Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы 1992 жылғы 2 шілдедегі
N 1488-ХІІ Қазақстан Республикасының Заңы
(ҚР Президентiнiң 05.10.95 ж. N 2488 Жарлығымен енгізілген өзгерістерімен)
Осы редакция 2004 жылғы 20 желтоқсандағы N 13-III ҚР Заңымен енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Тарихи-мәдени мұра халықтың тарихи тағдырының аса маңызды айғағы ретінде, оның бүгінгі және болашақта дамуының негізі және сөзсіз шарты ретінде, бүкіл адамзаттық өркениеттің құрамдас бөлігі ретінде барлық қауіп-қатерден тұрақты түрде қорғап отыруды талап етеді. Қазақстан Республикасында мұны қамтамасыз ету барлық заңды ұйымдар мен нақты адамдардың адамгершілік борышы және осы Заңмен белгіленетін міндеті болып табылады.
І бөлім. Жалпы ережелер
1-бап. Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заңдары
Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заңдары осы Заңды және қоғамдық қатынастардың осы саласындағы мәселелерді реттейтін басқа да заң актілерін қамтиды.
2-бап. Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заңдарының мақсаты мен міндеттері
Осы Заңның мақсаты тарихи-мәдени мұраның сақталуын және сабақтас дамуын қамтамасыз ететін қоғамдық қатынастарды реттеу, атап айтқанда:
- тарихи-мәдени мұра ұғымын анықтау, оны қорғау және пайдалану;
- тарихи-мәдени мұра объектілерінің құқылық мәртебесін баянды ету;
- мемлекеттік өкімет органдарының, кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ жекелеген адамдардың тарихи-мәдени мұраны сақтау саласындағы қоғам мен халық алдындағы құқықтары мен міндеттерін регламенттеу;
- мемлекеттік органдардың тарихи-мәдени мұраны қорғау саласындағы құзыретінің ара-жігін ашу;
- тарихи-мәдени мұраға тікелей немесе жанама түрде зиян келтірушілердің іс-әрекеттері немесе әрекетсіздігі үшін жауапкершілік шараларын белгілеу болып табылады.
3-бап. Тарихи-мәдени мұра
Тарихи-мәдени мұраларға халықтың тарихи өткен кезінен, қоғамның және мемлекеттің дамуымен байланысты археологиялық объектілердің, ғимараттар мен заттардың барлық түрі, сирек кездесетін геологиялық, физиографиялық құрылымдар болып табылатын тарихи-мәдени ландшафтар, табиғаттың бірегей объектілері, тарихи, ғылыми және көркемдік жағынан құнды материалдық және рухани мәдениет туындылары жатады.
4-бап. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану
Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау, сақтау және пайдалану:
- тарихи-мәдени мұраларды анықтауға, зерттеу мен насихаттауға;
- тарихи-мәдени қазыналарға тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесін белгілеуге;
- ескерткіштерді құртып-жоюдан, жүгенсіздікпен қиратудан, бұрмалаудан, әдейі адастырудан, өңін айналдырудан, орынсыз өзгерістер енгізуден, тарихи орнынан алып тастаудан қорғауды қамтамасыз етуге;
- консервациялау, реставрациялау, регенерациялау және факсимилелік басылымдар шығару жолымен ескерткіштерді сақтауға және жаңғыртуға;
- ескерткіштерді олардың сақталуын қамтамасыз ететін қағидаларға сәйкес күтіп-ұстауға;
- ескерткіштерді этнографиялық-мәдени ортаның түлеуі процесінде, сондай-ақ ғылыми және тәрбиелік мақсаттарға пайдалануға бағытталған шаралар жүйесін қамтиды.
Көзделіп отырған шаралар жүйесі Қазақстандағы ескерткіштер деп танылған барлық тарихи-мәдени қазыналарға, олардың түріне, сақталу дәрежесіне және кімнің меншігінде екеніне қарамастан қолданылады.
5-бап. Тарихи-мәдени мұра объектілерінің құқылық мәртебесі
Тарихи-мәдени мұра объектілері осы Заңда белгіленген тәртіп бойынша өздері ескерткіш деп танылған кезден бастап ескерткіштер мәртебесін алады.
Тарихи-мәдени қазыналарды ескерткіштер деп тану оларды міндетті түрде жариялануға тиісті тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізу арқылы баянды етіледі. Археологиялық ескерткіштердің барлық түрі әуелбастан тарихи-мәдени және ғылыми жағынан құнды әрі олардың тарих және мәдениет ескерткіштері мәртебесі бар.
Қазақстан Республикасындағы тарих және мәдениет ескерткіштері, осы Заңда көзделген тәртіппен міндетті түрде қорғалуға және сақталуға жатады, оларды пайдаланудың, оларды меншіктену құқығын өзгертудің және оларды құқылық мәртебеден айырудың ерекше құқықтық режимі бар.
Тарих және мәдениет ескерткішін құқылық мәртебесінен айыруға, оны тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінен шығарып тастауға Қазақстан Республикасының ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік органының арнаулы комиссиясымен келісілген тиісті жергілікті өкімет органының ұсынысы бойынша, ғылыми сараптаманың қорытындысы негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен тек ерекше жағдайларда (дүлей апаттар салдарынан қираған немесе тарихи-мәдени құндылығын жоғалтқан кезде) ғана жол беріледі.
6-бап. Тарихи-мәдени мұра объектілерінің түрлері
Тарихи-мәдени мұра объектілері болып мыналар танылуы мүмкін (тұтас немесе ескертілген бөлігі):
Материалдық тарихи айғақтар:
1) қозғалмайтын тарихи айғақтар, оның ішінде:
- некен-саяқ объектілер және сәулет, монументтік өнер туындылары, археологиялық сипаттағы элементтер немесе құрылымдар, эпиграфиялық материалдар, ғылым мен техника туындылары, үйлер, ғимараттар немесе тарихи немесе мемориалдық маңызы бар өзге де объектілер;
- кешенді объектілер - қала салу өнерінің туындылары (сәулет ансамбльдері мен кешендері, тарихи қалалар мен елді мекендер, қалалардың бөліктері, махаллалар, көшелер, қала салу құрылымдарының элементтері), бау-парк өнерінің туындылары, тарихи некропольдер, тарихи аумақтар мен орындар;
2) қозғалмалы тарихи айғақтар, оның ішінде:
- некен-саяқ объектілер - археологиялық табылымдар, ежелгі заман заттары, қозғалмайтын ескерткіштердің бөлшектенуге ұшыраған элементтері, антропологиялық және этнологиялық материалдар, тарихи жәдігерліктер, көркемсурет (кескіндеме, графика, қолданбалы өнер, кино және фотосурет өнері) туындылары, қолжазба түріндегі және баспа бетінде жарияланған сирек кездесетін құжаттар, кино, фото және бейне, құжаттар, дыбыс жазбалары;
- кешенді объектілер - тарихи қалыптасқан кешендер, аталған некен-саяқ объектілердің тұтас нәрсе ретінде алынған қорлары мен коллекциялары, сондай-ақ тұтас нәрсе ретінде тарихи маңызы бар құнды табиғи-ғылыми қазыналардың кешендері, қорлары мен коллекциялары.
Материалдық емес табиғи айғақтар:
- адамзат қауымдастығының дәстүрлері - тарихи, мәдени, діни, тұрмыстық, шаруашылық айғақтары:
- жергілікті товарлар (диалектілер) және саны аз халықтардың тілдері, тарихи топонимдер.
7-бап. Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау, сақтау және пайдалану жөніндегі құзыреті
Қазақстан Республикасы тиісті органдары арқылы республика заңдарымен белгіленген тәртіппен танылған және өз аумағында орналасқан тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, сақтау және пайдалану жөніндегі бүкіл билікке толық ие болады.
Қазақстан Республикасының меншігі болып табылатын, бірақ басқа мемлекеттердің аумағында орналасқан ескерткіштер де қорғауға, сақтауға және пайдалануға жатады.
Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, бірақ басқа мемлекеттердің, заңды ұйымдар мен азаматтардың меншігі болып табылатын ескерткіштерді қорғау, сақтау және пайдалану мемлекетаралық шарттарға сәйкес белгіленеді.
Қазақстан Республикасы қазақ халқы мен Қазақстан Республикасында тұратын халықтардың тарихи-мәдени игілігі деп танылған, республикадан тыс жерлердегі мәдени қазыналарды анықтауға, есепке алуды ұйымдастыруға, сақтауға және тарихи отанына қайтаруға шаралар қолданады.
ІІ бөлім. Тарихи-мәдени мұра объектілеріне меншік
құқығын жүзеге асырудың ерекшеліктері
8-бап. Меншік қатынастарын реттеу
Тарих және мәдениет ескерткіштеріне меншік қатынастары "Қазақ КСР-індегі меншік туралы" Заңмен және республиканың басқа да заң актілерімен реттеледі. Тарих және мәдениет ескерткіштеріне меншік құқығын жүзеге асырудың ерекшеліктері осы заңмен белгіленеді.
9-бап. Меншік құқығы объектілері
Осы Заңмен белгіленген тәртіп бойынша ескерткіштер деп танылған материалдық және рухани тарихи-мәдени қазыналар ескерткіштерге меншік құқығының объектілері болып табылады.
10-бап. Меншік құқығы субъектілері
Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасы объектілеріне меншік құқығының субъектілері: Қазақстан Республикасы, әртүрлі меншік түрлеріндегі заңды ұйымдар мен Қазақстан Республикасының азаматтары бола алады.
11-бап. Тарих және мәдениет ескерткіштеріне мемлекеттік меншік
Қазақстан Республикасының аумағындағы және басқа субъектілердің меншігі болып табылмайтын барлық тарих және мәдениет ескерткіштері, сондай-ақ заңдармен белгіленген тәртіп бойынша ескерткіштер деп танылған тарихи-мәдени ландшафтар тек қана Қазақстан Республикасының меншігі болып табылады.
Қазақстан Республикасы қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасы болып табылатын, ол үшін тарихи-мәдени құнды тарих және мәдениет ескерткіштеріне меншік құқығын олардың меншік иелерімен жасалған шарттар бойынша сатып алуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы атынан халықаралық және республикалық маңызы бар ескерткіштерге меншік иесі өкілеттігін Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органы, ал жергілікті маңызы бар ескерткіштерге - тиісінше жергілікті өкімет органдары жүзеге асырады.
12-бап. Меншік субъектілерінің құқықтары
Меншік иесіне тарих және мәдениет ескерткіштеріне өз бетімен құрту құқығын қоспағанда, меншік иесінің оларды меншік объектілері ретінде иеленуге, пайдалануға және оларға билік етуге құқығы бар.
Объект тарих және мәдениет ескерткіші деп танылған жағдайда меншік иесі оған меншік құқығын сақтап қалады.
Меншігінде тарих және мәдениет ескерткіші бар азамат, егер меншік объектісі өзіне мұрагерлік құқығы арқылы тиесілі болса және шығу тегі немесе мазмұны жағынан мұра етіп қалдырған адамның жеке басымен немесе меншік иесінің ата-бабасымен байланысты болса, ол ескерткіштің мазмұнын 30 жыл мерзімге дейін жария етпеуді немесе зерттеу мен жария көрсетуге жол бермеуді талап етуге қақылы.
Меншік иесі ескерткіштерді пайдалану және іске қосу нәтижесінде пайда табуға (табыс алуға) құқылы, бұл құқық оларды қорғау жөніндегі міндеттемелермен шектеледі.
Қозғалмайтын ескерткіштерге меншік құқықтары өзгерген кезде, олардың аумағы жаңа меншік иесінің иелігіне тегін көшеді.
13-бап. Меншік иелерінің міндеттері
Тарих және мәдениет ескерткіштерінің меншік иелері оларды сақтау жөніндегі іс-әрекеттерді жүзеге асырады және:
1) ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолдануға;
2) ескерткіштердің тұрған орнында (қозғалмайтын) немесе меншік иесінің тұрғылықты жері бойынша (қозғалатын) ескерткіштерді қорғауға уәкілеттік берілген мемлекеттік органдарда тіркетуге;
3) ескерткіштерді қорғайтын мемлекеттік органдарға меншік құқықтарына өзгерістер жасау көзделіп отырғаны немесе жасалғаны туралы хабарлауға;
4) ескерткіштерді қорғайтын мемлекеттік органдарға, ескерткіштердің тұрған орнына, күтімі және пайдаланылу жағдайларына өзгерістер жасау көзделіп отырғаны немесе жасалғаны туралы хабарлауға;
5) ескерткіштерді қорғайтын мемлекеттік органдарға ескерткіштерді жөндеу, консервациялау, реставрациялау жұмыстары туралы хабарлауға;
6) ескерткіштерді қорғайтын мемлекеттік органдармен жасалған арнайы шарттарда белгіленген тәртіп пен шек бойынша ғылыми, мәдени және басқа мақсаттарда ескерткіштерге баруды қамтамасыз етуге міндетті.
Тарих және мәдениет ескерткіштерін меншіктенушілердің міндеттемелері меншік иесі мен ескерткіштерді қорғайтын мемлекеттік органның уәкілі қол қойған және жоғарыда аталған жалпы міндеттемелермен қатар нақты ескерткіштерге қатысты қолданылатын арнайы міндеттемелері бар қорғау құжаттарында тіркеледі.
Осы баптың 1, 2-тармақтарында айтылған міндеттемелер ескерткіштерді иеленушілер мен пайдаланушыларға бірдей дәрежеде қатысты.
Иеленушілер мен пайдаланушылар осы баптың 1, 3, 6-тармақтарында айтылған іс-әрекеттерді ескерткіштерді меншіктенушілердің куәландырылған келісімінсіз жүзеге асыра алмайды.
14-бап. Тарихи-мәдени мұра объектілеріне меншік құқығынан еріксіз айыру
Меншік иесінің кінәсінен жойылып кету немесе бүліну қаупіне ұшыраған ескерткіштерге меншік құқығынан еріксіз айыру сот шешімі негізінде ғана жүзеге асырылады.
Жеке, ұжымдық меншік иесі осы Заңның 13-бабында көзделген ескерткіштерді қорғау жөніндегі міндеттемелерді өз мойнына алудан бас тартқан ретте ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік органның талап етуі бойынша сот шешім қабылдайды.
Жеке меншік иесінің тұрғын үйі немесе тұрғын жайы болып табылатын ескерткіштен оны еріксіз айыруды Заңмен белгіленген тәртіп бойынша оған өзге тұрғын жай бермейінше және шарт бойынша тиісті өтем төлемейінше жүзеге асыруға болмайды.
Бұл орайда ескерткіштерді қорғау жөніндегі міндеттемелер шарттық негізде Қазақстан Республикасының басқа Заңды ұйымдар немесе азаматына берілуге тиіс; не ескерткіш еріксіз түрде жария сатылуға тиіс. Сатуға болмайтындығы анықталған жағдайда ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік органның шешімі бойынша ескерткіштер мемлекет меншігіне беріліп, бұрынғы меншік иесіне шартпен белгіленген, ал дау туған ретте сот белгілеген мөлшерде өтем төленеді.
Мемлекеттік органдар мемлекет меншігіндегі немесе оған келіп түскен ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз ету жөнінде міндеттеме алудан бас тартқан ретте аталған ескерткіштер осы Заңға сәйкес ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз етуге міндеттенетін алған өзге субъектілердің меншігіне берілуге тиіс.
15-бап. Ескерткішке меншік құқығын сатып алу кезіндегі артықшылықтар
Жалпы үлестік меншіктегі ескерткіштің бір бөлігінің меншік иелерінде осы ескерткіштің басқа бөліктерін меншігіне сатып алуға артықшылық құқығы бар.
Ескерткіштің басқа бөліктерін сатып алудың осы баптың бірінші тармағында көзделген артықшылық құқығы сатып алушы меншігінің ескерткіш мәртебесі болмаған ретте де қолданылады.
Ескерткіштерді жария сатқан кезде, осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде айтылған реттерді қоспағанда, мемлекеттің оларды нарық (аукцион) бағасы бойынша артықшылықпен сатып алуға құқығы бар. Бұл реттерде мемлекетте осы баптың бірінші бөлігінде аталған меншік иелерінен кейінгі артықшылық құқығы болады. Ескерткіштерді мемлекетке беру үшін сатып алушы заңды ұйымдар мен азаматтар да рәсімделген міндеттемені табыс еткен жағдайда, мемлекет сияқты, нақ олар да осындай құқықтарға ие болады.
ІІІ бөлім. Тарихи-мәдени мұраны қорғау саласындағы
мемлекеттік басқару
16-бап. Тарихи-мәдени мұраны қорғау, сақтау және пайдалану саласындағы мемлекеттік басқару органдары жүйесі
Қазақстан Республикасындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, сақтау және пайдалану саласындағы мемлекеттік басқаруды мыналар жүзеге асырады:
- Қазақстан Республикасының Үкіметі;
- жергілікті өкімет органдары;
- Қазақстан Республикасындағы тарих-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органы;
- Қазақстан Республикасының архивтерін басқаратын мемлекеттік органы.
17-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану саласындағы құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
- тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырып, жүзеге асырады;
- тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органдар мен құрылымдар туралы ережені бекітеді;
- тарихи-мәдени мұра объектілерін мемлекеттік есепке алу, сондай-ақ оларды анықтау, зертеу, күтіп-ұстау, консервациялау, реставрациялау, регенерациялау, музейге айналдыру, насихаттау және пайдалану, әкелу мен әкету тәртібін, республика меншігіндегі тарихи-мәдени мұра объектілерін пайдаланғаны үшін жалдау ақысы нарықтарын белгілейді.
18-бап. Тарихи-мәдени мұраны қорғау саласындағы жергілікті өкімет органдарының құзыреті
Жергілікті өкімет органдары өз аумағында:
- тарихи-мәдени мұра объектілерін анықтауды, есепке алуды, қорғауды, реставрациялау мен пайдалануды қамтамасыз етеді;
- тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану туралы заңдардың сақталуын қамтамасыз етеді;
- тиісті аумақтардың экономикалық және әлеуметтік даму жоспарларында жергілікті маңызы бар ескерткіштерді есепке алуды, қорғауды және реставрациялауды ұйымдастыру жөніндегі шараларды көздейді, сондай-ақ оларды өз бюджеттерінің қаражаты есебінен қаржыландырып отырады;
- кәсіпорындардың, ұйымдар мен мекемелердің ескерткіштерді қамқорлыққа алуын ұйымдастыруға жәрдемдеседі;
- ескерткіштерді қорғау және насихаттау жөніндегі шараларды жүргізуге жұртшылықты тартады;
- Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органымен келісе отырып, ескерткіштер болып табылатын мемлекет меншігіндегі үйлер мен ғимараттарды пайдалануға беру туралы мәселені шешеді;
- мемлекеттік меншіктегі жергілікті маңызы бар ескерткіштерді пайдаланғаны үшін жалдау ақысы нарықтарын белгілейді;
- қалаларды және басқа да елді мекендерді жоспарлау, салу және қайта құру жобаларын әзірлеу мен бекіту кезінде Қазақстан Республикасының Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органымен келісе отырып, барлық категориядағы ескерткіштерді анықтау, зерттеу, сақтау жөніндегі шараларын орындалуын, негізге алынатын тарихи-құрылыс жоспарлары мен карта-схемалардың жасалуын қамтамасыз етеді;
- шаруашылық-құрылыс және қорғаныс мақсатында игеруге жер учаскелерін бөлуді тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органның қорытындысы болған жағдайда ғана жүзеге асырады;
- тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органның ұсынуы бойынша, ескерткіштерге қауіп төндіретін құрылыс және өзге де жұмыстарды тоқтата тұру, сондай-ақ тыйым салу туралы мәселені шешеді;
- Қазақстан Республикасының Заңдарында көзделген өзге де өкілеттікті жүзеге асырады.
19-бап. Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органның құзыреті
Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органы:
- тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, сақтау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бағдарламаны әзірлейді және мемлекеттік саясатты қалыптастырып, іске асыруға қатысады;
- ескерткіштерді пайдаланудың жай-күйі мен оларды күтіп ұстау тәртібіне, ескерткіштерді консервациялау және регенерациялау жөніндегі жұмыстардың атқарылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
- Қазақстан Республикасы аумағындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін анықтауды, есепке алуды, сақтауды және пайдалану ережелерінің сақталуын қамтамасыз етеді;
- қажет болған жағдайда басқа да мүдделі ұйымдармен келісе отырып тарих және мәдениет ескерткіштеріне байланысты табиғат ескерткіштерін және айналадағы табиғи ортаның басқа да объектілерін қорғау мен пайдалануды жүзеге асырады;
- тарих және мәдениет ескерткіштері жөніндегі зерттеулердің, жобалау және реставрациялау-консервациялау жұмыстарының кез келген түрін жүргізуге рұқсат, ашық парақтар береді;
- барлық категориядағы ескерткіштердің сақталуына қатер төндіретін іс-әрекеттерді тоқтата тұрады немесе оларға тыйым салады;
- мәдени қазыналарды әкелу және әкету тәртібі туралы заңдардың сақталуын бақылауды жүзеге асырады;
- тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, сақтау және пайдалану туралы заңдардың нормаларын бұзушы лауазымды адамдарды, кәсіпорындарды, мекемелерді, қоғамдық бірлестіктерді, ұйымдар мен азаматтарды жауапқа тарту туралы өтініш жасайды;
- өзі туралы Ережеде көзделген өзге де өкілеттікті жүзеге асырады.
20-бап. Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану саласындағы Қазақстан Республикасының архивтерін мемлекеттік басқару органының құзыреті
Қазақстан Республикасының архивтерін мемлекеттік басқару органы:
- тарихи-мәдени мұраны, сирек кездесетін қолжазбалар қорларын қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастырып іске асыруға қатысады, тиісті мемлекеттік бағдарламалар әзірлейді;
- Қазақстан Республикасы мемлекеттік архивтерінің деректі ескерткіштерді анықтау және жинау, оларды есепке алу, қорғау, реставрациялау, пайдалану және насихаттау жөніндегі жұмысына басшылық етеді;
- мемлекеттік архивтерде тұрмаған деректі ескерткіштердің сақталуын қамтамасыз етуге бақылау жасауды жүзеге асырады;
- мемлекеттік архивтердегі деректі ескерткіштерді мамандардың, бұқаралық хабарлама құралдары өкілдерінің, ғалымдар мен басқа да зерттеушілердің зерттеуіне жол ашылуын қамтамасыз етеді.
IV бөлім. Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану
саласын қаржыландыру
ҚР Президентiнiң 05.10.95 ж. N 2488 Жарлығымен 21-бап өзгертілді
21-бап. Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану қорлары
Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органы жанынан республикалық бюджеттің қаржы қаражаттары, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау аймағында құрылыс, мелиорация, ауыл шаруашылық және басқа жұмыстарды; ескерткіштерді көруге байланысты саяхаттық-экскурсиялық шараларды; тіркелген ескерткіштердің бейнесі салынған базарлық өнім, жарналық басылымдар шығаруды; табиғи объектілер ретінде ескерткіштерді пайдалана отырып, кино, теле және бейнефильмдер түсіруді жүзеге асыратын мемлекеттік, кооперативтік, қоғамдық және басқа ұйымдардың Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен Қор туралы ережемен белгіленген мөлшерде сом және валюта түрінде бөлген проценттік қаржылары, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктердің, азаматтардың, басқа да кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың ерікті түрде жинаған жылуы есебінен Қазақстан Республикасының мемлекеттік тарихи-мәдени мұра қоры құрылады.
Қордың есебінен:
- тарихи-мәдени мұраны қорғау, реставрациялау және пайдалану саласындағы мемлекеттік бағдарламалар;
- реставратор-кадрларды кәсіби даярлау, реставрациялаушы ұйымдардың өндірістік базаларын нығайтып, дамыту, оларды осы заманғы техникамен, жабдықтармен және құрал-саймандармен жарақтандыру, осы ұйымдардың қызметкерлеріне әлеуметтік тұрмыстық жағдайлар жасау жөніндегі бағдарламалар;
- Қор туралы ережеде көзделген өзге де шаралар қаржыландырылады.
Ескерткіштерді қорғау саласындағы жергілікті бағдарламалар мен шараларды қаржыландыру үшін жергілікті өкімет органдары жергілікті бюджет қаражаты, сондай-ақ кәсіпорындардың, қоғамдық бірлестіктердің ерікті түрде бөлген қаржысы және азаматтардың жарналары есебінен ескерткіштерді қорғау қорларын құрады. Бұл орайда қаражаттың бір бөлігі тиісті облыстардың аумағындағы халықаралық және республикалық маңызы бар ескерткіштерді қорғау және реставрациялау мұқтаждары үшін жергілікті қордан мемлекеттік қорға аударылады.
Аталған қорларға ескерткіштерді меншіктенушілер мен пайдаланушылардан жергілікті бюджетке түсетін қаражат, сондай-ақ экскурсиялық, туристік ұйымдар мен олардың кәсіпорындарынан түсетін төлемдер сомасы жергілікті өкімет органы бекіткен Қор туралы ережеге сәйкес қосылады.
V бөлім. Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі пайдалану
жөніндегі шараларды жүзеге асыруға қоғамдық
бірлестіктердің, кәсіпорындардың, мекемелердің,
ұйымдар мен азаматтардың қатысуы
22-бап. Қоғамдық бірлестіктердің, кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдар мен азаматтардың тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі шараларды жүзеге асыруға қатысуы
Кәсіпорындар, мекемелер, ұйымдар, оқу орындары, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтар ескерткіштерді насихаттауға және көпшілікке танытуға қатысып, ескерткіштерді қорғайтын мемлекеттік органдарға ескерткіштерді қорғау, сақтау және пайдалану жөніндегі шараларды жүзеге асыруға жәрдемдеседі.
Кәсіпорындар, мекемелер, ұйымдар мен азаматтар тарих және мәдениет ескерткіштерінің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында оларды қамқорлыққа алып, ескерткіштерді қорғайтын мемлекеттік органдарға ескерткіштерді жөндеу, консервациялау және реставрациялау жөніндегі жұмыстарды атқаруда қаржымен және материалдық-техникалық көмек көрсете алады.
Қоғамдық бірлестіктер тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, сақтау және пайдалану жөніндегі қызметін өз жарғыларына (ережелеріне), сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
23-бап. Қазақ тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі шараларды жүзеге асыруға қатысуы
Қазақ тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамы тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғауға, сақтауға және пайдалануға байланысты шараларды жүргізу ісіне халықты тартуға жәрдемдеседі, ескерткіштерді насихаттауды жүзеге асырады, өз қызметінде тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану жөніндегі мемлекеттік органдармен бірлесіп іс-қимыл жасайды.