Міндетті зейнетақы жарналарын есептеудің, ұстап қалудың және
жинақтаушы зейнетақы қорларына аударудың ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы 1999 жылғы 15
наурыз N 245
Осы редакция ҚР Үкіметінің 2003 ж. 11 маусымдағы N 561 қаулысымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Ескерту. Тақырыбындағы "зейнетақы жарналарын" деген сөздерден кейiн
"есептеудiң," деген сөзбен толықтырылды - ҚР Үкіметінің
2001.12.22. N 1671 қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Міндетті зейнетақы жарналарын есептеудің, ұстап қалудың және жинақтаушы зейнетақы қорларына аударудың ережесі бекітілсін.
Ескерту. 1-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2001.12.22. N 1671
қаулысымен.
2. Төлеушілер 1998 жылғы 31 желтоқсанға дейін жинақтаушы зейнетақы қорларына есептеген, бірақ олар аудармаған міндетті зейнетақы жарналарының сомасы жоғарыда көрсетілген ережеге сәйкес аударуға жатады.
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1-қосымшаға сәйкес кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің 1999 жылғы
15 наурыздағы
N 245 қаулысымен
бекітілген
Міндетті зейнетақы жарналарын есептеудiң, ұстап қалудың және
жинақтаушы зейнетақы қорларына аударудың
Ережесі
Ескерту. Тақырыбындағы "зейнетақы жарналарын" деген сөздерден кейiн
"есептеудiң," деген сөзбен толықтырылды - ҚР Үкіметінің
2001.12.22. N 1671 қаулысымен.
1. Жалпы ережелер
1. Міндетті зейнетақы жарналарын есептеудiң, ұстап қалудың және жинақтаушы зейнетақы қорларына аударудың осы Ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және "Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексiне" (Салық кодексi)" сәйкес әзірленді және төлеушілердің міндетті зейнетақы жарналарын ұстап қалуы мен жинақтаушы зейнетақы қорларына аударуының тәртібін белгілейді.
Ескерту. 1-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2001.12.22. N 1671
қаулысымен.
2. Заңды тұлғалар мен жеке кәсiпкерлер, адвокаттар, жеке нотариустер (бұдан әрі - төлеушілер) өзінің орналасқан (тұратын) жері бойынша салық органдарында жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналарын төлеушілер ретінде тіркеуге жатады.
Жаңадан құрылған ұйымдар салық төлеушінің тіркеу нөмірін (СТН) ала отырып дербес заңды тұлға ретінде тіркелген күнінен бастап он күндік мерзім ішінде жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналарын төлеуші ретінде салық органдарында тіркеледі.
Ескерту. 2-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2001.12.22. N 1671
қаулысымен.
3. Жалдамалы қызметкерлердiң еңбегiн пайдаланатын заңды тұлғалар, сондай-ақ жеке кәсiпкерлер, адвокаттар мен жеке нотариустар қызметкерлерге төленетiн табыстан мiндеттi зейнетақы жарналарын ай сайын есептеуге және ұстап қалуға және оларды жинақтаушы зейнетақы қорларына (қызметкер ұсынған зейнетақы шартының көшiрмесi негiзінде) аударуға міндетті.
Жеке кәсiпкерлер, адвокаттар мен жеке нотариустар өздерi үшiн мiндеттi зейнетақы жарналарын ай сайын есептеуге және оларды жинақтаушы зейнетақы қорларына аударуға мiндеттi.
Республикалық және жергiлiктi бюджеттер есебiнен ұсталатын және 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша әскери қызметте, Қазақстан Республикасының iшкi iстер органдарында 10 жылға жетпейтiн қызмет стажы бар әскери қызметшiлер мен iшкi iстер органдарының қызметкерлерi үшiн мiндетті зейнетақы жарналарын есептеу және аудару "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
ЕСКЕРТУ. 3-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 1999.12.23. N 2010
қаулысымен.
Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2001.12.22. N 1671
қаулысымен.
3-1. Ұстап қалынған мiндеттi зейнетақы жарналарын жинақтаушы зейнетақы қорларына:
заңды тұлғалар (заңды тұлғалардан - ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiрушiлерден басқа) және жеке кәсiпкерлер (шағын бизнес субъектiлерi мен шаруа (фермер) қожалықтарына арналған арнаулы салық режимдерiн қолданатындардан басқа), сондай-ақ адвокаттар мен жеке нотариустар жалдамалы қызметкерлерге төлейтін табысынан - есептіден кейiнгi айдың он бесi күнiнен кешiктiрмейтiн мерзiмде;
жеке кәсiпкерлер (патент немесе оңайлатылған декларация негiзiнде шағын бизнес субъектiлерi мен шаруа (фермер) қожалықтарына арналған арнаулы салық режимдерiн қолданатындардан басқа), сондай-ақ адвокаттар мен жеке нотариустар өздерi үшiн - есептiден кейiнгi айдың он бесi күнiнен кешiктiрмейтiн мерзiмде;
заңды тұлғалар - ауыл шаруашылық өнiмдерiн өндiрушiлер арнаулы салық режимiн қолданатын шаруа (фермер) қожалықтары - Салық кодексiнде көзделген тәртiппен және мерзiмдерде;
арнаулы салық режимiн жеңiлдетiлген декларация негiзiнде қолданатын шағын бизнес субъектiлерi - есептi тоқсаннан кейiнгi айдың он бесi күнiнен кешiктiрмейтiн мерзiмде;
арнаулы салық режимiн патент негiзiнде қолданатын жеке кәсiпкерлер, - Салық кодексiнде патент құнын төлеу үшiн көзделген мерзiмде төлеуге мiндетті.
Ескерту. 3-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2001.12.22.
N 1671 қаулысымен.
4. Міндетті зейнетақы жарналарын аударуды қолма қол емес төлемдер жасау жолымен төлеуші жүргізеді.
Банктерде шоттары жоқ жеке кәсiпкерлер, адвокаттар мен нотариустар міндетті зейнетақы жарналарын, оларды кейiннен осы Ереженiң 7-тармағында белгiленген тәртiппен тиiстi жинақтаушы зейнетақы қорларына аудару үшiн банкке қолма-қол ақшамен салуға құқығы.
Ескерту. 4-тармақ толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2001.12.22. N 1671
қаулысымен.
2. Мiндеттi зейнетақы жарналарын ұстап қалудың мөлшерi мен
жинақтаушы зейнетақы қорларына аударудың тәртiбi
ЕСКЕРТУ. Тараудың атауы өзгерді - ҚР Үкіметінің 1999.12.23. N 2010
қаулысымен.
5. Жинақтаушы зейнетақы қорларына мiндеттi зейнетақы жарналарын ұстап қалу және төлеу мынадай ставкалар бойынша жүзеге асырылады:
заңды тұлғалар, сондай-ақ жалдамалы қызметкерлердің еңбегiн пайдаланатын жеке кәсіпкерлер, адвокаттар мен жеке нотариустар - материалдық, әлеуметтiк игiлiктер немесе өзге де материалдық пайда түрiнде алынған кiрiстi қоса алғанда, қызметкерге ақшалай немесе заттай түрде төлейтiн кiрiстiң, сондай-ақ бiржолғы төлемдер (еңбекақы төлеу бөлiгiнде) түрiнде төленетiн кiрiстiң он пайызы мөлшерiнде, бiрақ заңнамалық кесiмде белгiленген ең төмен жалақы мөлшерiнiң он пайызынан кем емес;
жеке кәсiпкерлер өздерi үшiн - Салық кодексiне сәйкес белгiленетiн, салық салынатын кiрiстiң он пайызы мөлшерiнде, бiрақ заңнамалық кесiмде белгiленген ең төмен жалақы мөлшерiнiң он пайызынан кем емес;
адвокаттар мен жеке нотариустар өздерi үшiн - Салық кодексiне сәйкес белгiленетiн кiрiстiң он пайызы мөлшерiнде, бiрақ заңнамалық кесiмде белгiленген ең төмен жалақы мөлшерiнiң он пайызынан кем емес.
Шағын бизнес субъектiлерi мен шаруа (фермер) қожалықтарына арналған арнаулы салық режимдерiн қолданатын жеке кәсiпкерлер үшiн міндетті зейнетақы жарналарын есептеу үшiн қолданылатын кірiстiң мөлшерi заңнамалық кесiмдерде белгiленген ең төмен жалақы мөлшерiне теңестiріледi.
ЕСКЕРТУ. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 1999.12.23. N 2010
қаулысымен.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2001.12.22. N 1671
қаулысымен.
6. Салық кодексiнiң 144-бабының 1-тармағының 3), 10), 11), 15-17), 23, 25, 26, 27, 29, 34-тармақшаларында және 316-бабының 1-тармағының 4), 5) тармақшаларында белгiленген төлемдерден жинақтаушы зейнетақы қорларына мiндеттi зейнетақы жарналары ұсталмайды.
ЕСКЕРТУ. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 1999.12.23. N 2010
қаулысымен.
Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2001.12.22. N 1671
қаулысымен.
7. Жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналарын аудару Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың (бұдан әрі - Орталық) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бас Алматы филиалында ашылған N 413609816, МФО 190501109, тағайындау коды "010" банктік шоты арқылы жүргізіледі.
8. Жеке тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарының сомасы Орталықтың шотына түскен күннен бастап, үш банктік күннің ішінде, солардың міндетті зейнетақы жарналары пайдасына аударылатын жеке тұлғалардың тізімімен қоса, форматы МТ-102 электронды төлем тапсырмасымен жинақтаушы зейнетақы қорларына аударылады.
Орталық, келіп түскен міндетті зейнетақы жарналары сомасын жинақтаушы зейнетақы қорларына аударудың мерзімін бұзғаны үшін, тиісті жинақтаушы зейнетақы қорларына мерзімі өтіп кеткен әр күн үшін (төлеу күнін қоса алғанда) Қазақстан Республикасының заң актілерінде осы сомаларды төлеу күнінде белгіленген мөлшерде өсімақы төлеуге міндетті.
Орталық, өсімақы төлеу үшін сол бойынша жинақтаушы зейнетақы қорларына уақытылы аударылмаған төлеушінің төлем тапсырмасының негізінде, әрбір жеке тұлға бойынша міндетті зейнетақы жарналарын төлеу кезінде жеке тұлғалардың тізімі үшін "жарна сомасы" деген бағанды қоспағанда, осы Ережелердің 9-тармағында көзделген, деректемелері бар жеке тұлғалардың тізімі қоса берілген форматы МТ-102 электрондық төлем тапсырмасын қалыптастырады. Жарна сомасының орнына тізімге сәйкес әрбір жеке тұлға бойынша бөлінген өсімақының тиісті сомасы көрсетіледі.
9. Заңды тұлға жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналарын аудару кезінде әрбір жинақтаушы зейнетақы қоры бойынша үш данада қағазға шығарылған төлем тапсырмасын және екі данада жеке тұлғалардың тізімін банкке ұсынады. Төлем тапсырмасының бірінші данасы мен тізімінің бірінші данасы банкте қалады, төлем тапсырмасының екінші және үшінші даналары мен тізімнің бір данасы банктің қабылдағаны туралы белгімен төлеушіге қайтарылады.
Төлеушінің банкі міндетті зейнетақы жарналарын Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің филиалдары арқылы аударған жағдайда төлеуші банкке төлеушінің банкі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің филиалдары мен филиалдарының бөлімшелеріне ұсынатын төлем тапсырмасының қағазға шығарылған төртінші данасын және жеке тұлғалар тізімінің үшінші данасын қосымша тапсырады.
Төлеуші қағазға жасаған төлем тапсырмасында пайдасына ақша аудару жүргізілетін жинақтаушы зейнетақы қорының деректемелері "Төлем тағайындамасы" бағанында көрсетіледі.
Жеке тұлғалардың тізімі әрбір жеке тұлға бойынша: әлеуметтік дербес кодын, тегін, атын, әкесінің атын, туған күнін, жарнаның сомасын және ол үшін міндетті зейнетақы жарналары аударылатын кезеңді (айды, жылды) қамтуы тиіс. Егер тегі, аты, әкесінің аты өзгерсе, онда жеке тұлғаның әлеуметтік дербес код берілуі үшін тіркеу кәртішкесінде толтырған бұрынғы тегі, аты, әкесінің аты көрсетіледі.
Төлеушілер міндетті зейнетақы жарналарын уақытында аудармаған жағдайда аудару жеке тұлғалардың тізімі қоса беріле отырып, форматы МТ-102 төлем тапсырмасын қалыптастыру арқылы әр ай үшін жеке жүргізіледі.
ЕСКЕРТУ. 9-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 1999.12.23. N 2010
қаулысымен.
10. Жеке кәсiпкерлер, адвокаттар мен жеке нотариустар жинақтаушы зейнетақы қорына өз қызметкерлерiнiң кiрiсiнен ұсталған мiндеттi зейнетақы жарналары сомаларын аударған (банкке қолма-қол енгiзген) кезде төлем құжаттарында тиiстi жинақтаушы зейнетақы қорларының деректемелерiн, ал олармен қоса берiлетiн тiзiмдерде қызметкерлерге тағайындалған әлеуметтiк дербес кодтарды, олардың тегiн, атын, әкесiнiң атын, туған айы-күнiн, жарнаның сомасын және мiндеттi зейнетақы жарнасы төленiп отырған кезеңдi (ай, жыл) көрсетуi тиiс. Егер тегi, аты немесе әкесiнiң аты өзгерген жағдайда, жаңасымен бiр уақытта әлеуметтiк дербес кодты беру үшiн тiркеу кәртiшкесiне енгiзiлген бұрынғы тегi, аты, әкесiнiң аты көрсетiледi.
Жеке кәсiпкерлер, адвокаттар мен жеке нотариустар өзi үшiн мiндеттi зейнетақы жарналарын банкке аудару немесе төлеу кезiнде төлем құжаттарын өзi туралы ғана мәлiметтердi көрсете отырып толтырады.
ЕСКЕРТУ. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 1999.12.23. N 2010
қаулысымен.
Ескерту. 10-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2001.12.22. N 1671
қаулысымен.
11.
ЕСКЕРТУ. 11-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 1999.12.23. N 2010
қаулысымен.
Ескерту. 11-тармақ алып тасталды - ҚР Үкіметінің 2001.12.22. N 1671
қаулысымен.
12. Банктердің Орталыққа ақша аударуы төлем жүйесіндегі жұмыстар үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бекіткен форматқа сәйкес жеке тұлғалардың тізімімен бірге электронды төлем тапсырмаларымен жүзеге асырылады.
Қызметкерлерінің саны елу адамнан астам заңды тұлға осы Ереженің 9-тармағындағы талаптарды орындаудан басқа, банкке жоғарыда көрсетілген форматта электрондық көздегі жеке тұлғалардың тізімімен бірге төлем тапсырмасын ұсынады.
3. Төлеушілер мен салымшылардың/алымшылардың міндетті
зейнетақы жарналарын жинақтаушы зейнетақы
қорларына аудару кезінде қателер байқалған
жағдайдағы іс-әрекетінің тәртібі
13. Міндетті зейнетақы жарналарын төлеушілер өз қызметкерлерінің немесе жинақтаушы зейнетақы қорларының талаптарын алған сәттен бастап үш банктің күннің ішінде жинақтаушы зейнетақы қорларына ұстап қалынған және аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы жазбаша түрде мәлімет беруге, жинақтаушы зейнетақы қорларының аударылған жарналарды алмауының себебін анықтауға шаралар қолдануға, салымшылардың дербес зейнетақы шоттарына түзету енгізу мақсатында жинақтаушы зейнетақы қорларына төлем тапсырмалары мен жеке тұлғалардың тізімін жасау кезінде жіберілген қателер туралы хабарлауға міндетті.
14. Зейнетақы төлемдерін немесе дербес зейнетақы шоттарындағы жинақталған зейнетақы жинағының сомасы туралы мәліметтер алған кезде төленген міндетті зейнетақы жарналарының жекелеген сомасының жоқтығын аңғарған салымшы/алушы себебін анықтау мақсатында тиісті мәліметтерді алу және жіберілген қателерді түзетуге шара қолдану үшін зейнетақы жарналарын төлеушіге жазбаша өтініш жолдауға құқылы.
15. Салымшы/алушы төлеушіге оған кез келген уақыт үшін жинақталған зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын аударғандығы туралы төлем құжаттарының көшірмелері мен төлем құжаттарына қоса берілетін жеке тұлғалардың тізімінен өзіне жеке қатысты үзінді беруді талап ете отырып жазбаша өтініш жолдауға құқылы.
16. Міндетті зейнетақы жарналарын төлеуші төлем тапсырмаларынан, жеке тұлғалардың тізімдерінен қателер байқалған жағдайда, сондай-ақ салымшы/алушының немесе жинақтаушы зейнетақы қорының:
төлем тағайындамасында өзге жинақтаушы зейнетақы қоры көрсетілген;
салымшының/алушының әлеуметтік дербес коды, тегі, аты, әкесінің аты, туған күні бұрмаланған немесе қате жазылған;
өзге де қателер аңғарылғандығы туралы жазбаша хабарламасын алғаннан кейін төлеуші үш жұмыс күні ішінде салымшы/алушының дұрыс және қате деректемелерi мен осы салымшы/алушының бұрын аударылған зейнетақы жарналарының барлық сомаларын төлем тапсырысының деректемелерiне (нөмiрi, күнi, жалпы сомасы мен салымшы/алушының жеке сомасы) сiлтеме жасап көрсете отырып, осы Ереженің қосымшасына сәйкес нысан бойынша анықтама-растаманы сондай-ақ салымшының/алушының өтінішін (ол жазбаша хабарласқан жағдайда) қоса бере отырып, тиісті жинақтаушы зейнетақы қорына жазбаша өтініш жасауға міндетті.
Ескерту. 16-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 2001.12.22. N 1671
қаулысымен.
17. Жинақтаушы зейнетақы қоры төлеушілерден алынған хабарламалардың негізінде төлеушінің құжаттарында көрсетілген барлық деректемелер бойынша зейнетақы жарналарының түсуін тексереді. Бір жеке тұлғаның бірнеше дербес зейнетақы шоттарын ашу фактісі анықталған жағдайда жинақтаушы зейнетақы қоры деректердің базасына тиісті өзгеріс енгізе отырып, оларды біріктіреді.
18. Төлеушіге қызмет көрсететін банк электрондық төлем тапсырмаларын ресімдеу кезінде қате жіберген жағдайда осы Ереженің 12-тармағына сәйкес банк Қазақстан Республикасының "Төлемдер және ақша аударымдары туралы" Заңына сәйкес жіберілген қателерді реттеу жөнінде шаралар қолданады.
19. Аударылған міндетті зейнетақы жарналары бойынша қателіктер аңғарған кезде салымшы/алушы зейнетақы жарналарын төлеуші заңдарда белгіленген тәртіппен таратылған және тарату процесі аяқталған жағдайда Орталық мемлекеттік архивке, ал тарату ісінің барысында - оған құжаттардың куәландырылған көшірмесін беруге міндетті тарату комиссиясына аударылған, міндетті зейнетақы жарналарының сомасы туралы мәлімет алу үшін өтініш жасауға құқылы.
20. Алушы алынған архивтік төлем құжаттарының көшірмелерін өтінішпен бірге жинақтаушы зейнетақы қорына жібереді. Өтініште өтініш жасаудың себебі көрсетіледі және жеке басы куәлігінің көшірмесі қоса беріледі.
21. Жинақтаушы зейнетақы қоры алушының өтініші негізінде, өтінішті алғаннан кейін он банктік күннің ішінде, өтініште көрсетілген деректемелер бойынша зейнетақы жарналарының түсуіне тексеру жүргізеді. Бірнеше дербес зейнетақы шоттары болған жағдайда, оларды біріктіреді.
ЕСКЕРТУ. 21-тармақ өзгерді - ҚР Үкіметінің 1999.12.23. N 2010
қаулысымен.
22. Жинақтаушы зейнетақы қорларының қате есептелген міндетті зейнетақы жарналарының сомаларын қайтаруы Орталықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Бас Алматы Филиалында ашылған N 413609816, МФО 19051109, тағайындау коды "032" банктік шоты арқылы жеке тұлғалардың тізімі қоса беріле отырып, төлем тапсырмасымен жүргізіледі.
23. Орталық жинақтаушы зейнетақы қорларынан қате есептелген міндетті зейнетақы жарналарының қайтару сомаларын алғаннан кейін ақша келіп түскен күнінен үш банктік күннің ішінде аударуды жүргізеді.
4. Міндетті зейнетақы жарналарын жинақтаушы
зейнетақы қорларына уақытылы аудармағаны
үшін өсімақы төлеудің тәртібі
24. Табыс іс жүзінде төленген жағдайда төлеушілер жинақтаушы зейнетақы қорларына уақытында аудармаған міндетті зейнетақы жарналарының сомалары мерзімі өткен әр күн үшін (төлем жасау күнін қоса алғанда) осы сомаларды төлейтін күнге Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген мөлшерде өсімақы есептеле отырып өндіріліп алуға жатады.
Кірістерді төлейтін заңды және жеке тұлғалар міндетті зейнетақы жарналарын ұстап қалу және жинақтаушы зейнетақы қорларына аудару үшін жауапкершілікте болады.
25. Төлеушілер міндетті зейнетақы жарналарын жинақтаушы зейнетақы қорларына уақытында аудармағаны үшін мерзімі өткен әр күн үшін (төлеу жасау күнін қоса алғанда) осы сомаларды төлейтін күнге Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген мөлшерде тиісті жинақтаушы зейнетақы қорларына Орталықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бас Алматы филиалында ашылған N 413609816, ФАА 190501109, тағайындау коды "019" банктік шоты арқылы өсімақы төлейді.
26. Төлеушiлер мiндеттi зейнетақы жарналарын жинақтаушы зейнетақы қорларына уақытында аудармағаны үшiн өсiмақы төлеудi мiндеттi зейнетақы жарналарын төлеуге арналған осы Ереженің 4-тармағында белгіленген тәртіппен жүргізеді. Төлеуші банкке "төлем тағайындамасы" бағанында - "кезеңге (айға/жылға) арналған міндетті зейнетақы жарналарын уақытында аудармағаны үшін өсімақы" деп және тағайындау кодын көрсете отырып, жинақтаушы зейнетақы қорының пайдасына өсімақы сомасының аударылғандығы туралы қағазға шығарылған төлем тапсырмасын тапсырады.
Әрбір төлем тапсырмасы, оған қоса берілетін жеке тұлғалар тізімі даналарының саны, сондай-ақ оларды беру мен сақтаудың тәртібі мен мерзімдері осы Ереженің 2-тарауында міндетті зейнетақы жарналарын аудару үшін белгіленген шарттарға ұқсас.
Төлеушілер өсімақыны уақытында аудармаған жағдайда, аудару жеке тұлғалардың тізімін қоса, әрбір ай үшін жеке-жеке МТ-102 нысанында төлем парағын ресімдей отырып жүргізіледі.
ЕСКЕРТУ. 26-тармақ өзгерді және толықтырылды - ҚР Үкіметінің
1999.12.23. N 2010 қаулысымен.
27. Қызметкерлерінің саны елу адамнан асатын төлеуші өсімақы төлеу кезінде банкке осы Ережелердің 9-тармағында сипатталған форматта қағаздағы және электрондық көздегі жеке тұлғалардың қоса беру арқылы төлем тапсырмасын ұсынады.
28. Төлем тапсырмасына қоса берілетін жеке тұлғалардың тізімі әрбір жеке тұлға бойынша "жарна сомасы" бағанын қоспағанда, міндетті зейнетақы жарналарын төлеу кезіндегі жеке тұлғалардың тізімі үшін осы Ереженің 9- тармағында көзделген деректемелерді қамтиды. Жарна сомасының орнына өсімақының тиісті сомасы көрсетіледі.
Жеке тұлғалардың тізімдерінде төлемші олар үшін зейнетақы жарналарын уақытында аудармаған салымшылар/алымшылар ғана көрсетіледі.
29.
ЕСКЕРТУ. 29-тармақ алып тасталды - ҚР Үкіметінің 1999.12.23. N 2010
қаулысымен.
30. Банктер төлеушілер төлем тапсырмаларын көрсеткен кезде "төлем тағайындамасы" бағанында - "кезеңге (айға/жылға) арналған міндетті зейнетақы жарналарын уақытында аудармағаны үшін өсімақы" деп және "019" - төлем тағайындамасы кодын көрсете отырып, жеке тұлғалардың тізімін қоса беріп, Орталық арқылы форматы МТ - 102 электрондық төлем тапсырмаларымен жинақтаушы зейнетақы қорларына өсімақы аударады.
31. Орталық өсімақының сомасы келіп түскен күннен бастап ақшаны үш банк күнінің ішінде жинақтаушы зейнетақы қорларының шоттарына аударуға міндетті.
Орталық ақшаны жинақтаушы зейнетақы қорларына уақытында аудармағаны үшін тиісті жинақтаушы зейнетақы қорларына мерзімі өткен әр күнге (төлем жасау күнін қоса алғанда) осы соманы төлейтін күнге Қазақстан Республикасының заң актілерінде белгіленген мөлшерде өсімақы төлейді.