4) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының және Қазақстан Республикасы Парламенті палаталары төрағаларының қарауына Есеп комитеті мүшелерінің кандидатуралары бойынша оларды қызметке тағайындау кезінде ұсыныстар енгізеді;
5) Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен Есеп комитетінің жалпы штат саны және республикалық бюджетте көзделген қаражат шегінде Есеп комитеті аппаратының құрылымы мен штат кестесін бекітеді;
6) мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін бекітеді;
7) мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесі шеңберінде жүзеге асырылатын мемлекеттік аудит жоспарларын бекітеді;
8) Есеп комитетінің мүшелеріне мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізуге тапсырмалар береді, Есеп комитеті құзыретінің шегінде Есеп комитеті аппаратының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізуге қатысуға, сондай-ақ сараптамалық-талдау қызметін жүргізуге құқылы қызметкерлерінің тобын белгілейді;
9) орналасу үшін мемлекеттік аудитор біліктілігі берілгенін куәландыратын сертификаты болуы қажет лауазымды адамдардың тізбесін бекітеді;
10) тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына сәйкестігі мәніне олардың жасаған құжаттарына тұрақты тексерулер жүргізу жолымен мемлекеттік аудиторлардың аудиторлық, сараптамалық-талдау қызметінің барлық кезеңдеріне сапа бақылауын ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;
11) ҚР Президентінің 2018.04.07. № 714 Жарлығымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
12) еңбек қарым-қатынастары мәселелері Есеп комитетінің аппарат басшысының құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Есеп комитеті аппаратының қызметкерлерін мемлекеттік лауазымға тағайындайды және мемлекеттік лауазымнан босатады;
13) республикалық және шетелдік органдармен, ұйымдармен және лауазымды адамдармен өзара қарым-қатынастарда Есеп комитетінің атынан өкілдік етеді;
14) Есеп комитеті Төрағасының жанынан консультативтік-кеңесші және консультативтік-сараптамалық органдар құрады;
15) Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі басқармасының және Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдары алқасының отырыстарына, Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының тұрақты комитеттерінің кез келген ашық және жабық отырыстарына қатысуға және сөз сөйлеуге құқылы;
16) құпиялылық режимінің, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпиялардың сақталуын ескере отырып, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау мәселелеріне қатысты құжаттамамен кедергісіз танысуға құқылы;
17) мемлекеттік аудит объектілерінен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізуге байланысты мәселелер бойынша қажетті анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсініктемелерді талап етеді және өзі белгілеген мерзімде алады;
18) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады;
19) осы Ереженің 27-тармағында көзделген негіздер болған жағдайда, Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты немесе Мәжілісі тағайындаған Есеп комитеті мүшесінің өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы тиісінше Қазақстан Республикасының Президентіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына немесе Мәжілісіне ұсыныс береді;
20) өзі уақытша болмаған жағдайда, Есеп комитеті Төрағасының міндетін Есеп комитеті мүшелерінің біріне жүктейді;
21) Мемлекеттік аудитор біліктілігін иеленуге үміткер адамдарды сертификаттау жөніндегі ұлттық комиссияның дербес құрамын бекітеді;
22) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының үйлестіру кеңесін басқарады;
23) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметін бағалау жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
24) Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
20. Есеп комитетінің мүшелері Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 7) тармақшасына және 57-бабының 1) тармақшасына сәйкес бес жыл мерзімге қызметке тағайындалады, оның ішінде Қазақстан Республикасының Президенті - Есеп комитетінің екі мүшесін, Парламенттің әр палатасы дербес, басқа палатаның қатысуынсыз - Есеп комитетінің үш мүшесін тағайындайды.
21. Есеп комитеті мүшелерінің өкілеттіктері:
1) өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтайды, тексерілетін мемлекеттік аудит объектілерінің жұмыс істеуіне кедергі жасамауға және олардың ағымдағы шаруашылық қызметіне араласпауға тиіс;
2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі басқармасының және Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдары алқасының отырыстарына қатысуға құқылы;
3) құпиялылық режимінің, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпиялардың сақталуын ескере отырып, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау, сондай-ақ сараптамалық-талдау қызметін жүргізу мәселелеріне қатысты құжаттамаға кедергісіз қол жеткізе алады;
4) мемлекеттік аудит объектілерінен мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау, сондай-ақ сараптамалық-талдау қызметін жүргізуге байланысты мәселелер бойынша қажетті анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсініктемелерді талап етеді және өздері белгілеген мерзімдерде алады;
5) өз құзыреті шегінде өздері жетекшілік ететін қызмет бағыттарының мәселелері бойынша дербес шешім қабылдайды;
6) мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды тиімді ұйымдастыру, сондай-ақ сараптамалық-талдау қызметін жүргізу үшін қажетті ресурстардың көлемін анықтай отырып, өз құзыреті шегінде мемлекеттік аудит бағдарламаларын бекітеді;
7) Есеп комитетінің мемлекеттік аудиторларына тексерулер жүргізуге тапсырмалар береді;
8) мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылауды, Есеп комитетінің сараптамалық-талдау қызметін ұйымдастырады және жүзеге асырады;
9) мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды және сараптамалық-талдау қызметін кедергісіз жүргізуді қамтамасыз етеді;
10) Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының тұрақты комитеттерінің кез келген ашық және жабық отырыстарына қатысуға және сөз сөйлеуге құқылы;
11) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасына және мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңға сәйкес бюджет қаражатын, кредиттерді, байланысты гранттарды, мемлекет пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды, сондай-ақ мемлекет кепілгерлігімен берілетін қарыздарды пайдалану мәселелері бойынша жүргізілетін аудит нәтижелеріне бақылау жүргізуді ұйымдастырады;
12) тексеру комиссияларының, ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік аудит нәтижелерін тану үшін олардың мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарын сақтауына бақылау жүргізуді ұйымдастырады;
13) Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
22. Есеп комитетінің Төрағасы мен мүшелері өз өкілеттіктерін іске асыру үшін мемлекеттік аудит және сараптамалық-талдау қызметінің нәтижелері бойынша құжаттар қабылдайды.
23. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларына жіберілген Есеп комитетінің қаулылары оларда белгіленген мерзімдерде немесе, егер мерзімі көрсетілмеген болса, оларды алған күннен бастап жиырма күн ішінде қаралады.
Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларына жіберілген Есеп комитетінің нұсқамалары оларда белгілеген мерзімдерде немесе, егер мерзімі көрсетілмеген болса, оларды алған күннен бастап жиырма күн ішінде орындалуға міндетті.
Тиісті мемлекеттік орган және ұйым қаулы бойынша қабылданған шешім туралы, оларды іске асыру жөніндегі шаралар туралы, нұсқаманың орындалуы туралы және анықталған бұзушылықтарды жою, мемлекетке келтірілген нұқсанды өтеу және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға кінәлі лауазымды адамдарды жауаптылыққа тарту туралы Есеп комитетін дереу хабардар етеді.
24. Есеп комитетінің Төрағасы мен мүшелеріне Қазақстан Республикасының Президенті қол қоятын, белгіленген үлгідегі куәліктер беріледі.
25. Республика Президенті тағайындаған Есеп комитетінің Төрағасы мен мүшелерінің өкілеттіктері Республика Президентінің шешімімен тоқтатылады.
26. Есеп комитеті Төрағасының немесе мүшесінің орнынан түсу туралы өтініші оның себебі көрсетіле отырып, тиісінше, оны тағайындаған:
Қазақстан Республикасының Президентіне,
Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына немесе Мәжілісіне беріледі.
Есеп комитеті мүшесінің орнынан түсу туралы өтініші Есеп комитетінің Төрағасын алдын ала хабардар ете отырып беріледі.
27. Есеп комитетінің Төрағасы мен мүшелері:
1) орнынан түсуінің қабылдануы;
2) оларға қатысты соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуі;
3) белгіленген тәртіппен іс-әрекет қабілеті шектеулі немесе іс-әрекетке қабілетсіз деп танылуы;
4) анттарын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін және осы Ережені бұзуы, өздерінің мәртебесімен сыйыспайтын теріс қылықтар жасауы, лауазымдық міндеттерін сақтамауы;
5) қайтыс болуы себепті, сондай-ақ хабарсыз кеткен деп танылған немесе қайтыс болған деп жарияланған жағдайда;
6) Қазақстан Республикасы азаматтығының тоқтатылуы;
7) Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерге тұрақты тұруға кетуі;
8) басқа лауазымға тағайындалуы себепті мерзімінен бұрын қызметінен босатылуы мүмкін.
28. Есеп комитетінің аппаратын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, Есеп комитетінің Төрағасы қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын аппарат басшысы басқарады.
29. Аппарат қызметкерлерінің құқықтары, міндеттері мен жауаптылығы, сондай-ақ олардың мемлекеттік қызметті өткеру шарттары Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасымен, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен, осы Ережемен және өзге де нормативтік құқықтық актілермен айқындалады.
30. Есеп комитетінің қызметі Есеп комитетінің Төрағасы бекітетін жылдық және тоқсандық жұмыс жоспарларына, сондай-ақ мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.
Сапа бақылауын қоспағанда, тек мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесі ғана мемлекеттік аудит және қаржылық бақылауды, сараптамалық-талдау қызметін жүзеге асыру үшін негіз болып табылады.
Мемлекеттік аудит Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары және Есеп комитеті Төрағасының бастамасы бойынша мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесіне тиісті өзгерістер енгізу негізінде жүргізіледі.
31. Мемлекеттік аудитті жүзеге асыру мерзімі Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алдағы жұмыстар мен қойылған міндеттердің көлемі ескеріліп белгіленеді.
32. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоспағанда, бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, құқық қорғау органдары, арнаулы мемлекеттік органдар Есеп комитетіне оның міндеттерін орындауда жәрдем көрсетеді, оның сұратуы бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес құпиялылық режимін, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтай отырып, өздері жүргізген тексерулердің нәтижелері туралы ақпарат береді.
Есеп комитетінің мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарымен, арнаулы мемлекеттік органдармен, құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
33. Есеп комитеті өз қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік аудит объектісінен тәуелсіз болады. Есеп комитетінің тәуелсіздігі:
1) Есеп комитетінің қызметіне мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың заңсыз араласуына жол бермеу;
2) өз қызметін жүзеге асыру үшін тиісті жағдайлар жасау;
3) Есеп комитетінің қызметін Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленген шектерде және тәртіппен қаржыландыру арқылы қамтамасыз етіледі.
34. Есеп комитетінің қаржылық қызметіне мемлекеттік бақылау және қадағалау Қазақстан Республикасы Президентінің келісімімен немесе тапсырмасы бойынша жүзеге асырылады.
35. Есеп комитетінің отырыстарында Қазақстан Республикасының Президентіне және Қазақстан Республикасының Парламентіне ұсынылатын ақпарат пен есептердің құрылымы, мазмұны, Есеп комитетінің жұмыс жоспары мақұлданады, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау, сараптамалық-талдау қызметінің қорытындылары, мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша құжаттар, мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін қалыптастыру, әдіснама мәселелері және алқалы шешімді талап ететін өзге де мәселелер қаралады.
36. Есеп комитетінің отырыстары ашық немесе жабық түрде өтеді.
Есеп комитетінің шешімдері Есеп комитетінің отырысқа қатысушы құрамының жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етуші дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
37. Есеп комитетінің отырыстарын жүргізудің тәртібі, оның қызметін ұйымдастыру мәселелері Есеп комитетінің регламентімен айқындалады.
4. Есеп комитетінің мүлкі
38. Есеп комитетінің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.
Есеп комитетінің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптасады.
39. Есеп комитетіне бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
40. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, Есеп комитетінің өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
41. Есеп комитеті Төрағасының лауазымы материалдық-тұрмыстық және медициналық қамтамасыз ету, сондай-ақ көлік қызметін көрсету жағдайлары бойынша - министрдің лауазымына, ал Есеп комитеті мүшесінің лауазымы вице-министрдің лауазымына теңестіріледі.
42. Есеп комитеті қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету және оған көлік қызметін көрсету республикалық бюджет қаражатының есебінен жүзеге асырылады.
5. Есеп комитетін қайта ұйымдастыру және тарату
43. Есеп комитетін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.