығарады.
3. Күрделі емес мәселелерді шешкен кезде сот отырыс залынан шықпай-ақ ұйғарым шығара алады. Мұндай ұйғарым сот отырысының хаттамасына енгізіледі.
4. Ұйғарым шығарылғаннан кейін дереу жарияланады.
252-бап. Ұйғарымның мазмұны
1. Ұйғарымда:
1) ұйғарымның шығарылу уақыты мен орны;
2) ұйғарым шығарған соттың атауы, сот отырысындағы судьяның және хатшының тегі, аты-жөні;
3) іске қатысушы адамдар, даудың нысанасы немесе мәлімделген талап;
4) ұйғарым шығарылған мәселе;
5) соттың өз қорытындыларын шығару себептері және сот басшылыққа алып сілтеме жасаған заңдар;
6) соттың қаулысы;
7) егер ұйғарым бойынша шағымдануға болатын болса, шағым берудің тәртібі мен мерзімі көрсетілуге тиіс.
2. Сот отырысы залында сот шығаратын ұйғарымда осы баптың 4)-6) тармақшыларында аталған мәліметтер болуға тиіс.
ҚР 11.07.01 ж. N 238-II Заңымен 253-бап өзгертілді
253-бап. Соттың жеке ұйғарымдары
1. Сот отырысында заңдылық бұзылған жағдайлар анықталған кезде сот жеке ұйғарым шығаруға және оны тиісті ұйымдарға, басқару қызметін атқаратын лауазымды немесе өзге де адамдарға жіберуге құқылы, олар өздері қабылдаған шаралар туралы бір ай мерзім ішінде хабарлауға міндетті.
2. Қабылданған шаралар туралы хабарламау заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Әкімшілік жаза қолдану тиісті адамдарды соттың жеке ұйғарымы бойынша қабылданған шаралар туралы хабарлау міндетінен босатпайды.
3. Егер істі қарау кезінде сот тараптардың, процеске басқа қатысушылардың, лауазымды немесе өзге де адамдардың әрекетінен қылмыс белгілерін тапса, ол туралы прокурорға хабарлайды.
4. Мүдделерiне қатысы бар жеке ұйғарымға адамдар осы Кодекстiң 344-бабының төртiншi бөлiгiнде көзделген тәртiппен шағым бере алады.
254-бап. Іске қатысушы адамдарға сот ұйғарымының көшірмесін жіберу
Іске қатысушы, сот отырысына келмеген тараптар мен басқа адамдарға іс бойынша іс жүргізудің тоқтатыла тұруы немесе тоқтатылуы туралы, не арыздың қараусыз қалдырылуы туралы сот ұйғарымының көшірмесі ұйғарым шығарылғаннан бастап бес күннен кешіктірілмей жіберіледі.
23-тарау. Хаттамалар
255-бап. Хаттама жүргізудің міндеттілігі
Бірінші сатыдағы соттың әрбір сот отырысы туралы, сондай-ақ отырыстан тыс жасалған әрбір жеке іс жүргізу әрекеті туралы хаттама жасалады.
256-бап. Хаттаманың мазмұны
1. Сот отырысының немесе отырыстан тыс жасалған жеке іс жүргізу әрекетінің хаттамасы істі қараудың немесе жеке іс жүргізу әрекетін жасаудың барлық елеулі сәттерін көрсетуге тиіс.
2. Сот отырысының хаттамасында:
1) сот отырысының жылы, айы, күні және орны;
2) сот отырысы басталған және аяқталған уақыт;
3) істі қарайтын соттың атауы, сот отырысы судьясының, хатшысының және сот приставының тегі мен аты-жөні;
4) істің атауы;
5) іске қатысушы адамдардың, өкілдердің, куәлердің, сарапшылардың, мамандардың, аудармашылардың келгені туралы мәліметтер;
6) іске қатысушы адамдарға, өкілдерге, сондай-ақ аудармашыға, сарапшылар мен мамандарға олардың іс жүргізу құқықтары мен міндеттерінің түсіндірілгені туралы мәліметтер;
7) төрағалық етушінің өкімдері және сот отырысы залында соттың шығарған ұйғарымы;
8) іске қатысушы адамдардың және өкілдердің арыздары, өтінімдері және түсініктемелері;
9) куәлардың айғақтары, сарапшылардың өз қорытындыларын ауызша түсіндірулері, мамандардың түсіндірмелері;
10) құжаттардың жария етілуі туралы мәліметтер, заттай дәлелдемелерді қараудың, дыбысжазбаларды тыңдаудың, бейнежазбаларды, киноматериалдарды көрудің деректері;
11) осы Кодекстің 57-бабы негізінде іске қатысушы мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қорытындылары туралы мәліметтер;
12) сот отырысы залында болған сұрақтар мен жауаптардың мазмұны;
13) сот жарыссөздерінің мазмұны;
14) шешім мен ұйғарымдардың мазмұны жария етілгені және түсіндірілгені, оларға шағым беру тәртібі мен мерзімі түсіндірілгені туралы мәліметтер;