Ақша төлемi мен аударымы туралы Қазақстан Республикасының Заңы
1998 жылғы 29 маусымдағы N 237
Осы редакция ҚР 13.03.03 ж. N 394-II Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-Тарау. Жалпы ережелер
1-бап. Осы Заңмен реттелетiн қатынастар
1. Осы Заң, почта байланысы ұйымдарының ақша аударуды жүзеге асыруға байланысты қатынастарын қоспағанда, Қазақстан Республикасындағы ақша төлемi мен аударымын жүзеге асыру кезiнде туындайтын қатынастарды реттейдi.
2. Қазақстан Республикасы банктерiнiң, банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымдардың және шетел банктерiнiң (қаржы институттарының) жүзеге асыратын ақша төлемдерi мен аударымына байланысты қатынастары олардың арасындағы шарттармен және банк практикасында қолданылатын iскерлiк айналым дәстүрлерiмен реттеледi. Егер аталған ақша төлемi мен аударымы жөнiндегi iс-әрекеттер Қазақстан Республикасында болып жатса, мұндай қатынастар аталған шарттармен және Қазақстан Республикасы заңдарына қайшы келмейтiн бөлiгiнде банк практикасында қолданылатын iскерлiк айналым дәстүрлермен реттеледi.
2-бап. Осы Заңмен реттелетiн қатынастардың туындау негiздерi
Осы Заңмен реттелетiн қатынастар:
азаматтық-құқықтық мәмiлелер бойынша төлем жасау шарттарына сәйкес ақша төлемi мен (немесе) аударымын;
банктiң немесе банк операцияларының жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйымның (бұдан әрi - банктер) клиентiнiң тапсырмасы бойынша, мұндай тапсырмалар азаматтық-құқықтық мәмiлелер бойынша төлем шарттарын орындаумен байланысты болмаса, ақша аударымын;
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiлетiн мiндеттi ақша төлемiн және (немесе) аударымын жүзеге асырған кезде туындайды.
3-бап. Негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
бенефициар банкi - жөнелтушiмен жасалған шарттың талаптарына және (немесе) жөнелтушiнiң нұсқауына сәйкес бенефициардың пайдасына түскен ақшаны қабылдауға және (немесе) нұсқауда не жөнелтушiмен жасалған шартта көзделген өзге де iс-қимылдарды орындауға тиiстi банк;
алушы банк - ақша аудару не ақша төлеу туралы нұсқау жiберiлетiн банк;
делдал банк - ақша жөнелтушiнiң банкi мен бенефициар банкi болып табылмайтын ақша аударымына қатысушы кез келген банк;
бенефициар - ақша аударған кезде, сондай-ақ ақша аудармай-ақ қолма-қол ақшасыз төлем жасаған кезде ақша алушы ретiнде тапсырмада не талапта көрсетiлген тұлға;
өндiрiп алушы - шартқа немесе заңға орай алушы банк ақша жөнелтушiнiң келiсiмiнсiз-ақ орындауға тиiс ақша өндiрiп алу туралы талап қоюшы тұлға;
ақша аударымының бастамашысы (бұдан әрi - бастамашы) ақша аудару туралы нұсқауды орындауға алғаш ұсынған тұлға;
инкассалық өкiм - ақша жөнелтушiнiң банк шотынан оның келiсiмiнсiз ақшаны алып қою үшiн пайдаланылатын төлемдi жүзеге асыру тәсiлi.
клиринг - клирингтiк ұйым жүзеге асыратын, клирингке қатысушылардың қарсы талаптарын жинау, салғастыру, сұрыптау мен есепке алу және кейiн олардың таза айқындамаларын (сальдо) анықтау процесi, сондай-ақ банктiң өз клиенттерi арасындағы қарсы талаптар бойынша аталған iс-қимылдарды орындауы;
операция күнi - банк ақша аудару туралы нұсқауларды және клиенттерден түскен осындай нұсқауларды тоқтата тұру не қайтарып алу туралы өкiмдердi қабылдауды жүзеге асыратын және оларға өздерiнiң пайдасына ақша аударуды жүзеге асырумен байланысты хабарларды жiберетiн уақыт кезеңi;
жөнелтушi - ақша төлемiне және (немесе) аударымына байланысты нұсқауды жөнелтетiн тұлға, сонымен бiрге ол ақша жөнелтушi, бастамашы немесе бенефициар болуы мүмкiн.
ақша жөнелтушi - ақша төлемi және (немесе) аударымы соның есебiнен жүзеге асырылатын тұлға;
ақша аударымы - алушы банктердiң төлемдi жүзеге асыруға немесе өзге мақсаттарға байланысты жөнелтушiнiң ақша беру туралы нұсқауларын дәйектiлiкпен орындауы;
төлем - ақша мiндеттемесiн қолма-қол ақшаны пайдалана отырып не оны пайдаланбай, ақша аудару не iшiнде ақша мiндеттемесi не ақша төлеу туралы бұйрығы бар төлем құжатын беру арқылы орындау;
төлем карточкасы - электронды терминалдар немесе өзге құрылғылар арқылы ақшаға қол жеткiзу құралы, онда мұндай карточканы ұстаушыға төлемдердi жүзеге асыруға, қолма-қол ақша алуға, валюта айырбастауға және төлем карточкасының эмитентi белгiлеген әрi соның шарттары бойынша басқа операцияларды жүргiзуге мүмкiндiк беретiн ақпарат болады;
төлем тапсырмасы - нұсқауда белгiленген ақша сомасын бенефициардың пайдасына аудару туралы нұсқауды жөнелтушiнiң алушы банкке ұсынуын көздейтiн ақша төлемi мен (немесе) аударымын жүзеге асыру әдiсi;
төлемдiк талап-тапсырма - төлемдi жүзеге асыру тәсiлi, бұл ретте ақша жөнелтушiнiң банкiне ақша жөнелтушiге аталған талапты растайтын құжаттар негiзiнде және олар қоса берiле отырып, мұндай талапта көрсетiлген ақша сомасын төлеу туралы жөнелтушiнiң талабы қойылады;
төлем құжаты - ақша төлемi мен аударымын жасауға негiз болатын немесе жасауға көмектесетiн құжат;
банктiк шотты тiкелей дебеттеу - төлемдi жүзеге асыру әдiсi, бұл орайда ақша жөнелтушiден ақша алынып, ақша жөнелтушiнiң ақшаны алу туралы алдын ала рұқсатының негiзiнде ол бенефициардың пайдасына берiледi, рұқсат белгiлi бiр уақыт кезеңi iшiнде және (немесе) белгiлi бiр ақша сомасының шегiнде қолданылады;
нұсқау - жөнелтушiнiң ақша аудару не төлеу туралы шарт немесе заң бойынша берiлетiн бұйрығы. Нұсқаулар тапсырма нысанында не талап нысанында жасалады;
ақша төлемiне және (немесе) ақша аударымына қатысушылар - ақша төлемi мен (немесе) аударымы жөнiнде құқықтары және (немесе) мiндеттерi бар жеке және заңды тұлғалар, заңды тұлғалардың филиалдары мен өкiлдiктерi;
чек - чек берушi мен алушы банк арасындағы шартқа негiзделген, iшiнде чек берушiнiң алушы банкке көрсетiлген ақша сомасын чек ұстаушыға төлеуi туралы жазбаша бұйрығы бар төлем құжаты;
чек берушi - чек жазып берген адам;
чек ұстаушы - пайдасына чек жазылған адам, соның iшiнде, егер чек берушi чектi өз атына жазса, ол да чек ұстаушы болады.
4-бап. Қазақстан Республикасының ақша төлемi мен
аударымы туралы заңдары
Қазақстан Республикасының ақша төлемi мен аударымы туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және осы Заңнан, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
5-бап. Ақша
1. Ақша төлем мен қор жинау құралы болып табылады және құн өлшемi ретiнде қызмет етедi.
2. Ақша ақша белгiлерi (қолма-қол ақша) нысанында не банктер клиенттерiнiң банк шоттары бойынша жазба түрiндегi банктердiң ақшалай мiндеттемелерi нысанында болады.
3. Ақша белгiлерi атаулы құны (номиналы) бар банкнот және тиындар түрiнде шығарылады.
6-бап. Банк шоттары
1. "Банк шоты - банктiң депозиттi (салымды) қабылдау және:
1) банктiң клиентке тиесiлi ақшаның болуын қамтамасыз етуiне және оны пайдалануына;
2) ақшаны клиенттiң пайдасына қабылдауға (есептеуге);
3) клиенттiң банк шоты шартында немесе банк салымы шартында көзделген тәртiппен үшiншi тұлғалардың пайдасына ақша аудару туралы өкiмiн орындауына;
4) егер бұл банк шоты шартында немесе банк салымы шартында көзделсе, клиенттiң ақшасын алып қою туралы үшiншi тұлғалардың өкiмiн орындауға;
5) қолма-қол ақшаны банк шоты шартында немесе банк салымы шартында белгiленген тәртiппен клиенттен қабылдауға және оған беруге;
6) клиенттiң талап етуi бойынша клиенттiң банктегi ақшасының сомасы және жасалған операциялар туралы ақпаратты банк шоты шартында немесе банк салымы шартында көзделген тәртiппен беруге;
7) банк шоты шартында немесе банк салымы шартында белгiленетiн мөлшерде және тәртiппен сыйақы төлеуге;
8) клиентке шартта, заңдарда және банк практикасында қолданылатын iскерлiк айналым дағдыларында көзделген өзге де банк қызметiн көрсетудi жүзеге асыруға байланысты операциялар жасау жөнiндегi банк пен клиент арасындағы шарттық қатынастарды көрсету әдiсi.
Банк шоттары банктер мен клиенттiң арасында банк шоты шарты немесе банктiк салым шарты жасалған кезде ашылады.
2. Банк шоттары жеке және заңды тұлғалардың, заңды тұлғалардың оқшауланған бөлiмшелерiнiң ағымдағы және жинақ шоттары, сондай-ақ банктердiң корреспонденттiк шоттары болып бөлiнедi.
3. Осы баптың 1-тармағында аталған операцияларды жүргiзуге болмайтын шоттар, сондай-ақ банктердегi бухгалтерлiк есептiң позицияларын көрсететiн шоттар, баланстық шоттардың құрамдас бөлiктерi болып табылатын жеке шоттар (қосалқы позициялар), соның iшiнде несие шоттары банк шоттары болып табылмайды.
4. Клиенттердiң банктегi ақшасынан өндiрiп алынатын жағдайда, мұндай өндiрiп алу клиенттердiң банк шоттарынан ғана жүргiзiледi.
Банктердiң корреспонденттiк шоттарындағы ақшаны өндiрiп алу банктердiң өз мiндеттемелерi бойынша ғана жүргiзiледi.
ЕСКЕРТУ. 6-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2000.03.29.
N 42 Заңымен.
7-бап. Ақша төлемi мен аударымын жүзеге асыру тәсiлдерi
1. Қазақстан Республикасының аумағында ақша төлемi мен аударымын жүзеге асырудың мынадай тәсiлдерi қолданылады:
1) қолма-қол ақшаны табыстау;
2) төлем тапсырмаларын көрсету;
3) чектер беру;
4) вексельдер беру немесе оларды индоссамент бойынша табыстау;
5) төлем карточкаларын пайдалану;
6) банк шотын тiкелей дебеттеу;
7) төлемдiк талап-тапсырмаларды көрсету;
8) инкассалық өкiмдердi көрсету;
9) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген өзге де тәсiлдер.
2. Ақша төлемi мен (немесе) аударымын жүзеге асыру тәсiлдерiн қолдану ережелерi мен ерекшелiктерi және нұсқаулардың мазмұнына қойылатын негiзгi талаптар заң актiлерiнде және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленедi.
8-бап. Төлем тапсырмасы
Жөнелтушi мен алушы банктiң арасындағы төлем тапсырмасын пайдалануға байланысты құқықтар мен мiндеттер олардың арасындағы шартта белгiленедi, ал олардың iс жүзiнде iске асырылуы алушы банкке төлем тапсырмасын көрсеткен кезден бастап туындайды. Алушы банк осындай нұсқауды алғаннан кейiн оны акцептеуге не оны акцептеуден дәлелдi түрде бас тартуға тиiс. Алушы банк төлем тапсырмасын акцептеген жағдайда жөнелтушiнiң акцептелген төлем тапсырмасының орындалуы жөнiнде талап ету құқығы туындайды.
9-бап. Чек
1. Чек беру - төлемдi жүзеге асыру тәсiлi, бұл орайда төлем чек берушiнiң чек ұстаушыға аттас төлем құжатын беруi арқылы жасалады.
2. Чек беру чек берушiнiң орындау үшiн осы чек жазып берiлген
ақша мiндеттемесiнiң орындалуы болып табылмайды. Аталған мiндеттеме
чек бойынша ақша алынған кезде орындалады.
3. Чектер жабылған және жабылмаған чектер болып бөлiнедi. Чек берушi банкке алдын ала енгiзген депозитпен қамтамасыз етiлген чектер жабылған чектер болып табылады. Депозитпен алдын ала қамтамасыз етiлмеген чектер жабылмаған чектер болып табылады. Чектерде олардың төлемi жөнiнде, оның iшiнде жабылмаған чектер бойынша банктiң кепiлдемесi болуы мүмкiн.
4. Чектi пайдалануға байланысты чек берушi мен банктiң құқықтары мен мiндеттерi чек берушi мен банктiң арасындағы чектердi пайдалану туралы шарт негiзiнде туындайды. Чек ұстаушының құқықтары чек берушiден алған кезден бастап туындайды.
Аталған құқықтар мен мiндеттер чек берушi чектi берген кезден бастап iске асырылады.
Чек ұстаушыда чекте көрсетiлген сомадағы ақшаны чек берушiнiң банкiнен талап ету құқығы пайда болады. Чек ұстаушы ұсынған чектi чек берушiнiң банкi төлейдi не оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген мерзiмде және осы Заңның 18-бабында белгiленген негiздер бойынша төлеуден дәлелдi түрде бас тартады.
10-бап. Вексель
Вексельдердi төлем тәсiлi ретiнде қолдану Қазақстан Республикасының вексель айналысы туралы заңдарымен реттеледi.
11-бап. Төлем карточкасы
1. Төлем карточкасын оның ұстаушысы төлемдi жүзеге асыру мақсатында, сондай-ақ оның эмитентi белгiлеген шарттарда қолма-қол ақшаны алу, валюта айырбастау және басқа операциялар үшiн қолданады.
2. Төлем карточкасының эмитентi болып табылатын банкпен немесе сондай эмитентпен шарт жасасқан банкпен, не эмитентпен шартсыз төлем карточкаларына қызмет көрсететiн банкпен тиiстi келiсiм жасасқан сауда (қызмет көрсету) ұйымдарында ғана төлем карточкасы пайдаланылуы мүмкiн.
3. Төлемге қатысушылардың төлем карточкаларын пайдалануға байланысты құқықтары мен мiндеттерi сауда (қызмет көрсету) ұйымы ұсынылған төлем карточкасын пайдалана отырып жүзеге асырылған төлемдi қабылдау туралы келiсiм берген кезден бастап туындайды.
Сауда (қызмет көрсету) ұйымының осы ұйыммен төлем карточкаларына қызмет көрсету туралы келiсiм жасасқан банкке қатысты аталған ұйым қабылдаған төлем сомасында ақша талап ету құқығы туындайды. Аталған банктiң сауда (қызмет көрсету) ұйымының ақша талап етуiн орындау мiндетi туындайды.
ЕСКЕРТУ. 11-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2000.03.29.
N 42 Заңымен.
12-бап. Банк шотын тiкелей дебеттеу
1. Банк шотын тiкелей дебеттеу арқылы төлем жасау ақша жөнелтушi мен оның банкi арасында жасалған шарт негiзiнде жүзеге асырылады, осыған сәйкес ақша жөнелтушi жеткiзiлген тауар, орындалған жұмыс не көрсетiлген қызмет үшiн бенефициардың жоғарыда көрсетілген шартқа тиiстi құжаттарды қоса тiркеп, талап етуi негiзiнде өзiнiң банк шотынан ақша алуға келiсiм бередi.
2. Ақша жөнелтушiнiң және оның банкiнiң банк шоттарын тiкелей дебеттеу жағдайында төлемдi жүзеге асыру кезiндегi құқықтары мен мiндеттерi ақша жөнелтушi мен оның банкi арасында тиiстi шарт жасалған кезден бастап туындайды. Банкте аталған шартта көзделген ақша сомасы және (немесе) уақыт кезеңi шегiнде клиенттiң банк шотына қойылатын үшiншi жақтың талаптарын орындау мiндетi туындайды.
ЕСКЕРТУ. 12-баптың 1-тармағы жаңа редакцияда - Қазақстан
Республикасының 2000.03.29. N 42 Заңымен.
13-бап. Төлемдiк талап-тапсырма
1. Ақша жөнелтушiнiң банкi төлемдiк талап-тапсырманы ақша жөнелтушiнiң акцептi болғанда ғана орындалуға тиiс.
Егер ақша жөнелтуші өзінің банк шотынан акцептсіз ақша алуға ақша жөнелтушiнiң келiсiмi бар құжаттарды қоса тiркей отырып, ақша жөнелтушi банкке төлемдiк талап-тапсырмалар қойса, мұндай төлемдiк талап-тапсырма ақша жөнелтушiнің акцептiн талап етпейдi.
Төлемдiк талап-тапсырмалар қою, сондай-ақ ақшаны алып қоюдың негiздiлiгiн растайтын құжаттардың түпнұсқаларын не көшiрмелерiн қоса тiркеу қажеттiгi туралы талап ету тәртiбi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiмен белгiленедi.
2. Төлемдiк талап-тапсырмаларды пайдалана отырып төлем жасаған кездегi құқықтар мен мiндеттер ақша жөнелтушiнiң банкiне оны ұсынған кезден бастап туындайды. Ақша жөнелтушiнiң банкi төлемдiк талап-тапсырманы алған күннен кейiнгi жұмыс күнiнен кешiктiрмей, ақша жөнелтушi банкке ақша жөнелтушiнiң акцептiн талап етпейтiн төлемдiк талап-тапсырма қойылған жағдайларды қоспағанда алынған төлемдiк талап-тапсырманы ақша жөнелтушiге акцептеуi үшiн беруге тиiс. Ақшаны жөнелтушi төлемдiк талап-тапсырманы алғаннан кейiн оны акцептеуге не оны акцептеуден дәлелдi түрде бас тартуға тиiс. Төлемдiк талап-тапсырманы ақша жөнелтушi не ақша жөнелтушi банк акцепттеген жағдайда, егер талап-тапсырма ақша жөнелтушiнiң акцептiн талап етпесе, төлемдiк талап-тапсырманы жiберушiде оны орындау жөнiнде талап ету құқығы пайда болады.
ЕСКЕРТУ. 13-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2000.03.29. N 42
Заңымен.
14-бап. Инкассалық өнiм
1. Клиенттiң банк шотындағы ақшасын оның келiсiмiнсiз алып қою инкассалық өкiмдер пайдаланыла отырып, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген негiздер бойынша және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген кезектiлiктiң сақталуын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлеген тәртiппен жүргiзiледi.
2. Бастамашы ақша жөнелтушiнiң банкiне, салық қызметi органдары мен кеден органдарының инкассолық өкiмдерi табыс етiлетiн жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде көзделген нормалар негiзiнде осы өндiрiп алудың негiздiлiгiн растайтын атқарушы құжаттардың түпнұсқаларын не олардың көшiрмелерiн қоса тiркей отырып, инкассалық өкiм табыс етедi. Құжаттардың түпнұсқаларын не олардың көшiрмелерiн қоса тiркеу қажеттiгi туралы талаптарды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi белгiлейдi.
3. Инкассалық өкiмде төлемнiң мақсаты көрсетiледi және ақша жөнелтушiнiң келiсiмiнсiз ақшаны алып қою құқығын көздейтiн заң актiсiне сiлтеме жасалады.
4. Бастамашы ақша жөнелтушiнiң банкiне инкассалық өкiмдi ұсынған кезден бастап төлем жасауға қатысушылардың құқықтары мен мiндеттерi туындайды. Ақша жөнелтушiнiң банкi осындай нұсқауды алғаннан кейiн оны акцептеуге не оны акцептеуден дәлелдi түрде жазбаша бас тартуға тиiс. Ақша жөнелтушiнiң банкi инкассалық өкiмдi акцептеген жағдайда инкассалық өкiмдi жөнелтушiнiң оны орындауды талап ету құқығы пайда болады.
5.
6. Ақша жөнелтушiнiң келiсiмiнсiз ақшаны алып қоюдың негiздiлiгi үшiн өндiрiп алушы жауапты болады.
ЕСКЕРТУ. 14-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 1998.12.28.
N 336 Заңымен.
ЕСКЕРТУ. 14-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2000.03.29. N 42
Заңымен.
15-бап. Инкассолық өкiм берiлген кезде пайдаланылатын құжаттар
Ақша жөнелтушiнің келiсiмiнсiз ақшаны алып қоюға берiлген инкассолық өкiм соттың шешiмдерi, үкiмдерi, ұйғарымдары және қаулылары бойынша берiлетiн атқару парақтары немесе бұйрықтары не ақшаны өндiрiп алу туралы сот бұйрығы негiзiнде берiледi.
ЕСКЕРТУ. 15-баптан 3,4-абзацтар алынып тасталды - Қазақстан
Республикасының 1998.12.28. N 336 Заңымен.
ЕСКЕРТУ. 15-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының
2000.03.29. N 42 Заңымен.
16-бап. Нұсқау акцептi
1. Тапсырма нысанындағы нұсқау акцептi алушы банктiң жөнелтушiнiң (клиенттiң) тапсырмасын орындауға келiсiм бергенiн бiлдiредi.
Талап нысанындағы нұсқау акцептi ақша жөнелтушiнiң және (немесе) алушы банктiң бастамашының талабын орындауға келiсiм бергенiн бiлдiредi.
2. Нұсқау акцептi осы акцептiң жасалғанын немесе алушы банктiң нұсқауда белгiленген жөнелтушiге немесе оның тапсырмасы бойынша үшiншi жаққа ақша сомасын төлегенiн тiкелей көрсететiн төлем құжатына жазу немесе белгi қою арқылы көрсетiлуi мүмкiн.
Нұсқау акцептi қол қою немесе мөр таңбасы (егер бар болса) түрiнде де көрсетiлуi мүмкiн.
3. Егер нұсқау акцептi төлем құжатына жазу немесе белгi қою не қол қою және оның мөр таңбасын (егер бар болса) түсiру жолымен жасалған болса, аталған жазбаларда немесе белгiлерде олардың жасалған күнi және уақыты болуға тиiс.
4. Егер шарттың немесе Қазақстан Республикасы заңдарының ережелерi бойынша акцепт iс-қимылмен не өзге әдiстермен көрсетiлуге тиiс болса, нұсқау тиiстi жазбасыз-ақ акцептелуi мүмкiн.
5. Осы Заңның 38-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, нұсқау акцептi не оны акцептеуден бас тарту нұсқауды алған күннен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрiлмей жасалуға тиiс.
17-бап. Нұсқауды акцептеген кезде туындайтын
құқықтар мен мiндеттер
1. Алушы банк тапсырманы акцептегенге дейiн оны жөнелтушi алушы банк тапсырманы акцептегеннен кейiн оны орындауға қажеттi ақша сомасын қамтамасыз етуге мiндеттi. Клиринг нәтижелерi бойынша ақша аударымын жүзеге асырған кезде жөнелтушi егер онда терiс сальдо пайда болған жағдайда ғана, өзiнiң тапсырмасын орындауға қажеттi ақша сомасын қамтамасыз етуге мiндеттi.
2. Нұсқауды акцептеген кезде мынадай құқықтар мен мiндеттер туындайды:
1) алушы банк тапсырманы акцептеген кезде оның жөнелтушi алдында акцептелген тапсырманы орындау жөнiнде мiндеттемесi туындайды;
2) бенефициар банкi тапсырманы акцептеген кезде оның бенефициар пайдасына тапсырмада көрсетiлген ақша сомасын қабылдау жөнiндегi мiндеттемесi туындайды;
3) ақша жөнелтушi талапты акцептеген кезде акцептелген талап бойынша бенефициардың талап ету құқығы туындайды, ақша жөнелтушiнiң бенефициар пайдасына орын орындау жөнiндегi мiндеттемесi туындайды;
4) алушы банк талапты акцептеген кезде жөнелтушiнiң акцептелген талап бойынша талап ету құқығы туындайды, ал алушы банктiң оны орындау жөнiндегi мiндеттемесi туындайды.
3. Бенефициар банкi өзi акцептеген нұсқауда көрсетiлген ақша сомасын үшiншi жақтың немесе осы банктiң алдындағы бенефициар мiндеттемесiнiң сомасына қарсы үшiншi жақтың пайдасына немесе өз пайдасына есептеме жасауға құқылы, оның орындалу мерзiмi, банктен ақшаны алып қоюдың Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген кезектiлiгiн сақтауды ескере отырып, бенефициар банкiне осындай нұсқау түскен кезден басталады.
18-бап. Алушы банктің нұсқауларды акцептеуден
бас тарту негiздерi
1. Алушы банк нұсқауды акцептеуден:
1) жөнелтушi ақша аударымын жүзеге асыру үшiн қажеттi ақша сомасын қамтамасыз етпеген жағдайда;
2) егер төлем құжатының қолдан жасалғандығының белгiлерi болса;
3) жөнелтушi ақша аудару туралы нұсқауды жасаудың және ұсынудың заңдарда және (немесе) шарттың талаптарында белгiленген тәртiбiне қойылатын талаптарды сақтамаған кезде;
4) заңдарда және (немесе) шарттың ережелерiнде белгiленген өзге де талаптарды орындамаған кезде бас тартады.
2. Инкассалық өкiмдердi осы Заңның 15-бабында көзделген құжаттардың бiрiн қоса тiркемей ұсынған жағдайда, алушы банк мұндай инкассалық өкiмдердi акцептеуден бас тартуға мiндеттi.
19-бап. Нұсқауды орындау
1. Алушы банктің нұсқауды орындауы мұндай нұсқауды оның акцептеуi негiзiнде жүзеге асырылады.
Алушы банктiң жөнелтушi алдындағы алынған нұсқауға сәйкес аударым не ақша төлеу жөнiндегi өз мiндеттемелерiн орындауы нұсқаудың орындалуы болып табылады.
Мынадай iс-қимылдар нұсқаудың орындалуы болып табылады:
1) алушы банктiң келесi алушы банкке бенефициардың пайдасына, егер алушы банк бенефициар банкi болып табылмаса ғана, ақша аудару туралы нұсқауын табыстауы;
2) егер алушы банк бенефициар банкi болып табылса, ақша аударымын аяқтауы;
3) егер алушы банк ақша жөнелтушiнiң банкi болып табылса, қолма-қол ақша төлеу туралы нұсқауды ұсынған жөнелтушiге қолма-қол ақшаны беруi.
2. Нұсқауды алушы банк егер заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, осындай нұсқаудың шарттарын сақтай отырып, егер мұндай нұсқаудың шарттарында оны орындаудың өзге мерзiмi белгiленбеген болса, алушы банктiң алынған нұсқау акцептелген күннен кейiнгi операциялық күнiнен кешiктiрмей орындайды.
Егер ақша аудару туралы нұсқауды орындаудың шарттары алушы банк үшiн орындалмайтындай болса не оларды орындау ақша аударуды кiдiртуге немесе қосымша шығындарға әкеп соғуы мүмкiн болса, алушы банк операциялық күн iшiнде бұл туралы жөнелтушiге хабарлауға мiндеттi. Нұсқаулар олардың түскен күнi мен уақыты ескерiле отырып орындалады.
ЕСКЕРТУ. 19-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2000.03.29. N 42
Заңымен.
20-бап. Ақшаны өндiрiп алу туралы сот шешiмiн орындау
ерекшелiктерi
1. Қазақстан Республикасы соттарының ақшаны өндiрiп алу туралы шешiмдері, осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң сот iстi қарайтын жердегi тиiстi бөлiмшелерiне ұсынылады.
2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi ақшаны өндiрiп алу туралы сот шешiмiн алғаннан кейiн үш жұмыс күнi iшiнде оның көшiрмелерiн барлық банктерге орындауға жiбередi.
3. Банктер аталған құжаттарды алған күннен кейiнгi операциялық күннен кешiктiрмей ақша өндiрiп алынатын адамдардың банк шоттарының бар екендiгi не олардың жоқ екендiгi туралы мәлiметтердi тиiстi шешiм шығарған сотқа жiберуге мiндеттi. Банк шоттарының болуы туралы мәлiметтер банк шоттарының барлық қажеттi реквизиттерi мен ол бойынша қалдықтардың мөлшерiн қамтуға тиiс.
4. Сот банктерден аталған мәлiметтердi алғаннан кейiн, ақшаны өндiрiп алу туралы шешiмдi орындау жөнiндегi мiндет жүктелетiн банктi (банктердi) белгiлейдi және сол банкке (банктерге) тиiстi атқару құжатын қоса тiркей отырып нұсқау жiбередi.
5. Егер соттың ақша өндiрiп алу туралы шешiм шығарған кезде ақша өндiрiп алынуға тиiстi тұлғаның банк шотында ақшаның болуы туралы мәлiметi болса, сот шешiмi Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң бөлiмшелерiне түспей, тiкелей тиiстi банкке орындауға ұсынылады.
ЕСКЕРТУ. 20-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 2000.03.29. N 42
Заңымен.
2-тарау. ТӨЛЕМ
21-бап. Төлем
1. Төлем азаматтық-құқықтық мәмiле шарттарының, Қазақстан Республикасы заңдарының нормалары мен сот шешiмдерiнiң негiзiнде және соларға сәйкес жүргiзiледi.
2. Төлем азаматтық-құқықтық мәмiле шарттарына сәйкес олардың ерiктi негiзде жүзеге асырылуын көздейдi.
3. Төлем Қазақстан Республикасы заңдарының нормалары мен сот шешiмдерiне сәйкес олардың мiндеттi түрде жүзеге асырылуын көздейдi.
4. Төлем қолма-қол ақшаны пайдалана отырып та, оны пайдаланбай да (қолма-қол жасалмайтын төлем) жүргiзiледi.
4-1. Заңды тұлғалар арасындағы 4000 айлық есептiк көрсеткiштен асатын сомадағы төлемдер қолма-қол ақшасыз төлеу тәртібімен ғана жүзеге асырылады.
ЕСКЕРТУ. 21-бап 4-1-тармақпен толықтырылды - Қазақстан
Республикасының 2000.03.29. N 42 Заңымен.