Қазақстан Республикасының су қоймаларындағы балық қорларын қорғау
және балық аулауды реттеу жөнiндегi ереженi бекiту туралы
Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1995
жылғы 5 сәуiрдегi N 414 Қаулысы
Осы редакция ҚР Үкіметінің 2003 ж. 5 мамырдағы N 427 қаулысымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi қаулы етедi:
Қазақстан Республикасының су қоймаларындағы балық қорларын қорғау және балық аулауды реттеу жөнiндегi Ереже бекiтiлсiн (қоса берiлiп отыр).
Қазақстан Республикасы
Премьер-министрiнiң
бiрiншi орынбасары
Қазақстан Республикасы
Министрлер Кабинетiнiң
1995 жылғы 5 сәуiрдегi
N 414 қаулысымен
Бекiтiлген
Қазақстан Республикасының су қоймаларындағы
балық қорларын қорғау және балық аулауды
реттеу жөнiндегi
Ереже
1. Балықтарды және басқа су жәндiктерiн кәсiпшiлiк аулау үшiн пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкiн не кәсiпшiлiк балық қорларын жетiлдiруге арналған мәнi бар Қазақстан Республикасының барлық су қоймалары (аумақтық сулар, iшкi теңiздер, өзендер, көлдер, тоғандар, су бөгендерi мен олардың қосымша сулары) балық шаруашылық су қоймалары деп саналады.
2. Балық қорлары мен басқа да су жәндiктерiн қорғау, осы Ереженiң талаптарын, балық аулау ережелерiн, басқа да су жәндiктерi кәсiпшiлiгiнiң шарттарын сақтауға, сондай-ақ балық шаруашылық су қоймаларында балық қорларын жетiлдiру және мелиорация жөнiндегi шараларды өткiзуге бақылау жасауды балық қорғау органдары жүзеге асырады.
3. Балық шаруашылық су қоймаларында балық аулау ережесiн Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi бекiтедi.
Су қоймаларында балық аулау ережесiнiң жобасын тиiстi ғылыми мекемелердiң ұсынымдары мен балық шаруашылық ұйымдарының ұсыныстары негiзiнде республикалық балық қорғау органдары әзiрлейдi.
4. Табиғат пайдаланушылар үшiн су қоймалары немесе су қоймаларының жекелеген телiмдерiн бекiтiп беру және оларға балықтарды кәсiпшiлiк аулауға, басқа да су жәндiктерiн аулауға құқық беру туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес осындай құзыры бар атқарушы өкiмет органдары қабылдайды.
Атқарушы өкiмет органдарының аталған шешiмдерi балық қорғау органдары енгiзген ұсыныс бойынша, ал Орал-Жайық және Балқаш-Iле бассейндерiнiң су қоймалары, Алакөл көлдер тобы, Бұқтырма мен Шардара су бөгендерi бойынша - тек Қазақстан Республикасы Экология және биоресурстар министрлiгiнiң оңтайлы жазбаша қорытындысы болғанда ғана қабылданады.
Осы шешiмдер қабылданған соң табиғат пайдаланушылар мен балық қорғау органдары арасында су қоймаларын пайдалануға, балықтар мен басқа да су жәндiктерiн аулауға шарт жасалады.
Су қоймалары көлдердiң тауарлы (қолдан өсiрiлетiн балықтар) шаруашылықтарын құруға, әуесқой және спорттық балық аулауды ұйымдастыруға арналған сияқты балық аулауды және басқа да су жәндiктерiн аулауды жүзеге асыру үшiн де бөлiнуi мүмкiн.
5. Кәсiпшiлiк телiмдердiң жағалауынан шеткерi орналасқан iрi балық шаруашылық су қоймаларынан балықтарды және басқа су жәндiктерiн аулау балық қорғау органдарының әрбiр кемеге немесе аулаудың кәсiпшiлiк құралдарына, звеноға немесе әрбiр бригадаға берген рұқсаттары (лицензиялары) бойынша жүзеге асырылады.
6. Көлiк және гидротехникалық құрылғылар, темiр жол көпiрлерiнiң, сауда және әскери порттардың, айлақтардың кеме, жасау және кеме жөндеу заводтарының, нығайтылған аудандардың, әскери лагерьлердiң жерлерi белдеуiнде орналасқан балық кәсiпшiлiгi телiмдерiнде балық аулауға құқықты онда өз пайдалануында жер белдеулерi орналасқан ұйымдармен келiсiм бойынша балық қорғау органдары бередi.
7. Ғылыми-зерттеу мекемелерi балық қорғау органдарымен келiсiм бойынша барлық балық шаруашылық су қоймаларында кез-келген уақытта және кез-келген аулау құралдарымен зерттеу мақсаттары үшiн балық және басқа су жәндiктерiн аулауды жүзеге асыра алады.
8. Балық аулау мен балық қорларын қорғаудың белгiленген ережесiн, сондай-ақ су пайдалану ережесiн сақтай отырып, қорықтардан, балық питомниктерiнен, тоған және басқа қолдан өсiрiлетiн балық шаруашылықтарынан басқа, барлық су қоймаларынан балықтарды әуесқойлық және спорттық аулауға, жеке тұтыну үшiн басқа да су жәндiктерiн аулауға барлық азаматтарға рұқсат етiледi.
9. Шекаралық суларда (су қоймаларында) өнеркәсiптiк мақсатқа және жеке тұтыну үшiн балықтарды және басқа су жәндiктерiн аулау барысында шекаралық режимге қатысты ережелер сақталуы керек.
10. Балық аулау мұқтажы үшiн (қоржынды ауды тарту, аулау құралдарын кептiру мен жөндеу, кемелердi жөндеу, тетiктердi қондыру, уақытша тұрғын және өндiрiстiк құрылыстарды салу мен басқа да жұмыстарды жүргiзу) табиғат пайдаланушыларға пайдалану көлемi мен тәртiбiн су және орман ресурстары мемлекеттiк басқару органдарының келiсiмi бойынша жергiлiктi атқарушы органдар белгiлейтiн жағалау белдеуiн пайдалану құқы берiледi.
11. Кәсiпшiлiк телiмдерде балықтар мен басқа да су жәндiктерiн аулауға құқық берiлген табиғат пайдаланушылар балық қорғау органдарымен келiсiм бойынша өз күштерiмен және өз қаржылары есебiнен ау тартатын, жүзетiн және басқа аулайтын жерлердi тазалауды жүзеге асыруға, аулау құралдарын iрiктеу жерлерiндегi жағалау телiмдерiнiң тиiстi санитарлық жағдайын ұстауға мiндеттi.
12. Су жәндiктерiнiң кейбiр түрлерiнiң қорларын пайдалануды ұтымды жүзеге асыру мақсатында олардың пайдалануына лимит пен квота (үлес) белгiленуi мүмкiн.
Балық аулау мен басқа да су жәндiктерiне лимит пен квотаны белгiленген заңдық тәртiппен Республика Үкiметi бекiтедi.
13. Су жәндiктерiнiң кейбiр түрлерiн сақтау мен ұдайы өндiру мақсатында оларды белгiленген су қоймаларында (су қоймалары телiмдерiнде) немесе белгiленген мерзiмдерде пайдалануға тыйым салынуы және шек қойылуы белгiленуi мүмкiн.
Балық және басқа да су жәндiктерiн аулауға тыйым салу мен мұндай шек қою белгiленген тәртiппен бекiтiлген республика су қоймаларында балық аулау ережелерiнде ескертiледi.
14. Мыналарға:
а) балық шаруашылығы су қоймаларында, жағалауларға және мұздың үстiне өндiрiстiк, коммуналдық, ауыл шаруашылығының және басқа кәсiпорындардың, көлiктiң барлық түрiнiң тазаланбаған және залалсыздандырылмаған қалдық суларын, сондай-ақ өндiрiстiк, тұрмыстық және басқа да қалдықтар мен қоқыстарды төгуге;
ә) балық қорын қорғау органдарының келiсiмiнсiз үйiндiлер жасауға және балық уылдырық шашқан су жайылған телiмдердегi бұзылған үйiндiлердi қалпына келтiрудi жүзеге асыруға;
б) өзендерге, сағаларға және каналдарға бөгеттер және жаппай тосқауылдар жасауға, балық қорын қорғау органдарының келiсiмiмен жүргiзiлетiн санитарлық, гидротехникалық, мелиорациялық шаралардан басқа жағдайда, тоғандардың, көлдердiң суын ысырып ағызуға;
в) балық қорын қорғау органдарының келiсiмiнсiз өзендердiң бекiре және лосось балықтар уылдырық шашатын жерлерiн сал жүргiзу арқылы ағаш тасымалдауға пайдалануға;
г) мұздың үстiне және балық шаруашылықтарының су жайылатын жағалауларына ағаштарды бұтақтағанда, жағаға үйгенде, мұзға үйгенде, сондай-ақ сал үшiн құрылыс салу барысында пайда болатын жаңқаларды, қабықтарды, кесiлген ағаштың ұнтақтары мен басқа да қалдықтарды қалдыруға;
Сал жүргiзушi ұйымдар осы мақсатқа пайдаланылатын балық шаруашылығы су қоймаларын батып кеткен ағаштардан және басқа қалдықтардан үнемi тазалап отыруға мiндеттi;
ғ) бағалы кәсiпшiлiк балықтардың ұрық шашуын қорғайтын кесуге рұқсат етiлмейтiн орман бөлiктерiнде, сондай-ақ бекiре, лосось балықтарын өсiретiн заводтар, шаруашылықтар ауданындағы су қоймалары жағалауынан үш шақырымға дейiнгi ормандарда (орманды күту, санитарлық, орманды қалпына келтiру үшiн ағаштарды iрiктеп кесу мақсатынан басқа) ағаш дайындау жұмыстарын жүргiзуге;
д) балық шаруашылық маңызы бар өзендерде оның арасының үштен екi бөлiгiнен артық жерлердi алатын қоршаулар жасауға;
е) балық шаруашылығы су қоймаларында балық қорын қорғау органдарының рұқсатынсыз өзеннiң саязданған бөлiктерiнде кеме және ағаш тасымалдайтын салдар жүруi үшiн судың түбiн тереңдетудiң шұғыл жұмыстарынан, салды өзендерге амалсыз жол ашу, мұз көшкiнi және тасқын кезiнде аварияны болдырмау жөнiндегi жұмыстардан басқа жағдайда, жарылыстар жасауға.
Аталған жағдайларда жарылыс жұмыстарын жүргiзу жөнiнде балық қорғау органдарына тез арада хабар беру керек;
ж) жарылғыш және улы заттарды қолдана отырып балық және басқа су жәндiктерiн аулауға, сондай-ақ балық аулау кезiнде ататын және басқа тыйым салынған аулау құралдарын қолдануға;
з) аулау құралын өзеннiң немесе сағаның енiнiң үштен бiрiнен артық бөлiгiне орналастыруға;
и) судың түбiн тереңдету немесе оны тазалау жұмыстары кезiнде алынған топырақты балық уылдырық шашатын жерлерге және қыстайтын шұңқырларға төгуге, сондай-ақ балық шаруашылық су қоймаларында зығыр, сора, терi жууға;
к) балық қорғау органдарының келiсiмiнсiз балық аулауға рұқсат етiлмейтiн жерлерде су өсiмдiктерiн дайындауға;
қ) балық шаруашылығы су қоймаларына жақын жерлерде белгiленген ереженi сақтамай балық қорлары мен басқа да су жәндiктерi мен өсiмдiктерiне зиян келтiретiн өсiмдiк қорғау, олардың өсуiне ықпал ету құралдарын, минералды тыңайтқыштар мен басқа да құралдарды тасымалдауға, сақтауға және қолдануға;
л) бағалы балық түрлерiн, теңiз ұсақ жәндiктерiн, су омыртқасыздарын, уылдырықты, сондай-ақ теңiз жәндiктерiнiң терiлерi мен осы биоқорлардың басқа да өнiмдерiн ауланған жерлерде тиiстi рұқсатсыз сатып алуға және сатуға немесе басқа жолмен алуға;
м) балық шаруашылығы су қоймаларында балық қорын қорғау органдарының рұқсатынсыз балықтарды және басқа су жәндiктерi мен өсiмдiктерiн жерсiндiру жұмыстарын жүргiзуге тыйым салынады.
15. Балық шаруашылығы су қоймаларынан кәсiпорындар қажетi мен суландыру үшiн су қоршап алуды тек балық қорғау органдарының келiсiмiмен балықтың су қорғаны құрылысына түсуiнен қорғау үшiн арнаулы қондырғылар орнатылған жағдайда ғана жүргiзуге болады.
16. Балық шаруашылығы су қоймалары жанынан кәсiпорындар, ғимараттар және басқа да объектiлер орналастыру, жобалау, салу, жаңаларын пайдалануға беру, барларын қайта жаңғырту, кеңейту кезiнде, сондай-ақ осы су қоймалары мен оған таяу жерлерде (аймағында) басқа да түрлi жұмыстар жүргiзгенде бiрлестiктер, кәсiпорындар, мекемелер мен ұйымдар балық қорын қорғау органдарының келiсiмiмен жобалар мен сметаларда балық қорын сақтау жөнiндегi шарларды көздеуге және жүзеге асыруға, бөгеттер салғанда су қоймасын балық шаруашылығына толық пайдалануға мiндеттi.
17. Балық қорғау органдарының басшылары, олардың орынбасарлары мен балық қорғау органдарының мемлекеттiк инспекторлары мыналарға:
а) мекемелердiң, кәсiпорындардың, ұйымдардың, колхоздардың, кооперативтердiң және басқа да шаруашылық жүргiзушi ұйымдардың лауазымды адамдарынан, сондай-ақ жекелеген азаматтардан осы Ереже мен балық аулау тәртiбiн бұзғандығы жөнiнде түсiнiктеме беруiн талап етуге;
ә) осы Ережеде және басқа нормативтiк актiлерде белгiленген балық аулау балық қорын қорғау ережесiн бұзғаны туралы белгiленген тәртiппен хаттама толтырады. Тәртiп бұзушының кiм екенiн сол жерде анықтау мүмкiн болмаған жағдайда мемлекеттiк балық қорғау инспекторы оларды iшкi iстер органдарына немесе жергiлiктi атқарушы өкiмет органдарына тапсыра алады;
б) осы Ереже мен басқа нормативтiк актiлерде белгiленген балық аулау және балық қорын қорғау ережесiн бұзған адамдардан өз құзыры шеңберiнде оларда бар қылмыс жасау, заңсыз балық, басқа да су жәндiктерi мен өсiмдiктерiн аулау құралы болып табылатын аулау, жүзу құралдарын, басқа да көлiк құралдары мен осы мақсатқа пайдаланған заттарын, тиiстi құжаттарын алуға құқылы.
Заңсыз ауланған балық және басқа да су жәндiктерi сол жерде немесе оларды қабылдау, өңдеу, өткiзу пункттерiнде де алынады және қажеттi құжаттар толтыру арқылы сол кездегi баға бойынша балық қабылдау пункттерiне немесе сауда ұйымдарына өткiзiледi.
Алынған аулау құралдары, жүзу және басқа да көлiк құралдары тәртiп бұзушының жауапкершiлiгi туралы мәселе шешiлгенше, Қазақстан Республикасының заңдарында басқаша көзделмесе, балық қорғау органдарының базаларында немесе осы органдардың қалауы бойынша басқа жерлерде сақталады.
Балық аулау ережесiн, аталған Ереженi және басқа нормативтiк актiлердi бұзу туралы қаралған iстiң нәтижесiне байланысты алынған аулау құралдары, жүзу және басқа көлiк құралдары белгiленген тәртiп бойынша кәмпескеленедi немесе иесiне қайтарылады. Тыйым салынған аулау құралдары биоқорлар аулаумен шұғылданатын ұйымдарға сатылады немесе басқа мақсатқа пайдалануға мүмкiн болмаған жағдайда жойылады.
Балық аулау мен балық қорғау ережесiн бұзушы адам табылмаған жағдайда ауланған балық пен қалдырып кеткен аулау құралдары мен жүзу құралдарын иесiз ретiнде балық қорғау органдары сатады;
в) белгiленген тәртiп бойынша мүлiктерге, көлiк құралдарына тексеру, аулау құралдары мен тәсiлiне байқау, ауланған балықтарға және басқа су жәндiктерiне кәсiпшiлiк жерiнде, қоймаларда, қабылдау пункттерiнде, сондай-ақ кемелерде, басқа да көлiк құралдарында тексеру жүргiзедi;
г) қызмет бабымен жол жүргенде бағыты бiр кемелердi, балық және басқа су жәндiктерiн аулаумен шұғылданатын кәсiпорындардың, колхоздардың және басқа ұйымдардың түрлi көлiктерiн тегiн пайдаланады;
ғ) осы Ереже мен басқа нормативтiк актiлерде белгiленген балық аулау және балық қорын қорғау ережесiнiң сақталуын тексеру үшiн балық шаруашылығы қоймаларындағы кәсiпорындарға, гидротехникалық ғимараттарға және басқа да ұйымдар мен объектiлерге тосқауылсыз кiредi және анықталған кемшiлiктi жою туралы мiндеттi түрде орындауға жататын нұсқаулар бередi. Балық қорғау органдарының басшылары мен олардың орынбасарларына балық қорын және басқа су жәндiктерiн, олардың тiршiлiк ететiн ортасын, өсiп-өну және көшу жағдайын қорғау жөнiндегi ереже, норма, басқа да талаптар жүйелi түрде бұзылған жағдайда оны қалпына келтiргенге дейiн жұмысты тоқтатуға құқық берiледi. Айрықша режиммен жұмыс iстейтiн объектiлерге кiру белгiленген тәртiп бойынша жүргiзiледi;
д) кәсiпорындардың, колхоздардың және басқа табиғат пайдаланушы ұйымдардың олардың түрлерi мен кәсiпшiлiк ауданы бойынша балық және басқа су жәндiктерiн аулау жөнiндегi есеп-қисап материалдарымен танысады;
е) балық және басқа су жәндiктерiн аулаумен шұғылданатын кәсiпорындар мен ұйымдардың лауазымды адамдарының балық аулау және балық қорын қорғау ережесiне сай келмейтiн iстерi мен нұсқауларын тоқтатады және бұзады;
ж) осы Ереже мен басқа да нормативтiк актiлерде белгiленген балық аулау және балық қорын қорғау ережесiн бұзу нәтижесiнде балық шаруашылығына келтiрiлген зиянның орнын толтыру қаражатын мемлекет есебiне өндiрiп алу жөнiнде меншiктiң барлық нысанындағы кәсiпорындарға және ұйымдарға, сондай-ақ азаматтарға талап қояды;
з) балық аулау мен балық қорғау ережесiн бұзуға жол берген лауазымды адамдар мен азаматтарға заңда белгiленген тәртiппен айып салынады.
Заңда көзделген жағдайларда аулау тәртiбiн бұзу туралы материалдар кiнәлi адамдарды қылмыстық жауапқа тарту туралы мәселенi шешу үшiн белгiленген тәртiппен тиiстi органдарға жiберiледi.
18. Балық қорғау органдарының басшы қызметкерлерiне (мемлекеттiк инспекторлардың құқын пайдаланушыларға) және мемлекеттiк балық қорғау инспекторларына айырмашылық белгiсi бар тегiн пiшiмдi киiм-кешек және қызметтiк борышын атқару кезiнде қарумен жүруге құқық берiледi.