Қарағанды облысының Ұлытау ауданы бойынша өлiм-жiтiм көрсеткiшi көрсетiлген жылы 1000 адамға шаққанда 8,5-тi құрады.
3.3.3. Халықты әлеуметтік қорғау
Тұтастай Арал өңiрi бойынша халықтың тұрмыс деңгейi тұтастай ел бойынша тұрмыс деңгейiне қарағанда төмен. Халықтың күнкөрiс минимумынан төмен кiрiсi бар үлесi Қызылорда облысы бойынша 2000 жылы 51,6%-ды, 2001 жылы - 39,5%-ды, 2002 жылы - 32,3%-ды құрады, бұл көрсеткiш республика бойынша - тиiсiнше 31,8, 28,4 және 24,2%. Бұл облыста еңбекақы деңгейi бойынша да артта қалу байқалады. 2002 жылы облыс бойынша бұл 17,0 мың теңге, оның iшiнде Арал ауданы бойынша - 13,7 және Қазалы ауданы бойынша - 15,6 мың теңгенi құрады, ал көрсетiлген жылы республика бойынша орташа еңбекақы 20,0 мың теңгеден артық болды.
Арал өңiріндегі жұмыссыздық деңгейi тұтастай республика бойынша жұмыссыздық деңгейiнен әдеттегідей жоғары. Арал өңiрiнiң төңiрегіндегі өңiрлер бөлінiсiнде жұмыссыздықтың неғұрлым жоғары деңгейi Қызылорда облысында байқалады. Егер тұтастай республика бойынша 2000 жылы жұмыссыздық деңгейi 12,8%-ды, 2001 жылы - 10,4%-ды, 2002 жылы - 9,3%-ды құраған болса, ал Қызылорда облысында тиiсiнше - 14,5, 12,6 және 12,5%-ды құрайды.
Сонымен бірге, талдау Арал өңiрiне жататын аудандардағы жұмыссыздық деңгейiн сипаттайтын көрсеткiштер Ақтөбе және Оңтүстік Қазақстан облыстарында орташа облыстық көрсеткiштерден төмен екендiгiн растайды.
Соңғы он жыл iшiнде өңiрден халықтың тұрақты көшуi байқалуда. Мәселен, 1993 жылдан бастап 2002 жыл аралығында Қызылорда облысынан 117,1 мың адам көшiп кеткен және көрсетiлген кезең iшiнде көшi-қонның терiс сальдосы 56,1 мың адамды құрады, оның iшiнде Арал және Қазалы аудандарына 15,1 мың адам келедi.
Ақтөбе облысының Арал өңiрi аймағына жататын аудандарында 1999 жылдан бастап 2003 жылғы 1 қазан аралығындағы кезеңде көшi-қонның терiс сальдосы 9,6 мың адамды, оның iшiнде Шалқар ауданынан 2,5 мың адамды құрады.
Қарағанды облысының Ұлытау ауданында 1992-2002 жылдары көшi-қонның терiс сальдосы 9,8 мың адамды құрады, бұл ретте 2002 жыл iшiнде аудан халқының саны барлығы 17,3 мың адамды құрады.
Осы өңiрлердiң халқын әлеуметтік қорғау Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
1992-1998 жылдар аралығында халыққа заттай жеңiлдiктер бюджеттегi қаражатқа байланысты берiлдi. Бұл жеңiлдiктердi ауылдан гөрi қала халқы көп пайдаланғанын айта кеткен жөн.
1996 жылы "Арал өңiрiндегі экологиялық қасiрет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес экологиялық қасiрет себебiнен мүгедек болған адамдарға және асыраушысынан айрылған отбасыларға шеккен зияны үшiн өтемақы төлеу толық жүзеге асырылды.
1999 жылғы сәуiрде "Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды, осыған орай бұрынғы заттай жеңiлдiктер ай сайынғы арнайы мемлекеттік жәрдемақылар төлеумен ауыстырылды. Мұндай саясат тек бюджет қаражатын ұтымды жұмсауға, бюджеттiң атқарылуын бақылауға ғанa емес, сонымен бірге арнаулы әлеуметтік көмек беруге қол жеткізуге, елiмiздiң бұрын жеңiлдiктердi пайдаланған барлық азаматтарының мемлекеттік әлеуметтiк көмекпен қамтамасыз етiлуге бірдей қол жеткізуiне мүмкiндiк бердi.
"Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануына байланысты Арал өңiрi аумағында тұратын адамдарға 2005 жылдың 1 қаңтарына дейiн заттай жеңiлдiк беру тоқтатылды.
1999 жылғы сәуiрден 2004 жылғы 1 қаңтар аралығындағы кезеңде Қызылорда облысының әлеуметтiк жағынан қорғалатын санат қатарындағы тұрғындарына республикалық бюджеттен 4057,3 млн. теңге сомасында арнайы мемлекеттік жәрдемақы төлеу жүзеге асырылды.
2002 жылдан бастап жыл сайын республикалық бюджеттен мемлекеттік атаулы әлеуметтiк көмек пен тегін медициналық көмектiң кепiлдендiрiлген көлемiн көрсетуге мақсатты трансферттер бөлiнiп келедi. Осы мақсаттарға 2002-2003 жылдары Ақтөбе және Қызылорда облыстарының бюджеттерiне 908,9 млн. теңге сомасында мақсатты трансферттер бөлiндi. 2004 жылға арналған республикалық бюджетте:
Қызылорда облысының бюджетiне тегiн медициналық көмектің кепiлдендiрiлген көлемiн көрсету үшiн 122,3 млн. теңге мөлшерiнде, Арал және Қазалы аудандарының халқына мемлекеттік атаулы әлеуметтiк көмек көрсету үшiн - 156,8 млн. теңге;
Ақтөбе облысының бюджетiне тегін медициналық көмектiң кепiлдендiрiлген көлемiн көрсету үшiн - 17,1 млн.теңге мөлшерiнде, Шалқар ауданының халқына мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшiн - 43,2 млн. теңге мақсатты трансферттер көзделдi.
Тұрғын үй заңнамасына сәйкес коммуналдық қызмет көрсету жөніндегі жеңiлдiктер халықтың әлеуметтiк осал топтарының тұрғын үйiн ұстауға арналған тұрғын үй көмегi түрiнде берiледi.
2003 жылы республикалық бюджеттен атаулы әлеуметтік көмекке Қызылорда, Ақтөбе облыстарына жергiлiктi бюджетте көзделген қаражатқа қосымша жалпы сомасы 344,4 млн. теңге мақсатты трансферттер бөлiндi.
Экологиялық қасiрет аймақтарында тұрған адамдар:
жасы 55-ке келген және көрсетiлген аймақтағы жалпы жұмыс өтілі 25 жыл болған ерлер;
жасы 50-ге келген және көрсетiлген аймақтағы жалпы жұмыс өтілі 20 жыл болған әйелдер 1996 жылғы 16 маусымға дейiн жасы бойынша зейнетке жеңiлдiк шарттарымен шығуға құқығы болды ("Қазақ ССР-iнiң азаматтарын пенсиямен қамтамасыз ету туралы" Қазақ ССР-iнiң 1991 жылғы 17 маусымдағы Заңының 13-бабы).
"Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 19 маусымдағы Заңының 8-тармағына сәйкес "Арал өңiріндегі экологиялық қасiрет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 1-тармағына өзгерістер енгізiлдi, оларға сәйкес экологиялық апат және экологиялық дағдарыс аймақтарында тұрып жатқан және 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн зейнетке шыққан азаматтардың экологиялық қолайсыз жағдайларда тұрып жатқаны үшiн мынадай аймақтар бойынша коэффициент қолданыла отырып зейнетақы алуға құқығы бар:
экологиялық апат - 1,5;
экологиялық дағдарыс - 1,3.
"Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 20 маусымдағы Заңының 5-бабына сәйкес мемлекет 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн зейнетке шыққан азаматтардың зейнетақы мөлшерiн сақтауға кепiлдiк бередi, сондықтан қазiргi уақытта жоғарыда аталған коэффициенттер мен көтермелер зейнетақы мөлшерiне кiредi.
"Арал өңiрiнiң экологиялық қасiрет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 13-бабы 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес экологиялық қасiрет аймағында тұратын халыққа экологиялық жағынан қолайсыз жағдайда тұрғаны үшiн:
экологиялық апат аймағы бойынша - 1,5;
экологиялық дағдарыс аймағы бойынша - 1,3;
жағдайы экологиялық дағдарыс алдындағы аймақ бойынша - 1,2 коэффициентi түрiнде қосымша еңбекақы белгiленген.
Көрсетiлген коэффициенттер жұмыскердiң лауазымдық жалақысына (тарифтiк ставкаға) есептеледi.
Осылайша, көрсетiлген заң кесiмi қолданысқа енген сәттен бастап осы уақытқа дейiн экологиялық қасiрет аймағында тұратын жұмыс iстейтiн халық белгiленген коэффициенттер ескерiлген еңбекақы алуда.
Бұдан басқа, осы Заңның 13-бабына сәйкес:
экологиялық апат аймағы бойынша - 12;
экологиялық дағдарыс аймағы бойынша - 9;
жағдайы экологиялық дағдарыс алдындағы аймақ бойынша - 7 күнтiзбелiк күн жыл сайын ақы төленетiн қосымша демалыс берiледi.
Еңбек демалысын берумен бірге жыл сайын сауықтыруға арналған айлық тарифтік ставка немесе лауазымдық жалақы мөлшерiнде материалдық көмек көрсетiледi.
Арал өңiрi халқының тұрмыс деңгейiн жақсартуға бағытталған қабылданған шаралар нәтижесiнде ел бойынша тұтастай алғандағыдай халықтың орташа жан басына шаққандағы табысы өсуде. Бұл туралы мемлекеттік атаулы әлеуметтiк көмек алушылар санының азаюы куәландырады. Егер алушылар саны 2002 жылы Ақтөбе облысының Байғанин, Мұғалжар, Темір, Шалқар, Ырғыз аудандарында 41,7 мың адамды, Қарағанды облысының Ұлытау ауданында - 2,6 мың адамды, Қызылорда облысында - 130,6 мың адамды, Оңтүстiк Қазақстан облысының Арыс, Отырар, Созақ, Шардара аудандарында - 24,3 мың адамды құраса, ал 2003 жылғы 1 қарашада тиiсiнше 20,5, 1,7, 67,3, 14,7 мың адамды құрады.
Арал өңiрi аумағында тұратын азаматтар, сондай-ақ бала тууға байланысты бір жолғы төлемдер, коэффициент қолданылатын стипендиялар, жыл сайын қосымша төленетiн демалыс алу құқығын пайдаланады.
Бұл ретте, әлеуметтік көмек түрлерiн төлеу халықтың сапалы тыныс-тiршілігін қалыптастырудағы негізгі факторлар болып табылатын флора мен фаунаның биологиялық саналуандығының қысқаруы, халықтың сапалы ауыз сумен қанағаттанғысыз қамтылуы, жайылымдар мен егiстік жерлердiң тозуы сияқты проблемаларды шешуге әсер етпейдi.
3.3.4. Әлеуметтік инфрақұрылым
Өткен жылдары Арал өңiрiнде әлеуметтiк инфрақұрылымды дамыту жөнiнде шаралар қабылданды. Өңiрде туберкулезге қарсы ауруханалар, перзентханалар, орталық аудандық ауруханалар, мектептер мен басқа да объектiлер салынды.
1992 жылдан бастап 2002 жылға дейiн Қызылорда облысы бойынша республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен әлеуметтік саланы, сумен жабдықтауды және инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған 55 жоба iске асырылды.
Көрсетiлген жылдар iшiнде 31 мектеп қатарға қосылды және қайта жөнделдi.
1993 жылы республикалық бюджеттiң қаражаты есебiнен Тереңөзек кентiнде Сырдария орталық аудандық ауруханасы салынды.
2002 жылғы шiлдеде республикалық бюджет қаражаты есебiнен Қызылорда қаласында құны 76,6 млн. АҚШ доллары болатын көп бейiндi аурухана кешенi пайдалануға берiлдi. Жергілiктi бюджет есебiнен Жалағаш орталық аудандық ауруханасы салынды.
2003 жылға арналған деректер бойынша Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласында, Темір ауданының Шұбарқұдық кентiнде, Ақтөбе облысының Шалқар қаласында туберкулез ауруханасы жоқ, осы облыстың Байғанин ауданында ескi ғимараттың авариялық жағдайына байланысты аудандық аурухана салу қажет. Қызылорда облысының халқы қолданыстағы объектiлердiң авариялық жағдайына байланысты немесе оларды нормативтерге жеткізу үшін үш туберкулез ауруханасын, екi перзентхана орталық аудандық аурухана салуға мұқтаж. Оңтүстiк Қазақстан облысының Арал өңiрiнiң аудандарында төрт туберкулез ауруханасын, перзентхана мен аудандық аурухана салу проблемасы тұр.
Арал өңiрiнде негiзiнен қолданыстағы білім объектілерiнiң авариялылығы себептi бірiншi кезекте 13 мектеп салу қажет.
Алыстағы ауылдық елдi мекендердi электрмен, телефонмен және телерадиотрансляциямен жабдықтау мәселесi тұр.
3.3.5. Арал өңірі экономикасының жай-күйi
Өңiрдiң экономикасы шикiзат бағытының күшеюiмен, өндiрiстiң техникалық және технологиялық артта қалуымен, өңдеушi өнеркәсiптің жеткiлiксiз дамуымен және өндiрілетiн өнiмнiң бәсекелік қабiлетінiң төмендiгімен сипатталады.
Қызылорда облысындағы өнеркәсiп өндiрiсiнiң тұрақты үрдiсi кен өндiру өнеркәсiбiн дамытумен, мұнай өндiру көлемiнiң ұлғаюымен байланысты. 2003 жыл iшiнде Қызылорда облысында республикада өндiрiлетiн шикi мұнайдың бестен бір бөлiгі өндiрілдi, бұл шамамен 10 млн. тоннаны құрайды. Сонымен бірге, өңiрде мұнай-химия өнеркәсiбi дамымаған.
Қазiргі уақытта инвестициялардың шикiзат бағыты өнеркәсiптегi қалыптасқан теңсiздiктi одан әрi ушықтырды. Мәселен, Қызылорда облысының өнеркәсiп өнiмдерi көлеміндегі өңдеушi өнеркәсiптiң үлес салмағы 2003 жылы тек 3,3%-ды құрады.
Егер бұрын облыста өңдеушi өнеркәсiп көлемiнiң жартысынан көбi тоқыма, тiгiн және металлургия өнеркәсiбiне келген болса, ал қазiргі уақытта көлемнiң жартысынан көбі ауыл шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу мен машина жасауға келедi. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң артылып қалған негiзгi массасы өндiрiстiң өзiндiк құнының жоғарылығына байланысты өндiрiлетiн өнiмнiң бәсеке қабiлетсiздiгiнен қайта өңделмейдi. Облыста елдегі тауарлық күрiштiң 85%-ы өндiрiледi. Күрiш шаруашылығы аймағында шамамен 300 мың адам тұрады, олардың табысы мен тұрмыс деңгейi негізiнен сол саланың жағдайына тәуелдi. Сонымен бірге, күрiш өсiруде судың өте көп көлемi (24000 текше м/га), ал күнбағыс өндiрiсiнде едәуiр аз немесе 3000 текше м/га, қант қызылшасына - 5000 текше м/га сафлора - 5500 текше м/га пайдаланылатынын баса айтқан жөн.
2004 жылдан бастап "Қызылорда өңiрiн экологиялық теңгерiмдi дамыту" ТАСИС жобасы iске асырыла бастады. Жобаның басты мақсаттарының бірi ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру, оларды күтiп баптау процесiн жетiлдiру және су ресурстарын басқаруды жақсарту жолымен Қызылорда облысында су ресурстарын пайдаланудың тиiмдiлігін ұлғайту болып табылады. Жобаның бюджетi 2 млн. евроны құрайды.
Өңiрде инфрақұрылымды жақсарту мен жетiлдiру жөнiндегі жұмыстар бар. 2003 жылы Қызылорда қаласының жанынан Сырдария өзені арқылы жобалық құны 1744,7 млн. теңге тұратын көпiрлiк өткел салу аяқталды.
Ақтөбe, Қарағанды облыстарында да экономикалық өсу тау-кен өндiру өнеркәсiбiмен байланысты. Мәселен, соңғы жылдары Ақтөбе облысында Жаңажол кен орнында газ өңдеушi зауыт қайта жөнделдi, Ақтөбе - Жаңажол магистральды газ құбыры және Әлiбекмола - Кеңқияқ магистральды мұнай құбыры пайдалануға енгізiлдi. Қарағанды облысының Ұлытау ауданында Жездi байыту фабрикасы жұмыс iстейдi. Оңтүстік Қазақстан облысының Арал өңiрiнiң төңiрегіндегi өңiрлерiнде ауыл шаруашылығы өнiмдерiн бастапқы өңдеу жөнiндегі, атап айтқанда мақта-шиті, жүн және тағы басқаларды өңдеу жөніндегі кәсiпорындар енгiзiлдi.
ҚР Үкіметінің 2005.06.10. № 1003 Қаулысымен 4 бөлім өзгертілді (бұр. ред. қара)
4. Бағдарламаның мақсаты мен мiндеттерi
Бағдарламаның мақсаты халықтың сапалы өмiр сүру деңгейiне әсер ететiн экологиялық, экономикалық және әлеуметтiк факторларды жақсарту жөнiндегі шаралар кешенiн iске асыру есебiнен Арал өңiрi проблемаларын шешу болып табылады.
Қойылған мақсаттарға жету үшiн Бағдарламада мынадай мiндеттердi шешу көзделген:
экологиялық ахуалды оңалту;
халықты сауықтыру;
әлеуметтiк инфрақұрылымды дамыту;
ауыз суға қол жеткізудi қамтамасыз ету;
өңiрде экономикалық белсенділiктi арттыру үшiн жағдай туғызу, өндiрiстiк инфрақұрылымды дамыту және суды ұтымды пайдалану;
халыққа әлеуметтiк көмек көрсету.
Бөлiнген мiндеттердi шешу әртүрлi бағыттағы шаралардың кең ауқымын әзiрлеудi және iске асыруды болжайды.
ҚР Үкіметінің 2005.06.10. № 1003 Қаулысымен 5 бөлім өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Бағдарламаны iске асырудың негізгі бағыттары мен тетiгі
Қойылған мақсатқа қол жеткізу және мiндеттердi шешу негізгi төрт бағыт бойынша жүзеге асырылады. Бұл - экологиялық ахуалды оңалту, халықты сауықтыру, өңiрдiң экономикасының табысты жұмыс iстеуi үшiн жағдай жасау, халыққа әлеуметтiк көмек көрсету.
ҚР Үкіметінің 2005.06.10. № 1003 Қаулысымен 5.1. бөлім өзгертілді (бұр. ред. қара)
5.1. Экологиялық ахуалды оңалту
Өңiрдiң экожүйесiн сақтау мен жақсарту үшiн:
2004-2006 жылдары Сырдария өзенiнiң арнасын реттеу және Арал теңiзiнiң солтүстiк бөлiгiн сақтап қалу жөніндегі жобаны iске асыру;
2006 жылдан бастап Сырдария өзенінiң арнасын реттеу және Арал теңiзiнің солтүстiк бөлігін сақтау жөніндегi жобаны iске асыру - 2 кезең;
Қызылорда облысының бас ағызу құрылысы бар Қараөзек сағасын қайта жаңарту;
Сырдария өзенiнiң жер бетi суларының сапасын кешендi бағалауды жүргiзу және оның төменгi жағына экологиялық су жiберу нормаларын анықтау;
қоршаған ортаны қорғаудың 2005-2007 жылдарға арналған әзiрленетiн бағдарламасы шеңберiнде Арал өңiрi аймақтарының шөлейттенуiне қарсы күрес жөніндегі шараларды көздеу;
өңiрдiң биологиялық сан алуандылығын сақтау жөнiндегі шараларды қабылдау;
Сырдария өзенiнiң сағасында тоғайлы ормандар мен жайылым жерлердi сақтау және қалпына келтiруге бағытталған шараларды жүзеге асыру;
Торғай мемлекеттік табиғи зоологиялық қаумалындағы 33 көлдi сақтау үшiн суды реттейтін шлюздер салу жөнiндегі ұсыныстарды әзiрлеу;
Қызылорда қаласының қоршаған ортасы мен оның халқының денсаулығының мониторингiн жүргiзу;
Қызылорда және Оңтүстiк Қазақстан облыстарында бөгеттердiң, су қоймаларының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мен елдi мекендерiн қыс мерзiмiнде судың көтерiлу шығындарынан қорғау жөнiндегі ұсыныстарды әзiрлеу;
"Арал өңiріндегі экологиялық қасiрет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңының қолданысына жатқызылатын ауылдық аумақтарда экологиялық-демографиялық зерттеулер жүргізiледi, әкiмшiлiк аудандардың экологиялық паспорттары жасалады, қоршаған ортаның жай-күйiне бақылау жасайтын пункттер желiлерi кеңейетiн болады.
ҚР Үкіметінің 2005.06.10. № 1003 Қаулысымен 5.2. бөлім өзгертілді (бұр. ред. қара)
5.2. Халықты сауықтыру, әлеуметтiк инфрақұрылымды дамыту және
сапалы ауыз суға қол жеткізудi қамтамасыз ету
Мынадай шараларды iске асыру қарастырылуда:
"Арал өңiріндегі экологиялық қасiрет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңының қолданысына жатқызылатын аумақтарда тұратын халықтың денсаулығы туралы кешендi қорытынды әзiрлеу;
Арал өңiрiнiң өңiрлерiнде денсаулық сақтау желiлерiнiң жағдайына талдау жүргiзу және оны одан әрi дамыту жөнiнде ұсыныстар дайындау;
Әлеуметтік инфрақұрылымды одан әрі дамыту мақсатында:
Арал өңiрiнiң өңiрлерiнде білім беру желiлерiнiң жағдайына талдау жүргiзу және оны одан әрi дамыту жөнiнде ұсыныстар енгізу;
Ақтөбе облысында Қандыағаш, Шалқар қалаларында және Шұбарқұдық кентiнде туберкулезге қарсы ауруханалар, Байғанин ауылында аудандық аурухана, Шалқар қаласында емхана, Тасқопа, Кеңесту, Мөңке би, Байқадам ауылдарында мектептер салу;
Қызылорда облысында Жосалы кентiнде туберкулезге қарсы диспансер, Арал қаласында, Тереңөзек және Әйтеке би кенттерiнде туберкулезге қарсы ауруханалар, Жаңақорған кентiнде орталық аудандық аурухана, Арал қаласында емхана, Қызылорда және Арал қалаларында, Ақтөбе, Тартоғай, Бесарық, Сұлутөбе ауылдарында, Төретам және Жақсықылыш кенттерiнде мектептер салу;
Оңтүстік Қазақстан облысында Түркiстан қаласында туберкулезге қарсы диспансер, Арыс қаласы мен Шәуілдiр ауылында туберкулезге қарсы ауруханалар, Шолаққорған ауылында перзентхана, Шолаққорған, Мелдеби, Ортақ, Шорнақ, Жуантөбе, Арыс ауылдарында, Новостройка бөлімшесiнде мектептер салу.
Өңiрде Бағдарламаны iске асыру кезеңiнде республикалық бюджет есебiнен 19 мектеп салу және құрылысын бастау көзделiп отыр.
Сапалы ауыз суға қол жеткізудi қамтамасыз ету үшін:
Арал өңiрiнiң халқын сумен жабдықтау жағдайына кешендi бағалау жүргізу және оны одан әрi жақсарту жөніндегі ұсыныстарды енгізу;
Арал өңiрiнiң елдi мекендерiн сумен жабдықтау және оның санитариясы жобасын iске асыру;
Ақтөбе облысында Байғанин ауылында су құбырын жаңарту;
Қызылорда облысында Арал-Сарыбұлақ, Жиделi және Октябрь топтық су құбырларын, Жосалы аудан орталығында су құбырын, Қызылорда қаласында сарқынды суларды биологиялық тазарту стансасын салуды жүзеге асыру, Қазалыны (Жаңа Қазалыны) сумен жабдықтауды қамтамасыз ету, Шиелі ауданының Жиделi су аққысына қоса отырып, жаңа Бекет-1, Жансейiт, Ортақшыл кенттерiнде су іркуіш құрылыстарын салу, Сырдария ауданының Тереңөзек кентiнде сумен жабдықтау жүйесiн қайта жаңарту, Тасбөгет кентiнде сумен жабдықтау және су әкеткi жүйесін қайта жаңарту және кеңейту, Жаңақорған кентiн Жиделі топтық су құбырына қосу бөлігінiң құрылысын бастауды, Жиделi топтық су құбырын, Жаңақорған кентiнде сумен жабдықтау жүйесiн жаңартуды, Жалағаш аудан орталығында су құбырын кеңейтудi жүзеге асыру;
Қызылорда қаласының сарқынды суларын биологиялық тазарту станциясына баратын қысымды коллекторлар мен кәрiздiк сорғы станцияларын салу және қайта жаңарту;
Оңтүстiк Қазақстан облысында Кентау-Түркiстан топтық су құбырын салуды жүзеге асыру, Шардара топтық су құбырын қайта жаңарту, Созақ ауданының Қарақұр, Отырар ауданының Шәуiлдiр және Әметбек елдi мекендерiн сумен жабдықтауды қамтамасыз ету, Арыс, Шойманов, Темір, Қоғам, Көкмардан, Қызыл ту елдi мекендерiнде су құбырын салу және Түркiстан қаласының сумен жабдықталуын жақсарту.
ҚР Үкіметінің 2005.06.10. № 1003 Қаулысымен 5.3. бөлім өзгертілді (бұр. ред. қара)
5.3. Өңiрде экономикалық белсендiлiкті арттыру үшiн жағдай
жасау, өндiрiстiк инфрақұрылымды дамыту және суды ұтымды пайдалану
Өнеркәсiптiң өңдеу саласын, ауыл шаруашылығын дамыту үшiн өңiрде экономикалық белсендiлiкті арттыру, өндiрiстiк инфрақұрылымды дамыту үшін жағдайлар жасалатын болады.
Қызылорда қаласының жылу-энергетикалық көздерiн және тұрғын үй секторын iлеспе газға көшiру қамтамасыз етiледi, бұл жылу және электр энергиясын арзан өндiруге мүмкiндiк бередi, сондай-ақ Шұбарқұдық Байғанин және басқа да газ құбырларын салу мәселелерi қарастырылған.
Қызылорда қаласының коммуналдық объектiлерi желiлерiнiң жай-күйiне, инженерлiк инфрақұрылыммен қамтамасыз етiлу деңгейiне талдау жасау және оларды одан әрi дамыту жөніндегі ұсыныстарды әзiрлеу көзделуде.
Өңiрде жол құрылысы саласында "Қарабұтақ - Ырғыз - Қызылорда облысының шекарасы" автожолын, "Қызылорда - Шымкент - Ақтөбе облысының шекарасы" учаскесіндегі "Самара - Шымкент" автожолын жаңарту сияқты iрi жобалар iске асырылатын болады.
Арал өңiрi аймағында Қызылорда облысының Арал, Қазалы және Ақтөбе облысының Шалқар шағын қалалары орналасқан. Арал және Шалқар қалалары күйзелiске ұшыраған шағын қалалар тiзбесiне енгiзiлген. Осы екi қаланың халқының өмiр сүруiн қамтамасыз ететiн объектiлердi дамытуды қаржыландыруға республикалық бюджеттен 2004-2006 жылдары облыс бюджеттерiне 75 млн. теңгеден мақсатты трансферттер бөлу көзделiп отыр.
Ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң тиiмдiлiгін қамтамасыз ету үшiн және суды ұтымды пайдалану үшiн:
Арал өңiрi экономикасының салаларында су шаруашылығы объектілерін оңалту және суды ұтымды пайдалану жөнiндегі ұсыныстарды дайындау;
12 магистральды және шаруашылықаралық арнаны, 1 су қоймасын, 1 коллекторды қайта жаңарту және жөндеу;
Тоғыскен және Жаңақорған - Шиелi жаппай суару, Жаңадария және Қуаңдария суару - су өткізу тракттарының су шаруашылығы объектілерін жаңарту және қалпына келтiру жөнiндегі ұсыныстарды дайындау;
Өңiрлiк аграрлық азық-түлiк бағдарламалары шеңберiнде Арал өңiрiнiң ауыл шаруашылығы өндiрiсiне тұзға төзiмдi және құрғақшылыққа шыдамды өсiмдiк сорттарын, егін шаруашылығының экологиялық таза технологияларын енгізу жөніндегі ұсыныстарды енгізу;
Арал-Сырдария бассейнiнде құнды балық түрлерiн сақтау, көбейту және ұтымды пайдалану жөніндегі шараларды әзiрлеу, Қызылорда облысының Арал ауданында балық үдейтiн кәсiпорындар салу жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу көзделiп отыр.
Арал өңiрi экономикасының нақты секторында "Қазақстанның Даму банкi", "Ұлттық инновациялық қор", "Инвестициялық компания: Қазақстанның инвестициялық қоры" акционерлік қоғамдарын және басқа даму институттарын тарту арқылы Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық даму стратегиясы шеңберiнде инвестициялық жобаларды қаржыландыру мәселелерi әзiрленетiн болады. Арал өңiрiнде шағын кәсiпкерлiктi дамыту үшiн "Шағын кәсiпкерлiктi дамыту қоры" акционерлік қоғамының жұмысы жандандырылуда.
ҚР Үкіметінің 2005.06.10. № 1003 Қаулысымен 5.4. бөлім жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
5.4. Арал өңiрiнiң халқына әлеуметтік көмек
Халықты әлеуметтiк қорғау үшiн мыналар көзделеді:
Қызылорда облысы Арал және Қазалы аудандарының және Ақтөбе облысы Шалқар ауданының халқына мемлекеттік атаулы әлеуметтiк көмек көрсету;