27-бап. Өлу сәтiн анықтау. Өмiрдi сақтап тұрған аппаратураны тоқтату шарттары
1. Өлiмдi дәрiгер немесе фельдшер анықтайды. Адамның өлгенiн анықтау өлшемдерi Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы бекiтетiн ережеге сәйкес актiмен белгiленедi.
2. Өмiрдi сақтап тұрған аппаратура өлiм анықталған жағдайларда ғана тоқтатылуы мүмкiн.
3. Медицина қызметкерлерiнен эвтаназияны жүзеге асыруға тыйым салынады.
28-бап. Патологиялық-анатомиялық союды жүзеге асыру
1. Дәрігерлер патологиялық-анатомиялық союды өлiмнiң себептерi туралы деректер алу және ауыру диагнозын нақтылау мақсатында жүргiзедi.
2. Патологиялық-анатомиялық союды жүзеге асыру тәртiбi Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы бекiткен актiмен белгiленедi.
29-бап. Анатомиялық сый
1. Анатомиялық сый оны жасаушының өсиетi арқылы iстелуi мүмкiн және ол қайтыс болғаннан кейiн нақты сипат алады. Анатомиялық сый туралы өсиеттi сыйға тартушы адам жоюы мүмкiн. Туған-туыстары өсиетке сот тәртiбiмен дау айта алады.
2. Анатомиялық сый туралы мәлiметтер жария етiлмеуге тиiс.
3. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес кiм екенi анықталмаған және талап етiп алынбаған адамдардың мәйiттерi де анатомиялық сый деп танылады.
IV тарау. ДОНОРЛЫҚ
30-бап. Қан мен оның компоненттерiне донорлық
1. 18 жастан 60 жасқа дейiнгi әрбiр азаматтың қан мен оның компоненттерiне донор болуға құқығы бар. Донорларға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жеңiлдiктер берiледi.
2. Қан және оның компоненттерiн алу, құю, оларды сақтау операцияларын жүргiзудiң тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы бекiткен арнаулы ережемен белгiленедi.
31-бап. Ағзалар мен тканьдердi ауыстырып салу
1. Адам, адамның мәйiтi, сондай-ақ жануарлар ағзалар мен тканьдердi ауыстырып салу жөнiнен донор бола алады.
2. Адам ағзалары мен тканьдерiн ерiксiз алуға және оларды ауыстырып салуға тыйым салынады. Адам ағзалары сатып алу, сату және коммерциялық мәмiлелер заты бола алмайды. Мұндай iс-әрекеттерге жол берген адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапқа тартылады.
3. Ағзалар мен тканьдердi адамнан адамға, мәйiттен адамға және жануарлардан адамға ауыстырып салу тәртiбi мен шарттары Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы бекiткен ережемен белгiленедi.
32-бап. Донордың өтемақы және әлеуметтiк көмек алуға құқығы
Донорлық мiндеттi атқаруға байланысты зиян келтiрiлген жағдайда донордың зиянды өтеттiруге және әлеуметтiк көмек алуға құқығы бар, ал ол қайтыс болған жағдайда-жұбайының (зайыбының), балаларының, ата-анасының және оның асырауында болған адамдардың өтемақы және әлеуметтiк көмек алуға құқығы бар.
33-бап. Жасанды жолмен ұрықтандыру, ұрықты енгiзiп жетiлдiру
1. Жасанды жолмен ұрықтандыру, ұрықты енгiзiп жетiлдiру тiркелген некеде тұратын ерлi-зайыптылардың өзара жазбаша келiсiмi негiзiнде жасалуы мүмкiн. Күйеуi жоқ әйелге қатысты жасанды жолмен ұрықтандыру немесе ұрықты енгiзiп жетiлдiру жөнiндегi операция оның ерiк бiлдiруiне сәйкес жасалуы мүмкiн.
2. Денсаулық сақтау ұйымдары донорлықтың құпиялылығын және жасанды жолмен ұрықтандыру немесе ұрық енгiзiп жетiлдiру операциясын жасау құпиясын сақтауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қамтамасыз етедi және оған жауап бередi.
3. Жасанды жолмен ұрықтандыру және ұрықты енгiзiп жетiлдiру донорлығының тәртiбi мен шарттарын Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы белгiлейдi.
4. Жасанды жолмен ұрықтандыру немесе ұрықты енгiзiп жетiлдiру операциясынан кейiн туған балалар жөнiндегi ата-аналардың құқықтары мен мiндеттерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттеледi.
V тарау. ДӘРI-ДӘРМЕКТIК ЖӘНЕ ПРОТЕЗДIК-ОРТОПЕДИЯЛЫҚ КӨМЕК
34-бап. Азаматтарға дәрi-дәрмектiк көмек
1. Азаматтарға дәрi-дәрмектiк көмек көрсету жөнiндегi мемлекеттiк саясатты және оны жүзеге асыру жөнiндегi iс-қимылды дәрi-дәрмек құралдарын тұтынуға қысқа мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi болжам жасау негiзiнде Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы жүзеге асырады және үйлестiрiп отырады.
2. Фармацевтикалық қызметпен айналысуға Қазақстан Республикасы азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілді орталық атқарушы органының лицензиясы бар заңды және жеке тұлғалардың меншік нысандарына қарамастан, сәйкестілік сертификаты болған жағдайда Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілді орталық атқарушы органы қолдануға рұқсат берген дәрі-дәрмек құралдарын сақтауға құқығы бар.
3. Дәрі-дәрмек құралдарының қауіпсіздігіне, тиімділігі мен сапасына мемлекеттік бақылау жасауды және оларды сертификаттауды Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілді орталық атқарушы органының дәрі-дәрмек құралдарын бақылау жөніндегі мемлекеттік қызметі жүзеге асырады.
35-бап. Медициналық практикада қолданылатын есірткі заттарды өндіру, пайдалану және бақылау
1. Қазақстан Республикасында тек медициналық, ветеринариялық және ғылыми мақсаттарға арналған есірткі заттар ғана өндіріледі, өңделіп, сақталады.
2. Есірткі заттарды өндіруге, өңдеуге, әкелуге, сақтауға, тасымалдауға және сатуға Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілді орталық атқарушы органы мен Ішкі істер министрлігінен рұқсат алған ұйымдардың құқығы бар.
3. Медициналық практикада қолданылатын есірткі заттарды өндіру, пайдалану және оған бақылау жасау Қазақстан Республикасының заңдарына және халықаралық келісімдерге сәйкес жүзеге асырылады.
4. Медициналық, ветеринариялық және ғылыми мақсаттарға арналған есірткі заттарды өндіруге, өңдеуге, әкелуге, сақтауға, тасымалдауға, сатуға, пайдалануға және жоюға бақылау жасау Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілді орталық атқарушы органы мен Ішкі істер министрлігіне жүктеледі.
36-бап. Протездiк-ортопедиялық көмек
1. Азаматтардың медициналық көрсеткiштер бойынша протездiк-ортопедиялық көмекпен қамтамасыз етiлуге құқығы бар. Мүгедектердiң осы заманғы технологиялар негiзiнде дайындалған протездiк-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз етiлуге құқығы бар.
2. Барлық мүгедектер протездiк-ортопедиялық бұйымдармен және аяқ киiммен тегiн немесе Қазақстан Республикасының уәкiлдi органы белгiлеген тәртiпке сәйкес жеңiлдiктi шарттармен қамтамасыз етiледi.
3. Мемлекет протездiк-ортопедиялық көмектi жетiлдiру жөнiндегi ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргiзуге, жоғары сапалы протездiк-ортопедиялық бұйымдарды, осы заманғы технологияларды өндiрiске енгiзуге, мамандар даярлауға, протездiк-ортопедиялық өнеркәсiптi ұйымдастыру мен дамытуға қажеттi қаражат бөледi.
VI тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ЖӘНЕ ЖЕКЕ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЙЫМДАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI
37-бап. Мемлекеттiк және жеке медициналық ұйымдардың құқықтары мен мiндеттерi
Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесi ұйымдарының:
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өздерiнiң ұйымдық құрылымын, штаттарын жасауға және бекiтуге, еңбектi ұйымдастыру мен оған ақы төлеу нысанын дербес таңдауға;
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес заңды тұлға құқықтарын пайдалануға құқығы бар.
38-бап. Жеке медициналық ұйымдардың және жеке медициналық практикамен айналысатын адамдардың құқықтары
Жеке медициналық ұйымдардың және жеке медициналық практикамен айналысатын адамдардың:
алған лицензиясын сәйкес халыққа профилактикалық, диагностикалық және емдiк көмек көрсетуге;
көрсетiлетiн медициналық қызметке баға белгiлеуге;
Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн шарттармен медициналық қызметкерлер жалдауға, олардың еңбегiне ақы төлеудiң нысандары мен мөлшерiн белгiлеуге;
Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы белгiлеген тәртiппен дәрi-дәрмекке рецепттер жазып беруге және анықтамалар мен еңбекке жарамсыздық парақтарын беруге құқығы бар.
39-бап. Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесi ұйымдарының мiндеттерi
Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiнiң ұйымдары:
шұғыл медициналық көмек көрсетуге;
науқас адам үшiн мемлекет кепiлдiк беретiн көлем шегiнде қолайлы, дер кезiнде бiлiктi, мамандандырылған және тегiн медициналық көмектi;
төтенше жағдайларда жұмыс iстеуге сақадай-сай болуды;
айналасындағы адамдарға қауiп төндiретiн аурулардан, сондай-ақ кәсiби аурулардан сақтандыру, олардың диагностикасы және емделуi жөнiнде арнаулы профилактикалық медициналық шаралар жүргiзудi;
мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiнiң ұйымдары көрсететiн бiлiктi медициналық жәрдем нысандары мен түрлерi туралы тегiн, оперативтi және ақиқат ақпар берудi;
санитариялық-гигиеналық, эпидемияға қарсы режимдердi сақтауды;
меншiк нысандарына қарамастан, басқа да денсаулық сақтау ұйымдарымен өзара iс-қимыл жасауды және олармен сабақтастықты;
салауатты тұрмыс салтын насихаттауды және халыққа санитарлық-гигиеналық тәрбие берудi;
медициналық кадрлар даярлау және қайта даярлау үшiн жағдайлар жасауды;
азаматтардың денсаулығын сақтау мәселелерi бойынша басқа да министрлiктермен және ведомстволармен, сондай-ақ өнеркәсiп, оқу, сауда, ауыл шаруашылық және басқа ұйымдармен өзара iс-қимыл жасауды қамтамасыз етуге мiндеттi.
ЕСКЕРТУ. 39-бап өзгерді - Қазақстан Республикасының 21.03.2002 N 308 Заңымен.
40-бап. Жеке медициналық ұйымдардың және жеке медициналық практикамен айналысатын адамдардың мiндеттерi
Жеке медициналық ұйымдар және жеке медициналық практикамен айналысатын адамдар:
шұғыл медициналық көмек көрсетудi қамтамасыз етуге;
халыққа өздерi көрсететiн профилактикалық, диагностикалық және емдiк көмектiң барлық түрлерiне лицензиясы болғанда ғана медициналық қызметтi жүзеге асыруға;
профилактикалық-емдеу ұйымдарының жұмысын ұйымдастыру жөнiнде Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы бекiтетiн санитариялық ережелер мен нормаларды, гигиеналық нормативтердi басшылыққа алуға;
Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы белгiлеген нысан, түрлер бойынша және көлемде бастапқы медициналық құжаттарды жүргiзуге және жыл сайын есеп берiп отыруға;
кәсiби мiндеттерiн атқару кезiнде өздерiне белгiлi болған азаматтардың ауруы туралы, iшкi және отбасылық өмiрi туралы мәлiметтердi жария етпеуге мiндеттi. Бұл ақпаратты ашып айтуға осы Заңда көзделген жағдайларда жол берiледi;
бұқаралық ақпарат құралдарында көрсетiлетiн медициналық жәрдем және сырқаттарды емдеу әдiстерiнiң тиiмдiлiгi туралы азаматтарға ақиқат ақпарат және объективтi жарнама беруге;
соз ауруларымен, ЖИТС-пен, алапеспен, микроспориямен, трихофитиямен, қышымамен, жұқпалы психикалық аурулармен ауыру жағдайларын денсаулық сақтау органдарына, ал жаңадан алған жарақаты мен жаралануы бойынша өтiнiш бiлдiрген адамдар туралы iшкi iстер органдарына хабарлауға мiндеттi.
ЕСКЕРТУ. 40-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 17.12.1998 N 325 Заңымен.
VII тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУДЫ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ
41-бап. Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiнiң қаржыландыру көздерi
Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiн қаржыландыру көздерi мыналар болып табылады:
жергiлiктi бюджеттердiң бiр тұрғынға шағып бөлiнетiн қаражаты;
республикалық бюджеттiң белгiленген тәртiппен бөлiнетiн қаражаты;
халықаралық бағдарламалар бойынша халықаралық ұйымдардың қаражаты;
кепiлдiк берiлген көлемнен тыс медициналық қызмет көрсеткенi үшiн және ақылы қызметтер мен заңдарға қайшы келмейтiн басқа да қызмет түрлерiн көрсеткенi үшiн алынған медициналық ұйымдардың қаражаты;
ұйымдардың пайдасынан ерiктi түрде жасалатын аударымдар;
ұйымдар мен азаматтардың, соның iшiнде басқа мемлекеттердiң қайырымдылық салымдары;
пайдаланылуы Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмейтiн басқа да көздер;
Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн тәртiппен амбулаториялық және стационарлық жағдайларда көрсетiлетiн медициналық көмек көрсетудiң тегiн кепiлдi көлемiнен тыс қосылып төлеу түрiнде азаматтардан түсетiн қаражат;
ерiктi медициналық сақтандырудан түсетiн қаражат.
ЕСКЕРТУ. 41-бап өзгердi және толықтырылды - Қазақстан Республикасының 17.12.1998 N 325 Заңымен.
Қазақстан Республикасының 17.12.1998 N 325 Заңымен 42-бап өзгердi
42-бап. Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiнiң қаражатын пайдалану
Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiнiң қаражаты:
кепiлдiк берiлген көлемде тегiн медициналық көмек көрсетуге;
денсаулық сақтаудың нысаналы кешендi бағдарламаларына;
мемлекеттiк денсаулық сақтаудың материалдық-техникалық базасын дамытуға және ұстауға;
өмiрлiк маңызы бар дәрi-дәрмектiк препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен техниканы өндiрудi ұйымдастыруға және сатып алуға;
медицина және фармацевт кадрларын даярлауға және олардың бiлiктiлiгiн арттыруға;
медицина және фармацевтика ғылыми дамытуға және олардың жетiстiктерiн енгiзуге;
жұқпалы аурулардың эпидемияларын жоюға;
қан және оның препараттарын, вакциналар, иммунды-биологиялық және басқа да медициналық препараттар сатып алуға;
Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiп пен нормалар бойынша халықтың жекелеген санаттарына тегiн және жеңiлдiкпен босату үшiн дәрi-дәрмек құралдарын, сондай-ақ балаларға арналған және емдiк арнаулы тамақ өнiмдерiн сатып алуға жұмсалады.
43-бап. Медициналық көмекке жұмсалған шығындарды өтеу
1. Медициналық қызметке лицензиясы бар, меншiк нысандарына қарамастан, жеке және заңды тұлғалардың медициналық көмектi тегiн кепiлдi көрсету көлемi:
алғашқы медициналық санитариялық көмек үшiн жан басына шаққандағы норматив бойынша;
мамандандырылған амбулаториялық-емханалық көмек үшiн амбулаториялық-емханалық тарификатор бойынша;
стационарлық көмек үшiн клиникалық шығын топтары бойынша жүзеге асырылады.
2. Медициналық көмекке жұмсалған шығындарды өтеу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.
ЕСКЕРТУ. 43-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 17.12.1998 N 325 Заңымен.
VIII тарау. АЗАМАТТАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҚҰҚЫҚТАРЫ
44-бап. Азаматтардың медициналық көмек алу құқығы
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен тегiн медициналық көмектi кепiлдiк берiлген көлемде алуға құқығы бар.
2. Азаматтардың өздерiнiң жеке қаражаты, ұйымдардың қаражаты және Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздер есебiнен медициналық жәрдемнiң кепiлдiк берiлген көлемiнен артық қосымша медициналық қызметтi пайдалануға құқығы бар. Бұл құқық ақылы медициналық көмек алу, ерiктi медициналық сақтандыру арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттiк денсаулық сақтау жүйесiнiң ұйымдарында ақылы медициналық қызмет көрсетудiң шарттары мен тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
3. Азаматтардың медициналық ұйымды еркiн таңдап алуға, сондай-ақ дәрiгердi еркiн таңдап алуға құқығы бар.
4. Азаматтар ведомстволық бағыныстылығы мен меншiк нысанына қарамастан, ең жақын жердегi кез келген емдеу-профилактикалық ұйымының шұғыл және кiдiртуге болмайтын медициналық көмегiмен қамтамасыз етiледi.
ЕСКЕРТУ. 44-бап өзгердi - Қазақстан Республикасының 17.12.1998 N 325 Заңымен.
45-бап. Азаматтардың емделуден және медициналық араласудан бас тарту құқығы
1. Азаматтың немесе оның заңды өкiлiнiң осы Заңның 46-бабында көзделген жағдайлардан басқа кезде тексерiлуден, емделуден және медициналық араласудан кез келген кезеңде бас тартуға құқығы бар.
2. Тексерiлуден, емделуден және медициналық араласудан бас тартқан кезде азаматқа немесе оның заңды өкiлiне оған қолайлы нысанда мұның ықтимал зардаптары түсiндiрiлуге тиiс.
3. Тексерiлуден, емделуден және медициналық араласудан бас тарту оның ықтимал зардаптары көрсетiлiп, медициналық құжаттамада жазбаша ресiмделедi және оған азамат не оның заңды өкiлi, сондай-ақ медицина қызметкерi қол қояды.
4. 16 жасқа толмаған адамның ата-анасы немесе өзге заңды өкiлдерi, не заңда белгiленген тәртiппен iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылған адамның заңды өкiлдерi аталған адамдардың өмiрiн сақтап қалу үшiн қажеттi медициналық көмектен бас тартқан кезде медицина ұйымының, сондай-ақ медицина қызметкерiнiң осы адамдардың мүдделерiн қорғау үшiн сотқа жүгiнуге құқығы бар.
46-бап. Азаматтардың келiсiмiнсiз тексеру, емдеу және медициналық араласу
1. Азаматтың немесе оның заңды өкiлiнiң келiсiмiнсiз:
өз еркiн бiлдiруге мүмкiндiк бермейтiн есеңгiреген, ес-түссiз жағдайдағы;
айналасындағы адамдарға қауiп төндiретiн аурулардан зардап шегушi;
психикасы бұзылуының асқынуынан зардап шегушi;
психикасының бұзылуынан зардап шегушi және қоғамға қауiптi iс-әрекет жасаған адамдарды тексеруге, емдеуге және медициналық араласуға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен жол берiледi.
2. Азаматтардың келiсiмiнсiз тексеру, емдеу және медициналық араласу осы бапта көзделген негiздер жойылғанға дейiн немесе соттың шешiмi бойынша жалғастырылады.
47-бап. Азаматтардың экологиялық, санитариялық-эпидемиологиялық қолайлылық пен радиациялық қауiпсiздiк жөнiндегi құқығы
1. Азаматтардың экологиялық, санитариялық-эпидемиологиялық қолайлылық пен радиациялық қауiпсiздiкке құқығы бар.
2. Мемлекет қазiргi және келешек ұрпақтың денсаулық жағдайына терiс әсер етпейтiн қоршаған қолайлы ортаны сақтауды қамтамасыз етедi.
48-бап. Азаматтардың дәрi-дәрмектiк, протездiк-ортопедиялық көмекпен қамтамасыз етiлу құқығы
1. Азаматтардың дәрi-дәрмектiк, ортопедиялық және протездiк көмекпен қамтамасыз етiлуге құқығы бар.
2. Дәрi-дәрмектiк препараттармен, ортопедиялық және протездiк, дұрыс көру бұйымдарымен, есту аппараттарымен, емдiк дене шынықтыру құралдарымен және арнаулы жүрiп-тұру құралдарымен жеңiлдiкпен қамтамасыз етiлуге жататын адамдар санаты, сондай-ақ олармен қамтамасыз ету және оларды пайдалану шарттары мен тәртiбi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленедi.
49-бап. Некеге тұратын азаматтардың медициналық-генетикалық тексеруден өту құқығы
Қазақстан Республикасының аумағында некеге тұратын азаматтардың жұбайлар мен олардың ұрпақтарының денсаулығын сақтау мақсатында өздерiнiң қалауы бойынша денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық және медициналық-генетикалық тексерiлуден өтуге құқығы бар.
50-бап. Азаматтардың санаторий-курорттық емделу, сауықтыру бағытындағы мекемелердi пайдалану құқығы
Азаматтардың санаторий-курорттық ұйымдарды, демалыс үйлерiн, профилакторийлердi, пансионаттарды, туристiк базаларды, спорт ғимараттарын және сауықтыру бағытындағы басқа да ұйымдарды пайдалануға құқығы бар.
51-бап. Азаматтардың өздерiнiң денсаулығының жай-күйi және денсаулыққа әсер ететiн факторлар туралы ақпарат алу құқығы
1. Азаматтардың өздерiнiң денсаулығының және өздерiнiң балалары денсаулығының жай-күйi туралы қажеттi ақпарат алуға құқығы бар.
2. Азаматтардың, егер заңмен өзгеше белгiленбесе, жұбайы (зайыбы) мен ата-аналары денсаулығының жай-күйi туралы ақпарат алуға құқығы бар.
3. Азаматтардың профилактика және емдеу әдiстерi туралы, халықтың науқастану деңгейi туралы, олардың денсаулығына әсер ететiн факторлар туралы, соның iшiнде қоршаған орта жайы, еңбек, тұрмыс және демалыс жағдайлары туралы денсаулық сақтау органдары мен ұйымдарынан және жұмыс берушiлерден ақпарат алуға құқығы бар.
4. Азаматтардың дәрiханалық, профилактикалық-емдеу, санитариялық-эпидемиологиялық ұйымдардан белгiленетiн, сатылатын дәрi-дәрмектiк өнiмдердiң сапасы, қауiпсiздiгi мен тиiмдiлiгi туралы толық ақпарат алуға құқығы бар.
5. Азаматтардың денсаулық жағдайы туралы ақпарат тексеру мен емдеудi жүргiзетiн дәрiгер бередi.
52-бап. Азаматтар өздерiнiң денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру құқығы
Азаматтардың өздерiнiң денсаулығына мемлекет, жұмыс берушiлер немесе өзге де адамдар келтiрген моральдық және материалдық нұқсандардың орнын толтыруға құқығы бар. Денсаулыққа келтiрiлген зиянның орнын толтырудың негiздемесi мен тәртiбi Қазақстан Республикасы заңдарымен белгiленедi.
53-бап. Азаматтардың шетелдiк медициналық және басқа да ұйымдарда медициналық, фармацевтикалық, протездiк-ортопедиялық көмек алу құқығы
Азаматтардың шетелдiк медициналық және басқа да ұйымдарда медициналық, фармацевтикалық, протездiк-ортопедиялық көмек алу қажеттiгi туралы мамандандырылған медицина мекемелерiнiң қорытындысы болған жағдайда осындай көмек алуға құқығы бар. Мемлекеттiк органдар оны алуға жәрдемдесуге мiндеттi.
54-бап. Ананың денсаулық сақтау құқығы
1. Әйелге ана болу туралы мәселенi өзi шешу құқығы берiледi. Денсаулық сақтау мақсатында әйелге оның келiсiмiмен өзi қаламаған жүктiлiктiң алдын алудың осы заманғы әдiстерi қолданылуы мүмкiн, хирургиялық жолмен дәрiлеп тазалау медициналық айғақтар болған жағдайда тек әйелдiң келiсiмiмен және жеке тiлек бiлдiру бойынша ғана жүргiзiледi, медициналық айғақтар тiзбесiн Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы белгiлейдi.
2. Қазақстан Республикасында ананы мемлекет қорғайды және көтермелейдi:
3. Ананы қорғау:
арнайы медицина ұйымдарының кең желiсiн ұйымдастыру;
бала тууына байланысты әйелге Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленген тәртiппен және мөлшерде жәрдемақы төлеу;
жүктi әйелдерге медициналық нұсқамаларды орындауға мүмкiндiк туғызып, оларды жұмысқа ұтымды түрде орналастыру;
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес баланы күтiп-бағуға жәрдемақы төлей отырып, жұмыс iстеп жүрген әйелдерге жүктiлiгi мен босануына байланысты демалыстар беру;
жеке жұмыс кестесiн және толық емес жұмыс уақыты режимiн белгiлеу арқылы қамтамасыз етiледi.
4. Заңдар арқылы басқа да жеңiлдiктер жасалуы мүмкiн.
55-бап. Балалалардың денсаулық сақтау құқығы
1. Мемлекет балалардың құқықтары мен мүдделерiн қорғауды жүзеге асырады, олардың дене бiтiмi, ақыл-ойы, рухани, адамгершiлiк және әлеуметтiк дамуы үшiн қажеттi тұрмыс жағдайларына құқықтарын қамтамасыз етедi.
2. Мемлекеттiк органдар, жұмыс берушiлер арнаулы медицина және балаларды сауықтыру ұйымдарының желiсiн дамытуды қамтамасыз етедi, олардың тиiмдi жұмыс iстеуi үшiн қажеттi жағдайлар жасауына жауапты болады.
3. Балалар мiндеттi мерзiмдi медициналық байқаулардан өтiп тұруға және тұрақты диспансерлiк бақылауда болуға тиiс.
4. 3 жасқа дейiнгi балаларды, сондай-ақ дәрiгерлердiң қорытындысы бойынша қосымша күтiп-бағуды қажет ететiн ауыр науқасты ересек жастағы балаларды стационарда емдеу кезiнде анасына (әкесiне) немесе баланы күтiп-бағуды тiкелей жүзеге асыратын өзге адамға ауырып қалған отбасы мүшесiн күтiп-бағуға байланысты еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақы төленiп, емдеу мекемесiнде онымен бiрге болу мүмкiндiгi берiледi.
5. Дене бiтiмiнiң немесе психикасының жетiлуiнде кемiстiгi бар балалардың мамандандырылған балалар мекемелерiнде медициналық-әлеуметтiк жәрдем алуға құқығы бар. Аталған балаларды сәбилер үйiне және жалпы мақсаттағы оқу-тәрбие ұйымдарына орналастыруға кедергi келтiретiн медициналық айғақтар тiзбесiн Қазақстан Республикасының азаматтардың денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлдi орталық атқарушы органы бекiтедi.