2. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда тараптардың бірі төрелікке ұсынатын барлық құжаттардың, материалдардың көшірмелері мен ақпаратты төрелік олар төрелікке келіп түскен күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде екінші тарапқа беруге тиіс. Төрелік сараптамалық қорытындыларды тараптарға төрелік іс қарау басталғанға дейін беруге тиіс.
21-бап. Талап арызды қайтару
1. Төрелік, егер:
1) тараптар арасында төрелік келісім болмаса;
2) талап қою төрелік келісімде көзделмеген төрелікке берілсе;
3) талап қоюдың нысанасы төрелік келісімнің шеңберінен тыс болса;
4) талап арызға қол қоюға өкілеттіктері жоқ адам қол қойса;
5) талапкер талап арызды қайтарып алу туралы өтініш берсе;
6) осы немесе басқа төреліктің іс жүргізуінде сол тараптар арасындағы сол нысана туралы және сол негіздер бойынша дау жөнінде іс бар болса, талап арызды қайтарады.
2. Талап арыз қайтарылған кезде төрелік дәлелді ұйғарым шығарады.
3. Арыздың қайтарылуы талапкердің сол жауапкерге сол нысана туралы және сол негіздер бойынша талап қойып төрелікке қайтадан жүгінуіне кедергі келтірмейді.
22-бап. Төрелік іс қарау тілi
1. Тараптар төрелік іс қарау барысында пайданылатын тіл немесе тілдер туралы өз қалаулары бойынша уағдаласуы мүмкін. Мұндай уағдаластық болмағанда төрелік іс қарау кезінде пайдалануға тиісті қазақ тілін, онымен тең орыс тілін немесе өзге де тілдерді айқындайды.
Төрелік іс қарау жүргізіліп отырған тілді меңгермеген іске қатысушы адамдарға аудармашы арқылы іс материалдарымен танысу, төрелік іс қарауға қатысу құқығы, төрелікте ана тілінде сөйлеу құқығы қамтамасыз етіледі.
2. Құжаттар мен өзге де материалдарды төрелік іс қарау тілінде (тілдерінде) ұсынбаған тарап олардың аудармасын қамтамасыз етеді, бұл ретте төреліктің регламентінде не тараптардың келісімінде қосымша талаптар айқындалуы мүмкін.
3. Төрелік тараптардан құжаттар мен өзге де материалдардың төрелік іс қарау тіліндегі (тілдеріндегі) аудармасын талап етуі мүмкін.
3-бап. Құжаттардың табыс етілмеуі немесе тараптардың келмей қалуы
1. Құжаттар мен өзге де материалдарды табыс етпеу, оның ішінде төрелік отырысының уақыты мен орны туралы тиісті түрде хабардар етілген тараптардың бірінің немесе олардың өкілдерінің төрелік отырысына келмей қалуы, егер құжаттар мен өзге де материалдарды табыс етпеу себептерін немесе тараптардың төрелік отырысына келмей қалуын ол дәлелсіз деп таныса, ұсынылып отырған материалдар мен дәлелдемелер негізінде төрелік іс қарау және төреліктің шешім қабылдауы үшін кедергі болып табылмайды.
2. Жауапкердің талап қоюға қарсылықтарын табыс етпеуін талапкердің талаптарын тану ретінде қарастыруға болмайды.
24-бап. Тараптардың жазбаша хабарламалар алуы
Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса:
1) егер кез келген жазбаша хабарлама адресаттың тұрақты тұрғылықты жері бойынша немесе пошталық мекенжайы бойынша оның өз қолына жеткізілсе, ол алынды деп есептеледі; мұндайларды ақылға қонымды анықтама жүргізу арқылы анықтау мүмкін болмаса, егер ол соңғы белгілі тұратын жеріне тапсырыс хатпен немесе осы хабарламаны жеткізу әрекетін тіркеуді көздейтін өзге де түрде жіберілсе, жазбаша хабарлама алынды деп есептеледі;
2) жазбаша хабарлама осындай жеткізілген күні алынды деп есептеледі.
25-бап. Тараптардың құқықтары
Төрелік іс қарауға қатысушы тараптардың:
1) іс материалдарымен танысуға және осы материалдардан көшірмелер алуға;
2) дәлелдемелерді табыс етуге;
3) өтініш білдіруге, төрешілерден бас тартуға;
4) процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға, ауызша және жазбаша түсініктемелер беруге;
5) процесс барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерін табыс етуге;
6) басқа тараптың өтініштеріне және дәлелдеріне қарсылық білдіруге;
7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құзыретті сот алдында төреліктің шешімін мәжбүрлеп орындату туралы өтініш беруге;
8) осы Заңда белгіленген жағдайларда төреліктің шешіміне шағымдануға құқығы бар.
25-1-бап. Тараптардың төрелік отырысына қатысуы
1. Әрбір тарапқа өз ұстанымын баяндау және өзінің құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін тең мүмкіндіктер берілуге тиіс.
2. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда төрелік іс қарау тараптардың немесе олардың өкілдерінің қатысуымен төреліктің жабық отырысында жүзеге асырылады.
Тараптар өкілдерінің өкілеттіктері Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында көзделген талаптар сақтала отырып ресімделуге тиіс.
25-2-бап. Дәлелдемелерді табыс ету және зерттеу
Әрбір тарап өз талаптары мен қарсылықтарының негіздемесі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге тиіс. Егер табыс етілген дәлелдемелер жеткіліксіз деп тапса, төреші тараптарға қосымша дәлелдемелер табыс етуді ұсынуға құқылы.
Төреші іс бойынша қолда бар барлық дәлелдемелерді тікелей зерттеуге міндетті.
25-3-бап. Төрелік тағайындаған сарапшы
1. Егер төрелік іс қарауға қатысушы тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, төрелік:
1) төрелік айқындайтын нақты мәселелер бойынша өзіне қорытындылар беруі үшін бір немесе бірнеше сарапшы тағайындауы;
2) тараптан іске қатысты кез келген ақпаратты сарапшыға табыс етуін не оған іске қатысты құжаттардың, тауарлардың немесе басқа да мүліктің тексеріп қарау үшін ұсынылуын немесе тексеріп қарауға мүмкіндік берілуін талап eтуі мүмкін.
2. Тараптардың өзге жөнінде уағдаластығы болмаған кезде, егер тарап бұл туралы өтінсе немесе төрелік оны қажет деп есептесе, сарапшы өзінің жазбаша немесе ауызша қорытындысын табыс еткеннен кейін тыңдауға қатысуға тиіс, онда тараптарға оған сұрақтар қою және даулы мәселелер бойынша айғақтар беру үшін мамандар ұсыну мүмкіндігі беріледі.
25-4-бап. Құзыретті соттың қамтамасыз ету шараларын ұсынудағы және дәлелдемелер алудағы жәрдемi
1. Тараптар төрелік іс қарау кезінде талап қоюды қамтамасыз ету жөнінде шаралар қолдану туралы өтінішпен құзыретті сотқа жүгінуге құқылы. Құзыретті соттың талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарым қабылдауы төрелік келісіммен сыйыспаушылық болып табылмайды.
2. Төрелікте қаралып жатқан талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтінішті тарап құзыретті сотқа төрелік іс қарау жүзеге асырылатын орын немесе оған қатысты қамтамасыз ету шаралары қолданылуы мүмкін мүліктің тұрған жері бойынша береді.
3. Құзыретті соттың төрелікте қаралатын талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтінішті қарауы және оның талап қоюды қамтамасыз ету туралы немесе оны қамтамасыз етуден бас тарту туралы ұйғарым шығаруы Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
4. Төрелікте қаралып жатқан талап қоюды қамтамасыз ету туралы ұйғарымның күшін тараптардың бірінің өтініші бойынша осы ұйғарымды шығарған құзыретті сот жоюы мүмкін.
5. Төрелік немесе төреліктің келісімімен тарап дәлелдемелер алуға жәрдемдесу туралы құзыретті сотқа өтініш жасауы мүмкін. құзыретті сот осы өтінішті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қарайды.
25-5-бап. Қарсы талап қою және қарсы талаптарды есепке алу
1. Қарсы талаптың талапкердің талаптарымен өзара байланысы болған жағдайда, сондай-ақ төреліктің қарсы талап қоюды төрелік келісімге сәйкес қарауы мүмкін болатын жағдайда, жауапкер талапкерге қарсы талап қоюға құқылы.
2. Егер тараптар қарсы талап қою үшін өзге мерзімге келіспесе, қарсы талап қою төрелік шешім қабылдағанға дейін, төрелік іс қарау барысында қойылуы мүмкін.
3. Қарсы талап қою осы Заңның 18-бабы 2-тармағының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
4. Талапкер төрелік іс қарау регламентінде немесе ережелерінде көзделген тәртіппен және мерзімдерде қарсы талап қоюға қарсылықтарын ұсынуға құқылы.
5. Егер тараптар өзге жөнінде уағдаласпаса, онда жауапкер Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасының талаптарын сақтай отырып, қарсы талап қоюды есепке алуды талап етуге құқылы.
6-тарау. Төрелік шешімін шығару және іс қарауды тоқтату
26-бап. Даудың мәнiне қолданылатын нормалар
1. Төрелiк дауды қарағанда тараптар қолданылады деп таңдаған құқық нормаларына сәйкес дауды шешедi. Қандай да бiр мемлекеттiң құқығына немесе құқық жүйесiне кез келген сiлтеме жасау оның қайшылықты нормаларына емес, осы мемлекеттiң материалдық құқығына тiкелей сiлтеме ретiнде түсiндiрiлуге тиiс.
2. Тараптардың қолданылатын құқық туралы келісімi болмаған жағдайда, қолданылатын құқықты төрелiк Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындайды.
3. Нақты құқық қатынастарын реттейтiн нормалар болмаған кезде, төрелiк осы мәмiлеге қолданылатын iскерлiк айналымның әдет-ғұрыптарына сәйкес шешiм қабылдайды.
27-бап. Бiтiмгершiлiк келісім
1. Егер тараптар дауды төрелiкте iс қарау барысында реттесе, төрелiк iс қарауды тоқтатады және тараптардың өтiнiшi бойынша бұл реттеудi келісілген шарттармен төрелiк шешiм ретiнде тiркейдi.
2. Келісілген шарттардағы төрелiк шешiм осы Заңның 28-бабының ережелерiне сәйкес шығарылуға тиiс. Мұндай төрелiк шешiм даудың мәнi бойынша кез келген басқа төрелiк шешiм сияқты орындалуға тиiс.
28-бап. Төрелiк шешiмнiң нысаны мен мазмұны
1. Төрелiк шешiм жазбаша нысанда жазылады және оған төрелiк құрамына кiретiн төрешiлер, соның iшiнде ерекше пiкiрi бар төрешi қол қояды, оның жазбаша ұстанымы төрелiк шешiмнiң ажырамас бөлiгi болып табылады. Егер төрелiк iс қарау алқалы түрде жүзеге асырылса, онда басқа төрешiлердiң қолдары болмауының дәлелдi себебi көрсетiлген жағдайда, шешiмге төрелiктiң құрамына кiретiн төрешiлердiң көпшiлiгi қол қоюы мүмкін.
2. Төрелiк шешiмде төрелiктiң күнi мен орны, төрелiк шешiм негiзделген дәлелдер көрсетiледi.
3. Төрелiк шешiм қабылдағаннан кейiн шешiмнiң данасы әрбiр тарапқа тапсырылуға не жiберiлуге тиiс.
29-бап. Төрелiк iс қарауды тоқтату
1. Төрелiк iс қарау осы баптың 2-тармағында аталған негiздер бойынша төрелiк iс қарауды тоқтату туралы ұйғарым шығару арқылы тоқтатылады.
2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Төрелiк, егер:
жауапкер даудың мәнi бойынша шешiлуiне өзiнiң заңды мүддесiнiң болуына байланысты төрелiк iс қарауды тоқтатуға қарсылығын мәлiмдемесе ғана, талапкер өзiнiң талабынан бас тартқан және төрелiк бас тартуды қабылдаған;
төрелiк өзiне шешуге берiлген дауды қарауға төрелiктiң құзыретi жоқ екендiгi туралы ұйғарым шығарған;
сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша қабылданған құзыреттi соттың немесе төрелiктiң заңды күшiне енген шешiмi болған;
тараптар төрелiкте iс қарауды тоқтату туралы келісімге келген;
төрелiкте талқылау тарапы болып табылатын заңды тұлға таратылған;
төрелiк iс қараудың тарабы болып табылатын жеке тұлға қаза тапқан (қайтыс болды деп жарияланған) не ол хабарсыз кеткен деп танылған жағдайларда төрелiкте іс қарауды тоқтату туралы ұйғарым шығарады.
30-бап. Шешiмдi түзету және түсiндiру. Қосымша шешiм
2010.05.02. № 249-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Егер тараптар өзге мерзiмге келiспесе, төрелiк шешiмдi алғаннан кейiн күнтізбелік алпыс күн iшiнде:
1) тараптардың кез келгенi бұл туралы екiншi тарапты хабардар ете отырып, төрелiктен шешiмдегi есептеулерде жол берiлген кез келген қателердi, жаңылыс жазуларды немесе жаңсақ жазылымдарды не осындай сипаттағы өзге де қателердi түзетудi өтiнуi мүмкiн;
2) тараптардың кез келгенi бұл туралы екiншi тарапты хабардар ете отырып, төрелiктен қабылданған шешiмнiң қандай да бiр нақты тармағына немесе бөлiгiне түсiнiктеме берудi өтiнуi мүмкiн.
Егер, төрелiк өтiнiштi негiздi деп санаса, оны алғаннан кейiн күнтізбелік отыз күн iшiнде тиiстi түзетулер енгiзуге немесе түсiнiктеме беруге тиiс. Төрелiк шешiмге шығарылған түсiнiктеме төрелiк шешiмнiң ажырамас бөлiгі болып табылады.
2010.05.02. № 249-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Төрелiк шешiм шығарылған күннен бастап есептегенде күнтізбелік алпыс күн iшiнде төрелiк өз бастамасы бойынша осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында аталған кез келген қатенi түзете алады.
2010.05.02. № 249-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Егер, тараптар өзге жөнiнде уағдаласпаса, онда тараптардың кез келгенi бұл туралы екiншi тарапты хабардар ете отырып, төрелiктiң шешiмiн алғаннан кейiн төрелiкте iс қарау барысында мәлiмделген, алайда шешiмде көрiнiс таппаған талаптарға қатысты қосымша шешiм шығаруды күнтізбелік алпыс күн iшiнде төрелiктен өтiнуi мүмкiн. Егер төрелiк өтiнiштi негiздi деп санаса, оны алғаннан кейiн алпыс күн iшiнде қосымша төрелiк шешiм шығаруы тиiс.
2010.05.02. № 249-IV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Төрелiк қажет болған жағдайда мерзiмдi ұзарта алады, бiрақ бұл мерзiм күнтізбелік алпыс күннен аспауға тиiс, осы мерзiм iшiнде осы баптың 1 немесе 3-тармақтарына сәйкес, қателердiң түзетiлуi, түсiнiктеме берiлуi немесе қосымша төрелiк шешiм шығарылуы қажет.
7-тарау. Төрелік шешімге шағым жасау
31-бап. Төрелiк шешiмнiң күшiн жою туралы өтiнiш
2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Төрелікте талқылау тараптары не құқықтары мен міндеттері қозғалған үшінші тұлғалар төреліктің шешiмiне Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен құзыреттi сотқа шағым жасауы мүмкін.
2. Құзыреттi сот, егер:
1) күшiн жою туралы өтiнiш бiлдiрген тарап:
құзыреттi сот төрелiк келісім тараптарының бiрiн әрекетке қабiлетсiз немесе тараптар оны бағындырған заң бойынша, ал мұндай нұсқау болмаған кезде - Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелiк келісімнiң күшi жоқ деп тануының;
төрешiнiң тағайындалуы туралы немесе төрелiк iс қарау туралы оның тиiстi түрде хабардар болмағанының немесе құзыреттi сот дәлелдi деп таныған басқа да себептер бойынша өзiнiң түсiндiрулерiн табыс ете алмағанының;
төрелiк шешiмнiң төрелiк келісімде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн дау бойынша шығарылғандығының, не төрелiк келісімнiң шегiнен шығатын мәселелер жөніндегі қаулылардан тұратындығының, сондай-ақ даудың төрелiктiң ведомстволық қарауына жатпауы салдарының дәлелдемелерiн табыс еткен жағдайларда ғана төрелiк шешiмнiң күшiн жоюы мүмкiн.
Егер, төрелiк келісіммен қамтылған мәселелер жөніндегі төрелiктiң шешiмi мұндай келісімде қамтылмайтын мәселелер жөніндегі шешiмдерден бөлiнуi мүмкiн болса, онда төрелiк келісімде қамтылмайтын мәселелер жөніндегі шешiмдерден тұратын төрелiк шешiмнiң бөлiгi ғана күшiн жоюы мүмкін;
төрелiктiң құрамы немесе iс қараудың төрелiк рәсiмi тараптардың келісімiне және төрелiктiң регламентiне сәйкес келмегендiгінiң;
2) құзыреттi сот төрелiк шешiмнiң Қазақстан Республикасының жариялылық тәртібіне қайшы келетiнiн немесе төрелiк шешiм шығарылған дау Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелiк iс қараудың нысанасы болуы мүмкiн еместiгiн айқындауының дәлелдемелерiн табыс еткен жағдайларда ғана төрелiк шешiмнiң күшiн жоюы мүмкiн.
3. Күшiн жою туралы өтiнiш осы өтiнiштi мәлiмдеген тараптың төрелiк шешiмдi алған күнiнен бастап үш ай өткеннен кейiн, ал өтiнiш осы Заңның 30-бабына сәйкес берiлген жағдайда, төрелiк осы өтiнiш бойынша шешiм шығарған күннен бастап мәлiмделуi мүмкiн емес.
4. Құзыреттi сот тараптардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша төрелiк iс қарауды жаңарту үшiн не төрелiк шешiмiнің күшін жоюдың негiздемесiн жоюға мүмкiндiк беретiн өзге де шараларды қолдану үшiн төрелiк шешiмнiң күшiн жою туралы өтiнiш бойынша iс жүргiзудi белгiлi бiр мерзiмге тоқтата тұруға құқылы.
5. Құзыреттi сот төрелiк шешiмнiң күшiн жою туралы мәселе бойынша ұйғарым шығарады. Бұл ұйғарымға Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасына сәйкес шағым жасалуы немесе наразылық бiлдiрiлуi мүмкiн.
8-тарау. Төрелік шешімдерді тану және орындау
2010.05.02. № 249-IV ҚР Заңымен 32-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
32-бап. Қазақстан Республикасында төрелік шешімдi тану және орындау
Төрелік шешім міндетті деп танылады және құзыретті сотқа жазбаша өтініш берілген кезде Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасына сәйкес орындалады.
33-бап. Төрелiк шешiмдi танудан немесе орындаудан бас тарту үшiн негiздемелер
1. Құзыреттi сот мына негiздер бойынша:
2010.05.02. № 249-IV ҚР Заңымен 1) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
1) егер осы тарап құзыреттi сотқа:
құзыреттi сот төрелiк келісім тараптарының бiрiн әрекетке қабiлетсiз не әрекет қабiлетi шектеулi деп тануының;
төрелік келісімнің оны тараптар бағындырған заң бойынша, ал мұндай нұсқау болмағанда - Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша жарамсыздығының;
шешiм өзiне қарсы шығарылған тараптың төрешiнiң тағайындалуы туралы немесе төрелiк iс қарау туралы тиiстi түрде хабардар етiлмегенiнiң немесе құзыреттi сот дәлелдi деп таныған басқа да себептер бойынша өзiнiң түсiнiктемелерiн табыс ете алмағанының;
төрелiк шешiмнiң төрелiк келісімде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн дау бойынша шығарылғандығының, не төрелiк келісімнiң шегiнен шығатын мәселелер жөніндегі қаулылардан тұратынының, сондай-ақ даудың төрелiктiң ведомстволық қарауына жатпауы салдарының дәлелдемелерiн табыс еткен жағдайларда ғана төрелiк шешiмнiң қай елде шығарылғанына қарамастан, оны танудан немесе орындаудан бас тартады.
Егер, төрелiк келісімде қамтылған мәселелер жөнiндегі төрелiктiң шешiмi мұндай келісімде қамтымайтын мәселелер жөнiндегі шешiмдерден бөлiнуi мүмкiн болса, онда төрелiк келісімде қамтылмайтын мәселелер жөніндегі шешiмдерден тұратын төрелiк шешiмнiң бөлiгі ғана күшiн жоюы мүмкін;
төрелiктiң құрамы немесе iс қараудың төрелiк рәсiмi тараптардың келісімiне сәйкес келмегендiгiнiң немесе ол болмағанда, төрелiк орналасқан елдiң заңына сәйкес келмегендiгiнiң;
шешiм тараптар үшiн әлi де мiндеттi емес болғанының немесе күшi жойылғанының немесе оның орындалуын өз заңына сәйкес шешiм шығарған елдiң соты тоқтатып қойғандығының;
2) егер құзыреттi соттың осы төрелiк шешiмдi тану немесе орындау Қазақстан Республикасының жариялылық тәртібіне қайшы келетiнiн немесе төрелiк шешiм шығарылған дау Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша төрелiк iс қараудың нысанасы болуы мүмкiн еместiгін анықтауының дәлелдемелерiн табыс етсе, төрелiк шешiмнiң қай елде шығарылғанына қарамастан, оны танудан немесе орындаудан бас тартады.
2. Құзыреттi сот төрелiк шешiмдi тану немесе орындау туралы мәселе бойынша ұйғарым шығарады. Бұл ұйғарымға Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасына сәйкес шағым жасалуы немесе наразылық бiлдiрiлуi мүмкiн.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. Назарбаев
Астана қ., 2004 ж. желтоқсанның 28-і
№ 23-III ҚРЗ