мемлекеттiк есебi мен мемлекеттiк кадастры
71-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк есебi
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк есебi осы аумақтардың мәртебесi туралы, олардың географиялық жағдайы мен шекаралары, өңiрлерге бөлiнуi, осы аумақтарды қорғау мен пайдалану режимдерi, олардағы мемлекеттiк табиғи-қорық қоры объектiлерiнiң сапа және сан өзгерiстерi туралы мәлiметтер жинауды қамтиды.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк есебiн табиғат қорғау мекемелерi мен осы аумақтар қарайтын атқарушы органдар есеп құжаттамасының бiрыңғай нысандары және оларды толтыру жөнiндегi әдiстемелiк нұсқаулар бойынша жүргiзедi.
72-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың
мемлекеттiк кадастры
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк кадастры осы аумақтар туралы үнемi жаңартылып отыратын мәлiметтер жазылатын ресми құжат болып табылады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк кадастрының деректерi:
ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға баға беру мен олардың жай-күйiне болжам жасауға;
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың дамыту және орналастыру схемаларын жасауға;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыруға және дауларды шешуге қызмет етедi.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк кадастры ақпаратты сақтаудың бiр iзге түсiрiлген нысандарын пайдаланып, табиғи ресурстардың мемлекеттiк кадастрымен салғастыру принциптерiн сақтаудың бiрыңғай ережелерi бойынша жүргiзiледi.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк кадастрының материалдары жариялануға жатады.
ХХI тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды
қаржыландыру және экономикалық жағынан ынталандыру
73-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды
қаржыландыру көздерi
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қаржыландыру:
республикалық бюджет қаражатының;
жергiлiктi бюджеттер қаражатының;
қоршаған ортаны қорғау қорлары қаражатының;
заңды тұлғалар болып табылатын ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қаражатының;
заңды және жеке тұлғалардың ерiктi жарналары мен қайырмалдықтарының;
заңдарда тыйым салынбаған өзге де қаржыландыру көздерiнiң есебiнен жүргiзiледi.
Ескерту. 73 бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 23.01.2001 N 151 Заңымен.
74-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға республикалық
бюджеттен бөлiнетiн қаражатты жұмсау
Республикалық бюджет қаражатынан мынадай iс-шаралар бойынша:
ерекше қорғалатын аумақтардың желiлерiн дамыту бағдарламаларын әзiрлеу, республикалық маңызы бар осы аумақтарды құруды негiздеу;
республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ұйымдастыру кезiнде жер учаскесiн алып қоюға байланысты меншiк иесiне немесе пайдаланушыға келтiрiлген шығындарды жабу;
республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк есебiн жүргiзу;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк кадастрын жүргiзу;
әкiмшiлiк-шаруашылық, рекреациялық және туристiк мақсаттағы объектiлердi салу;
республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда атқарылатын мемлекеттiк табиғи-қорық қорын қорғау және қалпына келтiру, ғылыми, мәдени-ағарту және оқу iс-шаралары бойынша қаржыландыру қамтамасыз етiледi.
Ескерту. 74-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 23.01.2001 N 151 Заңымен.
75-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жергiлiктi бюджеттерден
бөлiнетiн қаражатты жұмсау
Жергiлiктi бюджеттен бөлiнетiн қаражаттан мынадай iс-шаралар бойынша:
жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын аумақтардың желiлерiн әзiрлеу, осы аумақтарды құруды негiздеу;
жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ұйымдастыру кезiнде жер учаскесiн алып қоюға байланысты меншiк иесiне немесе пайдаланушыға келтiрiлген шығындарды жабу;
жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мемлекеттiк есебiн жүргiзу;
жергiлiктi маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ұстау мен абаттандыру, мемлекеттiк табиғи-қорық қорын қорғау мен қалпына келтiру, осы аумақтарда атқарылатын ғылыми, мәдени-ағарту және оқу iс-шаралары бойынша қаржыландыру қамтамасыз етiледi.
Ескерту. 75-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 23.01.2001 N 151 Заңымен.
76-бап.
Ескерту. 76-бап алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 23.01.2001 N 151 Заңымен.
77-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ақы төлеп пайдалану
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды заңды және жеке тұлғалардың ғылыми, мәдени-ағарту, оқу, туристiк, рекреациялық және шектелген шаруашылық мақсаттарында пайдалануы ақылы негiзде жүзеге асырылады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдаланғаны үшiн бюджетке ақы төлеу ставкалары, есептеу тәртiбi және төлеу мерзiмдерi Қазақстан Республикасының Салық кодексiне сәйкес белгiленедi.
2. Заңды және жеке тұлғаларға ғылыми, мәдени-ағарту, оқу, туристiк және рекреациялық қызметтi жүзеге асыру үшiн ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы үйлер мен ғимараттарды белгiленген тәртiппен және ақылы негiзде беруге рұқсат етiледi.
Ескерту. 77-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 24.12.2001 N 276 Заңымен.
78-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қаражаты
1. Заңды тұлғалар болып табылатын ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қаражаты болуы мүмкiн, ол:
жеке және заңды тұлғаларға көрсетiлетiн қызметтерден түскен қаражат;
ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы рәмiздердi пайдалануға рұқсат беруден алынатын қаражат;
заңды және жеке тұлғалардың ерiктi жарналары мен қайырмалдығы;
заңдарда тыйым салынбаған өзге де көздерден түсетiн қаражат;
шектеулi шаруашылық қызметiнен алынған қаражат есебiнен құралады;
2. Заңды тұлғалар болып табылатын ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қаражатының құралу және пайдаланылу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Yкiметi анықтайды.
3.
4.
Ескерту. 78-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 23.01.2001 N 151 Заңымен.
Ескерту. 78-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 24.12.2001 N 276 Заңымен.
79-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды экономикалық
жағынан ынталандыру
Ескерту. 79-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 24.12.2001 N 276 Заңымен.
ХХII тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
саласындағы бақылау
80-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы
бақылаудың мiндеттерi мен түрлерi
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы бақылау
осы аумақтардың жай-күйiн байқауы мемлекеттiк табиғи-қорық қорын қорғау мен қалпына келтiру шараларының орындалуын, қолданылып жүрген заңдардың сақталуын көздейдi.
2. Қазақстан Республикасында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласында мемлекеттiк және қоғамдық бақылау жүзеге асырылады.
81-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы
мемлекеттiк бақылау
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттiк бақылауды:
қоршаған ортаны қорғау, табиғатты пайдалану және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкiлеттi органдар;
жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар жүзеге асырады.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдарда Қазақстан Республикасының қоршаған ортаны қорғау туралы заңдарына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласының мемлекеттiк инспекторларының құқығы болады.
Ескерту. 81-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 23.01.2001 N 151 Заңымен.
82-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы
қоғамдық бақылау
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы қоғамдық бақылауды өз бастамасымен және табиғат қорғау мекемелерiмен, мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын арнайы уәкiлеттiк органдармен шарттар бойынша қоғамдық бiрлестiктер жүргiзедi.
2. Қоғамдық бақылауды жүргiзу тәртiбiн өз жарғыларына сәйкес және табиғат қорғау мекемелерiмен, мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын арнайы уәкiлеттi органдармен келiсе отырып, қоғамдық бiрлестiктер белгiлейдi.
83-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы бақылауды
жүзеге асырушы адамдарды қорғау шаралары
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы мемлекеттiк бақылауды жүзеге асыратын адамдар мiндеттi түрде сақтандырылуға тиiс және қызмет мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан немесе мертiккен жағдайда шеккен залалының өтелуiне құқылы.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы бақылауды жүзеге асыратын адамдардың белгiленген тәртiппен арнаулы құралдар мен атылатын қаруды сақтауға, алып жүруге және қолдануға құқығы бар.
ХХIII тарау. Дауларды шешу және ерекше қорғалатын
табиғи аумақтар туралы заңдарды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
84-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы
дауларды шешу
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен шешiледi.
85-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарды
бұзғаны үшiн жауапкершiлiк
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.
86-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдардың
бұзылуынан келтiрiлген зиянның орнын толтыру
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдарды бұзу салдарынан ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға, табиғат қорғау мекемелерiнiң мүлкiне зиян келтiрген ұйымдар мен жеке тұлғалар зиянның толық көлемiнде орнын толтыруға мiндеттi.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңдардың бұзылуынан келтiрiлген зиянның орнын толтыру ерiктi түрде немесе белгiленген тәртiппен бекiтiлген таксаларға және зиянды есептеу әдiстемелерiне сәйкес сот шешiмi бойынша, ал олар болмаған жағдайда - келтiрiлген залалдарды ескере отырып, мемлекеттiк табиғи-қорық қалпына келтiруге жұмсалған нақты шығындар бойынша жүргiзiледi.
XXIV тарау. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар
саласындағы халықаралық ынтымақтастық
87-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы
халықаралық ынтымақтастық
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес және халықаралық құқықтың жалпыға бiрдей танылған нормалары негiзiнде жүзеге асырылады.
Қарамағында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, табиғат қорғау мекемелерi мен қоғамдық бiрлестiктер бар атқарушы органдар қорық iсi және қоршаған ортаны қорғау мәселелерi бойынша халықаралық байланыстар орнатып, халықаралық ұйымдармен белгiленген тәртiппен ынтымақтастық жасай алады.
2. Қазақстан Республикасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтары халықаралық келiсiмдер мен шарттарға сәйкес халықаралық маңызы бар табиғи резерваттар санатына енгiзiлуi мүмкiн.
88-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары
Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда Қазақстан Республикасының заңдарындағыдан өзгеше нормалар белгiленсе, халықаралық шарттардың нормалары қолданылады.
Қазақстан Республикасының
Президентi