Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда аралық сот тараптар үшiн қолайлы факторды қоса алғанда, iстiң барлық мән-жайын ескере отырып, нақты дауды шешуге арналған аралық сот аралық сотта iс қараудың орнын айқындайды.
2. Тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сотта аралық сотта iс қараудың орны тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың регламентiне сәйкес айқындалады.
Егер тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың регламентiнде аралық сотта iс қараудың орны нұсқап көрсетiлмесе не оны айқындау тәртібі болмаса, онда аралық соттың құрамы, тараптар үшiн қолайлы факторды қоса алғанда, iстiң барлық мән-жайын ескере отырып, аралық сотта iс қараудың орнын айқындайды.
22-бап. Талап-арыз және талап-арызға пiкiр
1. Талапкер өзiнiң талаптарын талап-арызда баяндайды, ол аралық сотқа жазбаша нысанда берiледi. Талап-арыздың көшiрмесi жауапкерге берiледi.
2. Талап-арызда:
1) талап-арыздың берiлген күнi;
2) тараптардың атауы, олардың тұрғылықты жерi немесе, егер тараптар заңды тұлғалар болып табылса, олардың орналасқан жерi, банк реквизиттерi;
3) аралық сотқа жүгiну негiздемесi;
4) талапкердiң талаптары;
5) талапкер өзiнiң талаптарын негiздеген мән-жайлар;
6) талапкердiң талаптарын растайтын дәлелдемелер;
7) егер талап қою бағалануға жатса, талап қоюдың бағасы;
8) талап-арызға қоса берiлетiн құжаттар мен өзге де материалдардың тiзбесi көрсетiлуге тиiс.
Талап-арызға талапкер немесе оның өкiлi қол қоюға тиiс. Егер талап-арызға талапкердiң өкiлi қол қойған жағдайда, талап-арызға өкiлдiң өкiлеттiктерiн куәландыратын сенiмхат немесе өзге де құжат қоса берiлуге тиiс.
3. Аралық сотта iс қараудың ережелерiнде талап-арыздың мазмұнына қосымша талаптар көзделуi мүмкiн.
4. Жауапкер талапкерге және аралық сотқа өзiнiң талап қоюға қарсылықтарын баяндай отырып, талап-арызға пiкiр беруге құқылы. Талапкерге және аралық сотқа аралық сотта iс қарау ережелерiнде көзделген тәртiппен және мерзiмдерде талап-арызға пiкiр берiледi.
Егер аралық сотта iс қарау ережелерiнде талап-арызға пiкiр беру мерзiмi айқындалмаса, онда аталған пiкiр аралық соттың бiрiншi отырысына дейiн кемiнде он күн бұрын берiледi.
5. Тарап аралық сотта iс қарау барысында өзiнiң талап-арыздарын немесе талап қоюға бiлдiрген қарсылықтарын өзгертуге немесе толықтыруға құқылы.
23-бап. Аралық сотта iс қарауды қозғау
1. Аралық сот талап-арызды қабылдап, өзiнiң ережесiне (регламентiне) немесе Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасының нормаларына сәйкес аралық сотта ic қарауды қозғау туралы ұйғарым шығарады, тараптарға оның қаралу орны туралы хабарлайды, жауапкерге талап-арызға жазбаша пiкiр берудi ұсынады.
2. Жауапкердiң қарсылықтарын табыс етпеуi дауды қарауға кедергi бола алмайды.
24-бап. Талап-арызды қайтару
1. Аралық сот, егер:
1) тараптар арасында аралық келісім болмаса;
2) аралық келісімнiң қатысушылары болып табылмайтын үшiншi тұлғалардың мүдделерi қозғалса;
3) талап қою аралық келісімде көзделмеген аралық сотқа берiлсе;
4) талап-арызға қол қоюға немесе оны беруге өкiлеттiгi жоқ адам оған қол қойса немесе оны берсе;
5) талапкер талап арызды қайтару туралы өтiнiш берсе;
6) осы немесе басқа аралық соттың iс жүргiзуiнде сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша iс болса, талап-арызды қайтарады.
2. Арыздың қайтарылуы талапкердiң сол жауапкерге, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша талаппен аралық сотқа қайта жүгiнуiне кедергi келтiрмейдi.
25-бап. Қарсы талап қою және қарсы талаптарды есепке алу
1. Қарсы талаптың талапкердiң талаптарымен өзара байланысы болған кезде, сондай-ақ аралық сот қарсы талап қоюды аралық келісімге сәйкес қарауы мүмкiн болған кезде, жауапкер талапкерге қарсы талап қоюға құқылы.
2. Егер тараптар қарсы талап қою үшiн өзге мерзiмге келiспесе, аралық сот шешiм қабылдағанға дейiн, аралық сотта iс қарау барысында қарсы талап қойылуы мүмкін.
3. Қарсы талап осы Заңның 22-бабы 2-тармағының талаптарын қанағаттандыруға тиiс.
4. Талапкер аралық сотта iс қарау регламентiнде немесе ережелерiнде көзделген тәртiппен және мерзiмдерде қарсы талапқа қарсылықтарын ұсынуға құқылы.
5. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда жауапкер азаматтық заңнаманың талаптарын сақтай отырып, қарсы талапты есепке алуды талап етуге құқылы.
26-бап. Дәлелдемелердi табыс ету және зерттеу
1. Әрбiр тарап өз талаптары мен қарсылықтарының негiздемесi ретiнде сiлтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге тиiс. Егер табыс етiлген дәлелдемелер жеткiлiксiз деп санаса, аралық сот тараптарға қосымша дәлелдемелер табыс етудi ұсынуға құқылы.
2. Аралық сот iс бойынша барлық дәлелдемелердi тiкелей зерттеуге мiндеттi.
27-бап. Тараптардың аралық соттың отырысына қатысуы
1. Тараптардың әрқайсысына өз ұстанымын баяндау және өзiнiң құқықтары мен мүдделерiн қорғау үшiн тең мүмкiндiктер берiлуге тиiс.
2. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда аралық сотта iс қарау - тараптардың немесе олардың өкiлдерiнiң қатысуымен аралық соттың отырысында жүзеге асырылады.
Өкiлдiң өкiлеттiктерi Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу заңнамасында көзделген талаптар сақтала отырып ресiмделуге тиiс.
3. Тараптарға аралық сот отырысының уақыты мен орны туралы алдын ала және тиiстi түрде хабарлама тапсырылуға тиiс.
Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда барлық құжаттардың, материалдардың көшiрмелерi мен аралық сотқа тараптардың бiрi ұсынатын ақпаратты аралық сот басқа тарапқа беруге тиiс. Аралық сот өзiнiң шешiмiн негiздейтiн сараптамалық қорытындыларын тараптарға беруге тиiс.
4. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда аралық соттың құрамы iстi жабық отырыста қарайды.
28-бап. Тараптардың құқықтары
Аралық сотта iс қарауға қатысушы тараптардың:
1) iс материалдарымен танысуға, олардан үзiндiлер жазып алуға және көшiрмелер түсiруге;
2) дәлелдемелердi табыс етуге;
3) өтiнiш бiлдiруге, аралық судьялардан бас тартуға;
4) процеске қатысушыларға сұрақтар қоюға, ауызша және жазбаша түсiнiктемелер беруге;
5) процесс барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерiн беруге;
6) басқа тараптың өтiнiмдерiне және дәлелдерiне қарсылық бiлдiруге;
7) аралық сот отырысының хаттамасымен танысуға және ол бойынша жазбаша ескертпелер беруге;
8) құзыреттi сот алдында аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындату туралы өтiнiш беруге;
9) заңда белгiленген жағдайларда аралық соттың шешiмiне шағымдануға құқығы бар.
29-бап. Тараптардың құжаттар мен өзге де материалдарды табыс етпеуiнiң немесе тараптардың келмей қалуының салдарлары
1. Құжаттар мен өзге материалдарды табыс етпеу, сондай-ақ аралық сот отырысының уақыты мен орны туралы тиiстi түрде хабарландырылған тараптардың немесе олардың өкiлдерiнiң аралық соттың отырысына келмей қалуы, егер құжаттар мен өзге де материалдарды табыс етпеу себептерiн немесе тараптардың аралық соттың отырысына келмей қалуын ол дәлелсiз деп таныса, аралық сотта iс қарау және аралық соттың шешiм қабылдауы үшiн кедергi болып табылмайды.
2. Жауапкердiң талап қоюға қарсылықтарын табыс етпеуiн талапкердiң талаптарын тану ретiнде қарауға болмайды.
30-бап. Сараптама тағайындау және өткізу
1. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда аралық сот дауларды шешу кезiнде туындайтын, арнайы танып-бiлудi қажет ететiн мәселелердi түсiндiру үшiн сараптама тағайындауы және тараптардың кез келгенiнен сараптама өткізу үшiн қажеттi құжаттарды, өзге материалдарды немесе заттарды берудi талап етуi мүмкiн.
Сараптама ақысын төлеуге жұмсалған шығыстарды және сарапшының қатысуын қоса алғанда, аралық сот сарапшының аралық сотта iс қарауға қатысуына қатысты өзге де мәселелердi, егер тараптар бұл мәселелердi арнайы келiспесе, шешуге құқылы.
2. Сараптамалық қорытынды жазбаша нысанда берiледi.
3. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда бұл туралы тараптардың кез келгенi өтiнген немесе аралық сот мұны қажет деп санаған жағдайда, сарапшы сараптамалық қорытынды табыс етiлгеннен кейiн, тараптарға және аралық судьяларға сараптама өткізуге және табыс етiлген сараптамалық қорытындыға байланысты сарапшыға сұрақтар қою мүмкiндiгi берiлетiн аралық соттың отырысына қатысуға тиiс.
31-бап. Аралық сот отырысының хаттамасы
1. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда аралық соттың отырысында хаттама жүргiзiледi.
2. Аралық сот отырысының хаттамасы iстi қараудың барлық елеулi сәттерiн көрсетуге тиiс.
Аралық сот отырысының хаттамасында:
1) аралық сот отырысының жылы, айы, күнi және орны;
2) аралық сот отырысының басталу және аяқталу уақыты;
3) iстi қарайтын аралық соттың атауы және аралық судьялардың, аралық сот отырысы хатшысының тегi және аты-жөнi;
4) iстiң атауы;
5) iске қатысушы адамдардың, өкiлдердiң, куәлардың, сарапшылардың, мамандардың, аудармашылардың келуi туралы мәлiметтер;
6) iске қатысушы адамдарға, өкiлдерге олардың iс жүргiзушiлiк құқықтарын түсiндiру туралы мәлiметтер;
7) төрағалық етушiнiң өкiмдерi және аралық соттың отырыс залында аралық сот шығарған ұйғарымдар;
8) iске қатысушы адамдардың және өкiлдердiң өтiнiштерi, ұсыныстары мен түсiнiктемелерi;
9) куәлардың айғақтары, сарапшылардың өз қорытындыларын ауызша түсіндiруі, мамандардың түсiнiктемелері;
10) құжаттарды жария ету туралы мәлiметтер, заттай дәлелдемелердi тексерiп қарау деректерi, дыбыс жазбаларын тыңдау, бейнежазбаларды, киноматериалдарды қарау;
11) аралық соттың отырыс залында болған сұрақтар мен жауаптардың мазмұны;
12) шешiм мен ұйғарымдардың мазмұнын жариялау және түсiндiру, оларға шағымдану тәртібі мен мерзiмiн түсiндiру туралы мәлiметтер;
13) iске қатысушы адамдарға хаттамамен танысу және ол бойынша ескертпелер беру құқықтарын түсiндiру туралы мәлiметтер;
14) хаттаманың жасалған күнi көрсетiледi.
3. Аралық сот отырысының хатшысы хаттама жасайды, оны аралық сот аралық сотта iс қарау тараптарының келісімi бойынша не тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың регламентiне сәйкес тағайындайды.
4. Iске қатысушы адамдар және олардың өкiлдерi хаттаманың қандай да бiр бөлiгiн жариялау туралы, өздерi iс үшiн елеулi деп санайтын мән-жайлар жөніндегі мәліметтерді хаттамаға енгізу туралы өтiнiм жасауға құқылы.
5. Хаттама аралық соттың отырысы аяқталғаннан кейiн үш күннен кешiктiрiлмей жасалуға және оған қол қойылуға тиiс.
Күрделi iстер бойынша аралық сот отырысының хаттамасын жасау және оған қол қою неғұрлым ұзақ мерзiмде, бiрақ аралық соттың отырысы аяқталғаннан кейiн он күннен кешiктiрiлмей жүзеге асырылуы мүмкiн.
6. Хаттамаға төрағалық етушi мен хатшы қол қояды. Барлық өзгерістер, түзетулер, толықтырулар хаттамада көрсетiлуге және олардың қолдарымен куәландырылуға тиiс.
2010.05.02. № 249-ІV ҚР Заңымен 32-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
32-бап. Құзыреттi соттың қамтамасыз ету шараларын ұсынудағы жәрдемi
1. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда аралық сот кез келген тараптың өтiнiшi бойынша даудың нысанасына қатысты өзi қажет деп есептейтiн, ол туралы ұйғарым шығаратын осындай қамтамасыз ету шараларын қандай да бiр тараптың қабылдағаны туралы өкiм шығара алады.
2. Аралық сотта қаралып жатқан талап-арызды қамтамасыз ету туралы өтiнiштi тарап аралық сотта iстi қарау жүзеге асырылатын орын немесе қамтамасыз ету шаралары қолданылуы мүмкiн мүлiк тұрған жер бойынша - құзыреттi сотқа бередi.
Талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтінішке аралық сотқа талап қою дәлелдемелері қоса тіркеледі.
3. Аралық сотта қаралып жатқан талап-арызды қамтамасыз ету туралы өтiнiштi құзыреттi соттың қарауы және оның талап-арызды қамтамасыз ету туралы немесе оны қамтамасыз етуден бас тарту туралы ұйғарым шығаруы Қазақстан Республикасы азаматтық iс жүргiзу заңнамасында белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
4. Аралық сотта қаралып жатқан талап-арызды қамтамасыз ету туралы ұйғарымның күшiн тараптардың бiрiнiң өтiнiшi бойынша осы ұйғарымды шығарған құзыреттi сот жоюы мүмкiн. Аралық соттың талап-арыз талаптарын қанағаттандырудан бас тарту туралы шешiмi құзыреттi соттың қамтамасыз ету шараларының күшiн жоюына негiз болып табылады.
5-тарау. Аралық соттың шешімі
33-бап. Аралық сот шешiмiнiң мiндеттілігi
Аралық келісім жасасқан тараптар аралық соттың шешiмiн орындауға мiндеттеме алады. Тараптар және аралық сот аралық сот шешiмiнiң заң тұрғысында орындалуына барлық күш-жiгерiн жұмсайды.
34-бап. Аралық соттың шешiм қабылдауы
1. Аралық сот iстiң мән-жайы зерттелгеннен кейiн аралық соттың құрамына кiретiн аралық судьялардың көпшiлiк даусымен шешiм қабылдайды.
Шешiм аралық соттың отырысында жарияланады. Аралық сот шешiмнiң тек қарарлық бөлiгiн жариялауға құқылы. Мұндай жағдайда, егер тараптар шешiмдi жiберуге арналған мерзiмдi келiспесе, шешiмнiң қарарлық бөлiгi жарияланған күннен бастап отыз күн iшiнде тараптарға дәлелдi шешiм жiберiлуге тиiс.
Аралық сот мүшелерiнiң көпшiлiгiнiң шешiмiмен келiспеген судья өзiнiң айрықша пiкiрiн мәлiмдеуге құқылы, ол шешiмге қоса тiркеледi. Тараптар аралық судьяның айрықша пiкiрiмен танысуға құқылы.
2. Аралық сот, егер оны қажет деп таныса, осы Заңның 27-бабы 3-тармағының ережелерi сақталған жағдайда, шешiм қабылдауды кейiнге қалдыруға және тараптарды қосымша отырысқа шақыруға құқылы.
3. Егер аралық сотта iс қарау барысында тараптар дауды Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтiн және басқа тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн бұзбайтын бiтiмгершiлiк келісім жасау жолымен реттесе, аралық сот аралық сотта iс қарауды тараптардың өтiнiшi бойынша тоқтатады және оның тарапынан қарсылықтар болмаған кезде бұл реттеудi аралық соттың келісілген жағдайлардағы шешiмi ретiнде тiркейдi.
Аралық соттың келісілген жағдайлардағы шешiмi осы Заңның 35-бабының ережелерiне сәйкес шығарылады және онда бұл аралық соттың шешiмi болып табылатынына нұсқау болады. Аралық соттың бұл шешiмiнiң даудың мәнi бойынша аралық соттың кез келген шешiмi сияқты осындай мәртебесi және күшi болады.
4. Аралық соттың шешiмi аралық сотта iс қарау орнында қабылданған болып есептеледi және оған аралық судья (судьялар) қол қойған күнi күшiне енедi.
35-бап. Аралық сот шешiмiнiң нысаны мен мазмұны
1. Аралық соттың шешiмi жазбаша нысанда баяндалады және оған аралық соттың құрамына кiретiн судьялар, соның iшiнде айрықша пiкiрi бар аралық судья қол қояды.
2. Аралық соттың шешiмiнде:
1) шешiм қабылданған күн;
2) осы Заңның 21-бабына сәйкес айқындалған аралық сотта iс қарау орны;
3) аралық сот құрамы және оны түзу тәртібі;
4) дау тараптарының атауы, олардың өкiлдерiнiң өкiлеттiктерi көрсетiле отырып, тегi, аты-жөнi, лауазымдары;
5) аралық сот құзыретiнiң негiздемесi;
6) талапкердiң талаптары және жауапкердiң қарсылықтары, тараптардың ұсыныстары;
7) iс қарауға қатысушы адамдар дауының, өтiнiшiнiң, өтiнiмiнiң, түсiнiктемесiнiң мәнi;
8) аралық сот анықтаған iстiң мән-жайы, осы мән-жайлар туралы аралық соттың тұжырымдары негiзделген дәлелдемелер, аралық сот шешiм қабылдау кезiнде басшылыққа алған Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актілері көрсетiлуге тиiс.
Шешiмнiң қарарлық бөлігінде әрбiр мәлiмделген талап-арыз талабын қанағаттандыру немесе қанағаттандырудан бас тарту туралы аралық соттың тұжырымдары, аралық сотта дауды шешуге байланысты шығыстардың сомасы, аталған шығыстардың тараптар арасында бөлiнуi және қажет болған жағдайда, қабылданған шешiмдi орындаудың мерзiмi мен тәртібі көрсетiлуге тиiс.
3. Шешiм қабылданғаннан кейiн әрбiр тарапқа осы баптың 1-тармағына сәйкес ресiмделген шешiмнiң бiр данасы тапсырылуға не жiберiлуге тиiс.
36-бап. Шешiмнiң заңдылығы мен негiздiлiгi
1. Аралық соттың шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс.
2. Аралық сот өзiнiң шешiмiн аралық соттың отырысында зерттелген дәлелдемелерге ғана негiздейдi.
37-бап. Қосымша шешiм
1. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда тараптардың кез келгенi аралық соттың шешiмiн алғаннан кейiн он күн iшiнде аралық сотта iс қарау барысында мәлiмделген, бiрақ шешiмде көрiнiс таппаған талаптарға қатысты қосымша шешiм қабылдау туралы өтiнiшпен, бұл туралы екiншi тарапты хабардар ете отырып, сол аралық сотқа жүгіне алады. Дауды шешкен аралық соттың құрамы аталған өтінішті алғаннан кейін он күн ішінде оны қарауға тиiс.
2. Тиiстi өтiнiштi қарау нәтижелерi бойынша не аралық сот шешiмiнiң құрамдас бөлiгi болып табылатын қосымша шешiм, не қосымша шешiм қабылдау туралы өтiнiштi қанағаттандырудан бас тарту туралы ұйғарым қабылданады.
38-бап. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша аралық сотта дауды қарау
1. Аралық соттың шешiмi аралық келісім тараптарының бiрiнiң немесе құқықтары жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғалған өзге де тұлғаның арызы бойынша қайта қаралуы мүмкiн. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша аралық соттың шешiмiн қайта қарау негiздемелерi:
1) iс үшiн елеулi, арыз берушiге белгiлi болмаған және белгiлi болуы мүмкiн емес мән-жайлар;
2) заңсыз не негiзсiз шешiмнiң қабылдануына әкеп соққан, күшiне енген сот үкімімен анықталған, куәнiң көрiнеу жалған жауаптары, сарапшының көрiнеу жалған қорытындысы, көрiнеу бұрыс аударма, құжаттардың не заттай дәлелдемелердiң жалғандығы;
3) тараптардың, iске қатысушы басқа адамдардың, не олардың өкiлдерiнiң күшiне енген сот үкімімен анықталған қылмыстық iс-әрекеттерi немесе аралық судьялардың осы iстi қарау кезiнде жасаған қылмыстық әрекеттерi болып табылады.
2. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша аралық соттың шешiмiн қайта қарау туралы өтiнiш осы Заңда белгіленген тәртiппен қайта қарау үшiн негiз болған мән-жайлар анықталған күннен бастап үш ай iшiнде берiледi және оны шешiм шығарған аралық сот қарайды.
Аралық соттың, соның iшiнде бұрынғы құрамда шешiм шығарған тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың отырысын өткізу мүмкiн болмаған жағдайда, осы Заңда белгiленген тәртiппен құрылған аралық соттың жаңа құрамы жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша шешiмдi қайта қарау туралы өтiнiштi қарайды.
39-бап. Шешiмдi түсiндiру
1. Егер тараптар өзгеше уағдаласпаса, онда тараптардың кез келгенi аралық соттың шешiмiн алғаннан кейiн он күн iшiнде шешiмдi түсiндiру туралы өтiнiшпен, бұл туралы екiншi тарапты хабардар ете отырып сол аралық сотқа жүгiнуi мүмкiн. Дауды шешкен аралық соттың құрамы шешiмдi түсiндiру туралы өтiнiштi алғаннан кейiн он күн iшiнде оны қарауға тиiс.
2. Аралық сот өзi қабылдаған шешiмдi, оның мазмұнын өзгертпестен түсiндiредi.
3. Тиiстi өтiнiштi қарау нәтижелерi бойынша не аралық сот шешiмiнiң құрамдас бөлiгi болып табылатын шешiмдi түсiндiру туралы ұйғарым, не шешiмдi түсiндiруден бас тарту туралы ұйғарым шығарылады.
40-бап. Жаңылыс жазуларды, жаңсақ жазылымдарды, арифметикалық қателердi түзету
1. Аралық сот тараптардың кез келгенiнiң өтiнiшi бойынша немесе өзiнiң бастамасы бойынша жаңылыс жазуларды, жаңсақ жазылымдарды, көрiнеу арифметикалық қателердi түзетуге құқылы.
2. Аралық сот жаңылыс жазуларды, жаңсақ жазылымдарды, арифметикалық қателердi түзету туралы ұйғарым шығарады, ол шешiмнiң құрамдас бөлiгi болып табылады.
41-бап. Аралық соттың ұйғарымы
Аралық сот даудың мәнiн қозғамайтын мәселелер бойынша ұйғарымдар шығарады, олар дәлелдi болуға тиiс.
42-бап. Аралық сотта iс қарауды тоқтату
Аралық сот, егер:
жауапкер дауды мәнi бойынша шешуге өзiнiң заңды мүддесiнiң болуына байланысты аралық сотта iс қарауды тоқтатуға қарсылығын мәлiмдемесе ғана, талапкер өзiнiң талабынан бас тартқан;
аралық сот өзiнiң шешуiне берiлген дауды қарауға аралық соттың құзыретi жоқтығы туралы ұйғарым шығарған;
сол тараптар арасындағы дау бойынша, сол нысана туралы және сол негiздер бойынша құзыреттi соттың немесе аралық соттың заңды күшiне енген шешiмi болған;
тараптар аралық сотта iс қарауды тоқтату туралы келісімге келген;
аралық сотта iс қараудың тарапы болып табылатын заңды тұлға таратылған;
аралық сотта iс қараудың тарапы болып табылатын жеке тұлға қаза тапқан (қайтыс болған деп жарияланған), не ол хабарсыз кеткен деп танылған;
талапкер талап қоюдан бас тартып, аралық сот бас тартуды қабылдаған жағдайларда, аралық сотта ic қарауды тоқтату туралы ұйғарым шығарады.
43-бап. Шешiмдер мен iстердi сақтау
1. Нақты дауды шешуге арналған аралық соттың шешiмi ол қабылданғаннан кейiн бiр ай мерзiмде iс бойынша материалдармен бiрге тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттардың бiрiне сақтау үшiн жiберiледi.
2. Егер тұрақты жұмыс iстейтiн аралық соттың ережелерiнде өзге мерзiм белгiленбесе, онда тұрақты жұмыс iстейтiн аралық сотта қаралған iс осы аралық сотта ол бойынша шешiм қабылданған күннен бастап кемiнде бес жыл сақталады.
2010.05.02. № 249-ІV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.10.07. № 32-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 44-бап өзгертілді
44-бап. Аралық соттың шешiмiне шағым жасау
2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Аралық сотта талқылау тараптары не құқықтары мен міндеттері қозғалған үшінші тұлғалар аралық сот шешiмiне Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен құзыреттi сотқа шағым жасауы мүмкін.
2013.03.07. № 125-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Аралық сот шешімiне, егер аралық сот шешімінің күшін жою туралы арыз берген аралық сотта талқылау тарапы не құқықтары мен міндеттері қозғалған тұлға:
1) аралық келісім Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер бойынша жарамсыз екендігінiң;
2) аралық соттың шешiмi аралық келісімде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн дау бойынша шығарылғандығының, не аралық келісімнiң шегiнен шығатын мәселелер жөніндегі қаулылардан тұратындығының, сондай-ақ даудың аралық соттың ведомстволық қарауында болмауы салдарының дәлелдемелерiн табыс еткен жағдайларда ғана шағым жасалуы мүмкiн.
Егер аралық соттың аралық келісімде қамтылатын мәселелер жөніндегі қаулылары мұндай келісімде қамтылмайтын мәселелер жөнiндегі қаулылардан бөлiнiп шығарылуы мүмкiн болса, онда аралық соттың аралық келісімде қамтылмайтын мәселелер жөніндегі қаулылардан тұратын шешiмiнiң сол бөлiгi ғана күшiн жоюы мүмкiн;
3) аралық соттың құрамы немесе аралық сотта iс қарау Қазақстан Республикасы аралық сотта iс қарау туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтiндiгiнiң;
4) тарап аралық судьялардың сайлануы (тағайындалуы) туралы немесе аралық сот отырысының уақыты мен орны туралы тиiстi түрде хабардар етiлмегендiгiнiң не басқа да себептермен аралық сотқа өз түсiндiрмелерiн бере алмағандығының;
5) аралық соттың шешiмi Қазақстан Республикасының заңдылық принциптерi мен жариялылық тәртібіне қайшы келетіндігінің;
6) 2010.05.02. № 249-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
7) аралық сот шешімінің қабылдануына негіз болған заңды немесе өзге де нормативтік құқықтық актіні Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі конституциялық емес деп танығандығының дәлелдемелерін табыс еткен жағдайларда ғана шағым жасалуы мүмкін.
3. Аралық сот шешiмдерiнiң күшi жойылған жағдайда, тараптардың кез келгенi аралық келісімге сәйкес аралық сотқа жүгiнуге құқылы.
Егер аралық сот шешiмiнiң аралық келісімнiң жарамсыздығы салдарынан немесе шешiм аралық келісімде көзделмеген немесе оның шарттарына тура келмейтiн дау бойынша қабылданғандықтан, не аралық келісімде қамтылмайтын мәселелер жөніндегі қаулылардан тұратындықтан, толық немесе iшiнара күшi жойылған жағдайда, тиiстi дау аралық сотта одан әрi қарауға жатпайды.
6-тарау. Аралық соттың шешімін орындау
45-бап. Аралық соттың шешiмiн орындау
1. Аралық соттың шешiмi шешiмде белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде мiндеттi орындалуға жатады.
2. Егер аралық соттың шешiмiнде мерзiм белгiленбесе, онда ол дереу орындалуға жатады.
46-бап. Аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындату
Егер аралық соттың шешiмi белгiленген мерзiмде ерiктi түрде орындалмаса, онда ол мәжбүрлеп орындатуға жатады.
Аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындату аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға құзыреттi сот берген атқару парағының негiзiнде, аралық соттың шешiмiн орындау сәтiнде қолданылатын атқарушылық iс жүргiзу ережелерi бойынша жүзеге асырылады.
47-бап. Аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға байланысты шығыстарды өндiрiп алу
Аралық соттың шешiмiн мәжбүрлеп орындатуға байланысты қосымша шығыстар шешiмдi өз еркiмен орындамаған тарапқа жүктеледi.