1) өтінім және оған қоса берілетін құжаттар тігіледі, нөмірленеді және тасымалдаушының мөрімен, сондай-ақ оның басшысының не ол уәкілеттік берген тұлғаның қол қоюымен расталады;
2) қоса берілетін құжаттар түпнұсқалар немесе олардың көшірмелері болып табылады, соңғы жағдайда өтінімге қол қоятын басшы не болмаса ол уәкілеттік берген тұлға олардың анықтығы мен толықтығын жазбаша растайды;
3) өтінім және оған қоса берілетін құжаттар мен ақпарат мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінде беріледі және оларда түзетулер немесе толықтырулар болмайды.
21. Магистральдық теміржол желісі қызметтеріне қол жеткізу құқығын беруге арналған өтінімдерді қабылдау тасымалдау жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылғы оныншы маусымда басталады және тасымалдау жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылғы жиырма бесінші шілдеде аяқталады.
22. Ұлттық инфрақұрылым операторы өтінімді тіркейді және тасымалдаушыға өтінімнің реттік тіркеу нөмірі, қабылданған күні, қабылданған құжаттардың тізбесі көрсетілген құжатты береді.
23. Ұлттық инфрақұрылым операторы келіп түскен өтінімдердің осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді.
24. Өтінім осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сай болмаған, сондай-ақ тасымалдаушы дәйексіз ақпарат ұсынған жағдайда, ұлттық инфрақұрылым операторы өтінім келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жазбаша түрде қабылдаудан бас тарту себептерін көрсете отырып, өтінімді қарауға қабылдаудан бас тарту туралы тасымалдаушыны хабардар етеді.
25. Ұлттық инфрақұрылым операторының өтінімдерді қарауды және пойыздар қозғалысының нормативтік графигінің бастапқы жобасын қалыптастыруды аяқтау мерзімі тасымалдау жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылғы жиырма бесінші қарашада аяқталады.
26. Ұсынылған өтінімдегі мәліметтер өзгерген жағдайда, пойыздар қозғалысының нормативтік графигін қалыптастыруға қажетті өтінімдерді қарау кезеңінде (бірақ өтінімдерді қарау мерзімі аяқталғанға дейін кемінде бір ай бұрын) тасымалдаушы ұлттық инфрақұрылым операторына бұл туралы жазбаша хабарлайды.
27. Ұлттық инфрақұрылым операторы пойыздар қозғалысының нормативтік графигінің бастапқы жобасын тасымалдаушылардың қарауға қабылданған өтінімдерін және магистральдық теміржол желісі учаскелерінің өткізу қабілетін барынша пайдалануын ескере отырып, өздігінен жасайды.
Ұлттық инфрақұрылым операторы пойыздар қозғалысының бастапқы нормативтік графигінің негізінде магистральдық теміржол желісі қызметтеріне арналған өтінімдерді қарау қорытындылары бойынша ұлттық инфрақұрылым операторының ресми интернет-ресурсында шешімді орналастыру арқылы тасымалдау жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылғы отызыншы қарашаға дейінгі мерзімде графиктің шартты тармақтарын бөлу туралы шешім жөнінде тасымалдаушыларды жазбаша түрде хабардар етеді.
6. Пойыздар қозғалысының нормативтік графигі мен кестесін
қалыптастыру, әзірлеу және бекіту
28. Ұлттық инфрақұрылым операторы тасымалдау жоспарланған жылдың алдындағы жылғы 1 (бірінші) желтоқсаннан бастап Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Теміржол көлігі жөніндегі орталық кеңесінің шеңберінде өткізілетін техникалық кеңестердің шешімдерін ескере отырып, пойыздар қозғалысының нормативтік графигінің бастапқы жобасын түзетеді.
29. Пойыздар қозғалысының нормативтік графигін әзірлеген кезде ұлттық инфрақұрылым операторы пойыздар қозғалысының нормативтік графигі қолданыста болатын кезеңге пойыздар қозғалысының жиынтық кестесінің және пойыздарды қалыптастыру жоспарының жобасын қалыптастырады.
Пойыздар қозғалысының жиынтық кестесінің жобасы тасымалдаушыға тасымалдау жоспарланған жылдың алдыңдағы жылдың қаңтар айының бірінші онкүндігінде беріледі.
30. Тасымалдаушы пойыздар қозғалысының жиынтық кестесі мен пойыздар қозғалысының нормативтік графигінің жобаларын алған сәттен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде магистральдық теміржол желісінің өткізу қабілетінің бөлінген үлестерін түзету туралы ұсыныстарын жазбаша, жеделхатпен, факсограммамен ұлттық инфрақұрылым операторына енгізеді.
Тасымалдаушының түзету жөніндегі ұсыныстарының негізінде пойыздар қозғалысының нормативтік графигі қолданысқа енгізілгенге дейін кемінде үш ай бұрын ұлттық инфрақұрылым операторы нормативтік графикті және пойыздар қозғалысының жиынтық кестесін бекітеді және ол ұлттық инфрақұрылым операторының пойыздар қозғалысының жиынтық кестесі мен пойыздар қозғалысының нормативтік графигін тираждау және жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесін жариялау үшін қолданады.
31. Ұлттық инфрақұрылым операторы:
1) пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуді;
2) магистральдық теміржол желісі учаскелерінің өткізу және тасымалдау қабілетін және теміржол станцияларының өңдеу қабілетін анағұрлым тиімді пайдалануды;
3) магистральдық теміржол желісі учаскелерін ұстау және жөндеу жөніндегі жұмыстарды жүргізу мүмкіндігін ескере отырып, пойыздар қозғалысының нормативтік графигін қалыптастырады.
Пойыздар қозғалысының нормативтік графигін әзірлеген кезде теміржол желісі учаскелерінің техникалық ерекшелігінде көрсетілген магистральдық теміржол желісі учаскелерінің тәуліктік өткізу қабілеті сегменттерінің әрқайсысы үшін жеке пойыз санатына қарай басымдылық негізінде магистральдық теміржол желісінің еркін өткізу қабілетін бөлу жүзеге асырылады.
32. Пойыздар қозғалысының нормативтік графигі күнтізбелік жылғы мамыр айының соңғы жексенбісінде 00 сағат 00 минуттан бастап қолданысқа енгізіледі және келесі күнтізбелік жылғы мамыр айының соңғы сенбісінде 24 сағат 00 минутта қолданысын тоқтатады.
Пойыздар қозғалысының нормативтік графигі бекітілгеннен кейін тасымалдаушы мен ұлттық инфрақұрылым операторы арасында осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен шарт жасалады.
33. Пойыздар қозғалысының нақтыланған графигін және пойыздар қозғалысының жиынтық кестесін ұлттық инфрақұрылым операторы айлық жоспарлау шеңберінде нақтыланған параметрлерді ескере отырып, пойыздар қозғалысының нормативтік графигі негізінде қалыптастырады.
34. Тасымалдарды ұйымдастырудың қолданыстағы технологиясын ескере отырып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Теміржол көлігі жөніндегі орталық кеңесінің шеңберінде тасымалдаушылар мынадай мерзімдерде:
1) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Теміржол көлігі жөніндегі орталық кеңесіне қатысушы елдер бағытында тасымалдау кезінде - тасымалдау жоспарланған айдың алдындағы айдың он төртінен кешіктірмей;
2) Қазақстан Республикасының аумағы арқылы тасымалдау кезінде тасымалдау жоспарланған айдың алдындағы айдың жиырмасынан кешіктірмей - айлық тасымалдар жоспарын жинақтау және келісу үшін ұлттық инфрақұрылым операторына енгізеді.
7. Магистральдық теміржол желісі қызметтерін көрсетуге шарт
жасасу
35. Шарт жазбаша түрде пойыздар қозғалысының нормативтік графигі және жиынтық кестесі бекітілгеннен кейін нормативтік қозғалыс графигі қолданысқа енгізілгенге дейін кемінде екі ай бұрын жасалады. Шарттың қолданылу мерзімі пойыздар қозғалысының нормативтік графигінің қолданылуы кезеңін құрайды.
36. Қосымша өтінімдер бойынша шарт тасымалдарды жүзеге асырудың күнтізбелік айы басталғанға дейін кемінде бір ай бұрын пойыздар қозғалысы нормативтік графигінің қолданылуы кезеңінен аспайтын мерзімге жасалуға тиіс.
37. Егер шарттың қолданылуы кезеңінде тасымалдаушының дәйексіз ақпаратты және осы Қағидалардың 19-тармағының 5), 6), 7), 8), 9), 10), 11), 12), 13, 14), 15), 16), 17), 18) тармақшаларында көзделген (болжамды көрсеткіштерді қоспағанда) құжаттарды беру фактілері анықталған жағдайда, ұлттық инфрақұрылым операторының шартты бір жақты тәртіппен бұзуына рұқсат етіледі.
8. Пойыздар қозғалысының нормативтік графигінің қолданылуы
кезеңінде магистральдық теміржол желісі қызметтеріне қол
жеткізуге арналған қосымша өтінімдер
38. Қосымша өтінімдер тасымалдау жүзеге асырылатын күнтізбелік ай басталғанға дейін кемінде екі ай бұрын беріледі.
39. Тасымалдаушының қосымша өтінімдері осы Қағидалардың талаптарына сәйкес ресімделеді.
40. Қосымша өтінімдер келіп түскен сәтінен бастап бір ай ішінде осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысында қаралады, оларды қарау қорытындылары бойынша ұлттық инфрақұрылым операторы шартты не жасалған шарттарға қосымша келісімдер жасасу туралы мәселені қарайды.
41. Қосымша өтінімдер бойынша өткізу қабілетінің үлесін бөлу магистральдық теміржол желісінің бос емес немесе босатылған өткізу қабілеті есебінен айлық жоспарлау шеңберінде және келіп түскен өтінімдердің кезектілігі тәртібімен жүзеге асырылады.
9. Магистральдық теміржол желісіне қолжетімділік беруге
арналған өтінімдерді қамтамасыз ету кепілдігі
42. Тасымалдаушы магистральдық теміржол желісі қызметтеріне қолжетімділік беруге арналған өтінім бойынша міндеттемелерді қамтамасыз ету мақсатында осы Қағидалардың 19-тармағының 16) тармақшасына сәйкес өтінімдердің ақшалай қамтамасыз етілуін енгізеді.
43. Ұлттық инфрақұрылым операторы магистральдық теміржол желісі қызметтеріне қолжетімділік беруге арналған өтінімнің ақшалай қамтамасыз етуін мынадай жағдайларда:
1) осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес болмауына байланысты магистральдық теміржол желісі қызметтеріне қолжетімділік беруге арналған өтінімнен бас тартылған;
2) өтінімді беру мерзімдерінің бұзылуына байланысты магистральдық теміржол желісі қызметтеріне қолжетімділік беруге арналған өтінім қабылданбаған;
3) ұлттық инфрақұрылым операторы осы Қағидалардың талаптарына сәйкес шарт жасасудан бас тартқан;
4) шарт күшіне енген және тасымалдаушы шарттың орындалуын қамтамасыз етуді енгізген кезде толық көлемде қайтарады.
44. Осы Қағидалардың 43-тармағында көзделген жағдайларда ұлттық инфрақұрылым операторы үш жұмыс күні ішінде магистральдық теміржол желісі қызметтеріне қолжетімділік беруге арналған өтінімнің ақшалай қамтамасыз етілуінің қайтарылуын қамтамасыз етеді.
45. Ұлттық инфрақұрылым операторы магистральдық теміржол желісіне қолжетімділік беруге арналған өтінімнің орындалуын ақшалай қамтамасыз етуді осы Қағидалардың 43-тармағында көзделген мынадай:
1) ұлттық инфрақұрылым операторы тасымалдаушының дәйексіз ақпаратты және осы Қағидалардың 19-тармағының 5), 6), 7), 8), 9), 10), 11), 12), 13, 14), 15), 16), 17), 18) тармақшаларында көзделген құжаттарды беруіне байланысты шарт жасасудан;
2) тасымалдаушының өтінімін пойыздар қозғалысының нормативтік және (немесе) нақтыланған графиктеріне енгізген жағдайда шартты жасасудан бас тартқан жағдайларда толық көлемде қайтармайды.
10. Диспетчерлік кесте бойынша өткізу қабілетінің үлесін беру
46. Жедел жоспарлау шеңберінде, диспетчерлік кесте бойынша арнаулы және қосалқы пойыздар қозғалысын ұйымдастыру мақсатында тасымалдаушының уәкілетті өкілі жасалған шарт бойынша ұлттық инфрақұрылым операторының диспетчеріне (бұдан әрі - диспетчер) өткізу қабілетінің үлесін беруге сұрау салады.
47. Өткізу қабілетін беруге арналған тасымалдаушының жедел сұрау салуында мынадай ақпарат:
1) пойыздың санаты;
2) жөнелту және межелі станциялары;
3) жөнелтудің жоспарланған уақыты болады.
48. Өткізу қабілетін беруге арналған сұрау салуды тасымалдаушының уәкілетті өкілі тіркеу кітабына тиісті жазбаны енгізу арқылы тіркейді және ол диспетчердің және тасымалдаушының уәкілетті өкілінің қол қоюымен расталады.
49. Диспетчер учаскелердегі пойыздық жағдайға сәйкес пойыздар қозғалысының диспетчерлік кестесін жоспарлап, бос өткізу қабілеті болғанда ғана олардың учаске арқылы өтуін ұйымдастырады.
11. Магистральдық теміржол желісі қызметтеріне қолжетімділікті
шектеу
50. Магистральдық теміржол желісі қызметтеріне қол жетімділікті ұлттық инфрақұрылым операторы мынадай:
1) пойыздар қозғалысының нақтыланған графигін айлық жоспарлау және әзірлеу шеңберінде, ұлттық инфрақұрылым операторы алдыңғы кезеңдерде пойыздар қозғалысы кестесін қарқынды пайдалану жөніндегі міндеттемелерді орындамаған жағдайда, бір айдан аспайтын мерзімге тасымалдаушының уақытша магистральдық теміржол желісі қызметтеріне қол жеткізуін уақытша шектей алады;
2) штаттан тыс жағдайлардың (қозғалыс қауіпсіздігіне қауіп төндіретін жағдайлар) туындауы салдарынан магистральдық теміржол қызметтеріне қол жеткізу мүмкін болмаған;
3) тасымалдарды кезектен тыс пойыздармен жүзеге асырған;
4) тасымалдауды жүзеге асырудың техникалық және технологиялық мүмкіндіктері болмаған жағдайда, оның ішінде сұрау салуды қарау сәтіне басқа тасымалдаушылардың сұратылатын кезеңге пойыздар қозғалысының нақты бағытында магистральдық теміржол желісін пайдалану жөніндегі қызметтерді көрсету туралы басқа тасымалдаушылардың сұрау салумен келісілген;
5) «Темір жол көлігі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 35-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларда шектеледі.
51. Осы Қағидалардың 50-тармағына сәйкес магистральдық теміржол желісі қызметтеріне қолжетімділік шектелген жағдайда, ұлттық инфрақұрылым операторы дереу тасымалдаушыға шарт бойынша міндеттемелерді орындау мүмкін емес екені туралы хабарлайды.
Ұлттық инфрақұрылым операторы пойыздар қозғалысының графигінен шыққан пойыздардың өтуін ұйымдастыру бойынша қажетті шараларды қабылдайды.
12. Пойыздар қозғалысының графигін әзірлеу кезінде ақпарат беру
тәртібі
52. Ұлттық инфрақұрылым операторы пойыздар қозғалысының нормативтік графигі қолданылатын кезеңде өткізу қабілетінің бос үлесінің болуы туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастырады.
53. Ұлттық инфрақұрылым операторы пойыздарды қалыптастыру жоспары қолданылатын кезеңде пойыздарды қалыптастыру жоспарындағы өзгерістер туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастырады.
54. Ұлттық инфрақұрылым операторы мен тасымалдаушылар алынған ақпаратқа қатысты коммерциялық құпиялық режимін сақтауға тиіс.
13. Тасымалдауды технологиялық жоспарлау және нормалау
55. Ұлттық инфрақұрылым операторы ұзақ мерзімді (бір жылдан артық мерзімге) технологиялық жоспарлау шеңберінде:
1) тасымалдау процесіне мүдделі қатысушылармен бірлесіп, станциялар мен кірме жолдар жұмысының бірыңғай технологиялық процестерін қайта қарайды және «Темір жол көлігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тиісті шарттар жасасады;
2) станциялардың техникалық-басқару актілерін және технологиялық процестерін бекітеді;
3) жылдамдықтардың ең жоғарғы шекті нормаларын, пойыздардың ең жоғарғы шекті және біріздендірілген салмақ нормаларын, пойыздардың шартты ұзындығын, пойыздардың шекті салмағын (қуаты бойынша әртүрлі локомотив кластары үшін) есептейді;
4) магистральдық теміржол желісі объектілерін жөндеу жұмыстарының жылдық жоспарларын әзірлейді;
5) тасымалдаушылардың пойыздарды қалыптастыру және қозғалыс графигі жоспарының жобаларын әзірлеуі үшін қажетті техникалық ерекшеліктерді және параметрлерді, оның ішінде магистральдық теміржол желісі объектілерін жөндеудің жоспарлы мерзімдерін (технологиялық терезе) әзірлейді;
6) тасымалдаушылардың пойыздарды қалыптастыру жоспарларының жобалары негізінде пойыздарды қалыптастыру жоспарын жинақтайды және бекітеді;
7) тасымалдаушылардың пойыздарды қалыптастыру жоспарларының жобалары негізінде пойыздар қозғалысының нормативтік графигін және пойыздар қозғалысының жиынтық кестесін жинақтайды және бекітеді.
56. Магистральдық теміржол желісі объектілерінің және кірме жолдардың техникалық жай-күйі мен технологиялық мүмкіндіктерінің өзгеруіне байланысты жаңа станциялар мен кірме жолдары жұмысының біртұтас технологиялық процестері, техникалық-өкімдік актілері және станциялардың технологиялық процестері әзірленеді немесе қолданыстағылары жаңартылады.
14. Тасымалдауды айлық жоспарлау
57. Тасымалдаушылар осы Қағидаларда белгіленген мерзімдерде ұлттық инфрақұрылым операторы:
1) ұлттық инфрақұрылым операторының жүк тасымалдауды жоспарлаудың автоматтандырылған жүйелеріне деректерді беру арқылы жүк тасымалдаудың айлық жоспарларының;
2) ұлттық инфрақұрылым операторы белгілеген нысан бойынша тасымалдаушылардың техникалық жоспарларының;
3) станцияларда вагондарды өңдеудің айлық жоспарларының жобаларын ұсынады.
58. Тасымалдаушылар ұлттық инфрақұрылым операторына дәйекті мәліметтерді беруді қамтамасыз етеді.
59. Ұлттық инфрақұрылым операторы жүк тасымалдаудың айлық жоспарларының және тасымалдаушылардың техникалық жоспарларының жобаларын орындау бойынша магистральдық теміржол желісінің техникалық және технологиялық мүмкіндіктерін қарайды және қажет болған кезде түзетулер енгізеді.
60. Ұлттық инфрақұрылым операторы жүк тасымалдаудың жиынтық айлық жоспарын және сыртқы түйісулер бойынша пойыздар мен вагондарды қабылдау/тапсыру көлемдерін қалыптастырады және оларды Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Теміржол көлігі жөніндегі орталық кеңесі белгілеген тәртіппен келісуге жібереді.
61. Ұлттық инфрақұрылым операторы жүк тасымалдаудың жиынтық айлық жоспарын, сыртқы түйісулер бойынша пойыздар мен вагондарды қабылдау/тапсыру көлемдерін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Теміржол көлігі жөніндегі орталық кеңесімен және көршілес (шекаралас) теміржол әкімшіліктерімен келіскеннен кейін тасымалдаушылардың келісілген техникалық жоспарларын тасымалдаушыларға жібереді.
62. Ұлттық инфрақұрылым операторының техникалық жоспарының негізінде пойыздар қозғалысының нақтыланған графигі қалыптастырылады.
63. Ұлттық инфрақұрылым операторы қолда бар байланыс арналары арқылы (телефон, телеграф, факс, электрондық пошта, интернет) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Теміржол көлігі жөніндегі орталық кеңесімен келісілген тасымалдау жоспарларын, сондай-ақ бекітілген техникалық жоспарлар мен тасымалдаушылардың вагондарын өңдеу бойынша айлық жоспарларды тасымалдау жоспарланған айдың 1-інен (бірі) кешіктірмей тасымалдаушыға жібереді.
15. Жедел жоспарлау
64. Өткізу қабілетін пайдалануға құқығы бар тасымалдаушылар оперативтік жоспарлау шеңберінде босатылған немесе бос өткізу қабілеті (графиктің бос тармақтары) болған кезде пойыздар қозғалысының жиынтық кестесінде көзделмеген пойыздарды өткізу үшін ұлттық инфрақұрылым операторына жүгіне алады.
65. Ұлттық инфрақұрылым операторы пойыздар қозғалысының тәуліктік жоспарын және пойыздар қозғалысының жиынтық кестесінде көзделмеген пойыздарды өткізуге арналған тасымалдаушылардың сұрау салуларын тасымалдау жоспарланған тәуліктің алдындағы тәуліктің 10 сағат 00 минутына дейін қарайды.
Тасымалдаушылардың пойыздарды өткізуге арналған сұрау салуларын қарау және пойыздар қозғалысының жиынтық тәуліктік жоспарын бекіту кезінде ұлттық инфрақұрылым операторы пойыздар қозғалысының графигін және техникалық жоспарды басшылыққа алады.
66. Ұлттық инфрақұрылым операторы пойыздар қозғалысының жиынтық тәуліктік жоспарын тасымалдау жоспарламайтын тәуліктің алдындағы тәуліктің 12 сағат 00 минутынан кешіктірмей бекітеді және орындау үшін тасымалдаушыларға береді.
67. Пойыздар қозғалысының бекітілген жиынтық тәуліктік жоспары түзетуге жатпайды және орындау үшін міндетті болып табылады.
68. Пойыздар қозғалысының жиынтық тәуліктік жоспары:
1) тасымалдаушы сұрау салатын өткізу қабілеті үлесінің берілуі туралы хабарламаны;
2) тасымалдау процесін жалпы үйлестіру, пойыздар қозғалысының графигін орындау, пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырманы;
3) магистральдық теміржол желісінде жөндеу жұмыстарын жүзеге асырған кезде тасымалдау процесін үйлестіру және олар бойынша пойыздардың қозғалыс жылдамдықтарын реттеу жөніндегі тапсырмаларды;
4) учаскелер бойынша пойыздар қозғалысының мөлшерін;
5) түйісу пункттері бойынша жүк вагондарын, жүк және жолаушылар пойыздарын тапсыру мөлшерлерін қамтиды.
69. Пойыздар қозғалысының бекітілген жиынтық тәуліктік жоспарын орындау мақсатында ұлттық инфрақұрылым операторы, тасымалдаушылар өз құрылымдық бөлімшелері үшін жұмыс көлемдерін көрсететін ауысымдық-тәуліктік тапсырмаларды айқындайды.
16. Тасымалдарды жүзеге асырған кезде магистральдық теміржол желісі қызметтерін көрсету тәртібі
70. Пойыздардың жүруін (қабылдау, жөнелту, тұруы, қозғалысы) бекітілген жиынтық тәуліктік тасымалдар жоспарына, пойыздар қозғалысының графигіне, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 5 ақпандағы № 87 қаулысымен бекітілген Темір жол көлігін техникалық пайдалану қағидаларына, Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 19 мамырдағы № 291 бұйрығымен бекітілген Поездардың қозғалысы және темір жол көлігіндегі маневрлік жұмыс жөніндегі нұсқаулыққа (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2011 жылғы 20 маусымда № 7021 болып тіркелген), Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 18 сәуірдегі № 209 бұйрығымен бекітілген Темір жол көлігіндегі сигнализация туралы нұсқаулыққа (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2011 жылғы 13 мамырда № 6954 болып тіркелген), станциялардың технологиялық процестеріне, станциялардың техникалық-басқару актілеріне және техникалық ерекшеліктерге сәйкес тасымалдаушы мен ұлттық инфрақұрылым операторы бірлесіп қамтамасыз етеді.
71. Пойыздар қозғалысы графигінің параметрлерін орындау барлық тасымалдаушылар мен ұлттық инфрақұрылым операторының станциялардың технологиялық процесінде, станциялардың техникалық-басқару актісінде белгіленген технологиялық нормаларға байланысты.
72. Пойыздар қозғалысын диспетчерлік реттеуді магистральдық теміржол желісіне пойыздарды қауіпсіз өткізуді қамтамасыз ету мақсатында ұлттық инфрақұрылым операторы жүзеге асырады.
73. Магистральдық және станциялық жолдардағы пойыздар қозғалысы диспетчерлердің немесе ұлттық инфрақұрылым операторының станция бойынша кезекшілерінің (бұдан әрі - станция бойынша кезекші) нұсқауларымен (командалармен), сондай-ақ осы Қағидалардың 70-тармағында көрсетілген Теміржол көлігін техникалық пайдалану қағидасында, Темір жол көлігіндегі сигнализация туралы нұсқаулықта, Поездар қозғалысының және темір жол көлігіндегі маневрлік жұмыс жөніндегі нұсқаулықта белгіленген тәртіппен сигналдармен реттеледі. Диспетчерлердің немесе ұлттық инфрақұрылым операторының станция бойынша кезекшілерінің рұқсатынсыз немесе нұсқауларынсыз (командасы), сондай-ақ осы Қағидалардың 70-тармағында көрсетілген Темір жол көлігін техникалық пайдалану қағидаларына, Темір жол көлігіндегі сигнализация туралы нұсқаулыққа, Поездар қозғалысы және темір жол көлігіндегі маневрлік жұмыс жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес тыйым салу сигналдарынсыз пойыздардың магистральдық жолдарда қозғалуына (тоқтауына) жол берілмейді.
74. Тасымалдаушы жылжымалы құрамның, байланыс техникалық құралдарының және автобұғаттау жабдықтарының дұрыстығын және техникалық реттеу мен қауіпсіздіктің белгіленген талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етеді.
75. Тасымалдаушы пойыздарды қалыптастыру жоспарының орындалуын, пойыздың уақтылы дайындалуы мен жөнелтуге берілуін, локомотивтердің және (немесе) локомотив бригадаларының ауысуын қамтамасыз етеді.
76. Тасымалдаушылардың жылжымалы құрамы техникалық пайдалану қағидасына, магистральдық желіндегі қозғалыс қауіпсіздігі мен қоршаған ортаны қорғау талаптарына сәйкес келмеген кезде ұлттық инфрақұрылым операторы осы жылжымалы құрамды магистральдық теміржол желісіне жібермейді.
17. Қабылдау және жөнелту
77. Пойыз келгенге дейін станция бойынша кезекші станциялардың техникалық-өкімдік актілерінде және технологиялық процестерінде белгіленген тәртіппен пойызды тиісті жолға қабылдау маршрутын дайындайды және пойыздың нөмірі, күтілетін келу уақыты және қабылданатын жолы туралы станция қызметкерлерін хабардар етеді.
78. Пойыз станцияға келгеннен кейін станциялардың техникалық-өкімдік актілеріне және технологиялық процестеріне сәйкес тасымалдаушының қызметкерлері пойызды (жылжымалы құрамды), тасымалдау құжаттарын өңдеу (қызмет көрсету) және локомотивтерді және (немесе) локомотив бригадаларын ауыстыру жөніндегі техникалық және технологиялық операцияларды, ал ұлттық инфрақұрылым операторының қызметкерлері құрамды бекіту бойынша (алу) операцияларды орындайды.
79. Станция бойынша кезекші пойыздың келу, жөнелу (тоқтаусыз жүруі) уақытын белгілейді және техникалық және технологиялық операцияларды орындауға рұқсат береді.
80. Ұлттық инфрақұрылым операторының уәкілетті қызметкері пойыздың келуі, жөнелтілуі (тоқтаусыз жүруі), пойыз құрамының өзгеруі туралы ақпаратты ақпарат жүйесіне енгізеді.
81. Тасымалдаушы пойыздың жөнелтілуге әзірлігін ұлттық инфрақұрылым операторы бекіткен тәртіппен растайды.